Тұғыры биік тұлға
29.04.2016
3779
0

Оразбек СәосенбаевҚазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті қаламгер, көркемсөз шебері Оразбек Сәрсенбайдың дүниеден өткеніне бір жыл толды. Зымырап өтіп бара жатқан уақыт, қайта айналып келмейтін қайран өмір!.. Осыны ойлағанда, бұдан қырық жылдай бұрын Орекеңмен бірге өткізген күндер жарқ етіп көз алдыма келеді. 1974 жылдың мамыр айының әдемі бір күндері Алматының қақ ортасынан, Есентай өзеніне жақын жердегі Мұратбаев көшесінің бойынан газет-журналдарда істейтін бір топ қаламгерлер мен баспахана қызметкерлері жаңадан салынған көп қабатты үйден бір-бірден пәтер алып, қаланың түкпір-түкпірінен көшіп келіп, орналаса бастадық.

Қоныс тойын тойлаушылардың алды сол кезде елуді алқымдаған Танаш Дәу­рен­­­бе­ков болса, қалғандары 30 бен 40 жас ара­сын­дағы Оразбек Сәрсенбай, Ахат Жақсыбаев сынды ақын-жазушылар, жур­налистер еді. Ал университетті бітір­гені­мізге екі-үш жыл ғана болған біз олар­дан да кіші болатынбыз. Ол кездегі пейіл-ықыласымыз қазіргіден мүлдем басқаша болды ма, әлде күнделікті жұмыста бәрі­міз қаламгерлікке жақын жүргендіктен бе, жаңа үйге орна­лас­қан көршілер лезде жақын араласып кеттік. Әсіресе, біздің Ораз­бектің отбасымен қа­рым-қатына­сы­мыз ерекше болды. Оның себебі, менің де Орекең сияқты Сыр өңірінде туып-өскен­ді­гімнен шығар; оның үстіне Оразбек Сәр­сен­бай деген жас ақынның бұ­дан он жылдай бұрын «Лениншіл жас» газе­тінде «1961 жыл» дейтін дастаны жарияланып, оның соңы кәдімгідей у-шуға ай­­нал­ға­нын мектепте оқып жүрген кезіміз­ден шет жағалатып білетін едік. Бір шығар­ма­сы­мен бүкіл республиканы шулатқан сол жас ақынмен болашақта бір қалада көрші тұрамын деген ой ол кезде, әрине, менің қаперіме де кірмеген. Және бір таңқалар­лығы, бұл кездегі Орекең сонау алпысыншы жылдары аты шыққан ақын Оразбекке мүлдем ұқсамайтын. Әдетте, біз білетін ақындардың бәрі жұрт алдына шықса саң­қылдап сөйлеп, шабыттана өлең оқи­тын. Ал Орекеңнен м­ұның бірі де бай­қал­майды. Тіпті, оны бая­ғыда өлең жазып, жұртты шулатқан ақын­ бол­ды дегенге сену де қиын. Керісінше, ол еш­қан­дай ар­тық сөзі жоқ, не айтса да ойла­нып-тол­ға­нып, асықпай, сабырмен сөй­лей­­тін, ба­рынша салихалы, салмақты азамат. Отыздың ортасынан жаңа ғана асқанына қарамастан жасы тоқтасқан жігіт ағасы сияқты. Және ең бастысы, проза жанрында бірнеше кітап шығарып, қара сөз жазатын қаламгерлердің ортасынан өзінің лайықты орынын алып та үлгерген. Яғни бұрыңғы ақын Оразбек пен проза жан­рына қалам тербеп жүрген қазіргі Ораз­бек Сәрсенбай ек­еуі мүлдем екі басқа адам сияқты. Сондық­тан шы­ғар, кездес­кен сайын біздің әңгімеміз көбіне әде­биет­тің проза жанрының төңіре­гінде өрбитін. Орекең ара-арасында проза жанрына қалай келгенін, қаламгер ретінде қайтіп қалыптасқанын айтып қалады. Жә­не не туралы сөйлесе де, әңгімесінің аяғы мін­дет­ті түрде туған жеріне барып тіреледі. Ол өңірде кезінде қандай оқи­ға­лар болған, қандай белгілі тұлғалар өткен – солар жөнін­де сөз қозғайды. Осыған қарап, Оре­кең­­нің бүкіл шығармашылық жолы, сурет­кер­лік қабілет-дарыны, ұғым-түсінігі, дүн­иеге деген көзқарасы өс­кен ортасы мен туған жеріне тығыз бай­ла­нысты екені бірден аңғарылатын.
Бұл кездейсоқтық емес еді. Оразбек Сәр­сенбайдың туып-өскен жері Сыр бойы, оның ішінде, әсіресе, Шиелі жері – ежелден жыршылық, әншілік, орын­дау­шы­лық мектебі ерекше дамыған өңір. Мұн­да ілге­рілі-кейінгі заманда өмір сүр­ген Бұдабай, Құ­лыншақ, Нартай сынды атақты ақын-жыраулар жұртшылыққа жақсы мәлім. Орекең бала күннен осы­лар­­дың өлең-жыр­ларына қанығып өскен. Нағашысы Құлан да, үлкен әжесі Жақсы­қыз да белгілі ақындар болған. Ал әкесі Сәр­сенбай шежірені, көне сөз­дерді, ше­шендік қайырымдарды жақсы білетін, дінге жақын, сопылық қасиеті бар кісі екен. Міне, осы жағдайлардың бәрі жас Оразбектің үлкен әдебиетке келуіне ай­рық­ша ықпал еткен.
Осы орайда, Орекеңнің қаламгер бо­лып қалыптасуына ықпал еткен және бір кісіні айта кеткен жөн. Ол – Орекеңнің әкесі Сәр­сен­бай­дың туған әпкесі Бәтима. Ол кісі ар­қалы ақын болған, жақсы ән де салған, кезінде Нартай ақынмен де ай­тыс­қа түскен. Орекең бала кезінде Шиелі кентіндегі мектепте осы Бәтиманың үйін­де жатып оқыған. Ол кісі Орекеңнің қо­лына домбыра ұстатып, жыр айтуға бау­­лыған. Соның нәтижесінде бала Ораз­бек те өз жанынан өлең шығаруға ма­шық­тана бастаған. Сондай алғашқы өлең­де­рі­нің бірі 4 сыныпта оқып жүргенде «Қа­­з­ақс­тан пионері» газетінде жариялан­ған.
Яғни Оразбек Сәрсенбайдың әдебиет әлемінде биік деңгейге көтеріліп, бүкіл ха­лық­қа танымал, тұғыры биік тұлғаға ай­налуы, ең алдымен, Сыр бойының то­пыра­ғынан дарыған қабілет-қасиеттің, сол өңірден бала күннен көрген, естіген оқиғалардың жан дүниесіне, жүрек сезі­мі­не сіңіп, қалыптасуы­ның нәтижесі еді.
Ал кейін КазГУ-дың филология фа-
ку­ль­­те­тінде оқыған студенттік жылдары қалам­гердің әдебиеттегі қалыптасу кезеңі болды. Мұнда Орекең Әбіш Кекіл­баев, Мұхтар Мағауин сынды кейін қазақ әдебиетінің жарық жұлдыздарына айнал­ған дарынды жастармен бірге оқыды. Ұлы Мұхтар Әуезов бастаған ғұламалардан дә­ріс алды. Бұл репрессия құрбандарын ақ­тау мен әдебиеттегі жаңашылдыққа қарсы күрес қызу жүріп жат­қан кезең еді. Ораз­бек те өзі қатарлас жас­тар­мен бірге осы күрестің қалың ортасында жүрді. Со­ған орай, алғашқы шығар­малары қа­таң сынға да ұшырады. Жалғыз Оразбек емес, сол кездегі әдебиетке жаңадан қадам басқан жас толқынның басым көп­шілігі осындай жағдайды бастан кешірді. Әйтсе де бір таңқаларлығы, сол жастар үшін мұндай сынап-мінеу ақыр соңында зияннан гөрі әл­деқайда пайдалы болып шық­ты. Уыздай жас кезінде сын­ның небір ауыр түрлерін естіп, көріп өскен Оразбек те, өзге жастар да барынша шың­далып, қаламгерлік жолдағы қайт­пас қайсарлық­қа үйре­ніп, соның нәтижесінде ке­йін әдебиетіміздің алып бәй­теректеріне айналды.
Сөз реті келгенде, осындай қиын ке­зең­­де әдебиеттегі жаңа толқынға сол кез­дегі рес­пу­бликалық жастар ұйымының бас­­шылары Өзбекәлі Жәнібеков пен Камал Смайыловтың да ерекше қолдау көрсет­ке­нін айта кеткен жөн.
Оразбек Сәрсенбай университет бі­тір­­­ген­­нен кейін туған жеріне барып орта мектеп­те екі жыл ұстаздық қызмет істеген. Бұл да ­болашақ қаламгер үшін үлкен мектеп болды.
Міне, осындай шығармашылық жолда жан-жақты шыңдалудан өткен Оразбек Сәрсенбай прозалық шығармаларының бәрін дерлік өзі туып-өскен Сыр бойына, Шие­лі өңіріне арнады. Бұлардың арасынан «Таңбалы тас», «Шамшырақ», «Шең­бер» романдары мен «Сағым», «Ба­қыт құ­сы», «Жиде гүлдегенде», «Жақсы­ның көзі», «Уә­де», «Менің мекенім» повестер мен әңгімелер жинағының, «Өмірнама» мемуарының алар орыны ерекше. Бұл шы­­ғармалардағы кейіп­керлер – өмірде болған, осы Сыр бойында ғұмыр кешкен, аты-жөндері халыққа жақсы танымал тарихи тұлғалар. Мысалы, 1985 жылы «Жа­зу­­шы» баспасынан шықан «Уәде» жина­ғына «Ыбырай түбегі», «Уәде», «Тамыр» атты үш повесі топтастырылған. Мұндағы «Ыбырай түбегі» повесінің бас­ты кейіпкері Күзембай Жақанов атал­ғаны­­мен, шын мәнінде оның прототипі – екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жа­қаев. Ал «Уәде» повесіндегі күйші Өсер­бай, «Тамыр» шығармасындағы Бұ­да­бай ақын да өмірде болған тарихи тұл­ғалар. «Шамшырақ» романының басты кейіпкері Нартуғанның прототипі – Сыр бойынан шыққан атақты ақын Нартай Бекежанов.
Оразбек Сәрсенбай сын мақалаларды да көп жазған. Олардың арасында Ә.Нұр­пейі­сов, Т.Ахтанов, Т.Әлімқұлов,
С.Бақ­­­бергенов, Н.Серәлиев секілді прозашылар, А.Тоқ­ма­ғам­бетов, З.Шүкіров, Ж.Нәжімеденов, Т.Айбергенов, М.Ма­қатаев, Ө.Нұрғалиев сынды ақындар шы­­ғармашылығы туралы жазғандарын ке­зінде әдеби қауым жылы қабылдаған.
Оразбек Сәрсенбай «Құран Кәрім» «Мұ­хаммед пайғамбардың хадистері», «Шай­­­таннан сақтану жолдары», «Сиқыр­дан сақ­тану және емделу жолдары», «Адал мен арам», «Мұсылмандық әдеп сабағы», т.б. ондаған кітаптарды қазақшаға аудару, басып шығару ісіне белсене атсалысты.
Ал рисала жанрына келгенде Оразбек Сәрсенбай алдына жан салмайтын тұл­ға. Қаламгердің мұндай шығармалары өмірдің танымдық, тәрбиелік, білім берушілік тұрғыларын сөз етеді.
Оразбек Сәрсенбайдың шығарма-шы­­лық-қоғамдық еңбегі дер кезінде лайық­­ты бағаланды. Соған орай, қалам­герге «Шеңбер» романы үшін 2000 жылы Қазақстан Респу­бли­касының Мемлекет­тік сыйлығы беріл­ді.
Сондай-ақ, ол «Құрмет», «Парасат» ор­ден­дерімен марапатталған.
Әрине, мұндай биік марапат, ерекше құрметке кез келген адамның қолы жете бермейтіні, оған тек халықтың шынайы құр­метіне бөленген тұғыры биік тұлғалар­дың ғана ие болатыны анық. Оразбек Сәр­­сенбай да көзінің тірісінде осындай тұ­ғыры биік тұлғаға айналған еді. Бірақ соған қарамастан Орекең өзін-өзі насихаттап көрсетуге мүлдем көңіл бөлмейтін, оған ешқандай ықыласы да жоқ еді; тіпті өзге әріптестері сияқты мүшел тойларын да дүрілдетіп өткізген емес. Тек бая­ғыда, сол Мұратбаев көшесінде тұрғаны­мыз­да қырық жасқа толғанын өз үйінде атап өт­к­ені ғана есімде қалыпты. Бұл шағын бас­қосуға Әбіш Кекілбаев, Жұмекен Нә­жі­­ме­денов бастаған бір топ замандас қалам­­­гер­лері жиналып, әдемі бір кеш өткіз­ген еді. Содан кейінгі зымырап ақ­қан жыл­дарда Оразбек Сәрсенбайдың өзіне арнап мұндай бас­қосу өткізгенін көрген де, естеген де емеспіз.
Орекең ұзақ жылдар бойы бар ғұмы­рын, бүкіл күшін жұмсап, көз майын тауы­сып, жоғарыда айтқанымыздай, өзі туып-өскен өңірдің тарихи тұлғалары туралы небір жақсы шығармалар жазды. Сол арқылы өмірден баяғыда өтіп кеткен Сыр бойының небір асыл азаматтарын қай­та тірілтіп, өз халқымен қайта қауыш­тырды. Мұның бәрі міндет етуге тұратын, құрметтеуді қажет ететін қадірлі еңбек екендігі даусыз. Егер Орекеңнің орынында өзінің туған жеріне осындай еңбек сіңір­ген басқа біреу болса не істейтіні, қандай мәселе көтеріп, нені талап ететіні қа­зіргі жұрттың бәріне жақсы мәлім. Оған нақты мысал келтіріп, бәрін тізіп айтудың өзі ыңғайсыз. Ал Орекең болса, өз еңбегін ешкімге бұлдаған емес; мерейтойым болатын еді, соған байланысты ма­ған анау керек, мынау керек деп, жо­ғары-төменгі орындарды жағалап, біреу­ден бірдеңе сұрапты дегенді көрген де, естіген де емеспіз. Басқаны былай қой­ған­­да, тіпті, Орекеңнің өз ауылына ат-
басын бұруы да өзгеше еді; ешкімге біл­дірмей барып, ешкімге байқатпай қайтып ке­тетін.
Оразбек Сәрсенбайдың мұндай ұста­ны­мы, көзқарасы кімге де болса үлгі-өне­ге болуға әбден жарасады. Яғни Орекең қаламгер ретінде де, қарапайым азамат ретінде де бүкіл ғұмырын өзгелерге пайдасын тигізіп, шамасы келгенше жақсы­лық жасаумен ғұмыр кешті. Көрші болып тұрғанда бұған да айқын көзіміз жеткен. Орекеңнің үйі елден келген қонақтардан бір сәт арылмайтын. Шиеліден, Қызылор­дадан шыққан ағайындардың бір тобы Орекеңе сәлем беріп, үйінде жата-жаста­нып, шаруаларын бітіріп, риза көңілмен қайтып бара жатса, тап сол күні Орекеңді іздеген және бір жаңа қонақтардың төбесі көрінетін. Бұл ретте Орекеңнің жанжары Шара туралы да ерекше айта кеткеніміз жөн. Шара Асанқызы барынша ақжар­қын, кеңпейіл, дастарханы әрқашан да жаюлы, қонақжай жан еді. Бұл жағдай да Орекең­нің елге, ағайын-туысқа барынша беделді болуына өз әсерін тигізді. Шара­ның дас­тарханынан дәм татып, Орекеңнің қам­қор­лығын көргендердің арасында Орекең­нің өзі інілері Әбілқасым мен Исабек те бар. Көрші тұрған жылдарда бұл екі бала­ның ауылдан Алматыға келіп, Оре­кеңнің үйінде тұрып, оқуға түс­кен­деріне куә бол­ғанбыз. Қазір сол Әбіл­қасым – белгілі су­­рет­­ші, Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ Ұлттық Өнер академия­сын­дағы алдыңғы қатарлы ұстаз. Ал Иса­бек жоғары білім алып, ауылға барып, қызмет істеп, Сәр­сен­­­бай әулетінің қара­шаңырағына ие болып отыр.
Осындайда мен өзімнің де Орекеңнің қамқорлығын көргендердің бірі екенді­гімді айта кету – парызым. Мен шығарма­шылық жолымды ақындықтан бастаға­ным­мен кейін бірыңғай қара сөз – прозаға бет бұрдым. Орекеңмен көрші болатыным да, міне, осы кез еді. Проза жанрындағы «Ал­тын сағым» дейтін алғашқы кітабым жарық көргенде Орекеңе қолтаңба жазып, апарып бердім. Арада бір аптадай уақыт өткенде Орекең арнайы шақырып, менің кітабым туралы әжептәуір ұзақ әңгіме айтып, жылы пікір білдірді. Кейбір кем­ші­лік­теріме де жан-жақты тоқталды.Жә­­­не болашақта қаламгер ретінде менен үлкен үміт күтетінін де жасырмады. Кейін Орекең бұл пікірін баспасөз бетінде бір­неше рет қайталап айтты да. Мен ол кез­­­де Орекеңнен өз кітабым туралы осын­ша­лықты жылы пікір естимін деп мүлдем ой­лаған жоқ едім, оның үстіне, өзімнің жазған шығармаларымды жан-жақты талдап, жетістік-кемшіліктерін тайға таң­ба басқандай кеңінен талдап берген әңгі­мені бірінші рет естуім еді – сондық­тан қуан­­ғанымнан таңырқағаным әлде­қайда басым болды. Сол күннен бастап проза жазуға деген құлшынысым бұрынғыдан да күшейіп, қаламгерлікке шындап кі­рісу­ге ден қойдым. Кейін қарап отырсам, Орекеңнің сол демеуімен проза саласында оншақты кітап жазып, біраз жерге барыппын.
Әрине, Оразбек Сәрсенбайдың шы­ғар­­машылық салада шынайы қам­қор­лығы мен қолдауын көрген мен сияқты жас толқын аз болмаса керек. Бұған бір жа­ғынан, Орекеңнің сол алпысыншы жыл­­­дардың ортасынан бастап «Лениншіл жас», «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті» сияқты мерзімдік басылымдарда қызмет еткені де өз әсерін тигізгені даусыз. Өйткені, ол кез­де бұл басылымдар әдебиеттің бүгіні мен болашағына айрықша назар аударатын, қолына жаңадан қалам ұстаған жас талапкерлерге ерекше көңіл бөлетін. Мұн­да қызмет еткендер сапасыз дүние­лер­дің жарық көруіне жол бермейтін. Оқыр­­манға ұсынылатын әрбір жаңа шы­ғарма қатаң талдау мен сараптаудан өте­тін. Қазіргідей кім көрінгеннің жазушы атанып, не жазса соның бәрін кітап етіп шығара беру еш­кім­нің өңі түгілі, түсіне де кірмейтін. Ал бір шынайы көркем туын­ды жалт етіп көрінсе, оны бүкіл әде­би орта үлкен оқиға ретінде жылы қабыл­дайтын. Осындай ортаның тәрбиесін көріп, қа­лып­тасқан Оразбек Сәрсенбай­дың әдебиеттің шынайы жанашыры, жас толқынның қамқор­шы­сы болуы заңды да еді. Орекең кейін бұл жанашырлығын Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, кәсіподақ ко­митетінің төрағасы болып жүргенде де, «Жазушы», «Өнер», «Қайнар» баспаларында басшылық қыз­метте отырғанда да үзбей жалғастырды.
Оразбек Сәрсенбай барша қазаққа танымал, атақты қаламгер болып қана қойған жоқ, сонымен бірге отбасында да бақытты, абыройлы ғұмыр кешті. Жанжары Шара екеуі Сабыржан, Гүлназ, Бауыр­­жандай ұл-қыз өсіріп, олардан тамаша, тәтті немерелер сүйді. Яғни соңында өзі сияқты жақсы ұрпақ қал­дырды. Егер Шара жеңгеміз өмірден ерте озбағанда, Орекең ағамыз да ортамызда әлі күнге жүзі жайраңдап, аман-есен жүре беруі әбден мүмкін еді. Бірақ бәрі тағ­дырға байланысты ғой…
Оразбек Сәрсенбай туған жерден да­рыған қасиет-дарынының бәрін өзімен мәң­гілікке бірге алып кетпей, шынайы көр­кем туындыларға айналдырып, мөл­діретіп ақ қағазға түсіріп, баға жетпес мол мұра етіп артына қалдырды. Соңғы демі таусылғанша өз еліне, өз халқына жан-тә­ні­­мен қызмет етті. Сөйтіп, көзінің тірі­сін­де перзенттік парызын толығымен өте­ді.
Ал туған жері, елі мен халқы осындай аса дарынды, шынайы патриот азама­ты­ның мұрасын қалай бағалайды, еңбегі мен есімін қайтіп құрметтейді – ол келер күн­дердің еншісіндегі мәселе.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ.


 

Тақуалық

 

Табынған Құдіретке, тазалыққа,
Бас иген биік Рух, даналыққа.
Ұрпағы пірәдар мен сопылардың,
Жараған салиқалы саралыққа.

Ой толғап ілімнен де, ғылымнан да,
Іздеген дәру-дәрмен шыбын-жанға.
Ақиқат тек Алланың ақ жолында
Екенін жеткізсем деп ұғынғанға.

Құдайсыз қоғамдағы қорлықтарды
Әшкере етуден ол қорықпады.
Табынған жеке басқа сатқындарды
Кезінде жырыменен құрықтады.

Елімен еркін жайып қанаттарын,
Ұлықтап сипаттарын Жаратқанның.
Тұңғиық дүние сырын түйсінсем деп,
Ақтарды ол парасат парақтарын.

Жазылды рисаласы – жан ғажабы,
Сана мен Рух жайлы Ар-ғазалы.
Ағамыз армандаған кемелдікке
Жетсе екен деп тілейік бар қазағы.

Жадыра Дәрібаева, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір