ҚАЗАҚСТАН ЖАСТАРЫ ТУРАЛЫ КІТАП НЕМЕСЕ ТҰСАУКЕСЕР ҮСТІНДЕГІ ОЙ
15.04.2016
2838
0

Егер сізге «бүгінгі қоғамдағы жастардың келбеті қандай?» деген сауал қойылса, қалай жауап берер едіңіз? Көңілі қалған кейбіреулер: «жас­тар азғындап кетті», «жастар жалқау», «жастар салғырт» деген секілді көңіл толмайтын пікірде болса, жас буынға сеніммен қарайтын екінші топ: «жастар білімді», «жастар иманды», «жастар мықты» дегендей жалпылама топшылауларын айтады. Ал нақты бұл буынның келбетін ашып беретін салиқалы талдау немесе сенімді статистика жоққа саятыны жасырын емес.

2014 жылы Фридрих Эберд атындағы Ал­маниялық қормен отандық «Қоғамдық пікір» зерттеу институты бірігіп Қа­зақ­стан­ның және өзге де Орталық Азия ел­дері­нің жастарына әлеуметтік сауалнама жүр­гізіпті. Ал жуырда сол зерттеу қоры­тын­дысы бойынша кітап шығарған екен. Елі­міздегі жас буынды не алаңдатады, олар үшін не нәрсе құнды, не қауіпті, қо­ғам­дағы түрлі ахуалдарға жастардың көз­қарасы қандай, еліміздің бүгінгі беталысы жастардың көңілінен шыға ма деген секілді әр алуан сауалдарды Қазақстанның он төрт облысы мен Алматы және Астана қалаларының 14 пен 29 жас аралығындағы бір мың адамға қоя отырып, әлеуметтік зерт­теу жүргізген бұл қорға әрине, айтар ал­ғысымыз шексіз. Бұл жас аралы­ғын­дағылар бізде жалпы халықтың 25 %-ын құрайды екен. Еліміздегі түрлі әлеуметтік институттар мен зерттеу орталықтары осы уақытқа дейін атқара алмаған үлкен жұ­мысты қолға алған шетелдік қор өкіл­дерінің түпкі мақсатын білмесек те, әй­теуір біз үшін қажетті істі тындырғанын тү­сінеміз. Алайда, қазіргі Қазақ қоға­мы­ның жетпіс пайыздан астамы қазақша сөй­лейтінін ескерсек, оның ішінде бұ­рынғыдай емес, әсіресе, жастар арасында қа­зақ тілінің қолданылу аясы кеңи түс_ке­нін ойға алсақ, орысша жүргізілген зерт­теу нәтижесі шынымен қоғам жас­тары­ның болмысын аша ала ма деген күдік оянады. Себебі, ауылдағы он төрт жа­сар  бүлдіршін орыс тіліндегі сұрақтар­ды түсініп, оған нақты өз ойындағы жауабын бере алды дегенге қалай сенеміз? Тіпті, орыс тілін түсінетін қала жастары­ның бәрі «Сен қоғамнан қандай да бір диск­рими­нация сезінесің бе?» деген сауалдағы «дискриминация» сөзін немесе «Контрацептивтер пайдаланасың ба?» деген сұ­рақ­тағы «контрацептив» деген сөзді тү­сінеді дей алмаймыз. Осы жағынан кел­­­генде бұл зерттеу күллі қазақ даласы жас­тарының келбетін емес, еліміздегі орыс тілді жастардың бейнесін танып-білу­ге көмектеседі десек, шын­дыққа кө­бірек жанасатын сияқты. Қалай айтсақ та, отандық әлеумет­танушылар қолға ала қоймаған шаруаны екі жылда тындырып тастаған бұл қордың еңбегін бағала­ма­ға­нымыз жөн болмас. Зерттеуге бөлінген қар­жының аз болмағаны да бесенеден бел­гілі. Қоғамдағы түрлі топтар­дың та­мы­рын ұстап, тыныс-тіршілігін бақылап көруі тиіс өзіміздің зерттеу орта­лық­­тары­мыз­да қаржының жоқтығы, арнайы орын­дардан тапсырыстың түспеуі себепті мұн­дай зерттеулер жүзеге аспайтынына еті­­міз үйреніп-ақ кеткен. Сон­дықтан атал­­ған қор еңбегінің нәтижесі жи­нақ­тал­ған кітаптың тұсаукесері өте­тінін ес­тігенде қуана-қуана бардық.

Шараға негізінен тек қана жастар жи­налыпты. Арнайы сөз сөйлеуге шақырған үш спикерден өзгелеріміз (жүз елудей адам) түгелдей әлеуметтік желі арқылы ха­бардар боп келгендер екенбіз. Бұл дағы қо­ғамның осы тақілеттес зерттеулерге зәру­лігінің айғағы емес пе? Айтпақшы, бұл зерттеулер 2014 жылдың 27 желтоқ­са­ны мен 2015 жылдың 15 қаңтары аралы­ғын­да жүзеге асыпты.

Қош делік, сонымен аталмыш ең­бек­тің тұсаукесер рәсімі басталып та кетті. Жас­тарға өзінің өмірлік ұстанымдары мен жетістіктері туралы әңгімелеп беру үшін шақырылған үш қонақтың біріншісі – ұлты қазақ жігіт хип-хоп әншісі екен. Сө­зін «біссімілләдан» бастаған жігіттің әң­гіме ауаны отансүйгіштікке, ұлтты құр­меттеуге, қазақты қадірлеуге негіз­дел­ді. Қазақ жастары ең әуелі иманды, бі­лімді, алғыр, намысты болуы тиіс, сонда біз бәріне қарсы тұра аламыз деген са­рындағы сөздер орыс тіліне ауда­рыл­ғанда тұшымсыз, көңілсіз, ішпыс­ты­рар­лық кертартпа әңгіме болып шыға келді. Тұсаукесер рәсіміне жиналғандардың дені орыс тілді болғандықтан, ұйым­дас­тыру­шылар сыпайыгершілік  сақтап әуелі қа­зақ  тілді  қонақты ортаға шақырғаны­мен, оның сөзін орыс тіліне аударып отырды. Әл­бетте, әрі қарай отырыс орыс тілінде жал­ғасты. «Менің ойымша, кейбір ескірген салт-дәстүрлер мен түсініктер біздің қо­ғамның алға жылжуына кедер­гісін тигізіп жа­тыр», – деп сөзін сабақтады екінші спи­кер. Өзі  ЖОО-да әлеуметтану пәнінен дә­ріс беретін кәріс ұлтының өкілі екен. Үшін­ші қонақ отыздың бел ортасына кел­се де отбасын құрмаған, әйел тақырыбында жа­зып жүрген журналист жігіт. Бұл па­қырыңыз: «Біздің қоғамда әйелдер еркектер тарапынан әлімжеттік көріп отыр. Сон­да да өздерін қорғамайды. Көнбістікке салынып жүре береді. Әйел атаулы не себепті бір кездері өзі жарық  дүние сый­ла­ған еркек кіндіктен қорлық көруі тиіс?» деп біраз көсілді. Кеш барысында, әрине, зерттеу қорытын­дыларының таныстырылымы болды. Жиналғандар мен спикерлер арасындағы сұрақ-жауаптан кейін ұйымдастыру­шылар дастархан жая бастады. Жиын соңында хип-хопшы әнші әріп­тесімен бірге екі туындысын тарту етті. Жастар екі иықтары селкілдеп билей бас­тады. Тізесі жыртық шалбар, спорттық аяқ киім, бойына жабысқан кеудеше киген бір топ қыз қолдарына ұстаған сусын­да­рын бір ұрттап қойып, әуен ырғағымен теңселіп тұр. Билей жүріп дастархандағы әр түрлі астан тәрелкеге салып алып, жеп жүрген жастарға қарап тұрып, тамақ тү­гілі қара суды да тізесін бүкпей татып ал­майтын қазақы қалыбымызды сағын­дым. Заман өзгерді. Заманға күйледің деп жас­тарды кінәлау да ойымызда жоқ. Тұ­сауы кесілген еңбекті қолыма алып, елі­міз­­дегі жастардың келбеті бүгін өзім көр­­ген көріністегіден алшақтау болса игі еді деген оймен үйге қарай аяңдадым.

Зерттеу бойынша жастарға өмір сүру сал­­ты, сенімділік, отбасы мен достар, қы­­­­­зығушылық пен талап, білімділік пен ең­­бекқорлық, демократия және саясат, мемлекеттік басқару мен елдің дамуы, ұлт пен әлем мәселелері төңірегінде сұрақтар қойылған екен. Осы сегіз тақырып бойын­ша ұйымдастырылған түрлі сауалнамалар мен жекелеген сұхбаттар нәтижесінде қо­­рытындыланған еңбекті алдағы уақыт­та қазақ тіліне аудармақшымыз деді ұйым­­дастырушылар. Алайда, еңбектің қа­­зақ тіліне аударылуы мен зерттеудің қа­­зақ тілінде жүргізілуі екеуі екі басқа дү­­ние екенін олар бізден жақсы біледі емес пе? Сонымен, зерттеу нәтижелеріне тоқ­­­­талайық.

Ұйымдастырушылар жауап берушілер­дің 63,7%-ы қазақ ұлтының, 30,8%-ы орыс хал­қының, 5,5%-ы өзге этностардың өкіл­дері болғанын айтады. Қарап отыр­сақ, жастардың 77,7 %-ы еліміздегі де­мо-к­ра­тияның дамуына қанағаттанады екен. Ал экономикалық жағдайымызды 8 %-ы өте жақсы деп, 76,4 %-ы жақсы деп көрсе­тіп­ті. Ел жетістіктері мен табыстарын 56,2% жас тікелей Елбасы еңбегінің нә­ти­жесі десе, 25,9%-ы бұған себепші үкімет деп есептейді екен. Жастардың 95,8% Ел­басыға сенім артатынын көргенде, атадан қалған шүкіршілік бұларға да берілген екен-ау деп топшыладым. Ел ертеңіне үміт­пен қарайтындықтарынан болса керек, олардың тек 10,6 %-ы ғана шетелге көш­кісі келетінін білдіріпті.

Кейбір цифрларды көргенде езуіңе ерік­сіз күлкі үйіріледі екен. Мәселен, жас­тардың көпшілігі (79 %) салауатты өмір салты дегеніміз дұрыс тамақтану деп түсінетін көрінеді. Жауап берушілердің 56,3%-ы алкогольді ішімдік ішуге, 61,5%-ы шылым шегуге қарсы. Салыстыр­малы түрде алып қарасақ, ауыл жастары үшін адалдық (90,5%), дұрыс тамақтану (82,1%), отбасын құру мен некеде болу (80,3%) маңызды болса, қала жастары адал­дыққа (84,2%), тәуелсіз болуға (77,6%), жақсы киіну мен түр әлпеті дұ­рыстығына (76,9%) көбірек ден қояды екен. Ал кейбір жауаптары көңілге алаң ұя­латады. Мысалы, «Қанша балаңыз бол­ғанын қалар едіңіз?» деген сауалға рес­понденттердің 37,1%-ы екі, 28,1%-ы үш, 19 %-ы төрт деп жауап беріпті. (Болашақ­тағы демографиялық өсу қарқынымызды елестете беріңіз). Елімізде ана мен балаға дұрыс көңіл бөлінбейтінін жас та болса, түсінеді, сезеді бәрі. Жастардың 47,6 %-ы таңдау бұйырса шетелде білім алғысы ке­летінін жасырмапты, 24,8 %-ы ғана өз еліндегі  білім беру жүйесіне қанағаттана­ды екен. «Қандай қасиеттерді ерекше бағалар едіңіз?» дегенде ұлты қазақ респондент­тер­дің 59,2%-ы мен ұлты орыс респондент­тер­дің 62,3%-ы өзін-өзі баға­лау қасиеті деп жауап беріпті. Бір мың жастың 334-і өзге жыныстық бағдардағы адамдарға қатысты бейтарап көзқарас ұстанса, 366-сы оларды мүлдем жөн көрмейтіндерін жет­кізіпті. 637 жастың (тек қазақтар) 35,6%-ы қазақстандықтар үшін жүзге, әулет­ке бөліну маңызды деп есептесе, 28,9 %-ы бұл маңызды емес деп топшылайды екен. Бір айта кететін нәрсе, «Қыз алып қа­шуға көзқарасыңыз қан­дай?», «Көп әйел алу туралы заң қабыл­данса қайтер едіңіз?» деген секілді Орта Азия елдерінің барлығына бірдей қолданылған бірнеше сұрақ болмаса, еңбекте қазақтың ұлттық ерекшеліктерін айқындайтын сауалдар қамтылмаған екен. Әйтеуір жастардың 88,1%-ы бір Құдайдың бар екеніне сене­тін болып шықты. Зерттеу нәтижесіне қа­ра­ғанда анау айтқандай имансыз ұрпақ өсіп келе жатпаған секілді. «Саудасы ар мен има­ны,Қайрат жоқ бойын тыйғалы. Ең­бек­пен етті ауыртпай, Құр тілменен жиғаны» деп Абай сынға алатын заман ақыр жас­тары бұл емес секілді. Лайым солай-ақ бол­ғай.

 Айнара АШАН.

 

ТӨМЕНДЕГІ ІСТЕРДІҢ ҚАЙСЫСЫН КӨБІРЕК ОРЫНДАЙСЫЗ?

                                                                        Ылғи      Кейде      Сирек      Ешқашан    Жауабы жоқ

 

Музыка тыңдау                                            69,8        23,0             6,3        0,7              0,2

 

Достармен уақыт өткізу                         55,2         32,6          11,6            0,4              0,2

 

Кітап, журнал оқу                                      21,2        38,9        30,7            9,0              0,2

 

Спортпен шұғылдану                                26,1       31,6             27,6        14,1            0,6

 

Теледидар көру                                             58,4       29,0             11,2       1,4               —

 

Кинотеатрға бару                                      14,2       32,7            34,5            17,7            0,9

 

Үй шаруасымен айналысу                          62,5        28,1          7,5              1,6              0,3

 

Туыстарға бару                                            37,4       47,1        14,2             0,7              0,6

 

Отбасына бару (егер бөлек тұрсаңыз)   29,6           20,8         4,4                0,9             44,3

 

 

ҚАНША БАЛАҢЫЗ БОЛҒАНЫН ҚАЛАЙСЫЗ?

Бала саны                 Ұлты қазақ        Ұлты орыс             Өмір   сүретін   орны қала

 

1                                        2,8                         10,1                                       7,9

 

2                                        29,2                       53,6                                        40,3

 

3                                        29,5                       24,7                                        25,8

 

4                                        24,5                       8,4                                         16,3

 

5                                        9,9                         1,0                                          5,7

 

6                                        1,3                         0,3                                         1,1

 

7                                        0,8                         1,0                                          0,9

 

8                                        0,3                         —                                             0,2

 

9                                        0,2                         —                                             0,2

 

10                                      0,5                         —                                             0,5

 

15                                      0,2                          —                                            0,2

 

Бірнеше                           0,9                         1,0                                          0,9

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір