ҮМІТТІҢ ДОСЫ, ҮМІТТІҢ ЖАУЫ

0
351 қаралды

СерикБүгінде әлемдік әдебиет туралы әңгіме қозғағанда көбіне көркем сөздің өзі емес, оған ықпал ететін факторлар туралы айтып кетеміз. Қоғам, оқырман, өнердің бағалануы, құндылықтардың құлдырауы, т.б. Бір жағынан бұл заңдылық. Өмір мен өнер деген егіз ұғымды қалай бөліп қарайсыз? Алайда, бүгінгі шындық солай, екеуі сәт сайын бір-бірінен үркіп, өгейсіп бара жатыр.

Шынайы өнерді өткінші құндылықтарға зорлап бас идіргісі келеді. Бірақ бұған қарап әлем әдебиетінде ізденіс жоқ, даму жоқ деп айта алмайсыз. Дү­ние­жүзілік сөз өнерінің ажырамас бір бөлшегі, ұлттық әдебиетіміздің, дә­лірегі, прозаның ахуалы жайында да осыны айтуға болады. Біз, әдебиетте ор­ныққан барлық бағыттар мен әдеби тәсілдерден, сол контекстегі ізде­ністерден кенде емеспіз. Бұдан бөлек, бізде, әдебиеттегі үштағанды (мағына, мәтін, пішін) біріктіруде мүлде бөлекше ізденістерге барып жүргендер де және сол үштағанды біріктіруде босқа қара терге түсіп жүргендер де жетерлік. Бұл жер­де тек соларды дер кезінде талдап, сұрыптау механизмі жетіспей тұр. Сын­шыл­дыққа бүйрегі бұратындар, тек қолға түскенін ғана оқимыз. Әрине, ол енді өз алдына бөлек әңгіме.

Таяуда Серік Нұғыманның «Жоқ іздеуші жан» атты прозалық жинағы қо­лыма түсті. Бірден байқалатыны, әңгімелері түгелдей дерлік санаңа сүңгуір қайықтай тереңдеп кете баратын дүниелер екен. Сана ағысын қолдану XX ғасыр басындағы батыстық прозада шыңына шықты. Жеке мектеп қалыптасты. Біздің дәстүрлі прозада да тәсіл ретінде (бағыт ретінде емес) молынан қол­данылды. Бұл мәселеде әрбір автордың өзіндік ізденісі, қолтаңбасы бар. Ендігі жер­де сөз етіп отырған авторымыз бұл мәселеде қай қырынан ерекшеленеді, со­ған келейік.

 

САНА АҒЫМЫНАН ПАРАСАТТЫ ПРОЗАҒА ДЕЙІН

Кітаптағы  «Қуғыншы», «Құй», «Түнек», «Тұ­қым», «Күдікті ғұмыр», «Өткел», «Қыршын», «Жол» «Әзәзіл» сынды т.б. әңгімелер түгелдей автордың ішкі монологы түрінде баяндалған. Де­мек, мазмұндық құрылымы сана тасқынына тәуелді. Мұндағы бірден-бір ерекшелік, әрбір әңгіменің мазмұндық ұстанымы, кейіпкерлердің психологиялық жайы жекелеген бір ұғым аясында ғана тереңдеп ашылады.

Ішкі монологтың міндеті көркем туындыда­ғы басты образдың жан-дүниесін оқырманға аш­ып беру. Алайда, мұның да өзіндік көркемдік тәсілдері бар. Жинақтағы «Түнек», «Тұқым», «Күдікті ғұмыр» әңгімелерінің ерекшелігі сана түк­піріндегі сырларды ашу арқылы оқиғаларға бас­қаша көзбен қарау. Әңгімелерде жасырын об­раздар жетерлік. Жасырын жатқан кейіпкер­дің жан азабына жасырын құлақ салған автор, бұл жерде, белгілі бір деңгейде делдалдың қыз­метін ұтымды атқарған. Кейіпкердің жан аза­бын көрсетуде автор, оқырманмен ашық пі­кір алаңын қалыптастырады. Әлбетте, бұл іш­кі рухани әлемнің саудасы, ой ағысы мен пі­кір жарысы.

Әдетте, психологиялық проза табиғаты су­реткерге өз дегенін істетіп жатады. Алайда, мәселе солай көрінгенімен, шынтуайтында бұл автордың ішкі әлемі. Ішкі жан әлемінің тарихы. Психологиялық прозада автор өз жанының тағдырынан сыр шертеді. Болған оқиғадан алған әсерімен бөліседі. Осылайша, әрбір
туындыда бұл жағдай толығып, толысып отырады. Сол себепті, көркем мәтіндегі мазмұн әр­қи­лы болып өзгеріп отырғанымен, идеялық об­раз деңгейіне көтерілген мағына – қашанда тұрақты болып келеді. Мәселе, осыны автор қандай шеберлікпен бере білуінде.

«Құй» атты әңгімеде сана ағысын өзгеше эксперимент түрінде береді. Бұл жерде сана ағы­сы­ның барысы емес, түйсігі алға шыққан. «Ашсам деген есiгімнiң тұтқасына әлi қол сал­ған жоқпын. Бәлкiм, олай қарай ендi қайтып бiлек көтере алмайтын шығармын… Табалды­рық­­тан аттаған жерде iшкi жақтан ұрылар әл­­дене ызғар лептi күнi бұрын сезiп, тайсақтап тұрмын» деп басталатын бес беттік әңгіменің түйіні: «Мен алғаш келiп тоқтаған жерiмнен әлi қозғалған жоқпын. Тұмсығымның ұшында тарс жабулы тұрған ауыр есiктiң тұтқасына қол салма­сам да, iштен бiлiнер сызды лептi алдын ала сезiп, қайқалақтап тұрмын. Не қылсам да, әлденеден шайлығып қалған жүрегім алға қа­рай аттап басуыма енді қайта қозғау салмайтын сияқты. Есiк әлi жабулы тұр» деген сөздер­мен бітеді. Иә, мұндағы кейіпкер кірсем деп ниеттенген бөлмесіне ойша кіріп шыққан. Ішін­дегі жұмбақ жанмен де тілдесті. Бірақ шын­­туайтында ол сол күйі бөлмеге кірмеген күйі өз ойына өзі арбалып тұр. Кейде, күнделікті қай­таланатын күйбең тіршілікте ненің қалай бола­тынын алдын ала сезіп отырасың. Бір шаб­лондағы мәжілістер де солай, кімнің не сөйлеп, не ұсыныс жасайтынына дейін алдын ала біліп отырасың. Бұл әңгімеде де автор сондай идеяны алға тартады. Сана  ағысының құбылмалы­лығы Пруст, Вулф, Джойс туындыларында молынан кездеседі. Бүтіндей романдары сана тасқыны­мен жазылған (Прусттың «Жоғалған уақыт­ты із­­деуі»,  Джойстың «Уилссі» т.с.с.). Фолкнер­дің «Шум и ярость»  романындағы төрт ағайын­дының бірі Бенджидің «Мен жылап тұр­ған жоқпын, бірақ тоқтай алар емеспін. Мен жы­лап тұрған жоқпын, бірақ жер орнында тұр, жылап тұрмын» деген сөзі бар. Сана ағысының редуциясы, ойдың қысқалығын осылай береді. Бұл сол кезең үшін мүлде жаңа эксперимент болатын. Ал Серік Нұғыманның аталған әңгі­ме­сі әлемдік әдебиеттегі осындай эпизодтық із­деністердің жаңа қырынан көрінген жемісі. Яғни сана түйсігін эпизодтық тәсіл ретінде ем­ес, толық бір әңгіме формасында беру ұлт­тық прозамыздағы соны тәсіл.

 

МЫСЫҚКЕРДІҢ ӘЛЕГІ

«Жоқ іздеген жан» атты повестің атын «Мы­сықкердің әлегі» деп қойса да болатындай. Шығарма бастан-аяқ Мәулен ақсақалдың Мы­сықкер атты тұлпарын іздеуден тұрады. Алайда, бұл жерде мәселе одан да тереңде тә­різді.  Хикаяттың фабуласы қарапайым. Мәу­лен қарияның қартайғандағы жалғыз үміті Мы­сықкер атты тұлпары әдетінен жаңылып уа­қы­тында жайлаудан келмей қалады. Таң алакеуімде Мысықкерді іздеп шыққан қария қас қарая жоғын таппай, тіпті дерегін де біл­мей иен далада түнейді. Таң бозара атының Са­баздың сайынан табылатынына бек сенімді. Түн­де түсіне Мысықкері кіріп, шаттықтан ағыл-тегіл жылайды. Бар болғаны осы.

Бүгінде кейіпкердің ішкі жан әлемін сүгі­рет­теп көз алдыңа келтіру – аса қиын шаруа ем­ес. Мәселе, айтар ойыңыздың асылына сай тың­нан түр табу. Оны туындының мағыналық, тілдік әлемімен жымдастыру, үйлестіру. Жүз бет­ке жақын шығармада бір күндік жылқы із­деу арқылы не айтуға болады деп ойлайсыз.Маз­мұн­ға сай форма табу деген осы. Жалғыз кейіпкеріне жоқ іздетіп қойып, үміт  пәлсафасын алдымызға жайып салған хикаяттың  да ұт­қан жері де сол. Жоқ іздеген жанның жалғыз серігі үміт. Үмітсіздік – шайтанның ісі, үміт ең соңы­нан өледі деп жатамыз. Ал бұл тұжы­рым­дар­дың көркем мәтінде қалай берілгені тиімді? Оқыр­ман ретінде мені жоқ іздеушінің жансерігі ете ала ма? Шығарманың көркемдік тұтастығы қандай? Оқырманын ойландырып, оған рухани медет бола ала ма? Көркем проза табиғатына қа­тысты бұл сауалдардың жауапкершілігі, қайырымы бес батпан. Әсіресе, ол туынды пси­хо­логиялық бітімдегі парасатты прозаның сана­тынан болса. Осы сұрақтардың жауабын хикаяттың өзінен іздейік. Ол үшін әуелі шығар­ма­ның қысқартылған мазмұндық желісін тү­гел­­дей оқып шығайық:

«Шал маңайға жіті көз салып, барлап келе­ді. Әлі нұры қайта қоймаған кәнігі жанары бір демде талай жерді шолып үлгерді. Қалқа-дөң­дер­дің ар жағында тығылып тұрған болмаса, таяу маңнан ештеңенің қарасы көрінбейді. <…> Жоқ іздеген жанның адасқан адамнан аумайтынын шал осы сапарында аңғарды. Жолы­нан көз жазған кісі барар жерінің қайда еке­нін білмей сандалса, даланың ой-қырын тіміс­кілеп, қара шолған пақыр қажетінің қай маң­да жүргенін ұқпай қаңғырады екен».

«Бұл дүниеде қырқадан жоқ қарағаннан қиын ештеңе болмас-ау, – деген ойға келді кешікпей. – Құрып кеткірдің қалтарыс-бұлта­рыс­­тары да таусылмайды екен, бергі жағын қа­расаң арғы жағы, арғы жағын қарасаң бергі жа­ғы қалып. Қарамайын десең, бір жерінде қалып қоя ма деп көңілің тынбайды».

«Бекер… бәрі түгел бос қиял, – деді бір кез­де жаны кейіп,  – «Жалғызға ой – көлік, қиял – серік» деген, еріккенде айтылған әң­гі­мелер ғой, бәрі әншейін далбаса. Қарап жүр­ген­ше ермек болсын деп сандырақтап келе жат­қан жай да баяғы. Әйтпесе, жын ұрып кетті дейсің бе, жоқты қиялдап. Біреу-міреу естіп қал­са ұят қой, әуелі. Ақыл тоқтатпаған бала құ­сап, өзіммен-өзім сөйлеп…». Ол шынымен-ақ, сөзімді әлдекім тыңдап тұрмасын дегендей жан-жағына шолып, қарап қойды. Тақалып тұрған еңтеңе көрінбейді. Маңайы толған таңнан бергі тату жолдас – үкібас шилер».

«Белдің үстіне шыққан соң, келесі жырадан тағы да мал бараны қараңдады… Қаста­ры­на тақап барғанда, бастарын жерден жұлып-жұлып алып, жау келді дегендей, бір-біріне оқы­рана кісінеді. Соңынан үшеуі тіл біріктіріп ал­ғандай қатар қосылып, дөңге қарай дүрсіл­де­те желіп, жүріп кетті. Ұзап бара жатып, біреуі құйрығын қисайтып, тарқылдата жел шығарды да, артынан құлатып тезек тастады. Шал енді басқа емес, жоқ іздеген жолында әйтіп-бүйтіп қылқұйрықтылардың кездесе бастағанына қуанды. Жал үстімен жүрсе, тиімді екенін біліп, өзектен шығып қапталға қарай тартты».

«Мысықкер де алдынан кезігеді. Осы алды­да­ғы өзектен жолығады. Онда болмаса, одан ар­ғыда тосып тұр. Сөз жоқ табылады. Мен бір­де­ңе білсем, ол осы маңда жүр. Жылқы үйір­сек жер екен өзі. Бұрын да талай адамның ізде­ген жо­ғы осы төңіректен табылды деуші еді.  Менікі де…».

«Жақсылық… Иесіз далада үйірлі жылқы кез­дескен жақсылықтың нышаны. Алда тағы жылқы бар. Мына бір үйір соның алғашқы де­регі. Енді қылқұйрықтылармен үздіксіз ұшыра­сып отырамын. Керат та солардың ішінде жүр­ген шығар… Құдай бұйырса, оған да жолы­ғып қалармын көп өтпей… Я,  Алла,  оң жолың­ды бе­ре көр… Алла!.. Алдымнан шығара көр жаман атымды,  жаратқан Ием…».

«Мына бір сұмдықтан секем алып, кенет тіксінді. Дереу қайта бір қарап шық­ты. Жүрегі түскір тосын шоршып, кеудесін соқ­қылап қоя берді дейсің. Ап-анық көріп тұр. Дәл кераттың өзі. Бірақ алыстан қарағанда со­­лай екен. Ал жақыннан… көз тоқтата зер сал­­ғанда басқа бір жылқы. Кірпіктерін уқалап жі­беріп тағы тігілді. Сонда барып көзі жетті. Емес. Өңге жері аумай ұқсағанмен, алдында тұр­­ған қатпа қаңғылдың жүні бұйра емес ек­ен».

 «Әлі үзілмеген өлімші күдерін аяқсыз тас­тап, тайып тұруға дәті жетпей, енді бір жағынан үйіне кеткісі келген ішкі ындыны сүйрей қа­шып, екіұдай хал кешті. «Енді түн болғанда қай­тып қайтем, – деді мана тұрған жерінен ұзай бере, өзін өзі бекемдеп. – Бәрібір үйге ертең таң ата жетем. Одан ырғалып–жырғалып қайтып келгенше тағы кеш батады. Өйтіп, бір істі екі қылғанша, бір түн ғой, өлмес­пін, шыдайын… кетпей-ақ қояйын. Ертең Сабаздың сайына барып, атымды алып бір-ақ қайтайын. Өзім барып ұстап келмесем, өздігінен қайтар түрі жоқ о көксоққанның…».

«Түнде түс көрді. Түсінде әлдебір ұлан жазықта құйындай құйғытып, жер танабын қуыра орғып келе жатқан Мысықкерінің таңға­жайып шабысын көрді. Дәл өңіндегідей сүйініп, еңіреп жылап жатты».

Хикаят оқырманы ретінде өз басым Мәулен шалмен бірге жоқ іздедім. Оқырманын кейіп­кері­мен бірге жоқ іздету бұл хикаяттың басты мақсаты болса керекті. Шығармада бізді жоқ іздеушіден айырмай тұрған қандай факторлар? Бірінші,  мазмұндық фактор. Мұның да екі жағы болады: идеялық тереңдігі және мағы­налық алаңы. Алғашқысы үміткерлік болса, соңғысы жоқ іздеу. Бұл жерде идеяға сай ма­ғы­налық алаң ұтымды таңдалған. Әсіресе, мал жайына қанық қазақы оқырман үшін. Екінші құры­лымдық фактор. Құрылым бір мазмұнға, яғни жоқ іздеуге бағындырылған. Бұған қоса осы фактор аясында негізгі тақырыпқа сай де­тальдардың орынды орналасуын да айтуға болады. Мәселен, шығарманың басында жоқ іздеудің алғашқы кезеңі: «Іздеген балам үйінде болса екен…  Өмірімде бір рет ісім түсіп, іздеп келе жатқанда, үйінен табылса екен… атымның із-дерегін білетін» деп басталып, қырқадан қырқаға үміттің әне-міне үзілер­дей е­тіп­ берілуі. Соған қоса,  пішіндік тұрғыдан келгенде де жанр өте тиімді таңдалған. Егер бұл повесть емес, әңгіме болғанда онда тақы­рып ашылмай, роман болса мүлде жалықтырып ал­уы бек мүмкін. Үшіншіден, тілдік фактор. Хи­каят­тың тілдік әлемі жоқ іздеген жанның тілдік қорына бағындырылған. Жылқыға, иен  жалғыздыққа қатысты шаруа шалдың пайымы нанымды берілген.  Егер  автор тілдік шебер­лік­ке мән беріп, сөзден сурет салса онда шы­ғар­ма шы­найы шықпас еді. Төртіншіден, ұлттық ­фак­тор. «Жылқы – жаным, қымыз – қаным»  деп өскен қазақ үшін Мәулен шалдың жан әлемі бес саусақтай таныс. Автор солтаны сәлемді де ары қарай тереңдете түскен:  «Жыл­қы баласының жаманы болған ба?» – деген ой келді соңынан,  – мәселе жақсы баптап,  аттың өз қасиетін дөп басып танып, соған қарап ыңғайлап мінуде ғой. Олда өзіміз сияқты жан иесі: бірінің өнері ішінде, бірінің сыртында».

Дала тазалығы, жан тазалығы бәрі ұлттық формада берілген. Жоқ іздеген жанның таза­лығы. Жалпы, жоқ іздегенде бір мүсәпір халге түсіп қалатынымыз бар емес пе?! Ол да өзінше бір тазалық болар бәлкім. Шығармада Мәулен қарияның болмысы қазақы «ақиқат­тардың» тазалығына өрілген. Қырлар, қыр қазағы, әр жерде қараң-құраң етіп жайбарақат жайылған малдың тазалығы. «…Ат үстіне осының бәріне қыдырта көз салып келе жатып бір таң қалған ісі: сонау қыр үстіндегі шилердің өзектегілер құсап бұлғақтамай, тып-тыныш, ың-шыңсыз тұрғаны болды».

Өмір шындығын өнерге салғанда, оны тек саф таза күйінде ғана бере аласыз. Басқалай оқылмайды. Бұл повесть, ең бастысы, сол тазалықтың үдесінен шыққан. «Таңғажайып тағдыр бұл! Қандай ғажап сәттілік?! Күлше нандай жалғыз күн. Тұр ғаламды тоқ қылып» демеуші ме еді  Софы Аллаяр. Үміт те адам атты ұлық планетаны жарықпен қамтамасыз етіп тұрған таңғажайып сезім. Үміт – іс-әрекеттің нышаны. Үмітсіздік – тірі өлікпен тең. Үміттің қас жауы – надандық, озбырлық, писсимизм.Философтар үмітті – белсенді сабыр деп те атайды. Туындыдағы Мәулен шалдың махаббаты мен сенімі де,  түйсігі мен тәжірбиесі де үмітке шідерлеулі. Қала берді білімі, парасат-пайымы да үмітке байлаулы.

Дей тұрғанмен, туындының көркемдік тұтас­ты­ғына қатысты айта кетер жайттар бар. Көркемдік тұтастық – тіл, құрылым, идеяның бірлігі. Бұлар жоғарыда айтқан үштағанның синонимі. Мұндағы идеяның жүгін арқалаған мазмұн – жоқ іздеу. Мұнан өзге танымдық, оқи­ғалық, ғұмырнамалық детальдардың бар­лығы жанама оқиға болып қала бермек. Әрине, автордың барынша жанама суреттеуге жол бермеуге тырысқаны байқалады. Дей тұрған­мен, бірді-екілі дәстүрлі тәсілдерге «адалдық танытып», жанама суреттеуге бой ұрған тұс­та­ры кездеседі (Мәулен шалдың құрдастары ту­ра­лы, үйленуі, ұлының өлімі, ауыл өмірі, т.б.) Бұл басты кейіпкердің ғұмырнамалық, тұлғалық болмысын аша түскенімен, негізгі оқиға – жоқ іздеуден оқырманды алшақтатады. Екінші жайт, идеялық  драматизмге, идеялық терең­дікті құбылтуға қатысты. Хикаятта үмітті үміт­тің жетелеуі, ерік-жігердің үміті, мойынсұнудың үміті шебер көрсетілген. Бірақ қайшылық жоқ. «Үміт! Өміршең үміт! Адам баласының алдынан жанған алтын шырақ. Бақыр бастының бәрін алға қарай жетектеп жүрген асыл бұй­да». Прозада қайшылықтың бадырайып көрініп тұруы шарт емес, әрине. Үміт символикасына тереңдеуге болатын еді ғой дейсің. Үмітті сана серпілісі деңгейіне әкелуге немесе қараң­ғылыққа үмітті қарсы қою арқылы идеялық тереңдікті арттыра түсу керек пе еді дейсің.

Қалай дегенде де, бұл хикаят қазақ әде­бие­тінің парасатты прозасы үшін үлкен олжа екенін айтуымыз керек. Қырқадан қырқаға – үміт үзілмек емес. Үміткерлік ұлы сезім. Үміт үзіл­ген жерінен басталады. Голсуорсидің Мэйінің де, Нұғыманның Мәулен шалының да үмі­ті үзілген сәттен басталады. Екеуінде де бір та­қырып, тек мазмұндық формасы бөлек деме­сеңіз. Бірінде соғыс, бірінде жылқы. Алайда, адами болмыстың рухы мәңгілік. Бірі Мы­сықкерді түсінде көріп шаттанса, бірі бар даусымен «Рейн күзетіндегіні» шырқай жөнеледі. Ең бастысы, ұлттық прозамыздағы соны із­де­ніс­­терге, олардың әралуандығына қуанамыз. Себебі, әдебиетіміздің бүгіні мен келешегі де, қашан да осы қара сөздің /проза/ парасатымен өлшенбек.

 

Пікір қосу