Абай айдынындағы кәусар бұлақ
29.04.2016
2430
0

(Қуандық Шолақтың  «Күзде гүлдеген тобылғы» кітабына рецензия)

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ


b7FO0EE6rA0Қазіргі кезде жақсы өлеңдер көп жазылып жүргенімен, соның бәрі бір қалыптағы орташа жырлар сияқты әсер қалдыра береді. Публицистикалық лебі басым, ішкі мұңы, жан жарасы күшті өлеңдер көп болғанымен, нәзік лирикаға бай, мөлдір ғазал күрт азайып кетті. Оның нақты себебін іздеп жатқан зерттеушілер де көрінбейді. Қасым, Мұқағали, Төлеген туралы жазған циклды мақаласында Әбіш Кекілбаев лириканың қай кезде күшті болатынын анық айтқан еді.

Ежелгі Рим, Эллада, орыс поэзияларында лириканың ұзақ соғыстардан кейін бүр жарғанын айтып келіп, қазақ өлең­сөзінде де осы жанрдың Сырбай, Қасым, Тоқаштардың жырларынан кейін бой көтергенін жазған. Бәлкім, Тоқаштың соғысты «аңсауы» да осы лириканың жоғалып бара жатқанын ескерткені болса керек.
Ойлы, қатал философияға ден қойған бүгінгі қазақ поэзиясында табиғатты жыр­лау, өлеңмен пейзаж салу да сирек кез­деседі. Әр мезгілді өлеңмен суреттегенде де өзінің көңіл-күйін қосып отыратын ақындар табиғаттың тек өзімен тіл­десуге көп жағдайда сараң. Осы жа­ғы­нан ал­ғанда Қуандық Шолақтың тұмса та­биғатпен етене жақындығы айырықша кө­рінеді. Өзінің жеке тақырыбы етіп ал­ған жаратылысты жырлауға жомарт. Жел, боран, жаңбыр, қар, самал, шыбынсыз жаз, жаңбырлы әрі қара суық күз, шуақты көктем, жайдарлы жаздың қай құбы­лы­сы болсын Қуандық қаламының тоқ­та­май жырлайтын тақырыбындай. Үп еткен самалды, мөлт еткен тамшыны жазу үшін сөз ғана керек пе? Оған соны се­зетін жүрек, тылсымына бойлайтын түй­сік, сұлулығын түсінетін талғам да ка­жет. Қуандық Шолаққа Жаратқанның өзі «кетсе, саған кетсін» деп үйіп-төгіп табиғат тілін түсінетін қабілет бер­гендей.
Қуандық Шолақ поэ­зиясының негізгі фоны, де­корациясы – жаратылыс пен табиғат құбылыстары.Ақын тек сұлу көріністі су­реттеп қана қоймайды, сол фонда тұрып өзінің ма­хаббатын, жан сырын, пейіл-тілегін туған далаға айтады. «Ақында адамзаттан дос болмайды, жалғыз-ақ сырын сөйлер қала­мы­на» деген Мағжан сөзі (өлең жаз­ған­ның бәріне қатысты емес!) сияқ­ты Қуан­дық ақын сырын табиғатқа ай­тады. Ақын пейзажист қана емес, та­қы­рыппен қатар, әр ақынның ылғи мұң­дасатын, сөзін айтатын серігі болады. Оны муза деп те айтып жатады. Бәлкім, Қуандық музасы – «Жаратқанның сұлу жаратылысы».
«Аяз салып қиғылық,
Шүпірлесті көп торғай.
Ымырт болып ұйлығып,
Қонақтады бақтарға ой», –
деп жырлайты­нындай, ақын ойды бақ­тан, таудан, қыс пен жаз, көктем мен күз­ден, қар мен жаң­быр­дан, боран мен тыныштықтан іздейді. Өлең жазу үстінде өзі де сан түрлі күйді бас­тан кешіретін ақын қыспен қыс, жазбен жаз болып табиғаттың өзіндей құ­былып отыратын болса керек.
Ақын үшін, өз айтары бар қаламгер үшін бір ғана кеңістік аз­дық етеді. Ғалам­шардың бар құбы­лы­сын, адамзаттың бар мәселесін ақын­ды­ғына арқау еткен­дері­мен тұтас көр­кем­дік­ке жете алмай кеткен ақындар қан­­шама. Форма, ұйқас түрлерін сан құ­был­тса да, тақырыбын таба алмай, өз сүр­леуіне түсе алмағаны да аз емес. Қуан­дық Шолақ шығармашылығы тұтас бір көркем әлемді жасай алды ма, жоқ па, оның жауабын табу да, нақты айту да қиын сияқты. Бірақ қара өлең ұйқасынан жаңылмай, не нәрсені болса да поэтикамен айтуға талпынатын ақын табиғаттан тыс әлемді де қамтығысы келетінін сол та­биғаттың өзі туралы жырларымен-ақ бай­қатып қояды. Негізгі жолынан тай­қымаса да, жанама түрде айтылған ой­лары­нан ақынды толғандыратын мәселе көп екені айқын.
«Бір ауыр ой басқандай далиған кең даланы,
Жамыратпай жұлдызын тұр әлі де қара аспан.
Сай-саланы қуалап, таласа өріп барады,
Көлеңкелер-қояндар жайылымға таласқан».
Ақындық қуаты сарқылмай келе жат­қан ақынның «Күзде гүлдеген тобылғы» жи­нағының екінші бөлімінде осы дү­ние­ге көзқарасы, адам мен адам арасындағы күр­делі қарым-қатынас, өмірге айтар ары­зы, досқа айтар даты түгел бар. Осы бө­­лімінің өзі ақынға пейзаждан да басқа алаңдар жайттары бар екенін аңғартпай ма?! Публицистикалық бояуы басым жыр­ларының көбінде ақын жүрек арызын айтады. Осы жасқа келгенше көрген жақ­сылығы, тартқан бейнеті айтылатын жыр­­лары табиғатты жазғанындай емес, орта деңгейдегі туындылар. Айтпауға бол­май­тын сөздер, жан шыдамас сезімдер – олар.
«Жалғыз терек тұғыр еткен бөктерді,
Қарға омбығып тұрып қалған леп белгі.
Ақындығым осы-ақ шығар, табиғат,
Өзіңді оқып, беріп қана шектелдім…», –
дейтін ақын өзінің туған дала көрініс­терімен ете­не жақын болғанын мойындайды. «Өзі­ңді оқып, беріп қана шектел­дім» деуі бір жағы ақындық шамасын білу, бір жа­ғы қарапайымдылықты ұс­тану. «Ақынмын деп мен қалай айта ала­мын, халқымның өз айтқанын қайтала­дым. Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» деген ақынмен үндес болғысы келеді. Кім біледі, осы сөз рас та шығар… Ақынның бар шындығы өзіне аян. Біз тек сырттан оқып, жырына үңілу арқылы түсінеміз. Ал оның жүрегін дәл өзіндей түсініп, сезінеміз деп айта алмас едік. Кейде ақын өзі ойламаған нәрсені өлеңінен тауып, автордың өзін таң­ғал­дырып жататын жағдайлар әдебиетте аз кездеспейді ғой. Сол сияқты, айтпағын қапысыз аңдай алмай, шатасып жататын кез де аз болмайды. Тұманбай Молда­ға­лиев ұстазы туралы естелігінде Мұхтар Әуезовтің: «Абай» романының бірінші кіта­бының аяғында Абай Семейге оқуға ат­тан­баушы ма еді. Мен сонда Шың­ғыс­тың шыңына бір жас шынар тасты жарып өсіп, жапырақ жайды демеп пе ем, сол шынарды төртінші кітаптың соңында найзағай түсіп, құлатып кетпейтін бе еді. Соны менің романымды зерттеп жүрген бір сыншының байқамағанына өкінем» дегенін жазатын. Осы сияқты «өкініштер» ақын-жазушыларда аз болмайтын шығар. Айтпағымыз, кейде ақындарды күрделі тұлға деп, олардың жазғандарынан әлде­қан­дай күшті ой, тапқыр сөз іздеп, өзі­мізден-өзіміз адасып кетпейміз бе екен. Сөйтіп жүріп, көз алдымыздағы жақсы­лы­ғын тасада қалдырып, автор өзі ой­ламаған жақсылығын жарқыратып жазып жатамыз. Ақын да – пенде. Ол да ар­мандайды, қиялдайды. Қызғанады. Қызғандырады. Көре алмайды. Тілекші болады. Жек көреді. Сүйеді.
Қуандық Шолақтың Алматыдан алыс­та жатқаны белгілі дәрежеде комплекс тудырған сияқты. Алматы жұрты сырт­қа теуіп, әдеби ортада бағаламай жат­қан­дай әсерде қала беретіні содан болар.
«Ырғалам деп жүргенде жырғалам деп,
Сыбағамнан соңында құр қалам көп.
Бауырыңа бассаңшы сыртқа теппей,
Елде жатқан елеулі бір балам деп».
Төлеген Айбергеновтың бір кездері өзіне өлеңін оқып бергенін жанына медеу көретін ақын өзінің шын бағасын біледі. Алматыға «бауырыңа бас» дей тұра, оған қыр көрсетеді. Ақындардың өздерін ба­ға­лауы заңды. Тіпті, жас ақындар да бо­лашақпен бірге жырға айналып кететінін сенімді жырлап жатады. Сахнада әлі аты белгісіз жас ақын өзінің болашақта өлеңге айналып кететіні туралы жырын оқып жатқанда, бұл не ышқыну деп таң­ғалған едік. Сірә, бар ақын өзінің жеке ор­нын табуға хақылы болар. Бірақ та­лант­тың мойындалмай жатып, өз ша­маңды білмеу де ішкі таразыңның жоқ­тығынан шығар. Әбділданың: «Сырда туған Сырдың ұлы, Жаңа Гейне мен болам», Мұқағалидың: «Жиырма бірінші ғасырдың құрдасы­мын» деуі талантқа шақ сөз, жарасымды салтанат сияқты сезіледі де, ақындықпен енді айналысып жүрген жандардың соншалықты өктем сөй­леуі, болмаса жалпы жұрт ақын деп мойындамаған жанның тыраштануы көзге неге ерсі көрінетінін түсіне алмай дал боласың. Бәлкім, кімнің ақын, кім­нің ақын емес­тігі мінезінен, түр-кел­бе­тінен, жүріс-тұрысынан, сөзінен, ісі­нен-ақ белгілі болатын шығар. Ол тағы да біз үшін анық ажырата алмаған құбылыс бо­лып қала береді. Қуандық Шолақты да сол ой мазалайды. Сенімді түрде бола­шақ­тың ақыны болатынын айтады.

***
Әлі ешкім қаламына ілікпеген
Келемін берсем деумен өрнекті өлең.

***
Жырдан ләззат алар адал жан, аңғар,
Түйінінен түйсігіммен табам нәр.
Ұрпақтарым аузынан тастамас,
Мәңгіліктің ауылынан дәмем бар.

***
Елемесе бүгінгі елемесін,
Ертеңіме бәрібір сеніп кетем.

***
Сөйте тұра, сол сөзінің ар жағында «ақын­мын ба, жоқпын ба?» деген сауал тұрады.
Жан емен үзеңгісін жүрген шірей,
Қалпым бар қабыржыған мұңлы елшідей.
Жазылған жырларымның біріне де,
Келеді қу көңілім бір көншімей.
Жазушы, ақын үшін өз тақырыбын табу, ешкімге ұқсамайтын өз жолына түсу айырықша бақыт екені сөзсіз. Табиғатты жыр­лаған өлеңдерді іздегенде осы та­қырыпта ең көп жазған ақын ретінде ойы­мызға бірінші оралар еді. Әр жазған сайын, жаңаша мазмұн беру үшін ең­бектенетіні де көңілге қуаныш. Мысалы, бір мезгілдің өзіне бірнеше өлең жазу үшін қанша қуат, ой қажет. Солай бола тұра, бір тақырыпқа соншалықты ұзақ уақыт байланып қалу шектелудің де белгісі сияқты көрінеді. Өз тақырыбының тұтқынына айналған ақын бір шеңберден шыға алмағанының көрінісі емес пе деген қорқыныш та жоқ емес.
Шерхан Мұртаза: «қазақта екі Шолақ бар. Біреуі – Балуан Шолақ. Екіншісі – Қуандық Шолақ» депті. Бұнысы қазаққа ең­бегі сіңген екі адам бар дегені деп тү­сін­дік. Алматыдан алыста жатқан қарт ақын­ның қазақ өлеңсөзінде өз өрнегі ба­ры сөзсіз. Рухани тәжірибесі мол қарт ненің ақ, ненің қара екенін де жақсы тү­сінеді. Поэзия – ақ. Ақын да соның жақтаушысы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір