Әдебиеттің көкжиегі
29.04.2016
1696
0

Жанарбек САДЫХАНҰЛЫ


Жана_китапЖана_китап01Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы түбі бір түркі елдері және түрік ағайындардың арасындағы әдеби, мәдени байланыстарға қатысты ірі-ірі іргелі шаруалар атқарып жатқаны оқырман қауымға мәлім. Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығына орай «Көшпенділердің» толық басылымы түрік тілінде жарық көргені елдің есінде. Араға аз ғана уақыт салып Олжас Сүлейменовтің таңдамалы өлеңдері, Бексұлтан Нұржеке-ұлының «Бір өкініш, бір үміті», Мархабат Байғұттың «Дауыстың түсі», Смағұл Елубайдың «Ақбоз үйі», Ахметжан Аширидің «Идиқұты», Темірхан Медетбектің өлеңдер жинағы түрік тілінде басылып шыққан. Анадолы жерінде авторлардың қатысуымен жоғары деңгейде таныстырылымы өтті. Халықаралық әдеби байланыстардың арасын алабота басып, саясаттыға сағаты өзінің бағытынан жаңылып тұрған кезеңде әлгіндей жобаларға қаржы тауып, рухани келісімдерді жүзеге асыру оңай шаруа емес. Осы бағытта Түриядағы қазақ елшісі Жансейіт Түймебаев пен ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов мырзалардың қайрат-жігерін айтпай кетпеуге болмайды. Сондай-ақ, аудармашы Мәлік Отарбаев қазіргі заман жазушыларынан іріктеп-сұрыптап
25 қаламгердің әңгімелерін түрік тіліне аударып, жоғары сапада жарыққа шығып, ол да өзінің кезекті таныстырылымын күтіп тұр. Күні кеше Түркияның астанасы Анкара қаласында тағы да қазақ әдебиеті мен ғылымының байрағы желбіреген күн болды.

Қазақстанның Түркиядағы елші­лі­гі­нің, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы мен Алматы қаласы әкімдігінің ұйым­дас­тыруымен Анкарадағы Гази уни­вер­­­ситетінде ел Тәуелсіздігінің
GHF_767325 жыл­­­­­дығына арналған «Тәуелсіздік жыл­­дарындағы Түркиядағы қазақ тілі мен әдебиеті» атты халықаралық конференция өтті.
Конференция аясында қазақтың көр­некті жазушысы Ғабит Мүсіреповтің тү­рік тіліне аударылған «Ұлпан» рома­ны­ның тұсаукесері өтті. Ғабеңнің бүтін бір дәуірдің саяси-әлеуметтік, пси­хо­ло­гиялық ахуалын қазақ анасының бей­несі арқылы суреттеген, ұзақ уақыт тол­ғатып 1974 жылы ғана оқырман қо­лына тиген әйгілі роман Қазақстанның Түр­киядағы елшілігі және Еуразия Жазу­шылар қауымдастығының қол­дауы­мен жарық көрді. Түрік тіліне тәр­жімалаған Гази университетінің оқы­тушысы, ғылым докторы, әде­биет­ші Жәмиля Қынаджы, баспаға әзірлеп ұсын­ған белгілі қаламгер, аудармашы Мәлік Отарбаев.
Сондай-ақ, сол Жәмиляның түрік ті­лін­дегі «Қазақ әдебиетіндегі имидж жә­не тұлғалық қасиет» атты екінші кі­та­бының да таныстырылымы болды. Бұл кітап та Қазақстанның Түркиядағы ел­шілігі және Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының қолдауымен «Бенгу» баспасынан шыққан. Аталмыш моно­графия­да қазақ классиктері Мұхтар Әуезов, Жү­сіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Саттар Ерубаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мү­сі­репов, Әбіш Кекілбаев және Мұх­тар Мағауин­нің романдары негізінде 1925-1991 жыл­дар аралығындағы қазақ әдебие­ті­не ғылыми тұрғыдан тұжы­рымдама жа­салып, баға берілген.
Айтулы әдеби шараға Қазақстанның Түр­киядағы елшісі Жансейіт Түй­ме­баев, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қа­­сейінов, Еуразия Жазушылар қауым­дастығының төрағасы Якуб Ома­­роғлы, белгілі түркітанушы-ғалым, про­фес­сор Ахмет Бижан Ержиласун, «С.Мұ­қан­ов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешенінің» директоры Әділғазы Қайырбеков, Қа­зақ­станның ТҮРКСОЙ-дағы өкілі Мәлік Отар­баев және Қазақстан Жазушылар ода­ғының өкілі ретінде осы жолдардың ав­торы қатысты. Екі елдің әдеби байла­ныстары, жалпы қазіргі кезеңдегі әде­би үрдістер туралы, бастарын жадыға ті­гіп жүріп ұлттық әде­биетке өлшеусіз үлес қосқан даңқты тұл­ғаларымыздың ең­бектері мен тағ­дыр-талайы туралы ке­лелі ойлар айтылды. Конференцияға модератор­лық еткен Гази универ­си­те­ті­нің бөлім мең­герушісі, профессор Фа­тих Кириш­чиоғлы.
Анкара қаласындағы зиялы қауым өкіл­­дері және Гази университетінің ұс­­таз­дары мен шәкірттері қатысқан жиын­да Елші мырза Жансейіт Қан­сейі­тұлының ХХ ғасыр басындағы, кеңес уақытындағы және Тәуелсіздік дәуі­рінен кейінгі кезеңдердегі ұлт әде­бие­тіне қатысты түрік тілінде жасаған баян­дамасы өте жылы әсер қалдыр­ды.
Қазақ әдебиетінің өткені мен бү­гінін, тарихи сипатын зерттеуші түрік ға­лымдары – Ферхат Тамир, Әкрам Аян, Сейфулла Йылдырымның терең тал­дауларға толы баяндамалары ұлт әде­биетінің өрісін кеңейтуге жасалған ке­зекті қадам деп бағалаған абзал.
Мәжіліс соңында аудармашы-ға­лым, қазақ әдебиетінің үлкен жанашыры, Гази университетінің профессоры Жә­миля Қынаджыға Қазақстанның Түр­киядағы елшілігі, ТҮРКСОЙ ұйы­мы өздерінің арнайы сыйлықтарын тап­сырды. Қазақстаннан арнайы бар­ған өкілдер Жазушылар одағының аты­нан Жәмиля ханымның иығына кам­зол жауып, Алматы қаласы әкімдігі та­рапынан «Қазақтың 1000 күйін» сый­лады. Өз кезегінде аудармашы-ға­лым өзінің жанкешті еңбегін айта келе, бұл еңбектердің бірнеше жыл бұрын жа­зылып, жарыққа шығару мезетін ұзақ күткенін айтты. Сол орайда әдеби мұ­ралардың тасқа басылып, тарихқа қат­талуына қолдау көрсеткен өкілетті орын мен ұйымның басшылығына, ал­тынкөпір болған азаматтарға, қо­нақ­тарға риясыз алғысын білдірді.

Алматы–Ыстамбұл–Анкара–Алматы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір