Дүниеден күлкі жиған
29.04.2016
1896
0

Алмас Нүсіп


«Күлме, жылама, жек көрме – түсін».
Спиноза.

43Шығармашылығы мен өмірі, жазуы мен мінезі ажыратып алғысыз байланысып кеткен қаламгерлер болса да, саусақпен санарлық қана шығар. Бізге қалдырған түгел сөзін шолып шыққан соң, ол туралы жазылған санаулы естеліктерге көз салып көріңізші: әлгі санаулылардың қатарында бар болмыс-бітімімен жымия қарап Оспанхан Әубәкіров тұрар еді. Жарты ғасыр жасады демесеңіз, қатал уақыт осып өткен тереңдеу әжімдерінің өзінен балаң тазалық, сәбилік аңғалдық есетін жұп-жұмсақ дидарға тесіле түссеңіз балалықтың табы кетпеген жып-жылы жүзі жорта салмақтылық танытқанмен, енді болмаса ішек-сілесі қата күліп жібергелі тұрғандай. Оның балаға тән мінезі туралы кім не айтса да сене бергің келеді. Өз баласын өзі алдап, ерінбей-жалықпай соншама «қулық» ойлап тауып, сол оқиғаға өзі тікелей қатысқан, керек десеңіз үйге бұрын жету үшін таксиге мініп, ақша шығындап жүрген ойынқұмар адамның бұл әрекетінің бәрі – тек қана күлкі үшін бе еді? Мектеп жасындағы кіп-кішкентай баланы алдау үшін осынша сарсаңға түсудің мәні неде? Біреуді күлдірсем дегеннен гөрі, алдымен өзінің ішкі сұранысын қанағаттандыру үшін жасалған қадам болатын бұл.

Оспанхандық мінез бен дүниета­ным­ға керекті «ойын» еді бұл. Ос­пан­­ханның «ойынқұмарлығы» Қожана­сыр­лық әпенделік немесе Алдаркөселік қулықтан бөлектеу. Алдардың қулығы – сараңдар мен жамандардың сазайын беретін бейбіт қаһарманның іс-әреке­тімен астасса, Қожанасырдың қылығы – қандай қиындық кез болса да қайғыға салынбау, ауыртпалықты күлкімен жеңу туралы философиямен өріледі. Ал Ос­пан­­ханның әрекетінен мұншалық терең мән іздеп керегі жоқ. Оның ойына аяқ ас­ты бір қызық келе қалады да, өзі бас­таған осы бір ойын оның өзін де елітіп әкетеді. Баласынан бұрын үйге жету үшін жүйткіп келе жатқан жолында сіз кез­десіп қалдыңыз екен делік. Құдасы бол­саңыз да тоқтата алмас едіңіз. Себебі, дәл қазір оның ішінде ойын баласы оянып кеткен. Бұл жай ғана ойын емес, шығармашылық процесс. Автордың өзіне керемет ләззат сыйлайтын ға­жа-
й­ып сәт. «Патша тағы, бүкіл дүние ма­лына» айырбастамас сәт…
Ол қандай да бір міндет арқалаудан қашатын. Аз ғана жыл қызмет істегесін, өз еркімен бірыңғай шығармашылыққа ауысып кетуі де осындай еркіндіксүйгіш­ті­гінде еді. Былайғы кезде көп сөйлемей­тін, тіпті, бір қарағанда томаға-тұйықтау көрінетін Оспанхан және алып-ұшпа жеңілтек те емес. Оның миы қай кезде де алысты шарлап, ой қуалап жүретін. Ол жалғыздан-жалғыз келе жатып та езу тартып қоятын – көкейінде әлдебір образдың сәтті теңеуі жылт етті. Қай уақта, қай жақта жүрсе де ол құлағын елдің аузына «қаптап қоятын». Қандай да бір күлкілі оқиға, қызықты хикаят, ерекше мінезді типтік образдың елесі көрінді ме, бітті, Оспанхан әлгі жерді айналсоқтап, кете алмайды.
Қызметке байланбай еркін жазумен айналысқандықтан оның шығарм­а­шылы­ғында бөгде бір жанрлардың әсер­і байқалмайды. Ол, тіпті, ағымдағы әдеби процеске де көп араласқан жоқ. Мақала, сын, зерттеу еңбектерге уақы­тын шы­ғын­дап, күшін сарп еткен жоқ. Бұл оның ең дұрыс шешімі еді. Қызметтен бас тар­туы алдымен өзіне деген сенімнің күші. Алғашқыда жұрттың тамырын ба­сып, байқап көрген: Жарыққа шыққан жинағы, мерзімді баспасөзге берген шы­ғармасы елеусіз қалып көрген жоқ. Бас­пасөз жаққа оқырманнан ағылып хаттар келеді, жинағының қанын жерге тамызбай пышақ үстінде бөлісіп әкетеді. Со­ның бәрін көре тұра өзіңді қандай да бір міндетке жегіп қою талантыңды кү­ре­сінге тастаумен тең еді. Оның үстіне, да­рыны өзінен әлдеқайда төмен әлде­кім­дердің қол астында қызмет атқарып жүру де аз азап болмаса керек. «Жұмысқа неге кешігесіз?» – десе, айтарға сылтау тап­пай, сөзі бітіп: «Себебі… кешігіп қал­дым», – деп күмілжіп отырып қалатын аңғалдау, қырсықтау мінезінен де шығар.
«Күнкөрістің екі тәсілі бар:
Не досыңды датта,
Не дұшпаныңды мақта.
Осы екеуі қолдан келмесе
Өсемін деп шатпа!» –
дейді. Оспанхан заманына тура келген мансапқұмар қа­зақ­тың екіжүзділігі. Бұған қосымша, бұл жанайқай жай ғана шығармашылық емес, жазушының өмірлік ұстанымы, мансапқа көзқарасы болатын.
Ешбір ортаға, ешбір ағымға басыбайлы байланбай, кімдермен де тонның ішкі бауындай жақын, риясыз араласып өткен кең құшақ жазушы өмірді үлкен эк­ран­нан бақылап үйренген. Оның қала­мы­на іліне кететін ұсақ-түйек де­тальдің өзі үлкен планда көрінеді. «Иесіз үйдің есігін» «күзетіп» отырған (іші пысқан) кейіпкерінің ермегі мынау: «Бір бүйірде тоғызқұмалақ ойнауға лайықтап жасал­ған­дай ойдым-ойдым ұясы бар кәрі ди­ван тұр екен, соған ыңқ етіп отыра кет­тім. Мезгілсіз уақытта кө­шеде ысқырып жүре­тін дүрдік ерін, бұзау бас жігіт­ше­лердей бір жалаңаш пружина шығып теңселіп тұрып жарты сағат ыңыранды. Тұрсаң ішіне кіріп жоқ болып кетеді. Отырсаң, кәсібі – жаңағы». Осы бір үзін­діні осы тұрған бойында алып тастаса да әңгіменің көркемдігіне ешқандай нұқ­сан келмес еді. Бірақ Оспанхан әңгімелеріндегі дәл осындай көріністер сізді еліктіре түседі. Рас, астар іздеп, аз­ған заманның тозған сұр­қы деп, әлде­қайда тереңдеп кетуіңізге де болады. Дегенмен, бұл жазушының өзі көрген, басынан өткен, әңгімедегідей «отырып, тұ­рып» алаңсыз бақылаған дүние. Одан тереңірек тәпсірлеуге де болады: мәсе­лен, адамның санадан тыс әлдебір нәр­сеге байланып, болымсызды ермек қылатын кезі болады ғой. Егер, ойланып, арғы-бергіні бір сүзіп шықса, мұн­дай «ермектер» кім-кімнің де басынан та­былары сөзсіз. Ең қарапайым айтқанда, оқи­ға өтетін орынның суреті мен кейіп­кер іс-әрекетінің жарастықта өрілген көрінісі, автордың шеберлігі де­сек те артық емес. Жазуды бастағаннан соңына жеткенше дегбірі қал­май­тын қаламгер жазу үстінде мұндай ұсақ-түйектерге, оның атқарар ролі, ұстап тұрар тетігі деген сияқты дүние­лер­ге мән бермейді. Жазу процесі кезін­де оның көз алдында оқиға өтетін орын, өмірден алынған, ойдан шығарылған, өңделген, қырнап-жонылып, жаңа кейіп­ке енген кейіпкерлерінің әр түрлі образы ғана қалатын. Ал оны қалай жай­­ғап, қалай өргізу автордың ырқында. Ал автордың бас еркі – өзі көрген өмір көріністеріне бағынышты. Ол көлденең­нен келіп сұранып тұрған қандай көрі­ністің де бетінен қақпайды. Мысалы: «Осы аудандық автобазаның директорын баяғыда мектепте оқып жүргенде ба­жыл­датып сабап, құс салғандай жұ­м­сау­шы едім. Таса-тасада темекі тартып, саусағы сап-сары болып жүретін қу еді, директор болады деп кім ойлаған». Бұл, әлбетте, таптаурын болған кеп. Оспан­хан­ға дейін біреу-міреу дәл осы жайтты жазды, жазбады, мәселе онда емес, мә-
с­е­ле осындай сөздің ел аузында жиі ай­тылатынында. Жазушы мұны, әл­бет­те, біледі. Мұндай сөзбен ешкімді таң­ғал­ды­ра алмасын да сезеді. Бірақ соған қа­ра­мастан, алып тастауға қимайды.
«…Тепсінісіп келгенде, Тең атаның ұлы едің, Дәрежеңді артық етсе – Тәңірі етті» деп, тым тереңге барыспай-ақ, беріден қайырғанның өзінде бұл дерек алдымен бас кейіпкердің дүниетанымынан хабар береді. Ел ішінде көп айтылатын мұндай кептің жазушы қаламына ілігуі заңды да. Бұл жайт жазылғанға дейін-ақ жазу­шының арнайы ойланған, тоқталған та­қырыбы екені даусыз. Міне, сол нәрсе өзге бір дүниені жазу үстінде миының те­рең түкпірінен жылт етті. Жазушы ойла­нып жатпай, жарасымын тауып, кіріктіре салды.
Шаштараз туралы: «Сөзінің өзі шаш алғалы тұр екен» деп қойып қалатын тосын қиыстырулар оның оқиғасы мен сюжетін, кейіпкерін екінші кезекке ысы­ра бастайды. Сіз, тіпті, әлгіндей ойнақы сөздерді қуалап отырып, соңы­на жеткенде қандай оқиға болғанын ұмы­тып қалғаныңызды байқайсыз. Рас, әйтеуір бір шаштараздың жүргені, оның айналасында да қызықты бір жайттар бол­ғаны анық. Бірақ соның бәрінен жазу­шының шаштараз туралы айтқан бір ауыз сөзі есіңізде көбірек қалыпты. Сатираның міндеті – сынау тұрғысында болғанда, табиғаты – осындай ойна­қылық­тан тұрмай ма. Егер, езуіңізді жиі жы­бырлатып өтетін әлгіндей асау, ой­на­қы сөздер болмаса, ондағы оқиғалар мен адамдар жынынан айрылған бақ­сыдай момақан тартып, тартымсыз кеп­ке түсер еді. Соны терең білетін, әр қал­­­тарыс-бұлтарысты қалт жібер­мей, қисықтау сөзбен түрлендіріп қалуға тырысатын жазушының темекісіне дейін «гүлдеп тұрады». «Алдына келген істі Алласына тілін келтірмей» жайғап тас­тайтын пысық кейіпкерлері автордың ине-жібінен бір өтіп шыққасын сіздің қиялыңызда көңілді атмосфера орнатып береді. «Түйенің жарты етіндей» бір кейіпкері «жетпіске келгенше жерден таяқ жеп жүреді». Қашан да көңілді жүретін, сонысымен-ақ айналасын иіріп әкететін, ішіңдегі еркін ойнап-күлу­ге жібермей тұрған психологиялық кедергілерді елеуге де мүмкіндік қал­дыр­май, өзінің тап-таза болмысымен баурап алатын ашық-жарқын жандар болмаушы ма еді. Шығармасын күлімдеп қойып, аса сергек қалыпта баяндап отырған жазушы да осындай кісі. Әп-сәтте автордың арбауына түсіп, шыла-
уынан шыға алмай қалатын оқырманға қаламгердің осал тұсын байқау аса қиынға түседі. Оның кемшілігін байыптау үшін сан қайтара оқып, әбден жалығу керек. О баста сізге соншалық әсер еткен теңеулер мен эпитеттер, суреттеулер үй­реншікті нәрсеге айналғанда ғана көз алдыңызда өтіп жатқан оқиғаға назар аудара бастайсыз. Алып бара жатқан тартыс, оқиғаның дамуы, ширығуы, шырқау шегі деген сияқты сұраныстарға жауап берердей сюжет жоқ. Рас, әлдебір оқиға өткен. Мейлі, қарапайым тілмен (ауызекі) баяндап бергенде де бір күл­діріп алатын жайт екен. Бірақ сол уақы­тында-ақ сіздің жадыңызда көмескілене бастамай ма. Ал жазушы сол қарабайыр оқиғаны өнер дәрежесіне көтереді. Сатириктің міндеті мен талантын осы тұрғыдан іздесек қателеспейміз. «Дігі-дік, дігі-дік…» әңгімесінің арқауы – «Баяғыда бір жындылар болыпты…» деп басталатын анекдоттық қана қау­қары бар оқиға. Жазушы екі-ақ ауыз сөзбен бітетін шағын дүниені бірнеше уақыт кеңістігін көктей өтетін әңгімеге айналдырады. «Өрден келген адамға мөрден келер бөгет жоқ» дейтін, әлдебір бітпейтін науқандардың құлақкесті құлына айналған сол заман адамдары­ның бейнесі дейсіз бе, не істесе де да­бы­раға айналдырып, жұртты шулатып ба­рып іс­тейтін идеология дейсіз бе, адам мінез­дері мен білім-білігі дейсіз бе, бәрі бар. «Абай жолындағы» екі қоныстың арасы бәленбай «лә-и-лә-һә ил-Алла» болады екен дейтін әпенделікке ұқсас әлгі негізгі көркемдік деталь – «дігі-дік» деген сөз. «Шапқан аттың дүбірін қағазға түсір­ген­де «дігі-дік демей, мігі-дік дей­міз бе? Ал «дігі-дікті» көп жазу баратын жердің қа­шықтығына байланысты» деп, екі томдық «роман» жазып келген «елір­ме» жайлы әңгімені тыңдап болға­сын, жө­ніне кетіп бара жатқан шалдардың сөзі оқырманның көз алдында күлкіден құ­лап қалардай селкілдеп әрең тұрған сахнаны тағы бір сілкіп тастайды:
« – Апыр-ай, жаңағы құдайдан безген ақымақ жануардың жаны бар демей басы-көзге сабалап шаба бергені-ау, ә?
– Бұл пиәншіктің қолына түссең, ат түгіл адамды аямайды, – десіп шалдар тарап кетті». Не күлеріңді, не жыларыңды білмей, дағдарып тұрып қалу деген осындай жағдайға тап болғанда айтылатын болса керек.
Оспанхан алдымен адам мінезінің сыншысы. Адам ақыл-ойының өлшеуі­ші. Ол өмірге әкелген типтік образдар – алдымен адамның жан-дүниесін жырлайды. Заман ауысып, заң өзгерген тұс­тағы қазақтың дүниетанымына өзгеріс әкелген, кері әсерін тигізген жайттарды ұстын еткен шағын шығармалар жалаң, жалған мораль оқып діңкелетпейді. Немесе әлдебіреулердей саяси жағдайлар­ды тұспалдап, өкіметке қарсы айтпағын астарға салам деп тыраштанбайды да. Оспанхан – бейбіт қаламгер. Оның негізгі объектісі – адам, адамның жаны. Оның кейіпкерлері бір мінезімен жарқ етіп назар аудартып, тағы бір қылығымен баурап ала қояды. Әп-сәтте ішіне дендеп, тағы да тереңдей түскің кеп, әлгі әпен­делеу адамның тағы бір қызықтарын күтіп, құмарта бастағаныңда әңгіме аяқталып қалады. Сондықтан оның сықақ әңгімелері табиғаты жағынан көркем әңгімеден гөрі, өлеңге көбірек келеді. Бір жалт еткен сезім бар, шағын ғана оқиға бар, адам бар. Болғаны сол. Әри­не, Оспанхандық шеберлік тігісін жат­қызып, болымсыз оқиғаның өзін тартымды дүниеге айналдыра алады. Бірақ кейде осы бір тәсіл шығар­ма сю­же­тін жалаңдау қылып жібереді. Қызық­ты қиыстырулар мен қисық сөздердің қалқасында тұрғандығының арқасында ғана шығарма атанып тұрған әлсіздеу әңгімелері жоқ дей алмас едік. Әдетте әлдебір типтік образды қызық оқиғамен жарастықта қатар ұстайтын жазушы кейде сөз қуалап отырып, оқиғаның тар­тымдылығын тым әлсіретіп алады. Тағы бірде әлдебір пендешілікті жеткізу үшін ойлап тапқан оқиғасы да аса жатық шықпай жатады. Айталық, «Енді қайт­тік?», «Берекесіз сөзге бәйге», «Бүй­ре­гің­нен біреу түртпесін» сияқты шы­ғар­малар тілдік қорын алға салып, «шебер­дің қолынан шықтым» деп атойлап тұрғанымен, арзан материалдан пішілгенін жасырып қала алмайды. Бір қайнауы ішінде қалған мұндай шағын дүниелерді толыққанды әңгіме дегеннен гөрі әлдебір жазылмақ дүниенің фабуласы немесе соның ішіндегі бір кө­рі­ніс деуге келеді. Жазушы атаулыда ұмытып қалмау үшін әлдебір оқиғаны, ойды қойын дәптерге түртіп қоятын әдет болады. Оспанханның жаңағыдай әңгімелері осы түртіп қою кезінде тоқтау бермей, жазылып кеткен шығар, мүмкін. Оның кейбір кемшіліктерін осылай ғана бағамдауға болады. Оның кемшілігі – жоспарлы түрде жұмыс істей алмауында. Тұрақты, ұқыпты отырып жазған кезі аздау. Көп идеялары өзінің айтқыш мі­незі сияқты жазу үстінде туындап жататын. Әрине, ол көрген өмір, естіген аңыз, ертегі, оқиғалар, жиған білім-білі­гі сын сағатта оны құралақан қалдыр­май­тын. Бірақ сараңдау шығармашылық қал­таңды ылғи да сықап бере бермей­тіні­ тағы анық.
Ылғи да күліп, көңілді жүретін жазушы қызуқанды, шалт шешім шығара­тын мінезін жазу үстеліне отырған сәтте де тастай алмапты. Ойындағы сәтті бір теңеуді қағазға түсіріп, арқырай бір күліп алып, өзіне ырза көңілмен ары қа­­рай тоқтаусыз жазып ала жөнелетін ә­деті оны шығарманың соңына жеткенше асықтыратын. Кейбір сөздерді соңы­ра ауыстырармын деп, бұрынғы бір ке­йіп­­кері айтқан ойды (сол сәтінде есіне түсе қалған) қолдана салады. Әлде ұмы­тады, әлде саналы түрде, өзгеріссіз жа­рыққа шығып бара жатады. Оның мұн­дай дег­бірсіз мінезі – сезімі суып қалса, екпіні басылып қалатын қасиетінде. Толстой Тур­геневтің «Әкелер мен балалар» романының бір бе­тін шын сезіммен оқу мүмкін емес деп кейіпті. Тым сал­қын­қанды жазушы көр­кем­дік пен оқиға желісінде мін тап­тырмағанмен, эмоциядан қашам деп, қасаңдыққа ұрын­ғанға ұқсайды. Ал Оспанханда бұл жағдай керісінше. Жазғаны өзін күлдіре алмаса, шығарма­сы көңілінен шықпай тұратын дейді естеліктер. Ол өзіне-өзі елікті, өзін-өзі қы­зықтады. Бұл белгілі деңгейде оның ішкі мінезіне тура келгенмен, жан-жақ­ты ойластырып, асықпай отырып көлем­ді дүние тудыруына нұқсан келтірмей қалған жоқ.
Оның басты көркемдік құралы – мінез дедік. Оқиғадан бұрын адам, сезім­нен бұрын қимыл жүреді. Ол талантына сенімді еді: жете ойлас­ты­рыл­маған оқиға желісінің кемшілігін сөзбен қымтап, жасырып кете алам деп ойлайтын. Содан да оның негізгі ізденісі – теңеулер мен салыстырулар төңірегінде болатын. Ол ойланса белгілі бір типтің бүкіл сипатын нақты суреттейтін, еш­кім­нің ойына келмейтін бір ауыз сөз табу үшін ойланатын. Себебі, екі ауыз сөз жазсаң да арасынан сына тауып күлкімен көм­керіп, қызықты бір ой сыйғызып жібере алсаң ғана сатира жанрында белгілі бір нәтижеге жетуге болатынын ол жақсы білді.
Сатира табиғаты – адамды баурап алып, енді не болар екен дегізіп, басқа бір әлемге жетелеп кететін кең тынысты те­рең проза емес, әлдебір нәзік иірім­дері­мен ойыңа қай-қайдағыны түсіріп, «құдай-ау, осыны мен де көрдім ғой, неге жазу ойыма келмеген?» – деп, қарадай толқытатын поэзия да емес. Арғы бір ерте­гілік замандардағы аңыздық кейіп­кер­лердің тапқырлығына, қиыннан қиыс­тырған халықтық дүниетанымға сүйсіндіріп, жіпсіз жетелеп әкететін ауыз әдебиеті үлгілері де емес. Егер, осы аталғандардың біріне ұқсату керек болса, Оспанхан шығармашылығына ең жа­қыны – халық ауыз әдебиеті. Таңды таңға ұратын жыр-дас­тан­дардың жөні бөлек, бізге керегі ел аузынан жиналған әңгіме, аңыз, ерте­гілер. Оспанхан көнекөздердің соңғы сар­қыншағын көзімен көрді. Ол ер же­тіп, ес біле бастаған тұста қазақтың ақын­жанды қасиеті әлі де күшін жоя қоймаған. Алыстағы екі адамның бір-біріне деген базынасын өлеңмен жет­кі­зетіні, әлдебір ойды айту үшін арғы-бергі аңыз оқиғаларды бір сүзіп шығатын әдеттер Оспанхан өскен ортада әлі сақталып тұрған. Ертегі, жыр, дастан, аңыз­дар – оның алғашқы әдеби білімі ғана емес, бүкіл дүниетанымын қалып­тас­тырған тал бесіктегі тәрбие болатын. Айтарын тұспалдап, жұмбақтап жеткіз­генді жақсы көретін халықтық мінез осындай тәрбиеден жұғатын болса керек. Ос­панханның жазуы осыны еске түсіреді. Ол алдымен сөздің сұлулығына, тір­кес­тің тартымдылығына назар аударады.
Сықақтарының соңы біркелкі ав­тордың түйін сөзімен аяқтала беретіні – оқырманға мораль оқу, ақыл айтуға ұқсап кеткендей болғанмен, бұл автор­лық түйін өте жеңіл, өте ұтымды түрде шығарма сюжетімен біте қайнасып тұрады. «И так сама солай дедім» – бас кейіп­кердің сөзі. Негізінен осымен шы­ғарма аяқталып тұр. Бірақ кейіпкер соңғы сөзімен автормен тікелей байла­ныс­қа шығады. Бұл автордың саналы түрде жасаған қадамы. Бүкіл оқиғаны сырттай бақылап, кейіпкерлер диалогын жасырын тыңдап тұрған автор бүкіл көргенін бір ауыз сөзбен түйіндейді. Әлгі жайттың төрелігін, кесімін айтады: «Уа, махаббат соншама оңай ма едің!».
Оның фельетондарын оқығанда ал­дымен біздің жанымызды күлкі жадыратады. Содан соң оның ар жағында еміс-еміс қана бой көрсетіп тұрған ашу айқындала бастайды. Бұл ашу – Абай айтқан «ыза болғаннан күлу» категориясына толықтай жауап береді. Ал ашу мен күлкінің арасын мысқыл жалғайды. Мысқыл – түңіліске ұласады. Ызалы күлкінің өн бойында шарасыздық бар. Бұл шарасыздық – көре тұра һәм айта тұра қылар қайраны жоқ екеніне мойын­сұнған, жолындағының бәрін жапырып келе жатқан замана деген алып машинаға қарсы жалаң қолмен түк те тындыра ал­майтынын білген мұңлы жанның өзге­ден бұрын өзінің аянышты кейпіне күйініп, мырс етіп отыра кеткен бір сәті. Оның бүкіл шығармашылығы – елдігі әлсіреп, ұлттық келбеті, ұлттық эстетикасы, мінезі, дүниетанымы буданданып, жаңа көзқарастар мен өмір сүрудің жат жұрттық ілімі иектей бастаған, не анда, не мұнда жоқ, екі ортада шөре-шөремен мәз болып жүрген қазақтың итпекі бір кезеңінің шежіресі, фотоальбомы іспетті. Кім жоқ дейсіз онда!.. Өмір ілімін енді ғана ежіктей бастаған баладан – уақыттан жеңіліп, еңсесі басылған кәріге дейін, есіктегі қызметшіден – төрдегі төреге дейін, дүниенің жарты ілімін білген данышпаннан – түйсігі ұсақ-түйектен, қарыннан арғыны күйт­теуден арыға бармайтын тоғышарға дейін… Оспанханның бақыты сол – ол осының бәрінің бойына күлкі сыйдыра алды. Ол өз кейіпкерлерін келемеждеу арқылы жұртты күлдіріп қана қойған жоқ, солардың ішіне кіріп, солармен бірге күлкі болды. Сонысы үшін де оның шығармашылығы жасандылықтан ада. Ол әлдекімдерді әжуалағаннан гөрі, ыза бола тұрып, түсіністікпен қарауға, ке­шіру­ге тырысады. Бар болғаны, айтарын айтып болған соң, оқырманға сәлем жолдап, сөзін аяқтайды. «Көрдіңдер ғой, қалғанын өздерің біліңдер», – дейді. Кейде «бұлай болмайды, абайлаң­дар», – дейді. Енді бірде қатты кетеді: «Қою керек мұндайды!». Бұл – сықақ өлеңнің көтеріп отырған жүгіне тікелей байланысты. Сосын, автордың көңіл-күйіне, істің ыңғайына қарай. Оспанхан үшін ешқандай бөгет, ешқандай шең­бер жоқ. Көмейіне келіп қалған сәт­ті ойды, тәтті сөзді әлдебір адамдық, құқықтық нормаларға салып әуре болмайды. Ол – гуманист емес. Оның не­гізгі қаруы сөз бен күлкі. Оның міндеті – өзі санадан тыс байқап қоятын әр түрлі мінездерді өзіне ғана жарасар қа­лып­қа салып, жарыққа шығару. Ол ха­лық мақал-мәтелдерін де өзіне ыңғай­лап, керегінше өзгертіп, түрлендіре бе­реді. Күшейткіш қосады, сәл-пәл әсірелейді.
Егер оның әлдебір фельетонын жат­қа айтуға, дауыстап оқуға ойыңыз кетсе, сөз жоқ, жеткізе алмай жатқаныңызды түсінер едіңіз. Миниатюраларын ойнап жатқан әртістердің де қай жерін кемшін, қай жерін асыра сілтегенін байқап қоясыз. Себебі, Оспанхан аз ғана сөздің іші­не сізге керекті бүкіл көңіл-күйді сый­дырып берген. Тап басып айтып бере алмасаңыз да, оның шығармаларының табиғаты, іші-тысы, әр қатпары жаны­ңызға соншалық етене екенін түсі­несіз.
«Сөздік қорыңызды көбейтуге тыры­сыңыз. Шешендік өнеріңізді байқату, өзіңізді табысты қызметкер немесе ақыл­гөй қылып көрсету үшін емес, өзі­ңіз­ді неғұрлым толық ұғындырып, ойыңыз­ды анық жеткізу үшін», – депті Бродский. Оспанхан да сөзге осы тұрғы­дан қарады. Шығармашылығының негізгі күші сөзде екенін ерте түсінген сатирик ғұмырының соңына дейін айналасына салыстырулар мен теңеулер арқылы қарап өтті. Ішкі түйсігі түйген қандай да бір ойды, көзі көрген әлдебір оқи­ғаны бай сөздік қор жарыққа оңай алып шығатын.
«Амал не, күлкі сатылмайды, сон­дық­тан қаңғырып жүріп елден жинаймын», – депті бірде. Қаңғырып жүріп… Шымкент жақтағы бір ауданға оқыр­мандармен кездесуге кетіп бара жатып, жолай жо­лыққан бір өзбектің әңгімесі ұнап қа­лып, жоспардың бәрін бұзып, кездесуден бас тартып, «ауырып қа­лып­ты».Қо­йын дәптерін ашып қойып, әлгі сай­қы­мазақ өзбектің аузын бес күн бағып­ты. Ел ішіндегі қызық оқиғаларды жинап, кісі бойындағы түрлі мінез-құлық, адамдар арасындағы қарым-қатынас, сұлу сөз, тосын тіркестерге құлағын тө­сей жүретін әдеті оның бүкіл ғұмырын сөз жинауға бағыштатты. Кіммен де болса тез тіл табысқыш ақ жарқын мінез – «жүрегінің түбіне кір жасырмай» бар ойын еркін, еркелей айтқызып қана қойған жоқ, өзіне керекті типтік образдар мен күлкілі оқиғаларға оңай қол жеткізуіне жағдай жасады. Қашан да осындай ізденістермен жүретін Оспан­ханның басқа бір қызықтарға алдануға мұршасы да болмағандай. Оның көзіне әлем күлкілі кейіпте ғана көрінген шы­ғар мүмкін…
«Ешкімді ренжітпе, ешкімге ренжі­ме!» – тіршілігінде Оспанханның жиі айтатын сөзі екен. Бұл ұстанымды өмірдегі пенде Оспанхан бұлжытпай өтті дейді көзкөргендер. Көзін көрмесең де, шығармашылығы арқылы жаныңа соншалық жақын болып кеткен жанның өзі айтқан қағидаға адал болға­нына сенесің. Өйткені, Оспанхан – шы­ғар­­машылығында да ешкімді ренжіт­кен жоқ, ешкімге ренжіген жоқ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір