ЖАҢАШЫЛДЫҚТАН ЖАСҚАНСАҚ…
01.04.2016
2210
1

14435884687ukgmБиыл М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма теат­рының ашылғанына 90 жыл толды. Қазақ өнерінің тарихы терең шаңы­рағының бұл мерекесі тек қазақ өнері үшін ғана емес, жалпы қазақ үшін айту­лы күн. Елі­міз­ге есімі кең тараған көптеген айтулы актерлеріміз өнерге осы театр­дың жа­нындағы актерлік студиядан қанат қағып, осы шаңырақта еңбек етті. 90 жылдық қалың тарихтың кейінгі жалғасы қалай жазылуда? Театр­дың бүгін­гі тыныс-тіршілігі қандай? Мерейтой қарсаңында біз Қа­зақ­станның ең­бек сіңірген қай­рат­кері, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, Б.Момышұлы атын­дағы «Намыс» орденінің иегері,  М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік ака­демиялық драма театрының директоры Ерлан БІЛӘЛ мырзамен осы жайында әңгімелестік.

 

– Кешегі Мұхтар Әуезов, Жұмат Ша­нин, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірза­қов, Асқар Тоқпанов, Әзірбайжан Мәм­бетов­тердің ізі қалған театр сахнасында актер ретінде өнер көрсетудің орны бөлек екені белгілі. Бұл театрға басшы болудың жүгі де жеңіл емес.   Жастайыңыздан шың­далған ұжымның басшылығына келу  сіз­ге қандай міндеттер жүктейді?

– Қасиетті қара шаңырақтың табал­ды­рығына актер ретінде қадам басқалы бері жиырма бес жылдай уақыт өтіпті. Жиырма бес жыл дегеніңіз – күні кеше  100 жасқа келген Қазақстан Республика­сы­ның  еңбек сіңірген әртісі Хабиба Еле­­бе­кова апамыз бен театрымыздың ұс­тыны болып отырған Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев ағаларымыздың биігі­нен алғанда аз ғана уақыт екені рас, ал актерлік өнердің есігін енді ашқан жас­тар үшін бірталай уақыт. Кез келген салада алдыңғы буын ағалар мен кейінгі толқын інілердің арасында жалғасқан ұрпақ сабақтастығы болады. Біздің театрда да ағалар салып кеткен із,  қа­лып­­­тас­тырып кеткен игі дәстүр бар. Менің міндетім – ата жолынан айнымай, сол дәстүрді заманға сай жаңашыл­дықпен ұштастырып, әрі қарай жалғауға негіз­де­луі тиіс деп түсінемін. Бұл жолда ма­ған жол көрсететін осы театрдағы аға-апаларым тең-тұстас қатарым, ізетін көрсететін іні-қарындас әріптестерім. Барлығымыз бір кемедеміз. Өзіңіз жо­ға­ры­да атап өткен театр корифейлерінің көзін көрген, тәлімін алған Асанәлі Әші­мов, Сәбит Оразбаев, Нүкетай Мыш­паева, Есмұхан Обаев, Құман Тас­танбеков сынды апа-ағаларым маған өнер атты кеменің ескегін есуді осы күн­ге дейін үйретіп келді. Әлі де олардан үй­ренерім көп. Басшылық қызметке келдім екен деп тыңнан түрен саламын деп айта алмаймын.  Басшылық дегеннің атағы қандай дардай болса, талабы да соғұрлым үлкен. Талаптың үдесінен шығу жауапкершілікпен қатар асқан қажыр-қайратты керек етеді.

Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов осы театрда жүріп Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов сынды қазақ театрының негізін қалаған актерлердің   тәлім-тәр­бие­сін алды. Мәскеуден алған білімін осы театрдың қалыптасқан дәстүрімен ұштастыра отырып жетілдірді. Театрдың көшін өрге сүйреді.

Көненің көзін көрген алыптар тобы кеңестік дәуірде бүкіл әлемге қазақ өне­рін паш етіп қана қоймай, әрқайсысы өз алдына жеке тұлға болып қалыптасты. Қалибек Қуанышбаев, Ыдырыс Ноғай­баев, Фарида Шәріпова, Хадиша Бө­ке­ева, Шолпан Жандарбекова, Хабиба Елебекова, Нұрмұхан Жантөрин,  Әнуар Молдабеков, Асанәлі Әшімов секілді актерлер­ қазақ өнерін қалыптасты­рып қана қоймай, кейінгі ұрпаққа жол көрсетті.

Сол дәстүрді көрген, сол дәстүрді та­ныған біз,  бүгінгі егемен елдің ұрпағы ретінде, егемен елдің азаматы ретінде ары қарай лайықты алып жүруіміз керек. Ол үшін білімімізді, таным-талға­мы­­мыз­ды ұштай беруіміз қажет. Сонда ғана ойға алған мұрат-мақсаттарымызға же­теміз.

– Осы маусымның ерекшелігіне тоқ­тал­саңыз?

– 2015 жылы Президентіміз Нұрсұл­тан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінде түр­лі шара­лар ұйымдастырылып, ең не­гіз­гісі Астана мен Тараз қалаларында  өт­кені бел­гілі. Сол айтулы шараға М.Әуезов атын­­да­ғы қазақ мемлекеттік академия­лық драма театры ауқымды жобамен қатысты. Таразда Жабал Ерғалиевтің «Қилы жол» пьесасы бойынша 700 адам қатысқан спектакль қойдық. Мұндай ауқымды жоба театр­дың тарихында бұрын-соңды болмаған деуге болады. Осы театрдың бүкіл ұжы­мы, Тараздағы театрдың өкіл­дері мен жергілікті әскери бөлімнің әске­рилері­мен бірігіп стадиондық масштабта қойы­лым қойдық.  Халық жақсы қабыл­дады, теледидар арқылы көрсеті­ліп, елдің әр аймағына тарады. Ойға алған мақсат орындалған сыңайлы.

Қазақ хандығының 550 жылдығы мен  Ілияс Есенберлиннің 100 жылды­ғы­на орай «Алмас қылыш» спектаклін көрсеттік. Режиссері Алма Кәкішова. Бү­гінгі көрерменнің таным-талғамы өте күшті. Бүгінгі өскелең ұрпақтың кеудесі патриоттық сезімге толы. Сондықтан отан­сүйгіштікті дәріптейтін тарихи қойылымдарды ерекше ілтипатпен қа­был­дайды. Сыншылар тарапынан ай­тыл­ған пікірлер де жақсы.

Кеше ғана театрымыздың 90 жылдық мерейтойын атап өттік. Жыл сайын өте­тін «Театр көктемі» фестивалі де осы жұманың ішінде мерейтоймен қатар атал­ды. Фестивальға осы маусымдағы жаңа қойылымдар қатысты. Қалып­тас­қан дәстүрге сай биылғы фестивалді жүз жасқа келген Хабиба Елебекова апамыз­дың құрметіне сол кісінің атымен ата­дық. Фестиваль қорытындысы халық­ара­лық Театр күнінде – 27 наурызда шы­ға­рылып, салтанатты кеште лауреаттар марапатталды.

1926 жылдан басталған театр тарихын  үш кезеңге бөліп, кезең-кезең бой­ын­ша  көрме  ұйымдастырылды. Театр тарихынан сыр шертетін суреттер мен видео-материал көрсетіліп, дөңгелек үстел ұйымдастырдық. Бұл шараға театр актерлері ғана емес, театр мұражайының қызметкерлері де белсенді түрде қатыс­ты, театр сыншылары мен өнертанушы­лар да тыс қалған жоқ.

– «Қарагөз» спек­такліндегі Сырым об­ра­зынан «Абай» қойылымындағы Абай бейнесіне дейін біраз бейнелерді сомда­дыңыз. Қазақтың Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында шәкірт тәрбиелеп ке­лесіз. Ерлан Біләлдің болашақ актерлер­ге берер тәлімі несімен ерекшеленді?

– Әрбір өнер адамының  бет алған бағыты өнер мен өмірден жинаған тә­жір­­ибесіне қарай қалыптасады деп ойлаймын. Ұстаздық та өнердегі жылдар бойғы тәжірибемен келеді. Т.Жүргенов ат­ын­дағы Өнер академиясында Музыка­лық-драма факультетінде өзімнің қал-қадерім жеткенше шәкірттерге  дәріс бе­ріп жүрген жайым бар. Оның ерекше­лігі  мынадай деп дөп басып айта алмаймын. Ерекшелігі – менің ұстанымыма байланысты. Ол дегеніңіз – үлкен ұстаз­да­рым­нан үйренген, осы театрдағы ше­бер­лерден үйренген актерлік әдіс-тәсіл­дер­мен адалдық-адамгершілік, мейі­­­рім­­ділік,  төзімділік, табандылық, еңбекқорлық секілді адамдық қасиет­терге  келіп тіреледі.

Бес саусақ бірдей емес, шәкірттердің әрқайсысы әр отбасынан тәрбие алған ба­лалар. Соған сай дүниетанымы, өмір­ге деген көзқарастары да әр түрлі.   Әр шәкірттің тамырын дөп баса білу ұстаз­дық­тың басты міндеті болса керек.  Бәрін бір қалыпқа сала алмайсыз. Әр шә­кірттің қабілетін студенттің өз ерек­ше­лігіне сай дамытуға тырысамын. Ме­нен дәріс алған студенттің барлығы маған ұқсап шықса, онда менің ұстаз болмағаным.

– Соңғы кездері біраз телесериалға түс­тіңіз. Дегенмен, театр актері болу таби­ғатыңызға жақын секілді…

– Өнер академиясының қабырға­сын­да театр және кино актері маманды­ғына машықтандық. Кино актерліктің түп тамыры театрда жатқаны жасырын емес. Театр – өнердің алтын қазығы. Ме­­­нің­­ше, театрды жақсы меңгерген ак­тер киноға түсу барысында да қинал­май­ды, телебағдарламаларды да кәсіби тұрғыда жүргізе алады. Дейтұрғанмен, театрдың мен үшін орны бөлек. Бүкіл тағ­дырым театрмен біте қайнасып келе жа­тыр. Театр мен үшін алтын тұғыр, ал­тын қазық.

– 90 жылдық тарихы бар театрдың бүгінгі бағыт-бағдары қалай?

– Әр кезеңнің өз қиыншылығы, әр заманның  бет алысына қарай артық-кемі, жетістігі, жеңісі болады. Азаттықты аңсап өткен бабаларымыздың басты арманына қол жеткізген бүгінгі ұрпақ енді сол бақытты баянды етуге, қадірін біліп болашақ ұрпаққа аманат етуге күш салуы тиіс. Бұл тұрғыда еліміздің әр са­ла­сының маманы өз кәсібін адал атқа­рып, сол саланы дамытуға қажыр-қай­рат жұмсаса сол тәуелсіздіктің баянды болуына қосқан зор үлесі болар еді деп есептеймін. Әлем көші бет түзеген даму сатысына өз болмысымызды, ұлттық ерекшелігімізді сақтай отырып аяқ басу кезек күттірмейтін іс. Барлық сала се­кілді театр саласы да жаңаша даму, өз­ге­ше өрлеу жолына түсті. Ол жолды өзі­­мізге жат санасақ бұйығылыққа ұры­на­мыз. Сондықтан да халықаралық театр фестивальдерін ұйымдастырып, ше­телдерде өтетін өнер жарыстарына қаты­сып, сол арқылы заманға сай даму­ға ілескеніміз абзал. Мұндай мүмкін­дікке ие болғанымыз егемендіктің ар­қа­сын­да.

– Режиссура мен драматургияның бүгінгі жағдайы туралы не айтар едіңіз?  

– Қазақ театр өнеріндегі режиссура са­ла­сына өз кезегінде Әзекең – Әзір­бай­жан Мәмбетов жаңа серпін бергенін білесіздер. Одан кейін де айтулы сер­піліс­тер болды. Кейінгі жылдары театр өнері біршама жас режиссерлермен толықты. Олар да өз заманына сай жа­ңа­лық енгізуге талпынып жүр. Әзағаң­дар­дың көзін көрген Есмұхан Обаев, Аса­нәлі Әшімов ағаларымыз осы ұжым­да жұмыс істеп жүр. Бұл кісілер кейінгі жас режиссерлердің жаңалығын қолдап, білмегенін үйретуден шаршаған емес.    Драматургия да өзіндік ерекшелігіне сай дамып келеді. Осы шаңырақта көр­некті жазушы-драматург Дулат Исабеков ағамыздың «Жау жүрек», «Әпке», «Ескі үймен қоштасу» сияқты пьесалары қойылып жүр.  Драматургиядан қол үзбей, өз шығармаларының ғана емес, театр өнерінің де дамуына үлес қосып келе жатқан Дулат ағамызды драматургия тұрғысынан алғанда театрдың ті­ре­уіне айналып отыр десем, ешкім қарсы бола қоймас.

Биылғы «Жыл драматургі» атанған жас драматург Әннәс Бағдат біздің теа­тр­дың драматургтар корпусында жұмыс жасап жатыр. Театрдың ел ішінде ғана емес, шетелдерде өткен театр фести­валь­­де­рінен де жүлделі орын алып жүр­гені оның болашағының жарқын екенін айқындаса керек. Барлық өнер саласы секілді театр саласы да бір орында тұр­май­ды. Жылдан-жылға дамып келеді. Еңбек пен ізденіс болған жерде өнердің тоқырауы мүмкін емес. Ал ізденіс бар жер­ден ұзамай жаңалық та табылады.

 – Театрдағы негізгі ұстанымыңыз қандай?

– Театр менің ұғымымда адалдық пен адамгершілік. Өнерге адалдық тө­зім­діліктен келіп шығады. Кей адамдар өз ісінің бір жағынан қиындық сезсе басқа жаққа ауысып, ол жанына жақпаса үшінші жаққа ауысып кетіп жүреді. Бұл – тұрақсыздық. Кез келген өнер адамы жанын ізгілендіруге талпынбаса адасады. Театрымыздағы барлық қойы­лым­ның дерлік авторы   адамгер­шілікке, мейірімділікке, төзімділікке, құрметке үндейді. Театрдағы негізгі қағида, мен үшін, тұрақтылық, жасам­паздық, мейірім, адамгершілік-адалдық. Осы қа­сиеттер болған  жерде кәсіби білім алған адам сөзсіз өз кәсібінің биі­гі­не кө­теріледі, қоғамға әсер ете алады.

– Театрдағы  жас толқын жайлы не ай­тар едіңіз?

– Жас ұрпақтың жақсы болмағы аға буынға тікелей байланысты. Менің тұстастарымның бойында бір жақсы мінез болса, ол біздің алдымыздағы үл­кендердің еңбегі. Дәл сол секілді біз бас­қан қадамға қарай артымыздан ерген жас ұрпақ қалыптасады деп ойлаймын. Сондықтан алдыңдағы ағадан алған тәрбиеңді, тәжірибеңді кейінгі буынға сіңіру де үлкен жауапкершілік,  үлкен міндет.

– Қазіргі театр мен кино саласындағы жас буын әлемдік кино мен театрдағы жа­ңа ағымдардан қаншалықты хабардар?

– Кейінгі жылдары түсірілген бірді-екілі фильмдеріміз халықаралық фестивальдерде жүлделі орындарға ие болып, актерлеріміз де шетелдік киностудия­лар­дың шақыртуымен фильмдерге  тү­сіп ­жүр. Кеше ғана алғашқы көрсетілім болған Ақан Сатаевтың «Анаға жол» фильмі өзінің тарапынан бағасын алды. Осы фильмнің басты және қосалқы рөл­дерін орындаған М.Әуезов театры­ның Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыров, Азамат Сатыбалды, Алмас Шаяхметов сынды актерлері.

Қазір ақпарат алу қиын емес, сол се­бепті әлемдік кино мен театр саласын­дағы жаңалық біздің актерлерге жетпей қалды немесе біздің актерлер әлемдегі өнердің жаңалығынан хабарсыз деп айта алмаймын. Кез келген сала маманы өз саласындағы әлемдік жаңалықтан хабардар болуға тырысады. Актерлер де сондай.

Бұдан біраз уақыт бұрын Атырауға гастрольдік сапармен барғанымызда бір көрермен бізбен арнайы келіп жолығып «Мен сендердің спектальдеріңді көріп Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғай­баев, Әнуар Молдабековтердің   қолтаң­ба­сын көрдім. Театр өнері солар көтерген биіктігінен аласарып кетті-ау деп ойлаушы ем, жоқ олардың жолы үзілмеген екен әрі заманға сай жетіліп келеді екен. Құдайға шүкір», – деп өз пікірін айтты. Театрымыздағы жасы үлкен Құман Тас­танбеков, Тұңғышбай Жаманқұлов, Бауыржан Қаптағаев, Саят Мерекенов, Айдос Бектемір, Омар Қиқымов, Болат Әбділманов, Жұмағали Маханов сынды актерлеріміз жаңағы көрермен айтқан алыптардың көзін көрді, тәлімін алды. Ал олардың ізін алып Бекжан Тұрыс, Ғани Құлжанов, Асылбек Боранбаев, Азат Сейтметов, Данагүл Темірсұлта­нова, Дулыға Ақмолда, Дәрия Жүсіп, Жалғас Толғанбай сынды өнер иелері өз кәсібінің биігіне көтеріліп келеді. Ал кәсіби шеберлік ізденістің арқасында келеді.

– Сіздердің театр қазақтың көрнекті қа­ламгері, жазушы драматург Рахымжан Отарбаевтың «Бейбарыс  сұлтан» пьесасын осыдан екі-үш жыл бұрын сах­на­лаған еді. Аз ғана уақыт ішінде қазақы рух, ұлттық намыс пен жігер, алаштық ай­бын атойлаған бұл спектакль халық көңілінен шықты. Болашақта қандай жаңа қойылымдар қоюды жоспарлап отырсыздар?  

– Жоғарыда театрымыздың белді драматургі деп  Дулат Исабеков  аға­мыз­ды айтып өттім. Театрымызда Қалихан Ысқақ, Тынымбай Нұрмағамбетов,  Әк­ім Тарази, Рахымжан Отарбаев, Иран-Ға­йып, Исраил Сапарбай  сынды аға буын драматургтердің шығармалары қойылды. Шығарма келіп жатса әлі де қойыла береді деген ойдамын. Драмату­рг пен режиссер театрдың ұстыны секіл­ді ол екеуі тығыз қарым-қатынаста жұмыс істесе ғана театрдың көші ілге­рі­лей­ді. Сондықтан драматургпен тығыз қарым-қатынас орнату кез келген театр­дың  басты  ұстанымы.

Болашақтағы жоспарға келсек, жос­пар­дағы қойылымдарды айтпағанда,  Құдай бұйыртса, тоталитарлық жүйенің зардабын көрсететін КарЛАГ түрмесі жайлы халықаралық деңгейде бір жоба жасауға талпынып отырмыз. Оның бүге-шігесіне тоқталмай-ақ қояйын. Жо­ба жүзеге асып сәтті шығып жатса, көрермен өзі куә болар.

– Сіздерге келген пьесалар көркемдік кеңес арқылы таңдала ма?

– Міндетті түрде авторлар жолдаған пьесалар алдымен көркемдік кеңесте оқылады. Көркемдік кеңестің үдесінен шығып, бүгінгі талапқа, қоғамның бү­гінгі беталысына сай келіп жатқан шы­ғарма сахнаға шығарылады.

– Әңгімеңізге рахмет!   

Сұхбаттасқан
Сержан ТОҚТАСЫНҰЛЫ.

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір