КӨКЕЙДЕГІНІ ОҚИТЫНДАЙ, ЖҮРЕКТЕГІНІ СЕЗЕТІНДЕЙ…
15.04.2016
3399
0

КитаптарБіздің әдебиетіміз соңғы жиырма бес жылда қалай тұйық ортаға айналса, әдеби орта да солай өз шеңберін сызып, содан шыға алмапты. Әлемге танылуды басты мақсат етсек те, әдебиетке келгенде ол ешқандай меже болмай қалған екен. Қаншалықты еркін болсақ, соншалықты «жабық» қоғамға (әдебиетте!) айналғандаймыз. Бұрынғы жылдары әйтеуір одақтас елдер бірін-бірі аралап, бірінің өлеңін бірі аударып жүрген болса, қазір бірен-саран аудармаларды қанағат тұттық. Бірақ өзге елдің озық шығармасын қазақша тәржімалауға қауқарымыз жетпепті. Жылда Қазанда, Бакуде өтіп жататын поэзия фестивальдары деңгейінде де бір халықаралық үлкен шараға Қазақстан мұрындық болмапты. Іс жоқ, еңбек тұл болған соң, өзімізбен-өзіміз арпалысып, дауласатын болыппыз. Әдебиет емес, әдеби орта, мінез, сатқындық, шындықтың айтылмайтыны туралы жарыса жазамыз. Еркіндік болған соң әдеби полемика деп, қаламдасымыздың шығармасын айтқан боп, жеке басына тиістік. Бірақ одан өзгерген өлең, түзелген ақын жоқ. Жалғанымыз одан сайын жалған, ашынған хәл одан сайын ашына түсіпті. Былай қарасаңыз, бәрінің ойлағаны – әдебиет қамы. Сол ойлағандары – ақиқат, айтқандары – шын болса екен деп тілейсің. Әйтпесе, көкейдегіні оқып, жүректегіні сезетін данышпан болса да, ниет пен пейілді түзеу қиын деседі.

 

НусипАлмас НҮСІП:
– Бір кездері «жазушы болу – ұлы ба­қыт» дейтін. Қазір жазушылықтың «ба­қытынан» гөрі «азабы» жайлы көп тол­ғанамыз. Өзіміздің үлкен азап кешіп, уақыт пен денсаулығымызды құрбанға шалып, елге жөн сілтеп, жол көрсетіп, «ру­хани байлық сыйлап» жүргенімізді жиі айтатын болыппыз. Немесе әде­биет­тің қадамы кері кетіп, тұралап тұр­ған шағында құм көмген қара жұртты күзе­тіп қалып қойған жанкештілік жайлы мұңдана жырлаймыз. Әркім өзінше бір-бір шырақшы. Осы бір мұңды кей­пімізді болашақ ұрпақ сүйсіне еске ала­тын болады. Ол кезде, әрине, бүгінгідей емес, әдебиет – руханияттың жетекші тетігіне айналады. Бәрі қалпына келеді… Міне, біздің арман осындай белгісіз үміттермен өріледі.

Біз өзімізді сол кездің көзімен керемет аяймыз. Тындырған ештеңеміз бол­маса да, өзіміз жайлы естеліктер мен қи­лы тағдырымыз, әдет-салтымыз жайында көптеген дерек қалдыруға тырысамыз. Жазуымыздан бұрын жазу машығымыз, шығармашылық шеберханамыз туралы, қалай ізденгеніміз, ең­бек­тенгеніміз хақында «мемуар» қал­дыр­­­сақ дейміз. Себебі, біз туралы ай­­­ты­­латын елдің пікіріне соншалық мұқтажбыз: Айтса, бағаласа, көре қалған жерде «көкетайлап» шалғайымызға орала кетсе, қолтаңба сұраса, суретке түссе… Бүгінгі әдебиет жайлы, қазақтың рухани ахуалы (құлдыраған, құруға ай­нал­ған) төңірегінде пікір сұраса, сұх­бат­қа шақырса, «Бәленшекем осылай деді» деп, кеу-кеулеп, іліп әкетсе… Қысқасы, қалың елдің сүйіктісі болсаң. Бұл былайша айтқанда, «құлдық сана» аталады. Осы төменшік сана бізді жазу үстінде де құрсауынан босатпайды. Әрине, елдің қабылдауы қалай болар екен деген сұрақ – жауапкершіліктің ең үлкені. Бірақ біз оқырманның қабылдамай қойғанынан гөрі, жаппай оқып, сүйсіне талдап жат­қа­нын көбірек елестетеміз. Бұл тәтті ел­ес дегбіріңді алып, соңғы нүк­тені қой­ған­ша асықтырады. Жария­лағанша жа­нымыз қалмайды. Осылай жазылған шы­ғарманың қай деңгейде шығатыны түсінікті ғой.

Халықтық сипат алуға ұмтылу – не­гіз­гі мақсатқа айналмауға тиіс шығар. Меніңше, ақын, яки жазушы жақсы дү­ние жазу үшін – «шығармашылық ба­қыт» туралы «тәтті елестерден» арылуға тиіс.

БагашарБағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ:
– Ақын, мейлі жазушы болсын «не үш­ін жазады?» деген сұрақ ылғи әде­би­етшілердің алдынан шығып отырған. Жазудағы мақсат ақын, я жазушы атану үшін болса, онда бәрі бекер деген тоқ­там­ға келген. Халықпен бірге өмір сүр­ген жазушы өз ортасының болмысын, Адам ата зәузатын мыңдаған жылдар бойы мазалап келген сұрақтарға жауап табу үшін болса ғана жазушылық баянды болмақ деседі. Тарихта қалу, қалмау екінші мәселе, алдымен оқырман қалай қабылдайды деген алаңдаушылық азай­ған сайын жазушылық та жасанды, көлгір дүниеге айналатын сияқты. Жазу­­­дың азабын, тіршілігінің қиын­ды­ғын, тағдырының ауырлығын алдыңа тартатын жазушыны кім қинап жүр екен?! «Қиналса, жазбай-ақ қойсын» деген сөз де оқырмандар тарапынан қанша рет айтылды. Бірақ бәрібір жазушы болуға ұмтылған талапкерлер азай­ған емес. Демек, жазушы болудан ләззат алу һәм тарихта қалуға талпыну ғой. Ол сезімнен бірде-бір қаламгер арылып көрген жоқ шығар. «Айтшы, мен ақын­мын ғой?» деп жалбарына сұраған масаң күйдегі замандастың дидарынан «Иә, ақынсың!» деген жауап естігісі келетін белгіні байқағанымызда, өзіне күмәнмен қарағаны қандай жақсы деп сүйсініп, әрі болашақта кім боп қалар екен деп алаң­дадық. Бұл әр қалам ұстаған жанның алаңдауы тиіс мәселе еді. Бірақ одан да маңызды, одан да қорқынышты жағдай жазу үстінде бойды билеу керек сияқты. Жазып болғаннан кейін, ақынмын ба, жазушымын ба деп, оң жауап дәметпей тұрып, болашақ оқырмандарыңның қатал сынынан өтуді, қиын сұрағына жауап бере алуды ойлаған абзалырақ-ау дейсің. Жазудың қиындығы да сол ғой, ертең бұрқ етіп шығып, жұртты таң-тамаша қалдырсам деген нәпсіңе төтеп бере алмайсың.

«Қарағайды суреттеу үшін – қарағай бол. Өзіңді ұмыт, өзіңнен кет. Өз «менің­ді» ұмытпай, ақиқатқа жете алмайсың. Предметке сіңіп кет, мәнін аш, оны нақ­ты сезін – өлең сонда ғана туады» дейтін Басёңіз де (Әлде, Баше ме еді?..) осы жазу үстіндегі күйді айтып отырған жоқ па? «Мен шығармамды өз ортамыз үшін оқыр­да өзімді соншалықты еркін сезі­не­мін, бірақ жазып отырып, біреше жыл өт­кеннен кейін оны миллиондаған жан өзінше оқып, әр жолына сын көзбен қа­рай­тынын ойлағанда, өне бойымды кү­мән мен қорқыныш билейді» деген Толстойдың да айтары: жазып болған­нан кейін емес, жазу үстінде қорық! Соған қарағанда, «шығарма­шылық бақыт» туралы «тәтті елестер» баянсыз­дық һәм бақытсыз хәл.

Алмас НҮСІП:
– Қалам ұстаған кім-кім де күндердің күнінде әйтеуір бір бағаланатын шығар­мын деген үмітпен күн кешеді.Заманын мойындата алмаған әлдекім Ахметтің сө­зін бойына шақтап әлек: «Ел – бүгін­шіл, менікі ертеңгі үшін». Осылай да жұ­­бануға болады. Анығында, бұл сөз біздің аузымыздан шыққанда «біз ертең үшін емес, ертеңгілер біз үшін қызмет қылуға тиіс» деп естіледі.

«Өзіңді ұмыт» деген сөз шеберлікпен астасады. «Кейіпкеріңді тауға шықты деме, тауға шығар» деген сияқты. «Өзіңді ұмыту» – өзіңді жоғалту болмаса керек. Өзіңді жоғалту – әдебиетке жаңалық әкелем деген ниеттен туындайды.Өзіндік қолтаңбаға ие болу – жазу стилі­не ғана қатысты емес еді ғой, ал бізде әлденені суреттеуге, айшықтауға шебер­лі­гі жетпеген жазушы кемшілігін әлдебір ағымдармен түсіндіріп әлек. Шығар­ма­ның ең тартысты, тартымды тұсын, су­рет­керлікті талап ететін жерін әлдебір де­тальдармен қымтай салу ешқандай ағымға сыймайды.

Мәселен, шығармаларында мисти­ка­лық сарындар кездеседі деп есептеле­тін жазушы Асқар Алтайдың «Туажатын» Нұрбек Түсіпханның мақаласынан кейін қайтара оқып шықтық (мақтау емес, ащы сынның өзі оқуға жетелейді екен). Бір қарағанда сәтті туынды. Оқиға желісі, сюжеті тартымды. Бірақ бас кейіп­керінің қатерге тап болатын тұс­та­рында Бөрі-ананың көмекке келе бере­тіні шындығында шығарманы жансыздандырып жібереді екен. Кейіпкер кө­мескі тартады. Оның қиналысы, ыш­қы­нысы, жан дүниесі екінші кезекке сыр­ғиды да, оқырманнан алыстап кетеді. Жазушы саналы түрде ойлап тап­қан Бөрі-ана мистикалық кейіпкерден гөрі, көмекші роль атқаратын жеңіл­дету­ші құрал іспетті. Жастардың арасында мистик жазушы атанып жүрген Қойшыбек Мүбәрак пен Мақсат Мәлік­ті­ң әңгімелерінің тағдыры да осыған ұқ­сас. Көбіне бір-ақ сәттік көріністі (яки оқиғаны) арқау ететін шағын ғана шы­ғар­малардың не айтқысы келгенін түсіну үшін оқырманның фантазиясы автордан да жоғары болуы керек шығар. Оқырма­ны­нан осынша шексіз фантазияны талап ететін тым «терең» шығар­маның ба­­ғы жана қоюы екіталай. Бы­лайғы жұрт­қа түсініксіздеу, қара­пайым өмірде бола бермейтін тылсым оқиға орын ал­ған дүниенің бәрі – мистика немесе фантастика бола алмайды. Айт­пағым, мистика туралы емес, біз қандай да бір әдеби ағымды өзіміздің кетігімізді толтыру үшін пайдаланғымыз келіп тұра­ты­нында. Немесе қазақ әдебиетінде осын­дай нәрсе жетіспейді деп, «жаңаның басы» болғымыз келетіні жайында.

Жұрттан бөлектеніп, ерекше стиль­дегі шығарма жазу әдебиетке жаңалық әкелу емес, әлдебір ойды жеткізбек болып талаптанған, бірақ айта қоярдай оңды дүние тудыра алмаған жазушының еш кеткен еңбегі ғана. Оқу мен ізденіс үс­тінде әлдекімдердің ықпалынан шыға алмай, өзін жоғалтып алған, бағытынан адасыңқырап кеткен қаламгердің өмір­ден алыстап кетуі ғана.Замандасымыз айтқан: «Сіз бен біз сәл-сәл басқаша жазу­ға талпынып көрейік. Оның да бір керегі болар», – деген сөз сіз бен біздің «жаңашылдығымызды» толықтай ақтай алар ма екен…

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ:
– «Жаңаның бәрі – сәтті ұмытылған ескінің жаңғырығы». Осы сөзді әр түрлі тәпсірлеуге болады. «Киелі төрт кітапта айтылған дүниені өзге формада қайталап айтып беруші ғанамыз» деген сөздің ақиқат екенін дәлелдеген қанша мақала бар. Бәрі рас. Бір жаңалық ашу (жазуда) өте қиын екенін білсек те, сезсек те со­ған деген махаббатымыз бір солғын тарт­қан емес. Бұл бір қуанарлық нәрсе. Біреуге еліктеу арқылы, көшіру емес, өз соқ­пағыңды тауып жатсаң, ашқан жаңалығың сол болмақ. Лермонтовтың өзін Пушкиннің эпигоны деп сына­ған­дар болған. Бірақ ақын ақынның кө­шір­месі емес, ұқсап тұрып ұқсамаған ізба­са­ры болған жоқ па?! Бүкіл мәселе осы «ұқсап тұрып, ұқсамауға» тірелсе керек. Ол әр­ине, талант шамасына байланысты.

Жазушы өз жолын әу баста таңдап қойғанымен, осы ағымның жазушысы боламын деп жазбай тұрып айта алмайтын болса керек. Өйткені, жазушының қай ағымға жататыны жазу әдісінен ем­ес, дүниетанымынан байқалады екен. Ол тіпті ескі саналатын дәстүрлі әдіс-тәсіл­дермен жазатын болса да, дүниені қа­был­­дауы жаңаша, айтары басқа болса – жаңалық иесі. Мәселе қалай жазуда емес, не айтуда. Достоевскийге қарата айтылған: «Осындай жаман жазумен жақсы шығарма тудыруға болады екен ғой» деген сөздің төркіні Федор Михай­ловичтің айтары көп болғандығында. Қа­лай айтса да, жаңа ойын жеткізді. Со­нысымен де – мықты. «Ол – нашар ойлайтын, бірақ ғаламат сезетін…» деген Толс­тойдың пікірі де осыған саяды. Демек, айтар ойың болмаса, қалай жазсаң да – Америка аша алмайсың.

Тоқсаныншы жылдары «жаңалық» болған Дидар Амантайдың тым тез ескі­ріп қалуының себебі не? Меніңше, Ди­дар­дың өз айтары болған жоқ. Әлем әде­­­биетінің формалық, тәсілдік үлгіле­рін қазаққа әкеліп таңған жазушы әу бас­та тым жаңа боп көрінгенімен, уақыт оның бәрі – «сәтті ұмытылған ескінің жаңғырығы» екенін дәлелдеді. Оның «Кі­­таптары мен гүлдерінде» Әмірхан Балқыбектің түркологияға қатысты эс­селе­рінің ықпалы білінетін. Аспанда жа­былып «әу-у» деп көтеретін тұсы. Бұ­ны Әмірхан да Гумилев сияқты түр­кі­танушылардың еңбектерінен оқығаны белгілі. Сол сияқты Ш.Айтматовтың «Те­ңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» шы­ғар­масына да ұқсайтын жерлері бай­қа­лады. «Білімімнің жеткен жеріне дейін адалмын» деген Ғабиден ақсақал­дың сөзі сияқты, біз де шамамыз жеткен жер­ге дейін адал боп бағамыз. Демек, әлемді кезіп жүрген ағымдар мен тәсіл­дер қазаққа таңа салғанда жаңалық бол­майды. Жаңалық өз топырағыңда туғанда ғана қабылданбақ.

Дидар Амантай сонымен қатар, әдеби үрдіске де жақсы араласқан болып, сұхбаттарында жастардың тізімін айтады. Ол тізімінде жазушылыққа түк қа­ты­сы жоқ жігіттердің де есімі жүр. Сон­да Дидар өзі айтып отырған жастарды оқымаған ба?

Алмас НҮСІП:
– Жас жазушы Қанат Әбілқайыр жаңа жинағын шығарды жақында. Тұсаукесерінде замандастары мен аға буын кезек сөз алып, құлашы же­т­кен жерге дейін көтермелеп жатты. Қанат тұсаукесерге дейін аға-бауыр­ла­рына жалаң мақтаудың қажет емес еке­нін, ойласатын, кемшін тұстары болса айтуын өтініпті. Солай бола тұрса да, біздің ағайын бір ыңғай «Былай жақсы екен» дегеннен әріге бара қойған жоқ. Ниет бар екен, тіл бар екен, жазушыға тән қасиеттер де жоқ емес. Алдыңғы шық­қан жинағымен салыстырғанда үл­­кен өсу бар. Ендігісі тек қана еңбек. Осы мәндегі тілек-талап «Жазарың таусылмасын!» деген сүйкімді сөзбен түйін­­деліп жатты. Сол аралықта қалам­дас ағасы Дәурен Қуат бір сөз айтып қалды: «Бердібектің эпигоны». Кітап иесіне қалай әсер еткені өзіне мәлім, біз дағ­дарып қалдық. Айтуы бойынша эпигон дегеннен қорықпау керек екен. Уа­қыт өте келе өз жолын әйтеуір табаты­ны анық. Біз де оқыдық, бірақ Бер­ді­бектің көшірмесі дейтіндей ештеңе бай­қай ал­мадық. Рас, ара-тұра оқиғаны жеткізу тәсілі, ой ағысы, әлдебір нақты детальдар ұқсап кетіп жатады. Бірақ Бер­ді­бектік шеберлікпен шендесетіндей анау айт­қандай ұқсастық жоқ. Эпигон дей­тін­дей ештеңе жоқ. Бұл сонда көтер­ме­леу­дің, мақтаудың бір түрі ме? Қаттырақ айтқанда, бір ағамыз айтпақшы, «эпигон – плагиаттың жеңілдеу түрі. Кеші­ру­ге болады». Жаңа заман балаларының бей­несі керек екен деп «Менің де атым Қо­жа» деген сәтсіз кино түсірген режиссер сияқты, біз де «Балалық шаққа саяхатты» Бердібекше жаза берсек, не бол­дық?

Әлдебір сайттан жас жазушылардың тізімін көшіріп алып, оқымай жатып «Аяқ алыстары жаман емес», – деп сұх­бат беретін, сонысымен ағымдағы әде­биет­тен хабары бар жақсы аға кейпінде сөйлейтін әдет бір ғана жазушыда бар деп айта алмас едім. Әлдеқайда асығыс кетіп бара жатқан бір апам «жастардан жазып жүрген кім бар?» – деп тәптіштеп сұрап алып, жөніне кеткен. Сөйтсек, әлгі кісі телевизиялық бағдарламаға қатыспақшы екен. Көрдік, біз айтқан тізімді сыпыра тізіп беріпті (кейбірін атамады, есінде қалмаса керек). Бір бұл емес, алдыңғы толқын мен арғы толқын өкілдерінің көпшілігі-ақ осы тәсілмен сұхбат беріп жүріп жатыр. «Мүлде оқымаймын», – деп, бетіңе қарап отыратындар (Не істеп аласың?!) да бар. Қы­зық емес шығар, бәлкім. Дегенмен, өзі де суын ішіп, өрісін оттап жүрген әде­биет жайлы бұлай айта салу әлгінде айт­қан «ертеңгі үшін» дейтін киелі пр­ин­­цип­ке мүлде сай келмей, діңкеңді құр­тады. Сұхбат алушысымен ойнап отыратын Есенғали Раушановты түсіну қиын­ға түсіп барады соңғы кезде. Әр сөзі бір түйеге жүк болатындай жазғы­рын­ды жауап, кесірлі көзқарас: «Шама келсе жазбағанға не жетсін», – дейді кей­­де «ағынан жарылып»; «Қазір ешкім­ді оқымаймын. Ештеңеден хабарым жоқ», – деп салады тағы бірде. Солай бо­ла тұра (шығармашылығымен жете та­ныс болмаса да), кейбір есімдерді тұ­қыр­тып алып отырады. Ағалары туралы жазса да (эссе, естелік) әлдебір адрестерге (өзіндік жеке «есебі» бар) «сәлем» жолдап отырады. Осы бір іштей тартыс­тың ақыры «Қазақ әдебиеті» деген басылым (өзі оқымайтын!) жабылып қалса да ештеңем кетпейді» деген сөзді айтуға жеткізді. Басқалар атқарып жатқан шаруаны (анығында, бұл басылым сон­шалық ізденіссіз емес еді ғой) қасақана көргісі келмейтін әдет-мінез қайдан кел­ді екен… Ол оқымаған әдебиет өзге еш­кімге керек емес сияқты. Қазақтың «Мен жемеген қарын…» деп басталатын сөзі еріксіз есіңе түседі. Солай болатыны бар, не үшін сұхбат беруге келіседі? Не үш­ін жүйкесін құртып, уақытын шы­ғын­­­дайды? Қызық. Мүмкін, жазбауға, айтпауға өзі айтқандай шамасы келмей­тін шығар… Қарап отырғанша деп жүй­ке­лерге тиіп ойнайтын ермегі болар мұ­нысы. Ішіндегісін бір ақтарып алу үшін… Шындықты айтады ғой, айтыл­ғаны жақсы – маужырап бара жатқан са­намызды осып өтіп, оятып. «Сен ти­месең, мен тименмен» жағасын бүркеніп, бұйыға түсіп жатып алған әдеби өмірі­міз­ге қан жүгіртіп. Шындық көп жағдай­да екі түрлі мақсатта айтылатын: бірі – жа­ны ашыған жанның жанайқайы; екін­шісі – келемеж. Біздің шын­ды­ғы­мыз­да осы соңғы мақсат басымдау. Ақ-адал еңбектердің бағаланбай, кінә­сіз­дер­дің қосақ арасында кетіп жататыны осыны аңғартады.

Осының бәрі әдебиетке жаны ашитын адамдардың сөзі екеніне сене ал­май­сың. «Кішкене нәзік болыңдаршы», – деп өтінгендей айтатын ағаңның сөзі есіңе түседі мұндайда. Әдебиет – майдан алаңы деп жүріп, оның рухани орда еке­нін естен шығарып алған жоқпыз ба екен…

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ:
– «Оның соры сол – айналасы тым қат­ты көтермелеп жіберді, енді ол елде жоқ дүние жазамын деп қиналып жүр» деген сөз Леонид Андреевке ғана қатыс­ты болмаса керек. Желқабыз мақтаудың буы аяққа түспей қоймайды. Сен айтқан өзін жоғалту дегеннің бір қыры осы – публикаға ойнау болар. Мына жалғанда жалғыз меңгерген «кәсібі» клоундық болса да, салмақты болып көрінгісі ке­ле­тіндердің шынайы бейнесі сөз-пер­денің ар жағында айқын штрихтармен көрініп тұрмай ма?! Ыржиған сүйкімсіз күлкісі, былай шыға әлдекімді сөзбен сеспей қатырғанын ыржалақтап айтып тұрған кекесін сөзі бәрі сол қал­пында, сол мезетте-ақ жұртқа жетіп жатады. Шашбауын көтерген әлдекімдер ду қол шапалақ соғады. Айналасын­да­ғыларды осынша басынудың төркіні – өзінен бұрын өзгені сыйлай алмау…

Жастарды кітап оқымайды деп кінә­лай­тын ағалар, поэзия кештерінде жыр тыңдасақ деп келгендердің алдына шы­ғып, Мәскеуде оқығанын, ондағы кіл мықтылардан дәріс тыңдағанын, Тұман­бай, Қадыр, Мұқағали, Тоқаштармен қалай бірге отырып, талай сөз жарыстыр­ға­нын қойыртпақтап айтып тұрғанда, зал тегіс жалығып тынады. Не тоқтамай­тын, қай жерде тоқтайтынын білмейтін ақынның өмір тарихынан гөрі, кеште оқылар өлеңдерді тыңдағысы келген жас ақындар кештен шыға, ақын ағаларының өзіне айта алмаған шағымдарын бір-біріне мұң етіп шағады. Поэзия кеш­те­рін­де өлеңнен гөрі, жеке бастың хикаясы көп айтылғаннан кейін де ондай жиын­дардың қадірі кетіп жатқандай көрінеді. Анау бір сөйлегіш жан сахнаға алқын-жұлқын көтеріліп келе жатқанда-ақ, залдың бір бұрышында отырған жас­тар шылым шегуге шығып бара жатады…

Алмас НҮСІП:
– Артығалиды еске алу кешінде сахнаға шығып, ақынға арнаған өлеңін (осыдан бірнеше жыл бұрын жазылған) оқу үшін өз өлеңінің жазылу тарихын қайта-қайта тәптіштеп тұрып алған Аманхан (Әлім) ағасына бір ініміз қатты кейіді. Сен айтқандай «шылым шегуге шыққан» кезде (бұл кезде ағамыз әлі сөйлеп жатқан). «Жұрт әде­биеттен алыстап кетті, кітап оқымайды, өлеңді түсінбейді дейді әшейінде. Мынадай қалпымен кімге үлгі боламыз деп ойлайды екен?!».Сосын өздері сөйлеп болғасын сыртқа шығып кетіп, әлдебір қалам­дастарымен кеу-кеулесіп тұрып алатын салт ше? Ақын рухына деген құрметіміз осылай болғасын, айтар сөзіміз әлгінің айналасы болғасын өзге жұрт қайтпек, облыстан келген белгісіз әнші қыз әні­нің алдында табандап тұрып бес минут сөйледі. Сөздің, руха­ният­тың айнасы есептелетін ақын-жазушы­ңыздың сөзінің түрі анадай болғанда, былайғы жұртта «мұндайды мен де айта алам ғой» деген пендешілік ой тумай тұрар ма? «Мен шынымды айтсам, Артығалиды танымайды екен­мін. Бірақ біздің өңір таланттардан кен­де емес (стереотип!), талантты ком­пози­тордың тамаша әнін орындап беру үшін сонша жерден келіп қалдық». Міне сөз! Ән Артығали ақын­ның сөзіне жазылған, ал әншіңіз танымайтынын жасырмайды. Себебі, аса ұят санамайды.

Әлгіндей сөйлеу бірдің емес, талай­дың басында бар жағдай. «Үлкен пышақ ұялғанынан өтеді», құрметті қонақтар сапында шақырылған соң, әйтеуір бір нәрсе айту керек. Сосын әр нәрсенің ба­сын бір шалып (көбіне өзі туралы), ар­ғы-бергі уақыт кеңістігін дар-дар айырып, түсініксіздеу естелік айтқан болады. Айтар сөзін жұптап, дайындалып келсе ғой дейсің. Үлкендерге өкпе артып жүрген әлгі жастар да уақытын өткізе алмағаннан келмегені анық. Ес­те­лік естісек дейді, үлгі болар әлдебір оқиға­лар, әлі анықталмаған жұмбақты тағ­дыр­дың шындыққа сілтейтін бір елесін аңдап қалармыз деп келеді. Ал біздің айта­рымыз өз басымыздан аспайды. Бер­дібектің 90 жылдығында құрдасы Әбдіжәміл ақсақал айтқан үш оқиғадан тұратын естелік жұрт аузында әлі күнге айтылып жүр. Тұлғатану біз жаза беретін мақалалар мен ғылыми жұмыстардан емес, осындай қарапайым дүниелерден бастау алса керек. «Мен Бердібек туралы үш оқиғаны атап айтам», – деп арнайы тоқталып барып сөйлеген жазушының сол кешке соншалық жауапкершілікпен көңіл аударғаны анық. Қазір қазақтың Әбдіжәмілден үлкен кімі бар, әйтпесе, не айтам десе де, не сөйлеймін десе де ерік өзінде еді ғой. Жұрт алдында сөй­ле­генде елдің уақытын алмай, нақты сөйлеу де – ішкі мәдениеттің жемісі. «Ме­ні танымайтын әнші бар екен», – деп шала бүлініп отыратын жазушы ағаларға осы мәдениетті меңгеру керек шығар. Болмаса, осы кейпімізбен жалпақ елдің бізге деген құрметін қайтарып алу жа­қын арада мүмкін емес-ау. Өзге құр­мет­­те­сін десең, алдымен өзің құрметте: ө­з­гені де, өзіңді де. Сонда ғана біздің жаз­­­ған өлеңдерімізге, шығарған кітап­та­рымызға бекзат мінезіміз үшін оқыр­ман қауымның махаббаты қайта оянар…

Соңғы он жылдықтарды сүзіп шық­қанда жаппай оқылып, халықтық сипат алған шығарма таппай, дағдарып отырып қалатын аянышты кейпіміздің кінәсін заманға жауып, өкіметке итеріп қойып қашанғы жүрерміз! Қызығы да қалмады. Ел де, өкімет те осы бір гөй-гөйге үйреніп алған, «Молда сұрай келеді» дегендей, жазушы көрсе «Бұ жолы не ақырзаман төндірер екен», – деп бейқам қалпымен іштей мысқылдап қарап тұратындай.

Ақынға жүгінгің келеді:

«Жақсылық көрсем өзімнен,

Жамандық көрсем өзімнен…».

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ:
– Әдебиеттің мазмұны, түрі, пішіні өз­гер­генмен, оған деген қарым-қаты­нас­тың қағидалары ешқашан өзгермек емес. Әуелі шындық. Айтсаң да, жазсаң да! Жүрек ауыртпай, қиналмай жазылған шығармалардың оңай іске аса салғанын оқып отырғанда-ақ байқайтыныңдай, айтылған естелік-әңгімелердің де қан­ша­лықты рас, риясыз екенін де аңға­расың. «Халтурщиктерді әдебиетке жолат­пау керек!» деп айғай салатын ақын-жазушылардың да қаншалықты кәсіби екені де сол арада бағамдалатын болса керек. Әдебиеттен гөрі, әдеби орта, мі­нез туралы әңгімеміздің төркіні бәрібір сөз өнеріне деген пейілге кеп тіреледі. Айналып келгенде, бұл да әде­биеттің жан жарасы болса керек еді. Бірақ оған ешкім бас қатырмайды. Өзі­нің өлеңі шықса, кітабы жарық көрсе, аты аталса, мерейтойы тойланса болды! Ақын-жазушының шығармасы­нан гөрі мерейтойы жалпы халықтық сипат алса, сол – мәртебе! Республика болып тойлады дегенге жақсы.

Әркім өзінше адал. Ешкімге кінә та­ға­тын хақымыз жоқ. Бірақ адалдық пен шын сөзді талап етуге мүдделіміз. Талантың жеткен жерге дейін жазасың. Талғамың жеткен жерге дейін қабыл­дай­сың, түсінесің. Тәуелсіздік алғанға де­йінгі жылдарда-ақ басталған өтпелі кезеңіміз тым ұзаққа созылып бара жат­қан жоқ па деп алаңдауға хақылы шы­ғармыз.

Жапон жазушысының құмдағы жоқ қамалды күзеткен жауынгеріндей елес-әдебиеттің қақпасында қару орнына қалам ұстаған бейбақтар қалған сияқты. Бірақ олардың сенімі күшті. Қамал бар! Ол – әдебиет! Ұлтты қорғайтын түбі сол – қамал. Жеңіске жететін сол – селкеусіз сезім шығар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір