ӨЛЕҢНІҢ ТЕРДІМ ӨРМЕГІН…
06.05.2016
1921
0

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ, ФОТОӨтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ

***

Көңілімнен шапақ өріп, шықты күн,

Мен бұл күні қайраттымын, мықтымын.

Айқай, шуақ, аралашы жанымды,

Күңгірт бұлтын кетсін алып күпті күн.

 

Көңіл ояу,  көңіл бүгін көктемдей,

«Көңілашар» бара жатыр көкке өрлей.

Қарашада жапырақсыз қарағаш,

Ол да бүгін бүршік жарып кеткендей.

 

Көңілімнен ұшты көлбеп көбелек,

Жылы жаңбыр кеткендей бір себелеп.

Ақ парақтар алдыма кеп қонады,

Жыр да бүгін жазылады керемет.

 

Саусағыммен сәулелерді түртіп ем,

Қара суық қырдан асты бұлтымен.

Жібек желмен тараймын кеп шашымды,

Ақша бұлтты орамал ғып сүртінем.

 

Көңіл – дархан көкжиекке ұласқан,

Бір-бірінен есен-саулық сұрасқан.

Жазып тастап жүректегі сөзімді,

Жанарымда мөлдіреген тұр аспан.

 

***

Сүмбіле келді, суын құйындым,

Суын құйындым, сөз боп құйылдым.

Саз боп құйылдым,  сәнге бұйырдым,

Сағым боп қашты суыны үйірдің.

 

Сүмбілем менің, Сүмбілем менің,

Суын төседі сүңгіген жерім.

Сымбатын көрсең – сезімің жүдер,

Сарыала бояу түр-кілем жерім.

 

Таразы кетті,

Таңын суытып,

Тарады көкке маңын суытып.

Темірқазыққа телміріп тұрмын,

Тебіскен жырдың жанын суытып.

 

Суытсаң суыт, жүрегім жылы,

Самала күндер – көңілдің нұры.

Солтүстік жақтан жеткен сәлемдей,

Суытқан су да – көңілдің кірі.

 

Сүмбілем менің,  бір кием менің,

Суға қарасам – сыр түйем керім.

Су  деген, шіркін, сыпай мінездес,

Сыным жоқ саған кіртиер менің.

 

***

Тағдырдың бұза алмайсың тас қамалын,

Қалмайды сондай кезде басқа амалың.

Ауыздыға сөз бермес ақын едім,

Алдында әділдіктің бас бағамын.

 

Алдында әділдіктің бас бағамын,

Жайым жоқ өрекпитін, жасқанамын.

Сезімнің сәйгүлігін қаңтарамын,

Бақытты ақылменен басқарамын.

 

Бақытты ақылменен басқарамын,

Осылай толар менің тостағаным.

Жүрегім  – жарқылдаған қыран-қанат,

Жұбайым, пейіліңді тос, қарағым.

 

Жұбайым, пейіліңді тос, қарағым,

Жанымды ұғатұғын дос санадым.

Салғам жоқ жастығыммен сарсаңдарға,

Мен саған көрсеткем жоқ масқара күн.

 

Мен саған көрсеткем жоқ масқара күн,

Күн сайын тек өзіңнен басталамын.

Жаныңды жас күніңнен жетелеп ем,

Арымды кірлетпестен жастанамын.

 

***

Дос қалмады жанымда,

Дос дегенім  пенделер.

Ұқсап кетті Қабылға,

Абыл болды жерленер.

 

Бұл тәмсіл ме, шындық па?

Біле алмадым, бұлыңғыр.

Қабыл құмар құлдыққа,

Қара күшке ұрынғыр.

 

«Күштің арты диірмен,

Тартады» деп айтады ел.

Мансаптылар иірген,

Асық – алшы, байқады ел.

 

Зорлық  болды мақтаныш,

Қорлық болды дәстүрлі.

Бай болуға аттаныс,

Бос байлады қасқырды.

 

Қой сорлыда не амал,

Маңырағаны, болғаны.

Қан-қан  ұртта жоғалар,

Қолжаулық қой қолдағы.

 

Ұрыс қиын, ұрымтал,

Сенетұғын дос та жоқ.

Баукеспелер «ұғымтал»,

«Таза талант, қоспа жоқ».

 

Адам – әккі, дос – пенде,

Жетпей қойды ақылым.

Жырдың құнын кескенде,

Жылап қалма, ақыным.

 

***

Қалқанқұлақ қара бала, қайдасың,

Қара өлеңнің көре алдың ба пайдасын?

Отқа түсіп, суға батып жүрсің бе,

Бұл өмірдің үйрене алмай айласын.

 

Ақжүректің өзі едің ғой арманшыл,

Адастырмас жол таптың ба алдан шын.

Туған жерге балалықты қалдырып,

Арман қуып, Алатауға барғансың.

 

Таудай биік  мақсат бар-ды жаныңда,

Қосылдың да кеттің тентек ағынға.

Ауылды ойлап өлең жазып отырдың,

Туған жерің  айналғанда сағымға.

 

Сол ауылға көптен жолың түспеді,

(Адам деген ұшып кетер құс па еді).

Бәрі орнында, Жем де, қыр да, құмақ та,

Балаң көңіл балбыраған іштегі.

 

Қайда достар жаныңды ұғар, жай ұғар,

Жақсы ісіңді елеп, екшеп айырар.

Ақындықпен  артық кеткен жеріңде,

Әзілменен  әдемілеп қайырар.

 

Қара бала, мен де сені іздедім,

Қай жерлерде қалды екен деп іздерің.

Жазым менің жайсаң еді, ол да өтті,

Сезем енді жақын қалған күз демін.

 

Қара бала, сен де мені іздесең,

Көзіңді сал күмбірлеген күзге сен.

Жалықпастан мен өзіңді іздеймін,

Ізде сен де, күдеріңді үзбесең…

 

***

«Ауыл қайда, су қайда», қайда бәрі?

Менің басым сұрақтан айналады.

Ақкиіздің аспанын бұлт басыпты,

Кім бар дейсің іздейтін қай баланы?

 

Мен алысқа кеткенмін, арман қуып,

Балапан-жыр талпынып, алдандырып.

Ауылыма ат ізін салмай кеттім,

Дос түгілі, қасты да таңдандырып.

 

Талай жылдар артымда қалды зырлап,

Алдым менің, сөз болды, алдым ырғақ.

Өлең қуып, өрістен ұзап кеттім,

Қайран ауыл, балқаймақ, бал-қуырдақ.

 

Сені ойласам кетеді есім неге,

Бір соғармын екінті, бесінде ме?

Ақкиізін алғашқы жырға қосқан,

Қара балаң, япыр-ай, есіңде ме?

 

Есіңде ме, «Жылыойға» жазған өлең,

Жас жанымда жігерім маздап ерен.

Жас достарым жарқылдап, жаттап алып,

Арманымды алысқа қозғады елең.

 

Айналайын, Ақкиіз, балаң күнім,

Жанарымды алыстан салам бүгін.

Ата-анамның өзіңде ізі жатыр,

Маған қымбат сол іздер, амандығың.

 

***

Күн төбеде тұрғанда керім едім,

Қайрат, күштің шамасын көріп едім.

Орда бұзған отызым одыраңдап,

Қырыққа да құлаштап келіп едім.

 

Күн төбеде тұрғанда, бәрі жарық,

Жақсылықты жатушы ек танып алып.

Дос та бізде көп еді, қас жоқ еді,

Сағынсақ біз сол күнді сағыналық.

 

Орман жырлап,  жататын теңіз күліп,

Бойымызда жататын  ең ізгілік.

Қолдағыны аямай асыл достан,

Қуанышты жатушы едік егіз қылып.

 

Достарымыз көп еді, санамадық,

Жан сарайын армансыз араладық.

Бірте-бірте азайды дос-жарандар,

Жалғандықты, бәлкім біз, қаламадық.

 

Досқа сендім. Ақаусыз, алаңдамай,

Жанымды алып жетуші ем оған қарай.

Атым озып келгенде араз болды,

Үн қатпастан кеттім мен, жамандамай.

 

Көп су ақты. Талай кез  өтті-кетті,

Тырыспадым түзеуге кекті бетті.

Ақылымды ашып мен айтып едім,

«Аты озғасын ол мені сөкті»  депті.

 

Көрсетпедім мен оған күндес қылық,

Пенде болса қайтейін білмес ғұрып.

Күн төбеде тұрғанда, жоғалтып ем,

Күн кешкіріп барады, күн кешкіріп.

 

***

Мен сынақ аймағымын – Дегелеңмін,

Аз жаздым, бәлкім содан кем елендім.

Саппасқа сапы болдым, қанжар едім,

Өлгенін көрдім солай көп өлеңнің.

 

Бір ақын саясатқа бұрды бетті,

Оқырман жақтырмады, тыржың етті.

Баяғы даңқыменен орақ орды,

Бірақ та абыройын құн-жын етті.

 

Жас келді ақсақалдық ақыл болар,

Айтқан сөзі адамға нақыл болар.

Қайтесің, ұлтқа жақпас сөз айтып жүр,

Қоймаса қадіріне бақұл болар.

 

Дастан ғып даурықпаны жазған ақын,

Сонысын  әркімдерге  созған ақын.

Тұрса да астанасында алашымның,

Өзі де, өлеңі де тозған ақын.

 

Маң басып, маңғазсынып жүргенменен,

Бүгінде сөз естуде кім көргеннен.

Алыстап өз аулынан бара жатыр,

Бұйдасын еркін ойдың түргенменен.

 

Мен сынақ аймағымын – Дегелеңмін,

Өлгенін енді көрдім көп өлеңнің.

Өлеңге олжа салмас ақындардан,

Тізгінін бос қалдырар  тебеген күн.

 

***

Ой мен сөздің  аштым мен шегарасын,

Өлең-жайдың көтердім белағашын.

Қармақ салдым теңеудің тереңіне,

Жайын — пиғыл әйтеуір, жоламасын.

 

Көңіл күпті, қармағым қандана ма,

Шабыт, шіркін, көне ме, шамдана ма?

Даусым менің жетер ме, жетпейді ме,

Торғай болып көрейін маң далаға.

 

Аспан биік, одан да арман биік,

Көне сазды көңілім алған құйып.

Сағымына даланың кетті сіңіп,

Жыр дегенің – жеткізбес жалған киік.

 

Атамын деп құлжасын кезенесің,

Атпай қалсам өтеуге не бересің?

Ой-түндігі отаудың желге қашты,

Шимен өрдім шындықтың керегесін.

 

Жолықсам деп бұл жырдың қасқырына,

Бәйгеге де саламын басты мына.

Өлең-отау ішіне кірдім-дағы,

Осы жырды жаздым мен басқұрына.

 

Уықтарым – үміттің пернелері,

Түндік аштым, тынысқа жел береді.

Бақан тиген басына бойын бұғып,

Жетім жырлар желбауда тербеледі.

 

***

Жүгенін сылдырлатты  арғымақ-жыр,

Шашасын шабытымның қарғын ап жүр.

Таланттан тоқым алдым бір шөкімдей,

Көсілтіп бір шабайын, жан «құлап» жүр.

 

Шылбырын қарға орадым ақтан-жырдың,

Қамшыны оң сауырға аттандырдым!

Алысты ауыздықпен Құлагерім,

Шамасы, шайтан желге қақпан құрдым.

 

Тарттым мен тентек ойдың таралғысын,

Айылбас, абай болшы, аманбысың?

Терлігі терге бөкті   таң жазғанда,

Желген жел, жетем десең, шамаң білсін.

 

Үзеңгі  бауырына тірелгенде,

Бұтыма салмақ қосып, шіренгенде.

Боз дала киіз үйдей дөңгеленді,

Жылдамдық қорқытпайды, жүген менде.

 

Құйысқан, өмілдірік, ер күмістен,

Дөңгелеп дала жатыр, жер пүліштен.

Армансыз бір шабайын, арғымақ-жыр,

Жалығып кеттім әбден мен жүрістен.

 

Шабайын, туған жерді айналып бір,

Шаршап бір жүр едім ғой, байланып тіл.

Нан үшін кібіртіктеп көп жүрдім ғой,

Намысым  қалсын, шіркін, қайралып бір.

 

***

Өлең жазғым келмейді.

Ащы бәрі,

Жүрегімнің көздерін жас жуады.

Көрген кезде күштінің күшенгенін,

Тамағыма тығылып тас тұрады.

 

Тәкаппарсып, тасынып, талтаңдаған,

Мынау кім-ей, бармағы бал таңдаған?

Араны үлкен анау ғой, таныдың ба,

Зорды көрсе қорынып,  жалпаңдаған.

 

Пәленшенің балдызы, жиендері,

Пәленшенің жалғызы, күйеулері.

Ішкендері алдында, ішпегі артта,

Анау үйде, ана үйде сүйеулері.

 

Соны айтам деп ұрынған қасқа шығар,

Шындық деген шыңғырып тасқа шығар.

Бар оларда барлығы: байлық, билік,

Тек, әйтеуір ұяттан басқасы бар.

 

Соны айтам деп ұрынған қасқа шығар.

Сен емессің, мен емес, басқа шығар.

Бар оларда барлығы: алтын, күміс,

Қанағат пен тәубеден басқасы бар.

 

***

Арқа еті арша болып,

Борбай еті борша болып,

Анам бізді  жеткізді,

Келер күнге өткізді.

Ұл болғанда мұнша болып,

Қыз болғанда мұнша болып,

Не бітірді ұрпағы,

Деген сұрақ тұр тағы.

Түн ұйқысын төрт бөлгенде,

Заман буып, өрт келгенде,

Біздер үшін отқа түсті,

Қызуы мол шоққа түсті.

Күйді, пісті,

Қайғыны ішті.

Қайран апа, жүрегіңді өртеген,

Құтылдың-ау қиын қамыт, дертеден.           

Біздің жолға көз алмастан қараушы ең,

Тұрып алып таңсәріде, ертемен.

Енді соны сағынышпен  шерт, өлең,

Тыңда соны өзің туған өлкеден.

 

Соны ойласам, жүрегімнен қан шығар,

Қайран,  жүрек, шанши алсаң, шаншып ал.

Сені ойласам көз алдымда тұрады,

Әжіміңді бойлап аққан тамшылар.

 

***

Сыртым – самал,

Ішім – қар,

Мінезімде  – қоңыр күз.

Жадырамас салтым бар,

Біздер қазір момынбыз.

 

Басқа шықты биттерім,

Балағымда – ит тісі.

Өз жайымды күйттедім,

Өлең соның ұйтқысы.

 

Мен  де ақынмын, алайда,

Өлең емес ермегім.

Ұқсайын деп Абайға,

Ұмтылып та көрмедім.

 

Абай – аспан, мен жерде,

Арамызда көк аспан.

Жақынсырап келгенде,

Жырларымен қарасқан.

 

Абай жыры – ащы жыр,

Тұзы да ауыр мен үшін.

Талай заман асты қыр,

Табылмады келісім.

 

Бұлтты қудым тамызда,

Бедірейді аспаным.

Ақыл алдым қарызға,

Аңдап қадам бастадым.

 

Бұл қадамым тым мимырт,

Болып шықты қара шал.

Озып кетті ылғи қырт,

Ой тастамай таласар.

 

Сыртым – самал,

Ішім бе,

Ішімдегі өкініш.

Абай сол бір күшінде,

Менікі тек өтініш.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір