КІТАП ТАЛҚЫСЫ ӨТУІ ТИІС
03.06.2016
1124
0

Әдеби жыл қорытындысын тыңдадық. Тындырылған істерге тұшындық. Әдебиетіміз жаңа кітаптармен толыққандығының куәсі болдық. Арқа сүйер мықты ұжымымыздың бар екеніне сендік, сезіндік. Көкейге келген бір ұсынысымды айтсам деп едім.

Кітап шығару ісінде сол кітаптарды өндіріске жібермес бұрын талданса. Ол үшін жиында айтылғандай секция-секция болып жиналып (тоқсанында бір рет болса да), терең де толыққанды талқылауға түссе. Әрине, ешкім біреу үшін жазбайды, әр талант өз шамасынша еңбек етер. Дегенмен, кейбір кемшіліктерді баспаға ұсынғанға дейін жөндеген жақсы болар еді. Мысалы, «Осы айдың пәленінші күні, түгенінші бөлмеде проза (поэзия) жанры бойынша талқылау өтеді. Жүргізуге жауапты пәленшекең. Байланыс телефоны…» деп хабарлама жасап және сол белгіленген күні тоқсан сайын міндетті түрде жиналып отырса.

Көркем әдебиет қоғамды тәрбиелейді, талғамды қалыптастырады. Оған үлкен мән беру Мәңгілік Ел болу идеясына қосқан тамшыдай үлесіміз болар еді. Сондықтан әр сөзіміздің мәнді де дәмді шыққанына не жетсін.

Сіздерге толағай табыстар тілеймін.

Маркиза БАЗАРБАЙҚЫЗЫ.
Алматы қаласы.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір