ІЗДЕНІС ІЛГЕРІ ЖЕТЕЛЕГЕН ШАҚ
03.06.2016
2183
0

fe66af05004fcf2960bad19d26a481c8Жұмабек КЕНЖАЛИН,
жазушы

 

Ежелден белгілі ақиқат – қаламгер өзі өмір сүріп отырған қоғамның тамыршысы, ал оның шығармашылығы уақыт барометрі болған. Осы тұрғыдан келгенде Дәуір мен Уақыт үніне үн қосып, оның оңы мен солын бағамдап отыратын деректі проза не дейді?  Енді осыған көшейік. Біздің қолымызға былтырғы жылғы әдеби жыл қорытындысынан бергі уақыт аралығында баспалардан шыққан Қайсар Әлімнің «Кәусар», Самат Ибраимның «Сыр перне», Зәкір Асабаевтың «Ешкім білмейтін айла», Көлбай Адырбектің «Жүрек жұтқан», авторлар ұжымының «Герольд Бельгер кім?», Бегімбай Ұзақбаевтың «Намыстан шыңдалған қайрат», Нұрмахан Оразбектің «Өткенге өкпе жүрмейді», Итен Қарымсақұлының «Жүрек жазбалары», қаламгер Сәрсенбек Бекмұратұлының «Айтқыштар», Нұрлытай Үркімбаеваның «Аласармас асқарлар» деп аталатын кітаптары тиді.

 

Соның ішінен жазушы Қайсар Әлім­нің  «Ана тілі» баспасынан жарық көрген «Кәусар» атты әдеби портрерттер, эсселер кітабын айрықша бөліп алып айтуды парыз санадық.

Кітаптың тілі жатық, мазмұны те­рең­дікпен әдіптелгенін былай қойғанда, деректі прозаның өз кеңістігі мен өрісін соңғы  кезде көркемдікпен байыта дами түскенінің куәсі боларлықтай түрлі жа­нр­лық жаңалықтар синтезін де көре­міз бұл жинақтан. Ең бастысы, әрбір портреттер мен эсселер архитектоникасы таза түзілімімен, сараптамалық сипатымен, композициялық өзгеше құрылы­мы­мен, сюжеттік сонылығымен ерекше­леніп тұрғандай әсер береді. Бәрінің  тұ­ма бастауы деректілік болғанымен, орындалуында  көркем әңгімелеудің алуан элементтері қабысып, шынайылық күйін сақтап, алып отырған нысанасы – әрбір жазушының қаламгерлік шебер­лігін, азаматтық ұстанымын, заман, қо­ғам дамуындағы ұлттық мақсат-мүд­делік көзқарасын, тіпті болашақ аңсар-арманның дәлдікпен болжалып, сабақ­тасуын оңтайлы образды, қилы оқиғалы амал­мен суреттеп беруі талғампаз оқыр­манды бей-жай қалдырмасы анық.

Ал енді «Кәусардың» жаңалығы не дегенге келер болсақ, бұл кітапта көп на­си­хаттала бермейтін, тіпті ұмытыла бас­таған ақын-жазушыларды әдеби ор­таға өз болмыс-бітімімен, нағыз талант­тық тұлғасымен қайта оралтуы дер едік. Мысалы, Тәшібай Әлмұхамбетов, Нұрхан Ахметбеков, Назарбек Бекте­мі­сов, т.б. қаламгерлердің ұлттық ру­ха­ни­ят­қа қосқан өшпестей үлестері сонылық үрдісімен үлбіреген күйінде жүректерге жетіп жатқандай.

Самат Ибраимның есімі оқырман қауымға жақсы таныс. Өзінің шығарма­шылық жолында журналистік шеберлік пен жазушылық қарекетті тең ұстап келе жатқан қаламгер.

Самат Ибраимның «Сыр перне» атты кітабы («Ана тілі» баспасы) «Қобызшы» шығармасымен басталады. Кейіпкері – Дәулет Мықтыбаевтың шәкірті, белгілі қобызшы Сматай Үмбетбаев.

Осы деректі әңгімеде Сматайдың өзгеге ұқсамайтын өнер жолы әдебиет пен өнердегі халқымыздың біртуар тұл­ға­ларының талант иесіне деген қамқор­лы­ғымен қатар өріледі. Сәбит Мұқанов Арқада өткен Сәкен Сейфуллиннің мерейтойына барғанда Сматайдың қо­быз тартқанын ұнатады. «Сматай, Ал­матыға шақыртсам, келесің бе?» дейді. Жас жігіт табан астында кесімді жауап айта алмайды. 1971 жылы Жамбылдың 125 жылдық мерейтойында «Бір қалқа» мен «Кертолғауды» тартқан Сматайды қасына шақырып алған Сәбең Тмат Мерғалиевке «сен Сматайды Еркеғалиға алып бар» деп тапсырма береді. Еркеғали Рахмадиев ағамыз ауылдан келген жас­тың нағыз талант екеніне көз жеткізгесін консерваторияға оқуға қабылдайды.

«Қобызшы» деректі әңгімесінде қа­зақ руханиятының жанашыры болған Өзбекәлі Жәнібековтің  Сматайға нарқо­бызды жасатқаны да қызықты жәйт.

Қаламгердің  Армения сапарынан жазылған «Матенадаран және қыпшақ тіліндегі қолжазба» атты көлемді пу­бли­цис­тикалық мақаласы ғылыми зерттеу жүгін де көтеріп тұр десек, артық айтқа­нымыз емес.

Өткен ғасырдың отызыншы жыл­дарындағы ақтаңдақтар ақиқаты туралы жазған қаламгерлер мен тарихшыларымыз мұрағаттан көп дерек тапқанын, айтылмай келген талай шындықты айт­қа­нын білеміз. Бұл орайда Самат Иб­раим­ның мұрағат құжаттарына сүйеніп жазылған «Шұбартау көтерілісі», «Аяусыз жаза», Ораз Жандосов туралы  «Жазықсызға жабылған жала» және тағы басқа саяси қуғын-сүргін құрбан­дары туралы жазылған шығармаларын ерекше атаған жөн.

Зәкір Асабаев есімі оқырман қауымға ана заманнан белгілі. Оның «Ешкім білмейтін айла» атты жинағы екі бө-
лі­м­нен тұрады. Алғашқысына сықақ әңгімелер топтастырылса, екінші бө­лім­ге эсселер, естеліктер, деректі әң­гімелер жинақталыпты. Баршаға мәлім бір ақиқат бар: жазушының қаламынан туған шығармадан оның болмыс-бітімі аңғарылып тұрады.

Эссе, естеліктердің қай-қайсысын алып қарасаңыз да автордың ағалар ру­хы алдында інілік парызын өтеуге деген құлшыныстың сыр-пернелерін дөп басар едіңіз. Бұл – бір. Екіншіден, автор­дың оқиғалардың өткен, болған күн­дерін нақпа-нақ келтіріп, оқыр­ман­дардың шексіз сенуіне, көңі­лінде дүдәмал ой қалмауына барынша күш салған. «СҚ»-ны аударма басылымнан құтқарып қалған» (Қасым Шәріпов туралы), «Мен білетін ардагер Ғаббас Баталов», «Ай­бергеновтің апайы» (жазушы Әзиза Нұрмаханова жайлы), «Көтібардың жиені көрген құқайлар», «Баукеңе күт­пеген сыйлық жасайық», «Қорланның жөні бір басқа» деп аталатын эссе, естеліктер З.Асабаевтың қаламынан бар ынты-шынты ниеттен туған шығарма деп есептейміз.

Өткен жылы «Тоғанай Т» баспасынан жарық көрген кітаптардың бірі «Герольд Бельгер кім?» деп аталады. Бұл кітап таралымға шығарылысымен-ақ қолдан-қолға тимей оқырмандар кө­зайымына айналып жүре берді.

Кітапқа қоғам, мемлекет қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммедтің алғысөз жа­зуы­ның өзі көп нәрсені аңғартса керек. «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жаппай қазақшалаймыз деп жүргенде, әлдеқашан қазақ тіліне балдай батып, судай сіңген (класс, текст, т.б.) талай сөз­дерден көз жазып қалдық. Орыс қана емес, күллі батыс тілдерінде жиырма бірінші ғасырда еркін қолданыста жүр­ген сөздерді «сынып», «мәтін» сияқты ортағасырлық сөздермен, басқаша айтқанда, кірме сөзді кірме сөзбен ал­мас­тырдық» деп жазуы көп нәрсені аң­ғартады.

Кітаптағы қарымды қаламгер Қали Сәрсенбайдың «Бүкпесіз Бельгер немесе Шоқан ескерткішінің алдындағы өмір», публицист жазушы Талғат Айт­бай­ұлының «Бір өзі бір әлем немесе Гераға жазып жүрген қазақ шындығы туралы сөз», жазушы Смағұл Елубайдың «Білгір Бельгер», Нұрдәулет Ақыштың  «Қазақ руханиятының жанашыры», Болат Шарахымбайдың «Біздің Гераға» деп аталатын туындылары кітап кейіп­керінің кісілік болмысын, азаматтық тұл­ғасын, қаламгерлік шеберлігін әр қырынан танып-білуге, оның жан­дү­ниесіне бойлауға ұмтылыс жасаған.

Белгілі көсемсөзші, қарымды қалам­гер Нұрмахан Оразбектің есіміне оқыр­ман қауым қашаннан қанық. Көзі тірісінде өзінің ірілігімен де, қалам қуатының молдығымен де жалпы қазақ қуымына танылған тұлға өмір сапары аяқталар алдында ғана «Өткенге өкпе жүрмейді» деп аталатын кітап жазып қалдырыпты. Белгілі көсемсөзшінің бұл еңбегі өзі беташарында жазып көрсет­кендей, Ұлы Отан соғысында опат болған, қанды қырғынға аттанған перзентіне, жарына қайтсем көмектесем деп күні-түні тер төккен, сол қиындық­та­рының бәрін бастан өткеріп, енді мамыражай заманға жетеміз деген үмі­тін әлдилеп, бақиға аттанған жерлес ағаларының, апаларының аруағына арналған.

Жазушы-журналист Көлбай Адыр­бек­ұлының «Жүрек жұтқан» деп аталатын кітабы да өз оқырманын тапқан туындылардың бірі деп есептейміз.

Қаламы қарымды азамат Көлбай Адырбекұлын оқырман қауым Жел­тоқ­сан көтерілісінің жоқшыларының бірі, оның қаһармандарының деректі прозада образын сомдауға үлес қосып жүрген қаламгер ретінде біледі.

Кітапға енген қос деректі повесть және әңгімелер жастарға үлгі-өнеге болып, олардың елі мен жеріне деген пат­риоттық сезімдерін арттыратыны сөзсіз. Көлбайдың «Ұшқыш тағдыры», «Күт­у­мен өткен ғұмыр», «Майдангер» әңгіме­лері де оқырман қауымды бей-жай қал­дырмасы анық.

Қаламгер қыздар арасында өндірте жазып жүрген әріптестеріміздің бірі  – Нұрлытай Үркімбай.

Оның өткен жылы оқырман олжасына айналған туындысы «Аласармас асқарлар» деп аталады. Кітаптағы «Ұлы адамдар туралы майдалылықты халық қаламайды» деп аталатын туынды оқыр­ман назарын аудартары сөзсіз. Сондай-ақ, «Соғыс жылдары майдангер көзімен», «Ананың табанының астында жұмақ бар», «Атеистік қоғамда қор болған ғұмыр» деп аталатын дүниелер Нұрлы­тай­дың шын мәнінде деректі прозаның шебері екендігін дәлелдейтін шығар­малар.

Соңғы жылдары деректі проза саласында өнімді еңбек етіп жүрген қалам­герлердің бірі – Итен Қарымсақұлы. Оның  «Жүрек жазбалары» деп аталатын кітабы өмірде сырлас, сыйлас, дос бо­ларлық жақсы адамдар туралы ой толғанысқа құрылған.

Итен ағамыз жазған тұлғалар бейнесі – өмірдегі бар адамдар, бақилық болса да артына жақсы сөз қалдырған қайрат­кер азаматтар. Оқырман олардың ғи­б­ратты ғұмырынан тәлімді тәрбие алады.

Өткен 2015 жылы Сәрсенбек Бек­мұратұлының «Айтқыштар» деп аталатын жаңа жинағы жарық көрді. Елімізге белгілі ақын-жазушылардың тосыннан тауып айтқан сөздері Сәрсенбек қала­мының қауқары нәтижесінде уытын азайтпай, қайта әрлене түскен.

Біздің қолымызға тиген кітаптың бірі Бегімбай Ұзақбаевтың «Намыстан шыңдалған қайрат» деп аталатын де­ректі-хикаяттар кітабы. Мұнда негізінен ел құрметіне бөленген азаматтардың қилы тағдырлары мен олардың бастан кешкендері шығармаға арқау болған. Айталық, «Қалдырған ізің мәңгілікте» Жақсылық Жылқышиевтің азаматтық тұлғасын сомдайтын оқиғалар өзек етіп алынса, «Арман мұратына адалдық» атты хикаят Сыр өңіріне ерекше еңбегі сіңген Елеу Көшербайұлының тағдыр жолын әңгімелейді. «Өрге өрлеген өр тұлға» деп аталатын хикаят Кеңесбай Қаритегінің тағдыр-талайынан сыр шер­теді. Ал Қалыбай Бекенұлының басынан өткендері «Шырағың сөнбесін» деп аталатын хикаятқа арқау болған. Кітаптың өз оқырманы бар ғой деген ой түйдік. Себебі, мұнда Сыр бойы елінің кешегісі мен бүгінгісі өзінің жанқиярлық еңбегімен ауылдастарының құрметіне бөленген абзал азаматтар туралы қалт­қысыз әңгіме айтылады.

Қазақ қауымында тасқа басылған сөз ежелден заң бабындай қабылданған. Кітап оқырманның эстетикалық тұшы­мын, талғам-таразысын қалыптастыру­дың бір тұтқасы болған. Осы бір өлшем соңғы жылдары қаперден шығып бара жатқандай. Қазір әдебиеттің, рухани құндылықтың құнын кетірмейік десек, кітап шығару мәселесіне айрықша ыж­даһатпен қараған жөн. Бүгінде әулеттік кітап, өмірбаяндық кітап, мерейтойлық кітап дейтіндерден аяқ алып жүре алмайсыз. Нарықты заманда кітапты шығару әркімнің өз ырқы деген прин­цип­ті алға тартқан кейбір баспа­гер­леріміз тіпті қолға ұстап парақтауға тұрмайтын «дүниелерді» басып шы­ғара­тын жағдайға келді. Кітаптың мазмұн­дық сапасын былай қойғанда, оның ішінде қойдай өрген қателерден көз сүрінеді.

Сондықтан кітап шығару мәдение­тіне байланысты кешенді жұмыстар қолға алыну керек деп ойлаймыз. Бұл Қазақстан Жазушылар одағының секретариатында, тіпті болмаса кеңейтілген мәжілісінде арнайы қаралуы қажет.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір