ТАНЫС-БЕЙТАНЫС – «ШИЕ БАҒЫ»
20.05.2016
2015
0

IMG_1039Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында кесек дүние –  «Шие бағы» атты комедияны әйгілі режиссер Сергей Потапов «Шие» атауымен сахналады. Бақ – қос мағыналы ұғым. Танымдық көкжиекті кеңейте беруге жаралған үлкен өнерде шекара жоқ.

Қаллеки театрының директоры Айболат  Сексенбаев Қазанда өткен халық­ара­лық театр фестивалінде Якутияның еңбек сіңір­ген қайраткері, Саха театрының бас режиссері, «Алтын маска» Ұлттық театр сый­лығының  лауреаты Сергей Потапов­тың кәсіби шеберлігіне ерекше тәнті болып, Елор­даға шақырды. Қаллеки театры­ның көр­кемдік жетекшісі, белгілі кино және театр режиссері Талғат Теменов Сергей По­таповтың «Шие бағын» сахналау тәсі­ліне театр үшін айқын белес ретінде оң баға берді. Өзгеше тынысты жаңа қойылым туралы пікірлер сан алуан болуы соның ай­ғағы. Кей сыншы Чехов кейіп­кер­лерін қа­зақыландыруға, киім киісі мен есімдерін өзгертуге наразылық танытуы орынды шығар-ақ. Көзге ұрған бірен-саран ұсақ-түйек кемшілік бұл спектакль­дің түп маңы­зын, евразиялық рухын, сахналық құнын еш түсіре алмаса керек.

Спектакльдің ақпараттық әріптесі «ЭПЛ Даймонд» халықаралық компаниясы. Шие ханым тағынған ақ алтын, жаһұт­тан жасалған ұлттық өрнектегі көркем сыр­ға, алқасын қазақ театрына сыйға тар­тып, спонсорлық жасаған «ЭПЛ.Якут брил­лианттары» фирмасының өкілі Ва­лен­тина Слепцова.

Драматургияда бір дәуір жүгін мифтік Ат­лант тәрізді дара арқалаған Антон Пав­ло­вич Чехов (1860-1904) өзегін өртеген ащы өксік-наласын, қос ғасыр тоғысындағы құ­са-уытты сезінуден, қоғамдық дағ­да­рыс­тан туған күйігін, елдік уайымын оталу­ға үкім етілген кие – Шие бағы алле­го­риясы арқылы тұспалдап берді. Бұл жы­лы қазақ даласын күңірентіп Абай ха­кім өмірден озды. «Халқым надан болған соң, / Қайда барып оңайын?» – деп шерле­нер Абайдың құсасын орыс халқының асыл­текті ұлы Чехов санасы сансыраған, қыр­сыздық жынша иектеп, қара орманымен қоса өмір сүруге қуат-күшін жоғалтып, басар тау, барар жері қалмаған бір от­басы­ның шырғалаңы арқылы бейнелейді. Жер мәселесінің қай заман болсын өзектілігі өнердегі «Шие бағын» солдырмайды.

Сергей Потапов сахнада бейнелеуге күр­делі, Чеховқа тән стильдік ерекшелікті – «су астындағы ағыс» тәсілін, мәтін астарын, болмашы детальдар арқылы тұңғиық ма­ғынаны ашуға бейім драматургтік те­геурінді, негізгі сарынды гротеск арқылы көр­сете алды.

Спектакль Қаллеки театры ар­тис­тері­нің табиғи дарынын бөгде қырынан жар­қы­рата ашуымен қайран қалдырды. Артист қауымы бұрынғы үйренген, клас­си­калық дәстүрлі арнадан шығып, беймағлұм асулар биігін именбей игере алғаны айдан анық. Ғадетте бір театрда саусақпен са­нар­лық үш-төрт талантты актер болса же­теді деген ескірген, көң болған көзқарасты Сер­гей Потапов Авгийдің атқорасы сияқ­ты бұзып-жарып өткендей әсер етті. Бір театрға жарық төгер шоқжұлдыз – көп та­лант әсте көптік етпейді.

«Шие бағы» комедия аталғанымен, та­нымы трагикомедиялық пьесада Чеховқа мейлінше тән ерекшелік – жағымды, жа­ғым­сыз образ, оң-теріс кейіпкердің бол­мы­сы ақ пен қарадай қос жарылып, жігі ашы­лып тұрмайды. Адамның жан  дүние­сін терең білуден туған жазушылық қасиет. Сахнадан бұл ерекшелік айқын білінгені дау тудырмайды.

Шығармашылық топта кәсіби мамандар жұмыла жұмыс істеді. Киім үлгісінің су­ретшісі ҚР еңбек сіңірген өнер қайрат­ке­рі Ханым Айдаш, қоюшы суретшісі Берік Бурбаев, дыбыс режиссері Гүлнафис Аминова.

Бақ иесі Раневская-Шие ханым рөлі «Зо­лотой витязь» VI Славян өнері фес­тива­лінің алтын дипломы иегері, жас актриса (Мәскеу, 2015) Ақмарал Танабаеваға, оның қызы Аня-Алма образы Жұлдыз Ысқақоваға бұйырды. Көрермен көңілінде күдік қалар немесе көңілі толмас ойыннан жас болса да ада екенін Ақмарал мен Жұл­дыз ғана емес, имение иесінің асырап ал­ған қызы Варя-Бану рөліндегі Айшолпан Ибраева және күтуші қыз Дуняша-Дария рөліндегі Алтынгүл Серкебаева шынайы ойы­нымен танытты. Шарлотта-Айман Ай­мағамбет эпизодтық рөл болса да, дра­ма­тург суреттеген бикелерге ұқсас қалпы­мен көрермен жадында қалары сөзсіз.

ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері – Кеңес Нұрланов (Фирс-Шал) пен Қуандық Қыс­тықбаев (Гаев-Ғайып), «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Сырым Қашқабаев (Епиходов-Ескен) кез келген өз қолтаңбасы бар режиссердің та­лабынан шыға білетін кәсіби шеберлер то­бынан. Сырымның жаңа амплуасы таң қал­дырды, бұрын кесек, текті кейіпкерлерді ойнауға машықтанған жас актер не ол емес, не бұл емес, дәдек кісінің кескінін лайық­ты алып шықты. Лопухин-Балташ рөлінде ҚР еңбек сіңірген артисі Нүркен Өтеуілов, спектакльдің Абайдың «ызалы күл­кі» дейтұғын шамада шыққанына ат-са­лысқан, қилы рөлдерді еркін алып шыға беру­ге төселген дарын. Жас актерлер Дас­тан Әлімов Трофимов-Пәтөнай, Шах­мұ­рат Ордабаев Яша-Жарас бейнесін шебер сахналады, екеуіне түскен жүк оңай болған жоқ. Қос актердің комедиялық та­лан­тын ресейлік режиссер мейлінше пай­да­лана білгені сезілді.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,
жазушы.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір