ӘДЕБИЕТ – ӘКЕМНІҢ СӨЗІ ЕКЕН
15.04.2016
2567
0

IMG_6169Шөмішбай САРИЕВ,
ақын, тәуелсіз «Платиналы Тарлан»
сыйлығының лауреаты

 

Ақыны мен жазушысы ерекше құрметке бөленген өткен ғасырға көз жібер­сеңіз, шулы-нулы әдеби ортада жыр оқып, қалам тербегендердің еш оқиғадан оқшау қалмай, композиторы, әншісі, әртісімен біте қайнасып, бір-бірінің жаңа туындысын талдап, талқылап жүргендері жайлы әңгімеге қанығар едіңіз. Жыры мен сыры келіскен ортаның түрлі мінездерін де әлгі ортаның өз адамынан естігенге не жетсін?! Айтулы ақын Шөмішбай Сариевтің жетпіске көтерілген биігінде әкенің тәрбиесімен қатар, аға қаламгерлердің де өнегесі қандай болғанын сұрап білген едік…

 

– Сіз әдебиетке келген уақыт туралы әңгімелесек… Ол кездегі халықтың поэ­зия­ға, кітап оқуға деген ынта-ықыласы қан­дай еді? Өлең-сөзге құмар сіздердің әдебиетке деген сүйіспеншіліктеріңіз, әдебиет төңірегіндегі таласты, тартысты өмірлеріңіз қалай басталды?

– Ол  уақытта Казгу-де журналистерді қазақ тілінде дайындайтын топқа рес­публика бойынша жиырма бес-ақ сту­дент қабылдайтын. Күллі республикадан жиырма бестің бірі болу, бұл топқа ілі­гудің өзі қаншалықты қиын еді?! Ба­ғы­мыз жанып, 1966 жылы оқуға түстік. Журналист боламыз деген жиырма бесі­міз де ақынбыз. Ол кезде ҚазҰУ-де М.Әуезов атындағы Әдебиет бірлестігі бар. Бірлестіктің жетекшісі – ұстазымыз Сұлтанғали Садырбаев. Ол уақытта бірінші және соңғы курстар студент­те­рінің кездесуі болады екен. Сол кездесуде, дәстүр бойынша бірінші курс студенттері өлең оқитын көрінеді. Кез­десуіміз басталды. Төрдегі президиумда Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев бас­таған ұлағатты ұстаздарымыз бен әде­биетші ағаларымыз отыр. Жоғары курс студенттерінің ішінде Ақселеу Сейді­мбеков бастаған мықтылар және бар. Курстастарым – Баққожа Мұқаи, Сұлтанәлі Балғабаев, Смағұл Елубайлар бар, бас-аяғы жиырма төрт студент өле­ңін оқыды. Ауылдан келген баламыз, қойдай жуас кезіміз. Алдыңғы қатарда отырғаным болмаса, өлең оқуға біртүрлі жүрексіндім. Менен бір жыл бұрын Жарасқан Әбдірашев оқуға түскен еді. Өлең­дерімнің Қызылорда облыстық, аудандық газеттерде шығып жүргенінен хабардар. Жарасқан орнынан тұрып: «Шөмішбай Сариев өлеңін оқысын», – деді. Шөмішбай деген атты бірінші естіп отырған болуы керек, Сұлтанғали ағай: «Кім дейсіңдер? Шөмішбайың қайсың? Ортаға шыға ғой», – деді. Ұялыңқырап, мін­берге шығып «Иінағаш» деген өле­ңім­ді оқыдым. Бала күнімде анам ауырып қалып, қыздардан жасырынып барып, иінағашпен су әкелген бір жағ­­­дай­­ларды бастан өткергенімді өлеңге қосқан едім. Баршасы ұйып тыңдап, қол шапалақтап, құрмет көрсетті. Ақселеу Сейдімбековтен бастап, ағаларымыздың бәрі мені мақтасын келіп. Ертеңінде әдебиет теориясынан дәріс оқитын Қабдолов аудиторияға келді. Кешегі кеш­те өлеңімді тыңдаған ғой: «Шөміш­бай Сариев деген қайсысың?», – деп сұрады. Мен орнымнан тұрдым. Өлең оқытты.

Жайсам деймін мол өркен,

Гүлдей арай жүрегім.

Озбау үшін көлеңкем,

Күнге қарай жүремін…

Осы өлеңім Зейнолла Қабдоловқа қатты ұнап, кейінгі кездері де, мені көр­се осы өлеңімді оқитын.

Сөйтіп, бірінші курстан мақталдым. Бірден жарқырап көрініп кеткеннен кейін менің ақын курстастарым басқа салаға ауыса бастады. Ең соңында жиырма бес баланың ішінде жалғыз ақын қалдым. Жолымды З.Қабдолов, С.Са­дыр­­баев ұстаздарым ашып берді. Оралхан Бөкеев «Лениншіл жаста» бөлім мең­герушісі болды да, өлеңдерімді газетке басты. Осылайша әдебиетке жет­пі­сінші жылдары келдік. Өзім әдебиетті орманға ұқсатам. Орманның сыртынан қарасаң бәрі керемет, іші тұнған сұлулық деп ойлайсың. Орманның ішіне қарай ене бастағаннан-ақ бұралаң соқпағы көп, ну жыныстың ішінен әй, адасып кетем-ау деген ой билейді. Өйткені, мұн­­да арыстандар, жолбарыстар, түлкі­лер, қасқырлар, қояндар, жыландар да бар екен. Біз осылайша қорқа-қорқа әдебиет әлеміне ендік. Қытай қорғаны сияқты, мүжілмес, мызғымас ағалары­мыз алдымызда тұрғанда, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Тәжібаев, Қ.Бекхожин, Х.Ерғалиев, С.Мәуленов, Ж.Молда­ға­лиев, Ғ.Қайырбеков, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, С.Жиенбаев сынды ақын­дардың ортасында біз де ақын боламыз деген балалық сезіммен әдебиет­тің ортасына күмп ете түстік. Біздерді кім десеңіздер, онша осал толқын емес едік – Жарасқан Әбдірашев, Кеңшілік Мырзабеков, Темірхан Медетбеков, Нұрлан Оразалин, Рафаэль Ниязбеков, Сағат Әшімбаев сынды қаламгерлермен қатар әдебиеттің есігін қақтық.

Сол кездегі хатшы Қуаныш Сұлтанов жас ақындардың бүкілодақтық фести­ва­ліне жіберді. Одан кейін аралас-құ­ра­лас тіптен көбейді. Бастапқыда өлең формасын неше түрлі өзгертіп жазатынмын. Ол уақытта Оразбек Сәрсенбаевтың «1961» деген поэмасы жарық көрді. Ол ту­ралы академик Мұхамеджан Қаратаев­тың «Жаңалық па, жаңа былық па?» деген мақаласы шықты. Жақсы поэма еді. Бірақ өлең формасы өзгешелеу болатын. Ағаларымыздың ақылына құлақ қойсақ, сыны дұрыс та сияқты, содан дәстүрлі поэзияға қарай көштік.

Университетте кандидаттық, әлде док­торлық жұмыстарды қорғауға мін­детті түрде қатысатын едім. Мұхтар Мағауиннің, Рымғали Нұрғалиевтің қор­ғауларына қатыстым. Әлкей Марғ­ұлан­ды сол жерде көрдім. Мағауиннің қорғауында «Шалкиіз бе, Шалкиз бе» деп бір сөз үшін жарты сағат  айтысқанды сол кезде көріп таңқалдым.

Университетті бітірер кезде диплом­дық жұмысымның тақырыбы – «Қазақ әдебиетінің сыны» еді. Рымғали Нұр­ға­лиев бір жетіден кейін кел, жақсы тақы­рып берем» деді. «Ілияс Омаров – сын­шы-публицист» деген тақырыпты ұсын­ды. А.Мархабаевтың жетекшілі­гі­мен дипломдық жұмысымды үздік қорғадым. Зейнолла Қабдолов өзі қарап шығып, жетілдіре түс, өзім қорғатып үлкен ғалым етем деп еді. Сөйтіп жүр­ген­де жеңгеңе үйленетін болдым. Жең­гең І.Омаровтың туған нағашысы­ның қызы екен. Қайын жұрттан қорға­май­мын деп бас тарттым. Бірақ қазақ лирикасынан қорғадым.

IMG_4746– Алғашқы жыр жинағыңыз 1974 жылы «Балдәурен» деген атпен жарық көр­генінен хабардармыз. Алғашқы кітап­тың қуанышы қандай болатынын талай қаламгер ағаларымыздан сұраған едік. Тұңғышыңызды қолыңызға алғанда бойыңыз­ды қандай сезім биледі?

– «Жас керуен» деген жинаққа Тұ­ман­бай Молдағалиев кіргізді. Бұл – 1970 жыл­дар еді. «Әй, батыр, атың біртүрлі екен, соны өзгертсек қайтеді», – деп сұраған еді. Кейінгі  әңгімені Тұмағаң­ның аузымен айтсам. Менің елу жылдық мерейтойымда сөз алғанда осы әңгімені жал­ғастырып еді. «Атыңды ауыстыр десем, балаға тіл бітіп, «Сіздің атыңыз да онша емес қой» деп қарап тұр. Өзімнің атымды әдемі есім деп ойлап жүргем ғой. Ойланып қалдым да, «онда атымызды көріктендіріп, бірге көркемдейік» дедім. Маған қазір Тұманбай мен Шөмішбай деген есімдер қоса қабат ыстық болып көрінеді», – деген еді.

«Балдәурен» деген тұңғышым жеті ақын­ның «Қанат   қақтысы»  деген сериямен бірге шықты. Алғысөзін Әбділда Тәжібаев жазды. Ерекше, мықты кітап болды. Есенғали Раушанов біздің үйге кел­генде, сол 1974 жылы шыққан тұң­ғыш кітабымның бар өлеңін жатқа айт­ты. «Қанат қақтысын» оқып ақын болдық», – деді.

Кейінгі уақытта бір мерекеге орай жабық байқау жариялап, Кеңес Дүйсе­кеев екеуіміз қатысып, бірінші, екінші, үшінші орын, қос ынталандыруды екеуміз­дің шығармаларымыз алды. Жа­бық конкурс болғандықтан кімнің қа­тысып жатқаны белгісіз. Әділқазы мү­шесі – Қадыр Мырзалиев, төрағасы Композиторлар одағынан. «Бес әнге керемет сыйлық алдыңдар, екеуің бізге жуыңдар» деген соң, Кеңес екеуміз Алматы мейрамханасына бардық. Сонда Қадекең күліп: «Бір-екі өлеңнің сенікі екенін білдім. Бесеуі де сенікі екенін білсем, қазақшылығым ұстап, екі-үшеуін құлатар едім. Неге ол бесеуін де алады дер едім», – дейді күліп. Аққыз деген туған апам бар. Қадыр Мырзалиевпен көрші. Аққыз апама кешкісін телефон соқтым. «Қадыр ағай қатты ауырып жедел жәрдем алып кетті», – деп алаңдап отыр екен. Ертеңінде поэзия кеңесі болатын. Екі жағымда Қадыр ағам мен Тұмағам отыратын. Тұмағам екеуміз отырмыз. Бір кезде Қадекем кіріп келеді. Амандық-саулықтан соң, «Аға-ау, сізді жедел-жәрдем әкетті деп еді», – десем: «Не сонда, мен ауруханадан шықпауым керек пе?», – деді.

Тұмағаң бай ақын болды. Таңдамалы кітабы шығып, қаламақыға жүз жиырма мың сом алды. Ол кезде бес мың сомға бір жигули келеді. 120 мың сомға қанша көлік келетінін есептей беріңіз. Сөйтіп, Тұмағаң жас кезінен көлік мінді. «Мос­квичті» мініп еліне тартады. Сағи Жиенбаев пен Шәміл Мұхамеджанов­тарды ерте барады. Үш ақын үш өңірдікі. Әр елдің салты басқа. «Москвичпен» туыс­тарынан көрімдік алып, Тұмағаң біраз қыдырыстайды. Сосын бір үйдің тұсы­нан өте берген кезде көлікті кілт тоқта­тады. «Жігіттер, мына үйдің ақсақалы ұлағатты адам еді. Қайтыс болыпты. Кө­ңіл айтуым керек», – дейді. Сағи: «Кө­ңіл айтсаң, өзің кіріп шық, біз танымай­мыз ғой, көлікте отыра бе­рейік». Тұмағаң: «Біздің елдің салты со­лай, бәрі­міз кіреміз, кіргенде, біздің сал­ты­мызда «ой-бауырымдап» жылап кіруі­міз керек», – дейді. Ана екеуі ат-то­нын ала қашады. Тұмағаң ашуланып: «Менің елімнің салтын неге сыйламай­сың­дар?», – деп екеуін дегеніне көн­діреді. Шәміл және Сағи ағаларымыз, әрең келісіп, көздерін дымдап алып, «ой-бауырымдап», андағайлап шар­бақ­тан кіріп келсе, есікте дәу қара құлпы тұр дейді…

IMG_4708– «Жұлдыз» журналында бірталай уақыт еңбек еттіңіз. Қазақтың ірі қалам­гер­лерінің бірталайымен дәмдес-тұздас бола жүріп, қоян-қолтық араласқан да шығарсыз. Ол кездегі ақын, жазушы­лар­дың қызық мінездері жайлы майын тамызып әңгімелейді деп естиміз. Хамит Ерғалиев, Ғафу Қайырбеков, Жарасқан Әбдірашев, Оралхан Бөкей сынды аға қаламгер­ле­рі­міздің «көңілдің кейбір кез­деріндегі» мінез-құлықтары қандай еді?

– Сол жылдары Шерағаң «Лениншіл жастан» «Жалын» альманағына ауысты. Студент кезімде «Лениншіл жаста» ма­қала жазып тұратынбыз. «Жалынға» бар­ған соң Шерағаң: «Сын жаз, мен сені қызметке аламын», – деді. Ол уақытта ОК Орталық Комитетінің сын туралы қау­лы­сы шыққан. «Жалында» Тураби трибунасы деген айдар ашып, Тураби Туға­н­­сызов деген лақап атпен сын жаза бастадым. Кейін Шерағаң «Жұлдыз» жур­налының  редакторы болып таға­йын­­­далды. Оралхан Бөкеев, Сағат Әшімбаев және мені қызметке алды. Әділсын Жұлдызұлы деген лақап атпен «Жұл­дыз­ға» да сыни мақалалар жаза бастадым.

Ахат   Жақсыбаев «Жұлдыз» жур­на­лы­ның жауапты хатшысы. Ол еңбек демалысына кетіп, орнына Жарасқан қалды. Бір күні Сағат пен Жарасқан: «Шөке, сіз­ді сыйлайық деп едік», – деп, «Алма­ты» мейрамханасына алып барды. Төрге отырғызып, тапсырыс беріп, біраз әңгі­ме-дүкен құрдық. Сағат пен Жарас­қан тағамның ақшасын төледі. Қалған бір уыс ақшаны маған берді. Сөйтсем, өзім­нің қаламақымды алып, өзімді сыйлаған әзілдері екен. Жауапты хатшыда мөр бар ғой. Маған келген қалам­ақыны мөрмен растап, Сағат Әшім­баев­қа жазып беріп, өз ақшаммен өзімді сыйлап отырған түрлері екен.

Ғафекеңмен бір шекісіп табыстым. Мен жастардың поэзиясын бергім ке­ле­ді, ол кісі қатарластарының поэзиясын берем дейді. Душанбеге Жарасқан екеу­міз фестивальге кеткенбіз. Фестива­ль­ден жаңа келген бетім, машина жі­беріп, жұмысқа алдыртты. Сөйтсем, мені жұмыстан шығаратын қылып қо­йып­ты. Өлеңдері шықпаған ақындар қат­тап арыз жазыпты. Ғафекең «Жұмыс­ты не мен, не Шөмішбай істесін» деп мә­селе қойды. Іс насырға шауып, Оралхан сөз алды: «Екеуін де жұмыстан шы­ғара алмаймыз. Ғафекеңді жұмыстан шы­ғару біздің құқымызда емес, оны жұ­мыс­тан  Жазушылар одағының секретариаты  ғана  шығара  алады. Сон­дық­тан жұмыстан кетсе Шөмішбай ке­туі керек. Бірақ біз  оның да  кеткенін  қаламаймыз. Поэзия бөліміндегі айлы­ғымен өнер, ғылым  бөліміне ауыс­ты­ра­йық», – деді. Ауыс­тырды. Бір жылдай уақыт өткен соң, Ғафекең  менің  бөлі­мі­ме  Шөміш­бай керек деп мені қайта алдыртты.

Ұзынағашта Жамбыл Жабаевтың күндерін өткізетін болдық. Жамбыл атындағы сыйлық болған. Алғашқы сыйлықты Хамит Ерғалиев алған. Сый­лықтың соңғы иесі де сол кісі. Хама­ғаң, Әкім Тарази үшеуімізге Жамбыл күн­дерін  өткізуді  ұйымдастыру жұмыс­тарын тапсырды. Жамбыл тәтемізді сол кезде терең зерттеп, таныдым. Жәкең барлық жазушыға ат қояды екен. Әуезовті «Шоң қазақ», Сәбеңді «Балуан Шолақ» дейді екен. Сталинге біреу арыз жазып, Жамбыл деген адам жоқ деген соң, анық-қанығын тексеруге Леонид Соболев Қазақстанға келеді. Оны Мұхаң Жам­был­дың ауылына ертіп барады. Сонда Жамбыл: «Уа, Шоң қазақ, тағы бір нар қазақты ертіп келіпсің ғой» депті. Жамбыл тәтеміз Сәбеңе: «Балуан Шолақ, сен мынаны айтшы, мен өлгенде қай жерге көмейін деп жүрсіңдер?», – депті. Сәбит Мұқанов: «Қой, тәте, қайдағыны айтпа», – дейді ғой. «Әй, Балуан Шолақ, бүгін-ертең өлейін деп жатқан мен жоқ. Алда-жалда дегенім ғой, мені қайда жерлейін деп жүрсіңдер», – деп Жәкең де қой­мапты. Сәбең ойланып-толғанып: «Әке-шешеңіздің қасына қойсақ  қайте­ді?», – депті. Сөйтсе Жамбыл: «Ай, Балуан Шо­лақ, ол жер­дің жыланы көп еді!», – дейтін көрінеді.

IMG_3912-2«Жұлдыз» журналында он бес жыл жұмыс іс­тедім.Бір жарым жыл жұ­мыс­­сыз отырдым. Қызы­лор­дада қа­зақ әде­бие­ті­нің күндері өт­е­­тін болды. Ше­­­ше­ме ел­ге ба­рам деп айтып қой­­ғам. Үйде жатыр едім, ака­демик Мұ­­ха­мед­жан Қара­таев аға­­мыз хабарласты. Қызы­л­ор­да­ның күн­деріне отыз жазушы ба­ра­ды екен, апаң­мен барайын деп ем, сен апаңның биле­тімен бір сағат ерте ұшсаң деген өтінішін жет­­кізді. Ағаң­ның айтқа­ны­на қар­сы тұрар күш қай­да, билетіңді алып кет деген же­ріне жет­тім. Жазушылар ода­­ғы­ның барында кез­десеміз дегенбіз. Бар­сам, Ком­позиторлар одағының съезі өтіп жатыр екен. Жолай екі ба­лам­ның оқу бітірген марапат қағазын ала бар­ған­мын. Өзі ырду-дырду болып жат­қан ком­позиторлардың арасына түскен соң, әрі марапат қағазын жуған соң, еп­теп көңілім көтерілейін деді. Фойеге шық­сам Әшірбек Сығай келе жатыр екен. Амандастым. Оқиғаның арғысын мен емес, Әшірбек айтады ғой. «Сен қы­зып алып­сың. Дәліздің ана бұрышынан Совмин­нің басшысы Шәңгерей Жәні­беков нөкерлері – бөлім басшыларымен келе жатыр екен. Шәңгерейді көріп, құ­шақ­тап сүйдің. Мені де сүй дедің. Анау сүйгі­сі келмей, сен болмаған соң, арқаң­нан қағып, сүйген ырымын жасады. Сов­­­миннің  қасында жүрген нөкерлері­нің көздері атыздай болды», – дейді Әшірбек. Ертеңінде ұйқыдан тұрсам Қа­лау­бек Тұрсынқұлов хабарласады. «Шөмішбай, жұмыстан, партиядан шықтың, делегациядан алып тастадық», – дейді. Жұмысқа жеттім. Шынында да солай екен. Газеттен өлеңдерім берілуін қойды. Кітап та шықпай жатып қалды. Бірақ жеке басыма бұл үзіліс жақсы болды. Шығармашылық демалыс іс­пет­ті, біраз дүние жаздым. Бір жарым жылдан кейін Ілияс Есенберлинге бардым. Жұмыстан кейін кім кімнің бетінен сүймейді деп, қайтадан жұмысқа алдыртты.

Студент кезден бергі әдетім – күнтіз­беге ақын-жазушылардың туған күнін алдын ала белгілеп қоятын едім. Бір күні қарасам, Мұхаңның туған күні екен. Сол күні таңертең Мұхаңа арнап «Сот келеді» деген өлең жаздым. Сөйттім де жұмысыма тарттым. Одақтың конференц залында жиналыс болып жатыр екен. Біздің еркелеп жүретін кезіміз. Ағаларымыз да еркелігімізді көтеретін. «Өлең оқиын деп едім» деп хат жазып жібердім. Бірінші хатшы Әнуар Әлім­жанов хатты ашып көрді де: «Біз одақтың шаруашылығы туралы жиналыс өткізіп отырсақ, Шөмішбай Сариев өлең оқимын дейді», – деп күлді. Мен орнымнан тұрдым да: «Ән-аға, егер ме­нің фамилиямды айтпай, бір ақын өлең оқы­ғысы келеді екен десеңіз, ортаға шық­­пас едім», – деп ортаға шықтым да, «Осында отырған Тахауи Ахтановқа, Зей­нолла Қабдоловқа, Әнуар Әлім­жан­овқа, Сафуан Шаймерденовке өмірден қош­тасар алдында Мұхтар Әуезов хат жазды. Еске алсын, ұмытпасын деп жазды. Мұ­хаңның бүгін туған күні!», – деп «Сот келеді» деген өлеңімді оқи жөнел­дім.

Уа, халайық, тұрыңдар, сот келеді,

Жалдауға адвокаттың жоқ керегі.

Жүрміз бәріміз де кепілдікте

Ғұмырымыз мәңі емес, өтпелі өмір.

 

Өтпелі өмір жадыңда жатталсын көп,

Жолдарда бізді күтіп жатқан сын көп.

Кепіл өмір берілген бәрімізге

Уақыт соттың алдында ақталсын деп.

 

Адамзат келешекте кешікпе ойлан,

Туғанда тағдыр соты шешіп қойған.

Табиғат алаламай бәрімізді,

Өлімнің жазасына кесіп қойған.

 

Өмірдің алары аз, көп берері

Ақтауға адвокаттың жоқ керегі.

Әділетті, ең қатал, уақыт атты

Уа, халайық, тұрыңдар, сот келеді, –

дедім. Бәрі қол соқты. Әуезов үшін. «Шө­міш­бай бізді ұялтты. Мерейтойларда ғана еске аламыз. Ертең Абай атын­дағы Опера және балет театрының жа­нындағы  ескерткішке  гүл  қояйық», – деді. Ғабаң бастап гүл қойғанда, мен бір гүлді Әуезов ескерткішіне лақтырып едім қолына әдемі болып тұра қалды. Мені көріп үлкен ағамыз гүл лақтырып еді, жерге сып етіп түсті. Сонда Қалихан Ысқа­қов ағамыз  анекдот етіп «Шөміш­бай гүл лақтырса қолына тұра қалды, мына ағамыз лақтырып еді Әуезов: «Алмаймын» деді», – деп күлдіріп еді. Сөйтіп, Мұх­тар ағамызды бір еске алғанымыз бар еді, Ғабаң бастап.

Мен ұлы ағаларымыздың барлығын да  юмормен еске аламын. Әбіш Кекіл­баев та «Ағалар туралы әңгімең жақсы, айтшы» деп қолқалайтын.

– «Әрбір адам жүрегі бар әнімде» дейсіз… Әр қазақтың жүрегін тербеген «Ата­мекен», «Қарағым-ай», «Домбыра», «Туған жер», «Сәлем саған, туған ел!», «Арал­дан ұшқан аққулар», «Сарыарқа», т.б. ән-жырларыңыз көп. Жалпы, әнге өлең жазудың машақаты қандай?

– Композиторлар одағында жас ақындар мен жас композиторлардың кездесуін ұйымдастырды. Барып бір-екі өлеңімді оқып кеттім. Ертеңінде бір жас жігіт келді. Өлеңіңізді тыңдадым, ұнады жаңа бір өлең жазып берсеңіз деді. Кеңес Дүйсекеевпен солай таныстым. «Досқа сыр» деген өлең жазып беріп ем, бір күн­нен соң, әуенін шығарып әкелді. Қалық­таған ән екен. Содан шабыттанып, жеті бірдей ән жаздық. Ілия Жа­қа­нов рад­ионың бастығы еді, телефон соғып, жұмы­сына жеттік. Әрбір әніміздің әрқайсы­сын жүз қырық сом қаламақы­мен қа­был­дады. Шала байып қалдық. Кеңес­пен шығармашылық достығымыз осыдан басталды. Әсет Бейсеуов, Ерке­ғали Рахмадиев, Нұрғиса Тілендиев, Төлеген Мұхаметжановтармен кейін келе шығар­машылық байланыс орнатып, әндеріне өлең жаза бастадым.

– Өлеңнің жайына қайта оралсақ. Өлеңді ауылынан алыстатып жіберетін түрлі жағдайлар бар ғой. Сондай сәттері өзіңізді не құтқарады?

– Ақынның қолдау көрмеуі де, шы­ғар­маларының жарияланбай қалуы да үлкен қасірет. Өлеңдеріңе ең алғаш кім бата берді, ол да үлкен роль ойнайтын шығар. Жетінші класты бітірген соң, дәрігер болам деп, сонау Қызыл­орда­дан Талғарға келдім. Алматыны шарлап жүріп, Жазушылар одағын тауып алдым да, жиырма төрт беттік өлең­дерімді Сәбит Мұқановқа әкеліп тапсырдым. Кейін өлеңдерімді Зейнолла Шүкіров ұстазыма көрсетіп, батасын алдым.

Талай фестивальге бардым, талай жерді көрдім. Қазақ поэзиясы үлкен, ұлы поэзия екеніне көзім жетті. Біздің тарихымыз құмның, қабірлердің астында қалған уақыттарда да өткенді қазақ­тың жыры еске салып тұрды. Біздің ақындығымыз өткеннен жеткен аманат. Әкем – мамандығы теміржолшы болға­нымен, ауданға танымал жырау еді. Тойдан қалдырмайтын. Арал теңізінің балықшыларына жыр жырлап отыратын. Ал біз қызыл галстук таққан пио­нерміз. Әрі мектепте мұғаліміміз өткен­нің «шынжыр балақ, шұбар төстерін» аңсайтындарды сынап отырады. Содан болар, балалықпен әкемді ескінің сар­қын­шағы деп ойлаған кезім болды. Кейін көзім жетті, әдебиет – әкемнің сөзі екен ғой…

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Қ.Серікқызы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір