ӘДЕБИЕТ ТҮЗЕЛМЕЙ, ӘЛЕУМЕТ ТҮЗЕЛМЕЙДІ
03.06.2016
1382
0

СарбалаевБақыт САРБАЛАЕВ,
әдебиет сыншысы

 

Халқымыздың күні кеше емес, ертерек­те-ақ өмір сынын танып, тіршілік сырын тауып айтқан бір қанатты даналық түйіні:

Ой да жоқ, уайым да жоқ, –

ойнай берсең,

Ой да көп, уайым да көп –

ойлай берсең… – деген пайым-сөзге сайса керек. Осы сөз қа­зіргі көркем әдебиетке, оның сынына да ор­тақ. Шынында да әдебиеттің бүгінгі қал­пын әділ таразылап, әсіресе келешегінің қа­мын жеп ойланар болсақ, уайым көп.

Бірақ біз алдымен әдебиетіміздің күнгей жақ­сылық жағына көңіл бөліп, сүйсінтіп, «ой­нататын» жағына ден қойсақ, бізде бәрі бар. Мейлі, сырттай қарағанда болса да. Өйт­кені, жаңа кітаптар көп жарық көруде. Не­гізгісі – про­за жанрында да, поэзия, дра­матургия, балалар әдебиеті саласында да осал, ортақол шығар­малар жетіп-артыл­ған­мен, шынайы, тіпті базбірі шың дерлік шы­ғармалар да кіндік кесуде. Осы­ған орай ту­ған әдебиетіміздің бүгінгі сыны да сап­тан та­былып, кемшіліктермен тіресіп, жақ­сы­лықтың таразы басуы үшін күресіп келеді.

Бүгінгі әдебиетіміздің деңгейі қандай болса, оның көркем сыны да сондай.

Өткен 2015 жылы белгілі ғалым, қазіргі әде­биетіміздің қабырғалы сыншысы Дандай Ысқақұлының «Рухани толғамдар» ат­ты жаңа кітабы жарық көрді. Көлемі ғана қалың емес, кенеуі кемел, құнары қалың ең­бек. Өзін кешегі тарихтан, бүгінгі қоғам­нан бөліп қарай алмайтын білікті ғалым-сыншы кітабының «Әдебиет жайлы ойлар», «Әдебиетті ұлықтағандар», «Түркі әлемінің рухани жұлдыздары», «Тіл – ұлттың жаны» атты бөлімдері-ақ біраз нәрсені байқатса ке­рек. Дандай нені жазса да тақыры­бын те­рең танып қана қоймай, солардың бүгінгі күндік (тығыз қатысты, әйтпесе келешек күн­дерде де өлмес-өшпес) бітім-болмысын ашып, бүгінгі халыққа жас ұрпаққа берер бі­лімі мен бойына дарыр тағылымын байыр­қалатады. Нысананы жан-жақты қам­­тыған баяндама емес, шолу баяндамамызда аталмыш кітапта шын сын­шы, ғұла­ма ғалым Дандай Ысқақұлы жеңіс­тері мен же­містері мол екенін тек хабарлаумен шек­телеміз.

Дандай Ысқақұлы әдебиетті сынау ар­қылы әлеуметтің қалпын аңғартады, еріксіз бүгінгі заманның, еліміз тәуелсіз­дік­ке қол жеткізген қазіргі уақыттың басты қаупін, ұлтымыздың болашағына зор қате­рін ашық айтады. Оның бұл тұрғыдағы ұра­ны да – Алаш арыстары көтерген ұранға сәй­кес: «Ойлан, қазақ!». Бір-ақ мысалды ал­ға тартумен шектелейін: «ХХІ ғасырдағы қо­ғамдық дамудың өзіндік ерекшелігі болып табылатын жаһандану үдерісі адамзат қо­ғамы­ның алдына мүлдем жаңа проблема­лар қойып отыр. Батыста басталып «Бұл – болмай қоймай­тын өркениетке апарар жол» деп барынша насихатталып жатқан жаһан­дану жолындағы мәдениеттердің, әдебиет­тер­дің барлығын жалмап, жұтып, халықтар­дың ұлттық рухын тамыры­нан айырып, мәң­гүрттендіру арқылы бір оқ шы­ғармай, әлемді бағындыру әрекетіне көш­ті».

Ғалым-сыншымыздың бұл айтқаны – көп проблеманың бірі емес, бүгінгі күннің бас­ты мәселесі.

Менің бұған дейін де айтқан, бүгін де қа­дап айтар бір ұстаным-ойым – қайсыбір жанрдағы болсын қабілетті қаламгерлердің ең алдымен сыншы, содан соң барып ақын, прозашы, драматург, сықақшы екендігі. Себебі Абайды да абыз Абай, алып ақын ет­кен ақындық талант емес, ұлы сыншылық бітім. Онда зор талантына сай, тіпті сол та­лантын зор ететін терең талғам, мәртебелі Өлең (талап) мен Өмір: оқырман-тыңдарман ұлты алдындағы ұстаздық жауапкер­ші­лік болмаса, бәлкім, ол көп, көбең ақындардың бірі болып қалар еді.

Бұл айтылғандардан шығатын бір қо­рытын­ды – әдебиетті түзеу үшін біз алдымен әдеби-көркем сынды түзеуіміз керек.

Өткен жылы танымал сыншы, талантты про­за­­шыларымыздың бірі – Тұрлыбек Мә­месейіттің «Таным таразысы» атты жаңа кі­табы жарық көрді.

Өткен жылы өмірден ерте жарқ етіп жа­нып өткен, өткенмен өшпеген, көрер көз болса, көрер қоғамымызда әдебиетіміздің болашағын ойлар билік бар болса, бағасын берер ерекше еңбек – Әмір­хан Балқыбектің «Ақын апологиясы» атты кітабы.

Мұндағы әрбір мақаланың бітімі бөлек Әмір­ханның, өнер мен өмірге көзқарасы ерек. Білім­ділік – ол үшін өміртанудың, өнер­ді өзгеше танудың құралы ғана. Тәуел­сіз елдің шын мәнін­дегі тәуелсіз ұланы әлем әдебиетіндегі үздік үлгілерді, айрықша суреткерлерді қазақ көзімен қарап талдаған. Ол классикалық көне шығарма­ла­р бойын­дағы мәңгілікті тауып, жаңаша таразылап, туған әдебиеті көш бастап, әлемді таңыр­қатарына көшіп, өз басы да бір төңкеріс жасарына сеніп өткен сыншы-ақын.

Сенімнің өзі – сұмдық күш. Әмірхан ті­рі бол­са, әлі де ортамыздан қаламы қай­раулы жүр­се, мүмкін ол осы арманына же­тіп, Алаш сөзі­нің шынында да бір кездегі Латын Америкасы дамуындай, жапон әде­биетінің жарқырап жануындай деңгейге же­тіп, төрткүл дүниедегі тиісті орнын – төл тағын иемденуін көрер ме едік. Әттең!..

Қазақ әдебиеті сыны қазір де тоқырап тұр­мағанына «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұл­дыз», «Жамбыл» журналдары бетте­рін­дегі талай-талай мақалалар дәлел. Әми­на Құрманғалиқызы – жаңа көрінгенмен, әдебиетте бұрыннан бар қаламгер. Алмас Нүсіп, Бағашар Тұрсынбайұлы, Әлібек Бай­бол мақалалары да әдеби сын жалауы жас­тар қолында, нық желбіреп тұрғанын аң­датады.

Тек тиісінше қамқорлық қажет. Жас ақын, жазушылардан гөрі екі есе көп нақты қамқорлық. Бұл арада қомақты қаламақы төлеу деген – жай сөз: ұлағатты, ұлық сын ғана емес, әділдік пен шындыққа суарылған ұстаз сын тамыр тартып, Әдебиетті – сол ар­қылы әлеуметті (бұқараны ға­на емес, би­лік­ті де) де түзейтін көркем сын сал­танат құруын қамтамасыз ететін қамқорлық жа­салуы міндетті.

Тәуелсіз елімізде мұндай әдеби-көркем сын өзінен-өзі туындауға тиісті-ақ тәрізді. Алайда, көне де кемеңгер халқымыздың «Ер Төстік» ертегісінен басталып «Алпамыс батыр» жырына ұласатын, «Күлтегін» тарихи дастанынан сабақталып, Асанқайғы Сәбитұлы, Бұхар жырау Қалқаманұлы, Махамбет, Абай, Жамбыл, «Оқжет­пестің қиясындамен қыр асатын ұлан Қазақ әде­биеті қағанатының тағдырын, бүгіні мен болашағын негізінен бір ғана қоғамдық ұйым – Қазақстан Жазушылар одағы құзы­рына тапсырып, биліктің Мұхтар Шаханов­тың кітабын 1000 данамен шығарып, миллион долларларды қақпақылдайтын оли­­гархтар ойынына дес беруі ойлантады. Бұл «ой да көп, уайым да көп – ойлай бер­сең…» жағдайынан асып кететін, бола­ша­ғымызды Батыстың бейбіт басқыншылығы құшағына басып кететін ойын емес пе? Қа­зір ел сауатты, кім, мемлекет игілігі үшін не істеп жүр, не істемей жүр, бәрін көріп-бі­ліп отыр. Кезінде әлемдегі ең екі астам ел­дің (империяның) бірі КСРО-ның 70 жыл­дың аржақ-бержағында құлайтын кө­ріпкелдікпен болжаған Збигнев Бжезинс­кий: «Сіздің елдің элитасы ақшасын біздің елдің банкінде сақтаса, онда ол – қай елдің эли­тасы, сіздікі ме, біздікі ме?» деген сұрақ туа­ды», – деп бекер айтпаса керек.

Жаман кітап аз таралыммен шықса да көп, ал жаңа жақсы шығарма небәрі 2000 да­намен жарық көрсе, ол кімге жетеді, оны кім оқиды? Ал халқына жетпеген, әлеуметін түзей алмаған әдебиет шынында жақсы ма, жоқ жаман ба, өзі бар ма, жоқ па? Кеңес өкі­меті кезіндегі тәуір кітаптарды 30 мың, 60 мың, 120 мың таралыммен шығарып, ха­лықты іс жүзінде соңына ерткен Ком­му­нистік партияның озық ісін неге жүзеге асыр­маймыз?

ХХ ғасырдың басындағы орыстың на­ғыз отаршыл үкіметбасы Николай Столыпин: «Ұлттық сана-сезімі жоқ, қалыптас­па­ған халық өзге халықтар өсіп-өнетін көң», – деп мәлімдепті. Бастауыш кластарда мемлекеттік туған тілін оқып қана сусындап қалыптаспаған, ағылшын мен орыс тіл­дерін қоса оқып, қойыртпақтан миы ашы­ған мәңгүрт қазақ баласы – шын мә­нін­де де ағылшын мінезі мен орыс мента­ли­теті өсіп-өнбекші қорда қоқыр болғаны ма?! Қазақ болып қалмаған, Алаш баласы – оқырман болып ойлана алмаған ұрпақтан үміт үзе береміз бе?!

Біз неге жаһанданудан жойылуымыз ке­рек. Азаттығымызды бекемдеудің, жер бетін қазақ болып мекендеудің жалғыз жо­лы – әдебиетімізді түзеу. Әдебиет түзелмей, әлеуетіміз де, әлеуме­ті­міз де түзелмейді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір