ӘДЕБИЕТТЕГІ ӘДІЛЕТТІЛІК  – СЫЙЛЫҚТА!
06.05.2016
1957
0

Құдайдың бақырбастыға берген ең үлкен екі сыйы бар. Біріншісі – өмір, екіншісі – сана. Бұрынғының жомарты әрі аңғал батыры Робин Гудтың: «Өмір керек пе, әлде ақша ма?..» – деп сұрайтынындай, жаннан тәтті не бар, бірақ қаржы да қалтаңа ауырлық етпес еді деген дәме, кейде қараңғы түнде дән іздеген көртышқанның тірлігін көз алдыңа елестететіні бар. Іздейді, еңбектенеді, іздейді, еңбектенеді, ақыры дегеніне жетеді. Алтынның артынан кетіп, Элдорадоны тапсақ деп көксеген конкистадорлар күтпеген жерден адамзат өркениетінің бір бөлшегі, кешегі – инк, майя, кечуа, аймарлардың мұрасына тап болғанын кейін білген-ді. Ал Сүлейменнің кенішін тапқандар бар ма екен? Олар да іздеді ғой… Ізденді! Ұзақ жыл дайындалды. Бұны неге айтып отыр деген ой туындауы мүмкін. Осы мысалды әдебиетке алып келсек…  

Әдебиет тарихын ақтарып отырғанда саналы ғұмырын сыйлықсыз, сый-сия­патсыз өткізген жазушылардың бар екенін де көрдік. Саусақпен санарлық болса бір жөн ғой. Біршама екен. Дегенмен, олар жаз­ды, тоқтаған жоқ. Заманы мен ортасы бөлек бол­ған дейсің. Сол қаламгерлердің туындыларын жаһан сөз жауһары антологиясынан оқисың да бәрін ұмытасың. Біз де бәрін ұмытуға  дайынбыз  ба? Бірақ  ұмытылмай­тын бір нәрсе бар. Бәйгеден орын алып, сахнаға шы­ғып, көрермен қошеметіне бөленген ке­зің… Алған қаламақыңды айт­пағанда, өзіңе белгісіз бір сезім, сені алдыға сүй­рей­тін түсініксіз сезімді ұмыту мүмкін емес. Қа­тарластарың мен аға-інілеріңнің құттық­та­ғаны сені ынталандыра түсетіндей. Ерекше бір күй кешіп, со күй бір-екі апта, кейде бір ай көлемінде көлеңкедей қасыңнан қал­май жүретін. «Кет!» – дейін десең қуып жі­­­беретін күшік емес. Уақыт өте келе алған әсер жоғала бастайды да, өз-өзіңе келгендей боласың. Айналаңа қарайсың… Әлем ор­нында екен! Тек сен ғана өзгергенсің. Мен­мендік мекен еткен кеудеңде сағы­ныш­қа ұқсас бір Ұлы кеңістік, Ұлы шөл пайда бо­лады да, бәз-баяғы қалпыңа түсесің. Сон­да есіңе Пушкиннің жағада тесік науа ұста­ған кейуанасы түседі…

Лев Толстой «Что такое искусство?» ат­ты еңбегінде көптеген «эстетикалық тео­рия­­ларға» қарсы шыға келе, қасқырмен бетпе-бет келген бала кейін жанындағыларға со оқиғаны айта отыра, оларды да үрейлен­діріп, қорқыныш сезімін сезіндіру турасында ғажап мысал келтіреді. Жазушы да сондай «эмоционалды көңіл-күйді толық­қанды беруге тиіс» дегенді ерекше ескертеді. Ақсақал: «Сонымен? Повестері мен роман­дарындағы сюжеті талас-тартысқа толы Золя, Бурже, Гюисманс, Киплинг, т.б. оқы­ған­­да ешқандай әсер алмадым. Алғашқы сөй­лемінен-ақ автор не айтқысы келгенін аңғарып қойған соң, ары қарай оқудың ешқандай мән-маңызы қалмады. Одан бұрын жазушының повесть немесе роман жазуға ғана құштарлығы болғанын түсіндім. Сезім жоқ. Сол себептен, көркемдік атаулы­ның төмендігінен олар еш жүрек қозғамады. Ал өзіме белгісіз бір автордың бала мен ба­ла­пан туралы әңгімесін бас алмай оқып шық­тым. Себебі, жазушы мені терең сезім­ге же­телеп, өзі сезінген оқиғаны бастан ке­шу­ге мүмкіндік берді» деп жазады. Автор Шекспир мен Бетховенге іші жыли қой­ма­ғанымен, Шекспир Шекспир күйінде, Бетховен Бетховен күйінде қалды. Қалай дегенмен де, Толтой ең негізгі нәрсе – бола­шақта жеңіл сюжет пен жеңіл жазу басым­дық алатынын әулиелік­пен болжай алды. Нобельді айтпағанда әлемдегі ең белді де­лінген Либерти, Х.К.Ан­дерсен, РКС, Дублин, Орыс Букері, Оң­түстік-Шығыс Азия, АБС, Букер, Гонкур, Пулицер сый­лы­ғы лауреаттарының шы­ғармаларын оқығанда осыған көз жеткіз­гендей боласыз.

«Мемлекеттік сыйлық – әдебиетіміздің шыңы» деп қабылдайтын романтикалық кезеңнен алыстағалы қашан. 2016 жылға де­йін қаншама шығарма жүлдегер атанды. Алайда, оның қаншауы рухани айналымға еніп үлгерді? Ал қаншамасы ұмытылды? Со туындылар, со туындыгерлер де сіз бен біз сияқты жер басып жүрді ғой. Біреуді сынады, өздері де сыналды. Әдебиеттің қамын ойлаған, өзіндік жолын қалыптастырып, әдебиетте өзін тапқан қаламгер жылтыңдап, әр жерден бір көрініп, абыройын түсірмейді деген ойдамыз. Өйткені, өзі туралы газет-жорналдарға мақала, сұхбат ұйымдастыр­тып, ақша беріп мақтатқызатын әдет әде­биеттің ауруына айналып барады. Сыйға тарт­қан кітапты оқымай-ақ сырттан пікір айтуға машықтанғанбыз. Оның шығарма­шы­лығымен толық таныс емес болсаң, айт­па. Қателесуің мүмкін. Ал бір туындыны ғана оқи салып, шолақ қайырудың қа­жеті жоқ. Ал Мемсыйлық алған соңғы қа­лам­­герлердің ішінен Қажығали Мұ­хам­бетқалиев пен Гүлнәр Салықбайды айта аламыз. Жазушының көркемдік ғұ­мырын оның жазуы ғана айқындап бере алады. Уақытқа төзу дегеніңіз де сол…

Бір жазушы екінші біреуді оппонент, жау көргені соншалық жарық көрген кітабының төрттен бір бөлігін өртесе, енді бір ағамыз Мемлекеттік сыйлықты табыс­тар күні бармай, өкпелеп үйінде жатып алыпты. Бір кісілер атшапан-айыбын жуу үшін әлгі ағамыздың үйіне барып, кешірім сұрап, сыйлықты тапсырыпты. Біреу құл­дыраса, біреу асқар таудай өсе түсетіні өмір­­дің заңы шығар… Алайда, додаға түс­кенде талас­пай-тартыспай, өзін маңғаз әрі тәуел­сіз ұстайтындар сирек шығар. Ал еліміздің маңдайалды сыйлығынан құла­ған­дары келесі жылы тағы да талпынып кө­реді. Одан да құласа елден қала ма, тағы да тапсырады. Айналып келгенде бұдан жазушы құны мен жазудың құны түспесе, атағы асқақта­май­тыны белгілі. Сырттай сыйлап, шығар­ма­сына тамсанып жүрген ағаң көз алдыңда аласарып жатса, өкін­бегенде қайтерсің?! Ініле­ріне ақыл үйретіп, адалдық, шынайы­лық туралы сөз қозға­ған­да көп ойын қа­былдай алмайды екенсің…

Биліктің риестріне кірген жазушылар туралы сөз бөлек. Орталықтан келген ресми тұлғалардың жиын-басқосуларда оқы­ған салақұлаш тізімінен оқуға тұрарлық бірен-саран автордың аты-жөнін ғана естіген кезде ойға қаласың. «Әдебиетті жасап отырғандар осылар ма?» деген сұрақ туады. Белгілі бір адамдардың талғамына таң қалмасқа лаж жоқ. Олар тізімде бар жазушылардың бәрін оқымайды, толығы­мен таныс емес дегенге тоқтадық. Ал лауазымды тұлғалардың жанында жүрген кей­бір жастар әдебиетте жүрген ағаларын мүлде танымайтындары да бар. Ол таңсық емес. Әлгі жазушылардың алыс-жақын шетелден жиған сыйлығын баяндамаға тізе келе: «Еліміздің атын әлемге танытып жатыр» деуге аузымыз әбден үйренген. Қайбір жиында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романын оқығанын айтып, жылы лебізін білдірді. Бұның өзін жақсылықтың нышаны деп қабылдадық. Мемлекет басшысының аузына ілігу әр адамның арманы. Соның арқа­сын­да өз ортаңда абыройлы жүресің. Есті­ген ел құттықтап та жатады. Бұл да дұрыс қой. Сталинның Булгаковтың «Ақ гвардиясына» әділ бағасын бергені туралы көптеген әдебиеттанушылар жарыса жазды. Бірақ шынайы қаламгер үшін Уақыт деген төрешінің тезінен өтіп, Өлшем атты сараң мырзаның «мөрі» қымбат па деген де ой келеді…

«Әдебиет дамып, өркендеп жатыр» деп өз-өзімізді алдап жүргенімізге он жылдың ар жақ-бер жағы болды. Сол уақыт аралы­ғында қаншама нәрсе жоғалтып үлгердік. Ең негізгісі сенімнен айырылдық. «Әдебиет – күш» деген ұран күркіреген күндей өте шықты. Ол әзірге күш болудан қалды.. Әдебиет маңындағы мәселені сөз қылдың деп сөге көрмеңіз оқырман. Біздікі біреу сыйлық алғанда жауы шын жүректен қуан­са деген ой ғой. Мойындағаны, кісілік кел­бетін жоғалтпағаны өз алдына, ол сөз өнері жөнінде концептуалды дүниелер айтса, дүниеге сәтті шығарма келсе деген ниет қой…

Бір қаламгерлердің регалийінің өзі WORD-тың тұтас бір бетіне сыйып жатады. Ал библиографиялық көрсеткішін арлы-берлі ақтарғанда оқитын тұшымды нәрсе таба алмағанда мысың құриды екен. Әде­биет­ке адалдық, жазудағы тұрақтылық, жазушының өзіне деген қатал талап та қиын, кей кездері мүмкін еместей көрінеді. Бірақ идеал – қол жетпес арманға деген құмарлық пен құштарлық уақыт өткен сайын өсе береді, ұлғая береді.

«Заманының заңғар жазушысы», «Тың­нан түрен салған», «Көрнекті жазушысы», «Әдебиеттегі дара жолы даңғылға айналған» туындыгердің әдеби жоспары, бүгіндері модаға баланған сөз – «жылдық жоспары» туыстығы мен жора-жолдастығы алдында бас июге тиіс секілді көрінеді. Сыйлық – ынталандырушы фактор. Алайда, «дәнік­кен­­нен құныққан жаман» дегендей әр бәй­геде белгілі бір есімдердің ғана аталынуы жақсы ырым емес-ті. Әңгіме ОЛАРДЫҢ таны­мал­ды­­лығында емес, тұрған судың борситыны, ұйыған қанның қарақанға айналатыны сияқты тар мағынасында бар­ға қанағат ету, дамудың тоқтауы, кең мағы­насында сөз өнеріне жалпы Өнер ретінде қызығушылық­тың азаюы мен құрметтің төмендеуі. Кей сәтте біз Одақ шеңберінде ғана ойлап, өз арамызда қырық-пышақ болып жатамыз. Ал нағыз оқырман сыншы да емес халық екенін мойындауға тиіспіз. Себебі, көп­ші­лік­­тің көңілінен шығып, іріктеліп, сұрып­талған туынды қалай да тарихта қалады. Парадокс осында. Жұрттың талғамына қаншалықты сенбесек те, нағыз көрсеткіш те СОЛ болмақ… Қызық…

Неліктен жазушы абыройының төмен­де­уін сырттан іздейміз? Біреуге арнау өлең жазып жалпайып, енді бір «шишканың» әкесі немесе шешесі туралы естелік жазатын жазарманда ел алдында қандай абырой қалмақ?! Одан қалса халықтың тыныс-тіршілігі туралы ештеңе білмей жатып, бүгінгі қазақ психологиясы туралы үлкен дүние жазғымыз келеді. Ал ұлт пен жазу­шы­ның арасы қаншалықты алыстағаны қазір көзге айқын біліне бастады… Өзінің мерейтойына шенеунік келмесе көңілі орнына түспейтін жағдайға жеттік. Ал егер сондай жағымпаздар жоғарылап, беделді сыйлық  алып жатса таң қалмаңыз. «Е-е-е…», – дейсің. Бұның басты себебін сәби көңіл тазалықтың кеміп, балаңдық пен сананың әлі де толыспай келе жатқанынан іздеген дұрыс секілді. Сыйлыққа түсу мен сыйлық­қа таласудың екі түрлі мағына екенін бәріміз түсінеміз ғой. Шығарма талқыға түс­кенде бағыңнан бұрын бабың, көркем­дігі, оқырманға берер әсері, оның бүгінгі замандағы өзектілігі мен алар орны, бәрі-бәрі ескеріле келе таңдау сізге түсіп жатса, (қазылар алқа­сының мүшелігінде арлы кісілер отырса, егер) онда қолыңызды ал­ып, жеңісіңізбен шын жүректен құттықтауға рұқсат еткейсіз. Егер сіз сыйлыққа таласса­ңыз, онда әңгіме басқаша өрбиді. Бұнда әдебиеттің жеңісі емес, тамыр-таныстың жеңісі үстем болады. Және бұны жеңіс деп айтуға ұят шығар. Себебі, «Бәке», «Сәке», «Тәке»-лердің де өз «Бәкесі», өз «Сәкесі», өз «Тәкесі» бар екенін ұмытпаңыз. «Жабық бәйге» ашық, кейде тым ашық болғаны адамды үрейлендірмей қоймайды. Әлем әдеби сыйлықтарының дивизі: «Жаңа есім ашу… Әдебиет қоржынын жаңа шығармамен толықтыру» екен. Салыстырмалы түрде алғанда бір кездері осынау бір функцияны «Жалынның жабық бәйгесі» атқарған-ды. Біз білетін біраз қаламгер содан танылған еді. Жүлдегерлерден құралған жинақты оқып, қазақ әдебиетінің панорамасын көргендей болатынбыз. Ақшаның адамға әсері психологияда толығымен дәлелденген. Мидағы кейбір каналдар жабылып, адам эстетикалық әрі көркемдік ойлау қабілеті­нен айырылады екен. Уақытша… Ақша таусылғанша… Жаратылыс деген өзі қызық қой.

Оқырман үшін ең ұлы сыйлық қалам­гер­дің шығармасы. Тоқсан толғанып отырып, жүрекпен жазған дүниесінен асқан тосын сый жоқ. Автордың көзінің тірісінде-ақ ескіріп жатқан қаншама туынды бар. Ал ол өмірден өткеннен кейін не болмақ? Сарғайған парақтардағы былдыр-батпақты ұрпақтары ерінбей-жалықпай редакцияға да, баспаға да алып барып, кейін оны кітап етіп шығартып, кітапхана қорын молайтатыны болмаса, пайдасы соншалықты көп емес шығар-ау. Шын қаламгер оқырман үшін, болашақ ұрпақ үшін құпия болып қалуы керек. Бәзбіреулермен сөйлесе қал­сақ болды: «Пәленше басылымның, түген­ше нөмірінде мен туралы мақала шықты. Соны оқы!» дейтін сөзді жиі еститін болып жүрміз. Бұл мақтампаздық па, әлде өзін-өзі дәріптеудің жаңа түрі ме? Сол жағы бізге аса түсініксіздеу. Айтты… Оқисың. Замандасы жазған соң біз білмейтін қырын ашқан шығар деген қызығушылық алғашқы бес минуттан соң-ақ су сепкендей басылады. Себебі, құры мақтау… Мақтаудың да өз эти­касы бар болар. Кез келген нәрсе кенерінен асып кетсе, адамды жалықтырып алатын әдеті. Арды абсолют деп түсінген атам қазақ үшін: сөз – намыс, сөз – иман, сөз – күш, сөз – билік, сөз – Алланың бір сипаты сынды ұстындар ұлт өмірінің маңызды бір бөлшегі еді. Со маңызды бөлшек механизм­нің алға жылжуын баяулатып жатқанын түсінбей келеміз. Түсінген күннің өзінде одан да маңызды дүниелер бардай көрінеді. Ал ұлт үшін руханият пен әдебиеттен асқан қандай құндылық бар? Жер сатуға қарсы митингке шыққан халық әнұранды айтумен шектелді. Отты жырлардан от алған жастар шынында да сөз өнерінен алыстапты. Ауызбіршілік пен жігер жоқтай көрінді. Ал со жігерді әдебиеттен алмағанда қайдан алады, олар? Сыйлық алып, қаламақының астында қалуды ойлаған жазушыдан қан­дай нәрсе күтуге болады? Және жалпы ха­лық олардың артынан ере ме, ал олар ердіре ала ­ма? Сауалға әлі толық жауап таба алған жоқ­пыз…

Әлібек БАЙБОЛ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір