Могикандардың соңғы тұяғы
17.06.2016
1471
0

Иә, біз көп ұзамай бұрынғы Кеңес Одағы дейтін алып мемлекетті адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың тайқазанына тоғытқан, бір сәтке толас таппай төрт жылға созылған алапат шайқастардың соңғы сарбазы посткеңестік кеңістіктегі елдердің қайсысында қалт-құлт етіп тіршілік кешіп жүр екен деп тайлы-таяғымыз қалмай жабыла іздестіретін боламыз.

Есептей беріңіз, сондағы ең жас жауынгер жиырма жасында майданға аттанса, әгәр ол бұл күнде Алла сақтап тірі болса, 94-95-ке келуі керек. Расында, сол соңғы сар­баз қай елде қалар екен? Бұл жасқа жету сол соғысқа бармай-ақ, баяу ғұмыр кешсе де, кез келген пендеңіздің пешенесіне жа­зы­­ла бермеген. Иә, қай елде қалмақ? Бүгінгі Қа­зақстанда ма, Орта Азияның өзге ел­дерін­де ме, әлде Ресей бастаған славян мем­­лекеттерінде ме? Әрі-беріден соң гәп онда да емес.
Мен өз басым осы Қарағандыда тұратын екі ардагер – бірі ғалым, екіншісі заңгер – ақ­сақалға мереке кездерінде сәлем беріп, аман-есендігін біліп жүретінмін. Өткен жыл­ғы Жеңіс күні қарсаңында да соларға кі­ріп шықтым. Заңгердікіне барсам, бір әріп­тесім отыр екен. Қаламсабын үйіріп, «со­ғ­­ыста есіңізде қалған бір ғаламат (орыс­тың «уникальный» деген сөзі осылай ауда­рылу­шы ма еді?) эпизодты баяндап беріңіз­ші!» деп тақымдап қоймасын. (Неге екенін біл­меймін, осы біздің журналистер ардагер көр­се бас салып, әлгіндей сауалмен қинай­ды да жатады, олардың жан жарасын тырнап аламын-ау деген сезім қаперіне де кір­­­­мейді!).
Ана кісі біраз ойланып отырды да, әл­де­бір әңгіменің тиегін ағытуға мәжбүр бол­­ды, әрі сауал қойып отырған кәріске ұқ­сас, өзі орысша сөйлейтін газетшінің ығы­на жығылды:
– Қайнаған шілде. Жауынгерлер окоп қа­зып алып, передовойда жатырмыз. Мен ши­нелімді шиыршықтап қасыма қойып, ап­тапқа шыдай алмай, каскамды бір сәтке ше­шіп едім, окоптарды аралап жүрген ко­мандиріміз көзі шалып қалып, ақырып жіберсін: «Рядовой Бакишев, что ты делаешь? А ну-ка, немедленно надень каску!» деп зекіді де, өзі әрі кетті.
Командир айтты, жан қала ма, касканы ба­сыма бастырып қойдым. Арада жарты ми­нут уақыт өтті ме, өтпеді ме, окоптан мойынымды сәл соза беріп едім, тура маң­дайымнан бір оқ сарт ете түсті!
Ақсақал осылай деді де, әріптесіме «қа­лай, эпизодқа жарай ма?» дегендей, әлсіз жа­нарын қадады. Мынау болса сүйкектетіп жатыр, жымың-жымың етеді. Менің зәрем ұшып отыр.

***
Сол ойранның тарихын қазбаласаң, сөз жоқ, алдыңнан «Қазақ қалай соғысты?» де­ген сауал көлденеңдеуі хақ. Құдайға шү­кір, қазақтардың өзгелерден артық ерлік көр­сеткені дәлел!
Қазақтар Мәскеу түбінде де, Ленинград қоршауында да, Курск иінінде де, Сталинград шайқасында да (тізе берсең, кете бе­реді) ерен ерлікпен соғысты. Нүркен Әбді­ровке 1942 жылы жауынгерлерге награда сый­ламақ түгілі ел де, ел басындағылар да есін жия алмай жатқан кезде (Кеңес үкіметі Мәскеуден Куйбышев-Самараға безіп кеткен) Кеңес Одағының Батыры атағы бе­ріл­ді.
Иә, қазақ сарбаздары ғасырлар бойы туған жерін жалаң қылыштың жүзімен қорғап баққан батыр бабаларының әруақ­та­рына еш қылау тигізген жоқ. Қырық бір­дің қысына қарай Мәскеу мен Ленин-
г­рад­қа төніп-ақ келген қалың жау енді жан сауғалап кейін қашқанда қазақтар өзгелер­мен білек қосып, Отанымыздан түре қуып, Еу­ропадан асырып тастады, Берлинге Кеңес Одағының қызыл туын қадады. Рейхс­таг­тың шатырына шыққандардың арасында алғашқы болып Рақымжан Қошқарбаев деген қазақ қасқиып тұрған. Әскербасылар Сталинге жағынамыз деп рейхстагқа Егоров пен Кантарияны (бірі орыс, бірі грузин) жіберген, бірақ шындық керек болса айтайық, олар әлгі ғимараттың төменгі жағына әрең жеткен. Екеуінің кеу­десіне де Алтын жұлдыз тағылды. Әри­не, бұл жерде олардың еш кінәсі жоқ, гәп кеңес­тік идеологияның бір «спектак­лінде» ғой. Қысқасы, Рақымжан болса, мұндай ма­рапаттан қағылды.

***
…Енді Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 70 жылдан асты деп жатырмыз. Сонда сол сойқан салған жан жарасы мен тән жарасы жазылып бітті ме? Қайдағы! Бұл алапаттың қазақтың қай отбасын айналып өткенін айтыңызшы! Поштабай әйелдердің көрсең зәрең кететін, үшбұ­рыш­ты қара қағаз әкеп бермеген үйін көр­сетіңізші! Сол майданда не әкесі, не ағасы, не ағайын-туысы қаза таппаған, ортақ молаға құлатылған жауынгерлері жоқ қазақ отбасы, қане?
Осы жолдарды жазып отырған менің өз әкем мосқал адам болды да, майданға бара алмады. Есесіне бір қайын атам госпитальде қайтыс болды, екіншісі бір аяғынан айырылып, елге мүгедек болып қайтты. Мүгедек демекші, соғыс аяқталғаннан кейінгі жылдары майданнан оралған ақ­сақ-тоқсақ, саңырау-соқырлар қазақ ауылдарында қаптап кетті ғой. Біз, балалар, ма­ңайларына баруға қорқатынбыз…
…Міне, могикандардың соңғы тұяғы іспеттес, Ұлы Отан соғысының соңғы сарбазы, қазақтың таяққа сүйенген әлдебір шәукиген шалы Жеңіс алаңындағы Белгісіз солдаттың мемориалына қарай әрең ілбіп келе жатыр. Қолында бір шоқ гүлі бар…

P.S.:
Ал сол қарағандылық қазақтың екі ақсақалы Жеңістің 70 жылдығына жете алмай кетті. Тым болмаса, осы мерекені теледидар экранынан болса да, көріп кетсе ғой, деп жүруші едім. Аллаңыздың жазуы басқадай болды. Аттарын да айтайын: бірі – экономика ғылымдарының докторы Талғатбек Әбдіразақов та, екіншісі – заңгер Әлихан Бәкішев еді.

Марал ХАСЕН.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір