«СӘКЕҢ ҚЫЗЫҚ ЕДІ ҒОЙ…»
20.05.2016
2339
0

СайлауҰят болады-ау деп, ешкімнен де қаймықпай, кім айтатынын кімнің де болса бетіне сарт еткізсе, сол нағыз батыр адам деген мағынадағы жолдарды бір басылымнан көзім шалып еді. Ендеше,  Сайлау да /Пернебаев/ нағыз батыр болды ғой!

 

Иә, біреулер айтпағанды біреулер айтады. Біреулер айта алмағанды да біреулер ай­тады. Айтудың да айтуы бар ғой десек те, қаламдас-қатарластар Сайлау, Сайымжан, Өтежан, Бекділда, Кеңшілік, Есенжол марқұмдар сондай еді ғой.

Бірнеше жерде Сайлау әңгіме болып қал­ды. Ол әңгімелердегі асты қызыл бояумен сызылған жолдар: «Ой, Сәкең қызық еді ғой», «Ой, Сәкеннің аузы батыр еді ғой».

Еске алу, ауызекі айту бір басқа да, қа­ғаз­ға түсіру бір басқа ғой. Бір шағын оты­рыс­та Сәкең марқұмның қызы Айнұр кө­зін маған салып:

– Аға, папам жайында естелік кітап шы­­ғарсақ па деген ойымыз бар еді, соның сә­тін түсіре алмай-ақ қойдық, – деді қатты қа­мығып.

« – Сәтін түсіре алмай? Неғып?».

– Осындай кісінің қызы едім, естелік жа­зып беруге мүмкіндігіңіз бола ма деп па­памның көзін көрген, қатар жүрген біраз жора-жолдастарына, қызметтестеріне құлақ­қағыс қылғанмын…

– Содан?

– Бәрі де: «Ой, айналайын, Сәкеңнің қы­зымын деймісің? О-ой, Сәкең қызық еді ғой. Естелік деймісің, жарайды, ойланайын», – дейді де үнсіз қалады. Телефонмен, не кездесіп қалғанда сол «ойланайын­ды» естеріне салсам, біреуі «қап» деп қал­балақтап қалады. Біреулері «ойбой, со­ны… соны…» деп сөзінің аяқ жағын шұ­быр­тып жібереді.

– Әр түрлі тіршіліктер қабаттасып ке­теді, не денсаулық мүмкіндік бермей қоя­ды – оларға түсіністікпен қара, тағы да ес­­теріне сал, айналайын. Мен де ойланайын, ұзатпауға тырысайын. Сөзі де, жүріс-тұрыс, қалпы да ешкімге ұқсамайтын, еш­­кімді де қайталамайтын папаң шынында да қызық еді ғой, марқұм.

Неден шыққаны есімде жоқ, бір көңілді ортада Сәкең /Сайлау/ жайында әңгіме боп қалды. Бізге қарама-қарсы отырған мұрт­ты, жүзі таныс замандас аузын ала­қа­нымен басып бір күліп алды да, ортақ әң­гі­мені әрмен қарай жалғастырып әкет­ті.

– Ой, Сәкең айтқыш еді ғой, қызық еді ғой. Қалжыңы қайсы, рас-өтірігі қайсы – кейде әңгімесіне нанар-нанбасымызды білмей ойланып қалып, артынан күліп алушы ек.

Бұл замандастың «нанар-нанбасы­мыз­ды білмей» деген сөзі менің де ойымды қоз­ғады. Бірақ ол отырыста сыртқа шығар­ғаным жоқ.

Кеңес Одағы кезінде лауазымды қыз­меттер атқарған /обком, орталық партия ко­митет, т.б./ көршіміз Нұрекең сырттағы отыр­ғышта отыр екен, бұрылып барып сә­лемдесіп ем, дауысы ыңғайсыздау шық­ты.

– Ай, Уақа, бұ қазақтың қатындары не бо­лып бара жатыр?

– Жайшылық па, Нұреке?

– Кеше де тап осы жерде отыр едім, біз­дің анау Сайлау көрші бір жағынан асы­ғыс келе жатып, оң қолын көтеріп сәлем­дес­ті. Мен де қолымды көтеріп:

– Ау, Сәке, асығыссың ғой. Не жаңа­лық? – дей беріп ем, ол: «Ойбай, не жаңа­лық сұрайсыз. Жаңалық көп қой. Қатыным мені тастап, бір орысқа шығып кетті», – де­ді.

Мен күлкіден түкірігіме шашалып қал­дым.

– Ай, Нұреке, сіз де…

– Не, бекер ме?

Қай әйел орысқа шығып кетеді. Сіз Нә­зипаны жақсы білмейтін шығарсыз. Ол өте сабырлы, ақылды әйел.

– Қайдан білейін, шынымен нанып қал­дым.

«Жақсы білмейтін шығарсызды» кіш­кене таратып айтайын.

Әл-Фараби мен Достық даңғылының қиылысындағы дөңгелек үйге біз 1988 жы­лы қоныстандық. Сайлау екеуміздің отба­сымыздан басқалары бізге бейтаныс. Ма­ған қарағанда Сайлау ашық, көңілді ғой, көршілермен тез танысып кетті. Қолынан фотоаппараты түспейді. Ара-тұра отыра қа­лып, тұра қалып, келе жатқан, кетіп ба­ра жатқан кейбір көршілерді әңгімеге тар­тып, аппаратына түсіріп алады. Көршілер таныстығы бірте-бірте дастарқанға жал­ғасты. Жаңағы «жақсы білмейтін шы­ғар­сыз» осындай реттен айтылып еді.

Көкбазардың қарсы бетіндегі тоғыз қабатты ғимарат жетпісінші жылдары пай­далануға берілді. Әр жердегі газет-жур­налдар редакциялары сол ғимаратқа көшіп барды. «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясы үшінші, «Ара-Шмель» сегізінші қабатта. Сайлаумен жиі ара­ласуымыз, негізінен, сол уақыттан бас­талды. Сосын балаларымыз 12-ші мектепке барды. Сәкеңнің Айнұры біздің Құра­лайымызбен бір сыныпта оқыды. Одан бір үйден құттыхана бұйырды. Сәкеңнің пә­тері 6-шы, біздікі 10-шы қабатта. Қашан кез­дессек те қалжыңды бастайтын – Сә­кең.

Бірде есіктің алдындағы отырғыш­тар­дың бірінде отыр екен, мені көріп сәлем-сауқаттың артынша қалжыңын бүркіп жіберді.

– Ай, қырсық, құдайға жақынсың ғой, ол жақта не жаңалық?

– Жерге жақынсың ғой, елде не жаңа­лық?

Қайран Сәкең-ай, бойында бір түйір жасандылық, сөзі де қалжыңы да – бәрі-бәрі табиғи, шынайы еді ғой.

Көз көрген қатар-замандастар айтса айтқандай, Сәкең қызық екені қызық еді ғой. Ешкімнің шен-шекпеніне, жасына, сақалына қарамайтын, айтатынын айтып тас­тайтын. Артықтау да кететін. Өткен жы­лы өмірден озған бір замандасымызға ба­лалары құран бағыштап, ас берді. Сол дас­тарқан басында молда ұз-а-ақ уағыз ай­тып тұрып алды. Әр тұстан күбір-сыбыр ес­тілді. «А-ай, осы жерде Сәкең марқұм бол­са ғой», – деп, мен оның бір қаралы жиын­дағы сөзін есіме алдым. Былай болды.

Демі біткен қаламдас-замандастың денесі үйдің ауласына шығарылды. Ақыр­ғы сапарға шығарып салғалы келген үл­кен-кішілер бірнеше қатар боп сап түзеп тұр. Молда өз қызметін атқаруда. Уағы­зы­ның бір қайырлысында: «Қадірлі ағайын, ақтық сапарға шығарып салғалы тұрған бұл азамат ораза айында қайтыс болды, о дүниеде жұмақтың төрінде отырады», – деді. Сол сол-ақ екен, менің қасымда тұр­ған Сәкеңнің дауысы саңқ ете қалды. «Ораза айында қайтыс болғандар жұмақ­тың төрінде отырса, өзің неге өлмейсің?». Күлерімді де, күлмесімді де білмей мен Сә­кеңді түртіп қалдым, «Сәке, Сәке…». Есті­мегендей болды ма, молданың аузы уа­ғызын әрмен қарай жалғастырып әкет­ті.

Әр түрлі басқосуларда, жиын-тойларда Сәкең екеуміз қатар отырып қаламыз. «Сә­ке, Сәке!», «Сәке, тихо!» ара-тұра сондай басқосуларда аузымнан шығып қала­тын. Сол «Сәке, Сәке» бірде аузымнан ұшып шыға беріп еді, Сәкең: «Мен осы әуе­лі қоты­нымнан қорқамын, сосын сенен қор­қамын» деп, ойламаған жерден мені «ног­даунға» түсірген еді. Қайран, Сәкең!

Сайлаудың бойынан біз байқаған тағы бір жақсы қасиет – палау пісір­гіш еді. Бірде үйге ел жақтан кісілер келіп қалды. Бала­лардың шешесі мектеп-интернаттан кей күндері кеш шығады. Оны күтіп, қонақ­тарды иіріп қоймайын деген оймен асүйдегі ыдыс-аяқтарды салдырлата беріп ем, Сайлау кіріп келді.

– Оу, көкнада нема қып жүрсің, қотын қайда?

– Оның бүгін интернаттан кештеу шы­ға­тын күні. Ел жақтан кісілер келіп қа­лып…

– Не, ет асасың ба?

– Жоқ, палау.

– Бері апкел. Құйрық май қайда?

– Міне, тоңазытқыштан жаңа шығар­дым.

Сәкең шаруға кірісіп кетті. Құйрық майды майдалап турап отырып:

– Мынадан бір түйір де қалмайды, – де­ді.

Расында да солай болды. Мен болсам төгіп-шашып, күйдіріп-жандырып…

Сыртқы, есік алдындағы отыр­ғыш­тар­ды әр кезде айтып-жазып жүрмін. Айналасы шырша, басқа да әр түрлі ағаштар. Сая­жайынан ба, басқа жақтан ба, білмей­мін, ол ағаштардың біразын ақ тер, көк тер боп жүгіріп жүріп Сәкең өз қолымен отыр­ғызды. Өзі жоқ, ағаштар жылдан-жылға жайқалып өсіп келеді. Көз көрген көршілер Сәкеңнің сол қызметін оқта-текте еске алып қояды.

Қауырт-қарбалассыз өмір бар ма. Қа­шан көрсең де Сәкеңнің сүрініп-қабынып жүргені. Балконның терезесінен көріп қаламыз – фотоаппаратын асынып, бір жақ­қа қапылып кетіп бара жатады, қапы­лып қайтып келе жатады. Өмірінің соңғы жылдарында ғана жүрісі баяулап, қал­жыңы азайды. Бұрынғыдай фотоаппарат жоқ, ол-пұл салған торқалта ұстап жүрді. Бір қарсы ұшырасып қалғанымызда қо­лындағы торқалтаны жоғарырақ көтеріп: «Мынаның бәрі дәрі. Қырық түрлі. Дәрігер бәрін іш, сонда өлмейсің деді», – деп жүріп кетті.

Қарбалас өмір – жақсы өмір, қалған өмір – басқа өмір десек те, оның «астапыралласы» да бар-ау. Сондай ретпен, Сәкең 50 жасқа толғанда /29.10.1989 ж./ өлеңмен бір ауыз тілек айтқанмын. Еске түсі­рейін.

Сәке!

Елуге шейін Ту ұстап жүрдің.

Серілік құрдың… Гүл ұстап жүрдің.

Сағатпен енді санасқан дұрыс,

Кетпесін жығып жұмыстар сүргін.

Тұспал – жанағы айтқан қатты қар­ба­лас. Неден болса да Сәкең ортамыздан, әт­тең ертерек кетті ғой!

Еңбегі бағаланды ма, жоқ па, қанша жыл жолдас болсақ та ол жайынан әңгіме қоз­ғамаппыз. Бір әңгіме барысында сурет­терінің республикалық қана емес, «Правда», «Известия», «Литературная газета», «Труд» басылымдарында басылғанын, Франция, Куба сияқты дүниенің бірсы­пыра елдерінде болғанын еске алды. Бауыр­­­жан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Ра­­хымжан Қошқарбаев, Шәмші Қалдая­қовтармен тұз-дәмдес болғанын күлкі ара­ластырмай айтты. Өзі түсірген бұл тұл­ғалардың және Қонаевтың суреттері кө­зінің тірісінде үйінде айнаның алдында, қабырғада ілулі тұратын. Сурет демекші, біздің үй-ішімізде де, қонақтарымызды да фотоаппаратына талай салып алды. Бір өкініштісі, екеуміз қатар тұрып, қатар оты­рып бірде-бір суретке түспеппіз!…

…Отаныңда тыныштық, отбасың аман. Балаларың абыройлы, Сәке. Иманың жол­дас болғай. Әумин!

Үмбетбай  УАЙДИН.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір