ЖҮРЕКТЕГІ СӨЗ
27.05.2016
3307
1

фото для газетыСан-Данышпан – Жандар өткен,
Ата-Текті – Ақ-Сүйек!
Иен-Жұртына – Бағдар еткен:
Тартқызбауды – Тақсырет!
Хандар өткен – небір Дана,
Алтын-Тақты – Бақ-Талан!
Нәтижесі – Өмір-Нама:
«Шұбынды-Ақтабан»!

ИРАН-ҒАЙЫП.

 

Тәуелсіздік мерекесі тек тойлау үшін емес, өткеннің тағылымын ақыл-та­ра­зы­сы­на тартып, дұрысын – өнеге, бұрысын – сабақ ретінде қабылдау үшін де ұйым­дас­тырылса керек. Сол себепті, тө­мен­дегі әңгіме, өзімнің мамандық, қоғамдық, аза­маттық қайраткерлік өріс тұрғысынан ті­келей қатынастығым мен бүгінде наныма ай­налған пәніме деген сүйіспен­шілі­гімнің әсерінен туындаған заманауи ұлт­тық тарих ғы­лымы кеңістігінде қа­лып­тасып отырған ахуал жайында өрбітіл­мекші.

Ағымнан жарылып, ащына сөй­леп, ашығын айтуыма, ең алдымен менің ке­шегі Кеңес Одағы емес, Қазақстан атты а­зат елдің кәсіби тарихшы-ғалымы ретін­дегі құ­қым, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап бүгінге дейін жалғасын тауып, тіршілігіммен біте қайнасқан педа­го­ги­ка­лық тәжірибем және кім қалай бағаласа да өз еркі, отандық тарих ғылымы дамуына ғы­лыми зерттелімдерім мен жобаларым ар­қылы қосып жатқан қасықтай болса үле­сім хақы береді.

Байыппен қарап, бағалар болсақ, бү­гін­гі беталысымыз бен бағдарымыз осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын, ел­дігіміз бен егемендігіміздің нышаны та­нылған қазақ тілінің мәртебесін көтеру мен ұлттық сана-сезімімізді оятар тари­хымыздағы ақтаңдақтар, отарлау саясаты, тоталитарлық режим табиғатына балта шабуға бағытталған о бастағы батыл қа­дамдарымыз бен басымдықтарымызға қай­шы келетін секілді. Неге десеңіз, зама­науи тарихымыздың жанды бейнесі: тілі бір емес үш айыр, маманы «соқыр-мыл­қау», мазмұны шым-шытырық саясаттан арыл­ма­ған, тағдыры өңін өзгерткенмен, қылы­шы­нан қаны тамған заманнан тамырын тарт­қан көкелелеріне тәуелді, аты мен заты көл­денең көк аттыға жем болған халі мүш­кіл, табиғаты бейтаныс «құбыжыққа» ай­налуға жақын қалды. Расында, қазақ тілі мәселесі көптілділікке ұласып, ақтаң­дақ­тар ақиқаты көптомдықтарға көміліп, отар­лау салдары империология шеңберінде ақталып, «қызыл террор» қасіреті­ ла­герь­лерге экскурсиялар мен ескерткіштерге зират етумен шектеліп қалып отыр.

Осыдан бес жыл бұрын Тәуелсіз­ді­гі­міз­дің 20 жылдығына арналған тарих­шы­ларымыздың бір басқосуында, оңтайынан келген мүмкіншілікті пайдаланып, сол кез­дері бойыма әлі де тән болған шынайы жас­тық сенім-сезім лебімен: ауқымы дәс­түрлi академиялық шеңберлерден ст­ра­тегия­лық маңызды ғылым деңгейіне кө­теріле білген тарих ғылымы, жаһандық тұ­жырымдамалар мен ғылыми аспаптарды тиімді қолдануға дағдыланған қазақ­стан­дық тарихшыларының жаңа буын өкіл­дерінің жетістіктері жөнінде мақтанышпен баяндап, енді-енді белең ала бастаған: азулы аға буын өкілдерінің ұлттық тарихы­мызды тұлғалық дәреже-деңгейіне сай та­қырыптық, кезеңдік, тілдік, рулық, жүз­дік ерекшеліктері бойынша өзара бөліс пен талан-таражға түсіруі, тарихи факті­лерді қол­данудағы жіберіліп жатқан асыра сіл­теушіліктер, мифологизациялау сияқты кө­леңкелі тұстарын да сөзге тиек ете кетіп едім.

Қол жеткізген жетістеріміз жетерлік-ау ­десек те, әсіресе соңғы жылдары әдетке ай­налып үлгерген орынсыздықтар, жо­ға­ры­дағы келеңсіздіктердің бара-бара жа­зылмастай жараға ушыққан­ды­ғын ай­ғақ­тап отыр.

Әділін айтсақ, халқының қамын ой­лаған кейбір Ел ағаларының бастамалары мен қолдауының арқасында мемлекет тарапынан ұлттық тарихқа қатысты арнайы қабылданған қаралар мен бағдарламалар, бөлініп жатқан қаржылай көмек аз емес. Дегенмен, осы істі дұрыс жолға қою үшін се­нім артылып, мойындарына жауап­кер­шілік алған кейбір азаматтар, арнайы ашыл­ған жаңа оқу бөлімшелері мен ғы­лы­ми-зерттеу орталықтарын жеке мен­шігім деп қабылдап (тап осы жолдарды оқығанда ішіңіз бүлк етсе, әңгіме сіз туралы да еке­ніне күмәнданбаңыз), маман­дық­тың қа­мын ойлап, айналасында жүр­ген әлеуеті мол, көзқарасы тың, танымы терең ізбасар ғалым докторларын жұмылдырудың ор­нына бәсекелестіктен сескеніп, керісінше, қарамағындағыларды құл ғып ұстау құл­қынын қанағаттандыру әдетіне салып, қа­сына жуытпай, жуытуға мәжбүр болған жағ­дайда, ыңғайы келсе, аяғыңыздан ша­лып, абыройыңыз мен арыныңызды тап­тауға даяр тұратыны таңдай қақтырады. Айталық, Еуразия Ұлттық  университетінде «тарих» мамандығын даярлау мақсатында арнайы ашылған факультеттің билігі қо­лына тиген басшысының кадрлық саясаты нәтижесінде, өз саласында бірден-бір ма­ман танылар, кәсіби дайындығы жоғары бір топ ғылым  докторлары,мамандықтары бойын­ша жұмыс істеуге қол жеткізе алмай, амалсыздан өзге факультеттер мен ор­талықтарға орналасып, тарыдай шашылып жүргені ешкімге жаңалық емес.Мансабынан бұрын мамандық болашағын ойлаған жетекші, өз аяғымен алдыңа келіп тұрған мұндай «олжадан» бас тартуы сана­ға сыймайды. Меніңше, тарихшы ретінде бү­гінгі  былығыңның бағасы ертең беріле­тінін ұмытпаған абзал.

Әрине, әр адамның ойлау мен ойлану, сезу мен сезіну, қабылдау қабілеті мен қа­лауы әр түрлі болатыны даусыз. Дегенмен, ал­дымыздағы аға буын тарихшылар ішін­де шын жүрегіңмен, еш кібірткісіз ака­де­миялық деңгейдегі шынайы ғалым, зия­лы­лығы, жылы лебізі мен жүріс-тұрысынан байқалар тұлға, ақыл сұрап барар ақсақал, өнеге тұтар ұстаз ретінде қабылдар адам сау­сақпен санардай-ақ қалды. Бағымызға қарай, олардың бірінен дәріс алып, екін­шілерінен өсиет тыңдап үлгердік, сол се­бепті болар басқалардың бойынан да ұқсас қасиеттер іздейтініміз. Қалай болғанымен, бұл да ұлттық тарихымыздың заманауи мұң­ды келбеті.

Бүгінгі тарих ғылымы басымдықтары мен іргелі бағыттарын өз бетінше анық­тау­ға қабілетсіз, тек жоғарыдан белгіленген ұс­танымдарды науқанға айналдыруға  даяр белсенділер кәсіпорны іспеттес. Сәті түс­кенде айта кетейік, былтыр тарихшылар қауымы мерейтойдың төресі ретінде той­лауға тиісті Ермұхан Бекмахановтың 100 жыл­дығы елімізде елеусіз қалғанымен, ше­тел оқу орындарында қандас тарих жа­на­шырларының арқасында дүркіреп өтті.

Қазір жеке монографиям деп қол ас­тын­дағылардың жариялаған мақа­ла­ла­ры­нан құрастырылған жинақты, мақалам деп докторанттары немесе магистранттары жазып, ақысын төлеген басылымды, баяндамам деп іліп-алар жаңалығы жоқ, жалаң ұран сөзді таныған ғалымсымақтар зама­ны орнады. Өздерін қойғанда, олар­дың ар­тынан ерген, дәстүрлі мағынадағы ғы­лыми талас-тартысқа араласып көр­меген, шынайы ғалымдардың пікір алысу мә­дениетінен хабарсыз шәкірттерден ертең қандай маман қалыптасарын елестетудің өзі қорқынышты.

«Шәкіртсіз ұстаз – тұл» деуші еді. Жо­ға­рыда баяндалған жағдайлар нәтижесін-де, біз қатарлы ғалым-профессорлар ғы­лыми мектептерін қалыптастыру түгіл, док­торанттар даярлауға жіберілмей отыр. Жылына түсер санаулы докторанттардың басым бөлігі тағы да сол үйреншікті әдіс­термен жетекшілік етер, танымы тар белгілі кейіпкерлер иелігінде қалып отыр. Бір сәт­ке осының салдары жайлы ойланып кө­ріңізші, қайдан жаңа көзқарас, тың та­қырыптық қойылым, асқан ғылыми нә­тижелер туралы айтуға болады.

Шетелге шыққанда өзімізге деген тие­сі­лі қатынасты көріп, ғалым екенімізді аз уақытқа сезінгенмен, Отанымызға орал­ғанда, бір сәтте тағдыры тағы да сол өзде­рін ұлттық тарих ғылымының қожайын­дары  санайтын көкелеріміздің кө­ңіл-күйіне бодан ұлтанға айналамыз. Қазақстанда өтер, көбінесе депутаттар мен қоғам қай­раткерлерінің алаңына айналған конференцияларда маман ретінде шығып сөй­леу­ге мінбе босатылмай, тыңдарға са­­­­­ла­уатты сөз айтылмай, тек салтанатты жиынның қатысушылар санын көбейтіп, уақытының бос өткеніне өкініп, үнемі іштей тынамыз. Соқыр-мылқау  бол­ма­ған­да, кім болдық?! Тіпті,  жіберген ма­қа­лаңыз­дың жинақтарға басылуы редакция мү­шелерінің сіз немесе сіздің ғылыми жетекшіңізбен жеке қарым-қатынасы тұрғысынан шешіліп жататыны тағы бар. Жасы кіші болғанмен, ғылыми атағы мен лауа­зымы тең әріптесін көрсе де елемеген бо­­лып, алдына барсаң жылына бір қабыл­дамаған басшыларға бас шайқап, қайран қалудан басқа амал қалмады. Барар жер, басар тауымыз, жандауамызды тыңдар құлақ, қол ұшын берер адам қалмағасын, қоғамымызда орын алып отырған осы бір құбылысты еркін ойлап, ерікті жазуға дағдыланған Тәуелсіз Қазақстан тарихшысын алған бағытынан адастырып, дә­лел­деген нысанынан ауытқызу үшін әдейі жүр­гізіліп отырған саясат емес пе деген қо­рытындыға келесің.

Жығылғанға жұдырық, бұл аз болға­н­дай, Қазақстан тарихы пәнінің бүгінгі ахуалы, оның атауы мен құрылымы­на ­қа­тыс­ты соңғы дау-дамайлар ішкі күйзе­лісімізді одан әрі күшейте түсуде. Әрине, эмоцияға берілмей, таразыласақ, шын мәнінде мына заманауи ақпараттық қоғамда, фактаж бен ешқатыссыз өлі баяндаудан лекторы да, тыңдаушысы да мезі болып, мазасы кеткен пәніміздің, ара­мызда жүрген кейбір «шебер» әріптес­теріміздің коммерция көзіне айналған, сапасы төмен, сансыз оқулықтардың маз­мұнын жаңалар уақыт келді. Заманы да, адамы да өзге өңге енген қоғамның тарих табиғатының өзгеріссіз қалмауы мүмкін емес, бұл заңды құбылыс. Ал енді қаншама «қызыл кеңірдек» болғанымызбен, аталмыш іс-шараның сала мамандарынсыз-ақ кесімі мен үкімі шығарылып қойғанға ұқсайды… Ұлт тарихының Ертеңі, күні санаулы кешегі емес, әлеуетті бүгінгі отан­дық тарихшыларын ойландыру қажет­тігін есте сақтай отырып, ендігі жерде қолдан келгенше өз пәніміздің ғұмырын барынша ұзартардай әдіс-тәсілдер қарастыруға кө­шелік.

Жаһандық ғалам мен қазақстандық қоғам талабына сай, жаңа оқулықтар маз­мұны даярланар мамандықтар қы­зығу­шылығын барынша қанағаттан­ды­рып, оның сұранысына жауап беруі, құрылымы жаңа  тұжырнамалық  тұғырда құрастырыла отырып, ұлт тарихынан біртұтас да, жи­нақы, сомды ой қалыптастыруы шарт. Атал­мыш оқулықтарда мектеп қабыр­ға­сында берілер іргелі білім қайталанбай, тарихи сабақтастық желісіне құрылған отандық тарих ғылымындағы тоқетерлі де өзекті мәселелер, дәріс берілер мамандық­тардың  даму тарихы тұрғысынан талдануы тиіс. Айталық, экономика факультеті тыңдаушыларына Қазақстанның эко­номикалық даму тарихынтереңдете оқы­тып, ал заңгерлерге қазақ даласында Ата заң атаулының қалыптасу тарихы мен эволюциясын талдауға баса назар аударылу  қажет.  Атышулы, пәнаралық ұстаным­ды кеңінен қолданысқа енгізер шақ енді туды.

Бүгінгі таң сұранысынан туындап отыр­ған тағы бір мәселе – ұлттық тарихымызды әлемдік тарих контексінде қа­рас­тыру міндеті. Қаншама дерек, құжат, артефакт жинастырғанымызбен, оларды әлем­дегі басқа елдер мен халықтардың та­рихымен паралельдер жүргізе отырып тал­дап, салыстырмалы түрде адамзат тари­хы тұрғысынан тұтасты таным қалып­тастырмайынша, өз ұлтымыздың тарихы мен мәдениетін жоғары бағалайтын, рухы биік жас ұрпақ тәрбиелеу неғайбыл.

Пәніміз бен мамандығымызға деген кә­сіби қатынасымызды өзгертіп, ұлттық та­рихымызға жан бітіру үшін монотонды лекциялар орнына дәріс берудің инте­рактивті әдіс-тәсілдерін кеңінен пайда­лану­ға тырысқанымыз дұрыс. Алайда, бұл жерде көлемі тар, қораға айналуға сәл қалған оқу аудиторияларын кеңейтіп, оларды техникамен жабдықтау, сауатты кадрлық саясат жүргізу арқылы жаңа форматта ойлауға қабілетті тарихшыларды тарту әзірге сіз бен бізге қатысты емес екен­дігін байқаған боларсыз.

Дей тұра, эпиграфтағы ақын жолдары қа­наттандырар, бүгін бар, ертең ғайып, келіп-кетер «пенделер» қанша әурелен­генмен, еркіндіктің  дәмін татқан, қолында қаламы, жүрегінде жалыны бар Тәуелсіз елдің текті тарихшысының мысын басып, сағын сындыру оңайға соқпасына кәміл сенем!

Алтайы ОРАЗБАЕВА,
тарих ғылымының докторы, профессор,
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері,
М.Әуезов атындағы сыйлықтың лауреаты.

ПІКІРЛЕР1
Ахметжан. Зәки 27.10.2016 | 18:59

Тамаша,терең талдаумен,
ойын ашық нақты дәлелдер келтіре жазылған, тарихшы ғалымның жан айқайы деп қабыдаймын. Қазақ тариқындағы ақтаңдақтар бітті жоқ деуге болмас.
Тарих бұрмалауға жатпайтын ғылым,бұл бүткіл халықтың өмірі…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір