Адалдықтың темірқазығы
17.06.2016
2430
1

Бекмұханбет Нұрмұханбетов үшін адам­­­дардың атақ-дәрежесі, байлық-ман­са­бы емес, адам бойындағы адалдық бағалы бо­латын. Өзі де мінезге бай, көңілі баладай адал жан еді.
1990 жылдардағы толқымалы кезеңде қо­лы жеткендер қонышынан басып Есік қа­ласындағы ежелгі сақ қорғандары орна­лас­қан аумақты жекеменшікке оңды-сол­ды сатып жатқан тұста Алматыдағы пәтерін тастап, айдаладағы Есікке көшіп келіп, қорғандардың тамтығын болса да қорғап қалуға жанталаса кірісуі тарихқа, атамұраға адалдықтың айқын көрінісі. Жайлы өмірді тәрк етіп, диуана тірлік кешіп жүріп атқар­ған шаруалары мен ақ ниеті қабыл болып сақ қорғандары орналасқан аумақта «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұра­жайы ашылды. Осыдан кейін ешбір ғы­лыми атағы жоқ қарапайым ғылыми қыз­меткерді халық Алтын адам атап кет­ті.
Алтын адам өмірінің соңына дейін қо­рық-мұражайда Тәңіріне тәуба айтып, қыз­мет атқарып, жаңа тарихи таным қа­лып­­­тас­тыру­ға үлкен үлес қосты. Бұл да та­­­­­­мы­­ры­нан ажы­рап қалған нәумез ұрпақ­тың бойына қан жүгірткен игі қадам, бо­ла­шақ ұрпақ ал­дын­дағы жауапкершілік еді.
Ол кісі өзіне тәлім берген ұстаздарын, әсі­ресе, Кемал Ақышев туралы ылғи ерекше ілтипатпен айтып отыратын. Өзі де ақ­тық  демі шыққанша ізбасар дайындаудан тан­ған емес. Мұның өзі ұрпақтар сабақтас­ты­ғына, атаның өзінше көсілсек «түп бабадан жалғасқан желіге» адалдық.
Ол кісінің жұмысқа келуі ұжым үшін ме­реке еді. Есіктен кіре өзін күтіп тұрған ұжымына құдай берген ерекше даусымен «Қайырлы таң!» деп дауыстап амандасуы, жағдай сұрасқанда қолын көкке көтеріп, салалы саусақтарын жайып «бес» деп өзіне ғана тән ерекше сүйкімділікпен жауап беруі бүкіл қызметтестерінің көңілін көте­ріп, құлшынысын арттыратын.
«Біз бір жұдырық, бір команда екенбіз, тәуба», – деп ұжымға дем бере айтқан сөзі­нен соң ырың-жырыңға орын да қалмай­тын. Бұл да болса өз ұжымына деген Адал­дық­тың көрінісі болса керек.
Шау тартқан жасына қарамай ширақ, әзіл-қалжыңы таусылмайтын қағылез кісі еді. Жұмысын жанындай сүйді, бар болмысымен қатты қадірледі. Ақтық демін алардан алты-жеті сағат бұрын қорық-мұражай­ға келген қонақтарға соңғы рет экскурсия жүргізіпті. Бекен атаның экскурсия жүргіз­ген сәті Нұрғиса Тілендиевтің дирижерлігі іс­петті, өз ісіне деген зор махаббатты сезесіз. Үйіне келген соң Өрнек ауылында басталуы тиіс қазба жұмыстарына қажет жолдорбасы мен керекті заттарын дайындап қойыпты…
Ақсақалдың тағы бір үлкен арманы – «Алтын адамның» сүйегін толықтай зерттеп, оны сақтардың ғұрып-салтымен жер қойнына тапсыру болатын.
Артында өзінің жолын қуған сан шә­кірт­тері, ұрпағы қалды. Алып бәйтерек құла­ғанмен тамыры сау, топырағы құнарлы болса орнына талай-талай жас шыбықтар қаулап өсері хақ. Бұйырса, Атамыздың ол арманы да орындалады деп білеміз.
Он сегіз мың ғаламды өз құдірет, махаббатымен жаратқан Ұлы Хақтың ең кешір­мей­тін күнәсі – біреудің сыртынан ғайбат айту деседі Кәлам шарифтың оқуын түгес­кен жандар. Атамыз өмірінде біреудің сыр­ты­нан иянаттап көрмеген, кісіге қиянат жа­самаған жан еді. Жаратқанның мейірі есеп­сіз төгілетін жақсы айда жер бесікке түсуі де Ұлы Жаратушының осынау қара­пайым­ ғана ғұмыр кешкен пендесіне берген сыйы болар деп білдік. Хақ Тағала рай біл­дірсе өзіңіз бар болмысыңызбен сүйген сақ бабаларыңызбен, ата-ана, ұстазда­рыңыз­бен, жарыңызбен, қыршын кеткен ұлыңыз­бен табысып жатқан боларсыз, Ата. Ал­дыңыз – пейіш, артыңыз – кеніш болғай қа­зақ­тың Қариясы – Алтын адам!

Досым Зікірия,
«Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени
қорық-мұражайының ғылыми қызметкері.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 17.06.2021 | 08:45

Бір бірімен тірлігінде сыйласып, қадіріне жеткен адамдар сирек. Бауыоымның адал шәкіртінің бірі, әрәптесі, түсінік-пайымы терең жас маман, автордың естелігіне мың рахмет!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір