ӨЛЕҢДЕ ДЕ, ӨМІРДЕ ДЕ ЖОЛЫ ӨЗГЕ…
01.04.2016
1382
0

Рисунок2(Ақын, ғалым, академик Бағдат Телтаевтың шығармашылығы қақында)

1989-90 жылдары журфактың М.Сералин атын­дағы әдеби бірлестік жетекшілігі маған жүк­телді. Студенттермен ән-жыр кештерін, ақын-жазушылармен кездесулер, ақындар айты­сы, тағы-тағыларды ұйымдастырып, өз мінде­тім­ді абыроймен атқаруға тырыстым. Бір күні Алматы автожол институтының студенттер тарапынан комсомол жетекшісі Бағдат Телтаев пен Қали­жан деген ақын жігіт екеуі мені жатақ­ха­надағы бөлмеме іздеп келді. Амандық, таныс­тық­­тан соң жөн сұрасқанда олар өз оқу ордаларында қалалық ақындар айтысын ұйым­­­­дас­­ты­рып, оған бізді де шақыра кел­гендігін айтты. Ертесінде бірлестік ақындары топтасып барып, үлкен айтыстың дүбірін көтердік. Содан бері әр жерде Бағдат екеуміз бір-бірімізбен отыз шақты рет айтысыппыз. Оның моңғолиялық қандасымыз Тоқта­мұратпен, Бекболат Тілеуха­нов­пен, Нұрлан Әбдібековпен, Аманжол Әлтаев­пен, Елена Әбдіхалықовамен, Бекжан Әшір­баев­пен, Оразалы Досбосыновпен, Мұхтар Бөпе­таев­пен, Айгүл Асановамен, басқа да айтулы ақын­дармен болған сөз сайысы сол кездегі за­манауи мәселелерге өз тарапынан үн қосты. Бүгінде ел ағасының жасына келіп қалған Бағ­дат­­тың азаматтық қыры мұнымен шектелмейді. Ол әдебиет пен өнерге де, техника ғылымдарына да сүбелі үлес қосқан жан-жақты тұлға.

…Сағым қиял сәбилік сар далада

Сықылықтап күледі менсіз бүгін, (Балалық шақ – бал дәурен, өткен елес), – деп, өзі жыр­лаған Мер­кідегі Жауғаш батыр ауылында дүниеге келіп, Шудағы Аманкелді орта мек­тебін үздік бі­тіріп, Алматы автомобиль-жол институтын қы­зыл дипломмен тәмамдаған ол сол инс­титут­тың оқытушысынан кафедра мең­герушісіне, Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының президентіне дейін көтерілді. Ол бүгінде техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақс­тан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы­ның құрметті мүшесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік және Халықаралық Көлік академияларының академигі, Қазақстанның және ТМД-ның құрметті жолшысы, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде әлемнің көптеген елдерінде жарық көрген 600-ге жуық ғылыми ең­бек­тердің, оның ішінде 7 ғылыми моно­гра­фияның, 10 оқу құралының, 16 патент пен 5 тер­минологиялық сөздіктің авторы. Бұларға қосымша оның жалпы сараптамасымен 13 монография мен оқу құралы жарық көрді. Б.Телтаев­тың ғылыми жетекшілік етуі­мен 5 ғылым докторы және 28 ғылым канди­даты қорғалды. Ол – ғылым саласынан Қазақ­стан Жастар одағы сыйлығының иегері.

Енді Қазақстан Жазушылар одағының мү­шесі, бірнеше жыр мүшәйраларының жүлдегері атанған оның өлеңдеріне де тоқталайық.

Өзін түлеткен ауыл тақырыбына әркезде бір оралған Бағдат кейінгі бір көріністі:

Төбенің өркеш етегіндегі

Бесалты үй қалды құлазып,

Сары тышқан ғана мекеніндегі

Сабылып, жинап жүр азық, –

дейді. «Сары күз. Сағыныш» деген бұл өлеңі «Үй­де ит жоқ, тышқан аулар қайда көрсең» дей­тін ­жолдары бар Абайдың «Күз» атты өлеңің еске түсіреді. Бір жағы – Тәуелсіздік қар­саңындағы аласапыран қиыншылықтар ауыл халқының басым бөлігін қалаға көшуге мәжбүрледі. Бұдан қазақ ұтылған  жоқ. Өйт­кені, пәлсапа заңдылығы бойынша қала кім­нің қо­лында болса, мемлекет соныкі. Бір күні университетте лекция оқып отырған профессор Т.Амандосов:

– Жастардың бәрі қалаға ағылуын тоқтатар емес, ауылдағы малды кім бағады? – дегені есім­де. Зиялы қауымның айтқанын істеп, қа­зақ жастары ауылдағы мал соңында қалғанда Тәуелсіздік үшін Желтоқсанда бас көтеретін де жастар болмас еді.

Шырмауықтың шыққанмен гүлі шатырға

Тарамыс болып тамыры жерде жатады

Немесе:

Туған жерімде кесілген кіндігімменен

Қалыпты бірге мәңгілік менің тамырым(Ауылға бара жатырмын). Бұдан ұққанымыз – ұлт зиялыларының көбі ауылда, дала топы­ра­ғын­да түлейтіндігі. Ұлттық тәуелсіздігі жоқ елдің қа­ласында туғандардан ұлт мүддесінің күрес­кер­лері шыға бермейді. Шыққандардың өлең­дегі­ шырмауық сынды ұшар басы шатырда бол­ға­нымен тамыры дала топырағында жатады. Ал қаладан У.Шекспир, Н.В.Гоголь, А.И.Герцен, А.Дюма, Н.Чернышевскийлерді дүниеге келтіру үш­ін ұлттық мемлекет тұтастай мемлекеттік тіл­де сөйлеуі тиіс. Бағдаттың дала топырағынан сіңір­ген қасиеті әр саланы мең­геруіне ғана мүм­кін­дік жасап қоймай, 31 жасында мәскеулік ға­лым­дарды сұрақтан жаңыл­дырып, өз саласын­дағы ең жас ғылым докторы атануына да мүм­кіндік берді. Ғылым­дағы арасалмақ оның қоғам­дық көзқарасына да ық­пал етіп, еркіндіктің қадір-қасиетін ұлық­тауды үйретті.

Жүрген екем жылдар бойы сағынып,

Ауыл емес, ауылға ұқсас даламды

Жеріміздің әр түпкірін өз ауылындай көр­ген ақын бала күнде өзі суына шомылған Тоқ­таш өзеніне:

Сенің суың сіңгенде құм далаға,

Менің жаным толады мұң-налаға, –

дейді. Сосын төмендегі жыр жолдарында елдік мәселеге ауысады.

…Түрі жатқа тәттісін түгел сыйлап,

Өзің тарттың азабын кеңдігіңнің…

…Жердің асты сары алтын – сенікі емес,

Ал, үстіне билігің жоқ қолыңда…

…Пенденің бәрі біздерді түсінбегенімен

Олардың бәрін тырыстық түсінуге біз…

…Араға түсіп, арқаға сойыл тисе де,

Өзгелер емес, өзіміз, – дедік, – кінәлі…(Әбділдә Оңалбековке),

…Астанасы қазақтың –

Баспанасы орыстың…

Бұл – тоқсаныншы жылдардың жан ай­қайы. Өзімізде басталған Желтоқсан кө­те­рілісі­нен кейін-ақ, Кеңестер Одағының әр түп­кірінен бой көтерген қозғалыстар отар­лықтың ордасын сетінетіп, тарихтың шері

 – Қасиетті даланың кегі – мұхит,

Тасыса бір, білмеймін, не болады?.. –

деп, ақын айтқандай, теңізден бетер ақтарыл­ды. Шердің түбі немен тынады дегенге:

…Жүректің жасын жинап бір төгетін болса,

Сахараға да жайқалып гүл өсер еді, –

дейді. Кейінгі демократиялық жаңғырудың басы 1988 жылдары саясаттан гөрі, әуелі тіл мәселесі, сосын ядролық сынақтар мен басқа да экология­лық апаттарға қарсылықтан басталған еді.

…Қар дегенім қатқан жасы шығар-ау

Сәуле тиген сәбиінің Семейдің…

 

…Жаңылысып сыңғырынан бал бұлақ,

Бүрсең қағып қалды дала, қалды бақ,

Күнтізбеден бір қателік кетті ме?

Бүкіл ғалам…

Мүмкін емес ол, бірақ…

 

…Байқоңырдан көтерілсе бір кеме

Байқадамда жел тұрады, белгілі… 

Ақын бәрін де айта келе:

– Теректі көрдім құрт жеген тамырын, діңін,

Жапырағының бірінен өзімді көрдім… –

дейді. Бодандықтың зардабынан қалған қай­шы­лық­тармен күресу үшін де жаңа бір өзгерісті жақындатып тұрған қоғамдық жағдаят (ситуация) қалыптасуы қажет. Әйтпегенде:

– Қайшылығын шешеміз деп тағдырдың,

Қайшысына қалғандар көп қиылып, –

деп, ескерту де жасайды.

…Талбесіктен басталатын қайшылық

Жербесікке жеткеніңше қалмайды…

– Бұл да пәлсапалық тұжырым. Сондай қайшылықтармен күреске бел буғандар:

«Қазақтан небір қырандар шықты қалықтап,

Құлаттым бәрін қолымен жаттың шалып қап», –

деп, Бағдат айтқандай, тақиямызға тар келіп жатады. Қайшылық – пікірдегі қарсылықтың нәтижесі. Енді ақын болмысының қайшы­лық­тағы кезінен жайшылықтағы кезіне ауыссақ та арагідік пәлсапалық ой-түйіндерін естіп қала­мыз. Көбіне ол антикалық дәуірдің философтары жайлы да сыр шертеді.

…Өлім берген табиғат оныменен

Күресудің жолын да көрсетеді…

…Білетінім – өлімсіз болсам өзім,

Сүргім келмей өмірді қалатыным…

…Мен әйтеуір ғашықпын соны білем,

Бүгін жоқтың қолымда барлығына…

…Ғұмыры табиғаттың мәңгі ауысып,

Отырар бізге тылсым дәстүрменен…

Бұл жыр жолдарында материалистік та­ным­­да­ғы өзгерістердің заңдылығын, өмір мен өлім­нің, бар мен жоқтың адам көзқарасындағы өл­ше­мін, тағы-тағыларды өз сараптауымен тілге тиек етеді.

…Басыбайлы пендесі болғаннан соң,

Бақытына іңкәрмін жер үстінің,..

немесе:

…Өмір-ау, сені сүрем деп,

Жетекте жүрмін сүмеңдеп…

Осы жыр жолдарына мән берсек, адамның жа­­рық дүние заңдылығынан тыс ешбір әре­кетке бара алмайтын пәнидің құлы екендігін де аң­ғарамыз.

…Құстың дағы қасқыр алар қыраны

Кіп-кішкентай жұмыртқадан шығады.

Қарап тұрсақ, ғұмырың да ең ұзақ

Қысқа-қысқа сәттерінен тұрады…

Бұл жоғарыдағы ойымыздың мысалы.

…Жүректің тамған жасына ғана

Ақ парақты алып тоспақпын… –

деп өлеңге ар тұрғысынан мән берген Бағдаттың төмендегідей суретті, образды жолдары да аз емес.

…Хрусталь көңіл соғылып тасқа,

Қиюы келмей азапқа салды,..

…Өз кеудеме мен өзім сыя алмадым,..

…Жүректің мына мендегі

Кімдікі екенін білмеймін,..

….Қорғасын ойлар қонып ап езіп сананы,

Пұшайман сәттен пендеде сезік қалады.

Қиялым – тұлпар,

Үстіне жерді мінгізіп,

Ғарыштың түнек қойнауын кезіп барады.

…Кеудемдегі көрінбес күміс тордан

Біз шағала шыға алмай шарқ ұрады,..

Немесе:

…Намысымның қолымен шымшылады…

…Көңілдің туын көтерер,

Тауып менің күлкімді…

Кез келген ақын өзіне дарын берген таби­ғат­ты өз туындыларымен толыққанды суреттеп шығуы мүмкін емес. Өйткені, табиғат өз суретін өзі пендеден асырып салып қойған. Бұл салаға Бағдаттың да қалам тербеуі – табиғи сұлулықтан әсерленген шабыт пентабиғатқа деген өзіндік қошеметтің нәтижесі.

…Түзден ескен самалдың да сыбдырын

Жұтып қойған бір меңіреу тыныштық,..

 

…Жыраларға жасырынған сары күз

Сала алмай жүр салқын лептің құрығын…

Осы жыр жолдарында табиғат қалай елік­тір­се, оның өзі ұнатқан адамына деген табиғи құш­тар­лық та солай еліктіріп, жүрегін жаулайды. Сон­дықтан Бағдаттың тағы бір өзекті та­қырыбы – махаббат.

…Гүлге сені теңейін-ақ деп едім,

Гүл ғұмыры меншігінде бір жаздың,..

…Адастырып қараңғылық тайғанда

Қорқамын мен қалам ба деп қайраңда…

…Сенімінен шыға алмадым мені ойлап,

Талай таңға көз ілмеген бір қыздың…

Осылайша жастықтың жетегінде ғайып бол­ған талай қыздар кезінде көздің жауын алып, небір жыр шумақтарының тууына да ­түрткі болып еді. Әйтсе де, ақын арманындағы ару мына бір жолдардан нақтырақ байқа­ла­ды:

…Жеткізген арман арман ба,

Арман боп қалшы жетпеген,..

сондай-ақ:

…Мен тілеймін – арулар алынбайтын

Қамалдай боп қол жетпей тұрса екен деп…

«Түсіме еніп тіл қаттың», «Қайдасың, көк­те­­мім?» атты әндері Бағдаттың домбыра, гитар­дың құлағында ойнайтын өнерпаз ғана емес, саз­гер екендігін де танытты. Домбыра демекші, сту­дент кезіндегі «Зерде» журналында жария­лан­ған «Домбыра физикасы» деген еңбегінде ол ұлт аспаптарының үн шығаруы мен оның әсер­лі жетуін қамтитын заңдылықтарды да зерттеп жүргені есімде.

…Мені судан таза, сүттен аппақ деп,

Айтқандарға, өтінемін, сенбегін…  –

деп, пенденің бәрі періште болмайтындығын өз болмысы арқылы әдемі жеткізген. Осындай иман, тәрбие мәселесі оның шығармашылы­ғы­­ның шоқтығын танытқан «Ар соты» және «Үміт» атты поэмаларында ерекше көрініс табады.

Екі туындының да тілі жеңіл, оқырманға түсінікті. Жан шеріңді қозғайтын эмоциялық әсер­ге де бай. Бағдаттың шығармашылығы рес­­пу­бликалық «Жұлдыз», «Жалын» , «Қазақ әде­иеті», «Лениншіл жас», «Жас қазақ», «Өр­кен» ба­сылымдарында жарияланды және «Өлеңбаян» атты жыр жинағы жарық көрді.

Аманғазы КӘРІПЖАНӘУЛЕТІ,
ақын, сазгер,
Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір