ҚАЗАҚТЫҢ ТАҒДЫРЫ МЕН МІНЕЗІ
06.05.2016
3304
0

260218_1411976164 - копия«Жаманнан жиіркену, жақсыға ұмтылу» дей бастағанда-ақ «сол баяғы әңгіме ғой» деп жүре тыңдайтынымыз бар. Айтыла-айтыла жауыр болған бұл мәселенің жыл өткен сайын ауқымы кеңейе, бояуы қалыңдай түскенін аңда­маймыз. Себебі, тіршілік қамытын киген көпшіліктің қазақ көші қайда бара жатқанын ойлауға мұршасы да жоқ. Бүгінгі жұрттың бар тілеуі – бас амандығы, бауыр бүтіндігі. Ал дәл осы күні қазақ елінің алдында сан түрлі соқпақ тұр. Бізді жарқын болашаққа бастар жол қайсы екенін тап басып таба алдық па, жоқ әр сүрлеуге бір түсіп, әр қырдың басын бір шалып сандалып жүргеннен сау емес шығармыз… Ұлтжанды азаматтарымыздың даралығымызды сақтай отырып дамысақ деген ниеті мен еуропаланған  жаңашылдарымыздың жалпыадамзаттық ұстанымдары қоғамымызда қатар көрініс береді. Мұның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрысын бағамдап, соған қарай бағыт бұруға да  құлықсызбыз. Әйтеуір еңсемізді басқан бір ен­жарлық бар. Көпшілікке көз салсаң,  күндігі үшін ғана қарекет етіп жүргендей кейіп танытады. Бірақ көкейдегі тұнған ойға үңіліп, қорытынды жасаған қайсымыз бар? Көңіл пернесін дөп басып көкіректен ағылған шерге құлақ асатын сергектік қане! Жоғарыдағы мен төмендегінің ара-қатынасын анықтап, ақ-қарасын ажырататын уақыт әлдеқашан келсе де…

…«Қайткенде қазақ қалады қазақ бо­лып» мәселесі әлі де шешімін таба ал­май, «жабулы қазан жабулы» күйінде жа­тыр. Әйтсе де жаһанданудың дүрмегі дөң­гелетіп әкеткен қазақ қоғамының жай-күйі көзі ашық әр азаматты тол­ған­тып жүргені анық. Даму жолына түсеміз деп есік-тереземізді ашып тастап, көп век­тор­лы саясат ұстанып отырған бү­гінгі кү­ні ұлттық құндылық­тары­мыз­ды ұмы­тып, қазақы болмысымыздан ажырап бара жатқанымызды айтып шырылдайтын ұлт жанашырларына құлақ түрер ешкім қалмағандай тіпті. Қазақ қазақ бол­ғалы сақталып келе жатқан дәстүр жал­ғастығын ескілік, кертарт­палық са­найтындар көбейген. Есесіне, қазақ үшін маңызды – бала тәрбиесі елеусіз, ескеру­сіз қалып отыр. Бармақ басты, көз қыс­ты­лық әрекеттер дендеп, жұмыссыздар са­ны артуда. Соған қара­мастан жұрттан қал­май той жасап, ысы­рапшылдыққа ұрыну­шылар көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Біз «бұл қазақ­ты­ғы­мызға жат» деп бай­балам салып жүргенде бүгінгі қазақ­тың кескін-кейпі осы болып жүрмесін. Әлде?..


– Осы уақытқа дейін қазақты ұлт ре­тін­де сақтап келген қағидаттар бар. Сол бел­гілі қағидаттардың бұзылуы көп ұғым­дар­дың, олардың түсінігінің өзгеруіне алып келді. Тіпті, қазіргі қазақтың өмірдің мә­ні туралы түсінігі өзгеріп кетті. Еліктеу мен тым еуропаланудың бізге беретін нә­ти­жесі ақыры не болады деп ойлайсыз?

_MG_0455 - копияШәріпбек ӘМІРБЕК,
саясаттанушы:
– Қандай да болсын қоғамда құн­ды­лықтарды қалыптастыратын және оның орындалуын бақылайтын әлеу­мет­тік топ болады. Егер осы әлеуметтік топ­­тың өкілдері билікте болса онда ба­қы­­лау деңгейі жоғары, ал енді бақы­лай­тын топ қалыптаспаған жағдайда қоғам рухани дағдарысқа түседі, ал ол өз ке­зе­гінде экономикаға әсер етеді. Осы тұр­ғы­дан келетін болсақ, дәстүрлі қазақ қо­ғамында құндылықтар мен ұстаным­дар­ды қалыптастырған билер мен ақын­дар, патшалық Ресей басып алғаннан кейін қалыптасқан ұлттық интеллигенция болды. Ал қазіргі қоғамдағы құн­ды­лықтардың мазмұнының өзгеруі, ұста­ным ретінде әлсіздігі ұлттық элита мен интеллигенцияға байланысты.

Қазақ қоғамының маңдайына жа­зылған басты нәрсе – ол әлеуметтік-эко­но­микалық дамуда эволюциялық жолмен емес, дайындықсыз секірістермен дамуы. Бұл секірістердің бәрі үлкен шы­ғындармен жүзеге асты. Патшалық Ре­сей­дің отарлық саясаты салдарынан қа­зақ­тар жерінің бір бөлігінен айрылса, қы­зыл Ресей 3 миллионға жуық қазақ­тың аштықтан қырылуына әсер етті. Тәуелсіздік жылдары жүзеге асқан се­кіріс капиталистік қатынастардың тол­қынына бір-ақ лақтырды. Осы секі­ріс­тер­дің ақыры қазақ қоғамында тұрақ­ты құндылықтар мен  ұстаным­дарды қа­лыптастырып, олардың орындалуына ба­қылау жасайтын әлеуметтік топтар өз­геріп отырды. Тәуелсіздік жыл­дары Батысқа жаппай еліктеу бас­талғаны рас. Ағылшын әлеумет­тану­шысы З.Бауман осындай жағдайды былай түсіндіреді: даму­шы елдерде «да­мыған елдердің үл­гісі жаппай елік­теуге алып келді. Алайда, сол жетістікке жеткізген концеп-
туа­ль­дық немесе когнитивтік жүйелерді да­мушы елдердің азаматтары түсіне ал­мады. Олардың түсіне алмауының басты се­бебі – мен­тальдық жүйелердің ерек­ше­ліктері». Біз батыстың бүгінгі жетіс­ті­гін көшіргіміз келеді, бірақ осы жетіс­тік­ке жету үшін ондаған жылдар, кадр дайындау үшін миллиондаған доллар, ма­териалдық-техникалық база жасал­ғанын есепке алмаймыз. Сондықтан ойлау жүйемізді өзгертпей, батыстың же­тістігін өзімізде енгізе алмаймыз. Оның нақты тұжырым­далған жолдары бар, бірақ ешкім көңіл бөлгісі келмей­ді.

Z09B2626Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ:
Л.Н.Гумилев атын­дағы
Еуразия ұлттық  университетінің проректоры,
т.ғ.д., профессор:
– Өкінішке қарай, қазақ Кеңес дәуі­рін­де өзінің болмысын жоғалтып алуға аз қалды. Кейінгі уақытта еуропалық­тар­ға еліктейтін болды. Кезінде Совет хал­қын жасаймыз деп, ал бүгін қазақ­стан­дық  халық боламыз деп, біз көп­теген мен­талдық ерекшеліктерімізден, салт-дәстүрімізден және ұлттық құнды­лық­та­рымыздан айрылуға аз қалдық. Ертең­гі күні «ЭКСПО–2017»-ге келетін шет­ел­дік қонақ өзгелерден еш ерекше­лігі жоқ қазақстандықтарды іздеп кел­мейді, олар осы елдің байырғы халқы қандай бол­ғанын және болашақта олардан не күту­ге болатынын білгісі, көргісі келеді. «Біз бұрын кім болдық және қан­дай ұлттық ерекшелігімізбен әлемді таң қалдыр­дық?» деген сұрақ жиі кездеседі. Әрине, Кеңес Одағы қазақтың санымен бірге са­пасын да құртуға тырысты. Мысалы, 1959 жылы республикамызда қазақтың үле­сі тіпті 30 пайызға да жетпей қалды. Ал осы аштық пен қуғын-сүргіннен, со­ғыстан аман қалған аз ғана қазақты көп­теген «эксперименттерге» ұшыратты. Қазақтың мектептері жабылды. Дін қу­да­ланды. Есесіне ішім­дік­ке салынған­дар­дың саны артты. Аралас неке деген басталды. Бір сөзбен ай­қанда, қазақ өзінің дәстүрінен айрылып, қазақ­тықтан алыстай бастады. Тек еге­мендік алуымыз бізді осындай дағда­рыстан аман алып қалды. Енді не іс­теуіміз керек? Қа­зақи болмысымызды қалай қалпына кел­тіреміз? Жастарға қандай тәрбие беруі­міз керек? Бұл өте өзекті мәселе бо­лып тұр.

Рамазан агаРамазан САЛЫҚЖАНОВ:
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия Ұлттық университетінің доценті,
әлеумет­тану ғы­лым­дарының кандидаты:
– Жалпы, соңғы 100 жылда жер бе­тін­де жаһан­дану үрдісі тоқтаусыз жү­ріп жа­тыр. Жаһандану дегеніміз – ұлтара­лық, еларалық бай­ла­ныс­тар­дың жаңа деңгейі. Ғалымдар оны не­гізінде мәдени өзгерістер, мә­де­ниет­тің араласуы, алмасуы деп жата­ды. Менің пікірімше, бұл құбылыстың түп та­мыры, тірегі мен өзе­гі капи­та­листік қа­ты­настарда. Оның не­гізінде экономикалық қа­тынастар, дә­лірек айтсам, үлкен трансұлттық ком­паниялардың тіршілігі, мүддесі жатыр. Ол компаниялардың арасында аса ірі тауар өндірушілер: көлік «Тойота», «Мер­седес», киім (Адидас, Пума), сусын (Ко­ка-кола, Макдональдс) және бас­қа да көп­теген алпауыт корпорациялар өз мүд­десіне сай бүкіл жер шарын қарусыз ба­сып алды. Олар тек біздің қалтамызға ғана түсіп қойған жоқ, сонымен қатар, са­­на­мызды билеп отыр. Трансұлттық кор­­по­рацияларға болашақта неғұрлым талабы мен талғамы бірыңғай тұтыну­шы­ болғаны ыңғайлы. Сонда оның тауары Азияда, Еу­ропада, Африкада өтімді. Ол үшін санада ортақ түсінік, ортақ құн­дылықтар болуы шарт. Осы­ны ескерсек, біз өз еркімізбен еуропаланып немесе жат мә­де­ниетке еліктеп бара жатқан жоқ­пыз. Біз сол жаһанданудың құр­сауын­дамыз. Әрине, ешкім де, әсіресе сол Батыс өз пиғылын ашық айтпайды. Орнына демократияландыру, гуманизациялау, ха­лықаралық әріптестік және интеграция деп бізді өз мүдделеріне сай көндіруде. Ал қазақ саны аз болғандық­тан, осы жаһандану деген асфальт тө­сегеннен кейін үлкен тегістеуші, нығыз­даушы диір­мен көлік бар ғой, сол ка­­­ток­тың астында қалып жаншылуда деп айтуға болады. Нәтижесінде біз ерік­сізден жаһанданудың құр­баны боламыз. Ұлт­ты сақтап қалатын нәрсе – осы үр­діс­ке қар­сы иммунитет. Ол иммунитет – ұлттық сана, сананың көрініс­тері дәс­түр, құндылықтар, тіл. Демек, өз қор­­ға­нымыз, қалқанымыз заманға сай мықты болуы тиіс.

– Қазақ еш уақытта тектілікті байлық пен мансаппен бағаламаған еді. Абайдың «Би болу, болыс болу өнер емес» дегенін осы күні естен шы­ғарып, бақытты дүниемен өлшейтін дәрежеге жеттік. Қызметке жету жолында жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа көп жол бері­летін болды. Осылай кете берсек, бұл қалпымызбен қайда барамыз?

Шәріпбек ӘМІРБЕК:
– Біздің қоғамда тектіліктің өлшемі билік пен байлық. Себебі ақыл, білім иелері, ондай құрметке ие емес. Тіпті қазір «ақылды бол­саң, неге бай емессің?» деген сұрақ қанатты сөзге айналды Н.Бер­дяев адамзат қоғамындағы өз абыройы мен қадір-қасиетін сезін­ген тұлғаны текті деп есептейді. Тектілікті осы тұрғыдан тү­сі­нетін болсақ, бағаласақ онда даму болады.

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ:
– Иә, қазақ текті де әділетті болған ел. Әлемде мыңдаған ха­лық өмір сүреді. Соның ішінде өзінің шыққан тегін шежіре ар­қылы жатқа білген бір-ақ халық – тек қазақ қана! Әрине, Еуропада графтар, герцогтар, князьдер, корольдер өздерінің шежіресін жүр­­гізіп отырған, бірақ олар теңіздегі бір қасық судай болды. Қал­ған қарапайым халық арғы аталарын тегіс білмеген. Бірақ біз өз ішімізден қырық-пышақ болу үшін емес, жерді тиімді пайдалана отырып бірлікті сақтау үшін ру-тайпаларға бөлінетінбіз. Тектілігіміздің негізі  жеті  атаға  толмай  қыз  алыспайтындығымызда еді. Бабаларымыз XIX ғасырдың басына дейін өте дәулетті, бай бол­ған. XIX ғасырдың басында қазақ сахарасында болған белгілі сая­хатшы Гавердовский: «Бұрын отарында мың қойы, үйірінде жүз жылқысы болмаған қазақ кедей саналатын» деп жазған екен. Тіп­ті Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы Абылайханның кезінде қазақтың екісінің бірі өте бай болғанын айтады. Оны Шоқан да қостайды. Осының бәрін біз естен шығардық. Біз байларының арқасында халқы кедейліктен қиналмаған ел едік. Біз дәулеттің арқасында қонаққа тегін тамақ тосып, қонақжайлығымызбен өзімізді әлемге мойындатқан жұрт едік. Бізге парақорлық Ресей империясымен келді. Мен тарихшы ретінде Ресей империясының Қа­зақстанға келіп осы дертті таратқанын мұрағаттық және жазба дерек­термен дәлелдей аламын! Өзі бай, текті, еркіндік сүйгіш, на­мысқой, шеті­нен жауынгер, батыр қазаққа парақорлық жат еді және оның қажеті болмаған. Кейін Ресей империясының «сай­ланған» аға сұлтан, сұлтан-билеушілері, болыс-билері пара алып, пара беруге елді ауыздандырды. Мұны орыстың, немістің, француздың, британияның ғалымдары ашық жазады. Егер де де­колонизация мәселесін жүргізсек, біздерді әділ және таза жігіт­тер басқарса, қазақтың жақсы қасиеттерін тірілтсек, парақорлық де­ген ақырын құрдымға кетер еді.

Рамазан САЛЫҚЖАНОВ:
– Жемқорлық дерт. Дүниежүзін жайлаған дерт. Адамның аш­көздігінен, дүниеқорлық пен тойымсыздығынан пайда болатын ауру. Бір-ақ күнде жойылмайтын бұл құбылысты жеңетін екі-ақ нәрсе – қоғамның жаңарған көзқарасы және уақыт. Біз жаңа көз­қарас қалыптастыруымыз керек. Халыққа қызмет көрсететін адам­дар неғұрлым қарапайым болса, соғұрлым жақсы. Жем­қор­лықты тыйдыратын тағы бір нәрсе, пара алғаны әшкереленген адам­нан жиіркеніп, оның қолын алмайтындай болсақ, сонда ғана олар азаяр еді. Мүмкін жойылар да еді. Ол үшін жариялылық керек. Бүкіл жұрт болып жабыла күреспесек, жемқорлық қоғам­ның ілгерілеуін шектеп, алға аяқ бастырмайтын халге әкеледі. Адамдар бір-бірін сыйлаудан қалады, өшпенділік жайлап, қоғам екіге бө­лінеді. Бір жағында – сол жексұрын жемқор, көбінесе билік өкілі не­месе лауазымы бар адам, екінші жақта – соған тәуелді сор­маңдай бұқара, көпшілік халық.

– «Қазақ тойшыл халық» дейміз. Бірақ осы тойшылдығымыздың ақыры ысырапшылдыққа ұласып жатқанын аңдай бермейміз. Қа­зірге қазақ үшін бәсеке ұғымы тіріге той жасау мен өліге кесене тұр­­­ғызуды ғана білдіретіндей көрінеді кейде. Нағыз бәсекеге қа­білеттілік бізде неге жоқ? Бүгінгі қазақ қандай халық дегенге қалай жауап берген болар едіңіз?

Шәріпбек ӘМІРБЕК:
– Мен жоғарыда айтқанымдай, «той» құндылығын қалып­тас­тырып отырған екі әлеуметтік топ елімізде өте белсенді жұмыс жа­сауда. Біріншісі, тойдан пайда табушылар, екіншісі тойды ата­ғын шығару үшін пайдаланушылар. Ал қалғаны сол дүрмекке ер­гендер. Біздегі бұл құндылықтарды деңгейлеп, сатылай орналас­тыратын болсақ «той» концепт, құндылық ретінде жүйе құрушы эле­ментке айналып кеткенін көреміз. Бұл қазақ элитасының дүниетанымдық философиясының көрсеткіші. Той жарысынан басқа бәсекеге кім дайын?Ал енді қазіргі кезеңде халықтарды сөй­лем құрауына, уақытты түсінуі мен пайдалануына, инновация­лық әлеуетіне, бәсекелестігіне және т.б. бағалау тетіктері бар­шылық. Тек соның бірі – уақытты түсіну және пайдалану тұр­ғы­сынан бағалайтын болсақ, біз уақытты бағаламайтын халықпыз. Көптеген мәселелер осының нәтижесі.

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ:
– Біз қандай халық едік? Қандай ұлттық менталитетіміз, дәстүрлеріміз болды?
Біріншіден, қазақ ежелден демократиясы бар, бір-біріне құл бол­май, емін-еркін өмір сүрген халық болған. Мысалы, қазақ жап­пай дәстүрлі қоғамда өмір сүрген кезеңде, Ресейде крепостной­лар құлдың жағдайында еді. Ал қазақ ешқашан қазақты құлдықта ұстамаған. Тіпті, бөтен елден келген құлдарды да бауырына басып, шежіресіне қосып, ағайын қылып жіберген жағдайлар кездеседі. Бір сөзбен айтқанда, құлдық санамызда да жоқ еді. Қарапайым халық сұлтан-хандарға да сөзін еркін жеткізіп отырған. Екін­ші­ден, бабаларымыз туған жеріне өте берік және жақын болатын. Та­биғат апаты болмаса, ашаршылық жауламаса, жаппай ауру келмесе қазақ ата-баба қонысын ешқашан тастамаған. Мысалы, XIX ға­с­ырдың басында Кіші жүздің біраз халқы патша үкіметі қолдан жасаған ашаршылықта Орал өзенінен өтіп, біраз жыл башқұрт елін паналап, ата-бабасының жеріне қайтады. Осы жағдайды орыс­тың белгілі тарихшысы А.Левшин былай суреттеген: «Ресейде жиған байлығы мен қол жеткізген тұрақтылығына қарамастан көбі өз Отанына оралғысы бар. Башқұрттармен іргелес орналасқан олар шекара асуға бейім-тін. Ал орыс халқында қызметте болған байғұштар жиған-тергенін алып өз ордасына асығатын. 1820 жылы Астрахань губерниясында тұрғандардың үштен бір бөлігі атақонысына көшіп кетті. Орал жүзіп өткен олардың туған жеріне табан тіресімен жерді сүйіп, қуаныштары қойнына сыймай, қалпақтарын аспанға атқан сәтіне бей-жай қарай алмайсың». Дәл осындай жағдайды біз елге оралып жатқан қандастарымыздан көрдік. Үшіншіден, қазақтар ешқашан Солженицын айтқандай қаңғырып, әр жерде адасып жүрген халық болған емес. Жер сатылмаса да, әр жердің өз иесі болды. Осыны дәлелдейтін бірнеше орыс ғалымдарының жазбалары бар. Мысалы, Н.Троицкий өз еңбегінде: «Әр тайпаның өз тұрағы бар болатын. Ал келесі бір рулы ел оған тоқтай алмайтын тек ары-бері жүргенде кесіп өтуге ғана рұқсат», – деп жазады. Лингвист В.Радлов та: «Олар жос­парсыз жолға шықпайтын. Әр ру белгілі аймақты өзінің мен­шігі деп санайтын. Және өзгелердің баса-көктеп кіруіне рұқсат ет­пейтін-ді», – деп оның сөзін дәлелдей түседі. Төртіншіден, қазақ қа­заққа ешқашан жау болған жоқ. Дәулеттісі жарлысына болысып, бір-біріне демеу болып күн кешті. Бесіншіден, далалықтар батыл және қайсар болған. ХІХ ғасырдың ортасында Ф.М. Лазаревский: «Қырғыздар (қазақтар) өздерімен көршілес, қатар көшіп-қо­нып жүрген халықтарға қарағанда анағұрлым батылырақ және ержүрек келеді», – деп сүйсіне жазған. Мұны орыс әдебиетшісі В.С. Бурнашев те растап: «Ержүректілік олардың кішкентай қара көз­дерінде жалтылдап тұрады, ал дене тұрпатының мықтылығы қалыптасқан күшін көрсетеді», – дейді. Ф.Назаров болса қазақ әйелдерінің еркектермен пара-пар батылдығына таңғалған екен. Жаңа замандағы белгілі ағылшын оқымыстысы Д.Флэтчер де далалықтардың батырлығына тәнті болып: «Өлімді жек көре­тіндіктері сонша, жауынан жеңілгеннен гөрі өлім құшуға даяр және тас-талқан болып жеңілсе, енді шайқасып, өзін құтқара алмаған күннің өзінде қаруын кеміреді!», – дейді. Ұлы Даланың тұрғындары керемет батыр халық болған деп анық айтуға болады. Алтыншыдан, дәстүрлі қазақ қоғамында жасы үлкен адамға руы мен жүзіне, ұлтына қарамастан құрмет көрсетілетін. Бұл дәстүр қоғамның айтарлықтай тұрақты болуына ықпал етті. Жасына қа­рай жинақталған білім, тәжірибе, дағды үлкеннен кішіге бе­рілетін. Үлкенге деген құрмет Ұлы Дала тұрғындарының санасына өмірде табысты болып, халық алдында абыройлы болуға ықпал ететін ең қасиетті қағидат ретінде сіңі­рілетін. Далалықтар бұл қа­ғидатты абсолютті деңгейге жеткізді. Еуразияның бірде-бір хал­қы үлкенді құрмет тұтуда далалықтарға тең келген емес деуге бо­лады. XIX ғасырдың аяқ кезінде неміс ғалымдарының бірі Ф.Фон Шварц: «Қырғыз-қай­сақтарда сұлтан, батырлармен қатар барлық жасы үлкен, қартайған ер-азаматтардың бәрі де кім еке­ніне, қандай тектен шыққанына қарамай, ерекше сый-құрметке бөленеді», – деп жазған екен. Олар барлық мерекелерде, жиын-тойларда құрметті орындарға, төрге шығарылады. Жиналыстарда олар елеулі роль атқарады. Жастар олардың айтқан сөздерін жерге тастамай, мүлтіксіз орындайды. Қазақтың бұрынғыдан келе жатқан дәстүрлерінің ерекше бір түрі – соғым сою кезінде ең ал­дымен үлкендер шақырылған. Асату – дәстүрлі ас-тағам мәдение­тінде жолы үлкен адамның жасы кішілерге табақтағы еттің сы­ба­ғалы мүшесінен дәм таттыру арқылы өзінің ілтипатын біл­ді­ретін этикалық рәсім. Ет жеп болған соң, қонақтың жасы үлкені сый табақтан уысын толтыра ет алып, басқаларға өз қолымен асатады. Кішілер қалыптасқан әдет бойынша асату рәсімінен бас тартпайды, етті асар кезінде ер адамдар «құлдық» деп айтады. Бұл өзінен үлкенге құрмет көрсеткені, рахмет айтқаны болып есептеледі. Жас жігіт үшін үлкен табақтан ақсақалдың өз қолынан ет асау ең жоғары марапаттың белгісі саналады. Кіші іні үлкен ағаның рұқ­сатынсыз дастарқан басына өз бетінше ешқашан отырмайды.Осының арқасында қазақ даласында тұрақтылық та, бірлік те ғасырлар бойы үзілмеген. Жастар үлкендердің жолын ешқашан кеспеген. Тіпті, үлкендерге дауыс көтермеген. Алыс сапарларға шыққанда, үйленгенде үлкендердің баталарын алған. Жетіншіден, Ұлы Дала халқының атаның қаны, ананың ақ сүті арқылы ұрпағына беріліп, бар ұлттың ерекше сый-құрметіне бөленіп келе жатқан ізгі дәс­түрі, асыл қасиеті – қонақжайлылық. Қонақ­жай­лылықтың негізгі белгілері – адамның тіліне, дініне, ұлтына бөл­мей, құрметпен қарсы алып, достық ықылас көрсету, адал ас-дәмін ұсыну. XIX ғасырдың аяқ кезінде Ресей зерттеушісі Вик­тор фон Герн бұл жөнінде: «Жалпы алғанда, қазақтар осы уақытқа дейін жылы жүзділігімен, қайырымды ақкөңілділігімен және қонақжайлылық қасиетімен таңғалдырады. Мұның өзі олардың сүйегіне ежелден сіңіп кеткен керемет асыл қасиет», – деп жазған. Егер үй иесі қонаққа құрмет көрсетудің дәстүрлі әдет-ғұрпынан бас тартса, әлгі бейтаныс жолаушы үй иесінің үстінен биге барып, шағым айтуға құқықты болған. Ал би қонақжайлылық әдет-ғұ­рып­­ты бұзған үй иесіне ат-тон айып салатын. Мұндай келеңсіз оқи­ға қазақ арасында өте сирек ұшырасқан. Сегізіншіден, Қа­зақ­станда өзара көмек, кез келген қамкөңіл жандарға қол ұшын созу дәстүрі ертеден келе жатқан әдет-ғұрыптарға жатады. Яғни та­биғи апатқа, жұтқа, өртке, селге, т.б. да дүлей күш кесірінен ке­нет мал-мүл­кі­нен, баспанасынан айырылып, күн көрісі қиынға соқ­­қан адам өзінің туыстары мен руластарынан жылу, яғни жәр­дем сұрайды. Бұған ағайын, туған-туыстары мен руластары түгел көмектесіп, жылу жинап береді, ешкім де бас тартпайды. Қазақ­тың байырғы салты бойынша, мүлде панасыз қалған жетім-же­сір­лерді және қарайтын адамы жоқ, салт басты қарттар мен мүгедектерді ағайын-туғандары, яки руластары асырап, бағып-қағуға міндетті. Халық бұқарасы ішінде мұндай көмектің өмір сүруі қазақ қоғамында қайыршылардың болмауына септігін ти­гізген. Мүмкіндігі бола тұрып ондай көмектен бас тартқан ағайын ру ішінен аластатылатын. Қазақ ауызбіршілігінің, жа­қын­дары мен туыстарына жанашырлықпен жәрдем жасауының бір көрінісі, міне, осындай. Тоғызыншыдан, қазақ халқы шынында да ұзақ жасаушы халық. Қазақ – ғасырлар бойы ауасы таза дала табиға­тына бейімделіп, ат пен түйеге мініп, қыс қыстауына, жаз жайла­уына көшіп жүріп, шыныққан халық. VIII ғасырдағы белгілі орыс зерттеушісі И.Г.Андреевтің сөзіменайтқанда, «олар­дың ара­сын­да көптеген адамдар 100 жасқа дейін, тіпті оданда көп жасаған». Ал орыс офицері С.Броневский: «олар қаусап қартайған шағына дейін өмір сүреді, 100 жастағылар да көптеп кездеседі, ал 70 жас­тағылар жастармен бірдей жүк көтерсе де қалжырағандары еш білін­бейді», – деп жазған екен. Оныншыдан, бабаларымыз ақын-ком­позитор болған. Осыны орыс зеттеушісі Г.Потанин былай жет­кізген: «Бүкіл дала жыршылар мен жырауларға толы болатын. Қа­зақтарда өлең мен ән біртұтас дүние ретінде қаралған. Өлеңді кім шығарса, мақамын да сол табатын. Әу демейтін қазақ жоқ еді. Қазақтың өсіп-өркендеуі музыкадан бастау алады деуге негіз бар. Он біріншіден, бізде негізінен көп балалы отбасылар болатын. Кезінде кәрі қыздар, басы бос әйелдер, жетім балалар тіпті болмаған деп айтуға болады. Абылай хан заманында Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының мәліметтері бойынша «әр екінші қазақта кем дегенде екі әйелден және одан да көп болған». Он екіншіден, біз әке-шешені құрметтеген елміз. Олар қартайғанда олармен мін­детті түрде кіші баласы қалып күтім көрсеткен. Үйдің үлкен­дерін сыйламағандарды, оларға қол көтергендерді қазақ жазалай білген. Он үшіншіден, қазақ берген сөзінде, уәдесінде тұр­ған халық еді. Өкінішке орай, қазір сертке салақ қараймыз. Н.Петропавловский бұл туралы «Қазақтар сөзге берік, сертке адал» деп келтіреді. Он төртіншіден, қазақта кісі өлтіру және өзіне қол салу өте сирек кездескен. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2014 жылы қылмыс деңгейін зерттегенде 53 мемлекеттің ішінде Казақстан үшінші орын алған. Бұл тізімді жалғастыра беруге бо­­лады. Қазақ халқы өзінің ұмытылып бара жатқан дәстүрін, ұлт­тық болмысын жаңғыртуы керек. Сонда ғана біз мықты ел боламыз. Әрине, оны қазіргі заманға бейімдей білу керек.

Рамазан САЛЫҚЖАНОВ:
– Той жасау немесе жасамау әр адамның өз еркінде. Бірақ дәл осы мә­селеде бәсекенің шарықтап тұр­ға­нын көреміз. Жалпы, қазақ бәсекешіл ғой, кей кезде осы мінез ұлттымыздың қазіргі абыройлы болуының негізі ме деп қаламын.Ұлттың табиғатына қарсы тұру қиын. Той жасағанда ысы­рапшылдыққа жол бермеу әр той ие­сінің өзіне байланысты. Бұрын­ғы­дай емес, қазір жұрттың тамағы тоқ дейміз. Есесіне, қазір халықтың рухани дүниесі жетім. Сондықтан осы той-томалақтың тәрбиелік міндет­теріне көбірек көңіл бөлгеніміз тиімді болар еді. Себебі үлкен мен кішінің жиі бас қосатын жері осы той болып тұр.

Жалпы қазақ мейірбан, қайырымды, тәубешіл, ертеңнен үміт үзбей, сабыр сақтап өмір сүретін байсалды халық. Әлеуметтік оп­тимизм деген тек бізде ғана бар. Ол сол тәубеге келу, қанағат қылу дегеннен туындайды.

– Әл-Фарабидың: «қай елдің болсын болашағын білгің келсе, сол елдегі жастардың тыныс-тіршілігіне қара» деген сөзі бар. Бүгінгі жастардың өңі суық, өзі қатал бола бастағаны әркімге аян. Ұлт үшін ұрпақ тәрбиесінің бәрінен де маңызды екенін неге естен шығарып барамыз?

Шәріпбек ӘМІРБЕК:
– Бұл аға ұрпақтың үлгісінің нәтижесі. Ғалымдар жастарға отбасындағы жағдайдың оның психикасына, дүниетанымына әсер ететінін дәлелдеп отыр. Қазіргі қоғам әр түрлі құндылық­тардың, нормалар мен стильдердің бәсекелестігіне негізделген. Осындай ортада өмір сүретін адам жауапты таңдау жасауға білімі, жағдайы келе бермегендіктен ол тұйықталып, дәрменсіздікке ұшырауда.Сондықтан, халықтың бір бөлігі жеке шешім қабылдай алмайтындай дәрежеге жетіп отыр, ал сондайертеңге сенімі жоқ отбасы­да тәрбиеленген балалар әрине қатал, өмірге риза емес.

Екінші, мектептегі тәрбиенің деңгейі төмен. Әлеуметтік тең­сіздік және жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалардың өсуі­не жағдай жасалмауы біртіндеп қоғамға, өзіне риза емес топ­тың қалыптасуына әсер етеді. Олардың бір бөлігі қазір діни жолға түсуде.

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ:
 – Қазір жастар нәзік, қыз мінезді болып кетті. Көбінің денсау­лы­ғы да жоқ, көзілдірік киеді. Шенеуніктер сияқты үкіметтен ақша ұрлайтын қызметтерге барғысы келіп тұрады. Біразы толық емес отбасында аналарымен бірге тұрғандықтан әйел мінезді болып барады. Жастар үшін барлығы ақшамен, таныстықпен шешіле­тіндей көрінеді.

Рамазан САЛЫҚЖАНОВ:
– Ұлт болашағы ұлттық тәрбиеде. Негізгі тәрбиелеуші – отба­сы, дәлірек айтсақ – ана. Жастар ана сүтімен ана тілін үйреніп, Отан анаға қызмет етуі керек. Ал соңғы кездері қыз бала өзінің отанасы ретіндегі тәрбие беруші функциясынан алшақтап кетті. Ол мансап қуып, білім іздейді, еркекпен тең болам деп тұрмысқа кеш шығады, еркін болам деп бала таппайды. Жалпы, ұлттың тағдырында еркек заты өз миссиясын орындады. Қан майданда жан беріп, жан алып егемендік негізі кең байтақ жерді сақтап қал­ды. Енді тарихи аренада әйел затының миссиясы орындалу қа­жет. Сол егемен елдің тұтастығы, болашағы, қауіпсіздігі қыз бен әйелдің қолында. Бұл жолда қажет болса, матриархаттың принциптерін ұстансақ та еш айыбы жоқ.

 


СӨЗДІҢ ЖҮЙЕСІ

Галым ЖусипбекҒалым ЖҮСІПБЕК,
АҚШ, Вашингтон «Қайта Ойлау»
институтының сараптамашысы:

– Қазіргі кезде көп айтылып жүрген нәрселердің біреуі жаһанданудың ұлттық дәстүрлерге, тілдерге, діндерге деген әсері. Жоғарыдағы сауалдың осымен тікелей байланысы бар.Әлеуметтік ғылымдар саласында істеуіме және бұл мәселеде Батыстағы әріптестер мен ғылыми мекемелермен тікелей байланыста болуыма байланысты кейбір тосын көрінетін, ойларым бар.

Жаһандану да, «еуропалық», «батыстық түсінік» деген ұғымдар да монолиттік немесе бір-ақ қырлы сипаттамадан тұратын, толықтай жаман немесе толықтай жақсы деп баға бере алатын қарапайым құбылыстар емес.

Алайда, көп жағдайда біздің елімізде және басқа да Батыстық емес елдерде әлеуметтік өмірге қатысты ұғымдарды (жаһандану, адам құқықтары, соның ішінде әйел мен бала құқықтары, демократия, либерализм сияқты) біржақты және жағымсыз бағалау, тіпті байбаламға салу (алармизм деп атауға болады) байқалады. Әлбетте, бұның өзіндік себептері бар, бірақ ол өзінше бөлек әңгіме.

Батысқа еліктеушілік те көбінесе біржақты назарға алынатын сияқты. Америка мен Еуропаның жоғары деңгейдегі жұмыс істеу этикасы мен ғылыми этикаға, заңның үстемдігі мен әділеттілігіне, академиялық еркіндіктері мен адам құқықтарын қадірлеуіне еліктесек, бұның қай жері жаман?

Менің айтарым, қазақты ұлт ретінде сақтап келген қағидаттардың бастысы әділдік пен адамгершілік еді. Бұл қасиеттер болмаса тілдің де, діннің көп мағынасы болмайды. Бізде өте қызық жағдай байқалады, мұны тіпті парадокс десек те болады. Біздің кейбір ағайындар ана тіліміз бен ата дінімізді қорғаймыз деп әділдікті де, адамгершілікті де құрбан еткісі келеді.

Алайда, әр адамды ТҰЛҒА ретінде, бірегей (уникальный) тұлға ретінде мойындау керек. Батыс елдерінде, әрине, идеалды түрде болмаса да, бұл бар.

Жаһандану, еуропалану мәселесінде байбаламға көп салмау керек деп ойлаймын, себебі байбалам, алармизм толықтай негативті құбылыстар. Ол – үмітсіздік. Ал мұсылмандық бойынша үмітсіздік – тағдыр туралы, Алла Тағала туралы қате ойлау. Зайырлы тұрғыдан қарастыратын болсақ, әлеуметтік өмірді біз адамдар өз ойларымызбен, пікірлерімізбен қалыптастырамыз. Сол үшін жақсыны көре білу керек, жақсы қырларды таба білу керек, жақсы ойлар мен пікірлер өндіруіміз керек. Ғасырлар бойы бір-бірімен қырғи-қабақ болған Еуропа елдері соңғы алпыс жылда осылай өзгерді. Бір-бірін миллиондап қырған немістер, француздар, ағылшындар баяғыда татуласқан және Еуропа қазіргі кезде миллиондаған босқын мен мигранттар арман ететін жерұйыққа айналған.

Қазақтың өмірінің мәні мен түсінігінің өзгеруі мәселесіне келгенде біз мынаған басты назар аударуымыз керек. Әр саналы адам бұл өмірде өзін-өзі қалыптастыра білуді, өз мүмкіндіктерін аша білуді қалайды. Осыған қол жеткізген адам бақытты болады.Қазіргі кезде көптеген адамдардың, әсіресе, жастардың осы себепті Батысқа, берісі Еуропа, арғысы Америкаға кетіп жатқанын білеміз. Әсіресе, «дәстүршіл» мұсылман елдерден көптеген адамдар, тіпті ғұламалар мен оқымыстылар кетіп жатыр. Мен «дәстүршіл» дегенді әдейі белгілеп, тырнақшаға алдым. Себебі бұл субъективті «дәстүршілдік» (бұзылған десек де болады). Бұл «дәстүршіл» мұсылман елдерде осыдан бірнеше ғасыр бұрын азаматтардың өзін-өзі қалыптастыра білу, өз мүмкіндіктерін аша білу мүмкіндіктері әлдеқайда көп еді, қазір жоқ.

Мынаны мойындаумыз керек, адам баласы еркіндік пен заң үстем болған жерден қашпайды.Керісінше заңды және еркіндікті құрметтейтін елдерді іздейді. Сондықтан да Батыстың либералдық елдеріне ағылып жатқандар тек қана диссиденттер мен босқындар емес, ең алдымен, ғұламалар, ғалымдар, жазушылар, әлеуметтік көшбасшылар, жалпы алғанда, нағыз интеллигенция мен еркін ойлы азаматтар. Көптеген діндарлар да сол либералдық елдерге барып бас сауғалайды. Тіпті қазіргі кезде Батыстың либералдық елдерінде шоғырланған мұсылман ғұламалар саны және Исламға қатысты жасалып жатқан кешенді зерттеулер саны бүкіл мұсылман елдерден әлдеқайда көп.

Біз ешкімге қайсыбір тілді де, дінді де зорлап үйрете алмаймыз… Көптеген «дәстүршіл» мұсылман елдерде (арасында біздің кейбір көршілерімізді де атай аламыз) «жақсы азамат пен дұрыс мұсылманның» өзіндік трафареттері (қалыптары мен стандарттары) шығарылып қойған, оларға сәйкес келмейтіндерді «ұнамсыз», тіпті халық/ тіл/ дін жауы, дұшпаны деп жариялап жібереді. Бұдан әсіресе тіл, ұлттық дәстүр мен ата дін жанашырлары сақ болуы керек. Бұл – өте қауіпті құбылыс, бұндай қоғам «бөлінген халыққа» айналады. «Бөлінген халықтың» дамуы, басқалармен бәсекелесе білуі мүмкін емес. Біздің Елбасымыздың «инклюзивті, жинақтаушы» стратегиясын осылай бағалай білу керек деп ойлаймын.

Бастысы, қазақ па, орыс па, қазақша жетік біледі ме, білмейді ме деп бөлмей әр адамды, бірегей (уникальный) тұлға ретінде мойындап, тегіне, тіліне қарамай, толыққанды дамуына жағдай жасауымыз керек. Осылай етсек қана адамдар өздері лек-легімен қазақ тілін де, қазақтың дәстүрі мен әдебиетін де үйрене бастайды, ғаламтордан тауып-ақ үйренеді. Сонда жаһандану заманында қазақ көп ұлттың бірі ретінде ғана емес, күшті халық ретінде ғаламдық картадан өз орнын ала алады. Бұл Американың және дамыған басқа да елдердің стратегиясы.

Қоғамымызда белең алып тұрған жағымсыз құбылыстардың дені біздің санамыздан, менталитетімізден. Ал олар болса түйсіктен (подсознание) туындайды. Ғылымның, әсіресе, когнитивті психологияның айтуынша, адам баласының іске асырған нәрселерінің 90 пайызын түйсік белгілейді. Ол болса, әуелі сәби кезіміздегі және балалық шақтағы тәрбие моделі арқылы және де білім беру моделі арқылы қалыптасады.

Жалпы алғанда, пост кеңестік елдерде критикалық ойлау мен өзіндік ойлау, жасампаздық деңгейі төмендеу. Бұндай қоғамдарда коррупция да, тұрмыстық материализм де табиғи нәрсе. Бұның себебі бала тәрбиесіндегі олқылықтарда. Бізде баланы қатты басып тастайды. Тәрбие модельдерімізде ұрсу, жиі-жиі сынау, тіпті қол көтеру кездеседі. Баланы жеке тұлға ретінде мойындау өте сирек.Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) болса, балаларды қатты бағалаған, оларға өзі келіп сәлем берген, үлкен кісілермен сөйлескендей сөйлескен, дауыс көтеру мен сынауды тыйған. Біздің тарихымызда сондықтан бала билер болған. Бала би шығатын қоғамда критикалық ойлау да, өзіндік ойлау мен жасампаздық таболады, коррупция да, жұмыссыздық та азаяды. Себебі, адамдар қол қусырып отырмай, өздері амалын тауып неше түрлі нәрселерді жасай бастайды. Яғни бізге бала құқықтары мен әйел құқықтарын дұрыс түсініп, дамыту керек.


 

– Ауыл – жұмыссыздықтың құрбаны. Қала тұрғындарыныңда екі қолға бір күрек таба алмай сабылып жүргендері көбейіп барады. «Шын іздеген адамға жұмыс қашан да табылады» деген сөз де жоқ емес. Сіздіңше, бүгінгі жұмыссыздық жұрттың жалқаулығының сал­дары ма әлде шынымен жұмыс орындарының жетіспеушілігінен бе?

Шәріпбек ӘМІРБЕК:
– Жалқаулық та бар, жұмыс орындарының жетіспеушілігі де бар. Жұмыссыздар қазір діни секталардың қатарын көбейтуде. Бұл да болашақта үлкен мәселеге айналады. Бәрін нарық туралай­ды деген ұстаным қазақ қоғамында жүзеге аспайды.

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ:
 – Екеуі де бар. Ауыл толығымен жұмыссыз деп айтуға болады. 20 жыл бұрын біз колхоз-совхоздарды өз қолымызбен құлатып, ел­ді жалқау қылып алдық. Енді жерінен айырылса, мал бағудан да қалып, ақшасы бар шетелдіктер, немесе қаладағы шенеуніктер сол жерге ие болғанда күніміз қиындайын деп тұр. Ал қалаға кел­се, не үй жоқ, не мамандық жоқ, күзетші болып сенделіп жүреді. Ол да өмірдің шындығы.

Рамазан САЛЫҚЖАНОВ:
– Жалқаулық та, жұмыс жоқтық та бар. Ал мұның басты себебі – адамдардың көрсеқызарлығы, жастардың аз жұмыс істеп, көп ақша тапсам, тез байып кетсем деген жеңіл ойлары. Жастар аз жалақыға жұмыс істегісі келмейді. Ауылда біреуге жалданғанға жалған намыс жібермейді. Демек, ұстаным мен құндылықтар жүйесі өзгеруі керек. Бұл тұрғыдан келгенде, ұрпаққа тәрбие беру­де, баланың болашағына бағдар беруде аға буынның атқа­ратын ролі зор. Мысалы, екінің бірі балам бастық болса деп армандайды. Тілек айтсақ та «балаң президент болсын» деп жатамыз. Осылайша бүлдіршіндерде бала күнінен қол жетпес жалған мұрат пен мақсат белгіленеді. Күндердің күнінде ол миф өтірік екеніне көзі жеткен жас жеткіншек қатты күйзеліске ұшырайды. Сонымен, жұмыссыздықтың себебі – адами фактор ретінде дұрыс кәсіптік бағдардың жоқтығы. Адамдар өзін-өзі тым жоғары бағалайды, ал еңбек нарығының талабына сай кәсіп иелері жоқ болып шығады. Себебі, билік тарпынан экономиканы ұйым­дастырудың жолдары дұрыс реттелмей отыр. Жұмыссыз жүрген жастарды сұранысқа сай мамандықтар бойынша қайта даярлап шығарса, мұндай болмас еді.

 «Дөңгелек үстелді» жүргізген
Айнара АШАН.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір