ПАРИЖДЕГІ ЖАЗБАЛАР:  «КҮЙЕУ БАЛА»
18.03.2016
2136
0

ЖанарЖанар ӘБДІШОВА

«Манас» әуе алаңына келіп қондық», – деп бастады сөзін жаңа танысым. Бізге бөлінген ғимаратқа келіп, орналасып алдық.

Ауа райы жайлы. Қоңыр салқын са­мал желпіп, жаныңды жайландыра­ды. Күн төбеде жарқырап тұр. Біз ке­лер­дің алдында жаңбыр жауып өткен екен, айнала тап-таза, көкпеңбек… Ай­­налаға қа­ра­саң, бас киіміңді қо­лы­ңа алып, айғайлап, жүгіргің келеді, ба­ла болып кет­кің келеді… арқаңа қа­нат бітсе, ана-а-у көкпеңбек аспанға ұшып барып, елбіре­ген, ақ шарбы жеп-жеңіл бұлттарға оранып,  сіңіп те кеткің келеді… тіпті болмаса, құс та болғың келіп кетеді…

Бұл жерде бір… жанға жайлы жы­лы­лық, бала кезде оқыған ертегілерде кез­десетін, «барсақ, көрсек!» деп, ар­ман­да­ған аппақ тау… өндіріс, за­вод­тар­дың «ты­­нысымен» «ауырламаған», бө­­бектің жанындай  тап-таза, жеп-же­ңіл, жаныңды жадыратып, көңіліңді көтеріп, еліктіріп, сарайыңды ашып жі­беретін саф ауа… та­би­ғи тазалық бар еді… Жергілікті адам­дар­дың  жүз­де­рі де жып-жылы… Осының бәрі ме­ре­ке тілеп тұрған сияқты әсер етеді.

Біздің офицерлердің көңілдері көтері­ліп, желпініп, «Қаланы көрсек!» деп, сөз шы­ғара бастады. Бір уақытта «Сені бас­тық (шені подполковник) шақырып жатыр!», – деді.

Сымдай болып, киініп бардым. Рес­ми амандасулардан кейін ол сөзді көп созбай: «Арамызда жалғыз орысша білетін сен ғана екенсің. Әйелің қа­зақ. Бұл жақ саған таныс.Қазақстан мен Қырғызстан – бауырлас мем­ле­кет­тер.

Кедендік әкімшілікке барып, сөй­ле­сіп, рұқсат алып бер!», – деді.

Мен терлеп кеттім. Орысшамның жайы өзіме белгілі… не айтамын? Ті­лім жете ме? Түсіндіре аламын ба? Өзім­ді өзінің аңқаулығынан қақпанға түскен аң сияқ­ты сезіндім… Буланып кеткен кө­зіл­дірігім­ді алып, сүрттім.

«Болды, болды!», – деді подполков­ник. – «Барамын дегендердің бәрін алып бар. Рұқсат алып, содан ары бара беріңдер. Кел­ген соң, жағдайды айтып, маған офи­цер­­лердің аты-жөні жа­зылған тізімді бе­рерсің!», – деді.

Қолымды шекеме қойып, жүз сек­сен градусқа шыр айналып «Болады!» деп кет­тім. Ішімнен «жағдай қалай бо­лар екен?!» деп, қобалжып келе­мін…

Сонымен бәріміз сарт-сұрт етіп, бір­демде шырттай киініп алып, кеден­дік әкім­шілікке келдік. Айналасы тып-ты­ныш. Жан адам жоқ. Қарасақ, бір терезе бар екен. Соны қақтым. Се­бе­бі, Қазақс­танға келгенде, құжат­тар­ға байланысты көп мәселелерді осындай жалғыз терезе ар­қылы шешкенбіз. Қырғызстан да бар­лық жағынан со­лар­ға ұқсайтынын бірден байқадым.

Тарс етіп ашылды. Ар жағынан қа­ра торы әйелдің беті көрінді. Ол круиз­ге ба­ра­тындай өте ашық түс­термен макияж жасалған, қысыңқы көзімен бізді бір шол­ды да, қияқтай қылып боялған қасын көтеріп:

– Да! – деді қатқыл дауыспен. Те­ре­зеге төніп тұрған мен дауыстың қат­тылы­ғы­нан басымды кегжең ет­кізіп тартып ал­дым. Бірақ қыздың кө­мірдей қап-қара көздерінің  жауап күтіп, жемтігін аңдыған жырт­қыштай, ма­ған қадалып қарап тұрға­нын кө­ріп:

– Француз әкімшілігі (администрация) келіп тұр деңіз. Бір сұра­ғы­мыз бар! – де­дім мен де даусымды ба­рын­ша кө­теріп.

– Сейчас! – деді де кішкентай те­ре­зе мұрнымның алдында сарт етіп жа­былды. Мен тағы да, өзім де бай­қа­май, артқа қа­ра­та кегжең ете қал­дым.

Қарсы жақтағы адамның не аман­ды­ғы жоқ, не саулығы  жоқ, не жылы жүз та­нытпай терезені қатты жап­қа­ны­на қа­рап, қобалжып қалған офи­цер­лер: «Не бол­ды?!», – деп шошып кет­ті. Мен осылай айғайлап сөйлейтін енем есіме түсіп, жым­иып, жайбарақат: – «Айтуға кетті», – дедім.

Аузымды жиғанша, жаңағы қыз пай­да бола кетті де, отырған жеріне кі­ріп, есі­гін жауып алды да, бір қағаз алып, орысша: «Кіріңіздер!» – деді.

«Қайда кіреміз?» – деп аңтарыла қа­раған біздерге жол көрсеткендей, кіш­кентай тор көздің ар жағында отыр­ған қыз оқтай атылып шықты да, ал­дымызға тү­сіп, таудағы тағы аңдар­дай баспалдақ­тар­­дың екі-үшеуін бір-ақ аттап басып, екін­­ші қабаттағы бір бөлмеге ертіп барды.

Біз артынан топырлап, жүгіргендей болып, әрең үлгеріп келеміз.

Төрде, есікке қарама-қарсы қо­йыл­­ған үлкен столдың ар жағында,  қо­мақты биік креслода  шашы сарыға боял­ған, қасын қап-қара, жіп-жіңішке қы­лып сызып қой­ған, мойнында сал­мақты алтын алқа, құлақта салмақты, салбыраған алтын сыр­ға, тырнақтарын қып-қызыл ғып боя­ған, быр­ти­ғ­ан, аппақ саусақта­рын­да қымбат тас­тары баданадай-бада­на­дай үш-төрт алтын жүзіктер салған,  макия­жын, ернін өте ашық түстермен боя­­ған, кеудесінің ойығы тым-тым төмен көк көйлекті, толық, ақсары әйел қа­­­быр­ғаға жағалай арқалықтары биік орындық­тар қойылған, терезелері үлкен, абажадай кабинетте жалғыз өзі күтіп отыр екен.

Қомақты қос анарының ор­та­сын­да­ғы төмен түскен жіп-жіңішке «жыл­ға» ма… жоқ, әлде «сызық» десек бола ма… бала кезі­міз­дегі аспаннан талай қы­зықтаған құс жолындай жанарымызды арбап, бәрі­міз­дің қадалып қал­ғанымыздан ыңғай­сыз­данды ма… ол аппақ, толық білектерін  кеудесіне ай­қастырып, қаусырынып, шал­қайың­қырап отырды да, даусын кенеп:

– Отырыңдар! – деді. – Едірейіп тұ­рып қалған бізге тағы да қой көз­де­рі­мен шо­ла қарап, даусын жұмсартып, басын иіп, орысшалап. – Отырыңдар, оты­рың­дар! – деді жылы шырай та­ны­тып.

Оның сөзін офицерлерге аударып бер­дім. Бәріміз отырдық.

– Кто из администраций? – деді. Мен орнымнан тұрып едім, сұқ сау­са­ғын шошайтып, қасындағы орын­дық­ты нұсқап: «Отыр!» деген ишара жа­сады. Нұсқаған орнына отырып едім, ол маған ұзақ қара­ды.  Ыңғай­сыз­данып отырмын, бірақ не айтады екен деп, мен де көзімді алмаймын. Бір уақытта:

– Как дела? – деді.

– Карашо, – дедім.

Ол қарқылдап кеп күлді. Жұп-жұ­мыр иықтары селкілдеп, қомақты, то­лық кеу­де­сі теңіздей толқып, күл­кі­сін әрең бас­ты.

– Молодец! – деді қою қоңыр даусымен.

– Город хочем смотреть! – дедім.

Ол маған біраз қарап отырды да, быртық аппақ саусақтарын бүгіп, сояу­дай тырнақтарымен столды тырсылдатып:

– Ертең сағат тоғызда келіңіздер!  Сау болыңыздар! – деді.

Мен орнымнан тұра беріп едім, қа­сымдағы офицерлер де дүрк кө­теріл­ді.

– До сведение! – деп, есікке бетте­дім.

Артымнан шыққан офицерлер: «Не болды?» – дейді түк түсінбей, аң­та­рыла  қарап. «Ертең шешеді!» – де­дім.

Олар барлық мәселені осылай екі-үш ауыз сөзбен қатты-қатты сөйлеп, шеше салған маған таң қалып қарап қалды.

Мен болсам, күлегеш «алтын» әйел­дің «молодец!» деген сөзі есімнен шықпай, көңіл күйім онша болмай, қабағымнан қар жауып келе жатыр едім…

Келе салысымен жағдайды под­пол­ковникке кіріп, баяндадым. «Қа­ланы аралаймын!» дегендердің тізімін де алдына қойдым. Бұл тапсырманы тап-тұйнақ­тай етіп, тез орындағаныма ол риза болып қалды.

Ертесінде біз рұқсат қағазын алып, қа­ланы әбден араладық. Казармаға қай­тар­да бір кішірек мейрамханаға кіріп, қасымдағы жолдастарыма әйе­лім жиі жасайтын «қазақша ет» пен «лағман» деген тамақтар алып бердім. Оларға бұл тағамдар өте ұнады.

Венецияның, итальяндықтардың «спа­гетти» деп, әулие қылып жейтін тағамының Марко Полоның шығысқа саяхаттап барып, үйреніп келген «лағ­манның» оңайлатылған түрі екенін бірден сездік. Мына қуырылған еттің астындағы «спагеттидің» қолмен созылатынын айт­қанымда, офицерлер «О-о-һ!» деп, бастарын шайқап, таң қа­лып қалды. Осынша қамырды қол­мен созу – олар үшін Бастиллияны қарусыз алумен бірдей еді…

Бәрі «лағманның» дәмі Венецияда, Италияда, Францияда соуспен, сыр­мен, балықпен, тағы басқа неше түр­лі тұз­дық­тармен берілетін вермишел, макарондарға мүлде ұқсамай­ты­нын, бұл тамақтың мың есе дәмді, әрі сіңімді, тойымды екенін бір ауыздан мойындады.

Ата-енемнің былтыр қонаққа кел­ге­нінде, он сегіз килограмм қазы, жая алып келгендерін, Алматы, Киев әуе­жайла­рын­дағы тексеруден аман өтіп, Парижге келгенде оларға айыппұл са­лып, қазы, жаясын тәркілегенін ай­тып едім, олар бас­тарын шайқап, жан­дары ашып кетті.

«Заң… оған қарсы келе алмайсың!», – деп иықтарын көтерісті…

Ал қазы, қарта, қазақша ет жеген соң, қымыз, шұбат ішкен соң, офицер­лер шы­ғыс кухнясына ессіз тәнті бол­ды.

Мен арамызды небәрі екі жүз-үш жүз шақы­рым жол бөліп тұрған Алма­ты қала­сын­да тұратын ата-енеме бір-екі жолдасымды ертіп барып, аманда­сып, әрі әсем қаланы, Медеуді, Шым­бұлақты, асқақ Алатауды  көр­сетейін деген ойым болған еді, бірақ ол мүмкін болмады.

Басқа мемлекет болған соң рұқсат алу күлегеш, «алтын» әйелге кіре сал­ғандай оңай емес екен…

Сөйтіп, кетерде «Манас» әуе ала­ңын, айналасын аспанмен талас­қан биік таулар көмкерген гауһар жүзіктей Ыстықкөл­ді, ақ бұлттан сәлде ораған ас­қақ тауларды, жазы тамылжыған жа­дыраған қаланы, дәмді «лағманы», «қа­зақша еті», қазы, қартасы,  қымызы бар мейрамханаларды, қонақжай­ қыр­ғыз елін, қап-қара көздері от­тай жан­­ған, қара торы ақжарқын  қыз­дар­ды қимай-қимай, артымызға қа­рай­лай-қарайлай, алып ұшаққа отырып, елге тарттық.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір