Жалғыз досым – жалғыздық
22.04.2016
1628
0

imageТатар мен қазақ халқының тарихы да, әдебиеті де туыс. Дүниенің шартарабын кезіп, туыс тапсаң, ол туысың татар боп шықса, таңғалуға болмайтын шығар. Рафис Корбанның өлеңдерінен татар халқының қайсар рухы, бауырмалдық қасиеті ерекше сезіледі. Дүниені тек татар көзімен көріп, татар жүрегімен жақсы көретін ақыннның жырларын қазақшаға тәржімалап ұсынып отырмыз. Игі іске мұрындық болған – Маралтай Райымбекұлы.


Рафис Корбан


 

 

ҚАЗАНЫМ
Зор шаһарлар, дүр шаһарлар,
Биік орда, боз үйлер,
Бой түзеген сомдана,
Бәрінен де қадірлісі,
Бәрінен де жағымдысы,
Сен ғана!

Өр Қазаным, төр Қазаным,
Сенсің өмір бесігім!
Сүйінген, сыйынған,
Ең көркем есімім!
Керексе, айт маған,
Сен үшін шығармын,
Дауылға өршіген,
Мен қарсы тұрармын!

Осы бір қақпадан
Қасқайып кірермін,
Қалдың сен желде – есен,
Қалдың сен отта – аман,
Тірісің – жансаң да,
Қайтадан тұрғансың аяққа –
Құдайым сақтаған!

О, менің Қазаным!
Ақындар толғаған,
Батырлар қорғаған,
Сен мәңгі тұмарсың,
Гүл жайнап тұрарсың,
Келешек ғасырға –
Көркем бір сыңарсың!

ТАТАР ЕЛІ
Тарыдай боп жерге шашылған,
Бар ма есік татар ашпаған.
Бұл Ресейде құшағы ашылған,
Бар ма екен жер татар баспаған?

Мұхиттар мен таулар арасы,
Балтық барып, белді асқаны.
Бәрі бейне татар даласы,
Бәрі бейне татар аспаны.

Қайда барсаң, татар мақамы,
Қайда барсаң, татар наласы.
Қытай барсаң, келе жатады,
Тағы да бір татар баласы.

Бола ма екен оны өлшеуге,
Жердің жүзін кезсе атағы.
Қай қорымды қазып көрсең де,
Татар шығып келе жатады.

Орманға орыс орман қоссын деп,
Көз жасымен шайған татарлар.
Өзге халық еркін өссін деп,
Өз-өздерін жойған татарлар!

Аударған Ерлан Жүніс.

ҚҰРБАН
Кімдер қалам ұстамаған,
Өлең жазған аз ба адам.
Сол ақынның барлығына
Ұлы болу жазбаған.

Мен де жазбай отыра алман,
Бұл бір дерт қой меңдеген.

Осы дерттен сірә да мен
Дей алмаспын «емделем».

Ұлымын деп айта алмаймын,
Шейіт болсам ой құрып,
«Рафис Корбан Лира сұлу жолында
Құрбан болған» дейді жұрт.

ТАҒДЫР
(Шыңғыс Айтматовты ойлап)

Татар қызы туған оны,
Қазандағы қырмызы дер.
Кім деп өзін айтар енді
Татар ма, әлде қырғыз дер?

Жазды орысша, білгір еді.
Өзге тілде тартты қалам,
Сырт елдегі жұлдызы еді,
Сол қырғыздың жарқыраған.

Жазды қырғыз тіршілігін,
Қырғыз қызы, қырғыз қартын.
Паш етті ғой бар ғаламға,
Солғын тартқан қырғыз атын.

Кім дерміз біз, осы шақта
Қырғыз ері ел құшатын.
Баба туған топырақта,
Қарсы алыпты соңғы сәтін.

Басқа демей, тағдыр дерміз.
Есімі елде жаңғырығып.
Атамекен ақ төсінде,
Ажал келіп салды құрық.

Аударған Сағыныш Намазшамова.

АУЫЛ
Сирек барам ауылға мен бүгінде,
Тағдыр – ағыс алып кетті түбінде.
Жиі-жиі бара алмадым ауылға,
Жиі қонақ бола алмадым бауырға.

Мен мұңайып қайтам әр кез ауылдан,
Кейпін көріп, мұң шапанын жамылған.
Бұрынғыдай балалар жоқ жүгірген,
Мектеп те жоқ, құлыпталған, жабылған.

Ауыл кейпін көрсем жаным түршігер,
Қауқылдаспас қақпа алдында көршілер.
Бүгіндері анам да жоқ ол маңда,
Мені күтіп, қарайлайтын жолдарға.

Қайран ауыл, бейнең қайда қалыпты?
Бұл қалпыңнан қу көңілім қамықты.
Мешіттерден азан даусы шықпайды,
Құлшылыққа шақыратын халықты.

Мен ауылға сирек барам бұл күнде,
Көңілімді көмдіріп ап кірбіңге.
Не дей алам, бұл – қоғамның айнасы,
Балалықтың ауылы, қайдасың сен?
Қайдасың?..

ҚАЙЫҢДАР
Қураған құрғақ қайыңдар,
Сендерді кім бар уайымдар?!
Жарқ етіп түссе найзағай,
Жанып та кетер жайың бар.

Қайыңдар, құрғақ қайыңдар,
Сендерді жүр ме жан ұқпай?
Көріндіңдер-ау көзіме,
Көмілмей қалған табыттай.

Ұмыттыңдар ма көктеуді?
Тіршілігіңнен жоқ белгі.
Құстар да ұя салмайды,
Сайратып келген көктемді.

Сендерге жүрмін алаңдай,
Құтқарар шара таба алмай.
Қайыңдар құрғақ қайыңдар,
Көңіл, жүрегі қураған,
Біздерге күліп қарардай.
21 қыркүйек, 2013 ж.

Аударған Наурызбек Сарша.

ТОҚЫЛДАҚ
Ағаштар түгіл,
жүрегімді де шұқиды тоқылдақ.
Ш.Гаделша.
Шаршаған дүние шарасыз,
Құс біткен жерге қонған күн.
Тоқылдақ қана мазасыз,
Жарасын емдеп орманның.

Тоқылдай берді ол дамылдап,
Тынышын алып әр тұстың.
Тіршілігіне жақындап,
Қарадым үнсіз сол құстың.

Таңдандым оған өлердей,
Сарбазы сынды сертінің.
Түбіне жетем дегендей,
Дауасыз орман дертінің.

Жүзіндей өткір пышақтың,
Тұмсықпен сүзді заман да.
Қара ағаштарды ұқсаттым,
Құт жеген біздің қоғамға.

Қонар ма сондай батыл бақ,
Бізге де, қазық қаққандай?
…Ағаштар түгіл тоқылдақ,
Басымды шұқып жатқандай.

Аударған Нұржан Қадір-әлі.

СЕЗІМ ЖОҚ…
Махаббатым ұмытты мені…
Сезім де ұмыт.
Алыс қалды жүретін кезім күліп.
Ән салушы ед жүрегім әуелетіп,
Ойнамайды бұл күнде көзімде үміт.

Жаным қалды құлазып бос сарайда,
Ақыл айтар азайды дос та: – Абайла…

Махаббатым кетті алыс.
Сезім кетті.
Жұбатуға болмады төзім де епті.
Құмырадай бос қалған жабығамын:
Жалғыз досым – жалғыздық…
Көзім жетті…

Аударған
Бақытгүл Бабаш.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір