ПОЭЗИЯ ЖӘНЕ ЖАРИЯЛЫЛЫҚ
03.06.2016
3356
0

89957fe84ea065ac4d20ac1d3fcefefbАманхан  ӘЛІМҰЛЫ,
ақын

 

Мен баяндамамның тақырыбын неге бұлай қойдым. Бұл бір нәрседен ақталу немесе уақытқа қызмет етті емес. «Ақын үндестік ұлы» деген Блок әулие. Біз сол поэзия мен жариялылықты үндестіре алмай, өтпелі кезеннің қоңыраушысы болып кеткен сыңайлымыз. Болмаса, сол аталған қасиетті тел ұғымның көзіне шөп салып, «Әдебиет – ардың ісі» деген аталы сөзді аяқ асты етеміз бе? Міне, мәселе қайда. Шама шарық, қал қадірімізше алшылы-шікті түсетін ой-тұжырымым, байлам-байыбымша соның сырын ашсам деген ойдамын. Сонымен, нарықтық экономика әдебиет, оның ішінде поэзия әлеміне соқпай өтті дейсіз бе, соққанда қандай. Баспалардағы поэзия кітаптарының қысқартылуы өзінше үлкен бір әңгіме. Тіпті, кейбір сыншы нигилистердің айтуынша поэзияның күні өткен көрінеді. Соған қарап сіздер кітап шықпайды дейсіздер ме, шығады. Шыққанда қандай. Поэзия кітаптары да аз жарық көрмейді. Бірақ мәселе қандай поэзиялық кітаптар шығады.

Маңа бір сөзімізде поэзия кітаптары шыққанда қандай дедік. Бұлай дейтініміз, осы баяндамаға дайындалу барысына орай елуге жуық поэзиялық жыр-жинақтары мен әлеуметтік желілердегі әрі мерзімді ба­сы­лымдардағы өлеңдерді оқып шықтым. Олардан көңілге түйгенім, бүгінгі қазақ поэ­зиясына деген түйткілді де, қуанышты да жасыра алмаймын. Біз жариялылық кезе­ңіндегі поэзияны шөпте өлең, шөңге де өлең деген түсінікке айналдырып жіберген сыңайлымыз. Рас, қазіргі қазақ поэзиясы кемеліне келген, кез келген әлем әдебиеті поэзиясымен иық тірестіріп тұра алатын, тіпті, кей тұстары олардан ұлттық қансіңді де, бойсіңді табиғи топырақтан өңген ойлау жүйемізбен, сана-сезімімізден өрген көр­кем­дік пен образдық, ішкі сыртқы тілдік оралым мен құрылымдағы (стилистика, стиль) музыкалық қадір қасиеттерімізбен асып түсіп жатады. Мазмұны мәнмен үн­дескен формалық жетістігіміз де өзінше бір әңгіме. Ал кемшілікке келгенде, ешкімге таңбай айтарым, қазіргі қазақ поэзиясынан үш мін көремін. Оның біріншісі Совет Одағы құрылған кезден басталған жалқы ұлттық поэзиялық-поэтикалық құнды­лық­тары­мыз­ға жалпы халықтық, социалис­тік-ком­мунистік космополиттік-нигилистік реа­лизмнің шалығы тиген. Оқырманның көр­кемдік образдық, саздық талғам-тала­бын бұзатын тіл жұтаңдығы, көркемдік об­раздық, музыкалық, тілдік қадір қасиет­тік ада, публицистикалық – газеттік жанрлары (өлең – очерк, өлең – репортаж, өлең – баяндау, өлең – ода, өлең – жалаң рухқа негіз­делген пафос) бағыт бағдарындағы ұстаным болса, екіншісі сана-сезімдегі поэтикалық – поэзиялық хаос және логи­ка­лық қарама-қайшылық пен жүйесіздік, шашыраңқы да сусыма сынаптай сырғыған абстракциялық, тұманды, кешіріңіздер, ыстығы көтерілген сәби саңдырағындай көңіл-күйдің көріні­сін­де өлеңдердің тен­ден­цияға айналып бара жатқандығы. Үшін­шісі, ұйқассыз, ақ өлең немесе верлибр деген ұғым-түсініктен өрген поэзияны жалаң прозаизмге айналдыру. Бұлар кәдімгі шығар­машылық дертке ай­налған. Содан ба екен, менің көзімнің жет­кені қазақ өлеңінің табиғаты, ұлттық бол­мыс-бітімі, мазмұны­ның мәні, тілдік бояуы мен образдылығы, көркемдігі, сазы манағы айтқанымыздай, Совет Одағы орнаған кезден бұзылып, жалпы халықтық – соц­реа­лис­тік агидөлеңге айналғандығын байқа­дым. Ол газет тілі мен стиліне және жанры­на көшкен. Өлең – пафос, өлең – ұран бә­ленше ақынның, бәленше байға арнаған­дай жалаң марапат, аты-жөнін айтып жақсылығын тізіп шыға­тын өлең арнаулардан аяқ алып жүре алмай­сың. Поэзия «ко­ро­льді жалаңаш көрдім» деген көңіл-күйге көшкен.

Мысалы ма, енді мысалға көшейік. Бір кезде ақын Жұмекен Нәжімеденовтің жетінші томындағы күнделігінде «Баспа ди­ректоры баяндамасында: «Біз былтыр жаңадан бұрын аты белгісіз 30 талантты аш­ып ек, келесі жылы олардың санын 40-50-ге жеткіземіз деп отырмыз». Міне, біздің твор­чест­волық мекемелердің басшылары партия мен үкіметтің творчестволық жастарға жасап отырған қамқорлығын тап осылай түсінеді. Күлесіз бе? Жылайсыз ба? Екеуін де істей алмайсыз!» деп жазғанын оқығанда таң қалдым. Шынында да күлеміз бе, жылаймыз ба? Қазіргі келе-келе ақындыққа ма­шықтанып, оны кәсіпке айналдырып «бұтқа толып, күнге қақырып» «Корольді жалаңаш көрдім» дегендей өлең жазып, күні өткен поза мен жест, эстрадалық бумнан арыла алмай жүргендердің біразы сол бағыт-бағдар, ұстаным жоспардың жемісі. Соның салқынынан әлі де арыла алмай келеміз. Оның нақты мысалы Серік Ақсұң­қардың «Ұзан» жыр жинағынан алынды.

Сол жинақтан, сіздер жалықпасаңыз­дар, мен жалықпай-ақ мысалды көптеп келтірер едім, оған уақыт көтермейді соған қарамай, теңіздің дәмі тамшыда деген қағи­даға сүйе­ніп аталған жинақтағы бірнеше өлеңді назарларыңызға ұсынайын. Тың­даңыз­дар!

Капитализм келді біздің маңайға,

Социализм жұртқа қайдан қарайлар?

Бес қабатты біздің бетон үйді кеп,

Коршап алды қос қабатты сарайлар.

Алтын менен аптап құйған бұл үйді,

Күміс пенен күптеп қойған бұл үйді.

Қабаған ит күніменен абалап,

Түніменен Айға қарап ұлиды.

Ашулы иттер күндіз-түні үрді кеп,

Бізбен неге ақын өмір сүрді деп.

Мен өлгенде тақта ілмеңдер бұл үйге,

Ақсұңқарұлы тұрды деп.

Екі-ақ, қадам бұл екі үйдің арасы.

Иесінің, иттің де жоқ санасы.

өздерінің маған көрші болғанын,

Сезбей өтсін өңкей иттің баласы…

ҚАЗАҚСТАН

Осындағы әрбір ұлттың

Бар бір Ғажапстаны:

Жойыттың – Исрайылы,

Ұйғырдың – Қазақстаны,

Қырғыздың – Қырғызстаны,

Жұлдыздың – Жұлдызстаны.

өкпелесе – көзде көлдей жасы бар,

өпсе болды – өксігі де басылар, –

Орыстардың – Ресейі ормандай,

Бір кәрістің – екі Кореясы бар!

Алдында жок, бір тірі жан тіл ұғар,

Мұхит асқан ұлып ары, құрып әл, –

Мұстафа Шоқай, Мұхтар Мағауин көкемнің,

Жүрегінің түгі бар ғой,

Түгі бар!

Күнге қарай керуен тартқан кезім бұл.

Тұман – Дүние.

 

Көкжиекте көзім-дүр:

Қазақстан, Сенен басқа түгім жоқ,

Гүл қылсаң, да, күл қылсаң да – өзің біл,

Ұл қылсаң да, тұл қылсаң да – өзің біл.

Міне, мына өлеңдерден сіздер қазіргі қазақ поэзиясының манағы біз айтқан бі­рін­ші мінінің кескін-келбетін, пішім-по­ры­мын анық көріп отырсыздар. Оны ол өзінше уақыт талабынан табылып, заман лебін ащы шындық араластырып айтып отырмын деп ойлайды.

Ал енді, жоғарыдағы айтқан екінші мін­ге келсек, онда сіздер, тіпті, таң қаласыз­дар. Ол мінді мен бір кезде шын мағынасын­дағы жақсы ақын атанып, көптің, оның ішінде осы баяндаманы жасап тұрған пендеңіздің поэзия туралы бір ой-толғамда­рымда талантты деп мақтаған Тыныш­тықбек Әбдікәкімовтің соңғы жылдардағы, оның ішінде кейінгі кездердегі өлеңдерінен көре­мін.

КӘДІМГІ ҚАРАПАЙЫМ АҚИҚАТ

Оның әулие болғысы келеді,

Бола ала ма?

Ой тұтқынында әбден қамықты арман…

Бола алмайды.

Көкірек Көзі ит-тірліктің көтіне бағытталған.

Құрдан құр жабықпасын.

Жан-Нұрын Тәңір Нұрына бағыттасын.

 

Осыны мұндар да біледі.

Діндар да ескермейді.

Көт сасыған Сана Жұмақтың қошын қош көрмейді.

 

ЭВОЛЮЦИЯ

Менің Түп Атам – Икс-вирус.

Содан бері жәндік те болдым.

Тышқан да болдым.

Қорқау да болдым азулы…

Тіпті, маймылдық дәуренім де – маңдайымда жазулы.

Қазір де Адам емеспін, хайуанға ұқсас пендемін.

Өйткені, кемел Ойлардан әлі де кендемін.

Иә, менің Түп Атам – Х-вирус.

Миы – Тәңір нұрынан себілген бір өскін.

Сол миды жетілдіре жүріп, тіршілік үшін күрестім.

Ол – бүгін де шикі жеміс-дүр.

Тілім – кеміс тіл…

Болашақта,

Миым жұпар аңқып әбден піскенде,

Тілдесу оңай періштелермен де, құспен де!..

Мен солайша ұдайы құбыла жаралам!

Тәңіріме жасампаз Нұр боп оралам!

Міне, тыңдап, көріп отырсыздар, осы өлеңдердегі жылтыр сөздер мен сөйлемдер жиынтығы, мағынасыздық, біз көрсеткен қазіргі қазақ поэзиясындағы екінші міннің толық көрсеткіші. Осы бір ақынның соңын өкшелеген Ақберен Елгезек деген жігіттің жазғанын оқысаңыз, тіпті таң қаласыз. Ол Тыныштықбек ақыннан да әрі кетіп «/ Мен сені Тәңірден сүрадым, мана,/ Осы арудың құрсағына бітемін деп (?)», «/Бар болмысым өзіңнен дарыған, мама/ Сен ғарышты туғаның өкінбе тек (?)/», «Әкем – Тәңір, өзің – Ұмай­сың, мама/, Ал мен Құдайдың баласымын(?)», « /Тұрған кезде елжіреп, / Аңқыған адал аузыңнан/, аңқ етіп ұшар көбелек/» деп мағы­насыз-мәнсіз, абстрак­ция­лық сөз бен сөйлем­дер­дің «кереметтігін» көрсеткенді былай қойғанда, Совет Одағы­нан қалған атеизмнің озық үлгісін танытады. Жалпы, бұл өзін ақынмын деп жүрген жастың өлеңдерінен үзік-үзік мысалдар келтіріп обал жасап отырмыз, оған себеп баяндамаға берілген уақыт пен көлем. Сондай, сусыма, мағынасыз өлеңдер үлгісін Бау­ыржан Қарағызұлының өлеңдерінен кө­руге болады. Оның бір-ақ өлеңін алда­рыңыз­ға тартайын. «Теңіз дәмі тамшысына».

ӘЛДИ

Мына Түн талыққан Үміттің дауысы секілді,

Кеңістік еркесі Ол – торсық бет кекілді.

Ол бізді бір жаққа шақырған сыңайлы,

Естісем дауысын еске алып Құдайды,

Жүрегім жылқыдай жылайды!

Мына Түн – о, мүмкін бағыты жоғалған

Жолдарым.

(Жолдарда жанымды жұбаттым, алдадым…)

Өлімді сағынған, аңсаған –

қартайған Арманның

шаршаған елесі емес пе,

мына Түн?!

Ұйықтамай отырмын неге осы?!

Мына Түн –

мәңгілік әуенге билейтін Сөздердің мекені –

Анты бар төзімдей, сезімдей некелі.

Жарықты сүйеді,

Жарықта өледі…

Жарықтан келеді,

Жарыққа кетеді…

Әлди, әлди,

әлди, әлди, Қара Түн…

Біз өлеңді толық келтіріп отырмыз. Бұл өлеңде қазіргі поэзиямызға тән кемшілік­тер­­дің бәрі бар. Сондықтан Бауыржан өл­е­ңі­не аз орын бөлгенімізге кешірім сұ­рай­мыз.

Ал енді, поэзиямыздағы үшінші мінге келетін болсақ, ол поэзияны прозаизмге айналдырып, оны ақ өлең, ферлибр секілді теориядан пішім-порым, мазмұн-мәнге ай­налдырып жүргендердің арасында Ырыс­бек Дәбей бар. Оның да бір-ақ өлеңі­не жүгінелік. Бұған да уақыт пен көлем кінәлі. Әйтпесе, төменде мысалға келтіретін бі­раз өлеңді алға тартуға болар еді. Сонымен, ол бүй дейді.

Шексіз еркіндігі бұғауланған – асыл Рухтың

Тәспі тартамыз саусақ бүгілтіп

Кім бізді құмыраға салып жансыз теңізге лақтырған?

Қайран жан қапаста қарайған…

Ғылымсыз!

Тәңір табамын деп шұбырғандар Иесін ізін

Жоғалтқан

Санада күн сөнген

Иесіз, киесіз сорлы тән.

Міне, құрметті оқырман, ардақты тың­дар­ман, қазіргі қазақ поэзиясындағы біз байқаған үш мін осындай. Артық кетіп немесе кем түсіп жатқан тұстарымыз болса, Сіздерден кешірім сұраймыз. Жалпы, мен оқыған жыр-жинақтарындағы кемшілік­тер­­дің көзі де осындай өлеңдерде. Ендігі сөзді мен қолымдағы тиген кітаптардың ішіндегі қыз-келіншектер жинағына арнасам дей­мін. Айсұлу Қадырбаеваның «Шың-құз», Гүлімай Әбішқызының «Дат, тақсыр тағ­дыр», Бүбішхан Тікебаеваның «Рауан», «Асыл мұра», Гүлнәр Шәмшиеваның «Ақ­қудың үні», Қаршыға Есімсейітованың «Ұмыт­па мені», Сәуле Досжанованың «Ме­нің жалғыз серігім», Үміт Битенованың «Шын ғашықтар қосылмайды деген кім», «Көңіл күнделігі», Алтыншаш Жақиянова­ның «Сүмбіле», Мақпал Мысаның «Аспан таудың көктемі», Салтанат Кеңесбекованың «Қарашығымда сағыныш» атты жыр-жи­нақ­тары шығыпты. Айсұлу өлең­деріндегі имандылық пен жауынгерлік қасиеттерге ден қоясың. Ақын ел-жер туралы қанша­лықты нанымды жырласа, атал­ған жинақ­тағы үшінші «Барып қайт, балам ауылға» бөліміндегі жырларға соншалық нанасың. Қыздарымыздың ішіндегі ең жасы Мақпал Мысаның «Қай­нар бұлақ басындағы қара­ғай» өлеңіндегі образдылық пен суреткер­лікке еріксіз ден қоя­сың. Мысалы, ақын:

Мұнар таудың етегінде мұңды ырғақ,

Шолпан туар шолпысымен түнді ұрлап.

Аспан тауға асылатын секілді,

Жұлдыздардың сырғалары сыңғырлап,

деген бейнелі суретті қалай сүйсініп оқы­мас­қа. Ал Үміт Битенова болса табиғат пен адам көңіл-күйін жақсы астастырады. Мысалы, ол «Мен мезгілдің тұсаулы тұтқыны­мын» өлеңінде:

Күрең күздің сүреңсіз күйін шерте,

Жапырақтар сарғайды биыл ерте.

Долы желмен қосылып құйындаған,

Қоқыс түйіп, жанармай құйып өрте.

Айналаны сыпыра таста бәрін,

Айналдырар іске жоқ басқа амалын.

Сыртқы әйнектен сығалап тұрарсың тек,

Аспан жуып жатқанда тостағанын.

Қайтсем екен бұл үйге сыям қалай,

Теңей салам түрмеге ұямды оңай.

Балалардың базарын байқамай қап,

Жалғызсырап кетемін жиі аңдамай.

Ұнатпаймын бұл күздің бұлтты күнін,

Шарқар көңіл-күйімді құртты бүгін.

Бір тәулікте тынымсыз мың құбылар,

Мен мезгілдің тұсаулы тұтқынымын, –

дейді. Маған осындағы табиғат пен ақын көңіл-күйінің астасып, үндескенін былай қойғанда «Теңей салам түрмеге ұямды оң­ай» деген өлең жолының А.С.Пушкиннің «Сижу за решеткой в темнице сырой…» дегенімен мазмұндас та үндес болып шығуы мені біраз ойға қалдырды. Мұнда тұрмыстық жағдайдан көтеріліп, қоғамдық ойға ден қою бар. Сосын ақындардың өмір сүру кезең­дерінің ара-қашықтықтарының үл­кен айырмашылықтарына қарамай сезім мен сезіну қасиеттерінің жанамалай үн­де­суін не деуге болады. Әрине, екеуі екі түрлі жағ­дайды тілге тиек етеді, соған қарамай көңіл күй бір. Жырға арқау болған объект әр түрлі, субъект бір. Бұл да поэзия­лық қа­сиеттің көрінісі. Әрине, бұған қарап, бұл екі ақында мін жоқ деген сөз емес. Бар. Бірақ  ол уақыт­пен бірге келетін шеберліктің еншісіндегі жағдай.

Мен Гүлнәр Шәмшиева, Қаршыға Есім­сейі­това, Гүлімай Әбішқызының өлеңдері туралы жоғарғыдағыдай ойларды айтар едім. Әрине, бұл қыздарымыздың да басты кемшіліктері қарабайырлық пен қарадүрсіндік. Соған қарамай Қаршығаның «Ақтоған» өлеңіндегі:

«Ақтоған» деп атаған бұл өңірді,

Жалғастырам онымен өмірімді.

Туған үйдің тұқымы қалықтаған,

Саған қарай көп бұрам көңілімді.

Бұл жолдарда асып бара жатқан образдық болмағанмен де, қазақы қара­пайым­­дыққа тән өлең қасиетіндегі сыр­шыл­дық маған ұнайды. Гүлімай Әбішқызы болса бір өлеңінде:

«Бір әйелдей қыз күнімді еске алып,

Әйелдерше бір көйлекке бес барып,

Әйелдікпен жанықтырам ерімді

Тойға барар уақыттан кеш қалып.

 

Бір әйелдей тауқымет те тартыппын,

Таразысын теңдеп үйде тәртіптің.

Әйел екеш шашу терем, балама

Жұғыстығы бола гөр деп сарқыттың.

…Бір әйелдей жаулығымды кір шалмай,

Бір ақындай жазып кетсем, Іншалла-ай!».

Өлеңнің әрбір жолынан сөз киесін пір тұтқан нағыз ақынға тән тазалық көзге ұрып тұр. Мұқағали ақындай «жүрегінің түбіне кір қалдырмай» айтып өтуді мақсат тұтқан ақын қыз өмірдің қаталдығына қар­сы тіректі қасиетті сөз өнерінен тауып, жылаған жүрегін, құлазыған көңілін жырмен жұбатады.

Ендігі бір кезекте айтарымыз, қолы­мыз­ға тиген ер-азаматтардың жинақтары да бізді бей-жай қалдырған жоқ. Әсіресе, та­би­ға­ты­нан лирик-ақын Исраил Сапар­байдың «Бір тамшы көздің жасындай», «Өзімді са­ған сыйладым» атты жыр-жинақтары маған ерекше әсер етті. Жалпы, Исраил ағамыз өзінің алған биігінен бір түспей келе жат­қан санаулы ақындардың қатарына жатады. Оның поэзиясындағы шынайы да сыршыл лиризм мен қашан да тәнті етіп келеді. Ақын «Өзімді саған сыйладым» жинағында да оны дәлелдей түскен. Қазақ поэзиясы­ның көкжиегін кеңейту барысында үлкен үлес қосып жүрген Зейнолла Тілеужан­ұлының «От адам» жыр-жинағына оның өлеңдері мен поэмалары топтастырылған. Зейнолла ақынның тынысы кең этикалық жанрдағы қадір-қасиеті ерекше байқалады. Оның махаббат лирикалары қашан да сыршыл, шынайы болып келген. Жинақ­тағы «Айырылып ек тағдырға шыдамаймыз», «Көгілдір мұнау өлкеде…», «Досыма хат» өлеңдеріндегі сыршылдық маған ұнайды. Әсіресе, «Досыма хат» өле­ңін­де ақын өмір мен өлеңді әдемі астас­тырған.

Жасырып көздің мұндайын,

Сарқа құй соңғы шараптан!

Ажарлы қызды тәңірім,

Ақындар үшін жаратқан.

 

Сонан соң бір сәт таласа,

Ақырғы тостты көтеріп.

Балалық доспен балаша,

Қоштасып жылап кетелік, –  дегеніне нанасың. Ал енді ақын Абзал Бөкеннің «Шың» жыр-жинағы, ақын-азаматтың о бастағы бастау алған негізінен бір таймағанын көрсетеді. Абзал алдыңғы толқын Абайдан бастап, кешегі өмірден өткен Қадыр, Жұмекен поэзиясындағы ақыл мен сезімді үндестірген табиғилығын сақтап қалуы соның айғағы. Оның өлең­дерін­дегі философиялық ой түйіндер адамды қаншалықты ойландырса, кей тұстар­дағы лирикалық көңіл-күйден көрінісі сезім­нен туған өлеңдері адамды соншалық­ты толқытады. Мен осы тұста Саян Есжан мен Нұрбек Нұржан секілді екі жас ақынға ерекше тоқталсам деймін. Әсіресе, бұл екеуіндегі маған ұнағаны, поэзиялық-поэ­ти­калық қадір-қасиеттерінің ең алдымен сыр­шылдық пен шынайлықты қара­байыр, қарадүрсін баяндаумен жа­­ңылыс­тыр­маулары. Егер осы екі жігіт қазіргі ба­ғыт-бағдарларынан жаңылмаса, түптің түбінде қазақ қара өлеңінің дәстүрлі үлгісін уақыт заман лебімен үндестіріп, үлкен ақын болып кетуі бек мүмкін. Екі жастың жыр-жинақтарының аттарының өзі лирика. Саян жыр-жинағын «Іңкәр» десе, Нұржан «Мұң Ай» дейді. Міне, бұл жастыққа тән қадір-қасиетті көрсететін белгілер. Бұларда ең бастысы күңгірттік пен көмескілік жоқ. Кәдімгі Мұқағали тілімен айтқанда, «Күпі киген қазақтың қара өлеңіне шекпен жауып» қана оқырманға қайтарған. Тағы бір тоқталмай өтпейтін үш ақын – Қуандық Шолақ пен Бауыржан Бабажанұлы, Оразбай Байбақұлы. Үшеуі үш бағыт-бағдардағы ақындар. Яғни Қуандық Шолақ «Гүлстан» жыр-жинағында өзінің табиғатпен тағ­дырлас екенің қаншалықты сезіп біліп жы­рына соншалықты рең бере жазса, Бауыржан Бабажанұлы «Ниетқабыл» өлендер, балладалар, поэмалар жинағында кітап алғы сөзінде көрсеткендей жаратушы – адам – табиғат қоғам арасындағы байланыс­ты, логикалық оқиға желісін өрбіту ар­қылы шебер дамытып, поэзияның тіл көркемділігі мен образдылығын жақсы көрсетеді. Жалпы, Бауыржан оқиғалы өлеңге бейім, бірақ ол жалаң баяндау емес, поэтикалық қуаты күшті шымыр да жинақы, езуге күлкі жүгіртер юморға толы дүниелер. Оразбай ағамыз философиялық ой-толғамдарды сезім арқылы көмкеріп, жақсы поэзияның жақсы үлгісін көрсетеді. Бұл үш ақыннан публицистикалық сарындағы жырларды кездестіру мүмкін емес десек те қателес­пейміз. Олар публицистика мен поэзияның арасын, олардың миссиясын ажырата алатын қасиеттерін аталған жинақтарынан жақсы байқауға болады.

Жалпы, мен оқып шыққан Шаяхмет Құсайынұлының «Өмір дария», Махмұтбай Әміреұлының «Дастандар мен толғаулар», Жомарт Игіманның «Ақжелең», Толыбай Абылаевтың «Махаббат дәптері», Мақсат Әл­сейітовтің «Жетімсайдың бойында – жетім ауыл», Ерғанат Кеңесбекұлының «Алиф», Қайырбек Сәдуақасовтың «Уақыт жебе», Нұрхан Сұлтанбайұлының «Адас­қақ», Оразбай Байбақұлының «Тамшы», «Бүршік», Көбей Өтжанұлының «Қоштас­пай өлең арнадым», Аманғазы Кәріпжанның «Сана суреттері», Ғалым Әріптің «Алматы ғазалдары», «Өмірді өлшеймін мен өз бағаммен…» атты жыр-жинақтарын оқып шыққандағы көңілге түйгендерім, аты атал­ған авторлардың қай-қайсысының шы­ғармасындағы ала-құлалық. Мысалы, мен Ғалым Әріптің жыр-жинағының атына таң қаламын. Ақын кітап атын қойған­ның өзінде де, сол жинақтың табиғатын ашатын ат қою керек. Ал Ғалым жинағының аты поэзияға қарағанда прозаға қоятын атқа жақын. Ғалым:

Дала қандай, ауа қандай!

Өмір қандай ғажайып!

Қыс кірбіңі тарағандай,

Ашу бұлты азайып, – деп қаншалықты жатық жырласа, «Әр таңым­­ды саған қарап атырдым» өлеңінің шұбалаңқылығы соншалықты адамды мезі ететін жағдай. Баяндау басын көркемдігі жоқ. Тағы бір қуанарлығы, жақында өмірден ерте өткен ақын ағаларым Сабырхан Асановтың «Арман ағысы», Нүкеш Бә­ді-

ғ­ұлдың «Сағым бейне», Сәкен Иманасовтың «5 томдық шығармалары» жарық көріпті. Бұл ағаларымыз кезінде өз әдеби орта­сын­дағы сыншылар мен ақындардан өзін­дік жақсы бағаларын алған қаламгерлер.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір