ӨШПЕС ӨНЕГЕ ИЕСІ
06.05.2016
2713
0

КемелҚасым ақын айтпақшы, «күндей күркіреп өткен» қан-қасап соғыстағы Ұлы Жеңістің әр жылы келген сайын бүкіл Еуропаны түгелге жуық тізерлетіп, табанына салған фашистік айдаһардың белін сындырып, Отан үшін от кешкен әкелеріміз бен аталарымыздың теңдесі жоқ ерлігін еске алып, басымызды иеміз.


Айбынды Қызыл Армияның сондай аты өшпес қаһармандарының арасында қа­­зақ­тың көрнекті жазушысы Кемел То­қаев­тың да болғанын бүгінде зор мақтаныш ете­міз. Ресей Қорғаныс министрлігінің құ­пия беті жақында ғана ашылған мұра-ғаттарындағы Кемел Тоқаевтың майдан ер­ліктері туралы құжаттар қазақ әдебие-тіндегі детектив жанрының негізін салушы адамның жауынгерлік өмір жолына жаңаша қарауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл жолдың өзі де, тегінде, желісі таңғажайып құ­рылған, бірақ шынайы қасіреттер мен жеңіс­терге толы шытырман оқиғалы ро­манға ұқсайды.

Батырдың да өмір жолы балалықтан басталатыны белгілі ғой. Кемелдің бала-лық іздері Алматы (бұрынғы Талдықорған) об­лысының Қаратал ауданындағы Қалпе ауы­лында қалған. Ол – «орташа шаруа» от­басының екінші перзенті. Өзімен тетелес ағасы Қасым, ата жолымен, кемпір-шал­дың баласы есебінде солардың қолын-да тәрбиеленсе керек.

Кемел Тоқаев қаршадай кезінен еңбек-ке етене араласып, әкесінің шаруашылық жұ­мыстарына қолғабыс етумен пісіп-же­тілді. Алайда, жаппай қолға алынған ұжым­дастыру науқаны қазақ халқының та­рихындағы қайғы-қасіреттің жаңа бетін ашып беріп, Дала жұртының тең жартысын жалмаған ашаршылыққа ұрындырды. Сөй­тіп, сол кездегі Орта Азияда саны ең көп этнос болған қазақтар өз респуб­ликасын­да тұрып-ақ ойсыраған аз  халық­қа ай­налды. Аштықтан пана іздеген То­қаевтар отбасы уақытша Фрунзе қаласына (қазіргі Бішкек) қоныс аударып, Кемелдің ата-анасы дәулетті бір адамның үйіне жал­шылыққа тұрды. Аштық есеңгіретіп, жол азабы титықтатқан жандарға осының өзі зор қуаныш болса керек.

Біршама уақыттан соң Кемелдің айдай сұлу мейірімді анасы тұрмыс тауқыметінің азабынан ауырып, сал боп қалды. Сонымен қоса адам айтқысыз бақытсыздық және келді – отағасы ұлдарымен бірге күн-кө­ріс қамында жүргенде бір үйдің жас нә­ресте жалғыз қызы шарасыз жатқан ана­сының көз алдында ошаққа құлап кет-кен. Әлдене бақытсыздықты жүрегі сезіп, жан таппай үйіне жеткен сорлы әке тірідей күйіп өлген қызы мен сол сұмдыққа шыдамай жан тапсырған әйелінің үстінен түседі. Дәл сол күні ағасы Қасыммен бірге базардан қайтқан Кемел милиция күзеті-нің қолына түседі де, оларды панасыздар деп есептеген заң қызметкерлері екеуінің дәлелді сөздеріне қарамастан, балалар үйіне өткізеді. Көзі көрген қасіреттен есеңгіреген Тоқа енді екі ұлын жер-көктен іздеп таба алмай, сол кезде өктеп тұрған бандиттерге жем болған шығар деген оймен дүниеден баз кешеді. Беті ауған жаққа кете барады және содан соң оның өзін де көрдім деген жан болмайды.

Кемел мен Қасым тәртібі темірдей қат­ты жетімханаға тап болса керек. Әрі-бері-ден соң, екеуінің келісімі бойынша, ағасы жетімханадан қашып шығып, із-түзсіз қал­ған отбасын іздеп табатын болады. Жо­л­азыққа азын-аулақ нан кептіріп алып, ақыры Қасым бостандыққа шығады. Сол беті Фрунзедегі қара орындарына жетіп, бол­ған жайларды үй иелерінен естиді. Та­бан аузында естияр жанға айналған Қасым балалар үйіне қайта барып, түннің бір уа­ғында жағдайды жолдастарына айтып бе­реді. Өтірік ұйықтаған боп жатып, оның бә­рін Кемел де естісе керек. Сөйтіп аға­йынды екеуі жанашыр жақыны жоқ, тұлдыр жетімге айналды. Бүкіл КСРО-да­ғы өздеріндей миллиондаған жетімектер сияқты, олардың да жаңа өмірге бейім­делуі­не тура келді. Екеуі де оқуды жақсы оқы­ды, күні кешегі панасыздар ұжымында қабілет-қарымдарын таныта білді. Кейі-ніректе Шымкент қорғасын зауытының жанындағы интернатта тәрбиеленді (айт­пақ­шы, бұл – Ұлы Отан соғысы жылдарын­да майданды оқ-дәрімен қамтамасыз етуде маңызды роль атқарған кәсіпорын). Кемел көбіне-көп гуманитарлық пәндерге бейіл болушы еді. Ал қарапайым қазақ ауылынан шыққан балаға орыс тілі алынбас қа­малдай болды. Болашақ жазушының оны майдан аудиториясында игеруіне тура келді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» дейтін кітабының ең бір те­бірентерлік тұсы, сірә, бауырлардың қош­тасу сәті болар. Бәлкім, Кемел мен Қа­сым енді қайтып кездеспейтіндерін сез­генге ұқсайды. Ағасы әскери қызметке со­ғыс басталмай тұрып кеткен, ол Свердловскідегі саяси жетекшілер курсына алынған. Содан ол 1942 жылғы 22 ақ­пан­да Ржев түбіндегі қан-қасап шайқаста қ­аза болып, Тверь облысы, Ржев ауда­ны­ның Трубино қыстағындағы бауырластар зиратында жерленген. Ал 2009 жылы Қа­сым-Жомарт Тоқаев ұлы Тимурмен бірге Ресей Қорғаныс министрлігі арқылы саяси жетекші Қасым Болтаевтың сүйегі жатқан жерді іздеп тапты. Ескерткіштің ба­сына бауыры – Кемел Тоқаевтың зиратынан алынған қазақ жерінің бір уыс топырағы жеткізілді.

Соғыс басталған соң 18 жастағы Кемел Тоқаев әскерге алынды. Ол кезде Орта Азия мен Қазақстанның мың сан жігіттері Фрунзедегі жаяу әскерлер училищесінде оқып, тәжірибе алатын. Болашақ жауынгер және жазушы өзінің балалық шағын өткізген қаламен осылайша қайта табыс-ты. Ардагерлердің айтуынша, жас жауын­гер­лерді нағыз соғыс өнеріне майдан көр­ген тәлімгерлер тәрбиелесе керек. Үш ай­дан соң сержант дәрежесіндегі Кемел То­қаев майданға аттанды.

Ол өзінің жауынгерлік жолын Сталинград шайқасынан бастады. Бұл – ХХ  ға­сыр­ тарихындағы әбден зерттеліп зерделен­геналапат әскери оқиға. Еділ бойын­дағы тас қамалда болған бітіспес шайқаста бү­кіл дүниенің тағдыры шешіліп жатты. Сол ұлы шайқастың от-жалынында одақтас республикалардан жасақталған мил­лион­даған адамдар ажал құшты. Дегенмен, қа­зақстандықтар үшін бұл сұрапыл ұрыс­тың маңызы айрықша еді, өйткені Еділдің арғы жағалауында Ұлы Дала жатқан еді. Ке­мел Тоқаев осынау отты сұрапылдан абыроймен өтіп, өзінің тұңғыш марапатына – «Сталинградты қорғағаны үшін» ме­да­ліне ие болды. Одан әрі ол Польшаға дейін жетіп, сол жерде ауыр жарақат алға­нымен, жауынгерлік жолын жалғастырып, тағы да көптеген наградаларды, соның ішінде екі рет Отан соғысы орденін кеуде­сіне тақты.

Күллі адамзаттың қас дұшпанымен ар­палыста асқан ерлігімен көзге түскен сержант Тоқаев Қызыл Армияның өзіндік бір бетке ұстары – танк десантына алынды. Оның майдан жолының басым бөлігі 7-ші жеке Гвардиялық Қызыл тулы Ломжин Қарқынды танк полкімен байланыс­ты. Кеңес танкішілері неміс «фаустник­те­рі­нен» көп жапа шегетін әрі оның жөні де бар еді. Тіпті кере қарыс сауыттың өзіне бо­лымсыз  жарықшақ түссе болды, танк­нің экипажы тірідей өртеніп кететін. Ал танк үстінде  автоматшылар болса, қара ду­лы­ға­лы жігіттер алаңсыз шайқасатын. Бірақ қор­ғаусыз  қалған десанттар танкі­шілердің қауіп­сіздігі  үшін өз  өмірлерін  құрбандыққа ша­латын. Кеңестік жаяу әскердің осынау жанкешті тобына екінің бірі алына бер­мейді, оған тәуекел еткен әрбір ерікті өзін Қызыл Армияның ең таң­даулы жауынгері ретінде көрсете білуі керек еді.

Кемел Тоқаевтың «Солдат соғысқа кет­ті» деген кітабында осының бәрі жақсы жа­зылған. Меніңше, романның ерекше құн­дылығы – оны тек майдан кешкен сол­даттың ғана емес, соғыс сұрапылының қақ ортасынан шыққан адамның жазғанында болса керек. 1943 жылғы жаздың оқиғала­рын бозбала жауынгердің көзімен сипаттай келіп, Кемел Тоқаев былай деп жазды:

«Біздің гвардия танк полкі Оңтүстік май­даннан оралды. Көп жолдастар оралмады. Ұрыс алаңында қаза тапты. Сондағы күндерді ойлап отырып, өзіңнің дозақ отынан қалай шыққаныңа, аман қалға­ныңа таңғаласың. Төңірегіңдегілер жапырылып қырылып жатты, ал сен тірі қалдың. Тіпті мүмкін емес сияқты. Бірақ шындық со­лай».

Сержант Кемел Тоқаев екі рет «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Марапат­тың қадір-қасиетін атының өзі-ақ айтып тұр. Ал енді қазір сол ұрыстардың егжей-тегжейі белгілі болып, құжат арқылы расталып отыр. Міне, мынау – 7-ші жеке гвар­­­диялық Қызыл тулы Қарқынды танк полкі бойынша «Құпия» белгісімен 1943 жылғы 5 тамызда шыққан №7 Н бұйрықтан алынған ең жарқын мысал.

«9. Автоматшылар бөлімшесінің ко-мандирі гвардия сержанты Тоқаев Кемел. 1943 ж. 17 шілдеден 1 тамызға дейінгі ұрыс-тар­дың күллі барысында үздіксіз танкі­лер­дің қасында болды, оларды қорғай жү­ріп, өжеттігі мен батылдығын танытты. Қарша бораған артиллерия шабуылы жағдайында танктермен байланысты үзген жоқ және мылтық пен пулемет оғының астында іс-тен шыққан танкілер мен олардың эки­паж­дарының жай-күйін анықтау және тан­кілерге өткелек жол табу жөніндегі ко­мандованиенің бұйрықтарын орындады. Өз автоматының оғымен 20-ға жуық фа­шистті жер жастандырды.

1923 ж. туған, қазақ, БЛКЖО мүшесі, Қы­зыл Армияда – 1942 жылдан, әскерге Алматы қаласының Ленин аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырыл­ған».

Өлім құшудың немесе жарымжан болып қалудың қаупі ушығып тұрған сол күндердегі шайқастар жағдайының өзін­дегі таңқаларлық ерлік. Бір айға жетер-жетпес уақыттың ішінде гвардия сержанты Тоқаев «Ерлігі үшін» медалін екінші рет тақты! Мұрағат құжатынан тағы бір үзінді келтірейік.

«14. Автоматшылар бөлімшесінің ко­мандирі – гвардия сержанты Тоқаев Кемел, бұрын «Жауынгерлік ерлігі үшін» және «Сталинградты қорғағаны үшін» ме­даль­дерімен марапатталған.

Полктің жауынгерлік қимылдары ке-зінде үнемі алғы шепте болды. Аса күрде­лі жағдайларда, оқ пен бомба үздіксіз жа-
уып тұрғанда танкілермен жаяу байланыс орнатты. Ұрыс барысында су шебінен жыл­дам өтуге тура келгенде, командова­ние­нің бұйрығы бойынша тез арада өткел тауып, танкілерді кедергілерден алып өтті.

1923 ж. туған, қазақ, БЛКЖО мүшесі, Қы­зыл Армияда – 1942 жылдан, әскерге Ал­маты қаласының Ленин аудандық әс-кери комиссариаты арқылы шақырыл­ған».

Ал енді, қай жағынан да ең мәртебелі ма­рапат туралы. Әңгіме ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені жайында. Бұған егжей-тег-жейлірек тоқталайық. Награда сұрапыл 1942 жылы И.Сталиннің тапсыруы бойынша армия мен флоттың ерекше көзге түс-кен әскери қызметшілерін марапаттау үшін тағайындалған болатын. Орденнің (КСРО-да тұңғыш рет) күрделі жарғысы болды, яғни оған не үшін ұсынылатыны нақ­ты түрде тіркеп жазылатын. Оның І дә­режелісі – офицерлерге, ІІ дәрежелісі – жауынгерлер мен кіші командирлерге тиесілі болды. Бұл орден айрықша құр­мет­телді, себебі ол дұшпанмен бетпе-бет шай­қастағы ерекше табыстар үшін бері-летін. 1945 жылғы қаңтарда Польша жерін­де аса ауыр кескілескен ұрыстар болды. Қызыл Армия батысқа, тұп-тура Үшінші рейхтың қақпасына қарай сенімді түрде шеру тартып бара жатты. Бұл кезде гвардия сержанты Тоқаев тәжірибелі майдангер, оқпана бауырластығының «кәрі шөңгесі» болып үлгерген-ді. Марапат парақшасынан мынадай үзіндіні оқиық:

«Кеңестік Отан үшін болған ұрыстарда Тоқаев жолдас, полк комсомол бюросының мүшесі ретінде, өзінің жеке басының өне­гесімен автоматшылардың 4-ші взводының жеке құрамын жауынгерлік істерге жігер­лен­дірумен болды.

45 ж. қаңтардың 21-де солтүстік-батыс Ег­лие­вец ауданында немістер түн жамылып біздің шептерге қарсы шабуыл жасады. Автоматшылар өз танкілерін табан­ды­лық­пен қорғады, ал содан соң шабуылға шы­ғып, не­міс­терді тойтарып тастады. То­қаев жолдас дұшпанның бекінісіне бірінші боп бұзып кіріп, өз автоматының оғымен 5 немісті жойды және жаралы 1 немісті тұт­­­қынға алды».

Халқымыздың жарқын перзентінің майдан жолына көз жіберсеңіз, болашақ жазушының жаумен өте лайықты, тіпті ер­лікпен күрескенін көруге болады. Қан­дай соғыста болсын, бұл оңай емес. 1945 жыл­ғы қаңтардың сол бір қиын-қыстау күндерінде болашақ жазушының аяғына жа­рылғыш оқ тиіп, қатты жараланды. Жа­ра­лы аяқты кесу мәселесі тұрды, бірақ Кемел Тоқаев  өзінің толық мағынасындағы өмір­ге деген құқығын қорғап қалды. Сол кез­де алыс тылда, Омбы қаласында кеңес­тік медицинаның әйгілі шамшырақтары шо­ғырланған болатын (мәселен, онда аты аңызға айналған танкіші әйел Мария Логунова протездің көмегімен жүріп үйренді). Сол кезде әлі жап-жас, бірақ кейін әлемге аты жайылған ортопед-дәрігер Гавриил Или­заров та сонда болатын. Әбден майып бол­ған қазақ жігітін қатарға қосқан да – сол.

1945 ж. 16 маусымындағы
№761 эвакуациялық госпитальдің ауру туралы куәлігінің көшірмесі.
1494 эвакуациялық госпитальдің
комиссиясы

Атағы: гвардия сержанты, бойы – 172 см, салмағы – 60 кг, кеуде ауқымы – 95 см. 1945 ж. 21 қаңтарда оң аяғынан жараланған. Хирур­гиялық операция жасалған және жараны жуып-тазалаған. Орама гипс са­лын­ған.

Аурудың объективті белгілері: оң аяқ тізесінің үстіңгі жағында Н тәрізді 15х4 см көлемді тыртық бар. Тыртықтың ортасында ірің бөлініп тұратын екі жыланкөз тесік бар. Тыртық оқтың кірген және шыққан тұсында. Балтыр тұсы буындарының қозғалысы дұрыс, одан төменгі тобығының бүгілуі – 100 градус, табанның бүгілуі – 110 градус, балдақпен жүре алады. Оң аяғын кесуден бас тартты.

Арнайы тексеріс нәтижесі: 1945 ж. 25 ма­мырындағы рентгенограмма. Сирақтың екі сүйегі де сынған, сынықтар бүйірінен және ұзынынан жылжып, бірігіп кеткен. Жұмсақ тін­дерде орналасқан бірнеше ұсақ сүйек сы­нық­тары бар.

Аурудың атауы: оқ тесіп өткен сирақ сүйе­гінің сынуына байланысты оң аяқтың қоз­ға­лы­сының тежелуі, остеомиэлиттің ауыр тү­рі.

Емдеу: физиотерапия, сүйекті таңу.

КСРО ХҚК-нің 1942 ж. №386 аурулар тәр­тібі бұйрығының 49-бабының II-III бөлігі не­гізінде бұдан әрі әскери қызмет атқаруға жа­рамайды. Айрықша есепке алынып, алты ай сайын кейін куәландырылып отырады. Мүге­дектік тобы – екінші, үш айдан кейін қайта куәландырылады.

Жаяу жүре алмайды.

Қасында адам жүрудің қажеті жоқ.

Аурудың негіздемесі: КСРО-ны қорғау ке­зін­де жараланған.

Соғыстан соң Кемел Тоқаев журналист болуды қалады. Жеңісті 1945 жылы ол С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне қабылданды (ол кезде журналистика осы факультеттің бір бөлімшесі болатын). Са­баққа балдақпен бара жүріп, Кемел Тоқаев университетті үздік бітірді де, тез арада болашағынан үміт күттірерлік журналист әрі жазушы ретінде қалыптасып үлгерді. «Жұл­дызды жорық» (1954), «Тасқын» (1958), «Болашақ туралы ойлар» (1965) сын­­ды алғашқы әңгімелер мен повес­те­рінің жи­нақтары, газеттерде жарияланған көп­теген мақалалары әп-сәтте сыншы­лар­дың оң қабағына ілініп жатты. Өмір көрген жауынгер әрі жазушы ретінде ол қыл­мыспен күрес жайында бірталай тартымды да тағылымды шығармалар жазды. Оны жұрт қазақ әдебиетіндегі детективтік жанрдың негізін салушы деп атайтын бол­ды. К.Тоқаевтың кітаптары оңайшы­лық­пен қолға түспейтін, іздеп жүріп оқитын қастерлі дүниеге айналды. Әсіресе, «Ұш­қын», «Көмескі із», «Сарғабандағы оқиға», «Соңғы соққы» деген хикаяттары мен әңгімелері оқырман қауымның сүйіспен­шілігіне бөленді. Ол республика ІІМ-інің байқауларында үш мәрте жоғары марапатқа ие болды. Қазір де Кемел Тоқаев қазақ әде­­биетін дамытуға елеулі үлес қосқан, өзіндік қолтаңбасы бар қаламгер ретінде оқырмандардың есінде. Өкінішке қарай, қазіргі әдебиетшілер оның осы бір айрық­ша жанрдағы жазушылық өнерін өрге бас­тырып, жалғастырып әкете алмай келе­ді.

Менің атам – майдангер әрі ұстаз және әкем – бір кезде Қазақ КСР Ішкі істер ми­нистрлігінің хорында еңбек еткен сазгер әрі мәдени қайраткер Кемел Тоқаевтың әде­би мұрасын зор ілтипатпен бағалайтын және оның соғыс пен бейбітшілік, жақ­сы­лық пен жамандық туралы терең толға­ныс­ты әңгімелеріне тәнті болушы еді. Қазір тоқырау кезеңі деп аталып жүрген сол жылдарда милицияның қарапайым қыз­меткерлері, тергеушілер, криминалис­тер өздерінің жеке кітап қорларын Кемел Тоқаевтың тамаша туындыларымен толтыруды үлкен абырой деп білуші еді.

Көзінің тірісінде Кемел аға ешқашан да өзінің жауынгерлік ерліктерін алға тар-тып, пендешілік танытқан емес, қайта ола­рын кейін іркіп, маршалдардың, гене­ралдардың, қарапайым жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерінің еңбегін асқақтатып отырушы еді. Ұлы Жеңіске жеткізіп, КСРО-ның әлемдік аренадағы құдірет-күшін танытқан солардың өшпес ерлігі деп білетін. Және керісінше, соғыстан кейін саңырауқұлақша қаптап кеткен қау­көрік, жасанды батырларға жиіркене қа­рай­тын. Автоматтың немесе пулеметтің құ­рылысын білмейтін,  соғыс  жылдарының тау­қыметін жылы пештің қасында отырып өт­кізген сондайлардың енді келіп жас ұрпаққа өздерінің «ерлігі» жайында әңгіме соғатынын, мерекелі даталарда басшылардан кәдімгідей сый дәмететінін естігенде орнында отыра алмай кетуші еді.

Кемел Тоқаев бір кездегі ұлы елдің на-ғыз азаматы, халқының шынайы патриоты болатын. Оның жауынгерлік ерлік­те­рі­нің куәсі – әскери мұрағаттарда, ал әде­би ерлігінің куәсі – мың сан кітапта-рын­да. Халқымыздың даңқты ұлының өш­пес өнегесі, өлмес өмірі осындай!

Данияр ҚАСЫМОВ,
тарихшы, «Strategy – 2050»
ақпараттық агенттігінің бас редакторы.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір