ЛАШЫН
13.05.2016
4346
0

Толеубек(Әңгіме)

Төлеубек ЖАҚЫПБАЙҰЛЫ

Жазушы атану бар, жазушы болып қалу бар. Екіншісіне қарағанда, біріншісі оңайырақ, әрине. Өмірден ерте озған Төлеубек Жақыпбайұлы тірісінде жазушы атанған, көзі кетсе де жазушы болып қалуға лайық қаламгер. Табиғат тынысын жақсы сезінетін жазушы саятшылықты, қыранның жаратылысын өте жақсы білді. Оқуға кеш барған (12 жасында) Төлеубек мектеп табалдырығын аттағанша тауда өсті. Бәлкім, тау мен құстың табиғатын көркемдікпен қағазға кестелеуінің бір сыры осында болса керек.


Қоңыр күз болып қалған. Жаздағы жа­сыл шөптің түсі сарғайып, таби­ғат­тың көрінісі өзгерген кез.

Әкем екеуіміз атқа мініп, Шалғай де­ген өзенді өрлеп келеміз. Қасымызда Маң­қасқа деген ізшіл төбетіміз бар. Әкем­нің мойнында қосауыз мылтық. Үй­рек атпақпыз. Көк ала үйрек күздің кү­ні қандай семіз!

Маңқасқаны мен жетелеп алғам. Әйт­песе ол өзен бойын аласұра шарлап, жабайы қабандардың үстінен шық­са, арсылдап, үйректің бәрін үр­кіте­ді. Ал оны ертіп жүргеніміз, атып жі­берген үйрек қандай қалыңға, тіпті суға түссін, тістеп алып келеді.

Біз үйрек болады-ау деген иірім­дер­ді, мойынымызды соза байқап, тоқтап-тоқ­тап келеміз. Күздің қоңыр желі құ­­­­рақтарды ақырын ғана тербеп қояды. Мұр­ныңа піскен жалбыздың тұщы иісі келеді. Аспан күлімсіреп тұр. Қамыстың ақ мамық үкілері өзен үстінде ұшып жүр. Қалың бүркеу талдың түбіне келгенде әкем сыбырлай сөйледі.

– Алдымызда үлкен иірім бар. Қазір таңертеңгі сәскелік қой. Үйректер қан­нен-қаперсіз жүзіп жүрген шығар. Мен түсіп ақырын бақылайын, – деп боз ат­тың шылбырын маған ұстатты. – Бай­қа, мылтық атылғанда үркіп, жұ­лып кетпесін.

Әкем мылтығын ұстап жүре беріп еді, аспаннан зу-зу, гу-гу еткен дыбыс шық­ты. Жүрегім дір етіп қарай қалдым. Екі көк ала үйрек біздің алдымыздағы иі­рімге қойып кетуге асығып келеді екен. Аспанның төрінен бірдеңе ағып ке­­­­леді. Көзді ашып-жұмғандай да уа­қыт болған жоқ, иірімге небәрі арқан бойы қалғанда үлкен көк ала үйректің жо­тасынан соғып жіберіп, тасқа тиген оқ­ша зулап аспанға шықты. Үйрек тап сойыл­мен түсіргендей жалбырап кеп қа­лың қамыстың қасындағы алаңқайға топ ете түсті. Біз бұл шамада бүркеу тал­дың ішіне тығылып та үлгергенбіз.

Пышақ қанат – кішкентай көк құс, түк болмағандай, өзі түкті істемегендей жайымен қалқып келді де, жалбырап жат­қан үйректің кеудесіне қонды. Ме­нің көзіме оның тұлғасы момақан ба­ла­ға ұқсап кетті. Жаңағы тентек бұл емес сияқты. Қарашы, мүлде титімдей ғой.

Ол жан-жағына сақ қарап аз отырды да, үйректі жұла бастады. Әкем: «қоз­ғал­ма да, үндеме» дегендей ым қақты. Екі көзім көк құста болып, мен оның қа­сымнан қайда кетіп қалғанын да біл­мей қалдым. Әкем лезде екі ұзын шы­бық кесіп әкелді де, қанжығасын суы­рып жалғай бастады. Бұдан кейін ат­тың құйрығынан қыл жұлып ап, тұ­зақ қып есті де, мөлшері алты метрдей шыбықтың басына байлады. «Түсінікті» дедім ішімнен.

Әбден аң алып әккі болған Маң­қас­қа бейшараға қарасам, үн шығарсам атып жіберерсің дегендей, әкеме жау­таң-жаутаң қарай береді. Мен оған қоз­­­ғалма дегендей басымды шайқадым. Ол ақырын күрсініп қойды. Бейшара­ның бізге тілектестігі беп-белгілі.

Пәле шықса, аттардан шығады. Пыс­­қырып жіберуі ақымақтанып те­бі­сіп қалулары мүмкін ғой. Онда анау тұ­қыжаңдай жұлып жатқан кезеп құс зу етіп аспанға бір-ақ шықпай ма? Онда әкем­нің бурыл шашы ду етіп ағарып ке­­тер ме еді, қайтер еді. Өйткені, оның қа­зіргі өңіне қарауға ешкім де батпас­тай. Бейне біреуге ту сырттан қапыда пы­­шақ салуға әзірленген адамға ұқ­сай­ды.

Тырс еткен дыбыс болмасын дегендей, ақырғы рет ызғарлана қарап өтті де, жалаңаяқтанып алған біздің «ко­ман­дир» судың ішімен өрлей жөнелді.

Көкірегімді, жол бере гөр деп діріл­де­­ген тілекпен бірге, «әй» қандай Ал­дар­көсе болсаңыз да маңайына жолата қой­мас-ау» деген күдік те қабат арпа­лысу­лы.

Сірә, тұмсығы жып-жылы, дәмді төс етке тиді білем, көк құс әлгіндегіден де өлермендене жұлды. «Шіркіннің кірпияз тазасы-ай. Басқа құстардай жүн-пүнімен араластыра қылғымай, әбден пәкізелеп алып жегенін қарашы» деп ойлап тұрмын.

Әне, әкем көк құсқа небәрі бес метр­дей жердегі жардың астына жетті. Ақы­рын мойнын созып қарады. «Ой­пыр-ай» немен тынар екен!» Жүрегім лүпілдеп барады. Көзіме шыбық екеу болып кеткен сияқтанды. Әкемнің қо­лы дір-дір етіп тұрғандай көрінді. Қолы емес, жүрегі ғой дір қалтыраған. Әне, дөң­гелек, ақ тұзақ дір-дір етіп көк құс­тың төбесінде тұр. Басын көтеріп қал­ды.

– Оһ, бітті!.. Далбыр-дұлбыр болды да қалды. Әкем жардың астынан қар­ғып шықты.

– А, құдай, а құдай, – деді жүрегі жа­­рылып кете жаздап. Арс-ұрс етіп Маң­қасқа да ата жөнелді.

Мен келгенде, әкемнің қолында екі көзі қарақаттай мөлдіреген, үлкендігі да­ла көкаршынындай ғана көк құс отыр еді.

– Бағымыз бар екен, күнім. Біз лашын ұстадық қой, – деді әкем балаша қуанып. – Мұны атты қойып, түйеге де бер­мейміз.

Мен қашанғы «бақыттылықтан» бұ­рын лашынды айналдырып қарай бер­дім. Сырты қара көк, бауыры сұр шұ­бар. Көк аяқ. Пышақтай өткір ілмек көк тұмсық. Екі көзінің алдында сау­сақ­­пен тартқандай қос қара жолақ. Ең ға­жабы аяғы мен қанаты екен. Қа­на­ты­ның үшкірлігі сұғып алар найзадай. Сау­­сақтарының ұзындығы денесіне мүл­де қайшы. Ұзындықтан қыз қолы­ның саусағындай бұралып жатыр. Оның құдыреті де осы аяғы мен қана­тын­­да болса керек. Мен үйректің жота­сын ұстап көріп едім, бейне шойын шар­­мен ұрғандай күтір-күтір етеді.

– Дүниеде бұдан өжет, бұдан өткір құс кемде-кем. Мұның асылзаттылығы сол – ешқашан да жерде отырған құсты алмайды. Арманынан шығарып ұшып бара жатқанда жай оғындай тиеді. Жаңа көрдің ғой, құстың ұшу еркінен айырып, ес-ақылын алып жіберетін мұ­ның қанатының зуылы.

– Осындай ғана денесімен өзінен үлкен үйректің жотасын қайтіп құл қы­лып жіберді? – деп сұрадым әкем­нен.

– Мұның бұлшық еті сондай қатты. Соншалық жылдамдықпен келіп соқ­қан соң үйректің жотасы құл бол­ма­ғанда қайтеді. Қарашы құрыш қанат жануарды. Қандай сүйкімді. Ерлік пен қаһармандық  дененің үлкен-кішілігіне қарамайды. Қарақұс қандай үлкен бол­ғанымен қолынан не келеді? Ол, ит пен құстан қалған жемтікті жеп күнелтеді. Бол­саң лашын бол, қарашығым. Өз ер­лігің мен өз еңбегіңді мақтаныш ет, – деп еді сонда әкем.

Біз осы лашынды үш жыл салдық. Қолда отырып, күндіз күні аспандағы қайтқан қаздарға ұшатын. А, дегенде теріс ұшып, бір кезде аспанның сонау шырқау биігінен зу-зу, гу-гу етіп келе жа­тады. Ал сонан кейін түйіп өтіп, қай­та шығып, қайта түйіліп сытырлатып түсіреді-ай дерсің. Берекесі кетіп, үрейі ұшқан қаздар аспанда құр қаңқылдап айнала ұшумен болады. Лашынға арқаларын әдейі тосатын сияқтанады. Аспаннан жалбырап түсіп жатқан қазды шауып жүріп, бауыздап ала бересің.

Оның бір ғажабы, осы шайқас ке­зінде айқай шығып, дабыл қағылса, тіпті еліріп кетеді. Аспанды тілгілеп жүрген найзағай дерсің… Біз шауып жет­кенде, ол алқынып ең ақырғы қаз­дың кеудесінде отырады.

Түтігіп өліп кете ме деп әдейі алып жүретін құмырадан аузына су құямыз. Суға әбден рахаттанып алған соң жайы­мен қаздың жүнін жұла бастайды. Моп-момақан. Бірақ құйылған құ­рыш сияқты. Осы кезде, осынау кіш­кентай қаһарманды мойнынан құшқым келетін. Иә, ол ақырғанды, зекіргенді, жақсы көргенді білетін-ді.

Амал не, ол дүниенің көктемі жаңа шы­ғып келе жатқанда, ауырып өліп қал­ды. Ол кезде емдеп жазатын дәрігер қай­да… Мен үш күн жыладым. Несі бар, дүниеден асылдар мен ерлер кет­кен­де жылауға болады ғой.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір