ҰЛТТЫҢ КҮРЕТАМЫРЫ
13.05.2016
2493
0

ортакЕлдің әлеуеті экономикасынан байқалса, руханияты оқу-білім арқылы толысады. Бастан өткен талай  тарихы ауыр күндер бәйтеректі арлы-берлі шайқалтып, топырақтағы тамырын үзе жаздаған жағдайлардың куәгеріміз. Оқу-білім жүйесін  осындай бәйтерекке теңесек, түрлі дауылдардан аман өткен ұлттық дүниетаным  бүгінгідей бейбіт заманда жаңа дәуірдің жақсылықтарын игере отырып,  одан әрі жайқалуы тиіс еді. Алайда, соңғы кезде білім саласындағы басшылардың аузынан шыққан өзгерістер туралы хабар осы саладағы мамандар мен білім алушыларды әжептеуір сарсаңға салып қойды. Ұлттың күретамыры іспетті білім саласындағы мұндай өзгеріске ел тұрғындарының ешқайсысы бей-жай қарай алмайтыны анық. Бүгін оқу жүйесіндегі осы өзгерістер жайлы бірқатар мамандарды әңгімеге тарттық. Көшелі адамдардың пікірі төмендегідей.


– Халықтың жүрегіне жол табатын сөз­­ді аузы дуалы шешен адамдар, оң мен со­­лын кеңінен танитын абыздар, болмы­сы ерекше тұлғалар айтып, ұлтты ұйыта ала­тын еді. Қазіргі білім және ғылым са­ла­сын­дағы басшылардың ұлттың ке­ше­гі­сі­нен мол хабар беретін әдебиет пен та­рих пәніне деген енжарлығы осындай шешен, ұлт­ты ұйыта алатын адамдардың азаюына әкеліп соқпай ма? Заман талабына сай ен­гізілген жаңа пәндерге жіті мән беріп, қо­ғамтану мен гуманитарлық пән­дерді екін­ші кезекке ысыру қан­ша­лық­ты орынды?

еркин6Еркін ДҮЙСЕНБАЕВ,
педаго­ги­ка­лық өсу­лер орталығы,
бағалаушы-экс­перт:
– Еліміздегі білім саласы алдыңғы қа­­­тарлы озық мемлекеттердің үлгісін иге­ру­ге көшті. Жапондық білім беру жүйе­­сінде бастауыш сыныптардағы са­бақ­тар тек жапон тілінде оқытылады.Тех­никалық пәндерге 7 сыныптан бас­тап басымдық беріледі. Техникалық бі­­лім мемлекеттің алға жылжуына се­беп­­­кер болады. Заман көшіне ілесу мақ­са­­тымен жаратылыстану пәндеріне ба­сымдық беру тіл мен әдебиетті екінші орынға ысыру деген сөз емес. Еліміздегі өзге ұлт өкілдері тұрғай, қазақ бола тұра қазақша сөйлей алмайтындар бар. Бұған мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні­нің тікелей әсері болды деп айта алмаймын. Білім беруде – пәнге бөлінген са­ғат­­тың саны емес, әдістеменің тиімділігі маңыз­ды роль атқарады. Кейінгі уақытта тек тіл-әдебиет қана емес, басқа да пән­дердің сағаттары қысқартылып жатыр. Жекелеген пәндерден гөрі бірнеше пәнді бі­ріктірген кешенді сабақтарға басым­дық берілуде. Сол себепті, қазақ тілі мен әде­биеті пәнінің сағаттарының қыс­қаруы болашақта шешен, ұлтты ұйыта ала­тын адамдардың азаюына әкеледі де­генге қосылмаймын.

жаннат1Жаннат ӘБДІҚАЙЫМҚЫЗЫ,
Абы­лай­­хан атындағы Қазақ Халықаралық қа­­­­тынастар және
әлем тілдері универ­си­те­тінің доценті:
– Жаңа пәндердің енуі – заман талабы. Компьютерлік технологиялар да­мы­ған заманда онсыз алға жылжу мүмкін емес. Менің ойымша, кез келген жаңа пән­­ді енгізу бұрынғы қалыптасқан пән­дерге кері әсерін тигізбегені жөн. Мә­се­лен, біз оқыған уақыттағы «Қазақ солдаты», «Өмір мектебі», т.б. шығармаларды кейін­гі ұрпақ білмей өсіп келеді. Тарих са­бағынан да қазіргі буын біздің қа­тар­ластарымыз секілді терең білім алмай отыр, оған менің мұғалім ретінде ішім аши­тыны рас.
Сәт сайын жаңарған қо­ғам­да бұрын­ғыдан өзге, таңсық өзге­ріс­тердің болуы заңды құбылыс. Түпкілікті бі­л­імнен ауытқымай, заман талабына сай бейім­деле отырып өз пәнін оқушыға меңгерту әр мұғалімнің өз ісіне деген адалдығы мен жауапкершілігіне байланысты. Әр мұғалім өз ісіне сыни тұрғы­дан да, жаңа­шылдық тұрғысынан да қа­рай білгені маңызды. Қазақ әдебиеті пә­нінің мұғалімі де оқушысына ХХІ ға­сыр­дың жаңашыл әдістері арқылы клас­сикалық шығармаларды сіңіруге тиіс.

– Қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы пәндерін жетік меңгермеу ұлттық болмыстан алыстата түсетіні анық. Білім са­ласындағы соңғы өзгерістерден ұлтқа жа­қындаудан гөрі алыстау белгілері бай­қалады. Бұның соңы ұлтты қайда апарады деп ойлайсыз?

Еркін ДҮЙСЕНБАЕВ:
– Бұрындары кез келген жаңашылдық (инновациялар) міндетті түрде сынақтан өткізілетін. Сынақтың нәтижесіне қа­рай келесі қадам анықталатын. Қазір біз­де мұндай сынақтар өтпейді, қай өзгерісті де ала-шапқын, асығыс енгізіп жатқан жағдайлар бар. Пәндерді біріктіру идеясы жалпы алғанда жақсы бастама. Бірақ ол қалай жүзеге асады?.. Мәселе сонда… Қазақта «Әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін кор қылды» деген сөз бар.Жақсы идея­ның дұрыс жүзеге аспағаны үшін идея­ның соңынан шам алып қуудың қажеті жоқ. Сондықтан мұндай жақсы идея­­лар­ды «Жеті рет өлшеп бір рет кескен» жөн. Арнайы сынақтан өтіп, белгілі бір нәтижесін көрген соң ғана қолданысқа енгені тиімді болар еді. Идеяда кемшілік жоқ, оны жүзеге асыру барысы еш дайын­дықсыз, тым асығыс өтуде.

Жаннат ӘБДІҚАЙЫМҚЫЗЫ:
– Кез келген салада бір жүйені ұзақ уа­қыт ұстанбай, жиі өзгерте беру, менің ойым­ша, дұрыс емес. Білім саласындағы жиі өзгерістер де тұрақты жүйенің ор­нығуына кедергі келтіреді. Дәл қазір біз­дің мектептерде тарих пен география­ны бірдей жетік меңгерген мұғалім бар деп ойламаймын. Ал оны дайындау кем де­генде 5-6 жыл уақытты талап етеді. Жо­ғары оқу орындарының өзіне де осы ма­манды дайындау үшін оқулық қажет.Сон­дықтан мұндай күрделі өзгерістерді аяқ асты, күрт енгізу жөн емес, бірте-бір­те сатылай енгізу керек.

– Тіл мен әдебиетті немесе тарих пен геог­рафия пәндерін қосып оқыту тәжір­и­бесі өзге елдерде бар ма? Мұндайда кадр мәсе­ле­сі қалай шешіледі деп ойлайсыз?

Еркін ДҮЙСЕНБАЕВ:
– Шетелде мұндай тәжірибе көп. Мә­селен, Сингапурде «Сыни ойлау» де­­ген сабақ бар. Оған логика, психология, тарих, тіл, тіпті математика кіріп кетеді. Дәл осы пән сингапурлық қыз-жі­гіт­­тер­дің әлемдік талаптарға тез бе­йім­делуіне ті­келей әсер етеді. Азамат­тар­дың бар­лы­ғы дерлік үш тілді жақсы біле­ді, ондағы тұрғындар «балаларымыз білімді болмаса аштан өледі» деп айтады екен. Сол себепті де, бірінші орынға жекелеген пән­дерден гөрі кіріктірілген пәндер­ді­ қояды. Біздегі басшылар, меніңше, шетелдің осындай тәжірибесін негізге алып отыр. Де­генмен, ол идеяларды жүзеге асыратын механизмдер бізге лайық келе бер­мейді. Біздің жүйеге сай, ұлттық ерек­ше­ліктерге лайық механизм жасалуы ке­рек. Мәселен, біздің ата-бабаларымыз бұдан екі ғасыр бұрын арнайы мектепте оқы­ған жоқ, бірақ жадылары мықты бол­ды. Санамақ айтты, жаңылтпаш жат­тады, олардың білімі күнделікті өмір­мен қатар дамыды. Одан бертін келе баланың тіл мен әдебиетті меңгеруіне ата-ана да тікелей араласты, әжелеріміз ертегі оқыды, аталарымыз жырларды жат­қа айтты. Өткен ғасырдың ортасына дейін бұл үрдіс жақсы жалғасты да, одан кейін барлық мәселе мектеп мұғалім­деріне жүктелді. Тіл мен әдебиет күнде­лік­ті тұрмыс-тіршіліктегі қарым-қаты­нас­тан «пән» деген ұғымға байланып қал­ды.
Шетелде бір мұғалімнің бірнеше пән­нен сабақ беруі таңғалатын дүние емес. Ал біз бірнеше пәнді біріктіріп жі­бер­­ген соң ғана оған мұғалімдерді дайын­­дау туралы ойланып отырмыз. Мұның білім саласын ақсататыны анық. Қазір, менің ойымша, кадр дайындау үш жақты жүргізілгені жөн. Бірінші – жо­ғары оқу орындарында дайындау, екін­ші – мектептегі сабақ беруші мұғалімді дайындау, үшінші – баяғыдағы педкласс тәжірибесіне сүйеніп, сабақ беруге бейімі бар жоғарғы сынып оқу­шы­лар­ды оқыту.

Жаннат ӘБДІҚАЙЫМҚЫЗЫ:
– Шетелдің көп мектептерінде 9-10 сы­ныпта әлемдік тарих пен география ин­теграцияланған, яғни бірге оқы­ты­лады. Әлемдік тарих және география бір-бірімен тығыз байланысты болған­дық­тан бір субъект ретінде қарас­ты­ры­лады. Белгілі бір тарихи оқиғаға қатысты сабақ өткенде оның қай жерде, қай мемлекеттің  территориясында  болға­нын ай­тады. Мәселен, Жібек жолы туралы са­бақта Орта Азияның картасын қоса үйрет­кен ыңғайлы деп есептейді. Әлем­дік тарихи оқиғаларға қатысты әр са­бақта географияға қатысты қосымша мәлімет берілетіндіктен, осы артықшы­лық­ты олар ұтымды пайдаланады.
Ал қазақ тілі мен әдебиеті пәні қатар жүргенімен бұл екі пәнді жоғарыда айт­қан тарих пен география сияқты бірік­тіру мүмкін емес. Өйткені, екі пәннің қамтитын аясы мен мақсаты екі бөлек. Мор­фология, синтаксис, грамматика, ор­фографияны қамтитын тілді әдебиет­пен қалай кіріктіруге болады. Бұл екі пән­ді бөлек оқытпаса шала сауатты ұрпақ өсіп, ғасырлар бойы оқытылып ке­ле жатқан жүйе қалпынан ажырап қалады. Мен ағылшын тілінің маманымын. Мұнда да грамматика мен әдебиет қатар жүреді, бірақ бір сабақ тілге арналады, бір сабақ әдебиетке арналады.
Осы орайда кадр мәселесінен бұрын оқул­ық мәселесі алдан шығады. Тарихты географияға қосқанда екеуінің бірі де ақсап қалмайтындай етіп оқулық дайын­дау керек. Сосын соған сай ма­ман­дар дайындалуы тиіс. Маман даярлау өте көп уақытты қажет етеді.

 – Жиырмасыншы ғасырдың басында «сауатсыздықты» жою науқаны жаппай жүргенінен хабардармыз. Жаңа за­манның талабы ескі заманның білімін мойындамайтын кезең бүгінгі қазақ ұлтының басына тағы туған секілді. Жиырмасыншы ғасырдағы білім алу саласындағы өзгерістердің ұлтымыз үшін оңтайлы жағы көп болғанымен, жас ұрпақты тамырынан алыстатқан тұсы да жоқ емес. Қазіргі білім саласын­дағы өзгерістер шала сауатты ұрпақтың кө­беюіне әкеліп соқпай ма?

Еркін ДҮЙСЕНБАЕВ:
– Ол да бар, мұны жоққа шығаруға бол­майды. Адам баласы үй салған уа­қыт­та кез келген кірпіш алдыңғы кір­піш­тің жобасымен, соның ізімен қа­ланады. Жаңа заманның ілімі ұлттың о бастағы білімімен байланыспағанда тамырынан алыстаған ұрпақ өсіп шы­ғады. Дегенмен, кадр мәселесі дұрыс жол­ға қойылса мұндай мәселе тумайды деген ойдамын. Бізде мұғалімдерді өзі­нің негізгі ісінен өзге жұмыстарға жегу көп. Көше сыпыруға да, сайлау науқа­ны­на да мұғалімдер жүгіріп жүреді. Мә­селен Сингапурда, Оңтүстік Кореяда бір көшеге мұғалім келсе, сол көшенің тұр­ғындары жас-кәрісіне дейін «Біздің кө­шеге мәдениет келді», – деп қуанады екен. Мұғалімді қадір тұту мемлекет тара­пынан ғана емес, халық тарапынан да жақсы жолға қойылған. Бізде де осы мә­селені қолға алса кадрдың біліктілігі ту­ралы мәселені шешу қиынға түспес еді.

Жаннат ӘБДІҚАЙЫМҚЫЗЫ:
– Қазақтың өткен өмірінен, тарихынан мол хабар беретін классикалық шы­ғармаларды терең меңгеруде бүгінгі ұр­пақ, біздің буынмен салыстырғанда шала білім алып жатыр, ол өкінішті. Ал қазіргі қоғамның толық мүшесі ретінде өзін еркін сезінуі үшін бала көп нәрсені білуі тиіс. Шамалап айтқанда, заманға сай мәдениет дағдыларын игеру, шет ті­лін білу, өнертапқыштық ойлау жүйе­сіне икемделу, өзін көпшілік алдында көр­сете білу, қаржылық сауаттылық, шы­ғармашылық тұрғыдан ойлау, ұжым­дық жұмыстарға бейімділік, кез келген ортаға тез бейімделу, көп мәдениеттен ха­бардар болу сынды талаптарға сай болуы керек. Қазіргі оқу жүйесі бұ­рын­ғыдан басқаша. Бұрындары мұғалім не айтса соны заң деп қабылдадық, ал қазір сту­денттердің өз ойын еркін айтуға, өз көз­қарасын білдіруге толық құқығы бар. Осы­ны ескере отырып, өзіміздің клас­сикалық оқу жүйесіне кейінгі білім беру саласындағы  жаңашылдықты енгізу ке­рек.


Бигайша Медеуова 2БҰЛ – БІЛІМ РЕФОРМАСЫ ЕМЕС, ТІЛ РЕФОРМАСЫ

Биғайша МЕДЕУОВА,
ақын, Ағарту ісінің үздігі,
Ы.Алтынсарин төс белгісінің иегері

Қазақ этносының қалыптасуы 4 мың жылға со­зылды. Қазіргі қазақ тілі сақ, үйсін, қаңлы, ғұн, түркі, қыпшақ кезеңдерінің жемісі. Жазба және ауыз әдебиетінің алтын тұғыры болған қа­зақ тілінің тағдыры қалам ұстағандардың бү­гінгі алаңы болып отыр. Педагогикалық ба­сы­лым беттерінде жазылған пікірлермен жанай­қайларынан көз сүрінеді. Билік естімейтін саңы­рауға айналған сияқты. Жер туралы қазақ елінің буырқаныстары тіл буыр­қаныстарына ұласып барады. Биліктің саяси ойындары қазақтың жаны – жер мен тілді айналып өтпесе болмайтын сияқты.

Білім министрі Е.Сағадиевтің реформасын қалай «әшекейлесе» де қолдай алмаймын. Бұл – білім реформасы емес, тіл реформасы. 45 жыл ұстаздық ғұмырымда дәл осын­дай асығыс, пісіп жетілмеген, қайта құруды көрмеппін. Көзіқарақты қазақстандық бі­лім саласындағы «жалпақшешейлік синдромының» экономикалық зор секіріс жа­сауға пайдасы тиеді дегенге сенбейтіні хақ. Жапония жапон тілімен, керек десе кимоно­сы­мен өркениеттен ойып тұрып орын алды. Қытай экономикасы үш тілділіктен дамып отыр ма? Ресей үштілділікке қалай көшеді? Біздікі не секіріс? Үштілділік – қазақ тіліне назар аудара бастаған диаспоралардың ынтасын кемітіп отыр. Оңтүстік Корея ғылым мен индустрияның ғаламдық көшбасшысына корей тілін құрбандық жасау арқылы жетіп отыр ма? Парадокс!

Аксиомалық  ақиқат – ағылшын тілінде 1,5 млрд. адам сөйлейді екен делік. Бәсекеге қа­білеттіліктің ғаламдық индексін иемденген озық 10 ел көптілді екен делік. Халқы ағыл­шын тілін жақсы меңгерген елдердің жан басына шаққандағы табысы жоғары екен, жұмыссыздық аз екен делік. Адами капиталының деңгейі биік екен, бизнес- кли­мат тамаша екен делік. Тәуелсіздігіне 25 жыл ғана болған қазақ мемлекетінің әлеуетін жо­ғарыдағы 10 елмен салыстыруға бола ма? Мемлекеттік тілді екінші орынға ысырудың же­тілдірілген, заманауи үлгісі – Сағадиев синдромы.

Енді ағылшын тіліндегі телеарналар, басылымдар көбейеді деген сөз. Менің пі­кі­рім­ше, ұлтсыздық Елбасы беделін түсіріп отыр. Нұрсұлтан Әбішұлының «Мәңгілік ел» идеясынан халқы рухтанды. Бірігу, топтасу, бір тудың астына ұйысу басталып еді.

Қазақ тілі – ұлт лингвистикасы. Қазақ әдебиеті – ұлт идеологиясы. Қазақтың төл құ­жаты – тіл әдебиет, тарих,мәдениет, ғылым. Республиканың адами капитал деңгейі ұлт­тық санасымен өлшенентінін басқа-басқа, ғалым Сағадиев білмей отыр ма?
Фун­к­цио­налдық білім беру АҚШ-та 1960 жылдары бастау алды. Мәні – жан-жақты бі­лім­ділік, әмбебаптық. Содан бері 60 жыл өтті. Олар көп қиындықтардан өтті. Ұлт­сыз­дық идеологиясын қолданатын ел – Америка. Себебі, онда Автохтонды ұлт – үндістер жойыл­ған. Бізде байырғы ұлт мемлекет құрып отыр. Әрі мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Қан­дай реформа болса да Елбасының «Мәңгілік Ел» моделін жоққа шығаратын қа­дам­дар жасалмауы керек. Елімізде саяси, экономикалық дағдарыс дендеп тұрғанда тіл дағ­дарысын туғызу кімге қажет? Қазақ тілі – көшпелілер өркениетінің алтын қазығы бо­лып отыр. Әлемдегі 18 түркі мемлекетінің тілі мен әдебиеті қазақ тілінен – ата­жұр­тынан кіндік үзген жоқ. Министрдің уәжіне қарасақ, Қазақстан ағылшын тілін мең­геру­дің халықаралық рейтингісі бойынша 63 елдің ішінде 54-ші орында екен. Бұл – ке­леңсіздік екен. Бұл – намысымызға тиеді екен.

Рухани құндылығымызды ағылшын тілін білу деңгейімен өлшеуді БҰҰ ұсынып отыр­маған болар. Дүниежүзінің тарихы пәнін Қазақстанда орыс тілінде оқыту қандай қа­жеттілікті көрсетеді? Африка, Азия, Латын Америкасы, Еуропа орыс тілінде сөйлей ме? Мүмкін ислам елдері сөйлейтін шығар? Бұл – кешегі отар ТМД аймағына қажет пе? Орыс тілін әлемдік деңгейге көтеріп отырған біздің министр ғана. Тілдік орта қазақ ті­лінің қолданылуына қызмет етуі керек.

Реформа біржақты: «балаларымыз қарым-қатынаста тілдік психологиялық ке­дергіні» сезінбеуінің тәсілі – қазақ тілі мен әдебиетті қосып оқыту ма? Білімді ана ті­лін­­де алу құқығын жоюға министрге кім құқық берді? Атап айтқанда, жаратылыстану пәндерін ағылшынша оқытуды қай ата-ана сұрады?

Реформа талқылануда. Қай тілде оқытуды мәжбүрлеусіз-ақ болашақ орнына қояды. Көп­тілділік күштеусіз қажеттілікке айналатын уақыт келеді. Көптілділік ана тілі есе­бі­нен дамытылмауы керек.

ҚР Конституциясы II бөлім, 19 баптың екінші тармағы былай дейді: әркімнің ана ті­лі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым -қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық ті­лін еркін таңдап алуға құқығы бар. Ендеше, ниеті жақсы, жас реформатордың қазақ тілі мен әдебиетінің екі ғылым ретінде оқытылуына, Қазақстан тарихы мен құқығының оқы­тылуына шектеу қоюға құқығы жоқ деп есептеймін. Әрі биология, физика, матема­тика, химия пәндері түрлі ғылым салалары. Оны бір-біріне қосып, ағылшын тілінде оқы­туға мәжбүрлеудің заңдылығы қандай болмақ?

Конституцияда мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық дейді. Сол ха­лық­тың билігін иемденіп кетушілік заң бойынша қудаланады (3 тармақ). Көкейкесті ой­лар өте көп. Ортақ ақпараттық өріс шеңберінде ұлттық педагогика неге жоқ? Қ­а­зақстан білімді ел. Білім саласындағы олқылықтарды реттеуге шамасы жететін елміз. Тың­­­дайтын құлақ болса болды.

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір