КӨРЕРМЕН НЕГЕ СЕЛҚОС?
15.04.2016
1584
0

2Ертеден қара кешке дейін, кейде тіпті түннің бір уағына дейін бір нәрсені  тыңдап, көріп, оқып жүру бүгінгі адамдардың дағдысына айналды. Адам миының керексіз ақпаратты өздігінен сұрыптап алатын қызметін ескерсек, ақпараттың мұндай нөпір тасқыны адамзат үшін аса зиян бола қоймайтындай… Алайда, бұл нөпір енді ғана қалыптасып келе жатқан жастардың  талғамын түтіп жеп қоятынын жоққа шығара алмаймыз… Бүгінгі ән де осы кейіпте. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін қазір ән тыңдамай жүрмейді, анығында жүре алмайды. Үйдегі көк жәшікте көбіне ән айтылады, радиодан ән беріледі, көлікке отырсаңыз оның магнитофонына да ән жазылған. Оның екпіні өзінен басқа еш дыбысты естіртпейтін сарқырамадай қатты. Сол үшін болар, буыны бекімеген қоғам мүшелері түгілі, жөн біліп, ес тоқтатқандар да бүгінгі көп әннің дүрмегінен дүдәмал күйде жүр. Осы дүдәмалдық тыңдарман мен көрерменді селқос етті.

 

Бұдан біраз уақыт бұрын республика сарайында үлкен концерт өтті.  Жұрт көп жиналды. Атағы елге мәлім көп ән­ші келді. Бірен-саран жас әншілер ғана жаңа ән айтты. Оның бірі сөзі мен әні қабысып сәтті шықса, енді бірі қазақы қоңыр үннен алыс, қазаққа жат дүние. Үш сағатқа жуықтаған кеште  ес тоқтат­қан әншілеріміздің өзі он-он бес жыл бұрын жазылған әндерін орындады. Бір ғана әнші сахнаға домбырасымен шығып қатарынан үш ән айтты. Билетін біршама ақшаға сатып алған концерттен неге құлаққа әбден сіңісті болған, бұдан талай жыл бұрын жазылған әнді тың­дай­мыз деп наразылық танытқан көрермен болмады. Тіпті, концерт барысында жүргізу­ші келесі орындалар ән мен әншіні хабарлап,  ән қойылғанымен, әнші сахнаға  шықпай қалды. Бишілер де қысыл-таяң шақта сасып қалмай  билей берді. Арада бір-екі әннен соң әлгі әнші қайта шы­ғып, бағанағы бишілермен алдыңғы қойыл­ған әнді айтты. Көрермен ләм-мим демеді. Әдеттегідей шапалақ ұрды да қойды. Мүмкін, мәдени ошақтың мәдениетіне селкеу түсірмейік деген болар…

Сахна мен әдемілік. Екеуі бірін-бірі толықтырып, сол арқылы халыққа эсте­тикалық ләззат сыйлайды. Ал шығарма­шы­лық  деген еркіндік. Бірақ еркіндіктің барлығын эстетика деп ұғуға болмас.Кейінгі жылдары концерттерді жүргізу­ші қыздар сахнаға тым ұзын көйлек кие­тін әдет тапты. Осы концертте де жүр­гізуші қыз  тым ұзын көйлек киген­дік­тен сахнаға шығуы мен  қайтуы бір­та­лай уақытты алды.Көрермен бұған да көнді.

«Қазақстан» ұлттық арнасының «Дара жол» бағдарламасында әнші Жанар Айжанова өзінің алғаш сахнаға шыға бастаған уақытында концерттер 1 сағат 40 минуттан аспайтынын айтқан.Қазіргі концерттер 2 сағат 30 минутқа, тіп­ті 3 сағатқа созылатын кездер жиі бола­ды. Әрине, үш сағаттық концерт біреуге ұнауы мүмкін. Алайда, 3000 кө­рер­меннің  кейбіреуіне ұнады екен деп, өзгелердің уақытын ұрлау қаншалықты орынды… Өнердегі өлшем  оны шектеу деген ұғымды білдірмейтінін осындай кон­цертті ұйымдастырушылар ескерсе ха­лықтың мәдениеті де қалыптасар еді.

Әлеуметтің сан алуан мәселесінің бірі көрермен. Қазір көрерменнің категориясын анықтап, түстеп-танып, тал­ға­мына қарай бөліп, сұрыптап жатқан еш орын жоқ. Әр әнші өзінің тың­дар­манын өзі стихиялы түрде анықтап, әр концерт өз көрерменін өзі жинап жүр.  Ары кеткенде интернеттегі бейне-баян­дар­ды қараған адамның санымен өлше­неді. Сан сапаны анықтамайтыны тағы рас. Адамның интернеттегі бейне баянды көргені оны ұнатқанын білдірмейді. Ұнамауы да мүмкін. Белгілі бір заттың ұнамағанын білу үшін оны көру керек екені заңдылық. Дәл осы секілді сахнаға шыққан әншіге соғылған шапалақ та әннің жақсы екенін білдірмесе керек. Үлкен концерттердегі кей көрерменнің  әнді ұнатпаса да қол соққанына қарап, қол соғу – көрерменнің шартты мәде-
­н­ие­тіне айналып кеткенін аңғаруға бо­лады. Тиісінше қол соқпаған адам ән­ге риза болып, жақсы әсерге бөленіп оты­руы мүмкін.  Жалпы, қазақ мәдение­тінде әнге сүйсіну қол соғумен өлшен­бей­ді. Дала мәдениетінде ән мен әншіге риза көңіл «Па, шіркін», «Беу» деген ода­ғай­лар арқылы білінеді. Өнерге сүй­сіну­дің бұл түрі қазір де шағын аудиторияларда кездеседі.

Кейінгі жылдары әншілер қауымы әннің өзінен бұрын аранжировкасына жіті мән беретін болды. Көпшілікке солай өтімді болады деген түсінік бекіп қалған. Ал аранжировканы тек  ұлттық музыканың негізінде жасайтын өңдеуші кемде-кем. Әнді заманға сай өңдеуде өзге ұлттың ырғағын шектен тыс қол­дану тек эстраданы ғана тыңдайтын жастарды ұлттық әуеннен алыстатып, ұлттық музыкамен сусындаған адам­дардың бүгінгі әндерге селқос қарауына әкеп соқты. Бұл селқостық тыңдарманға жауапкер­ші­лік артпайды, ал әншілерге, керісінше, мол жүк артатыны шүбәсіз. Әншілер осыны ескерсе екен…

Мөлдір САТЫМҚҰЛОВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір