Алғашқы капитал
10.06.2016
1595
0

9-бетке

Жеңіс КЕНЕСАРИН


(Әңгіме)

 

 

Ағыбай ұйқысынан шошып оянды. Қыстың саршұнақ аязды күні болатын. Есік алдына шық­қанда аяз қойны-қонышын ашқарақтана оралады. Әсіресе, мұрны мен құлағын шымшылауды қояр емес. Мұрнынан шыққан дем ауада өрнек салды. Аспанда бір шөкім бұлт жоқ, шайдай ашық. Ағаш бұтақтарына қонған қар ұнтақтары мамық құстың қанатындай жалтырайды.

Екі қабатты коттеджіне қарады. Тоқ тұрмыс­тан жери бастағандай ма, қалай… Неге екенін біл­мейді, соңғы кездерде ашуланшақ болып кет­ті. Бүгін, міне, әйелін себепсіз жағынан тартып жіберді. Баласына ұрысқан соң үйінен басы ауған жаққа кетті. Түн ортасында удай мас боп келді. Бұл – жылдағы қаңтар айындағы әдеті. Мас бо­лып құлап, көшеде үсіп қала ма деп қорқады әйе­лі. Оның үстіне ақшалы адам екенін білгендер не­­­месе аңдыған біреу тонап та кетуі мүмкін ғой.

Ертеңіне төсектен тұрған Ағыбайдың көңіл-қо­шы онша емес еді.

– Бас жазайын деп едім… – деді міңгірлеп.

Әйелі бәйек болып, алдына ыстық сорпа мен ко­ньяк қойды. Ағыбай үйінен күн батпай шық­ты. Ойы – қала сыртындағы саяжайға барып, қайту еді. Әдетте ол жаққа салдырлаған екі авто­бус жүреді. Іші суық, жүрісі мардымсыз, ашық тесі­гінен суық жел гулеп тұрады. Саяжайға жет­кенше тоңып қалды. Қаланың бұл жағына жұрт бара бермейді. Мұнда тұратын жұртты та­қыр кедей десе болғандай. Қолында күш-қай­раты барлар базар жағалайды не құрылысқа жал­данып ақша табады. Ал көпшілігі ішкілікке салынғандар. Әрі бұл жақта кісі өлімі де жиі бо­лып жатады. Содан болар, шұғыл шаруасы жоқ­тар бұл жаққа келе бермейді.

Өзі еңбек ететін кәсіпорын алғаш жабылған жы­лы Ағыбай жұмыссыз қалды. Тіпті үзім нанға зар болған кездері де болды. Әйелінің туыста­ры­ның арқасында ілекерлеп күн көрген. Сондағы бар байлығы саяжай еді. Соны сатып алғашқы ка­пи­тал жасамақ болды. Бірақ саяжайында пеш жоқ болатын. Қырдан көшіп келгендерге, әрине, қыс­та пеш керек. Ыңғайын тауып жүріп пеш сал­ған болды. Оның өзі көз бояу үшін ғана. Төбе­сін жай тақтаймен жаба салған. Әрине, мұндай үйде қыста тұру мүмкін емес еді. Сондықтан сатуға бел байлады. Оны алмақшы болған қыр қазағының – жас жігіттің жанында шешесі бар болатын. Кеңшар тараған соң ақырғы малдарын сатып, содан жинаған ақшаларына саяжай сатып алып өздерінше тіршілік жасамақ болған-ау ша­масы… Саяжайдың төбесі неге жалаңаш тақтай деп айтуға олардың ауыздары бармаса керек. Әй­теуір Ағыбайдың алақанына біраз ақша түскені рас. Ептеп нан табатын халге жетті. Бірақ қыс тым ерте түсіп, аязды болды. Көше кезген қаңғы­бастар мен ішімдікке салынған­дардың біразы үсіп өлді. Ағыбай алғашқы аяз басталысымен-ақ сатқан саяжайының тұрғындарының халін біл­мек боп бір оқталды да, оған батылы бармады. Қай бетімен барады?.. Біртіндеп бұл жайды да ұмытуға тырысты. Кейінтінде банктен несие алып, дүкен сатып алып еді, ісі бірден оңға басты. Тұрмысы түзеле бастады. Уақыт өте келе саяжай жайы да ұмытыла бастады. Бірде банктен шығып бара жатқанда таныс біреу атын атап тоқтатты. Жалт қараса, саяжайдағы бұрынғы көршісі екен. Әлденені сезгендей жүрегі зырқ ете түсті.

– Көрінбей жүрсің ғой, халің қалай?

– Жаман емес.

– Сен естіген жоқпысың?

– Нені?

– Сен сатқан саяжайға қоныстанғандар сол жы­лы қыста үсіп өлді. Қаңтар айының соңғы күн­дері-ау деймін, мұржаларынан түтін шық­пайтын болды. Онда тұратындар бір жаққа кетіп қалған шығар деп ойлағанбыз. Болған жайды туыстары іздеп келгенде бір-ақ білдік.

Ағыбайдың аузына сөз түспей, ана көршісінің жанынан тез кетіп қалды…

Содан бері қаңтар айының бұрқасынды аязы бас­талса болды, мазасы кете бастайды. Үсіп қал­ған жігіттің кәрі шешесі көз алдына келеді, тіпті кейде түсіне де кіреді. Бұл болған жайды әйеліне тіс жарып айтқан емес, әзірге өзінен басқа жан білмейді…

Автобустың ақырғы аялдамасынан түсті. Таныс көше. Жолды омбы қар басқан. Сызат түс­пегеніне қарағанда бұл көшеден машина тұрмақ, адам да жүрмейтін сияқты. Өзінің бұрынғы саяжайын алыстан көрді. Жақындап баруға дәті шыдамады. Тіпті, кішкене терезелерінен күн сәу­лесі де шағылыспайды-ау… Қайтарда такси ұста­ды. Қала ортасындағы аялдамалдардың бірі­нен түсіп қалды. Үйіне барғысы келмеді. Жол бойын­дағы кафенің біріне кіріп, ащы пәлені өлер­дей ішкенін біледі. Есін ауруханада бір-ақ жи­ды. Ана бір танысы Ағыбайды танып, жедел жәр­дем шақырмағанда үсіп өліп қалғандай екен…


ГАРАЖ

(Әңгіме)

Жаздың бас кезі. Көк қаулай өскен. Жауыннан кейін күн аздап ыси бастаған. Гүлден гүлге секірген алғашқы көбелектер көз жауын алады. Көл жағалауында суға шомылып, дем алып жат­қа­ндарда есеп жоқ. Мұндайда адам көңілі жайбарақат, ай­налаңа асқан мейіріммен көз жүгіртесің. Қыстағы әлдекімге жібімейтіндей болып көрінген өкпе-назың да жоғалған. Ешқашан жан жадыратар жаз айы деген осы-ау… Әрі алдыда ұстаз, мұғалімдердің екі айлық демалысы да жақындап қа­л­ған. Ертеңгі алдағы күндерге жоспар құрасың; демалыс орындарына бару, сағынған ағайын-туыс­қандармен қауышу – қандай ғанибет… Мұндай тамаша көңіл-күйді өмірде кездейсоқ кездесетін тосын жағдай бұзбаса…

Нәдір биыл да өз әлінше алдағы демалыс күндерін жоспарлап қойған болатын.

– Бір жағдай болып қалмаса… – деді әйелі сөзінің соңын жұтып.

– Қандай жағдай?

– Мен алдын-ала болжағыш болсам, айтар едім ғой…

– Құдай сақтасын, – деді Нәдір.

Сол күні ойда-жоқта мектепте дене тәрбиесінен сабақ беретін танысы Серік кездесті. Нәдір ол жігіттің сырын жақсы білмейтін. Десе де мінезі біртоға сияқты болатын. Пәтер жалдап тұратынын біледі. Былай араласқанға жаман адам емес сияқты.

– Сенің гаражың бос тұр деп естідім, – деді аяқ-астынан Серік.

– Иә.

– Біз пәтер іздеп жүрміз. Екі-үш күнге үй жиһаздарын қоя тұрсақ…

– Қойсаң қой.

Келесі күні ол бар дүние-мүлкін бір жүк машинасымен алып келді. Нәдір жүгін түсіруге көмек­тес­ті. Гараж лық толды. Арада үш күн емес он күн өтті. Серік сол бетімен жоғалып кетті. Ұялы теле­фонын көтермейтін. Бәрінен де жазғы демалыста үйінде омалып отырғаны жанына қатты бат­ты. Ал уақытта тоқтау жоқ, өтіп жатыр… жылдамдықпен түгесіліп барады. Әйелі күйеуін күте-күте ақыры үміт үзіп, демалуға төркіні жұртына кетіп қалды.

Нәдір Серіктің өзін алдап соққанын кейін білді. Әйелі екеуі жаз бойы туыстарына қыдырып ке­тіп­ті. Екі айдай пәтерге ақша төлемейді. Дүниесі сақтаулы тұр. Ал гараж қараусыз қалдыратындай се­нім­ді қойма емес еді. Егер жоғарыдағы желдеткіштен біреу от тастап жіберсе… Тіпті, ойлаудің өзі қорқынышты. Айналасында Қашан көрсең де ішкіштер қаптап жүргені. Өртеніп кетсе, жауап беруге тура келеді. Нәдір күнде гаражды тексеріп барып, сол маңайға суға түседі. Бар бітіретіні – сол.

– Биыл жазда ешқайда бармағансың ба? – деді қызметтестері.

Тіпті айтуға ұят, міңгірлеп бірдеме деген болды. Осы жасқа келгенше талай рет алданғаны рас. Қарызға деп, ақшасын алып бермей кеткендер болды. Бірақ мына жағдай жанына қатты батты. Жан жадыратар жаз күндері де келмеске кетіп ба­ра­ды. Былайғы жұрт демалыстарын қалай өткіз­гендерін айтысып, мәре-сәре болып жатқанда Нәдір үн-түнсіз мұңая тыңдайды.

– Ей, Нәдір, сен қалай демалдың? – дегендерге: «Әйтеуір ел қатарлы демалдық» қой дей салады. Екі ай өте Серік те келді. Дәл бір жақын туысқанын көргендей, арсалаңдап, құшақтасып аман­дасты.

– Мен сені біраз әуре-сарсаңға салғанымды білемін. Ол жағын кешір.

– Жарайды, болар іс болды, – деді Нәдір.

– Әлі де шыдай тұр, пәтер іздеп жүрміз.

Ол тағы да не айтарын білмеді.

Серікпен екеуі таңертең жұмыста кездеседі. Жүгі тағы бір айдай гаражда жатты. Серік жүгін әкетер күні күн жауынды болды. Күз күшіне енген. Серік жанындағы серігімен жүгін тиеп жатқанда оған көмектесуге Нәдірдің зауқы соқпа­ды. Серік жүгін тиеп болған соң қасына жақындап келіп бірдеңе айтқысы келген сыңай танытты. Қолын қалтасына салып, бірдеңе іздегендей. Тәрізі ақша шығар, берсе де алмас еді…

– Жарайды, кеттім, – деді Серік.

Сол күннен бастап Нәдір арқасынан бір ауыр жүк түскендей өзін жеңіл сезінді. Арада бір жыл­дай уақыт өтті. Көк шығып, гүлден-гүлге қонған көбе­лектер тағы да пайда болды. Тағы да жаздың демалыс күндері жақындады. Нәдір тағы да жоспар құрып отыр.

– Бір жағдай болып қалмаса…– деді әйелі.

Нәдір үндемеді. Былтырғы жағдай есіне түскен еді…

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір