АҚЫН ДАРА ШАУЫП, ЖҮЙРІК БОЛМАЙДЫ
01.04.2016
3839
0

Айбатыр Сейтак MCM_5747Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының қызметкері, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, «Шабыт» халықаралық байқауы­ның лауреаты, «Ғұмыр­нама», «Ай мен Ару» жыр жинағының авторы Айбатыр СЕЙТАҚ биыл ер жасы – елуге толды. Осы орайда ақынның айтар ойы, арман-тілегі арқау болған сұхбатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.


 

– Қазақта «Ер туған жеріне…» деген ма­қал бар ғой, өр Махамбет тұлпары тұяғы­ның ізі қалған қасиетті Нарын жеріне барып тұра­сыз ба?

«Аңызақ алып қашады, Қып-қызыл құм­­­ның көрпесін!», – деп өзіңіз жырға қос­­қан құмды ауыл кейпі  көзіңізге жиі елес­­тей ме?

– Әр адам үшін туған жері ыстық. Бар­лық адам өзінің туған өңірін мақтан тұта­ды. Адам өмірге келерде ата-анасын, хал­қын, туған жерін таңдай алмайды деген ұғым бар ғой. Алла қандай жерді бұйыртса, сол топыраққа кіндік қаның тамады. Ба­ғы­­мызға орай біз жері көрікті, қарағайлы, ор­манды, шөбі шұрайлы Нарынның бір бөл­­шегі – Жасқұс құмында дүниеге келіп­піз. Орданың тарихи мекен екені баршаға аян. Туған жеріміздің осындай қадір-қа­сие­ті біздің бойымызға ұлттық құн­ды­лық­тарды, ана тіліміздің құнарын, салт-дәс­түрімізді тереңірек сіңіруімізге мол ықпал етті. Жел айдаған қаңбақтай жадағай болмау керек екенін білдік. Құмдай ыстық, сал­­мақты, қасиетті, құнарлы, сулы-нулы болу қажет деген ой түйдік. Өз жерімізден шық­­қан әйгілі тұлғаларды мақтан тұт­тық.

Алайда, кезінде қала болған Орданы Кеңес өкіметі әбден тоздырды, Ұлы Отан со­ғысы жылдары 48 ұжымшары және түйе, жыл­­қы зауыттары болған ауданның біраз же­рі әскери сынақ аймағына беріліп, тұр­ғын­дары еріксіз көшірілді. Құтты мекеннің азып-тозғаны жанымызды ауыртады. Тек Орда ғана емес, Торғай қаласы да, Семей өңі­рі де «өгей баланың» күйін кешті. Қа­зақ­тың осындай киелі мекендерін әдейі жою саясаты болды-ау деген ойға келесің кей­де. Өткен ғасырдың соңына қарай ер­кіндік беріліп, «өңірлеріміз енді дами түсе ме?» деген тұста нарық заманы басталып кет­ті. Дегенмен, ауылдағы тарихи мұра­жай­дың үлкен кешенге айналып, туристер келетін орталық болып отырғаны қуан­та­ды. Біз қашан да Орда ауданы, Ақ Жайық өңі­рі өркендей берсін деген тілектің үстін­де жүреміз.

Туған жерімізге сирек болса да, жазғы де­малыста барып тұрамыз. Қайда жүрсе де, туған жері адамның жүрегінде бірге өмір сүреді. Біз үшін Орда, Нарын, Жасқұс деген сөздер қасиетті.

– Ақындық – Тәңір тартуы. Сіз поэзия ауы­лына қалай келдіңіз? Әдебиетке, жалпы, өлеңге құштарлығыңызды алғаш оят­қан­дар қатарына кімдерді қосар едіңіз? Бір үйден екі ақынның шығуы Жаратқанның ша­пағаты шығар. Тегіңізде жылт еткен сәу­леден құлын-жыр құраған ата-бабалар бол­ған ба?

– Өлең жазбайтын, «әу» демейтін қа­зақ жоқ. Өз тегімізде де, нағашы жұр­ты­мыз­да да өнер адамдары болған. Бала ке­зім­нен ән-жырға құмартып өстім. 27 жа­­­сында қыршын кеткен үлкен ағамыз Ға­рифолла өлең жазып, аудандық ай­тыс­тарға қатысып, домбыра тартып, ән айтатын еді. Одан кейінгі ағайым Ғайсағали да ақын­дық пен журналистік жолды таңдады. Мен де 7 сыныптан өлең жазу­ға талпындым. Бір сыныптас қызға ғашық­тық сезімімді жырмен жеткізіп едім. Әри­не, ол кездегі жазғаныма қазір қарасам, жеңіл-желпі шумақтар екені көрініп тұр.

Мен ақындар, не жыраулар мектебінде оқы­ған жоқпын. Шіркін, сондай ортада өс­сек, сөз өнерінің дүлдүлі болар ма едік?! Он­дай «оқу орындарын» «сырттай» бітір­дім. Өзімді-өзім жетілдіруге тырыстым. Өзгеге де, өзіме де сын көзбен қарадым. Аға­лардың ақыл-кеңесін алдым. Студент ке­зімізде облыстық кітапханада Жұбан Мол­дағалиев атындағы әдеби үйірме болды, оны сол тұста «Орал өңірі» газетінде қыз­­мет жасаған ақын-жазушы, журналист аға­ларымыз құрған еді. Сонда бәріміз жи­на­лып, жаңа өлеңдерімізді талқы­лай­тын­быз.

Жас кезімізде өлеңге құштар қазақтың әр­бір баласы сияқты Бұқар жырау, Махамбет, Абайлардан бастап қазақ ақындарын тү­гел оқыдық. Тайыр, Әбділда, Сырбай, Ға­фу жырларымен де таныстық. Қасым, Мұ­қағали, Қадыр, Төлеген, Фариза өлең­дері жатталып қалды. Кітап дүкеніне түс­кен қазақ ақындарының жыр жинақтарын сатып алып, оқушы едік. 1988 жылы ақтал­ған­нан кейін Шәкәрім, Мағжан өлең­дері­мен сусындадық. Ахмет, Міржақып, Әли­хан, Жүсіпбек, Мұстафа еңбектерімен, сол сияқ­ты қуғын-сүргін жылдардағы қа­сі­рет­ті оқиғалар туралы материалдармен танысу мүмкіндігіне ие болдық.

Ақындықтың биік шыңына жетсем деп армандадым. Жазғандарым қарағайдай кө­рікті, тамыры тереңде болуын қаладым. Өлең­дерің сынға, әжуаға, пародияға ұшы­рамайтындай болуы керек қой.

Мысалы, Абайдың ұлылығы неде? Абай­дың әр шумағының әр жолында ой жа­тыр. Сондықтан бір шумақ өлеңдегі төрт жолың төрт жаққа қарап, «ары тарт, бері тарт» болып тұрмауы қажет. Сөздің қа­дірін біліп, қасиетін жоғары бағалайтын аға­ларымыз «Ұйқастарың балталаса да бұ­зылмайтындай болуы тиіс!» деген қа­ғи­даны үйретті.

Ақын дара шауып, жүйрік болмайды. Оған жас кезінде-ақ тәрбие мен ақыл-кеңес беретін әдеби орта керек. Тіпті «бол­ды ғой», «толды ғой» деген ұйқастармен өлең жазып жүрген өлеңшілер де бар. Әт­тең, олар әдеби ортада пісіп-жетілмей, кен­же қалып қойған ғой!

– Өмірде қол жеткізген жетістіктеріңіз үшін кімге қарыздармын деп сезінесіз?

– Біреу ғалым, біреу министр болады. Өмір жолында әркім биік белестерді ба­ғын­дыруға талпыныс жасайды. Білімі жоқ адам алысқа бармайтыны анық. Адам қан­дай жетістікке де білім берген ұстаздарының арқасында жетеді. Мен өмірге әкелген ата-анама, туған жеріме қарыздармын. Білім нәрін берген Орда орта мектебінің ұстаз­да­рына, Орал педагогика институтының оқытушыларына, өмір жолымда кездес­кен, ақыл-кеңесін беріп, ұстаз бола білген аға­ларға айтар алғысым шексіз.

Ұстаз баланың бойындағы жылт еткен та­лабын аша білуі қажет. Өлең жаза бас­та­ған кезім еді. Бір күні қыс туралы өлең жаз­­дым. Соны  байқаған  сынып жетекші­міз Ро­за апай (Әділәлиева) «Қане, Айбатыр, ор­ныңнан тұрып, өлеңіңді оқып жіберші», – деді. Сөйтіп, мен алғаш рет сынып­­тас­тарым­ның алдында өлең оқыдым. Кейін Ро­за апай менің өлең жазатыныма үлкен мән беріп, ақыл-кеңесін айтып, қанаттан­ды­рып жүрді.

Жеңіс күніне орай «Жарқырайды тақ­талар» атты алғашқы өлеңім 1981 жылы «Ор­да жұлдызы» газетінде жарық көрді. Әри­не, қуанышымда шек болмады.

Сол кезде ақындыққа  жақын маман­дық жур­налистика екенін білдік. Мектепте өт­кен әрбір іс-шара туралы мақала жазып, «Орда жұлдызына» жіберіп тұрдым. Дәп­тердің екі бетіне жазғаным ықшамда­лып, ақ­парат түрінде шығып жүрді. «Е, газет мы­на жағына мән береді екен» деп, қалай жә­не нені жазу керек екенін үйрене бастадым. Тіпті жазғандарыма «бір сом елу тиын» деген сияқты қаламақы алатын бол­дым. Не керек, менің журналистикаға ұм­тылуыма «Орда жұлдызының» ықпалы өте зор болды. Ал студент кезімнен бастап жаз­ған ақпарат, мақалаларым «Орал өңірі», «Лениншіл жас» газеттеріне шыға бас­тады.

– «Жырларым жүдеп, ауырған емен,

Ықпайды қара дауылдан кемем!

…Арқалап жырды, арқам жауыр боп

Ақындық атты ауылдан келем!» – деп едіңіз, иыққа жүк артар әдеби ортада жан жа­дыратар қандай  жақсылықтар орын алу­да?

– Қазір әдеби ортаның базары тар­қаң­қырап  кетті-ау деймін. Бүгінде өлең жазып өмір сүре алмайсың. 1980 жылдары қа­ламгер бір кітап шығарса, бір ма­ши­наның құнындай қаламақы алады деп естуші едік. Ол кезде шыққан кітап елдің түк­пір-түкпіріне тарап жататын. Қазір бас­паға бір көліктің құнын беріп, кіта­бың­ды шығаруың керек болып қалды. Кітап­тарың Қазақстанның бүкіл өңіріне тарамай­ды. Оны баспаға өзің барып, мө­шек-мөшек етіп алып келесің. Нарық заманы болса: «Кітабыңды өзің сатып, пай­да тап!» деп тұр. Ақын-жазушы ел кезіп, кі­тап сатып кетсе, ар-ұяты, абыройы мен бе­делі қайда қалады?! Ондай адамның ша­быт-құсы шарықтай ма? Сондықтан бү­гінгі таңда ақын да, жазушы да тек ауа жұту­мен ғана өмір сүруге болмайтынын түсі­ніп, әр мекемеде еңбекақы алып жүр. Шығармашылық ізденістерін бәсеңдетіп алғаны жасырын емес. Ақын-жазушылар бір-бірінің дүниелерін республикалық газет-журналдардан байқап қалады. Кейде «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналынан жылт етіп көрінеді. Бүгінгі таңда қазақ қаламгерлерінің іргелі романдары да, «дәмі тіл үйіретін» әңгімелері де, ғасырлық жүгі бар поэмалары мен жыр-дастандары да жазылып жатыр. Алайда, олар кең таралып отырған жоқ. Жаңа туындылар көп насихатталмайды, сондай бір құнды кітап шыққанын естісең де, оны еш жерден таба алмайсың. Әншіге ғана емес, бүгінде ақын-жазушыға да бір продюсер керек болып тұр-ау…

Өрелі өлең, тұшымды ой жазудың ермек емес екенін ұғынатын кез келер. Біздің қоғам қаламгерлерге де оң көзқарасын танытар деп ойлаймын. Өйткені, рухани байлығы жоқ ел де, халық та азады.

– Өлеңдеріңізді музыка тілімен сөй­лет­кендер де аз емес шығар?

– Әр өңірде тұратын композиторлар ән жа­зып жүр. Дегенмен, әннің табиғаты бір бөлек қой. Поэзия мен ән мәтіні екі басқа. Әділбек Сүлейменов, Донеділ Қажымов, Қажығали Омаров, Мұңлыбек Шығанбаев, Марат Омаров, Амангелді Сұлтанғали, Жал­ғас Кеңесов, Әкім Ысқақ сынды аға­ла­рым және өзіммен шамалас дос-жол­дас­тарым Қайрат Темірғали, Асқар Та­па­қов, Қайрат Нұрғазин, Серік Әбдінұров, іні­лерім Нұрлан Бекенов, Нұрлан Мағ­зұ­мов бірқатар өлеңдеріме ән жазды. Сөзімді халыққа жеткізіп жүрген композиторларға да, әншілерге де ризашылығымды біл­діре­мін.

– Қазір Сізді қандай ойлар мазалап жүр?

– Қазақ халқының кеңпейілділік, қо­нақжайлылық, үлкенді құрметтеу, жасты сыйлау, бір-біріне қолдау жасауға әзір тұра­тындығы сияқты асыл қасиеттері сақ­талса екен деп тілеймін. Ана тілінен ажырап қалған дүбәра ұрпақтың ұлттық құн­ды­лықтарымызды ұғына алмай жүргені алаң­датады. Алла қазақты сиырдың бүй­регіндей бөлек-бөлек болып кетуден сақ­тасын! Кейбір қандастарымыз тіл білмейді деп жүргенде, енді ол аз болғандай, әр түрлі діни ағымдардың арбауына кіріп, отбасын басқа бағытқа алып кетіп жатқан бей­бақтардың тағдыры қатты мазалайды. Бір ұлттың бірнеше дінге бөлінуі – үлкен қасірет. Қазір Таяу Шығыстағы бірқатар елдерде соғыс жүріп жатыр. Тұрғындары амалсыздан босып кетті, Еуропаға пана іздеп барып жатыр. Ал бейбіт күннің ба­ғасын білмеген біздің кейбір бауырлар «мұсылмандар үшін күресеміз» деген оймен Сирияға асып кетті. Өздері ғана емес, әйелі мен кішкентай балаларын алып кеткендері қаншама?! Қазір ерлері шейіт болған соң, олардың әйелдері күң болып кетті ме, ол жағы белгісіз. Ал өздерінің ер­кінсіз соғыс жүріп жатқан елге барып қалған қазақтың шиеттей балалары қайда қалды екен? Олардың болашақ тағдыры не болмақ? Осыны ойлайтын жан бар ма екен?!

– Елу жастың желкенін есерде кейінге тағы бір қарайладыңыз ба? Қай шыңды ба­ғын­дырып, қай шоқыда ізіңіз қалды екен?

– Қай жасқа келсе де «Мен не бітірдім?» де­ген сұрақты әркім өзіне қоятыны анық. Ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Бар бі­тір­геніміз ауылдан Астанаға жеткеніміз шы­ғар. Өлең өлкесінде мақсатым орындал­ды деп айта алмаймын. Тек жасаған ең­бе­гім арқылы Оралда, Қостанайда ізім қал­ды. Елорданың қарапайым бір тұр­ғы­нымын. Отбасымда балаларым өсіп келеді.

Уақыттың жүйрік екенін ұғындым. Бір ке­з­дері «Осы 2000 жылы не болар екен?» деп ойлап жүруші едік. Ол-ол ма, қазір 2016 жылдың да екі айы артта қалды. Бірақ қай қызметте жүрсем де қолымнан қаламым түскен емес. Мақсатым – кейінгі ұрпаққа жауһар жырларымды қалдыру. Қара сөзбен жазып жүрген ойларым да бар. Мақалаларым мен айтар ойы бар адамдармен жүргізген сұхбаттарым да бір төбе.

– Тұлпар боламын деп өсіп келе жатқан жас­тар бар, олардың шабысына көңіліңіз то­ла ма?

– Жалғасын тапқан өнер ғана – мәң­гілік. Дарынды жастар қай өңірде де бар. Алайда, бәрі жан-жақта шашырап жүр, бірінің дауысын екіншісі естімейді. Тіпті, олардың дауысын мына меңіреу ҚОҒАМ да естімейді. Ендеше, күнделікті тірліктің қамымен жүрген адамдар қайдан естісін? Ең өкініштісі – осы. Жас дарын иесін баға­ла­маудан өткен немқұрайлылық жоқ! Ке­зін­де Мұқағалиды жоғары жақ мойындама­ған ғой. Сонда қайран Мұқаң әр қазақтың баласын тоқтатып алып, өлеңін оқып бе­ріп: «Айтшы, мен осы ақынмын ба?» деп сұ­райтын көрінеді. 45 жасында дүниеден озды. Күні кеше туғанына 85 жыл толу ме­рейтойы аталып өтті. Өмірдің қызығы мен қуанышынан гөрі, азабы мен шыжығын көбірек көрген, жапырақ-жүрегіне қолдау көрсетіп, жанын ұғатын адам іздеген сол Мұқағали бүгінде Алты Алаштың аузынан түспейтін ақынға айналды, жыры халық­тың жүрегінде жатталды. Әттең, сол құр­меттің бір бөлігін тірі кезінде көрсе ғой деп ойлайсың.

Дамып келе жатқан поэзияның биік та­лабынан шығып жүрген жастар аз емес. Та­биғатпен сырласатын, махаббат толғау­ларын жазатын, жастық астына жасырған эротикалық жырларын да ұсынатын дауылды, жауынды жас перілер бар. Ақын – ар-намыстың иесі. Ақыны көп ел алға бас­тайды. Мен жас ақын-жазушылардың қатары көбейе түскеніне қуанамын.

Әрі олар әдеби ортада жиі бас қосып, аға буынның ақжолтай батасы мен бағасын алып отыратын болса, шабыттары шырқау көкке самғайтынына кәміл сенемін! Жазушылар одағы тарапынан қолдау қажет.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Гүлнар ҚАДЫРОВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір