ЖАЗУШЫ БЕДЕЛІ АЛҒАН СЫЙЛЫҒЫНДА МА?
«Қазақ әдебиеті» газетін көптен бері оқимын. Басылымның қолдан түспейтін кезінің де, тек ақпарат беруден аса алмаған құлдилау кезінің де куәсі болдым десем, асыра айтқаным емес. Өйткені, саналы ғұмырымның қырық жылдан астамы аудандық, қалалық, облыстық газеттерде өтті. Редакцияларда бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерін атқардым. Бірде үйде «Қазақ әдебиетін» оқып отырғанымды көрген бір үлкен кісі: «Бұл газетіңде қаламгерлердің бірін-бірі мақтағанынан басқа не бар осы» демесі бар ма? Шындығында да қазір газетте сондай материалдардың көбейіп бара жатқаны анық. Кейде өзіміз шығармасын оқу түгіл, атын естімеген жазушылар туралы көлдей-көлдей мақтау мақалаларын көріп те жүрміз. Көз жүгіртіп, шолып шыға саламыз. Себебі, авторының ойынша одан мықты, одан дарынды ешкім жоқ сықылды. Бірақ құрғақ сөзден, сықпырта дәріптеуден аса алмайды.
Газеттің жуырдағы, мамырдың алтыншы жұлдызындағы санында жарияланған Әлібек Байболдың «Әдебиеттегі әділеттілік – сыйлықта!» атты мақаласы менің ойымды дөп басқандай болды. Оқырман ретінде айтарым, соңғы жылдары мемлекеттік, «Алаш», тағы басқа толып жатқан сыйлықтарды алып жатқандардың, өзге тілге аударылып жарық көрді деген мықтылардың шығармаларын оқыған емеспін, тіпті кейбірінің аты-жөнін алғаш естігендеймін. Оқымайық демейміз, біріншіден, бұрынғыдай қолжетімді емес, екіншіден, басын оқып, аяғына жете алмай, тастай салған «романның» сыйлық алғанын білгенде, бәлкім, мен түсінбеген шығармын деп, қайта үңілген кездерім де болды. Бірақ шындығында, прозашылардан Әбдіжәміл Нұрпейісовтің, Әбіш Кекілбайдың, Хамза Есенжановтың,Тахауи Ахтановтың, Мұхтар Мағауиннің, Оралхан Бөкейдің, Қалихан Ысқақовтың, Әкім Таразидың, Сайын Мұратбековтің, тағы басқа да жазушылардың шығармаларынан кезінде алған әсерімді, рухани ләззатымды ала алмадым. Бірақ олардың қандай сыйлық алғанын, қандай марапаттың иегері екенін жөнді білмеймін. Ендеше, жазушы беделі алған сыйлығында емес, оқырман жүрегіне жол табуында!
Темір МЫҢЖАС.
Ақтау қаласы.