ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР
27.05.2016
2759
1

фото 2Өмірзақ Озғанбаевтың өмір есігін толық ашпай жатып бүкіл  дүниежүзін қамтыған алапат соғыстың зардабын шегуі, соғыстан кейінгі жылдарда өзі қатарлас әкелері соғыстан оралмай қалған балалардың басына тегіс түскен ауыр қиындықтар жағдайында өсіп-жетілуі, балалық шағынан әркез аяқ астынан кездесе кететін кедергілерді жеңіп отыруды басты мақсат ете білуі, оның кейінгі, есейген кезінде алдынан шығатын талай-талай «тар жол, тайғақ кешулерден» сүрінбей өтуіне кеңінен жол ашты.


Өмірзақтың асыл анасы Ақажан жең­ге­міз бауыр еті баласына жетімдік көр­сет­пей, қатарынан қалдырмай өсірді. Ол кісі ең ал­дымен ұлының сабақтан қалмауын ой­ластырып, оның сыныптан сыныпқа көш­кен кездегі баратын мектептерінің бір-бірінен орасан шалғайлығына қара­мастан, онда көшіп бару азабын бастан кешіп отырды. Өмірзақ осындағы мектеп-интер­нат­та жатып оқып, орта мек­тепті үздік ба­ғамен бітіріп шықты.

Өнегелі өмірімен, тындырымды ісімен халықтың сеніміне, сүйіспен­ші­лі­гіне ие  болған Өмірзақ  Озғанбаев қа­та­ры­­нан екі рет: біріншісінде – XIII ша­­қы­­рылған Қа­зақ­стан Республикасы Жоғары Кеңе­сінің де­путаты болып сайланса, екін­ші­сінде – қо­ғамның жаңа талаптарына сай өмірге кел­ген Қазақстан Республикасының тұң­ғыш кәсіби қос палаталы Сенатының де­пу­таты болып сайланды. Осы палатаның Ай­мақтық  даму мәселелері және жергілікті өзін-өзі басқару Комитетінің төрағасы бо­лып сайлануы халық қалаулысы Өмір­зақ­тың депутаттар арасында да үлкен бе­дел­ге ие болғанының куәсі еді. Аталған Ко­митеттің төрағасы бола жүріп, рес­пуб­ли­камызда аймақтық өзін-өзі билеу сая­сатының жү­йе­лі жүргізілуіне үлкен жі­гер­мен атсалыс­қаны, өзге елдерде болатын халықаралық парламенттік тәжірибе алмасу, өткізілетін ғылыми конференциялар кез­дерінде терең біліктілікпен шешен сөй­леп, шет елдік әріптестерін таңғалдырып оты­ратыны сапарластары тарапынан жиі ай­тылатын.

Белгілі жазушы, марқұм Камал Смайы­­лов Тұманды Альбион елінде – Лон­донда өткен дүниежүзілік конференцияға Өмірзақпен бірге барғанын айта келіп: «…Білімді адам өнебойы ойланып, тол­ға­нып жүреді. Бір пікір Англия мен АҚШ-та бірдей қолданылатын, бір ағылшын ті­лін­де бірдей жазылып, екі түрлі, екі бөлек оқытылатын сөздер, ұғым­дар көп екенін кө­ріп, Өмірзақ жазылуы мен оқылуы бір­дей келетін қазақ тілінің құдіретіне таң қа­ла­тынын білдірді», – деп естелік қалдыр­ған еді.

Өмірзақтың ұшқыр қаламынан өмірге кел­ген шығармалардың қай-қайсысы да оқыр­мандарды бей-жай қалдыра алмайды. Осындай шығармалардың қатарында жазу­шының «Ресей мемлекеттік думасы жә­не Қазақстан»,  «Дәуір бел-белестерінде», «Атамекен хикаялары», «Халықтан асқан ұстаз жоқ», «Қара нар керек бұл іске», «Ұлы бесін», «Атан қомынан атом заманына дейін», кейінгі жылдары жазған «Жадымда жүрген жақсылар», «Отты жылдар», бас­қа да осы сияқты құнды кітаптарын атау­ға болады. Иса Досан бастаған «Маң­ғыстау» көтерілісі, «Адай көтерілісі», Мәт­жан, Қашаған, Түмен, Оразмағанбет, Шо­­тан, Атағозы батырлар, әрі батыр, әрі ше­шен, ұзақ жылдар адай елін басқарған Сүйін­қара, Пір Бекет ата, тағы басқа адай­дың маңдайына біткен көптеген дарын иелері туралы бірқатар қаламгерлер жазып ке­леді ғой, бірақ Өмірзақтай тереңдеп, кейіп­керлерінің айтулы қасиеттерін, еліне сіңір­ген еңбектерін жеріне жеткізе баяндай алғаны кемде-кем деп айта аламын.

Өмірзақ Озғанбайұлының Ыбырай Ал­­тынсарин атындағы Білім ака­да­мия­сы­ның президенті болып істеген уақыт ішінде атқарылған қыруар жұмыстар туралы сол кездегі Қазақстан Республикасы Бі­лім және ғылым министрі Нұралы Бек­тұр­ғановтың кезекті конференцияда сөй­леген сөзінде: «…Ал педагогика саласын­да­ғы тұғырлы ой-тұжырымдарыңызды бү­гінде Академия президенті қызметін атқару үстінде жан-жақты дамытып, жүзеге асырып отырғаныңызға еліңіз куә. Өзіңіз басшылық еткен уақыт аралығында Академия аясында қыруар қажырлы іс­тердің ұйытқысы болып келесіз. Жаңа уақыт талабына лайық жаңа бағыттардың кең өріс алуына Сіздің қосқан үлесіңізді ерекше атап өту – парыз. Қазақстанның жаңа буын төл оқулықтарын дайындау, жаңа педагогикалық парадигмалардың мектеп тәжірибесіне дендей енгізілуін қамтамасыз ету жүйесінде Сіздің білік­тілігіңіз бен бі­лі­міңіз айқын көрінді», – деп жоғары баға бер­ген екен.

Өмірзақтың бір таңғаларлық, әрі үлгі-өне­ге боларлық қасиеті – осы ғылым са­ла­ларындағы жаңалықтарды аша білуге, отыз­ға тарта тартымды кітаптар жазуға мем­лекеттік жұмыстарды атқара жүріп уа­қыт таба білгені. Бұл не деген сөз. Бұл уа­қытым болса, адам баласының қолынан кел­ген игілікті істердің бәрін жасай алар едім деп армандаған ағылшын ғалымы Юнг айтқандай,  Алла Тағала әуелден адам ба­ласына барынша қысқа етіп берген уа­қытты үнемдей білген әрбір жан ойлаған мұ­ратына жете алады  деген сөз деп түсінген лә­зім.

Ата-бабаларымыздың кең байтақ же­рі­мізді көз алартып келген жат-жұрттық дұш­пандардан қорғап қанын төккен, ға­сыр­лар бойы тәуелсіз ел болуды аңсап кел­ген арманы орындалып, Мемлекетіміз Тәуел­сіздік алған, аспан түстес көк туымыз аспандап көтерілген сол бір шақта жан-жақты білімді, өмір тәжірибесі мол Өмірзақ Озғанбаев та бұл бақытқа туған халқымен бірге қуанып, тәуелсіздік тұғы­рының мызғымас берік болуынан барлық қадір-қабілетін, күш-жігерін аямады. Осын­дай құлшыныспен еңбек еткен оның рес­публика көлемінде – алғашқыда Маң­ғыстау облысында, кейіннен Алматы, Ас­тана қалаларында қандай істер тын­дыр­ғаны, жоғарыда атап өткеніміздей, жұрт­шы­лыққа белгілі деп білемін. Бұл кездерде Мемлекетіміздің сарабдал саясатының ар­қасында Қазақстанның аты әлемді шарлап, экономикасы дами түсіп, халықтың әл-ауқаты жақсарып келе жатқан, ынты­мақ­ты, бірлікті, тұрақты ұлтаралық қаты­нас орнаған бейбіт ел атанып кеткен еді.

Озғанбаев басқаратын Маңғыстау об­лыс­тық Ардагерлер Кеңесі ұсыныс беретін кеңес­ші орган сипатында жұмыс жасады, мемлекеттік саясатқа сәйкес рухани ке­лі­сімді қамтамасыз ету, тыныштықты, ішкі сая­си тұрақтылықты сақтау, жастар ара­сындағы тәрбие жұмысының жәйін қа­да­ғалап, қажетті кезде ақыл айтып, мәселенің оң шешілуіне ықпал етті. Ардагерлер об­лыс­тық телерадио Комитетімен тығыз бір­лікте жүргізілген «Ақыл ағадан», «Тәуел­сіздік тағылымы» атты циклді хабарларда жастар тәрбиесі жайлы пікірлерін ор­таға салып, өздерінің өмір тәжіри­бе­ле­рімен таныстырып отырды. Ө.Озған­баев­тың басшылығымен жүргізіліп жатқан жұ­мыстар ішінде мәдени мұраларды сақ­тау, қорғау ісіне айырықша көңіл бөлінді. Осы жерде Ө.Озғанбаевтың тікелей араласуымен тындырылған және қатысушылар­дың ризалығына ие болған мәдени мұра­лар­ды сақтау жөніндегі бір істің қалай ше­шілгендігі туралы өзінің естелігін кел­ті­ре кетудің артықтығы болмас деп есеп­те­дім. Онда былай делініпті: «…Сисем ата қасиетті бабалардың мәңгі тұрағы. Ерте­рек­те Маңғыстау түбегінде бақилық бол­ған белгілі адамдарды Сисем атаға апарып жерлеу арман болған.

Назар атаның бүгінгі ұрпақтары осы қо­рым іргесіне рұқсатсыз ескерткіш салу жұмысын бастап кеткен. Ескерткіштерді қор­ғау жөніндегі заңның бұзылғанын анық­тап, мәдениет саласы қызметкерлері да­был көтерді. Ағайындар  4 миллион теңге қар­жы шығындалғанын айтып, оны құла­туға қарсы болды. Мамыр айында осы мә­селеге қатысы бар 24 адамды Сисем ата ба­сына алып барып, ардагерлер кеңесін өт­кізіп, ескерткішті құлатпай, оның қыз­метін өзгертіп, яғни бабалар басындағы ес­керткіштердің орналасу тәртібін көр­сететін сілтеме-жоспарға айналдыру туралы ағалар ұсынысы айтысушы екі жақты да қанағаттандырды. Бұл – ел ағаларының қатысуымен шешіліп жатқан жұмыстардың бір парасы ғана».

Айта берсе ардагерлер араласқан жұ­мыс­тар сан алуан еді. Кеңес түгел құра­мы­мен аудан, қалаларда көшпелі мәжі­ліс­тер өткізуді әдетке айналдырды. Сонымен бірге, қайсыбір мәдени-көпшілік, тәрбие жұ­мыстары бойынша республика көле­мін­де өткізілетін шараларға да кеңінен қатысып келді. Осы істердің қай-қайсы­сы­ның  да  басында жүрген  Өмірзақ Озған­байұлының білімділігі, өз  ойын жеткізу­дегі шешендігі, жоғары ұйым­дас­тырушылық қабілеті, халық арасындағы беделі, бәрі-бәрі Кеңестің салиқалы ой, тиянақты да салмақты пікір орталығы болып қалып­тасуына ықпал етті. Құрметті жерлесіміз, ға­лым Қабиболла Сыдиықов   «Сегіз қыр­лы, бір сырлы» деп баға берген ұстаз, ға­лым, философ, шешен, талапты басшы Өмір­­зақ өз өмірінің барлық мәнін, мұра­тын халқына қалтқысыз қызмет ету деумен келеді.

Өмірзақ Озғанбайұлы өзінің «Ұлы бесін» атты еңбегінде адамның Пайғам­бар жасынан асуын ұлы бесін деп филосо­фиялық тұжырым жасайды. «Ұлы бесін» кі­табы Өмірзақ Озғанбаев мырзаның бұ­рын­ғы өткен билер мен батырлардың, бас­қа да елге еңбегі сіңген тұлғалардың өмір жолдарына тереңдете қалам тартқан құн­ды шығарма болып шыққан.

«Тіл қаруы –сөз, сөз қаруы – тіл» деп атақ­­ты қазақ жазушысы Ғабиден Мұстафин айтқандай, алдымен тілді меңгеру, осының негізінде шеберлікпен сөз сөйлей білу жө­нінде қазіргі замандастары арасында Өмір­зақтың шоқтығы биіктігі талас ту­ғызбайды. Ол ешбір кідірместен, қағазға қа­рамастан айтайын деген ойын жан-жақ­ты, тұшымды мақал-мәтелдермен, бұ­рын­ғы өткен ойшылдардың кестелі сөздерімен қаныққан күйінде, сиқырлы сөздердің майын тамыза, асау арна болып атқылаған бұлақтай құйыла, төгіле, айызыңды қандыра сөйлейді. Сөйлеп тұрған кезінде залда бірде-бір сыбыр, орынсыз қозғалыс болмауын ол түйдек-түйдек ағызып айтатын ой-пікірлердің ұғына білетін құлақ­тар­ға барынша терең сіңіп-еніп жатқ­а­ны­ның белгісі деп білгеніміз ләзім.

Осындай сөз өнерінің майталманы, те­рең білімді, басшылық қызметтерде де, ғылымда да, әдебиетте де белгілі еңбек­те­рімен жұртшылыққа кеңінен танымал азаматтың, облыс әкімі жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы және әкімнің кеңесшісі қызметтерін талаптарға сай бі­лім­ділікпен, іскерлікпен атқарып, ел ал­дын­да зор құрметке бөленіп жүрген көр­некті  тұлға – Өмірзақ Озғанбаевтың жоғары билік орындарының ұсы­ны­сымен Қазақстан Республикасы Арда­герлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы болып сайлануы маңғыстаулық­тар­ды кезінде бір қуантса, таяуда өткен съез­де қайтадан сайлануы екінші рет қуан­тып отыр. Қуанышымыз ұзағынан бол­ғай!

75 жас мерейтойыңыз құтты болсын, Өмір­зақ інім!

Дүйсембі ӘРІПҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Маңғыстау облысының Құрметті азаматы.

ПІКІРЛЕР1
Казак кызы 15.10.2017 | 21:23

Кызметтес болдык, жаксы адам. Алдына ауырып барган адам сыркатынан сауыгып шыгады. Аман-сау журип, елге кызмет жасай берсин!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір