ӘДІЛДІК ІЗДЕП АДАСЫП КЕЛГЕН…
10.06.2016
2233
1

IMG_0452Нұржан ҚАДІРӘЛІ

 

АҚЫНДЫ АҢСАУ
(…либерти)

Бірі өмірге қимаған, бірі өлімге

Рухың аға – бәрінің жүрегінде,

Аяқ қолы байланған  найзағайды,

Үзіп келген КӨКТЕМ ғой бұл өмірге.

 

Жылытам деп даласын мұзға тұнған,

Күйдірем деп жарасын сыздап тұрған,

Мыж-мыж бұлттар өртенді күнге құлап,

Қағаздардай аспаннан сіз лақтырған.

 

Қайтқан құстың қайтпаған тағдырына,

Аласұрып дауылы,

Жаңбыры да,

Пәруана-Жер жүр әлі отты айналып,

«Ортақ қабір менмін» деп барлығыңа.

 

Сенсің аға, көз жасын кешіп көктен

Жер-Анаға бұйырған бесік-көктем.

Елге оралған құстарға еріп келіп,

Қарашада соларға лесіп кеткен…

 

Рухың солай биікке жалау боған,

Аттап өтіп күннен де алаулаған.

Қаратауға бір қонып,

Алатауға,

Одан кейін төменге оралмаған.

 

***

Жазылар қашан дерт пенен жараң,

Өлең тұр тағы,

Өкпелеп.

Құдайын керек етпеген қоғам,

Ақынға қашан дос боп ед (і)?!

 

Күнәға ғана күйлейді көңіл,

Көр қазып күнде арыма.

Оттың биімен билейді өмір,

Ақынның мұң мен зарына.

 

Мас қылған бәрін,

Қас қылған жанын –

Көз жасы еді ажалдың.

Күдірейткен күнде қасқыр-қабағын,

Ажалдың көрін қазар кім?..

 

Айықты заман, емделді дала

Жырменен ғана жұбанар,

Сені іздеп міне,

Мен келдім аға!

Ал кімге керек бұл ажал?!

 

Ақыннан ақыры аса алмай жасы,

Шамасы жетпей күлуге,

Сен емес аға,

Ажал ғой осы –

Жоқтаусыз қалар түбінде…

 

***

Қылышын жаудың сүйетіндердің,

Қалайша басын кеспейін?!

Арсыздыққа бас иетіндердің,

Бес күндік өмірі – бес тиын.

 

Атып алғанша түлкі ғасырды,

Шындық – шоғы елдің,

Оты – жыр.

Құшақтап қалды құлпытасыңды,

Адалдық дейтін – жетім ұл.

 

О неткен мынау заман сабырлы,

Ақын өлсе де келіскен.

Таянып қалды қаламсабыңды,

Әдебиет дейтін – періштең!

 

Сорлы жүректі сезіммен өртеп,

Семсердей сесті сұлбасы,

Өлең де – еркек,

Өлім де – еркек.

Бұл өмір ғана – ұрғашы…

 

Сораптап сүйіп,

Жұтынып көппен

Жүр әлі жерде әр құзғын,

Аға, сен кеше түкіріп кеткен,

Қап-қара бетін арсыздың.

 

***

Бабасы текті,

Баласы кекті,

Бұл аян сор ма, бақ па екен?..

Әділдікті іздеп адасып кетті,

Жаралы жалғыз ақбөкен.

 

Адалдық қайда аңмен алмасқан,

Адамдық одан алыста…

Тауарихыма қанмен мөр басқан,

Шындық та бүгін ғарышта.

 

Төбеде наны,

Табанда Құран,

Сыйлайтын солай Тәңірді…

Семірген түлкі – заман жамылған,

Қасқыр терісі тарылды.

 

Мұрагер етіп қалған қайғыға,

Жұтқан әр демі Уындай.

Үмітсіз өмір – маңдайға мына,

Шайтанның жазған жырындай.

 

Ақбөкен-тағдыр,

Жол ашып берген,

Бас ием сенің тегіңе!

Әділдікті іздеп адасып келген,

Адалдық болып еліме.

 

***

Жан менен тәнді жаралар өрті,

Қимастық деген сырқат бар.

Балтырын сипап бабалар өтті,

Қолынан сүйді ұрпақтар…

 

Сезімсіз емес,

Күйдім отында,

Сұлулық та бар затында.

«Мен үшін ӨЛТІР» дейді батырға,

«Мен үшін ӨЛ» деп ақынға.

 

Бейнесі біздің ұғымда мәңгі,

Аманат болған сұлуға,

Есениндердің жырында қалды,

Жұмекендердің мұңында.

 

Шындықты жырмен бетіне матап,

Басқандай,

Бүкіл санаға,

Сен оны нағыз атымен атап,

Өкпелеттің-ау  (!) жан аға.

 

Керексіз мүлдем,

Көнерген әр күн,

Жолына шашқан уақытты.

…Бәрібір аға,

өлеңнен алдың,

Ол сыйламаған бақытты!

 

***

Алмасқан жылдар жалғай ма жырды,

Жымқырған дәм мен тұзыңды?

Сабалап жазған маңдайға мұңды,

Сорлы қамшы да,

Үзілді!

 

Өңің бе әлде,

Кезің бе түстей?

Дірілі басым сөзінде.

КҮҢ болды көңіл төзімге іштей,

ҚҰЛ болды жүрек сезімге.

 

Сахнасын өмір зарменен ашты,

О дүние көзге елестеп…

Көтеріп өттің тау менен тасты,

Тағдырдан ауыр емес деп.

 

Тереңге жыр боп тамырың тамды,

Ай-маңдайыңа тиіп көк.

Тектұрмас жақта қабірің қалды,

Қарт Қаратаудан биік боп!..

 

Қара өлең шешті қара шекпенді,

Жалаңаш шындық жан емдеп.

Өмірге аға,

БОЛАШАҚ  келді –

Сен жазбай кеткен ӨЛЕҢ боп!

 

***

Кесенесі көп азапты дала,

Қан менен шаңды жалғаған.

Қыран ғой рухы қазақтың аға,

Қанатын ТУ ғып самғаған.

 

Жоқ қылатын да,

Бар қылатын да,

Тәуелсіз тағдыр танылды.

Жазамын деген барлық ақынға,

Мәңгі тақырып табылды.

 

Қонуға батпай құзғындар қорыққан,

Босаттық бөрі заманды.

Сексеуіл менен жыңғылдар жортқан,

Далаңа  КӨКТЕМ  оралды.

 

Қасқырдай тілім кесірленбесін,

Кекті күндері күл болған.

Махамбеттердің кесілген басын,

Маңдайдан сипап тұр қоғам…

 

Қағынып алдан күн туды жаңа,

(таусыла жаздап тобамыз).

Өлсек те бірге,

Бір тудың аға –

Астында жатар моламыз!

 

***

Өлең қалды киесі бар,

Иесі жоқ даладай,

Өмір қалды иесі бар, киесі жоқ моладай.

Нағыз ақын – бесігіне сыймай өскен қайғының,

Пайғамбарлар жетегіне еріп кеткен баладай…

 

Туған жерді жасап тұрған тау мен тас та,

Гүлім де,

Көктем сайын үн қатады Томановтың тілінде.

Саған топырақ салған қолға қалам байлап жыр жазу –

Мендейлердің әдетіне айналды аға бүгінде.

 

Көңіліңе аға сенің,

Әппағындай қағаздың,

Сиясы да төгілді ғой талай рухсыз сабаздың.

Түсінгенге аға бірақ,

Шыныменен бұл маңда,

Ұзақ өмір сүрген ақын – өзі ғана Тараздың!..

 

Алпысыңда қуанудың өзі аға мұң маған,

Елді қайтіп жарылқайды?

Ар мен барын пұлдаған –

(Артығали әлі күнге сыймай жатыр табытқа)

Бауыржан мен Өрнектерді сағынбайтын бұл қоғам?!

 

Соларға арнау өлең болып ағып жатыр Таласың,

Тыңдарманы далаңменен,

Аруақты алашың.

Алпыс жасың – өліп кеткен алпыс ақын мен үшін,

Жақындатып Кеңсайменен Тектұрмастың арасын.

 

…Кешір аға, қабіріңнің басына кеп жан-жақтан,

Жайып тастап жыр оқысақ,

Жұдырықты –

Қан қатқан!..

ПІКІРЛЕР1
Аноним 27.02.2020 | 03:06

Қасиетіңнен айналайын Дүр–Әлем!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір