САРЫАРҚА ТӨРІНДЕГІ САЛИҚАЛЫ БАСҚОСУ

0
73 қаралды

IMG_8670Ширек ғасыр ішінде Қазақстан ғаламдық мәселелерді талқылайтын түрлі конференциялар мен форумдардың алаңына айналып үлгергені рас. Сағым ойнаған Сарыарқа төрі бүгінде тәуелсіз мемлекетіміздің астанасы ғана емес, әлемдік деңгейдегі түрлі тақырыптар талқыға түсетін үлкен орталық.

Үстіміздегі жылдың 25-26 мамыры аралы­ғын­да Астанада өткен еліміздің экономикалық және саяси өміріндегі маңызды оқиға – Астана эко­номикалық форумы бұл жолы «Жаңа эко­но­микалық жағдай: әртараптандыру, инновациялар және білім экономикасы» тақырыбы аясында ұйымдастырылды. Форумға сарапшылық қоғамдастықтың танымал өкілдері, саясаткерлер, бизнесмендер, ірі қаржы құрылымдарының басшылары, атап айтқанда: Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Р.Азеведо, Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті С.Чакрабарти, интернет коммерциясы сала­сын­да­ғы AliBaba Group қытай компаниясының не­гізін қалаушы Д.Ма, Колумбия университеті Жер институтының директоры және британдық The Economist журналының тұжырымы бойынша ең ықпалды әлемдік үш экономистің бірі Д.Сакс, Массачусетс технология институтының экономика профессоры, Джон Бейтс Кларк ме­далінің 2005 жылғы иегері Д.Аджемоглу және Но­бель сыйлығының лауреаттары: Т.Сарджент, К.Писсаридес және Э.Прескотт, т.б. қатысып, сөз сөйледі.

Қазақстан Республикасының Прези­ден­ті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен биыл тоғызыншы рет өткізіліп отырған форумда жылдағы дәстүр бойынша әлемдік экономиканы дамытудың жол­дары мен үлгілері бағдарланып, ға­лам­дық дағдарыспен күресу үдерістері талқыланды.

«Осы форумға қатысу үшін уақыт­та­рыңыз­­ды бөліп, қонақжай қазақ жеріне ат басын тірегендеріңіз үшін алғыс білді­ремін», – деп бастады өз сөзін ҚР Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев форумның пленарлық отырысында.

«Жаһандану табиғи және бұлжымас үдеріске айналды. Тұрақсыздық, соғыс пен күйзеліс болған жағдайда елдің әл-ауқатын қамтамасыз ету қиын екенін Еуропалық одақтағы босқындарға қа­тыс­ты дағдарыс іс жүзінде көрсетіп берді. Мен бізге басқа жолды – экономикалық өсім әр елдің дамуына және тұрғындары­ның әл-ауқатының артуына тиімді транс­формацияланатын «инклюзивті жа­һандану» жолын таңдау қажет деп есептеймін. Әлемдік экономиканың осындай өсімі ғана тұрақты бола алады және біз соған ұмтылуға тиіспіз. Бұл жа­һандық деңгейде бірлескен күш-жігерді және ұлттық экономикалар деңгейінде іс-қимылдарды үйлестіруді талап ететін трансформацияланудың ұзақ, күрделі және ауыртпалықты жолы», – деп сөз сабақтаған Елбасы Қазақстанның жас мемлекет екенін, үстіміздегі жылы Тәуел­сіз­дігіміздің 25 жылдығын атап өтетіні­міз­ді айтты. Ширек ғасыр бедерінде карта­да жоқ мемлекеттен табысы орташа деңгейлі, әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енген елге айналу жолында әкімшіл-әміршіл басқарудағы мешеу қалған экономикадан ашық нарықтық экономикаға өтуге толық қол жеткізе алғанымызды атап өтті.

«Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан­ның ІЖӨ-сі (ішкі жалпы өнім) доллармен есептегенде 20 есе, орташа еңбекақы 17 есе өсті. Шамамен 2 миллион жұмыс ор­ны құрылды. Кедейшілік деңгейі қысқар­ды. Егер 90-шы жылдардың басында Қазақстанда әрбір үшінші адам кедей­ші­лік тұрмыс кешсе, бүгінде кедейшілік деңгейі 3%-дан да төмен.

Бүгінде барлық ел қиындықтарды басынан өткеруде және ұлттық эгоизмге ерік бермей, әлем алдында тұрған сын-қатерлерді еңсеруде бірлесіп жол таба білу маңызды. Халықаралық диалогтың G-7, G-20 секілді түрлі пішімдері бар. Қа­зақс­танда қолданылып келе жатқан, 140 елден 30 мыңнан астам сарапшының басын біріктіретін «G-Global» виртуалды интерактивті алаңын белсенді пайдалануды ұсынамын», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы сөзін қорытындылай келе.

Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Роберто Азеведо өз кезегінде: «Қазіргі кезең жаһандық экономиканың эвалюциялану дәуірінің басталған тұсы. Екі мың жылдай бұрын халықаралық сауданың ролін атқарған көне Жібек жо­лы Қазақстан аумағын басып өтетін. Бүгінгі күні қайта қалпына келе бастаған сол жолдың жаңа белдеулері айқындалу үстінде. Ол бұрынғысынша Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Демек, осы арқылы біз тәуелсіз Қазақстанның халықаралық сауда-экономикалық қатынастарға мей­лінше кірігетіндігін көреміз. Өткен 2015 жылы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына 162-ші мүше мемлекет болып қосылды», – деп ой толғады.

Еуропа Қайта құру және Даму банкі­нің президенті Сума Чакрабарти Қазақс­тан­ның жаңа экономикалық жағдай кеңіс­ті­гіне шығуға мүмкіндігі бар екен­дігін, елде жүргізіліп жатқан құрылымдық реформаның серпінділігін сақтауға қолдау білдіретіндігін жеткізді. «Бұл рет­те экономиканы әртараптандыру мә­селесінің маңызы зор. Ол экономиканы орнықты етіп, дағдарыс тудыратын сілкіністерден қорғайтын болады»,– дей келе, Еуропа Қайта құру және Даму бан­кінің білім экономикасын қаржыландыра бастағандығына ширек ғасыр уақыт болғандығын, осы мәселеге көңіл бөліп жатқан Қазақстанның дұрыс бағытты ұстанғандығын атап өтті.

Екі күнге жалғасқан Астана экономи­ка­лық форумы аясында «Астана» ха­лы­қ­аралық қаржы орталығының әкімшілігі» АҚ пен «Thomson Reuters» арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойыл­ды. Меморандум АХҚО-ның негізгі стратегиялық бағыттарын: капитал нарығын, активтерді басқару, жеке тұлғалардың әл-ауқатын басқару және исламдық қаржыландыру мен қаржы технологияларын дамыту мүддесіне сәйкес ақпарат пен тәжірибе алмасу ар­қы­лы іскер серіктестікті дамыту үшін ын­­тымақ­тастықты нығайту мақсатын көз­дейді.

Пікір қосу