ІЛІМГЕ ІЛГЕРІ ҚАЗАНҒАП
15.04.2016
2731
0

(Халық ақыны Қазанғап Байболұлының туғанына 125 жыл)

Халық ақыны Қазанғап өз тұсындағы бірнеше ақындармен сөз сайысына түскен, солардың ішінде әйгілі Нартай Бекежановпен айтысы 1996 жылы жарыққа шыққан «Айтыс» жинағының үшінші томында жарияланған.  Қазанған Байболұлы өзі өмір сүрген уақыттағы ірі-ірі оқиғаларға үн қосып, ақындық көзқарасын білдіріп отырған сауатты ақын болғанына шығармалары арқылы көз жеткіземіз. Ол 1934 жылы Алматы қаласында өткізілген Қазақстан жазушыларының тұңғыш съезіне халық ақыны ретінде қатысқан.

Қазанғап Байболұлының көпшілік қызығушылығын туғызып, әсіресе, та­рих­­шы, әдебиетші ғалымдардың на­за­ры­­на ілігіп келе жатқан шығармасы – «Ең­сегей бойлы ер Есім» дастаны. Бұл дас­тан филология ғылымдарының докторы, профессор Сәрсенбі Дәуітұлының араб әрпінен көшіріп, құрастыруымен 2005 жылы жеке кітап болып жарыққа шықты. Кітаптың алғысөзінде «Еңсегей бойлы ер Есім» дастанының шығу тарихы турасында былай дейді: «Қазақ совет энциклопедиясының» және «Бес ғасыр жырлайды» кітабының дерегіне қара­ғанда, «Еңсегей бойлы ер Есім» жырын алғаш жырлаған Марғасқа жырау екен. Ол Есім хан мен Тұрсын ханның осы жырда айтылған ұрысына қатысқан кісі кө­рінеді. Демек, оның жыры тарихи дәл­дік­тен ауытқымаса керек. Алайда, Мар­ғасқа жыраудың төл жыры бізге жетпеген. Оның жырын әркім өзінше үйреніп, өзінше насихаттап әкеткен болар. Со­ның бірін Қазанғап Байболұлы да үйре­ніп, қағазға түсіріп, бізге жеткізіп отыр. Бұл жырдың қолжазбасын 1941 жылы Қа­зақ ССР Ғылым академиясының Ор­­­талық кітапханасына ақын Омарбай Малқаров тапсырған екен. Ақынның жы­ры ақиқаттан алыстап кетпегенін кей­бір салыстырулар дәлелді қуаттайды. Қа­занғап Байболұлының бұл жырын ға­лым-жазушы Мамытбек Қалдыбаев «Тө­ле би» деген жалпы атпен ғалымдар сөзі­мен 1991 жылы «НБ-пресс» баспасынан басып шығарған болатын. Бұл кітап та сол басылымның негізінде ғалым Сәр­сенбі  Дәуіттің  қолжазба-түп­нұсқаны са­лыстыра қарауымен шығары­лып отыр.

Ақынның келесі бір көлемді мұрасы «Төле бидің тарихы» деп аталатын дастаны.

Тарихын Төле бидің баяндайын,

Жақсылар сөз тыңдашы Қазанғаптан.

Қазақта мәдениет аз боп бұрын,

Шығарған шамалап тек жазу түрін.

Оқушы ек арабшадан қиыстырып,

Қазанда шағатай мен татар тілін.

Ес кіріп, етек жапқан күнімнен бір,

Тарихын Төле бидің теріп жүрдім, –

деп жыр төккен Қазанғап ақын шынында да бала жасынан даңқты бидің өмір та­рихына терең үңіліп, естегісін елге жет­кізуге талаптанған. Жазушы Бек­сұл­тан Нұржеке-ұлы: «Тарих қуған адам бұл дастаннан Қоқанға, қалмаққа қатысты талай дерек табады. Көркемдік жағынан кемшіндігі болғанмен, шежірешілерден қалған сөзді жеткізуі жағынан аса құнды шы­ғарма. Төле бидің өзін ғана емес, за­ма­нын да, адамын да жан-жақты баяндапты», – деп «Төле бидің тарихы» даста­нын­да шын мәнісінде тарихымызға қа­тысты құнды-құнды деректердің ба­ры­на көз жеткізеді.

Халық ақыны Қазанғап Байболұлы шы­ғармаларының жанрлық ерекшелігі де сан алуан. Оңтүстік Қазақстан облы­сы Елбасымыз ұсынған «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша тасада ескерусіз жатқан талай-талай тарихи тұлғалардың, сөз өнерін мұрат тұтқан ақындардың жау­һар жырларын жарыққа шығарып, мәң­гілік елдің мәңгілік байлығы болар­лық игі істерді атқаруда. Бұл бағытта об­лыс әкімінің, облыстық мәдениет бас­қармасының еңбегі ерен деп айтуға лайық. Осы бағдарлама аясында Қа­зан­ғап Байболұлы шығармалары да екі том болып жарыққа шықты. Көп томдықтың 220 томында ақынның жыр-дастандары берілсе, 221 томда өлеңдері мен арнаулары, толғаулары мен термелері және шы­ғыстық сарында нәзира дәстүрімен жа­зылған шығармалары топтастырыл­ған.

Биыл халық ақыны Қазанғап Бай­болұлы­­ның туғанына 125 жыл толға­лы отыр. Оңтүстік Қазақстан облысы, нақ­тылай айтсақ, облыстық «Отырар» кі­тапханасы халық ақынының мерейтойы аясында үлкен-үлкен іс-шараларды атқаруды жоспарлауда. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «…Біз «Мәдени мұра» де­ген бағдарламаны жасап отырған бір­ден-бір ел шығармыз. Өткен тарихын біл­меген елдің болашағы да бұлыңғыр бо­лады. Өткенімізді зерттеп-зерделеп, бо­лашаққа аманаттау үшін мен «Мәдени мұра» бағдарламасын ұйымдастырдым», – деп өткен тарихымызды тануға, та­ри­хымыздың тұлғаларын тереңдей түсінуге ша­қырады. Өзінің саналы елу төрт жы­лында еліне мол мұра қалдырған Қазан­ғап Байболұлының өміріне қатысты деректерді толықтай жинастырып, ақын шы­ғармаларын ғылыми тұрғыдан талдау – бүгінгі ұрпаққа жүктелген міндет деп түсінеміз. Осы бағытта жұмыла жұ­мыс жасау – басты парызымыз.

Асылзат АРЫСТАНОВА,
 Оңтүстік Қазақстан облыстық
 «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасы
директорының орынбасары.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір