ҚАЛАМГЕР ЖОЛЫ
20.05.2016
2449
0

УзакбайҚазақ әдебиетінің тарихында ХХ ғасырдың 60 жылдарынан бастап жарияланған Ұзақбай Доспанбетов белгілі қаламгерлердің бірі.

Жазушының повестері лирикалық-сыршыл, психоло­ги­ялық драматизмге толы поэтикалық сипатымен ерек­ше­ленеді. «Гауһар тас» по­весінің мазмұны мен пішіні желісінде поэтикалық шарт­тылыққа негізделген көр­кемдік жинақтау аясында адамдар ар­а­сындағы имандылық қасиеттер кейіп­керлердің көркем шын­дықпен жинақталуы арқылы түсін­діріл­ген. Повестің басты кейіпкері Әбеннің әңгімелеуі арқылы қарапайым халық ортасындағы адал, ержүрек, ең­бе­­ксүйгіш, адамдардың сол жақсылығын қыз­ғанатын, өзімшіл, өркөкірек, пасық пи­ғылдылар айыпталып, әшке­ре­ле­не­ді.

Жазушының «Ғарыш әні» повесінде тұрмыстық-әлеуметтік қарым-қаты­нас­тары жүйесіндегі күрделі тағдырлы адамдардың мінез-құлық психология­сын­дағы ерекшеліктер поэтикалық-психологиялық жолмен сараланған. Шығарманың композициясын құрап тұрған негізгі желі – басты кейіпкерлер – Жазира мен Досбол қарым-қатынас­тары. Балалық шақтан бірге өскен,  көрші тұрған екеуінің мәңгілік жұп бо­ла­тыны повестің басталуындағы екеуі­нің бозбала мен бойжеткен кезіндегі, махаббат сезімдерін өзара ашық білдіріп жүрген сәттеріндегі диалогтарымен де, кейіпкер баяндауларымен де айқын­дал­ған. Шығарма арқауына алынған осы екі кейіпкер қарым-қатынастары аясында бірнеше күрделі психологиялық хал-ахуал сабақталған: біріншісі – әуез өнері құдіреті баураған қыз жүрегінің ға­шық­тық ықпалы құрсауына түсетін күрделі жағдайы; екіншісі – өзі сүйген адамның жүрек қалауы басқа жанға ауғанмен, бі­рақ шынайы, адал көңіл хакім Абай жырлаған «Шыдайды риза болып жар ісіне қорлық пен мазағына таңылса да» ру­хындағы мәрт махаббат иелерінін бар екендігінің дәлелденуі. Шығарма сю­же­тінің дамуында өзінің туысқаны ком­по­зитор-әнші Дәлелхан мен сүйгені Жази­ра­ның арасында тұтанған ғашықтық отының қуатын көңілімен сезген, көзі­мен көрген оқиғаларының бәрін де басы­нан өткізеді. Бас кейіпкер Досбол тағдырын өмір шындығы тұрғысынан танимыз.

«Сырғалы қыз» повесінде өзі ұнат-қан, жан ділін баураған қызға арналған жігіт махаббатының шынайылығы дәлелденген. Туындының сюжеттік-композициялық желісінде басты кейіп­кер­лердің (Айқара, Гүлсім, Бибол, т.б.) мінез-құлық ерекшеліктері авторлық баяндаумен де, кейіпкерлердің диалогтарымен, ішкі ойтолғақтарымен (монологтарымен) де, т.б. ерекшеліктерімен – кешенді түрде қамтыла бейнеленген.

«Қардағы гүл» повесінің мазмұны мен пішіні жүйесінде еңбек ету себебінен тағдырлары бір жерде тоқайласқан адам­дардың алуан түрлі қасиеттерімен бір-бірімен кейде сыйыспай қақты­ғы­са­тыны, кейде үйлесе, үндесе бірлескен тіршілік келбетін құрайтыны – бәрі де өмірдің ұлы заңдылығы тұрғысында  бағаланған.

Жазушының романдары қазақ про­за­сының әлем әдебиетіндегі класси­ка­лық үрдістер деңгейіндегі поэтикалық сипатын айғақтайды. Қаламгердің «Қы­зыл жолбарыс» (екі кітап), «Абылайдың ақ туы» (екі кітап) атты төрт томдық эпо­­пеялық шығармасы – Тәуелсіз Қа­зақс­танның жаңа әдебиетіндегі көрнекті көрсеткіші. Екі роман-дилогиядан құ­рал­ған эпопея-тетралогияда Қазақ Елі та­рихының XVIII ғасырдағы оқиғалары.

Осы романдардың жалғасы болып саналатын «Абылайдың ақ туы» роман-дилогиясы. Онда  XVIII ғасырдағы Қа­зақ даласын жаулап, басып алған жоңғар қалмақтары шапқыншылығы кезеңінің тарихи шындығы баяндалса, идеясы – басқыншылық-шапқыншы­лық аласапыранынан тез арада естерін жиып, жатжерліктерді атамекеннен аластаған қазақ халқының қаһармандық-елдік тұлғасының қуаттылығын дәлелдеу. Тари­хи тұлғалар Ескелді би Жылгелді­ұлының, Балпық би Дербісәліұлының, Қабан жырау (Қабылиса) Асанұлының, Қазақ хандығы мемлекетін қалыптас­тыру­ға, сақтауға, нығайтуға зор үлес қос­қан Абылай ханның, Төле би Әлібек-ұлының, Қожаберген Толыбайұлының, Бұқар жырау Қалқаманұлының және т.б. ел ағаларының халықтың басына түскен қиын-қыстау жылдардағы абыз­дық-даналық, көсемдік, батырлық тұл­ға­лары дараланған. XVIII ғасырдағы Қазақ тарихының аса қасіретті оқиғасы – жоңғар қалмақтары шапқыншы­лы­ғының зардаптары, басқыншылыққа, қырғынға халықтың әйгілі «Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама» аталған зобалаңға ұшыраған кезең шындығы романдарда тарихилық поэтикасы аясында бейнеленген. «Қызыл жолбарыс» роман-дилогиясында жоңғар қалмақ­та­рының шапқыншылығына ұшыраған қазақ даласындағы, оның ішінде сол кездегі Қазақ хандығы құрамындағы Қазақстанның қазіргі  Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыс­тары  орналасқан өңірлердегі қазақ  хал­қының  тұрмыстық-әлеуметтік хал-ахуалы қамтылған.

Романның негізі бас кейіпкері Са­ба­лақтың Абылай атымен бүкіл Қазақ еліне танымал болған сәттері де тарихи шындық аясында бейнеленген. Қалмақ әскерінін бас қолбасшысы Қалдан Сереннің күйеу баласы Шарыш батырмен жекпе-жек шайқасына дейінгі ара­лық­тағы оның төрелерге де, би-шешен­дерге де, ақын-жырауларға да, ба­тыр­­ларға да, жалпы халыққа да танылуы табиғи, реалистік сипатымен өрілген. Қазақтың барлық әскерінің басы қосылған зор шайқаста бұған дейін ешкімнен жеңілмеген қалмақ бас батырларының бірегейі Шарышты «Абылайлап» ұрандап барып жекпе-жек­те жеңгені, сол оқиғадан кейін бас сардар Әбілхайырдан бастап барлық хан-төрелердің, би-шешендердің, ба­тырлардың барлығы да осы жекпе-жектен кейін «Абылайлап» ұрандап шыққан («Абылай! Абылай! Абылай! – деп үш мәрте қайталана аталған адам есімі көк пен жердің арасын найзағайдай тілгіледі», 69-бет) Әбілмансұрды аттарынан түсіп, қолын алып, құрметтейді.

«Абылайдың ақ туы» атауының ай-рық­ша киелі қасиеті бар тұлғаның да­ра­лығы екендігі де тарихнамалық-дерек-намалық сипатымен дәлелденген. Ро­манның сюжеттік-композициялық же­лісінде жоңғар қалмақтарын жең­геннен кейінгі үлкен жиында Сабалақ­тың өз аузынан айтылған ататек-әулет дерегінен кейін, оның енді атасының атын ұран етіп жауға шапқандағы есім­мен Абылай болып аталуын Төле би де, Қазыбек би де, Әйтеке бидің жолын жал­ғас­тырушы Ақсуат би де мақұлдайды. Шығарманың осы бөлігіндегі оқиғадан кейін Ескелді бидің Абылайға берген батасы да тарихи тағылымымен әсерлі баяндалған. Роман-эпопеядағы өмір шындығы деректері негізінде ұлан-байтақ қазақ даласы аймақтарының (Жетісу, Жоңғар Алатауы, Хантау, Көк­ше­теңіз, Іле, Қаратал, Ақсу, Бақанас, Бал­қаш көлі, Ташкент, Түркістан, Самарқан, Қазығұрт, Шу, Еділ, Ыстық­көл, Тұзкөл, Кетпен жотасы, Текес, Ыс­тықкөл, Талқы асуы, Арал теңізі, Сырдария, Жаңадария, Қуаңдария, Ші­рік-Рабат, Қорқыт ата мазары, Қа­залы, Тереңөзек, Шиелідегі Оқшы ата мазары, Сырлытам), шет елдердің (Қытай, Пекин, Тибет, Халха, т.б.) атау­ларының толық қамтылғаны – жазушы­ның деректерді көркем шындықпен бейнелеуіндегі реалистік ұстанымының тиянақтылығын танытады. Шығарма арқауындағы басты кейіпкерлердің мінез-құлық ерекшеліктерін психоло­гия­лық құбылыстарымен, әрқайсы­сы­ның кескінді-келбет (портрет) сипатымен, сөйлеу мәнерімен, тұрмыс-салт дәстүрлерімен, ататектер-әулеттер қа­рым-қатынастары мәдениеті танымымен, т.б. ұлттық-этнографиялық сипатымен қамтығаны – роман-эпопея поэ­ти­касының күрделі болмысын көрсетеді.

Роман-эпопеяда  Жоңғар қалмақтары қытайшыларының (Қалдан-Бошақты, Сыбан Рабтан, Қалдан Серен, Шұна-Доба, Лубсан хан, Сары- Манжы, Дебашы Әмірсана, т.б.), батырларының (Аңы­рық, Жаданба, Шарыш, Шамалхан, Доланқара, Сахиян, Қаскелең, т.б.) Жоңғария мемлекетінің ішкі-сыртқы сая­сатын тек ғана шапқыншылық-бас­қыншылық  соғыстарға  арнаған­дығы­ның салдарынан ақыры өздерінің жо­йы­лып бітуін тездеткенін тарихи деректі баянмен көрсеткен.

Жазушы Ұзақбай Доспанбетовтің «Жылусыз  от» романында Екінші дүние­­жүзілік соғыстан кейінгі қазақ ауылы­ның тұрмысы суреттелген. Он тараудан тұратын романның сюжеттік-ком­поз­иция­­лық құрылысында  ауыл­дағы әр ­алуан тағдырлы адамдар бейне­лері дара­ланған. Балалары, қайын атасы, жар қосағы қайтыс болып, он екі бала туса да жалғыз Қалимасы ғана қалған Өркенай тағдыры өмірдің ащы шынды­ғын­дай көрсетілген. Романдағы ауыл балалары Өміртайдың, Ұланның ма­ңайын­дағы адамдар тұрмысындағы қуанышты да, қайғыны да көріп есейіп келе жатқанын оқимыз. Ал майданнан жараланып келіп, колхоз шаруашылығы басқарған Рәш, балаларға қатыгез диір­менші Калугин, соғысқа  дейін қойм­шы, келгесін күзетші-кілтші болған Әбіраш, халық жақсы көретін Сенбек молда және т.б. кейіпкерлер дараланған. Со­ғыс­­тағы жеңіл жарақатынан жазыл­ғасын, есі ауысқан адамның кейпін көрсетіп, әскерден босап келген Месқұл есімді кейіпкердің бейбіт тұрмыстағы сұрқия, ұрлықшы, алаяқ болған іс-әре­кеттерін оқимыз.

Романдағы басты кейіпкерлердің бірі Алуаның да тағдыр талқысындағы жағдайы өмір шындығына сай алынған. Күйеуінен қара қағаз келгенде «қызылша басында босанып қалатын әйел осы…» (105-бет). Алуа ажарлы, ару тұлғасымен қаншама адамдардың назарына ілінсе де, бірақ өзінің өр мінезін сақтаған қал­пынан айнымайды. Бірақ тағдыр тәлкегінің соқпақтарымен басқарма бастығы Рәшпен де шамалы уақыт көңіл қосады, қара қағаз келген күйеуі Айдархан жарымжан болып елге оралып, Алуа жарымен қайта табысады. Ал ауылдағы Мәрәйім кемпірдің қызы Сақыштың Рәштен екіқабат болғаны, оны Рәштің әзәзіл Сапардың мойындамағаны, әзәзіл Сапардың Мәрәйімді азғыруымен аудандық бюро мәжілісі кезінде Рәш абыройының айрандай төгілуі де – сюжеттік шиеленіс.

Біреуді біреуге азғырып, айдап салудан рухани ләззат алатын Сапар – сұр­қиялық қасиеттер жинақталған тұлға. Романдағы Сапар бейнесі – екіжүз­ділік­тің, алаяқтықтың көркем жинақ­тал­ған үлгісі. Шаруашылық басшысы Рәш кейін Алматыға оқуға кетіп уақыт­ша  бастық  болған Сапар  өркөкіректіктің, мейірімсіздіктің, ортақ қазынаны талан-таражға салудың батпағына батып – ақыры әшкереленіп тынады. Оқудан оралған Рәш колхоздың барлық шаруасын тексертіп, прокурор келіп, талан-таражға тосқауыл қойылады.

Жазушының «Шың мен шыңырау» романының тақырыбы арқауында ХХ ғасырдың 50-60 жылдарындағы Қа­зақ­с­тан ауылшаруашылығындағы хал-ахуа­лы реалистікпен бейнеленген. Идея­­сы –  еңбек ұжымын ұйымдас­тыру­да­ғы жеке тұлға  өнегесінің, тағы­лы­мы­ның  ық­палды қуатын дәлелдеу. Жеті та­раудан тұратын романның басты кейіп­ке­рінің түптұлғасы (прототипі) – Қазақс­тан­ның ауылшаруашылығы  да­муы­ның  тарихында аса көрнекті орын алған тұлғалардың бірі, екі мәрте Социа­листік Еңбек Ері Нұрмолда  Алдабергенов.

Романдағы аты-жөні Хақназар Ха­лық­бергенов болып аталған бас кейіп­кердің колхоз шаруашылығын басқару­дағы ұжымды жемісті жұмылдырудағы еңбекке ақыл-ой қабілеті іскерлігімен айқындалады.

Басты кейіпкердің халықтың ортақ бақыты үшін жан аямайтын, тынымсыз еңбек ететінін оның өмір кезеңдеріндегі оқиғалар дәлелдейді.

Жазушы Ұзақбай Доспанбетовтің әдеби-сын мақалалары, зерттеулері жинақталған «Тіл өнері дертпен тең» (2006) атты кітабы да әдеби үдерістегі жанрлар табиғатын  сыншылдық көр­кем­­дік-эстетикалық талғам, таным тұр­ғы­сы­нан бағалауымен ерекшеленеді. Про­за­дағы көркем шығармаларымен де, әдеби сындағы шыншыл тағылымды мақалаларымен де, әдеби-мәдени та­ным­дық мәнді зерттеулерімен де жұрт­шы­лықтың жылы ықыласына ие болған көрнекті қаламгердің ұлттық рухани мәдениетіміздегі биік тұғырлы тұлғасы айқын танылады.

Жазушы Ұзақбай Доспанбетов ХХ ғасырдың 60 жылдарынан бастап, қазіргі ХХІ ғасырдағы әдеби үдерістегі елеулі шығармашылық тұлғасымен ұлт мәдениетіне  қосқан қомақты үлестері­мен халқымызға танымал суреткер қа­ламгер. Сөз арқауында айтылған көркем прозада­ғы елеулі туындыларымен әдеби сынға, ұлт тағдырына арнал­ған мақала­ларымен бірге, ел тарихындағы белгілі ақындардың (Бақтыбай Жол­барыс­ұлы, Пішән Жәлмендеұлы, Қыдыр­әлі Мең­лі­байұлы, Сәмет төре Малаев, Арал Тоқпақов, т.б.) шығарма­ларының кітап болып жарық көруін, баспасөзде жариялануын ұйымдас­тырды. Ұзақ жылдар бойы «Жұлдыз», «Балдырған» журнал­да­рының алқа мүшесі болды, «Балдыр­ған» журна­лы­ның жыл сайын үздік әңгімелерге бері­летін сыйлықтарының ие­гері, сонымен бірге, осы журналдың отыз жыл­дық мерейтойында Қазақстан комсомолының Құрмет Грамотасымен марапатталды. 1999 жылы жазушыға туған ауылының, 2009 жылы Ескелді ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. Қорыта айтқанда, жетпіс бес жастың белесіне елеулі шығармашылық еңбек жемістерімен жеткен қаламгер  Ұзақбай Доспанбетовке табыстар тілейміз.

Темірхан   ТЕБЕГЕНОВ,
филология ғылымының
докторы, профессор.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір