ҰРПАҚ КЕРЕК…
10.06.2016
3082
0

сараАстанада Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында жазушы, драматург Роза Мұқанованың «Сарра» драмасының премьерасы өтті. Спектакльдің қоюшы-режиссері – Гүлсина МЕРҒАЛИЕВА, суретшісі – Берік БУРБАЕВ.

 

Қаракөлеңке сахна…

Ғарыш кеңістігі…

Ұшы-қиыры жоқ шексіздік…

Мұнарланған әлем…

Жылт-жылт еткен көп жұлдыздар ішінен сахнадағы алты ғаламшарды анық көресіз. Ауада қалықтаған ұзын құрыққа оралған ар­қан үш жерінен тұзақ боп байланған. Қара­кө­леңке сахнаның қақ ортасында үш жас, үш қартаң әйел шеңбер жасай жүріп бір-біріне кезек-кезек көз тоқтатып қарайды, бір-бірі­мен үнсіз «танысады». Үш кәрі әйел үш жас қыз­ды көргенде оларға бір ой келген тәрізді. Қойылым осындай баяу пластикалық қимыл-қозғалыспен басталады. Музыка да, дыбыс та жоқ. Шыбын ызыңы естілместей тыныштық. Үш кәрі әйел әлденені сыбырлап алдыңғы планға жақындай береді. Алғашында не айтып жатқанын естімейсіз, жақындаған сайын сыбыры айқындала түседі.

«Ұрпақ керек… ұрпақ керек… ұрпақ керек…ұрпақ керек…».

Бұлар – Сарра, Әз Ана, Құт Ана еді. Олардың ернінің ұшымен ғана, естілер-естілмес қай­талаған «ұрпақ керек, ұрпақ керек…» деген сыбыры бірте-бірте күшейе береді, күшейе береді. Үшеуінің ішкі тілегі, арман-мақсаты, бар аңсары ұрпақ. «Сұраншыдан – тіленші туады, соқырдан – көрмес туады, сараңнан – бермес туады. Пайғамбардан – пайғамбар туады… Мен бедеумін!..» деген азапты үн Әз Ана­ның ішкі монологы – Ләйла Бекназар-Ханинганың жүрегін жарып шығады.

«Мен бедеумін… бедеумін… бедеумін…» деп қайталайды іле-шала Құт Ана – Майра Омар тізерлей отыра қалып.

Үш кәрі әйел үш жас аруға жақындайды да, оларға бір-бір орам жіптің ұшын ұстатып, тарқата бастайды. Міне, осы тұста ерекше әс­ер­лі, ғарыштық әуен ойнайды. Алты әйел сол ерекше әуеннің ырғағында айнала жүріп, қолдарындағы жіпке «шырмалады». Яғни, алты әйелдің тағдыры көзге көрінбейтін жібек жіппен байланды. Бұларды байланыстырып тұрған ортақ мәселе – үш кәрі әйелдің бе­деу­лігі…үш қыздың жастығы… үш бедеу әйелдің ұрпақ үшін өз күйеулеріне жауқазын жас қызды алып беруге бекінгендігі.

Осы тұста режиссер Гүлсина Мерғалиева ерекше ұтымды деталь, тапқыр шешім, көркем тәсіл ретінде жіпті сәтті пайдаланғанын кө­ре­міз. Режиссер кейіпкерлердің тағдырын ғана емес, бүкіл қойылымның композициясын, драманың ішкі тартысын, оның шарықтау ше­гін осы жіпке «байлаған». Жіп бірде Әз Ана­ның Бибіажарға қарай итерген «күйеуі» бол­са, енді бірде Бибіажардың ішіне біткен ұрпақ… Сарраның Ібіліске лақтырған тасы да – осы жіп…

Ібраһим пайғамбардың ұрпақсыз болуы Сар­раның жанын жегідей жейді. Кәнизак Ажардың айрықша сұлулығын, жастығын, мінезінің көркемдігін айтып, оған көз салуын өтінеді, ұрпақ үшін Ажармен қосылуға үгіт­тейді. Пайғамбар келіседі, өйткені Алладан «Сарраның тілегін орында, қабыл ал!» деген әмір келген еді. Ажар да Сарраның тілегіне қарсы келмейді, Алланың әміріне мойынс­ұнады.

Сол сияқты,  Әз Ана – Бибіажарды, Құт Ана – Бикешті ұрпақ үшін өз күйеулеріне қосқан.Содан бастап үш әйелдің ішкі трагедиясы басталады. Олар тартқан азаптың ең үлкені – күйеулерінен айырылып қалғаны. Пайғамбар Сарраға көзін салмайтын болды… Әз Ананың «айбатты арыстаны» да Бибіажардың жанынан шықпайды… Құт Ананың күйеуі де енді оған жоқ… Олар жалғыз қалды. Бұл әділетсіз­дікке Құт Ана ғана көнген, мойынсұнған. Ал Сарра мен Әз Ана күйеулерінің бұрынғы махаббатына, ыстық ықыласына зәру.

Өзі сұлу Ажардың онан сайын ажарланып, нұрланғанын көргенде, аяғы ауыр екенін білгенде, әсіресе, Ібраһимдегі Алланың нұры Ажарға көшкенін естігенде Сарраның қыз­ға­ныш­тан өзегі өртенеді. Тынысы тарылып, әл-дәрмені құрып, көзі қарауытады. Ажар бейне­сін­дегі Гауһар Жүсіпова сахнада шын мә­ні­сін­де нұрланып, көздері шуақ шашып тұр. «Осыншалық нұрланып, менен пайғамбарымды алшақтатқың келді ме?..» деген Сарраға: «Апа!.. Сіздегі нұр күштірек! Сіз Пайғамбар жанында қырық жыл бірге болдыңыз, сіздегі нұр мендегіден қырық есе күштірек!..» деген Гауһар Жүсіпова – Ажардың көздері қандай мөлдір, көңілі қандай таза еді…

Ібілістің азғыруына ерген Сарра Ажарды иен далаға апарып тастауды бұйырады. Сахарада «су!.. бір тамшы су!..» деп, киелі Сафа, қасиетті Марва тауларының арасында жаны мен тәні қатар аласұрған Ажардың қиналысын актриса шынайы көрсетеді. Ісмайыл пайғамбар дүниеге келердегі тау қопарылып, тас үгі­тіле­ді. Астаң-кестең аласапыранда Ажарды Алла­ның өзі қорғайды – оған періштелерді жібе­реді.

Актрисаға бір ескерту – Гауһар Жүсіпова Сахарада жалғыз қалғанда айғайлап жылай бермегені дұрыс. Пайғамбарға сыртынан ай­ғайлап, ұрсып, айыптап сөйлеу Ажарға лайық емес. Өйткені, Ажардың өзі «Алланың әмірін бұлжытпас болар…» деп, Хақтағаланың бар әміріне көнген, бұл жолы да еш қарсылықсыз келіскен. Мойынсұнған. Алланың қорл­а­май­тынына сенген. Хақтағалаға деген сенімі берік болғандықтан Алла Ажарды әркез бар қиын­дықтан өзі «құтқарады», рыздығын молық­тырады. Сол себепті Ажардың монологында Пайғамбарды айыптау емес, мойынсұну тоны басым болғаны жөн. Актриса, тіпті, Тәңіріне де «ұрсады». Ажар Аллаға күпірлік ететін кейіпкер емес, сондықтан ол Аллаға айғай­ла­ған­нан гөрі, өз-өзімен сөйлескені абзал. «Неге мені аямадың?..» деп, түсінбей сұрап тұр, күйеуіне, сүйген жарына – Пайғамбарға іштей ренжіп тұр…

Режиссерге айтар бір ойымыз – Ажар қи­налып, босанатын осы сахнада Ажарды бір-ақ рет есінен тандырса жеткілікті… Ол екінші рет есінен танғанда нәресте дүниеге келді. Осы сәтте ілулі тұрған алты шардың ең үлкені жап-жарық болып, күндей шұғыла шашып жанады. Ерекше әсерлі сурет. Ібраһим пай­ғамбардағы Алланың нұры Ажар арқылы Ісмайыл пайғамбарға ауысқанын түсінесіз. Бала туылғанда оның шырылдаған дауысымен бірге аспанға шапшып атқылаған күміс бұла­қ­ты – зәмзәм суды да режиссер мен суретші керемет әсерлі етіп көрсеткен. Зәмзәм су ту­ра­лы аңыз ойға оралады… Бұл көріністе «баламен бірге несібе, ырыздық келеді, Алла сүйген құлын тастамайды» деген ой жатыр.

Бұл кезде екінші жұп кейіпкерлердің де тағдыры астаң-кестең болған. Аяғы ауыр Би­біа­жардың халықпен бірге алаңдағы көте­ріліс­ке шыққанын Әз Ана патша жасақтарына айтып қояды. Бұл сахнада патша жасақтарын көрмейсіз, бірақ актриса Ләйла Бекназар-Ханинганың сөздері мен қимыл-әрекеті жасақты көз алдыңа әкеледі. Әз Ана жоғарыдан көлденең салбыраған ұзын құрықты жағалай, ерсілі-қарсылы жүгіріп, ентігіп, құрықтың өн бойына байланған үш тұзаққа кезек-кезек асыла жүріп,  «…тыңдап тұрмысыз, оның алаң­да болғаны рас! Төңкеріске қатысқаны да рас!..» деп, өзіне сенген Бибіажарды сатып жі­береді. Қойылымның басынан бастап қақ ор­тада ілінген ұзын құрықтың не екенін енді тү­сіндік. Ібілістің құрығы екен. Әз Ана да сол әз­әзілдің қызғаныш деген құрығына ілініп­ті.

Бұл қойылымда Құт Ана образы Сарра мен Әз Анаға мүлде қарама-қайшы. Ол өзінің «ұрпақ керек… ұрпақ үшін…» деген бастапқы ізгі ойынан айнымаған. Қызғаныштың қызыл итіне бой алдырмаған. Бикештің баласын өз баласындай әлдилеп, мәпелеп, шомылдырып, бәйек болып жүргені. Актриса Майра Омарова өз кейіпкерінің шексіз тазалығын, жарына деген адалдығын, Бикешке деген тілеулес­тігін әсерлі, шынайы жеткізген. Ол баланы қандай махаббатпен шомылдырады десеңіз­ші!.. Актрисаның қолында шақалақ жоқ, бірақ сіз оның тәп-тәтті бөпені шомылдырып отыр­ға­нына сенесіз. Жүзінен ізгілік, шуақ төгіліп тұр. Бұл екеуінің оқиғасында Ібіліс Құт Ананы емес, Бикешті «уысына» алған тәрізді. «Жолама балаға!.. Көзің тиеді!.. Аулаққа бар!..» деген ерке де ессіз, қызғаншақ, менмен, кердең тоқал – Бикеш бейнесін актриса Алтынгүл Серкебаева сенімді кескіндеген.

Гүлсина Мерғалиева – сахнадағы шартты­лық, минимализм принциптерін ұстанатын режиссер. Сахнадан өз ойын айту үшін оған сірескен бай декорация керек емес. Оның атмосфера жасауы, кезең шындығын бейнелеуі ерекше. Тосын эксперименттерге қорықпай баратын жаңашыл режиссер қойылымның формасын сәтті ойластырған. Ібраһим пайғам­бар пьесада бар кейіпкер, ол Саррамен де, Ажармен де тілдеседі, диалогтары аз емес. Бірақ режиссер сахнаға Ібраһим пайғамбарды шығармайды. Иә, кинорежиссер Мустафа Аккадтың «Мұхаммед – Құдайдың елшісі» фильмі еріксіз ойға оралады. Гүлсина Мер­ғал­иева Ібраһим пайғамбарды сахнаға шығару­дан бас тартып, осы тәсілді сәтті қолданған. Ібра­һим – көзге көрінбейтін кейіпкер, оның сөздері түгел қысқарған. Алайда, Сарра бей­не­сіндегі актриса Сая Тоқманғалиева Ібраһим пайғамбарды көріп тұрғанына, онымен бетпе-бет сөйлесіп тұрғанына сенесіз.

Пьесадағы Сарраны айналсоқтап шық­пай­тын, әркез оның кеудесінде қызғаныш шоғын үрлейтін Ібілісті де сахнадан көрмей­сіз. Ібіліс – әр адамның ішінде деген ойды меңзейді режиссер. Сол секілді, Әз Ананың «арыстаны» да, Құт Ананың күйеуі де – жоқ кейіпкерлер. Ол кейіпкерлерді де көрермен актрисалардың және режиссердің көзімен көре алады.

Бұл қойылымда режиссердің тағы бірнеше ерекше шешімі – Мысыр патшасы Садықты да, оның екі қарауылын да, Ажарды сақтайтын періштелерді де жеке-жеке актерлер орындамайды, режиссер олардың жүгін үш жас ару – Ажар, Бибіажар, Бикештерге артқан. Сарра – Сая Тоқманғалиева,  Әз Ана – Ләйла Бек­назар-Ханинга, Құт Ана – Майра Омар да бұл қойы­лым­да бірнеше жүкті қатар арқалаған. Яғни режиссер сахнаға тек әйелдерді шыға­руды мақсат еткен. Оның әйелдері – Мадонналар, Бибі Фатималар… Зере, Ұлжан, Айғаным, Домалақ аналар… Ләззаттар мен Сабиралар… Әлемді әйел құтқарады деген ойды алға тарт­қан Гүлсина Мерғалиева актрисаларға үлкен жауапкершілік жүктеген, сенім артқан. Актрисалар да режиссер сенімін ақтады. Олардың әрқайсысы өз образдарын сомдау барысында сан түрлі көңіл-күйді бастарынан өткізді. Актрисалардың образға енгені соншалық, өз­дерін ұмытқан. Бұл орайда, әсіресе, Ләйла Бекназар-Ханинганың еңбегін ерекше атап өткіміз келеді. Әр сөзі шынайы, жүрек түкпірінен шығып жатыр, әрбір іс-қимылынан артық әбігерді байқамайсыз. Ләйла Бекназар-Ханинга бірде жарын кінәлап, бірде өзін кіналап, бірде жалынған, бірде бұйырған, бір жылап, бір күлген кейіпкерінің  шарасыз халін, ішкі психологиялық сезім иірімдерін сырт­қы іс-әрекетімен шебер жеткізеді. Көзбен, ишарамен сөйлеу әдісі ерек. Актриса­ның ішкі-сыртқы пластикасы мен сахнадан ескен ғаламат энергетикасы, қуатты дауысы – актрисаның ешкімге ұқсамайтын өзіндік ерекшелігі.

Біз Сарра, Әз Ана, Құт Ана деп бөле-жарып айтып отырған кейіпкерлердің үшеуі де – бір Сарра, бір кейіпкердің үш түрлі бейнесі, үш түрлі болмысы деп қабылдауға әбден болады. Яғни жалғыз Сарраның сан құбылуы, үш түрлі кейіпте сан түрлі мінезде көрінуі десек, қа­телеспейміз. Немесе, керісінше, кез келген әйелдің ішінде бір Сарра жатыр…

Қызғаныш та, қызғаныштан туған жаман ой да, астам сөз де, қатыгез әрекет те – бәрі ішіңдегі Ібілістің сыбыры. Сен соның дегенін деп, айтқанын орындаушысың. Өз ішіңде отырған Ібіліспен күрес, соны жеңе біл. Сарра да бойын алған Ібіліске: «Жоғал! Көрінбегін көзіме! Қоздырмағын дертімді!..» деп тас лақтырып қуып, өзінің бастапқы ізгі қалпына қайта енеді, өз кінәсін мойындап, Пайғам­бар­дан кешірім сұрайды. Осы жерде ғана көрер­мен Пайғамбардың жаңғырыққан дауысын естиді. «…О, Сарра! Тас емшегің жібіп, тар құрсағың кеңіп, маған ұрпақ әкелерсің. Дү­ниеге пайғамбар келер. Сен жүктісің. Мен – Әке, сен – Анасың, Сарра!..». Осы кезде ілулі тұрған екінші шар жанады. Күнәға белшесінен батқанын мойындаған шарасыз Сарра бұл сүйіншіге не жыларын, не қуанарын білмейді. «…Сен қуантсаң, ар алдында жылатып тұр жасаған!..»  деген сөзбен қойылым аяқталады. Осы сәтте сахнаға ілінген басқа шарлар да түгел жанып, іле-шала көк жүзінде жыпырла­ған сансыз жұлдыз пайда болады. Сәби туыл­ғанда көкте бір жұлдыз жанады деген ой емес пе?.. Алты актриса сахнаға шығып, қойылым басталғандағыдай шеңбер жасай айнала жүріп, әр түрлі қимылда қатып қалады. Бұл сурет ежелгі грек аңыздарындағы Әйел-құ­дай­ларды еске салса, енді бірде діни аңыз­дардағы Әйелдер бейнесі көз алдыңа келеді. Рембрандт, Микеланджело картиналары да елес береді.

«Сарраның» ерекше басталып, ерекше аяқталуы, сахнаға тек әйелдердің шығуы, Пайғамбар мен Ібілістің көрінбеуі – қойылым­ның «фишкасы». Шығармашылық қолтаңбасы өзгеге ұқсамайтын Гүлсина Мерғалиеваның бұ жолы да ерекше режиссерлік интерпретациясын көрдік. Соңғы уақытта қазақ режиссерлері «…драматург – пьесаның авторы, ал спек-та­кль­дің авторы – режиссер!» деген ойды алға тартып, «сен жаздың, өз міндетіңнен құтыл­дың, ендігісі менің шаруам» деген сыңай танытады. Кешегі өткен «Сарра» қойы­лымынан режиссердің автормен соавтор болғанын көр­дік. Роза Мұқанованың пьесаға қосымша кейіпкерлер қосқаны – оның үлкен компромиске барғаны, драматургия шарттарын жақсы түсінгені. Ұрпақ мәселесін қазіргі пробле­малармен ұштастырған автордың фило­софиялық идеясына Гүлсина Мерғалиева ерекше режиссерлік интерпретациямен терең көркемдік-идеялық мазмұн берген. Автор мен режиссер тандемі деген осы болар. Қойылым­нан өмірді жалғайтын ұрпақ та, адамзаттың ақыл-парасаты да – әйелдің сұлулығынан, оның жүрегіндегі ізгілік пен мейірімділіктен нәр алады деген ойды оқыдық. Автордың да, режиссердің де айтпағы – осы.

Сәуле ӘБЕДИНОВА.

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір