ТАРИХЫМЫЗДЫ ТҮГЕНДЕГЕН ДРАМАТУРГИЯ
03.06.2016
2507
0

АманкелдіБүгінгі қазақ драматургиясының тынысын қазақ театрының тәжірибесінен бөліп-жара алмаймыз.

 

Аманкелді МҰҚАН,
театртанушы

 

2015 жылы Республика көлемінде Қа­зақ хан­дығының 550 жылдығы аталып, түрлі шаралар өтті. Театр саласында да бі­раз ауқымды істер атқарылды. Қа­зақ­тың кәсіби театрының 90 жылдық тарихы оның үлкен құрамдас бөлігі – драматургиямен домбыраның қос ішегіндей қатар өріліп келеді. 2015 жылы бес жарым ға­сыр­лық тарихымызды сараладық, тереңдей зерттедік, көптеген жаңа деректер аш­тық.

Біріншіден, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйы­мы мен «Еуразиялық топтың» (ERG) та­­­рапынан 2015 жыл бір ғасырлық мерейтойына орай белгілі түрк халқының дра­ма­тургі Халдун Танер жылы болып бел­гі­ле­ніп, Еуразиялық топ қол­дауы­мен Түркі ха­лықтарының драматургтері арасында осы мерейтойға арналған үздік пьесаға бәйге жарияланды. Комиссия қоржы­ны­на түркі әлемінің 18 ұлт өкілі жазған 109 пье­са  келіп түскен, қазақстандық  жазу­шы-драматургтер тарапынан 16 пьеса бар. Хал­дун Танер жылы Анкарада, ТҮРКСОЙ штаб-пәтерінде 2015 жылдың 8 желтоқ­сан­да қорытындыланып, Башқұрстан (РФ), Әзір­байжан, Гагаузия, Түркменстан және Қа­з­ақстан авторлары жеңімпаз атанды. Жер­лесіміз, режиссер-драматург Әкрам Ах­метовтың ұйғыр тілінде жазыл­ған «Мах­мұт Қашқари» пьесасы 10 мың түрік лира сыйақысымен екінші орынды ие­лен­ді. Бұл есепті жылдың үлкен жетіс­тік­те­рі­нің бірі.

Екіншіден, ҚР Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігі тарапынан жылда өткізіліп келе жатқан дәстүрлі «Тәуелсіздік  тол­ғауы». Бұл бәйгеге биыл  20-ға жуық пьеса түсіп, ко­миссия отырысының шешімімен белгілі қа­ламгерлер Жолтай  Әлмашұлы­ның «Шам­да сөнген шырақ» немесе «Әл-Фа­раби арманы» пьесасы және Тынымбай Нұр­мағамбетовтың «Мұстафа Шоқай» дра­масы үздік атанып, жүлделі орындарға ие болды.

Үшіншіден, Қазақстан Жазушылар ода­ғы «Еуразиялық топтың» (ERG) де­меушілігімен ҚР Тұңғыш Президент қо­ры­ның өткізген «Алтын тобылғы» бәйгесі. Мұнда «Бақтан өткенде» пьесасымен жас дра­матург Әннәс Бағдат болды.

Төртіншіден, ұлттық әдебиетті қолдау мақсатында Қазақ хандығының 550 жыл­дығына орай ұйымдастырылған «Алаш тарихының ақиқаты» атты жабық бәйгесі жарияланып, жеңімпаз авторлардың туындылары «Ан Арыс» баспасынан қос том­дық болып шығарылып, оқырман­дар­дың қолына тиді.

Кітапқа енген пьесалардыжазылу ба­ғыты мен көтерген мәселелеріне қарай шартты түрде бірнеше топқа бөлдік. Алдымен, көтерген тақырыбы мен сюжеті бұ­рыннан белгілі, алдыңғы буын қа­лам­герлер көтерген туындыларға И.Ораз­баев­тың «Хан тұқымы» жыр-шежіресі жә­не Жәркен Бөдештің «Шерата және Шынбала» драмалық поэмасын жатқызамыз. Екі шығарма да поэзия тілімен өріліп, кейіпкер образдары кесек, тұлғалы етіп сипатталады. Қуатты да уытты ырғақта бір деммен оқы­латын, пафосқа құрылған Иранбек аға­мыздың «Хан тұқымы» шығармасы осы күйін­де музыкалы театр сахнасына – опера либреттосы болуға да әбден лайық.

Келесі топта Рахымжан Отарбаевтың «Нар­ком Жүргенов» тарихи драмасы, Думан Рамазан «Аңсар» пьесасы, Жолтай Әл­маштегінің «Мырзабидің жазасы» тарихи драмасы, Кенжебай Ахметтің «Ең­се­гей бойлы ер Есім» тарихи драмасы, Ма­ғи­ра Қо­жахметованың «…Азат Алаш – Даңқты Алаш!» драмалары қазақ театры сахнасында бұрын қозғалмаған тарихи тақырыпты көтерген. Әр пьеса өткен тарихымыз бен ел жадында қалған тұлғалар өмірінен өзін­дік қайталанбас полотнолар жасай алған.

Үшінші топқа Сұлтанәлі Бал­ға­баев­тың «Мәңгілік махаббат әні» музыкалық пьесасы бүгінгі жастардың тұрмысы мен өмір салтын ашып суреттесе, Нұрғали Ораздың «Дөп-дөңгелек дүние» мисти­ка­лық драмасында ақиық ақын Мұқағалидың о дүние­лік болғаннан кейін араға жылдар са­лып өзі жүрген, қиялына шабыт берген жер­ге, көп өзгере қоймаған қоғамына қай­та оралуы, адамдар арасындағы мәңгілік өл­мей­тін өзекті тақырыптардан ой қозғай­ды.

2015 жыл – еліміздің тарихына терең үңі­ліп, зерделеген жыл болды. Қазақ хан­дығының 550 жылдығына орай тарихи та­­­қырыпқа қойылған спектакльдер бұл жыл­дың репертуарынан ерекше орын ал­ды. Жекеленген тарихи тұлғалар келбетін ашуға бағытталған біраз туынды көрер­мен­мен қауышты. Соңғы жылдары дра­матур­гия саласында Думан Рамазанның есімі жиі аталып жүр. 2015 жылы автордың пьесасын республиканың 5 театры сах­на­лаған екен. Олар: «Абылайдың арманы» (Қара­ғанды, реж. Д.Қырықбаев, Астана, реж. Б.Ұзақов, Шымкент орыс драма теат­рын­да, реж. Е.Оразымбетов), «Керей — Жә­ні­­бек» Шығыс Қазақстан облыстық теат­рында, реж. Б.Ұзақов), Б.Римова атындағы Алматы облыстық қазақ  драма театры (реж. Б.Тоқымбаев). Автор үшін үлкен жетістік. Жас драматург Әннас Бағдаттың акаде­мия­лық театрда режиссер, актерлермен қоян-қолтық еңбек ете жүріп жазған пьесалары сахнада қойылып жүр. Алматыдағы Неміс театры сахнасында «Рух»-«На земле» лекция спектаклі (реж. Еслям Нұр­тазин) жә­не М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік акаде­мия­лық драма театры сахна­сына белгілі қа­ламгер І.Есенбер­лин­нің танымал трилогиясы негізінде инс­цени­ровкаланған «Ал­мас қылыш» (реж. А.Кәкішева) спек­так­лі қойылды. Екі спектакль де театрдағы шы­ғармашылық топпен бірлікте туындады.

Ш.Мұртазаның романы бойынша (Е.Жуас­бек инсценировка жасаған) М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма теат­ры сахнасына қо­йылған «Ай мен Ай­ша» (реж. Т.Жаман­құлов) соғыс тақы­ры­бының зар­даптарын көтерген салмақты қойы­лым­дардың бірі. Осы бағытта Ж.Ша­нин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыс­тық драма театры Әкім Таразидің «Әлия» трагедиясын, Павлодар театры Ештанаев пен Ыбраевтың «Әбіл­мансұр, Сабалақ, Абы­лайхан» тарихи дра­масын, Ақмола об­лыстық қазақ театры ақын Құдайберді Мыр­забектің Мәлік Ғабдуллиннің 100 жыл­дығына арналып жазылған «Батырлық жолы!» драма­сын, Жезқазған театры С.Тұр­ғынбектің «Кейкі батыр» тарихи дра­ма­сын, Ақмола облыс­тық орыс театры қа­­­зақтан шыққан батыр, штурман ұшқыш Хиуаз Доспанова жайлы спектакль­ қой­ды.

Бұл жылы жаңа драматургиямен, әлі сах­наға қойылмаған пьесамен басын қа­тыру­ды артық көрген театрлар жеңіл жол­мен – бұрын жазылып сахнаға сан мәрте қойылған авторларды қайталап қойып жат­ты.

Ал енді «жазылған, бірақ қойылмаған пье­салар қанша?», – дегенге келсек, ой­лана­тын мәселелер бар. Өткен жылы өзек­ті болған Қазақ хандығының мерейтойы өтіп кетті. Тарихи тақырып ескірмейді, алайда, табанды еңбекпен, қажырлы күш-жігермен жазылған шығармалардың көбі көрерменге жетпей қалды. Оның түйінін драматург те, театр да шеше алмайды. Мә­се­ле, министрліктің мерейтойлық бәйге кес­тесін кеш жариялайтынында. Осы орай­да, министрлік үлкен шараларға қа­тысты бәйгелерді сол шара өтетін уақыттан бір жыл бұрын жарияласа деген ұсыныс бар. Биылғы театр репертуары үшін жасалынып жатқан бәйге мәресіне жетті, фан­фарлар ойналып бітті, жүлделер таратылып берілді, ал театр жүлделі пьесаны қоюға келгенде бас тартады, тартын­шақ­тайды. Өйткені, сынаптай сырғыған уа­қыттың бүгінгі талабы басқа. Жүлде ал­ғандар пьесаның театр сах­на­сын­да қойылуын міндеттейтін кеңестік жүйе әдісі бізге қол емес. Сондықтан келесі жылы өтетін мерейтой немесе тарихи датаға байланысты іс-шаралар алдын ала қарастырылып, театр­ларға жылдың екінші жартысында, яки келер жылдың басында ұсынылуы ке­рек. Қолымыздағы «Алаш тарихының ақиқаты» кітабы басылуға 2015 жылдың 26 қазанында қол қойылыпты да, біз бұл кі­тап­ты биыл 2016 жылы алдық. Жыл қоры­тын­дысын жасаған кезде те атрларымыз жеңімпаз атанған пьесаларды сахнаға қойып, репертуарын дер кезінде толық­ты­рып жатса, қандай ғанибет. Темірді қыз­ған кезінде соққанға не жетсін.

Енді бұл пьесалардың ортақ кем­ші­лі­гі­не де тоқталсақ, шығармалар негізінен қа­зақ тарихына қатысты болғасын ав­тордың материалды меңгеруі, тарихи тұлғаларды сомдаудағы әдістер, жазылған та­қырыпты игерудегі шеберліктер мен кем­шіліктер жайлы айтпай кете алмаймыз. Әр суреткердің өзіндік қолтаңбасы бар, оқиғаны, кейіпкерді, сахнаны құруда өзін­дік технологиясы мен ішкі жазу зерт­ха­насында қорытады. Біз тарихи тақы­рып­ты көтерген автордың алдында бірнеше түйінді мәселелер болатынын байқадық. Ол – уақыт, кеңістік, кейіпкерлер саны мен тарихи шындықтың берілу мөлшері.

Тарихи тұлғаның өміріндегі барлық ер­лікті рет-ретімен кейіпкер аузына сал­ғанмен оның пьеса болмасы анық. Алайда, бізде осы үлгідегі деректі пьесалар белең алып барады. Көркем, астарлы ой айтатын, бас аяғы бүтін пьесаның орнына «Аңыз адам» журналын оқығандай әсерде б­о­ласың.

Мысалы, Кеңес Одағының Батыры Мә­лік  Ғабдуллиннің 100 жылдығына орай жа­зылған Қ.Мырзабектің «Ұмытпа, Мос­ква!» драмасы. Автордың шығарманы дер кезінде жазып театрға ұсынғаны құп­тар­лық, алайда, оқиға желісі шұбалаңқы, кейіп­кердің ұзын саны 29 адам, кейіпкер аузынан шыққан сөз көбіне ақыл айту мен ұранға құрылған. Бұл кеңестік дәуірдің үл­гісін еске түсіреді. Осындай пьесаны сах­на­лауда режиссер Мұратбек Оспанов­тың біраз тер төккені байқалады.

Біз еліміздегі диаспоралардың көп­ті­гімен, бес тілде қойылым қоятын театр­лары­мызды айтып мақтанамыз. Алайда, сол театрлардың өз репертуарын қалай таң­­дайтынына бас қатырмаймыз. Ме­нің­ше, осы жайлы ойланатын уақыт жетті. Әр тілде сөйлейтін театрларды елдегі сахна өнеріне қайталанбас бояу беретін, қазақ театрының құрамдас бөлігі десек, олардың репертуарына қазақ авторларының пьесаларын енгізу тәжірибесін қолға алып, дәс­­түрге айналдыру керек. Осы кезге дейін атүс­ті қаралып жүрген бұл мәселені ше­шетін кез келді. Мұны  Неміс  театры, Шым­­­кент, Көкшетау, Астана орыс театр­лары­ның мысалынан көруге болады. Егер қазақ авторларының  атынан ұсыныстар  ай­тылып, министрлік тараптан пәрмен бе­ріліп, талап қойылса, олар қазақ автор­ла­рының шағармаларын сахналауға дайын.

Бұл мәселе қазақ авторларының пьеса­ла­рын өзге тілдерге аударып, шет елге та­ны­ту мәселесіне де тікелей қатысты. Мә­де­ниет министрлігінде немесе еліміздегі үлкен театрдың бірінде, Жазушылар ода­ғында, яки Әдебиет және өнер институтында ма, әйтеуір қазақ авторларын әлем­нің бірнеше танымал тілдеріне аударатын кәсіби орталық керек. Бұл іс кезек күт­тір­мейді. Онсыз біздің авторлардың еңбегі еш­қашан шетелге танылмайды, тіпті өз еліміздегі өзге ұлттарға да белгісіз болып қалады. Республикадағы 16 орыс тілді ірі театрға қазақ авторларын сапалы аударып ұсынатын жүйе жоқ. Бұл ширек ғасырлық тарихымызға сын, ұлт намысына тиетін ұят жағдай. Қазақ қаламгерлерінің пье­сала­рына сапалы көркем аударма жасал­ма­­ғандықтан өзге халықтар мен диас­по­ра­лардың сахнасына жол таба алмай ке­леді. Бұл театрлар дәл қазір өз репер­туарла­рын қазақ авторларының шы­ғар­ма­ларынсыз жоспарлап жүр. Ресейлік авторлар мен әлемдік авторлардың орыс тіліне сапалы аударылған пьесалары көп. Қазақ ав­торларының өзге театрларда қойылу өз­геге емес, қазақ халқына, қазақ қалам­гер­­­леріне керек. Елді әлемге танытуға жұм­салатын мемлекет қаржысының бір бөлігі қазақ әдебиетінің үздік үлгілерін орыс, ағылшын, т.б. тілдерге аудару орта­лы­ғына бөлінсе, қазақ қаламгерлерінің әлем­дік әдеби процестен алатын орны­н айқындап, деңгейі мен бағыт-бағдарын, үздік пьесалардың өзге елдер сахнасында қойылуына мүмкіндік туар еді.

Театрды драматург – режиссер – театр сах­насына алып шығатын актер өнері құ­райды. Бізде осы үшеуінің бірін-бірі то­лықтыру мәселесі әлі де реттелмей келеді. Ре­жиссер – сахнаға қоятын пьеса жоқ, дра­матургтер – пьесамызды қоятын ре­жис­сер немесе театр жоқ деп сөз семсерін жар­қылдатады. Театр сыны осыны айтудан танбағанымен, есітер құлақ болмай «бая­ғы жартас, сол жартас» қалпын сақтап отыр. Мұның салдары да көп. Қазақ теат­р­ы­ның қадамына  тұсау болып  отыр­ған мә­селелерді тізбелесек, төмендегідей:

Республика театрларының (алпысқа жуық) жаңа сапалы драматургияға қолы жетпейді. Өнер ұжымдары жергілікті ав­тор­лардың шала-шарпы жазылған шығар­маларымен ғана шектеліп отыр;

Өзге этностардың өнер ұжымдары мем­лекет тарапынан қаржыландырылып отырғанмен, олардың   қазақ  авторларының пьесаларын тұрақты сахналау, ұлттық материалға негізделген заманауи спектакль қоюына мүмкіндік жасау;

Республикада жанрлық бағыты ай­қындалған арнайы театрлар (опера, му­зыкалық комедия, мюзикл, балалар мен жа­сөспірімдерге арналған, қуыршақ теат­ры) бола тұра осы өнер ұжымдарының ерек­шеліктеріне сай жекеленген сала­лардың драматургиясын (либретто) дамыту;

Ұрпақтың рухани әлемін сауықтыру ісі­не тек министрлік, тек жекеленген адам­дар ғана емес, жалпы қоғам болып жұ­мы­ла атсалысу маңызды.

Осы жолда театр мен драматургия жұ­мыла көтерер жүк жетерлік. Оларды театр қайраткерлері, жазушы-дра­ма­тург­тер, ғалымдар бірге бастауымыз керек. Қа­зақ драматургиясының өрісі кеңейіп, жан-жақтан арнайы тапсырыстың көбеюі үшін ауқымды әрі жүйелі жоспар қажет.

Жазушылар одағының драматургия секциясы театрға қатысы бар ресми және рес­ми емес мекемелермен (театр қайрат­кер­лер одағы, театрлар, әдебиет бөлімі мең­герушілері, көркемдік жетекшілері, өнер университеттері, академия, институт, колледждердегі бөлімдермен) тығыз бай­ланыста болуы керек;

Жаңа жазылған (жазылатын) пье­салар­ды, болашақ толғақты тақырыптағы әлі жазылмаған идеяларды театрларға, оқу орындарының ұстаздарына жәрмеңкелер өткізіліп сахнаға қою мәселесін қолға алу, жазылған пьесаларды театр қайрат­ке­р­ле­ріне молынан жеткізу жолдарын қарас­тыру;

Заманға сай жас драматургтер қалып­тас­тыру үшін арнайы семинарлар, ше­бер­лік сыныптары, жаздық лагерьлер ұйым­дас­тыруды қолға алу керек;

Мәдениет министрлігіне жылда өте­тін «Тәуелсіздік толғауы» және өзге де ме­­­рейтойларға арналған өнер бәйгелерін ал­дын ала жариялап, уақытында көрер­мен­ге жетуін ойластыру.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір