ЖАЗУШЫ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ
01.04.2016
2635
0

pen-book(Асқар Алтайдың «Туажат» романы хақында)

Қазіргі қазақ әдебиетінде романдардың көлемі қысқарып барады. Көркемдік деңгейі, ішкі мазмұны бір басқа. Жас жазушылар Дархан Бейсенбектің «Қыл тұсауы» мен Арман Әлменбеттің «Мимыртын» романға жатқызамыз ба, жоқ па деген пікірлер ауызекі әңгімеде талай мәрте талқыға түсті. Ал сақа жазушы, қазақ әдебиетінде өзіндік орнын біздің бел бесіктен шықпай жатқанда алып үлгерген Асқар Алтайтың «Туажаты» жүз бетке де жетпейді. 14 шрифті­мен А4 форматына салғаны­мызда 92 беттен аспады. Оқымаған болсаңыз, оқыңыз. Уақытыңызды көп шығындамайды. Алар әсеріңіздің қандай болатынын өзіңіз бағамдарсыз.


Нұрбек ТҮСІПХАН

 

«Туажат» 2011 жылы жазылыпты. Ро­ман­ға автор «Тамұққа түскен сәуле» дейтін қо­сымша атау берген. Бұл шығармасы жө­нінде айтылған өз сұхбаттарында жазушы шы­ғарма жанрын «роман-модерн» деп көр­сетеді. Модерн ұғымы көркем әдебиетте «қа­лыптан бөлек, заманауи үлгідегі туынды» дегенді аңғартады. Ал «Туажат» зама­науи сұранысқа сай, бүгінгі қоғамның ай­насы  деуге келмейді. Желтоқсан оқиға­сы ке­зінде таяқ жеп, кейін ауылға қашып кет­кен бас кейіпкер Байбура әскерге алынады. Артынан Ауғанстанға соғысқа жібе­рі­леді. Ол жақта тұтқынға түсіп, бір орайы кел­генде жанындағы серіктерімен бірге кү­зетшілерді өлтіріп, қамаудан құтылады. Бірақ «тұтқынның бәрі сатқын» дейтін кеңестік әскери жүйенің азабынан қорқып өз қатарына қайта орала алмайды. Кавказ тауларына асып кетіп, жалдамалы сар­баз­дың күйін кешеді. Ал оны туған елі Ау­ған­стан­дағы соғыста қаза болған деп баяғыда «көміп» тастаған болатын. Ұзақ жыл үзі­лістен кейін өзге бір адамның атынан құ­жат жасатып, еліне оралған Байбура Ал­ма­тыға келеді. Онда досы Болатпен кез­­дейсоқ жолығып қалып, екеуі түнгі Ал­матыны аралайды, «еринтимдік» қылып та үлгереді. Ертесінде пойызбен ауылға тар­тады. Ол жақта да тыныштық көрмей по­лиция қолына түсіп қалып, тағы да қа­шып құтылады. Ақыры Әзірбайжанда сөз байласқан швед қызы Мария Агатамен Рахман бұлағының басында табысып, соңында аптап ыстықта айнадан ша­ғы­лысқан күн сәулесінен өрт шығып, Байбура өртеніп өледі. Сан жыл қанды қырғын ортасында жүріп, талай мәрте тұтқынға түссе де тура келген ажалдан аман сытылып кетіп жүрген жігіттің күн сәулесінің айнаға шағылысуынан шыққан өрттен өлуі бір қарағанда символикалық тұрғыда әсерлі сипат. Қазақтың «батыр – бір оқ­тық» дейтін тәмсілі де осы. Шығарманың басым бөлігінде бас кейіпкер Байбураның өт­кен күндерге ойша шолу жасауынан тұ­рады. Мұнда автор кейіпкерді бірден ойға шомдыра салмай уақыт кеңістігіне, өткен күндерге деген шегініс тәсілі етіп Бөрі-Ана, сағым сәулені пайдаланған. Байбураға «сын сағаты соғып» немесе шаршап ұйық­таған сәтінде келіп, өзге әлемге ертіп әке­тетін Бөрі-Ана Бозиесінің қызметі де көр­­кемдік тәсілге қажет болған сынды. Бо­зиесі кейіпкердің өткен өмірін көз алдына кинокартина сынды тоса қоюы бір жағынан оқырманға керекті ақпаратты жеткізудің амалы. Екіншіден, бөрінің те­­рісін тірідей сыпырған жас жігіттің түз т­ағысынан алапаты асқан жүректі, қай­рат­ты жан екенін таныту. Үшіншіден, «Тамұққа түскен сәуле» деген атауы айтып тұрғандай бар өмірі тозаққа айналған Байбура тағдырының ең маңызды, ең жа-
уапты сәттерінде сағым сәуле, Бөрі-Ана­ның табыла кетуі де шығарманың көркем­дік қуатын арттырады. Швед қызы Мария Ага­таның өзінен жүкті болып қалғанын де­несінен бөлініп, бақиға аттанып бара жат­қан рухтың көкірек көзімен көруі де та­мұққа түскен сәуленің бір ұшқыны ма дер­сіз. Қалай болғанда да роман рухты, көр­кемдік бояуы мол, шытырман оқиғалы сюжетке бай. Дегенмен, қазақ әдебиетінде қаламгер ретінде әбден танылып, өз оқыр­манын тапқан жазушының ердің жасы елуге тақаған шағында жазған шығар­ма­сынан кемшілік көру оқырман үшін ауырлау. Қызықты, тартысты басталған роман­ның соңы бір сарынға түсіп, қайта-қайта ұйқы мен өңнің арасына өте бергені жа­лық­тырып, тіпті, мезі етіп жіберетіндей. Бізге дейін «Туажат» туралы айтылған, жа­­­зылған бірер мақала, пікірлерді  де оқы­дық. Кейбірін қоштадық, кейбіріне қосыла ал­мадық. Ол басқа әңгіме. Ал енді қара­пайым оқырман ретінде өзіміз байқаған бі­рер олқы тұстарға тоқталғанымыз дұрыс шы­ғар.

Алғашқы тараудың бастапқы  бөлімін­де Бай­бура Алматыдан ауылына қашып ке­ліп, қасқыр аулауға шығатын тұсы бар. Бір көк­жал мен бір қаншық қасқыр нағашы­сы­­ның жар дегенде жалғыз атын жеп ке­те­­ді. Ашуға булыққан 17 жасар Байбура жал­­ғыз  өзі «кезекті рет» бөрі қуғынға түсе­ді. «Аңшы тайыншадай арлан мен арқардай қан­­шықтың табан мөрін айырған… Теріңді тірідей сыпырармын деп тістенген. Мыл­тық­сыз аттануға бел бұ(у)ған. Беліндегі се­­ле­бені тері қыннан суырып, қару қан­да­сын деп серттескен». Бұл сөйлемдерден жас жігіттің қос бөріге деген ызасының күшті еке­нін көреміз. Сол себептен де аң­шы бөрі ау­лауға «мылтықсыз» шыққан. Мақ­саты – қасқыр терісін тірідей сыпыру. Байбура ой­ға алған ісін сәтті аяқтап, екі қас­қырдың бі­рін мотошанамен қағып өл­тірсе, қаншық қас­қырдың әуелде ой­ла­ғанындай тірідей те­рісін сыпырады. Бірақ лезде «ат құлағы кө­рінбес» ақ түтек боранға тап болып, әзер дегенде ауылдан алшақтау маңдағы жал­ғыз мола – Төребейітті паналап, жан сақ­тай­ды. Бір қызығы, осы бейіт ішінде жат­қан аңшының жанында «32» нөмірлі мыл­­тығы пайда болады. «Бойы да қара тер­­ден дегдіп, бұла қуатын жиып алып­ты. Тап жамбасы жанында жатқан «32» нөмірлі мылтығын сипап қойды. Құн­дағы кесілген шолақ қаруы орнында екен». Бөрі қуғынға әуелде мылтықсыз шыққан аңшының жа­нында «32» нөмірлі қару қай­дан жүр? Ша­масы, автор кейіпкердің аң­шылық қызығы мен ақ түтек боран арасын­да жүріп мыл­тықты тастап кеткенін есінен шығарып алған болса керек. Мұндай мысал романда жалғыз емес. Тағы да біреуін келтірейік. Өл­діге саналып, табытқа салынып, бая­ғы­да жерге көміліп қалған Бай­бура сан жылдардан соң Алматыға кел­генде алғаш көрген танысы, бұрынғы до­сы Болат еді. Екеуа­ра әңгіме үстінде Бо­лат Байбураға әкесінің қайтыс болғанын естіртеді. « – Ес­тімеп пе ең? А, иә!.. Қайдан естисің? Се­ні… түу!.. Сен деп темір табытты жерлеген соң, көп тұрмады ғой. Қыр­қыңды өт­кізісімен әкең де көз жұмды». Ал әке­сі­нің басына құран оқитын нағашысы Медеттің сөзін оқиық: « – Әкең сенің «жат» сүйегің келісімен ұзаққа шыдамады. Бетін теріс бұрып, ағайын-туғанмен де ара­ласпай, құ­дайдан өлім тілеп жатып алды. Айналасы алты айда жамбасы жерге тиді. Басын да қарайта алмадық, – деп өзін кінәлай сөйледі». Бір өлім – екі түрлі уақыт. Қырық күн мен алты айдың арасы аз емес. Жазушы уақыттың бұл кеңістігіне неге мән бер­меді екен? Әлде, «қырқыңды өткізі­сімен» деген нақтылы датаны көрсетпейтін астарлы ұғым «айналасы алты айға» созылды ма? Қалай түсіндірсек те, түсінуге тырыссақ та «қырқы» мен «алты ай» арасы ай­тарлықтай алшақ. Сол сияқты, «Ал­қа­бе­гімнің көтеріліп ауырып, ақыл-есінен адасып қалғанын» Байбура нағашысынан бірінші рет естіп отырғандай болады. Әйт­песе, тағы да сол Болат досы алғаш кездескенде оған Алқабегімнің түрмеге түсіп, ауру болғанын алдын ала ескертіп еді. Әке қабіріне барып, құран бағыштап, қайтар жолда Алқабегімді көруге ниеттеніп, гүл теруі, қыз үйінің жанына келгендегі темір торлы терезенің ар жағынан «таныс көзді» көруі қанша­лықты әсерлі болса да көте­ріліп ауырған қыздың жайын есіне алма­ғаны несі? Тек, Алқабегімге деген махаббатымен ғана қыз үйінің жанына жетіп баруы орынсыз көрінді. Анығында, Байбура Алқабегімнің қазіргі кейпі бұрынғы қылықты да көрікті сұлу бойжеткен емес, көтеріліп ауырған қыз екенін есінен шыға­рып алуы ондаған жыл көрмеген ғашығына бара жатқан жігіттің ішкі жан тебіренісін, психоло­гиялық тұрғыдағы толғанысын дәл жеткізуге кедергі келтіргендей.

Сонымен қатар, жазушы аңшылық ту­ралы айтатын алғашқы бөлімде Байбураны «бес рет қасқыр алған», «әдісқой аң­шы» дейді де, бірер сөйлемдерден соң «аң­­ғал аңшыға» теңейді. Өзі бес рет қас­қыр алған және тоғызыншы сыныпта оқып жүріп қасқырдың тірідей терісін сы­пырған Байбура әуелде «әдісқой» болса, қан­­шық қасқырмен бетпе-бет келіп, ай­қас­қа түскен сәтінде «аңғал» бола қалғанын қа­лай тәпсірлеуге болады? Немесе бесікте жат­қан Байбураны құйын жел көтеріп, ор­­мандағы ағаштың қу бұтағына ілініп қал­ған тұсын оқыңыз. Ертегі-аңыз­дар­да­ғы­­дай қыран құстың асырауымен аш­тық­тан, бөрілердің қорғауында ажалдан аман қал­ған сәбиді әкесі үш күннен соң табады. Он­дағы әке әрекетін жазушы: «Ат белін суыт­пастан қу бұтаққа арқалығынан асылып қалған бесікке қол созды», – деп сурет­тей­ді. Ал енді ойлап көріңіз… Ағаштың бұ­та­ғында бесіктегі баласы үш күн бойы ілі­ніп тұрса, оны шырылдап іздеп, әрең тап­­қан әке дәл терек түбіне келіп алып не­ге «ат белін суытуы» керек? Көз ал­дыңызға елестетіңізші. Үш күн бойы әйелі мен баласынан қапыда көз жазып қалған әке баласын көкте қыран, жерде қос қас­қыр­дың күзетіп отырғанын көргендегі әре­­­кеті қандай болар еді? Бұ жерде «ат бе­лін суыту» сөзі де, ұғымы да қиыспайды. Ар­­тық қолданыс дер едік.

Шығармада бас кейіпкерді сан мәрте сын сағат соққан сәтте ажалдан аман алып қа­­латын «Ана-Бөрі – Бозиесі» бар. Ау­ған­стан, Пәкістан, Кавказ тауларында да талай рет тура келген ажалдан жол көрсетіп, құт­қарып жібереді. Сол Ана-Бөрімен ал­ғаш кездескен сәтін жазушы былай сипаттайды: «Ал сағым сәуле болса, бұған құрық бойы жақын келіп, шеңберлей айналды. Бөрі басты сағым сәуле барыс құйрықтанып ұзара берді. Ол бөрі сәулелене сағымданып, ұзара өсіп, мұны шеңберлеп алды. Бөрі сұл­балы дөңгеленген алып сағым сәуле бел ор­тасынан ұзара өсіп кетіпті. Шеңберлей созылған бөрі сұлба құйрық тістесіп, мұны қы­тай қорға­нындай қоршап тастап­ты». Мұнда ой қайталау, сөз қайталаудың қан­дай қажет­тілігі болғанын білмейміз, бірақ айдалада жалғыз тұрған адамды «сағым сәу­ленің қытай қорға­нындай қоршап тас­тағанын» да сәтті көрініс деу қиын.

Сөз қайталау мен ой қайталаудың «Туа­жатта» аз емес екенін шұқшия оқыған адам анық аңғарады. Романның алғашқы сөй­лемдерінің өзінде де бөрі қуғынға жи­на­лып жатқан бозбаланың «сұрапыл сын сағаттың соғарын сезбеуі» екі мәрте қай­таланып, айтылар ой автор тарапынан ны­­ғыздала түскен. Мысалы: «Осы ұлы түз­де Байбура үйірден бөлініп қалған құ­лан­дай жалғыз еді. Сол күні сұрапыл сын сәті со­ға­ты­нын ол сезген жоқ. Алқаракөк ас­пан түнегін қия саулаған боз сәуле көктен түсер Ғайсадай (?) ғайыптан оралатынын біл­ген емес. Жер жігін жарып шығар Мә­ді­дей сос­тиып, (?) жылан жұтқан жандай үн-түнсіз қалшиып тұратынын тағы ой­ла­ма­ған. Көзіне қан толып, көкірегіне кек тұ­нып, көңілінде шер шайқалған пенде ғой… қайдан білсін, нені сезсін?! Қайта өт­кен күндер елесін есіне алғысы келмей, иен далада еріксіз аңшылық құрып жүрген. Тау мен дала қанаттасып жатқан кең дүниенің қоңыраулатқан қоңыр үніне де құлақ аспай, елсізде ішқұса күймен елеусіз тірлік кешкен. Сұрапыл сын сағаты соқ­қа­нын сол күні сезбеген». Арасына сына қақ­пай, сөйлем-сөздерінің бірін де алып тастамай дәл сол күйінде келтіріп отырмыз. Алда не күтіп тұрғанын білмейтін адам баласы «сұрапыл сын сағатын» қай­дан сезеді және жазушының бұл сөйлем-тір­кесті қайталай беруінің сыры неде? Ав­тордың оқырманды елітіп, алдағы оқи­ға­ларға қызықтыра түсу үшін қолданған бұл тәсілін теріс дей алмаймыз. Бірақ «ас­пан түнегін қия саулаған боз сәулені» көр­генде Байбураны өзінің «жер жігін жа­рып шығар Мәдідей состиып» тұрып қа­латынын білмеді, сезбеді  деп жазғырғандай күй­ге түсірудің қажеті қанша? Көркем шы­ғарма оқушы қарапайым оқырман ро­манның алғашқы парағындағы осындай сөйлемдерден-ақ сүріне-қабына бастаса, соңына дейін төзімділікпен, бар зейінін са­лып оқитынына кепіл жоқ. «Қара қарға та­ғы қарқ етіп, шылбыр үзіп жатқан бөрі­нің көзін шоқи бастағанда ғана сағым сұл­ба оқыс толқып кетті де, дереу жиырыла жиналды. Әп-сәтте құлаштай бөрісұлба са­ғымға айналып, жансыз жатқан жалаңаш тә­ні үстіне қалықтай жүзіп барғаны», – де­ген сөйлемде де «сағым сұлбасы сағымға ай­налып кеткені» қызық. Өзі «сағым» бола тұ­ра сұлбаның «сағымға» айналғаны ойды тия­нақтай алмағандық емес пе екен? Ал Бай­бураның Алматыға табан тіреп, тісі ауы­рып «Дантист» тіс емханасына барған сә­тіндегі дәрігер Болаттың пациент аузына қараған көрінісінде де қайшылық бар. Мысалы: «Қолына әлдебір сүйір құралын алып, мұның аузына үңілді. Бұл да ләм де­­меді. Үнсіздікке шыдамады білем, қа­сын­­­дағы медбике: – Қай тісіңіз ауырады? – деді ақырын ғана. Бұл сұқ саусағымен сол­қылдап тұрған сол жағындағы ұры ті­сін көрсетті. Дәрігер сонда ғана мұның ау­­зына үңіле қарады». «Аузына үңілу» мен «үңіле қараудың» қандай айырмашылығы бар? Автордың сөйлемдерді жіті тексеру жұ­мысына неге жауапсыз қарағанын түсі­не алмадық. Әйтпесе, жазушының шы­ғар­ма­ларынан сөздің мәйегін бір кісідей-ақ жақ­сы білетіні анық байқалады. Тіпті, ақын Сәкен Иманасов та бір кездері Асқар Ал­тай шығармаларын оқығанда: «Бүгінгі қол­даныстан шығып қалған «модағай, қап­тағай, дең, шеріп» сияқты тағы басқа кө­не ұғым атауларын осы кітап арқылы білгенімді намыс көрмеймін», – дегені бар еді. Біз де намыс көрмейміз. Көптеген сөзді түсіне алмай, мәніне жете алмай шаршаған тұсы­мыз да көп. Бұл автордың «түсініксіз сөз жазуынан» емес, оқырман сөздік қо­ры­ның таяздығын білдірсе керек. Алайда, шұ­райлы, ұйқасты, әсерлі сөзді білу, мең­геру бір бөлек те көркем шығармада сөз­дердің орнын тауып, кедір-бұдырсыз қол­­дану тіпті басқа екенін жазушының біз­­ден артық бағамдайтыны да айқын.

Романда бас кейіпкер Байбура бірнеше рет көлік мінеді. Бірінде мотошана, бірінде «Уазик», тағы бірде «Урал» мотоциклін жүргізеді. Ал осы көліктердің бәріне де жазу­шы «немістің ойынан, орыстың қо­лы­нан» шыққан дейтін ұйқасқа негізделген сипатты қайталай беруі тіпті олқы. Мәселе, мұнда көліктердің неміс ақыл-ойының жемісі, орыстардың зауытында жасалға­ны­на ешкім дау айта алмайды. Бірақ «не­міс­тің ойынан, орыстың қолынан» деп қай­­талауға ұрына беруі және жазушының сол бір тіркесті тауып айтқанына өзінің де іш­тей марқайып қалғаны байқалады. Сон­дай-ақ, туындыда «құлаққа ұрған танадай», «сұрапыл сын сағаты» дейтін тіркес­тер­­дің кездесуі де жиі. Көлемі шағын ро­­манда мұндай қайталаулардың көп болуы көркем шығарманың құнын арт­тырмай­ды.

Романдағы тағы бір күмәнді тұс – Бай­бура­ның «Урал» мотоциклін сатып алатын кө­рінісі. Иә, талай жыл шет елде жүрді, со­ғысқа қатысты, жалдамалы сарбаз болды, ақшаны да күреп тапқан шығар. Бірақ ауылына келген соң «досы» Болаттың көр­се­туімен оны бір полицей, екі әскери адам ұстап әкетеді. Жолда Ертістен өтетін паром үстінде сәтін тауып, суға секіріп, қа­шып құтылады. Қолы кісендеулі азамат су астында тұншыға жаздап тағы да сол Ана-Бөрінің арқасында жағалауға аман жетеді. Есін жиып алып, жақын маңдағы ауылға барады да бір ойраттан «Урал» мотоциклін сатуын өтінеді. « – Бауырым, – деді Байбура: – санап тұрып төрт жүз берейін. Ма­ған қи, қысылып тұрмын. Люлкасы ке­ре­гі жоқ». Өзі тұтқындалып, артынан те­рең суға секіріп, ажалдан әзер аман қалған Байбураның қалтасында «төрт жүз дол­лардың» аман жүргеніне таң қаласыз. Мейлі, тұтқындағандар оның нақты қыл­мыс­­кер екенін анықтамай жатып, қал­та­сын­дағы ақшасын тартып алмады делік. Алайда, терең суға сүңгіп, тұншыға жаздап әрең шыққан адамның қалтасында қағаз  ақшаның езіліп кетпей, сап-сау сақ­талғанына сену қиын. Оқырманның ойын­­да осындай сұрақтың пайда боларын ең алдымен автор ойлауы тиіс еді, әрі күдік пен күмәнге жол бермей, сауда көрінісінің жігін жатқызып, қыбын тауып суреттесе деп едік. Дәл осындай ескертуді Байбу­ра­ның Ауған жерінде тұтқынға түсіп, кейін күзетшілерді намаз үстінде өлтіріп қаша­тын сәтіндегі бір көрініске де айтқан ар­тық емес. Оқырманның көзі жетуі үшін ес­кертуге сұранып тұрған сюжетті қаз-қал­пында келтірейік. «Жалпы жұрт ақшам на­мазы сүндетінің екінші – соңғы рәка­ты­на жығылғанда, Байбура еңкейе беріп: – Атанда! Духи!.. – деп оқыс айқайлап, артқы жағында екі қадамдай ғана жерде сәждеге бас қойған қарауылшы моджахедке бұрыла атылды. Алдын ала келісілген «атанда» пароль атауынан сілкіне тұрған он екі тұтқын ту сыртындағы қарауылшы жен­деттерге арыс­танша бас салды. Олар да дәп намаз үстінде тарпа бас сала­ды­ деп күтпесе керек. Ызалы жүрек, долы қол мен тапталған намыс, сұрапыл сезім таудан жүрген атқыдай әп-сәтте алты күзетшіні автомат дүмімен езгілеп, білектеріндегі шынжырмен буындырып, жандарын жаһан­намға жіберді. Ақшам намазы аяқас­ты­нанқазаболды…». Жалпы, романның жарық көрген уақыты қазақ қоғамының ислам дінінен және оның шарттарынан, намаз­дың парызы мен сүннеттерінен толық хабардар болған, тіпті керек десеңіз, көшеде кездесе қалған кез келген жанның өзіңізге уағыз айта алатындай деңгейге жеткен кезі. Ал мына сөйлемдерде күзетшілер «ақ­шам намазы сүндетінің екінші – соңғы рәкатына» бас қояды да, тұтқындардың қо­лынан қаза табады. Сонымен бірге, «ақ­шам намазы да аяқ астынан қаза болды» делінеді. Қаза болғаны несі? Ақшам на­мазының парызы сүннетінің алдында оқы­латынын, әрі парыз намаздар оқылып біткен сәттен намаздың қаза кетпейтінін ескерсек, автордың намаз шарттарына жетік емесі көрініп қалғандай.

Бақсақ, Асқар Алтай шығармаларының көбі аңыз-әфсанаға негізделеді. Талай оқыр­­манның көңілінен шығып, сын­шы­лар­дың оң бағасын алған әңгіме, ро­ман­дарының қайнар бастауы бағзы заман­дардағы мифтік оқиғалардан алынады. «Туажат» та «Ана-Бөрі», «сағым сәуле» сын­ды түркілік тотеммен әспеттелген. Шы­ғарма ортасында бесіктегі сәби Бай­бураның ормандағы көп ағаштың бірінің қу бұтағына ілініп тұрған жерінен әкесі тауып алып, кеш қарая үйге қайтатын жолында сайтандар ордасына тап болатын оқиға да оқушыны бей-жай қалдырмайды. Бұл да аңыз оқиға. Бала кезімде әжемнің айт­қандарынан құлаққа сіңісті болған аңыздың көркем шығармада бас кейіп­кердің басынан өткен оқиға ретінде жо­лығуы күтпеген дүние еді. Аңызды бізге жеткізушілер: «Жеті қараңғы түнде, ай­дала­да от жағып, ет қақтап отырған бір топ адамға жолыққан молда қария (кей нұс­қасында кемпір деп те айтылады) олардың жол кескен албастылар екенін ұғып, ішін­дегі басшысын ұстайды. «Қоя берші» деп жалынған сайтан молдаға адам баласына тиіспеуге серт беріп, таңдайындағы алтын тиынын кепілдікке ұсыныпты. Арада уа­қыт өтіп, сол молда қайтыс болған күні адам кейпінде көңіл айтушылармен бірге оның үйіне келген сайтан сандық түбінде тығу­лы жатқан тиынды тауып алып, жө­ніне кетіпті», – дейтін. Ел арасына кең тара­ған мұндай аңыз-әңгімелерді көркем шы­ғарма кейіпкерінің басынан өткен оқиға сынды жазу шығармаға немқұрайлы қарау емес пе?

Жазушы Асқар Алтай шығармашы­лы­ғына қатысты айтылған оң пікірлер аз емес екен. Мүйізі қарағайдай академиктерден бастап, жас сыншыларға дейін қаламгер туындыларына жақсы баға беріпті. Қуан­татыны да осы. Жазылған шығармаға жан-жақты талдау жасалып, түрлі көзқараста сын айтылып жатса автор еңбегінің еш кетпегені. Бірақ біз оқыған «Туажат» романы бір қайнауы кем, толық піспеген туынды сияқты көрінді. Сөз қайталау­ла­ры­ның тым көп болуы, бір абзацтағы сөй­лемдердің кейде түгелдей жедел өткен шақ формасында аяқталуы да романды қай­талап тексерудің, сөз бен сөйлем құры­лы­сына жіті назар аударудың аздау болғанын аңғартқандай. Модерн жанрында жазыл­ғаны себебінен шығар деп топшыладық, әйтпесе, көлемі де романға келіңкіремейді. Ұзақтау хикаят дер едік.

P.S.: Ертеректе Еуропада ең қысқа роман жанрында арнайы әдеби байқаулар ұйымдастырылып тұрыпты. Талап күшті. Шығарманың басы, шарықтау шегі және соңы болуы тиіс екен. АҚШ-та өткен сондай бір конкурсқа атақты әңгімеші О.Генри де қатысып жеңімпаз атаныпты. Сондағы жазғаны: «Жүргізуші темекі тұтатып бензобакта қанша жанармай қалғанын көруге еңкейді. Марқұмның жасы жиырма үште еді», – деген сөйлем екен. Бұл сөйлемді қазылар «роман» деп танып, жеңісті жазушыға берген екен. Сондай-ақ, атақты Хемингуэйдің де «Бүлдіршіннің аяқ киімі сатылады. Киілмеген» дейтін төрт сөзден тұратын трагедиялық «романы» туралы да пікірлер бар. Бір қарағанда еріккеннің ермегі, баланың ойыны сияқты көрінеді. Алайда, көптеген батыс әдебиетшілері мұндағы мақсат – романды жазуда емес, жазушының шығармашылық шеберлігін сынауда екенін айтады. Тұтас бір қоғамның келбетін немесе бір адамның тағдырын, азабын, қуанышын сыйдырып тұратын сөйлем жазу, сөйлем емес-ау, роман жазу қиынның қиыны.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір