«АУРУ – АСТАН, ДАУ – ҚАРЫНДАСТАН»
20.05.2016
5349
0

838976_1812209410_144487Қажеке, дат! Қазақы тілдің қадірін біліп, қасиетін сақтап отырған тарлан ақсақалдарымыздың (ауыл ақсақалы емес, әдебиет ақсақалы, ал әдебиет ақсақалы болу жаспен өлшенбесе керек) бірі ретінде айтқандарыңызды қабылдаймын. Мақтауыңызға қуандым, даттауыңызды да құп алдым. Ақылыңызды аға тұттым. Бұл үшін сізді не кінәлап, не жеккөре алмаймын. Себебі, сіз де мені жеккөргеннен жазып отырған жоқсыз ғой. Өйтсеңіз жақсы-жаманымды тең  жазбас едіңіз. Түгел мақалаларымды жүйелі оқып, есіңізге сақтап, әр сөзіме мән бермес едіңіз. Осы үшін де рахмет. Оқымасаңыз қайтер ем…


Әмина ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ

 

Аға тұттым дедім ғой. Өйткені, әде­би­етші ретінде де, әйел ретінде де сізден жолым кіші. «Ақыл – ағадан» дегенді айтқан қазақ аурудың астан болатынын, даудың қарындастан болатынын да айтқан ғой. Ендеше «сөз атасын өлтір­мей» мың айыпқа – бір жауап берсем қайтер? Олай болса, сізге ғана емес, сіз арқылы басқа да алтын басты ағаларға өкпе айтайын.

Мен бір нәрсеге қайранмын. Кешегі өткен алыптар (Ғабең мен Сәбеңнен бастап) әдебиеттің жүрек соғысын тамыршыдай бағып, көзден таса етпей, ау­ған жүгін түзеп отырушы еді. Бір сөз үшін кетісіп, бір сөз үшін жетісіп қалу­шы еді. Жылт еткен жаңалық, үміт күтер жас көрсе өздері шақырып алып, қолты­ғы­нан демеп жіберуші еді. Ғабең тіпті соңғы жылдарына дейін жастар шы­ғарма­шылығына шолу жасап тұрды емес пе. Ал бүгінгі «алтын түйме, күміс күй­ме, жез тағалы, желқобыз» ағалар ше? Бір атаққа қолдары жетсе болды, даңқ Фудзиямасына шығып алып, марғау қал­ғып жатқаны. «Төмендегі»    әдебиет­тің мәңгілік майданына «түу биіктен» тәкап­пар көз салып, «бірің өл де, бірің қал» деп сырбаз жымияды. «Япыр-ау, осы қазіргі буын әде­биеті не күйде, қайда маңып барады? Ке­шегі «кәтепті қара нарлардан» (үлек­тер­ден десем қисынға сия ма) қалған, одан біз туын жықпаған ұлы көш кімнің қолында? – деп, бір сәт көз салса нетер. Ауа жайыл­ғанды шекесінен шертіп, үміт күтерді маңдайынан сипаса нетер… деп қынжы­лушы едік.

Әсіресе, әдебиетті жаулап бара жат­қан жүгенсіздік, әсіре дарақылық, әсіре ашық­тық, әсіре жалаңаштық, әсіре ба­тыс­шылдық, ұлттық рухтың, қазақы құн­дылықтардың жойдасыз жойылуы, ұлттық намысқа тиер ойсыз сөздер, кейіп­керлердің ұсақтауы, құнсыз бейша­ра кейпі, көшедегі тілді қойып, көркем шығарма тілінің қойыртпаққа айналуы, жаргондар мен диалектілер, бұралқы сөздер тіліне айналуы тұсында, тек қа­зақ­тың ғана емес, күллі мұсылман елі­нің ары мен ұяты боп саналатын әйелдер бейнесі (өмірдегі емес, әдебиетті) айуан­ға айналғанда, «жоғарыға» жаутаң-жау­таң қарадық. Бізден гөрі аузы дуалы, беделі биік ақсақалдар бар ғой, ағалар бар ғой, алдын кеспейік деп күттік. «Жо­ға­рыға» жалтаңдап үйренген басымыз «ер тұрғанда, әйел сөйлеп несі бар, үлкен тұрғанда, кіші сөйлеп несі бар» демесін деп күттік. Дәл қазіргі қазақ әдебиетінің «Қой дер қожасын» көп күттік. Ақыры «Қой дер қожа болуға жарамасақ та, әй дер әжесі болайық» деп, қолымызға қалам алуға мәжбүр болдық, ағасы.

Болмаса ойнақтаған отыз емес, қыл­шыл­даған қырық емес, еңселі елу де емес, Пайғамбар жасына келгенде сыншы болайын деп Түлен түртті дейсіз бе…

Сын жазып талай адамның жүрегін ауыртып, көңілін қалдыратынымды білмеді дейсіз бе.

Өзім де «бұйырған сыбағамды» татарымды білмеді дейсіз бе.

Әдебиеттің әжесі ретінде «әй» деге­ні­­мізді қайтейік, сіздің ұзақ жыл «қал­ғып жатқан» қырағылығыңыз кенеттен дүр сілкініп, «егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып», «жау, қай­далап» шық­қан бір кезіңізге тап болсақ керек. Әт­тең-ай, тек алдыңыздан тақы­мыңыз то­­­лар, айызыңыз қанар қарсылас таппай, ұр­ты­ңызды шайнап алмасаңыз. Қар­сыңызда жұдырықтай ғана қазақ әйелі. Сіз үшін қораштау емес пе. Қалай­да өзі­ңіз лайық көрсеңіз, хош келдіңіз май­данға. Қай елдің аңыз-ертегісіне қара­саңыз да әйелді жыланға теңеген (әде­биеттегі әйел) екен. Жатқан жылан­ның құйрығын өзің бастың, Қажеке. Шақ­­­пасақ та ысылдауға хақымыз бар ғой.

Онда:

– Қазақтың екі ғана құнды заты бар. Ол жері мен тілі. Сол тілі (көркем әдебиет тілі) адам ұялардай қойыртпаққа айналып жатқанда, сіз қайда болдыңыз, аға?

– Қазақтың ары – әйел, ана, қарындас. Сол әйелдер бейнесі әдебиетте масқара дәрежеге жетті. Мысалы, қазіргі қазақтың әйелі адам-еркекті місе тұт­пай, аюмен әуейі болатын ашкөзге ай­нал­ғанда,

– Қазақтың әйелі еркек қашса да қуып жүріп құшағына құлайтын жезөк­шеге айналғанда,

– Қазіргі қазақ қызын жігіттер кө­ше­ден біреуін ұстап әкеліп, ой, жарамайды, – деп қоя бере салып, екіншісін ұстап әкеле сап, мал базарындағы қой дәрежесіне жеткенде,

– Қазақ әйелін… бір қашқын қалмақ бір ауылдың әйелін шетінен бір-бірлеп ұстап әкеп, бір қыс қызығын көріп жат­қанда,

– Ханның қарындасы «көлденең көк аттыны құр өткізбейтін» дәрежеге жеткенде,

– Төренің әйелі құлмен құшырын қандыратын дәрежеге жеткенде, жеткен­де емес-ау, жеткізгенде, Сіз қайда едіңіз, ағасы?

Әйелді былай қой. Ұлттың иесі, ошақ­тың киесі – әдебиеттегі ер-азамат бей­несі қандай дәрежеге жетті?

– Қазіргі қазақтың еркек қаламгер­лері­нің жазатын жалғыз мақтаны – кө­ше қызына бару. Пайғамбар жасынан ас­қаны, аспағаны бар, ақыны-жазушысы бар – әй бір суреттеп тұрып, бүге-ші­ге­сі­не дейін қалдырмай жазады-ау келіп…

– Бір жігіт бүй дейді. «Ауданға барып ем, құр қайтқанша деп, қолтығыма қыс­тыра салдым». Мен кітап не киім екен десем, жоқ, Әйел екен.

– Тағы бір жігіт даладағы күйлеген сиырға қарап отырып-отырып, үйіне жү­гіріп кіреді де, «әй, пәленше, жат» дей­ді әйеліне. Итке «айтақ!» – деген секілді.

– Қазақ еркегі әйелін ойнас үстінде ұстап алса, тарттыратын жазасы 10 мың болыпты. Еркектік намыстың құны – 10 мың!

– Қазақтың Желтоқсандық ері анда-мұнда қашып жүріп, ақыры намазға ұйып отырған оншақты мұсылманды бы­тырлатып ата салып, қаңғып-қаңғып келіп ақыры голубойлар үйіне ат басын тірепті. Өйткенше сол Желтоқсанда өліп кетсе абырой еді.

– Қазақтың тепсе темір үзетін ортан қолдай азаматын тапа-тал түсте өз есігі­нің алдына бір қасқыр келеді де, жей салады. Нанасыз ба?

– Қазақтың бір жігітінің иесі бар. Бөрі – Ана. Әруақты көзіне көрініп, аян беріп жүреді. Ал сол жігіт барады да тірі қасқырдың терісін сыпырады. Нанасыз ба?

Міне, осындай келеңсіздіктер еді ма­ған қалам алғызған. Енді сіздің өз сөзіңізге көшейік:

  1. «Сын үнсіз қалғаннан бері». Демек, сын мүлде болмаған емес, болған екен ғой. Тек әлдебір себеппен үнсіз қалған. Неге? Себебі ұясында талқандалып, жөр­ге­гінде тұншықтырылған. Тұмсық­тан соғылып, тобықтан қағылған. Оған таңданатын не бар.
  2. «Жалпылама сөздер мен дерексіз шолулар мезі етті». Ашық жазғандардың алар сыбағасы белгілі болған соң, жалпылама жазбай қайтеді.
  3. «Тұмағаң сумақай сыннан көп жа­па шекті». Сол кезде ақтап алдыңыз ба, жоқ па – білмеймін. Егер сол кезде Тұ­ма­ғаңның айналасында жүрген болсам, мен ақтап алар едім. Әлі де ақтап аламын ғұмыр жетсе… Тұмағаңды да, Мұқағалиды да…
  4. «Сыншының міндеті мен сипаты». Қажеке-ау, бұл Парламент бекітіп қойған заң емес қой. Менікі – өз ұсыны­сым ғана. Одан асырып біреу жазып жатса, әке құлдық!
  5. «Сыншы қаламгер тілін қалай сақтайды? Қаламгер жазатынын жазып қойды». Қажеке-ау, қаламгер біреу ғана ма, бірі жазып қойса, артында оны тұрған жоқ па. Біріне айтылғаннан екіншісі сабақ алмай ма? Сонан соң қаламгерлердің көбі кітап етіп бастырмас бұрын алдымен баспа бетіне шы­ға­ру­ға тырысады ғой. Жас қаламгерлерді қойып, Әуезовтің өзі атақты «Абай жолын» оқырман хаттарын, айтылған сындарды ескере отырып, қайта бастырдым» деген еді. Қаламгер тілін сақтауда мен жанды, тірі жұмыс жасап жүрмін. Сын мақаладан басқа да көптеген газет-журналдарға мақалаларым шығып тұрады. Мысалы, «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» деген мақаламда қазақта «өл­ді» деген сөздің өзін 23 түрде айтатынын, бірақ бірінің орнына бірі жүрмей­ті­нін айтып қана қоймай, қай жерде өлді, қай жағдайда мерт болды, қай жағ­дайда қаза тапты дейтінін анықтап жаздым. Айтыс туралы мақаламда «Айналайындар, кез келген қазыны әділ деме, кез келген қызды ару деме. Ару сөзі сұлу, әдемінің орнына жүрмейді. «Саинның» қыздары да шетінен сұлу, бірақ ару емес» дедім. «Жұлдыздар отбасына» мақала жазып, дәстүрлі әндер­дегі өрескел бұзылып айтылып жүрген сөздерді түзедім. Бір әнші қарсы болмады, қазір бірсыпырасы түзелді. Теле-хабар, радио-хабар жүргізушілеріне телефон шалып, талай қателерін түзедім. Мекеме, мектеп, дүкен, аурухана, асхана, жарнамалардан өрескел қате көрсем, ерінбей кіріп тұрып, бастығына айтып кетем. Осының бәрін мен сыншымын деп істеп жүргем жоқ. Әдебиет маманы, тіл маманы болған соң, жаным қазақ, жүрегім қазақ, тәрбием қазақ болған соң жасап жүрмін. Қаншама қаламгерлер телефон шалып, алғыс-рахметін айтты. Бір жас жазушы хабарласып «Әпке, сіздің мақалаңыздан кейін қолжазбамды бастан-аяқ қайта қарап шықтым. Талай сөзімді түзеттім» деп алғыс айтты. Қан­ша қаламгерлер қолжазбаларын қарап шығуымды өтінді. Күйім, білімім, ақы­лым жеткенше көмектесем. Бір қа­лам­­гер­дің бір қате сөзін түзетсем де – менің мақсатым орындалғаны. Күллі әдебиет­тің көшін түзей алмасам да, қанатымен су сепкен қарлығаштай тірлігіме ризамын әзірше. Сонау биіктен құр қарап отырғаннан, құр жылағаннан тәуір. Міне, қаламгер тілін сақтау осыдан бас­талады.
  6. «Қаламгер оқырман талғамын тәр­бие­лейді деген әпкеңнің сөзі де, өзіңнің пікірің де қате екенін қадап тұрып айтамын». Әпкем – Фариза еді. Сәл ертерек болғанда ол кісі де «қадап» жауап бе­рер еді-ау. Сіз бірақ әдебиеттің адамды тәрбиелейтінін жоққа шығармайсыз, шығара да алмайсыз. Кез келген адам­ның талғамы биік болмайды. Рухани әлемі сұлу адамның ғана талғамы биік болады. Ал рухани әлем көркемөнер, соның ішінде кітап арқылы жасалады. Бір ғана мысал, 60-70 жылдар (сіз бен біздің кез) серілерінің жар таңдаудағы талғамы қандай еді? Әдептілік, ұяңдық, тұрақтылық, пәктік еді. Қыз басынан әуелі осыны іздеуші еді. Аққұба өңінде алқызыл нұр сәтте толқып келіп, сәтте та­рап кететін ұяң, нәзік, тылсым, жұм­бақ аруды іздейтін. Бұл талғам оларға аспаннан дарыған жоқ. Сонау ауыз әде­биетінен бастап, Тоғжан, Әйгерім, Шұ­ға, Ұлпан, Меңтайлар бейнесі арқылы келген талғам. Ол ұрпақтың талғамы, білімі, мәдениеті, адамгершілігі жоғары болуы да содан. Есіңізге түсіріңізші, жастардың басы қосыла кетсе, Жұмекен, Төлегеннен, Тұмағаң мен Қадырдан, Мұқағалидан жарыса жыр оқи жөнелуші едік қой. Біздің талғамды қалыптас­тыр­ған солар еді ғой. Қаламгер оқырманды тәрбиелегенде қандай! Кейде керісінше… Соңғы кезде бір кітаптарда кейіпкер жігіт қасқырдың терісін тірідей сыпыр­ған. Ал не болды? Іле-шала осы оқиға шын өмірде қайталанды. Кітап әсері де­­ген осы. Көркемөнер – сұмдық дүние. Ол адамды енеден туғандай етіп өзгерте алады. Жақсы жаққа да, жаман жаққа да…
  7. «Сыншы қаламгер тіліндегі ұлттық иммунитетті сақтайды» деген негізі жоқ сөз.

Әдебиеттегі ұлттық иммунитет деге­ні­міз – қазақы мінез, қазақы құндылық­тар, мінез-құлық нормаларының қазақы өлшемі, ұлттық бояу, қазақы тіл. Әсіресе, қазақы тіл. Менің мақсатым да қазақы тіл­дің құнарын сақтау. Бұл салада да ме­нің жұмысым – көп адамға қарағанда нақты әрі жанды. Бір шығарманы талдасам да жақсысын да, жаманын да санап көрсетіп, этносөз бен диалектіні, мақал менен мәтелді, идиома мен фразаны, бұралқы сөз бен неологизмді, жар­гон мен терминді шатастырмауын ес­кертіп отырамын. Өйткені, мұның бірі әдебиетті сұлу етсе, бірі сұрқай етеді. Қазіргі жас қаламгерлердің көбі осыны ажыратпағандықтан, талғамсыз қол­да­нады.

  1. «Өткен ғасырдағы орыстың классик сыншылары шығармаларды талдай отырып, көтерілген мәселенің әлеумет­тік астарына, қоғамдық мәніне, қоғам­дық өзгерткіш күшті ашып, дәлелдеп, қо­ғамдық ойдың биігіне көтеріле білді».

Осы кереметтің бәрі өткен ғасырдағы орыспен кетті ме? Әлде қазақтың біреуін атауға «қазақтығыңыз» жібермей тұр ма? Біздің де ХХ ғасырдағы сыншыларымыз тура солай жазды. Біздің ғалым, академик, доктор сыншыларымыздың да сти­лі сол еді. Қаратаев, Жұмалиев, Қаб­до­­лов, Ысмайылов, Кәкішев, Нұрғалиев­тар да солай жазды. Ол сын академия­лық, классикалық сын. Бұл бізде де бол­ған, қазір де бар. Тек соны көре білу, мойындай білу керек.

Сіз айтқандай көлемді, күрделі, ғы­лы­ми ізденіске негізделген үлкен сын ба­рын білемін. Автордың бүкіл өмір жо­лын, өскен ортасын, сол кездегі қоғам­дық құрылысты, идеологияны, саясатты, ағымдарды, әрбір кейіпкерге мі­нез­деме, оның өсу жолы, елдің ол туралы пікірі, оның ел туралы пікірі… бәрін қамтитын нәрсе – ол сыннан гөрі ғылыми еңбек деуге болады. Бұған кейде бір ғалым бүкіл өмірін бір тұлға не бір шығарманы зерттеуге арнауы да мүмкін. Бірақ осы жерде үнемі көлеңкеде қала беретін нәрсе, шығарманың көркемдігі, қаламгердің суреттеу шеберлігі, тіл байлығы. Көркем шығарманы көркем жасайтын осылар. Кітапқа қарапайым оқырман екі-ақ сөзбен баға береді. «Қы­зық не қызық емес». Қызық ететін не? Әрине, көркемдік. Сондықтан мен саналы түрде сынды көркемдік шеберлікке ғана құрғым келеді. Әуезов не деп еді? «Бір оқиғаны он адам жазуы мүмкін. Бірақ мәселе – көркемдігінде» деген. Ал біреуді біреуден артық дегенде оның беделін, мансабын, елге сіңірген еңбегін, адам­дық, азаматтық, тұлғалық қасиетін ар­тық деп тұрмыз ба? Тек бір ғана көр­кем­дік әдісте мына қаламгер ұшқыр екен дегеннен трагедия жасап керегі не.

  1. «Абырой, атақ, марапат дәметкен жоқ». Неге? Атақ жаман ба? Әлде атақ­тың бәрі сізден соң бітіп қалып па еді. Мен «назданып, өкпелеп, дәметіп» қана қоймаймын. Мен талап етем. Сын жаңа ғана дүниеге келіп тұрған жоқ. Әдебиет теориясы, әдебиет тарихы, әдебиет сыны ежелден бірге жасасып келеді. Поэзия жарысы, проза жарысы, драма жарысы, сурет, мүсін, мәнерлеп оқу жарысы болады екен. Неге сыни еңбектер сынға түсе алмайды? Мысалы, Қабдеш 80-ге толып отыр. «Қабдеш шығарма­ла­рының көркемдік сипаты» деген тақы­рыпта сын-мақалалар конкурсы неге өт­песке? Өтсін, жазсын, талассын.. «Тарлан» алмаса да, тай-құнан бәйгесін алсын. Оған несін тарылдыңыз. Осы атақ-марапат, мансап дегенде менің ойыма екі сөз ора­лады да тұрады. Бірі – Абай. «Биік мансап – биік жартас. Оған қалықтай ұшып қыран да жетер, жорғалай жылжып жылан да жетер». Мәселе, кімнің қалай жеткенінде. Екін­шісі – өзіміздің Бағашар баланың бір сөзі (Абсурд! – дерсіз). «Марапатқа жеткенмен, махаб­батқа (оқырман махаббатына) жетпеген қаламгерден бақытсыз жан бар ма екен». Бала да болса ақылды сөз айтып тұр-ау. Сол секілді атақ ештеңені шешпейді. Бірақ оған жетуге ұмтылу – күнә да, қыл­мыс та емес.
  2. «Демонды неге шайтан демейсің». Адамды айтайын, атты, түйені, шайтанды айтайын – маған оның өмірдегі сын-сипаты емес, әдебиеттегі көркем об­разға айналған сипаты керек. Ал көр­кем шығарма ол – суреттеу, бейнелеу, әсірелеу, теңеу, поэтика. Бұл жерде өмірдегі нақтылықтың құны шамалы. Егер мен орыстың черт, сатана, сатир, вурдалак, вампир, т.б. сөзі тұрса шайтан дер едім. Ал Демон мен Мефистофель әлемдік әдебиетте бас әріппен жазылатын кейіпкер дәрежесіне көтерілгелі қашан. Шайтан – жалпы есім, Демон – жалқы есім. Сондай-ақ, арғымақ, тұлпар, дүлдүл, пырақ – қарабайыр тұр­мыс­тық жылқылар емес. Сонау ауыз әдебиетінен бастап, ертегілік – аңыздық, романтикалық, поэтикалық сипаттағы әдеби образдар. Адам арғымаққа не іс­тесе де өзі біледі дейсіз. Ол өмірде. Тіпті, өмірде де арғымақ мініп қой бағып жүр­ген, арғымақты арбаға жегіп жүрген, жорға жарысына қосып жүрген қазақ көрдіңіз бе? Қанша сурет – картина бар. Соның бірінде желіп бара жатқан ар­ғымақ суретін көрдіңіз бе? Ылғи да жа­лы желбіреп, аузын арандай ашып, төрт тұяғы да жерге тимей зулап бара жатады емес пе. Әпкенің айтып отырғаны да символдық бейне. Менің білетін, елес­те­тетін арғымақтарым – Қадырдың, Қабдештің, Олжастың «Арғымақтары». Романтикалы бейне. «Абай жолында» жылқының қазақ білетін сипатынан айтылмай қалғаны жоқ. Әуезов тіпті әр кейіпкердің мінезіне қарай мінгізеді атты. Небір мініскер, желіскер, жорға, жүрісті, шабысты, белді, аяңшыл, зор, кү­діс атқа мінгізсе де, бір кейіпкерін «ар­ғымақ мініп жүр» демеген. Неге? Жыл­қы жүрісінің 130-дан аса түрін жаза отыра, бір жерінде «арғымақ сар желеді» демеген. Ал тұлпар ше? Олар да сондай. «Батырлар жырындағы» тұлпар аттар қазіргі мектеп оқулығына бас әріппен жазылып, кейіпкер ретінде кіріп отыр. Қобыланды бейнесі, Құртқа бейнесі деген секілді. Тайбурыл бейнесі деп кіріп отыр.
  3. «Ударениені екпін десең болмай ма». Болар еді, бірақ менің айтпағым – қазақ тілінде екпіннің алғашқы буынға түспейтінін, ал теле-жүргізушілердің көбі орыс ережесі бойынша екіпінді алғашқы буынға түсіріп, қазақ сөзін орыс ержесіне бағындырып, қазақ орфоэпия заңдылығын бұзатыны еді. Осы жерде екпін деп жазайын деген ой, әрине, бірінші келген. Бірақ «екпіндетіп сөйлейді» дегендегі екпінмен, яғни, ударениені темппен шатастырмасын деп әдейі жазғам. Дегенмен, сіз де объективті – нысан, пунктті – бөлім, принципті – ұстаным дегеніңізде қатып кетер еді.
  4. «Бұқа – бұға, азбан – дұға». Бұл – баспа қатесі. Сол секілді «нарау сөзі – нараң деп басылыпты. Қажеке, Абай­дың 146 өлеңін, 3 дастанын, 46 қара сөзін, 19 ән-өлеңін жатқа білетін мен осы­ны білмесем, аяқтағы суға ағып өлгенім емес пе. «Абай жолынан» кез келген жерінен үзіндіні кітап ақтармай-ақ жатқа айта берем. Сенбесеңіз, «Бетпе-бет», «Жекпе-жек» теле-хабарында кездесейік. Одан жеңе алмасаңыз, «Шоу-айтысқа» шығып көрелік. (Әзіл ғой).
  5. «Құлғанадай қадалып». Тілімізде сүлікше қадалып, инеше қадалып, тікенше қадалып дегендер де жетеді ғой. Құлғана – мерез (ауру) деген сөз. Жазылмайтын ауыр дерт. Сенбесеңіз, «Медициналық сөздікке» қараңыз.
  6. «Күллі қазақ бәден сөзін көрік, оң, бет, шырай ажар ретінде ұғады». Сөздігіңізге дұрыстап қараңызшы, күллі қазақ деп тұр ма екен? Күллі қазақтың, күллі оқырманның атынан сөйлемеңіз, ағасы. Бұл сіздің жеке пікіріңіз. Ал адамның ішіне бір-ақ аяқ ас сиятынын да ұмытпаңыз. Мен де бір сөздікке жүгініп көріп ем.

«Бәден – бір аймақта өң, шырай, бір аймақта – денеге қатысты деп, денелі дегенге көркем әдебиеттерден мысал да келтіріп қойыпты. Анау-мынау емес (кейде сөздікке де сенуге болмайды, сондықтан мен әуелі авторларына қарай­мын) Әбіш Кекілбаев, Сауытбек Абдрахманов, Айтбай Өмірзақ, Қайсар Әбдуәли, Мереке Құлкенов, Рабиға Сыздықова бастаған қасқа мен жайсаң бастатқан он бір адамның қатысуымен жасалған сөздікке неге сенбеске… (2007 ж. Диа­лек­тологиялық сөздік. 154-б.).

Сіз сөздікке сенесіз. Мен қазақы тілім­нің қуаты мен құнарына, бала күннен бойға жиған рухани нәрімнің молдығына, ішкі түйсігімнің ақпараты­на сенемін. Және көп қателеспеймін де. Мен әрқашан ауыз әдебиеті мен класси­каға жүгінем. Қанша көркем әдебиеттегі әйелдерге қатысты сөздерді көзінен тізіп шықсам да, «бәдені келісті екен, бәденді екен» деп дене тұлғасына сұқтанған сөз­дер түседі есіме. Егер денеге қатысты ай­тылса, бұл сөздің ең тап басар сино­нимі «мүсінді» деп ойлаймын. (Бұл ме­нің жорамалым ғана). Бәден – сөзінің шығу төркінінде күллі түркі тобына ортақ бір сипат бар секілді. Есіме бала кезде оқыған («Манас» әлде «Орақ – Мамай») бір дастандағы бір сөз, өмірі есімнен кетпей жатталып қалған бір сөз түседі. Қырғыз тайпасын жаулап алған бір ел, қырғыздың еркек кіндіктісін қойдай матап, енді қорламақ ниетпен:

– Егер бір қырғыздың қатыны тыр жалаңаш шығып, матаулы түйені тісі­мен шешсе, еркектеріңді босатамыз. Болмаса көз алдарыңда бауыздаймыз, – дейді. Денесі түгілі басын ашпайтын қазақ-қырғыз әйелі үшін бұл оңай емес. Сонда Манастың (әлде Орақ – Мамайдың) анасы тәуекел етеді. Ұзын шашын тар­қа­тып жіберіп (қалқа болсын дегені) енеден туғандай болып шығады. Батыр­дың анасы осал болсын ба, әр мүшесі Есенғалидың үлегіндей бұжыр-бұжыр, білеу-білеу… Сонда жаудың басшысы мазақтап күліп, сұқпытыңның келіспе­гені-ай, алдыға шығар сиқың жоқ екен деп, ана мүшең анадай, мына мүшең мынадай деп өлеңдетіп айтады. Сонда бір сөз есімде қалды. «Бәдеңе сенің қарасам, сайдан шыққан қолаттай» деген сөз. Есте қалатыны – балалық се­зімі­ме ауырлау тиген. Өзімше қалай ұял­майды, әйел неге жалаңаш шықты – деп қиналған. Есіңізде болса, Абай естіген нәрсені есте сақтаудың 4 түрлі жолын айтқан. Біреуі – қатты әсерлену. Мен де қатты әсерлендім. Әсерленгенім соншалық – өмірі ұмытпаймын. Сонда батырдың анасы былай деген екен «Бә­де­сіне шапақтап, сонда (ұмыттым) бүй дейді, айналайын бәдемнен, Орақты тапқан бұл бәдем, Мамайды тапқан бұл бәдем». Міне, осыдан да мен Бәден сөзінің түп төркіні – бәде және ол дене мүшесі деген ойға келдім. Қазақ ауыз әдебиетінің ең көне үлгісі бәдік өлеңінде де адамның дене мүшелері жайлы айтылады. Яғни бәдікті тамақ, төс, бел, мықын секілді «сексуальный» мүшелерге көшіреді. Тағы да «бәдені тастан қашал­ған мүсіндей» деген сөйлем есімде. Ал тас қашаушыларды, тастан қандай да бір әсем түрге келтірілген форма жасаушыларды да «бәдізшілер» демей ме. Қалай ойласам да «бәден» тек әйел адамға қатысты, оның өзінде бет-жүз емес, дене жақтағы бәле. Әйтеуір өзім осы сөзге секемдене, сезіктене қараймын. Сонан соң бұл сөздің әдеби тіл нормасына жатуы да қисынсыз. Диалект десек жарар. Тіпті, диалектіден гөрі тегінде түркі жұр­ты түгел қолданған, бүгін де қол­да­ныстан кетіп бара жатқан этно­гра­фия­лық сөз деп ойлаймын. Бұл менің ғана ойым, ешкімге зорлап таңбаймын. Сонан соң өз шығармаларында 100-ден аса әйел кейіпкердің бәріне бір-бірін қайтала­майтын өң, түс, ажар тауып отырған Әуезов неге бір әйелді бәденді демеген. Қазақы сөздің құнын Сәбең мен Ғабең­нен асып кім білер. Оларда неге жоқ. Менің әулием де, төрешім де өзіміздің шалдар. Мен өз пікірімде қаламын.

  1. Енді үлек сөзіне келейік. Бір нәр­сені мойындаймын: менің тұрмыстық қолданыстағы түйелерді білмейтінім рас. Және олардың қайсысының «күр­кі­реуі күшті», қайсысында қандай өр­кеш, қандай будан – оны білуді міндетіме де алмаймын. Менің білерім, маған керегі әдебиеттегі көркем образға ай­нал­ған түйе бейнелері. Бозінген, Аруана, Сары атан, т.б.

Даудың басы – «үлек» сөзі. Мен үлек сөзі көркем шығармада құнды теңеу емес деймін (өмірде үлектің күштілігіне дауым жоқ).

Мысалы көркем әдебиетте:

– Нар жігіттер дейді. Неге үлек жігіт­тер демейді?

– Нар тұлғалы дейді. Неге үлек тұлғалы демейді?

– Ердің құны, нардың пұлы дейді. Неге үлектің пұлы демейді?

– Нар көтермес жүк болмас. Неге үлек көтермес демейді?

– Қатарланған қара нар арқанын қиып алған күн.

– Айырдан туған (айыр өркеш) жампоз бар, күніне көз көрім жер шал­ғысыз.

– Буыршын мұзға тайған күн. Неге үлек тайған күн емес?

– Екі өркеші баладай, азу тісі қала­дай. (Ойсылқараға арналған жырдан). Неге жалғыз өркеші баладай емес?

– Неге Есеней (Ұлпан) Ұлпанды Ақнарым дейді? Неге Ұлпан Шондығ­ұлды қаранарым дейді. Неге Ғабең «Қа­зақ­тың нардан күшті, нардан сұлу, нардан қасиетті малы бар ма» дейді? Әлде сіз білгенді Ғабең білмей ме?

– Бура атанға шөккен күн. (Махамбет). Көтеріліс жеңіліп, қарашаның қары қызыл қанға боялған күннің трагедиялы сипатын дәл жеткізу үшін Ма­хамбет неге бура мен буыршынды алады? Неге үлек атанға шөккен күн, үлек мұзға тайған күн демейді?

– Неге Абылайдың ақ бурасы де­лінеді?

– Неге Асан қайғы жалы желкілдеген ақ атанға мінеді?

– Неге «Көксеректегі» Хасен қос өр­кеші баладай қара бураға мінген?

– Сіз тіпті «Қыз Жібек» дастанындағы «Кеудедегі қос емшек, қос өркештей солқылдап» деген теңеуді де білмейді екенсіз-ау. Ал үлектің көркем әдебиеттегі үлесі туралы осындай мысал келтіре аласыз ба? Есенберлиннің Зейнебінің мылқау құлын «Қараүлегім» дегеннен басқа. Осы үшін де Ұлықбек жырларын «үлек өркешті» дегім келмейді. Оның үстіне өзіңіз де «Үлек – сыңар өркешті түйенің еркегі. Сыңар өркешті түйеде баладай өркеш қайдан болады» деп отырсыз ғой. Сонда деймін-ау, Ұлықбек жырлары өзі сыңар, өзі туырыла бұлық­сып солқылдап тұрмаған жарымжан нәр­сеге неге ұқсауы керек? Бұл жерде сіз ма­ған емес, Сұрағанға ұрсуыңыз керек.

Ағасы, қимасаңыз мені сыншы да демеңіз, әдебиеттанушы да демеңіз. Соның өзінде мен қарапайым халықтың қалың ортасынан шыққан саналы, сауатты, ойлы оқырманмын. (Ол атақ­тар­ды қиятын шығарсыз). Оқырман ретінде қаламгерден тұғырлы туынды талап етуге хақым бар. Әдебиет – халықтікі. Халық үшін жазбаса кім үшін жазады? Ендеше, халық дүниесін бүлдірмесін…

Мен осыны талап етемін. Мен қазақы сөздің құнарын, қадір-қасиетін сақтау үшін күресемін. Мен халық қадірлеп, оқырман мойындап отырған әр ақынды, әр жазушыны жар етіп, жақсылығын жария етемін. Күйім келгенше құдіретін танытып, қуантқым келеді. Адамзат ақ­жа­рылған мейірімге шөлдеген мына заманда біреуді қуанта білгенге не жетсін.

Сонымен қатар, кемшілігін де айтам. Қуаныш сыйлағанға не жетсін…

Мысалы, Әбіш аға «аймақ, жүз» деген өлшемнен жоғары тұрған адам. Әбіш – қазақтың Әбіші, алаштың Әбіші. Еш аймақтың меншігі емес. Сол ағада бұл дүниеден өтеріндегі ең соңғы қуаныш сыйлағаныма бақыттымын. Естуімше, балаша қуаныпты. «Апыр-ай, менің бір кітабымда 4 сипат бар депті» деп қуа­ныпты. Абыз ағаның осы бір лебізі маған кез келген сыйлық пен атақтан қымбат. Ал ағаның «күн жауғанда қойнында, күн ашықта мойнында» жүрген інілері оған қаншалықты қуанышты сәт сый­лағанын кім білсін… Баспа бетін ұрыс ала­ңына айналдыру да ұят. Бірақ сіз екеу­міздің ұрысымыздың өзі анау-мы­нау сынға бергісіз «интеллекті» ұрыс қой. Солай екен деп…

Көрісерге күн жақсы болсын, Қажеке!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір