Көктеммен келемін оралып…
29.04.2016
1950
0

Баян БекетоваБаян
Бекетова


Ару Жайық – Ақ Жайық
О шіркін, Сұлу Жайық,
Ақ жайық, Ару жайық,
Жанға дауа, суы бал – дәру Жайық
Сырлы Жайық, жыр Жайық, ақын Жайық
Маған ұқсап кей мезет шын мұңайып,
Толқынымен жыр жазар сырын жайып.

Сырлы Жайық, жыр Жайық, ақын Жайық,
Жүрегіме, жаныма жақын Жайық.
Ай жүзіңнен айналдым жарқыраған,
Қауышуға келші бір, жақындайық.

О шіркін, Ақ жайық, дана Жайық,
Аққуы мол төсінде ала Жайық.
Күннен-күнге көркейіп барады екен,
Жағасында қанатын қала жайып.

Тарих тұнған тасында дана Жайық,
Ғашық еткен жүректі дара Жайық.
Қыз бұрымды бұралған ерке Жайық,
Айкөл көңіл аңқылдақ бала Жайық.

Түсінер деп сыр жаям сара Жайық,
Жыр төсінде мен жүзген дара қайық.
Қанша заман өзгерсе өзгермейтін,
Ұлы Жайық, ақылдым – дана Жайық

О шіркін, сұлу Жайық,
Ақ Жайық, Ару Жайық,
Саған Жайық сұлу боп қалу лайық.
Арнасынан су асып ағу лайық.
Маған жыр боп, лапылдап оттай лаулап,
Мәңгі бақи ақын боп жану лайық.

Түсіме ылғи кіретін көркем Жайық,
Кетсем деп ем, жырыммен желкен жайып.
Оңтүстіктің жалғыз түп «Сәмбі тал» ем,
Өлең-жырмен келемін өркен жайып.

…Көріскенше, есен-сау Еркем Жайық.

Гүлдер, гүлдер
Өздеріңдей нәзіктікті жырладым,
Қырларға кеп жақұттайын тізілдің.
Өздеріңе іңкәр нәзік жүрекпен,
Өлең жаздым, үлбіредім, үзілдім.

Гүлдер, гүлдер, лала гүлдер, ақ гүлдер,
Таңдай таза, аппақ ардай пәксіңдер.
Мәңгі көктем өміріңнің өзегі,
Көктемменен ағаш көктеп, бақ гүлдер.

Гүлдер, гүлдер, раушан гүл, лала гүл,
Көңіл-көгі, еркесі ғой даланың.
Көз жауыңды аламын дер, жанамын,
Сұлулықтың көтеріп тұр жалауын.
Іңкәрліктің жағып жатыр алауын.

Сұлулықпен байланысты барлығы,
Бешененің жазуы мен жарлығы.
Махаббаттың баяны мен байлығы,
Бақыты мен бағы және тағдыры.

Өздеріңдей ұяң және көркеммін,
Ажарымын, ғажабымын өлкемнің.
Сұлулықтың тіліменен жыр жазып,
Шынайылық астарымен көмкердім.

Кең сарайым сырға толып, нұр бағым,
Масатыдай құлпырғанда қырларым.
Оттай ыстық жүрегімді жандырып,
Өздеріңдей ғашықтықты жырладым.

ІІ
Гүлдер, гүлдер, үлбіреген гүлдерім,
Өздеріңмен бірге мен де гүлдедім.
Көктемменен қайта түлеп көктедім,
Жыр бүршігін ашып мен де бүрледім.

Мен де гүлмін алауымын үміттің,
Кеудесіне тағылған бір жігіттің.
Жүрегімде жүздіремін жыр-қайық,
Ей сұлу гүл, кел, бірге өмірді жырлайық.

Гүлдер, гүлдер, үлбіреген ҮМІТТЕР,
Қыздарға тек гүл сыйлаңдар жігіттер.
Қайда барсаң, гүл алып бар ағайын,
Ал, немесе, гүлдей болып күліп кел!

Орамал бұлғап…
Мүлгиді жалғыз қайың да,
Бұлыңғыр қала сай тұман…
Екеуіміз ғана жайында
Тырналар өтті айтып ән.
Мен болып саған арнайды ән,
Сары бел, сары атырап,
Сағыныш мұңмен сарғайған
Сыр айтты ма екен жапырақ?

Орамал бұлғап қалғанмын,
Шаһарда шаңқан кешіп мұң.
Оралатыныңа алдандым,
Сағынғаныңды есіттім.

Күз түскен күзде мұңайып,
Жабырқап жүрген шығарсың,
Сендік сезімім шынайы –
Мойныма таққан тұмарсың.

Жырыммен ғана тілдесіп,
Ішіңнен үнсіз тынарсың,
Күйбең тірлікпен күн кешіп,
Байланып жүрген шығарсың.

…Айналам қарға қыста мен,
Ақ қарға сырың айтарсың.
Ұшып ең күзде құстармен,
Қаздармен бірге қайтарсың.

* * *
Кеттің…
Менен шын жырақтасың,
Сыр бердің бе қиындау сынақта шын?
Жауабымды айтайын сұратқасын,
Қандай қиын жүрекпен ұнатқасын.

Ұзақ түндер кіремін түсіңе мың,
Үнсіз іштей, қайтейін… түсінемін.
Тәкаппарси қараған бір жігітті,
Мен де еріксіз есіме түсіремін.

Жүрегіңде шертіліп күй арманың,
Жан сырыңды, білемін, жиі арнадың.
Сен кінәлі емессің сүйгеніңе,
Мен кінәлі емеспін – сүйе алмадым.

Өткел-өмір
Сен маған мәңгі жоқсың,
Мен саған мәңгі жоқпын.
Кез болса, өтіп кетер танымастай,
Қаламыз біздер одан арып-ашпай.
Сен жырақта қалсаң да ойлап жүрем,
Қанатымен су сепкен қарлығаштай.
Неге біздер өтеміз танымастай?

Қоштасарда мен саған үндемедім,
Маған аян болды да бір келерің…
Сен бірақ оралмадың оралыңа
Бұл жайды неге сол кез білмегенмін.

Бұл күйімді сезінбе, сезін мейлі,
Шын махаббат ешқашан көз ілмейді.
Сен мұңайған сәттер маған көңілсіз,
Мен мұңайған сәттер саған сезілмейді.

Болсаң екен бақытты деп келемін,
Не болмайды… бұл тірлік – өткел-өмір.
Ойламайын десем де мүлде ұмытып,
Соншама жақсы көрем, соншалық жек көремін.

* * *
Гүлдей нәзік, мынау әуен қандай ән,
Бәлкім, менің осы шығар жан дауам.
Жүрегімді елжіретіп барады,
Аққу қанат, шырын сезім – балдай ән.

Алыстарға алып кетіп барады,
Жан-жүрегім жанып, еріп барады.
Қаперімде қаным ұйып қалағандай,
Тал бойыма бір тәтті бал тарады.

Тал бойымды жаулап алып барады,
Шаттығын-ай шалқып алып барады.
Армандарым ақ желкенін көтеріп,
Боралдаймен қалқып ағып барады.

Өр толқындар тулайды кеп кеудемде,
Көкірегімді бір сезімдер кеулеуде.
Шағалалар шаңқылдайды шарықтап,
Ақша бұлттар қолын бұлғап, кел деуде.

Аңызақта ақ жауынды аңсадым,
Жаным менің шөлдеуде.

* * *
Жайдары жасыл – жаз өмір,
Төбесі төбел, таз өмір.
Ғұмыры шырын қыз-өмір,
Түгесілмейтін тұз-өмір.

Жалғаны жанған жаз өмір,
Тойым бермейтін саз өмір.
Мәңгілік мына дүниеде
Қас-қағым қымбат аз өмір.

Бәрібір балдай тәттісің,
Әлдилеп өтер аз өмір.

Қарашада
Қарашада қар жауып тұр, ақша қар,
Аппақ мамық жамылыпты аптап бар.
Қарашада қар жауып тұр қалықтап,
Жапырақты, атырапты аптап бар.

Қар жауып тұр, ай ортасы – қараша,
Сап-сары еді жусанды бел – алаша.
Қонып жатыр ақ көбелек таласа,
Қарашада қар жауған тамаша!..

Қар жауып тұр, саулап ұлпа аспаннан,
Ақ ұлпаны уыстаймын сасқаннан.
…Маужырайды таңғы дала мүбәрак,
Бұлбұл жырын төгілтпейді жас талдан.

Қалтырайды қарағайлар жалаңаш,
Қалтылдайды бір ой ғана санада аш.
Қараша өмір, көп сыздаттың жүректі,
Боран соғып, дауыл мені ала қаш!

Кесірленсем, кешір, кие жарық күн,
Қараша – өмір қоңыр тірлік – жалықтым.
Арғымағым ауыздықтап арыттым,
Менің қоңыр тірлігіме қар керек!

…Кесірленсем, кешір, кие – Жарық үн!

* * *
Көкірегіне бұлбұл құс ұя салған –
Уыз әуен, күміс күй құя салған.
Өнер жолы өрісті өрге салар,
Өмір жолы соқпақты – қия салған.

Төгілгендей аузын ашса ақ маржан –
Әндерінен күн күлімдеп, қар жауған.
Сұлулыққа сусындатса әуені
Мәңгілікке айналғандай беу жалған.
Жалғандықты жалған емес, деп алданғам.

«Ақ маржанды» тыңдаҒанда
Мөлдір тамшы тамғандай көлге тымық,
Маңдайыңды тосқандай желге тымық.
Әнмен жаның жадырар майдай балқып,
Ән-қайықта жүзгендей жерде тұрып.

Қыран қанат қаққандай өрге ұмтылып,
Құс қанат қар қонғандай жерге тымық.
Аяласа «Ақ маржан», баратасың
Бесігінде бақыттың тербетіліп.

ЖАЙЫҚТАН ӨТЕР ҚАЙЫҚ ЖОҚ
– «Ақылды дәрменсіздікпін!»
Ақталдың сенде айып жоқ!
Несіне сонша үздіктің?
Жайықтан өтер қайық жоқ.
…Сенде айып жоқ.

Несіне еріп қар болдың,
Жүрегіңді ұстап шаншыған.
Несіне мұнша дал болдың, –
«Өмірің қысқа қамшыдан!».

…Жұмбақтау еді бұл айдын,
Мөп-мөлдір суы, тұңғиық.
Жүрегің бірден құлайтын –
Алатын ауыр мұң құйып…

Сырына несін зар болдың,
Тұратын мөлдір тамшыдан.
Қор болмас жерде қор болдың –
Уатылып кеткен сан шыдам…

Несіне кеуіп желпіндің –
Тақылдап тұрып таңдайың.
Толқындай кері серпілдің –
Соғылып тасқа маңдайың…

Құрбаны болдың тар жолдың,
Махаббат аңғал – таң шығар…
Басқаға барып жар болдым,
Ақ жұмыртқадай аршыған.

Келіннің келіп бетін аш –
Алқызыл айдай жүзін-ай..
Алқам да салқам есуас –
«Ақылды дәрменсізім-ай…».

* * *
…Сен өзіңнен қашқың келді – Сен едің!
Тек екеуміз білеміз ғой себебін.
Өз-өзіңе соғыс аштың алапат:
«Бұл сөзімді қалай да мен жеңемін!».

Өрлеп өсті мендік сезім-терегің,
Ол күшті еді! – Сен одан да «өр» едің.
…Саф сезімді тұншықтырып кеудеңде –
Көкке ұшсаң көремін, көремін…

Саған қанша күшке түсті сеземін –
Отқа жанған сұмдық ауыр кезеңің.
«Жан жарасы табар бәлкім өз емін»,
Таппаса да төземін… төземін…

Ақылыңның тым үлкейтіп көлемін,
«Дәрменсізбін» деп жүрген де сен едің.
Көктем сайын көгершін боп оралар
Мен ішінде жүрген мұңды өлеңің.

Өзгермеген өр Алматы, өр өзен,
Сен шөлдейсің кеуіп тұрып кенезең.
«Бақыттымын», – дейсің ғой сен, ал неге
«Ағыл-тегіл жылайды ылғи терезең?».

…Тауып болған жүрек деген керегін,
Суып болған өртенбейді өзегім.
Өлеңінде жылап тұрған «терезең?» –
Сен емес деп сенемін, сенемін…

АҚЫНДЫҚТЫҢ
АУЫЛЫ – АШЫҚ ТЕҢІЗ
Соңымнан еріп шыққан өркендерім –
Аққу мойын, аршын төс көркемдерім.
Ақынымен сүйкімді, батырымен
Оттай ыстық Оңтүстік өлкем менің.

Көз суыртқан көркіне көркемдерім,
Қылығынан бал тамған еркем менің.
Ашық теңіз үстінде ағараңдап,
Ақ армандай керілер желкендерім.

Қалам ұстап қолыңа ой кештің бе,
Ұзақ болғай сапарың ертең дедім.
Шырын тәтті қызық-ау қыз-ғұмырың,
Ақын болу – ар ісі, ізгі ұғым.

Лапылдаған от қой ол отқа түспей,
Қайталамай өтіп кет, бізді күнім.

Ештеңе емес, теңіз боп теңселгенім,
Иығыма тау-толқын еңсергенім.
Отқа пісіп шыққанбыз бізді қойшы,
Сені гүлдей күйіңде көрсем, дедім.

Мәңгі көктем – бұл өлең бақыт деңіз,
Сізге айтқым келіп тұр жақұт-лебіз…
Дауылы бар, қары бар – қатал заңы,
/Ал, шынында, аяп тұрмын/.
Ақындықтың ауылы – ашық теңіз…

Жарқ ететін соңынан күні қандай,
Маңдайыңды сол күнге ұрып алмай,
Аман қалсаң, аяулы қыз-ғұмыр-ай,
Басталып-ақ кетеді жыр-ғұмырың.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір