Мінезді адам
29.04.2016
2490
0

aebb45Сонау бір балаң жылдарымызда қазақтың көрнекті жазушысы Сафуан аға Шаймерденұлының «Мезгіл», «Қарғаш», «Жыл құсы», «Ит ашуы», «Мәжнүн тал» повестерін, «Ан-Арыс» баспасы 2013 жылы шығарған 5 томдық Шығармалар жинағын әрқашан әсермен оқыдық.

Жұрт талқысына ерте іліккен «Инеш» ро­маны басылған соғыстан кейінгі жыл­дардың әр мезгіліндегі табиғат көріністері, студент жастардың қалыпты өмір ортасын суреттеудегі қалам алымы жазуға бір­­қан­ша дайындықпен келгенін, шебер­лік­тің айла-тәсілдеріне ынтығулы қал­пын бай­қат­қан.
«Инеш» – өз кезеңі үшін қатты қыстан, қату қабақ сұр бұлтты лайсаң шақтардан кейін зарықтырып барып жеткен, жарқ етіп ашылған күндей шуақты, жаңа ны­шан­ды, жанға жақын шығарма болды.
Сол бір жылдарда студент атаулыға жұрт құрметпен, үміт жалғап қарайтын. Қоғамдағы студент мәртебесі жоғары, кә­делі болатын. «Инеш» романында жас ав­тор озған, өскен жұрттар қатарына қай­та ілесе бастаған, замана көшінде дағдарып қалғанымен, туабітті айқын адамшылық артықшылықтар даралап тұрған туған ұл­тын интеллектуалды әдеби шығарма ор­тада ашуды көксейді. Шығарма
мұ­­раты – осы.
«Ан-Арыс» баспасынан 2013 жылы шық­қан бес томдық жинағының екінші кі­табы жазушы Сафуан Шаймерден­ұлы­ның повесть жанрындағы туындыларынан құрастырылған.
Мың сан адам, қиылы заман, қым-қуыт уақиғалар. Қызық құбылыстар, қызу сезімдер. Тауысып айту мүмкін емес тылсым… Қос ағыс бөлек әлем.
Игілік сынды байлардың «тап жауы» болып кектендік.
Біздің әдеби талғамымызға «жағым­ды», «жағымсыз» кейіпкер ұстанымы әлбетте, өз «септігін» тигізді…
Сафуан Шаймерденұлының «Қарғаш» повесіндегі «Арам Сары» – есепші Мелдес кеудеде қолайсыз бір күдікті күй ту­ғы­­зып, ұмытылмай, қалып қойған «жа­ғым­сыз» жағымды бейне. Жағымды бо­латыны – жазушының осы кейіпкері иландырады, қылаудай күмән тудырмайды.
ХХ ғасырдың 50 жылдарында көркем­дік әлуетін мығымдау жолындағы жаңа бұры­лыстарды көксеген қазақ прозасы­ның былайғы дамуында Сафуан Шай­мерденұлының сара соқпағы қалды.
«Қарғашта» жазушы қаламына тір­ші­лік драматизмі мен өмір сүйгіш, жасам­паз­дық аңсар қатарласа қызмет көрсеткен. Кейіпкер әрекетін ашық-шашық бейнелегеннен гөрі жұмбақтау алып, күрделі күй­лер мен қымтай жазу бағытындағы із­де­ністің таңбасы бар.
Аудан орталығындағы жаңбырлы түн­нен кейін көрінбей кеткен Қарғаш нен­дей тағдырға душар болғанын іштей бол­жай­мыз. Күн көріс қамы ма, әлде әде­мі бой­жет­кеннің назданып жүріп, амал-айланың торына шырмалғанын байқамай қалуы ма?
Жазушы осы шығармасы жазылған уа­қыт үшін жаңа, саяси астардан азат, жас адамдарды шарпымай өтпейтін жастық шақ­тың нұрлы сәттері, жақсы көру сезімі, өмірлік ситуациялар шырмауындағы жеке бас шырғалаңдарына бұрылады.
Арам сары сынды іш алдырмас – «жа­бық», қапсыз қашалған тың, бірегей-бір­тек­тес бейне сомдау шеберлігіне көте­рі­ле­ді.
Сафуан Шаймерденұлы «Мезгіл», «Жыл құсы» повестерінде заман, уақыт пси­­хологиясын барлайды.
Жазушының «Мезгіліндегі» негізгі өмір­лік желі – «Бір таба нан» атты деректік повесінің де арқауы. Осы шығармалардағы қазақ әйелінің көзге ұрып көрінбейтін бағзыдан бар кісілік қасиет, аналық мейі­рімін бала жүрек сезінген Бейіс – Бибігүл мен жетімдік, жоқшылықтың суығы соқ­қан, қорғансыз балапан – қарғалардың табысу, жақындасу драмасын автор атам заманғы құдіретті адамгершілік сарында ша­лықта үдетіп, заман басқа салған ба­қыт­­сыздық, жалмаған аштық образымен тай­таласқан ар арпалысы үстінде ашады.
Сексеннен аса жасаған ғұмырында жазу­шы сонау балаң кезден-ақ кеңестік жүйе­ні атойлап дәріптеуден бой тартқан, қа­ламына оңтайлы келген повесть
жанрында жазылған жекелеген туындыларында ел басына уақыт, кезең әкелген қай­шы­лық­ты, күрделі, екіұдай кепті көр­сетіп оты­рудан бой тартпаған мығым мінезді бұз­бапты.
С.Шаймерденұлы өзі көркемдік кеңіс­тік­­ке алып шыққан адамдарды әсте бірың­­ғай дұрыс немесе бұрыс етіп көр­сетуге құ­­лық танытпайды. Адам бала­сының әр­қилы жағдайда қылаң беріп отыратын осал­­дығы да, күтпеген таңдау шақтардағы ар­тықшылық – абырой биігі де дәйім қоса қа­бат алынады.
Жазушы кейіпкерлерін қалпына сай сөй­лету, өткір, ұтымды диалогтар туғызу ше­­бер­лігін сонау жас күнінде жазған «Бо­лашаққа жолдан» («Инеш» – Қ.М.) байқата бастайды.
Қаламгердің «Жыл құсы» повесін­де­жазу­­шы жанын «жаңа өмір» орнығып жат­қан кезең, жалпақ жұрттың ғасырлар бой­ғы ғұмыр салты жасаған көшпелі өр­ке­ниеттен қондырма қалыпқа қайтусыз ойы­сып жатқан уақыт қозғайды.
Битабар балуанның күшіне құрық сал­ған әккі басшының, «өркениет әкел­ген» «озық» адамның бір айналымнан аспай бас көтеретін аярлығы түршіктіреді. Асты-үс­тіне түсіп алдаудан жанға жол бермес сұм, жал­ғыз перзентінен айырыл­ғанда да айт­қанымен жүрген Битабар балуан мертігіп қал­ғанда, төбе көрсетпей безіп кеткен. Ел­сізде тұралап тұрған көлі­гін көтеріп шы­ғарып жіберген кісіні әдейі­леп іздеп тауып алғанда жолыңа байладым деп, дала тағысы ақбөкенді сылқ еткізген шетен қал­пақтының мезі­ре­тін Битабар іштей «қа­жет болса сені де осындай жасаймын», – дегендей пиғылға жорыған еді. Қа­те­лес­пе­ген. Шетен қал­пақ­ты – шерлі елдің тө­бе­сінде ойнаған өктем отаршыл жүйе тұс­палы.
Битабар – бір мәнде кесек тұлғалы нұ­ры сөнбейтін, қуаты өшпейтін ұлттық бірегей болмыс.
Сафуан Шаймерденұлы «Жанкешті жі­гіт» деректі әңгімесінде «тың игеру» тұ­сын­дағы басынулар мен бассыздық­тарды батырып айтты. Жазушы өзінің бір сұхба­тын­да да «тың игеруге» даурықпай, дабыр­ла­­май астарлы тұстардан салқын қарай­ды.
Жанкешті жігіт – туған ауылы «Суат­көл» колхозында председатель болып іс­теген Ескен Құсайынов деген азамат. Ауыл үй­дің адамын басынып, ойына келгенді істеп жүргендерді намыс жеңген жігіт бір күні атпен жапырып, таяққа жығып тас­тайды. «Ескен мал өрістен қайт­қан сәске тұсында үйіне келген ғой. Ша­масы, сүт пі­сірім шаққа көз шырымын алмақ. Етігі мен үстіндегі ауыр киімін шешіп қисая бер­ген екен, бақыра жылап бір әйел кіреді. Үсті-басы сарыала сауыс сүт. Қолы-басы қан».
« – Күн көруден қалдық қой, түге. Та­па-тал түсте өз үйінің қасында арақ іш­кен бұ­зақыларға таланып, көрдік қой көресіні. Еркексіңдер ме, кімсіңдер өзде­рің? Бет­те­рін қайырмайсыңдар ма, көс­тең­детіп қоя бермей?!».
Ескен алдымен әлгі сүтін төгіп, қай­ма­­ғын тартып алған, енді тауық қуалап жүр­ген екеуін, соңынан солардың жиып кел­ген жиырма бір адамын жалғыз жай­паған. Соңынан істі болып, бірер уақыт қа­мауда отырып шыққан.
Жазушы сонау бір жылдарда «Мәде­ниет және тұрмыс» журналының тіл­ші­сімен болған сұхбатта кіндік қаны тамған жерінде тұрып жатқан өз елінің мүддесіне қаратып, шындықтың бетін тырнап отырып, басынып кеткендерді сескендіре сөй­лейді. Алматыдағы ахуал, Одақ көле­мін­дегі ең көшпелі ел кім болып отыр­ғаны, бей-берекет қоныс аударушылыққа алаңдайды. «Дәл қазір бұрынғы көшпелі ел – қазақтардан артық орнықты, оты­рық­шы ел жоқ. Ал бұрынғы отырықшы ел – орыс­тардан бетер көшпенді ел жоқ». Жазушы академик Д.Лихачевтің осы жөнінде орыс­тарға арнап беталды көшіп-қона беру кісілікке, адамгершілікке жат­пай­ды деп қынжылыс білдіргенін келті­реді. Бір­неше бадырайып тұрған ке­лең­­сіздіктердің жайын тарқата, шешім, тоқтам, түйінге тарта ой өрбітеді.
Жазушы КСРО-да үздіксіз жүріп келген беталды ауа жайылып, көшіп-қона беру­шілікті тоқтату керек дейді. Бір уа­қыт­тарда Мұхтар Әуезовтің шеттегі қа­зақ­тарды шақырып алайық деп көтер­ген бас­та­масына басшылық құлық таныт­па­ған екен. Керісінше, тың көтеруге кім кел­меді, деп күйінішін жасырмайды.
Қаламгердің ар-ождан, уақыт, ел, жер ау­қымындағы жүрекжарды ой сөзі түскен сұхбат-әңгімелері әлеумет өміріне айтар­лықтай ықпалын тигізіп отырды.
Бес томдықтың төртінші кітабына жазу­шының өз дәуіріндегі әдеби бета­лыс­тар туралы әр жылдары жазылған толға­ныс, ойлары айтылған пікірлері топтас­қан. Бұл өзі – жөні бөлек бір жинақ. Қаламгердің шығар­ма­шы­лық зертханасына қызығушылар қа­нағат табатын сыр-сұхбаттар, қа­наттас, қатарлас тұлға­лар қара көр­сетіп әдебиет әлеміне елітіп, елеңдей бастаған қаламдас інілер шығар­ма­шылығындағы даралылық белгі­лері бедерлене түскен соны нышандар қалт­қы­сыз ой зердесіне тартылады.
Әр жылдарда жазылған мақала, жа­сал­­ған баяндама, әңгіме-сұхбатта­рын­да ұдайы, үзілмей қозғалып отыратын көр­кем­дік талғам, талап, шығармашылық үр­діс, қазақ әдебиетінің қал-қауқары ту­ралы, ой-пайымдары мәселенің тоқ етер қойы­лымымен, мейлінше талап­шыл­ды­ғымен тұлғалана түсетін қаламгер Саф­уан Шаймерденұлының «Әдеби тол­қындар» сын кітабы мен «Ағалардың алақаны» ғұ­мыр­­­баян­дық естелік-эссе жинағына Мемлекеттік сыйлығы берілген еді.
Сафуан Шаймерденұлы әдеби сында өзіндік, негізгі бірбеткейлігімен, көркем­дік мәселесінде көңілжықпастыққа бар­май­­тын тура би түзулігімен танылып, мойын­­далды. Сыңар езу біржақты, айттым, бітті, шала қамтыған, дүмбілез сын жаз­­баған. Суыртпақтап тарқата отырып кла­с­сиктің де, кенже буын өкілінің де ке­­міс­­тік, жетістігін нақ бағалап, дәл тану­дың біліктілік өнегесін көрсетіп отырады.
Академик Серік Қирабаев атап көр­се­те­тін, Сафуан Шаймерденұлының «Бо­­ла­шаққа жолдан» басталған шығар­ма­шылық жо­лы «бұрылмай» жалғасты.
«Ол шығарманың тақырыбын саудаламай, өзінің жазушылық концепциясын ай­қындығын, адамды тануға, адамдық қа­рым-қатынастарды, қоғамдық орта мен же­ке адамның өзара байланысын зерттеуге ұмтылысын көрсетті».
Еңбегінің жемісін жеді, бағасын алды. Орден тақты. Халық жазушысы атанды. Мемлекеттік сыйлықпен марапатталды.
Тұлғалы адамды ел сүйген жақсы бала­сы – Саянының қазасы еңкейтіп кетті. Ана­дан ерте айырылған еді, қарттық жеңе бас­тағанда баланы жоқтау оңайға соқ­па­ды…
Осының бәрі адам еркінен тыс Алла­ның құзырындағы құбылыстар ғой. Осылай қабылдаймыз.
Әдебиет, сөз өнерінің өзі Алланың адам­­ды кенелткен ұлы шапағаты туралы айтқан үстіне айта беруден өріс алмап па еді. Өкінішке орай, қазақ әдебиеті әлемдік әдеби үрдістегі Бальзак, Достоевский, Толстой, Булгаков сынды ондаған, жүз­де­ген қаламгерлер арқауын босатпаған осы мы­ғым негізден кеңестік кезеңде ажырап қал­ды. Оның мын сан ішкі-тыс­қы себеп­тері болды. Қазақ сөз өнеріндегі үзіліп кете жаздаған адам өмірін Алланың құзырында ұғыну Ғабиден Мұстафиннің «Көз көрген», Смағұл Елубайдың «Ақ боз үйі» сынды шығармаларда жаңғырды.
Сафуан Шаймерденұлының шығар­ма­шы­лық әлемін тұтастырып тұрған дү­ние­лік негіз, әсіресе саясатқа елікпей, ұлтына тән мінезбен әдіптелген арқау да – осы.
Жазушының жары қазірде тоқсан жас жа­сап отырған, жарты ғасыр орыс мек­те­бінде қазақ тілін оқытқан ардагер ұстаз Бағ­­дат апай Көлұзаққызы – Шаймер­ден­ке­ліні 60 жылға жуық бір шаңырақтың ая­­­сында ұрпақ өсіріп, бірге ғұмыр кешкен ота­ғасын ерекше жылы сезіммен еске ал­ды.
«…Негізі мінезді адам ғой. Шындықты айтатын. Жаңа жазған жастарға қамқор сө­зін айтып отырды. Өзі өмірден өткен соң кі­сілік қадірін білген көзкөргендер, қа­лам­дас қатары, іні достары жазып жүр. Жаз­байтындары да бар.
Жүріп, тұрып, кісі алдына барып мә­се­ле шешуге менің жасым болса келіп қал­ды. Не Алматыда, не Астанада көше аты­ның берілмеуін түсінбеймін. Кітабын да өзіміз шығардық. Мектеп атын береміз дегеніне 5 жылдан асып кетті. Бар ғұмыры бір түзу жолмен, жазушылықпен өтті. Хал­қына қажет дүние жазды. Білімін, білігін аяған жоқ. Тура жүрді, тура сөй­леді…».
Иә, сол Сафуан атамыздың да келесі жылы туғанына 95 жыл толмақ.

Қанипаш Мәдібай,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
филология
ғылымдарының докторы, профессор.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір