«ҮНСІЗДІК ИНТЕЛЛЕКТУАЛДАРДЫҢ СОҢҒЫ БАСТИОНЫНА АЙНАЛДЫ»
01.04.2016
1779
0

ТалгатЖалпы, қазақ журналистикасы әуел бастан өзінің клас­сикалық түсініктегі қызметімен айналысып, белгілі канондар мен қағидаттарды нық ұстанды деп айтуға келмес. Оның  тарихи, саяси, әлеуметтік себептерін жіліктеп жату бұл жерде басы артық шығар. Біздің білетініміз, ХХ ғасырдың өне бойында қазақ қоғамында журналистиканың этно-ағартушылық, психо-эмоционалдық қыз­меті басым болды.


Талғат ЕШЕНҰЛЫ,
журналист

 

Қазақ басылымы бір өзі педагогтің, тарихшының, тәрбиешінің ролін атқарды. Сол себептен болар, қазақ газеттері халық­тың көзі, құлағы ғана емес, ұлттың ары сияқ­ты көрінетін. Ол кездің оқырманы үшін талдау, сараптау түгілі журналистің екі ауыз сөзі аксиома саналатын.

Өзіміз де сондай пікірде болдық. Осы өткен ғасырдың 90 жылдарында Шерхан мен Камалдың, Марат Қабанбай мен Нури Муфтахтың (олар бірсыпыра ғой) мақалала­рын, «Ана тілі» мен «Жас  Алашты», «Заман-Қазақстанды», «Датты» жата-жастана оқы­дық. Біз үшін Алаш сөзінің, ақиқаттың соң­­ғы инстанциялары солар еді. Әрине, ес­­тияр болған уақытыңда олардың жазба­сын­дағы базбір балаңдықты да, аңғал мі­нез­ді де, кейбір үстірт көзқарас пен қалың бояуды да байқайсың, сезесің. Бәрібір, 90 жылдардағы оқырман бақыттырақ. Ол кезеңде ақпарат кеңіс­тігінде ағартушылық та, эмоция да, са­лыстырмалы түрде болса да талдау мен са­раптама, сөз бостандығы бар еді. Содан да айырылып қалған кепте­міз.

Қазіргі баспасөзде тек үмітсіз эмоция ғана қалғандай. Ашылған газеттер туралы емес, жабылған газеттер туралы сүйіншілеп жазатын болдық. Теледидар мен радио бол­са, ақпарат таратудың баяғы советтік үлгісі­не қалай көшіп кеткенін өздері білмей қал­ды. Кеңес телевизиясына тән делінетін тыйымсыз, тиянақсыз жалған риторика бізде патологиялық сипат алып барады. Мұның бәрін сауатты оқырман көрмей, білмей отырған жоқ қой. Сондықтан олар баспа­сөз­дің сіз екеуміз айтып отырған қызметіне көңілі толмайды, тұшынбайды.

Бұған кім кінәлі? Оқырман ба, әлде, жур­налист пе? Жоқ, меніңше, бұған оқыр­ман, көрермен, тыңдарманды қойып, жур­на­листердің өзін «ақылды тобырға» айнал­дыр­ған жүйе кінәлі. Жүйенің бүгін өзіне ың­ғайлы, ертең елге қатер әкелетін квазиидеологиясы жылдар бойы қоғамның санасын шегендеп, үңгіп жеп, рухын сын­ды­рып, ақырында ешкімге таңдау қалдыр­майтын жойдасыз цензура жасап тынды.

Мұндай кезде жұрт балама ақпарат көз­де­рін іздейді. Қазіргі балама – интернет пен әлеуметтік желі. Кез келген әлеуметтік же­лі­нің балама ақпарат алу, балама пікір бө­лісу, балама саяси, әлеуметтік күштерді қа­­лып­тастыру тұрғысында пайдасы орасан ек­ені де ақиқат. Бірақ қазақ ақпарат кеңіс­ті­гінде сауатты, мәдениетті, белсенді инте­рнет-қауым қалыптасқанша әлі де біраз уақыт керек екенін тағы да көзіміз көріп отыр.

Әзірге біз жаңа қазақ медиакеңістігінде сайттардың, әлеуметтік желілердің, форум­дар­­дың, блогтардың ию-қию шеруін ғана өт­кізіп жатырмыз. Басқаны қойып, тарихқа, ұлтқа, дін мен тілге, қазіргі жағдайға қатыс­ты алтыбақан алауыздықты, әпербақан бақастықты ғана көріп отырмыз. Өркениетті елдердегі «қоғамдық диалог» ұғымы бізде қора-қопсының маңайындағы әжің-күжің әңгімемен бітеді. Ал ақпарат сахнасында жорға журналистсымақ, сылдырмақ-ақын­сы­мақ, люмпен-әртіссымақтардың дәурені жүр­геннен кейін, ақыл-есі түзу сөздің иесі елеусіз немесе төпелеген соққының астында қалатынды шығарды. Үнсіздік  интеллек­туалдар­дың соңғы бастионына айналды.

– Басылымның сапасын тиражы анық­тайды деген ұғымға көзқарасыңыз қандай?

– Әрине, жөнді қисынға, классикалық түсінікке салсаңыз солай – басылымның сапасын таралымы ғана айқындайды.

Біріншіден, бұл жерде «Сапалы, маңыз­ды, тіпті интеллектуалдық дүниелерді беру­дей-ақ беріп жатырмыз? Неге оқымай­ды енді?» дейтін жадағай сауалқойылуы да заңды.  Демек, бәрібір  бір кілтипан бар деген сөз ғой. Сұрақ қарсы сұрақты туғыза­ды:  мүмкін, оқырман академизмнен, ди­дак­тикадан, «педагогикалық тәрбие құралынан», мұрты бұзылмайтын макеттер мен өзгермейтін жазу машығынан шар­ша­ған шығар; бәлкім біздің оқырманның ойлануына, пікір айтуына, қарсыласуына  орын қалдырмайтын жойдасыз  пәлсапамыз, өзімшілдігіміз, бойымыздағы, жазуымызда­ғы нарциссизм оларды мезі қылған шығар; олардың қызығушылығын оятатын, көз-көкірегін ашатын басқа бір алтын кілтті та­ба алмай жүрген шығармыз? Мен бұл жер­де тек практикалық тәжірибеге арқа сүйеп отырмын.

Екіншіден, қазақ баспасөзінің дамуына, таралымына алғашқы сауалдағы факторлар да айтарлықтай әсер етіп отырғаны түсінікті. Бірақ тығырықтан шығатын жолды өзіміз де іздеуіміз керек қой. Тағы да айтам, мына заманда он адамға немесе белгілі бір мүдделестер клубына арналған басылым ғана шығарам демесеңіз, әлеу­мет­тік сұранысты зерттеп-зерделемей, әлеу­меттік ортадағы нормалармен, көзқа­рас­тармен, өзгерістермен санаспай, соған бейімделмей болмайды. Ке­рісін­ше, тарихы, базасы бар, оқырманы бар дәстүрлі ақпарат құралдарының әлеуметтік желіге шығуы, жоғарыда  айтқан әлеуметтік  желідегі қоғам­дық диалогқа едәуір өре, серпін беріп, пайым-парасат пен пікірталас мәдениетін, интеллектуалдарды  өзімен  бірге ілестіре  келер еді.

Әлбетте, тірі кітапқа, тірі газетке сұ­ра­ныс барда, оның үстіне биліктің тікелей мүд­­десі мен «разнарядкасы» аман болса қағаз баспасөз әлі де біраз өмір сүре тұрар. Бірақ қазақ журналистикасының ертеңін ойлаған адам өзінің өткен шағына қимас­тығы мен құрметі үшін, болмаса уақытша отырған креслосы мен қызметі үшін «қағаз басылым ғана шығарам» деп кенедей жабысып отырып алмауы тиіс деп санаймын.Га­зеттің қағаз таралымымен қоса, элек­трон­­­дық нұсқасына шындап мән беретін уақыт жеткен сияқты.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір