ҚАРА СӨЗДІҢ ҚАРАГЕРІ
18.03.2016
8105
0

Досжан Балабекұлы фото-Кабдеш ага3Жатырсың жапан түзде бір аралдай,
Өзіңдей өлең шіркін жүр оралмай.
Аңқылдақ ақыныңда арман бар ма?
Сөз соқса самсаған сан мұнараңдай?! – деп мұнайлы өлкеден өтіп бара жат­қан­да айтқан бір шумақ өлеңін есіне сақ­тап қалған тағдырлас тұлға, ақын-са­тирик Қажытай Ілиясұлы «мұрты шық­пай жатып мұнараны бекерден-бе­кер көксемеген Қабдеш мұнайдың мұ­нарасы емес, ұлт рухын өрлететін асыл сөз­дің, алтын сөздің мұнарасын соққан қайраткер ғой» дегеніндей, Қазақ­стан­ның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, майталман қа­ламгер Қабдеш Жұмаділовті сөз мұ­нарасының биігіне жеткен жазушы деу­ге бүгінгі күні толық хақымыз бар.

«Бәс немесе қарагер аттың хикаясы» (2008) деген әңгімесінде бүкіл Құ­лыс­тай өңірінде алдына ат түсіп көр­ме­ген Қарагерді қолға түсіргісі кеп, есі ке­те қызыққан Жұмабайдың айла-шар­ғысынан құтылу үшін ат иесі Байбат оның сұлулығымен даңқы шыққан жал­ғыз қызын айырбасқа сұрайды. Қа­зақтың осал тұсын дәл басқан Мән­жу шон­жарының құдалығы дауласа ке­ле, бәс тігуге тіреледі. Күресу, күш сы­насу, ат жарыстыру, қымыз ішу, ет жеу сияқ­ты қазақтағы бәстің алуан түрі сөз бо­­лады. Ақыры Байбаттың өзі таңдаған се­міз қойды жалғыз жеуге бәс тіккен Жұ­мабай етті толық жеп, көзінің құрты түс­кен Қарагер атты да қолға түсіреді, әрі басы бәйгеге тігілген сұлу қызын да сақ­тап қалады. Ал Қ.Жұма­ділов болса, шы­ғармаларын жұрт іздеп жүріп, қы­зыға оқитын оқырмандары ең көп жазу­шылар қатарына жатады. Тіпті, оның қызықты сюжетіне еліктеп, шы­ғарма жазатындар да бар. Біз оны «Қара сөздің Қарагеріне» теңесек, та­қы­рып­тың астарында өзінің де «Қазақ кара­сө­зінің дарабозы» (Б.Шарахымбай), «Соң­ғы көштің қара нары» (Н.Қазы­­беков), «Тағдыры бөлек Тарланбоз» (А.Нүсіпханұлы), «Қазақ прозасының мұз­тауы» (Т.Ахметжан), «Тағдыр та­мыр­шысы» (Қ.Ысқақұлы), «Мұраты биік суреткер» (М.Хамзин) «Тағдырлы тұлға» (Т.Жұртбай), «Ұлттық тарихи са­на әліппесі» (А.Егеубаев), «Дарабоз жазушы» (Ж.Елшібек) атан­ған қаламгер екен­ді­гін айту еді. Қазақ романының білгір ма­маны Р.Бердібаев «Тағдыр» мен «Соңғы көш» романдарын «жұрт назарын аударарлық құбы­лыс» десе, көр­нек­ті сыншы Д.Ысқақ­ұлының тақауда ғана «Қ.Жұмаділов – қазіргі замандағы қа­зақ әдебиетінің хас шебері» деген ба­ға­сы тағы тұр.

Жазушы шығармашылығының жал­пы жүйесіне шолу жасағанда, қа­зақтың ұлт болып қалыптасқан көш­пелі қоғамынан бастап, ХХ ғасыр басында жетекші орынға шыққан Алаш зиялыларының күрескерлік идеясына дейінгі ел мен жер тағдырының қабат-қатпары түгел қопырыла сөз болғанын байқауға болады. Тәуелсіздік алған жыл­дардан кейін қаламгердің «Дарабоз» және «Таңғажайып дүние» деген екі романынан басқа мол қазынасы тек қана әңгіме мен хикаяттардан тұрады. Бұл бүгінгі кітап оқымайтын қазақтарға жеңілдік туғызу үшін саналы түрде жа­салған қадам сияқты көрінеді. Мәселе – автордың әдебиеттің эстетикалық құрылымы мен жанрлық жүйесін сан құбылтпай, қалыптасқан дәстүр бойынша қысқа жанр табиғаты мен заң­ды­лықтарын сақтай білуімен де байланысты.

Кезінде академик Ә.Марғұлан І.Есен­берлиннің «Көшпенділер» три­ло­гиясын «дайын докторлық диссер­тация­ға» теңегені сияқты профессор Т.Сыдықов та «Жүк ауырын нар көтере­ді немесе «Дарабоз» романы» деген ма­қаласында «Дарабоз» дилогиясын қазақ тарихында зерттелмей жатқан «ақ­таңдақтардың» орнын толтырған «дайын докторлық диссертация» деп жү­рексінбей айтуға болатындығын жә­не кең тынысты оқиғалардан эпо­пея­лық леп шарпып тұратындығын дә­лелдеп көрсеткен еді. Бұл ғана емес, жал­пы соқталы шығармаларының қай-қайсысын алсаңыз да, романның ең биік шыңы – эпопея деңгейін кө­те­ріп тұрғандығы ежелден келе жатқан, әбден дәлелденген ғылыми көзқараспен сараптағанда басы ашылған ақиқат. Бү­гінгі күнгі роман деп ат қойылған жүз беттен тұратын, кейде одан аз ша­ғын көлемді шығармалардың роман жанрына үш қайнаса, сорпасы қосыл­майтындығы туралы әңгіме бөлек.
СатирикҚ.Жұмаділов шығармашылығы тұр­ғысынан айтқанда, тақырыпты ше­караның арғы беті, бергі бетінен ғана емес, екі өлкедегі қазақ ұлтының ба­сын­дағы ұқсас трагедиялық тағдыр, яғ­ни «орыстың отаршыл өкіметі  ХVІІІ ғасырдың басынан бастап, қазақ даласын отарлауға кіріскеннен» кейінгі үш ға­сырлық «отар мәселесі» тұңғыш рет Қ.Жұмаділов романдары арқылы қа­лың оқырманға жеткендігін айту – тек тәуел­сіздігіміздің арқасында ғана жү­зе­ге асқан шындық.

Сол себепті, Қ.Жұмаділов шығар­ма­лары тарихи құжаттарды тізбелеу емес, қазақ тарихының алмағайып ке­зең­­дерінің көркем шежіресі іспетті деуге толық негіз бар. Мысалы, екі том­дық «Дарабоз» романында ХІІІ ғасыр, яғни Ш.Уәлиханов «қаһармандық дәуір» деп атаған кезеңнің бұрын сөз бол­­маған шындығы бас кейіпкер Қа­бан­бай батыр образы арқылы анықтал­са, «Прометей алауы» атты рома­нында жоң­ғар шапқыншылығынан кейін дағ­да­рысқа түскен дін уағыздау­шы­лары­ның қайраткерлік жолы Ақтайлақ би ар­қылы сомдалады. «Тағдыр»  рома­нын­­да Шыңжаңның Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарындағы қазақтардың ежелгі атамекеніне қоныстану тарихы Қытай­дағы екі мың жылдан аса уақыт өмір сүрген монархиялық патшалық өкі­мет­­тің 1911 жылға дейінгі тарихи жағ­дай­­ларымен байланысты күрескер тұл­ға Демежан арқылы өрбісе, «Соңғы көш» романында 1911 жылдан кейінгі қа­­зақтың тәуелсіздік жолындағы алаш­­шыл идеясы негізге алынады. Соң­ғы екі романдағы қамтылатын заман шындығы көп жағдайда Қытайдағы қазақтар тарихымен тығыз байланыс­ты. Сондықтан да жазушы шығар­ма­ларындағы қазақтар мол шоғырланған Шыңжаң аймағындағы жергілікті ха­лықтың қай кезде болмасын, оқтын-оқ­тын жүргізілген аяусыз астамшы­лық­тарға ұшырауы – тарихи шын­дық.

Сондай-ақ, «Тұл дүние», «Тозақ оты», «Абылайдың ақырғы батыры», «Көкжал» атты хикаяттарында да қам­тылатын оқиғалар қазақ әдебиетінің ақтаңдақ беттерін толықтыруға тарихи танымдық қызмет атқарып тұрған­ды­ғын айту ләзім.
Қ.Жұмаділовтің 2003-2005 жылдары жарық көрген 12 томдық таңдамалы шығармаларының құрамын 10 роман, бір том әңгіме-повестері, бір томын проб­лемалық мақалалары құрайды. Он романның «Көкейкестіден» басқасы таза тарихи тақырыпты қаузайды, бас­қа шығармаларында қазіргі дәуір дидары, замандас бейнесі, дүниетаным иі­рімдері әр қырынан ашылады. Жазу­шының «Сарыжайлау», «Бір түп тораң­ғы», «Сәйгүліктер», «Қарауыл», «Бір қа­­­ланың тұрғындары», «Тұл дүние» сияқ­ты повесть-хикаяттары мен «Кө­кей­кесті», «Соңғы көш» 1-кітап (1974); 2-кітап, (1981), «Тағдыр» (1988), «Дарабоз», «Таңғажайып дүние», «Прометей алауы», «Қылкөпір», «Атамекен» атты ро­мандары қалың жұртшылыққа кеңі­нен танымал. 1960 жылдардан бастап есептегенде, жетпістен астам әңгімелері мен жүзден астам мақалаларының өзі бір төбе. Соның ішінде отар елдегі ұлт тағ­дырын тұңғыш қозғаған «Қаздар қай­тып барады» (1963) әңгімесі көш­пен­ділер тарихына арналған тақырып­тың табалдырығы іспетті.

2008 жылы жарыққа шыққан «Мәң­гілік майдан» кітабына енген «Найман-Ана ескерткіші» және кітаппен аттас хи­каяттары мен «Зауал», «Мерген», «Ама­нат», «Емен мен қайың», «Әмбебап әйел», «Есі ауысқан адамдар», «Бәс не­ме­се қарагер аттың хикаясы», «Есі ауыс­қан адамдар» қатарлы әңгімелері жә­не де «Әділ сот алда. Ол – уақыт со­ты», «Ақ қағаз – арым, қара сия – қа­ным», «Жазушының жан айқайы қай­дан шығады», «Менің өмір жолым оңай болған жоқ», «Ұлттан тыс тұратын әде­б­иет те, жазушы да болмайды», «Күрес­пен өткен ғұмыр», т.б. сияқты бүгінгі әдеби үрдістің барысын талдап, анығын айта­тын сыр-сұхбаттары мен мақала­лары топтастырылған.

2010 жылы «Тозақ оты» деген атпен шық­қан кітабында «Абылайдың ақыр­ғы батыры» повесть-хикаяттары мен бү­­гінгі күннің өзекті мәселелерін қоз­ғай­тын «Күйеу бала», «Абақты», «Ке­ші­рім», «Бір шөлмек сыра», «Фәни мен ба­қи дүние арасы», «Тоқымқағар», т.б. әң­гімелері мен мақалалары, сыр-сұх­бат­тары жарияланған. Осындағы Қы­тайдың «Тарым» атты жазалау лагерінен жазылған кітаппен аттас повесте ­жа­зық­сыз жала жабылған қазақ, ұйғыр тә­різді ұсақ ұлт оқымыстыларының ай­­наға тосқандай басынан кешкен ауыр азапты тағдыры тұр.

Қаламынан көркем шығарма сор­ғалап тұрған Қабдеш ағамыз 2011 жыл­дың басын «Жұлдыз» журналының №1 са­нына шыққан «Аранға түскен аққу­лар» хикаятымен бастаған еді. 1937 жыл­ғы қуғын-сүргінде азап-тозақты ер-азаматтармен тең тартқан әйелдер қауы­мы, олардың қуғындалған туған-туыс­тары туралы толық айтылды дей ал­маймыз. Белгілі қоғам қайраткерлері Тұрар Рысқұловтың жұбайы – Дәмеш, Сұлтанбек Қожановтың жұбайы – Кү­ләндам, Сәкен Сейфуллиннің жұбайы – Гүлбаһрам, Бейімбет Майлиннің жұ­байы – Гүлжамал, т.б. небір ардақты аза­маттардың әйелдері  АЛЖИР (Акмо­линский лагерь жен изменников родины) түрмесінде жазықсыз жапа шекті. Міне, аталмыш тарихи-хикая­тында Қ.Жұмаділов осы әйелдердің азапты тағ­дырынан сыр шертеді. Мұндағы не­гізгі оқиға қоғам қайрат­кер­лерінің әйел­дері Дәмәлі мен Ғазиза, белгілі қа­ламгердің әйелі Нұржамал, басқа ұлт өкілдерінен маршал М.Н.Туха­чевс­кийдің қарын­дас­тары Елизавета мен Галина бейнелері айналасында өрбіп, АЛЖИР-дегі он мыңдаған әйелдің мұң-шері сөз болады. Лагерь­дегі білікті ғалымдар мен бі­лім­ді дәрі­герлерді, экономистерді, аг­рономдарды, мал мамандарын, ән­шілер мен музыканттарды қу медиен да­лаға әкеліп, «жау» деп қуғындамай-ақ, мамандығы бойынша мемлекет қыз­метіне жексе, өкіметке әлдеқайда көп пайда келтірер еді. Лагерде қама­ған­нан өкімет не ұтты? – деп, жазушы сол кездегі қоғам қасіретіне деген шер­лі көкіректегі шарасыздықты оқы­р­ман­ға сауал тастау арқылы өкіне жет­кі­зеді.

Бұдан кейінгі «Абылайдың ақырғы күн­дері»,  «Ханның басы қанша тұрады» хикаяттары мен «Диктатордың ажалы», «Қараманның қарғысы», «Донжуан қораз», «Қысыр кеңес», «Құрдастар», «Ағалардың алақаны», «Батырмен өт­кен бір кұн» «Елім-айлап өткен өмір» әң­гімелері мен сыр-сұхбат, ой-тол­ғам­дары 2013 ж. «Әріп пен Сара» деген хи­каятының атымен жеке кітап болып шық­са, 2014 ж. «Аққуды атпас болар» де­ген кітабында «Қанды қақпан», «Шыр­мауық» хикаяттары және «Кә­рі­лерге ем болатын дәрілер», «Жағым­паз­дың ажалы», «Сырттан», «Жеті ата», «Аруақтың ататыны рас па?», «Жалған атақ, арзан абырой», «Сызықтың арғы жағы, бергі жағы», «Менің алғашқы бас­тығым», «Көгілдір жәшік алдында» әң­гі­мелері мен сыр-сұхбат, ой-толғам­дары енген.

2015 ж. «Академиктің көз жасы» де­ген хикаятының атымен аталған жеке жинағында «Жан мен тән», «Қысқа өмір­де қырық құбылған дүние-ай», «Ша­мырқанса шарт сынатын тектілер», «Ти­рандар тырапай асқан жыл», «Ажал­дан қашқан періште», «Ақыштың бөр­тесі», «Қами болыс», «Жүңгү шал» мен баспасөз бетіне жарияланған сыр-сұхбат, ой-толғамдары берілген.

Аталған шығармалардың ішінен біз та­рихи тақырыпқа негізделген романдары мен хикаяттарын тарихи дерек көз­дерімен және басқа да тақырып ауқымы ұқсас туындылармен салыс­тыра келгенде, қаламгердің қазақ әдебиетіне, оның ұлтшылдық танымы мен көркемдік әлеуетін арттыруға қос­қан ұшан-теңіз үлесін аңғардық.

Қазақ прозасының дамуы тұрғы­сы­нан межелесек, 1960-1980 жылдар ара­лығындағы әдебиетке іркес-тіркес кел­ген мол шоғырдың жуан ортасында Қ.Жұмаділов те өзіндік қолтаңбасымен бірден танылған-ды. І.Есенберлин, Т.Әлім­құлов, Ә.Әлімжанов, С.Жүнісов, Қ.Ысқақов, А.Нұрманов, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, С.Сматаев, О.Бөкей, Ш.Мұртаза, Р. Тоқтаров, С.Мұратбеков, Р.Сей­сенбаев, Д.Исабеков, С.Елубаев сияқ­ты жазушылардың қаламгерлік шеберлігін салмақтайтын болсаңыз, Қ.Жұмаділовтің жөні бөлек. Себебі, Кеңес өкіметі тұсында жазушы шығар­ма­шылығы жекелеген мақалаларда ғана айтылғаны болмаса, арнайы зерттеу нысаны болған жоқ. Өйткені, ең алдымен шекараның арғы беті, бергі беті деген мәселе тұрды, екіншіден, Қы­тай мен Ресей құрамындағы қазақ ұлтының басындағы ұқсас трагедиялық тағдыр тұңғыш рет Қ.Жұмаділов шы­ғармаларында сөз болғандықтан, екі жақтың тарихын ғана емес, жан-жаққа ша­шырап кеткен қазақтар тарихын же­тік білетін ғалым керек еді, үшінші­ден, 1962-1988 ж.ж. аралығында шека­ра­­дан адам тұрмақ, ұшқан құс, жүгірген аң өте алмайтын.

Академик-жазушы Р.Нұрғали «Кемел кезең» деген мақаласында: «Тұсау-ке­сер туындыларын алғашқы жылы­мық тұсында аз-кем еркін күндерде дүниеге әкелген буынның талантты өкіл­дері отаршылдықты жәннат деп мадақтаған сайқал идеологияның ең қиын-қыстау уақыттарының өзінде ұлттық мұратқа, өнер табиғатына, халық болашағына опасыздық жасаған жоқ. Ашық айту мүмкіндігі болмаған жерде зарлы шындық, ауыр трагедия, сорақы қиындықтарды бүгінгі күннің ақиқатын ескі тарих, емеурін оқиға, бүр­кеме ой арқылы айтып бере алды. Сондықтан да бұл буын өкілдерінің бетінде шіркеу жоқ, азат Қазақстанның жаңа төлінің көзіне олар именбей, емін-еркін жарқын қарай алады. Осы бағлан, байсалды, батыр буынның кеу­де тұсында Қазақстан Мемлекеттік сый­лығының лауреаты Қабдеш Жұ­ма­ділов тұр. Сөйтіп, әділін айтқанда, Қаб­деш Жұмаділов қазақ тарихи ро­ма­нистикасының бүгінгі таңдағы ең бе­дел­ді өкілінің бірі болып отыр. Бұл оның Қазақстанның бергі бет, арғы бетіндегі досы да, дұшпаны да мойын­да­ған шындық», – деп әдебиеттің бір­туар тұлғасы әділін айтып кеткен екен.

Қ.Жұмаділовтің «Тағдыр», «Соңғы көш», «Дарабоз» сияқты роман­да­рын­да­ғы бір ерекшелік – тарихи дерек көз­дерінің дәлдігі мен оқиға орнының нақ­тылығы болса, екіншісі – көшпелі ұлт руханиятының тұрмыстық этног­ра­фиялық мәдениеті дәстүрлі сипатымен, қанық ұлттық бояуымен көрініс табуында. Осыған орай әр кейіпкердің ұлттық болмыс-бітімі, мінез-құлқы, үлгі-өнегесі, наным-сенімі, парасат пайы­мы көшпелі тұрмыс мәдениетінің да­налығына сай көркемдік айналымға түс­кен. Мысалы, аталмыш үш шы­ғар­мадағы Қабанбай батыр, Абылай хан, Төле би, Қазыбек би, Бұқар жырау, Ақ­тамберді жырау, Ысмайыл, Күдері, Қа­нағат би, Қайынбай, Жағда, Естай (автор), Оспан батыр, Тұрсын, Шәкен, Керімбай, Нұрбек, Демежан, Башпай бай, Әсет пен Әріп, т.б. сияқты кейіп­кер­лер тарихта нақты болған адамдар. Образдар жүйесі авторлық идеяның көр­кемдік көрінісі дейтін болсақ, ал оның шығармаларындағы тұтас бір ке­зеңнің тарихи шындығы осы адамдар айналасына жинақталып берілген. Сондай-ақ, патшалық Ресей мен Ежен хан империясының отарлау саясаты қазақтың ежелгі рушылдық ынты­ма­ғының тамырына балта шауып, ағайын берекесін ірітіп, араздастыруы түсінік-түйсігі әлсіз адамдардың жүй­кесін жұ­қартып, олар уақыт сынына төтеп бере алмай, «қазақтың жауы қазақ» болып шыға келді. Жағымсыз кейіп­кер­лердің жан түршігерлік зұлымдық, сатқындық іс-әрекеттерінен жазықсыз жапа шеккендердің тартқан қасіретін сөз­бен айту қиын. Ұлттық тарихымыз­дың трагедияға толы беттері халқым деп еңіреп туған ерлердің кесек бейнесі арқылы шынайы бейнеленген. Образ сомдаудағы жазушы шеберлігі оның өмір шындығына терең бойлай алуына байланысты. Сонымен бірге, көркем әде­­биетте образдың тұлғалануы шы­ғар­маның жанрлық сипатына, әр қа­ламгердің қабілет-қарымы мен түсінік-түйсігіне де байланысты. Бұл тұрғыдан алғанда тарихи оқиғалар мен кейіп­кер­лер характерін үйлестірудегі ком­по­зиция­лық тұтастық – жазушы шебер­лігінің жарқын көрінісі.

«Егер бұл күнде тәуелсіздік дәмін та­тып, ойымызға нұр, бойымызға шыр біте бастаса, ел тізгіні қолымызға тиіп, бі­ріміз көсем, біріміз шешен атанып жүр­сек, солардың бәрі қиын күндерде азаттық идеясын өшірмей, әр жүрекке шы­рағдан етіп жаққан қазақтың көр­кем сөзіне қарыздар», – деген Қ.Жұма­ділов­тің «Соңғы көш» дилогиясы елі­міз тәуелсіздік алған жылдарға дейін тақырыбы тұрғысынан дара туынды болды. Осы туындысы арқылы Қ.Жұ­ма­ділов – қазақ әдебиетіне соны тақы­рыппен, тың толғаныспен енген жазушы. Қытайдағы қазақтар «Тағдыр» ро­манында сөз болатын патшалық Цин өкіметі тұсында да азапты аз көр­меді. Солай бола тұрса да, Шығыс Түр­кі­стан халқының  романдағы қамтыл­ған кезеңдегі тартқан жәбір-жапасы бұрын көріп жүрген әділетсіздіктердің бәрі­нен де асып түсті. Мұны қазіргі жарық көріп жатқан тарихи зерттеу еңбектер де айғақтайды. Сондықтан да Қ.Жұ­ма­ді­лов роман желісін халық тра­гедия­сының ең шарықтау шегі, яғни Шығыс Түр­кістан Республикасы сахнадан ке­тіп, Қытайдағы жаңа өкімет армия­сы­ның Тарбағатай аймағына кіруінен бас­тайды да, алпысыншы жылдардағы ел басына төнген зобалаң­мен аяқтайды. Сонымен бірге, бұл кез­­дегі оқиғалардың көпшілігі қалам­герге жақсы таныс әрі шы­ғармадағы Қанағат ауылы – жазу­шы­ның өз ауылы, ақын жігіт Естай жазу­шының өз прототипі болса, басқа да Шығыс Түр­кістан Республикасын к­ө­зімен көрген, оның азаттығы жолында күрескен тағ­дырлас тірі куәлар – өзі­нің күн­де­лікті көріп жүрген араласқан адамдары.

Жазушы ұстанымы – тарихи шын­дық, өмірде болған нақты оқиға мен өзі­нің жеке интуициясынан туған көр­кемдік қиял. Мұның бәрі суреткерлік ше­берлікпен ұштаса келе, әдебиетіміз­дің ақтаңдақ беттерінің толығуына себеп болды.

«Соңғы көш» деген сөздің қат-қа­бат мағынасы бар. Ең алдымен бұған «көш­тің соңы» немесе бір отбасының ғана кө­ші деп қарамау керек. Жазушы бұ­рын ешкім қозғамаған бұл сөзді өз өмі­ріне тікелей қатысты болғандықтан да алған сыңайлы. Автор сөзімен айт­сақ: «Оны тек 1962 жылғы көш деп ұғын­бау ке­рек. Мыңдаған жылға созылған қа­зақ­тың көшпелі өмірі ХХ ғ. ортасына дейін Шыңжаңда ғана сақталғаны жұрт­шылыққа белгілі. Бір сөзбен айт­қанда, сол көшпенділердің соңын, өзім куәсі болған, сарқытын ішкен өмірдің ең соңғы суреттерін қағазға айнытпай түсіруім қажет болды. Біртіндеп тарих сах­насынан кетіп бара жатқан, енді еш уақытта қайталанбайтын, тұтас бір дәуір, неше алуан характерлер тұрды көз алдымда. Көшпенділердің ең соңғы байы, ең соңғы биі, ең соңғы батыры, ең соңғы ару қыздары… Көркем әде­биеттің басты бір мақсаты – уақытты «кі­дірту», өмір көріністерін қағаз бе­тіне мәңгі қалдыру ғой. Біз «Соңғы көш­те» хал-қадарымызша осы мақ­сат­ты орындауға күш салдық», – дейді. Бұ­д­ан шығатын қорытынды – жазушы «көш» деген сөзге бүкіл елдің мен­та­ли­тетін сыйғызса, «соңғы» деген сөзге «көш­­пенділердің соңғы тұяғы» деген ма­ғынаны сыйғызады. Романдағы ерек­шелік сонда, суреттеліп отырған ке­зең­­нің басты оқиғалары Шыңжаң қазақтары тұрмысымен үндесіп, көш­пен­ділер өмірінің күнелту салты мен дағдысы тұрғысынан сөз болуында. Роман-дилогия соңында жазушы от тиген қамыстай, елдің  дүрк көтерілуіне себепші болған бүкіл Құлыстайды кез­ген ұлы дүбір «көш», «көшу» деген сөз­дің құдіретіне бас иіп, «Ұлы көш» бас­талды деген сөзді жүйрік  аттың  желмен жарысқанына теңейді. Осылайша қазаққа бұрыннан етене таныс жылқы мен көш ұғымы тарихи поэтикалық сыр-сипатқа ие болған.

Философиядағы кез келген ақи­қат­ты анықтаудың үш шарты, яғни орын, жағдай, уақыт шексіз дүниені мең­зейтін «Көш» ұғымымен астаса келе, жаңа символдық мәнге ие болып, күңі­ренген халқының трагедияға толы тұйыққа қамалған өмірі жарқын бо­лашаққа ұмтылған прогресс жолымен жалғасады.

Жазушының тарихқа қосқан сали­қа­лы үлесі кезінде бұл елге мүлде жұм­бақ болып, күңгірт жатқан дүниеге, тіп­ті айғақты цифрларға дейін жан бі­ті­ріп, оқырман сарабына саналы түрде сала білгенімен өлшенуі керек.

Өзі суреттеп отырған дәуірдің не­гіз­гі тарихи оқиғасын дөп басып, дұрыс тану, сондай-ақ, тарихи романда қам­тыл­ған дәуір шындығы тарихи шын­дық­пен сай келуі – тарихи романдарға қойылатын басты шарттардың бірі. Осы ерекшеліктерге сәйкес «Соңғы көш» романының көтерген мәселесі ұлт­тық прозамыздағы алғашқы қадам бо­лып қойған жоқ, әрі шекара тақы­ры­бына арналған шығармалардың жетек­ші күшіне айналып, өзіндік мектеп қа­лыптастырды.

Бұл жерде атап көрсететін нәрсе – Қ. Жұмаділов өз шығармаларында сол кез­дегі саяси ахуалға байланысты тарихи деректерді еш бұрмаламай, Ресей мен Қытай империяларының қазақ жерін отарлауға бағытталған әккі саясатын әшкерелеп, «орыс – темір ноқта, қытай – қайыс ноқта» болғандығын, шын­дық жалпылама емес, нақты түсі­нік екендігін дәлелдеп көрсетуінде. «Ме­нің қаламымды қозғаушы күш – шын­дықты айтуға құштарлық» деп жазу­шының өзі айтқандай, оны өз тұс­тастарынан да, қазіргі замандастарынан да ерекшелендіретін, міне, осы жағ­дай.

Жалпы, романдары ғана емес, сан­да­ған тарихи хикаяттары мен әңгімелері ар­қылы да ұлттық прозамызды көр­кем­дік-идеялық тұрғыдан жаңа сапаға көтергенін батыл түрде айтуға болады. Айталық, «Көкжалдағы» Оспан батыр, «Абы­лайдың ақырғы күндеріндегі» Абы­лай, «Абылайдың ақырғы баты­рын­дағы» Бердіқожа, «Ханның басы қан­ша тұрады-дағы» Кенесары, «Ақ­қу­ды атпас болар-дағы» Шәкәрім, «Қанды қақпандағы» Мұхаметқали үкірдай, «Ака­демиктің көз жасындағы» Қ.Сәт­баев, «Шамырқанса шарт сынатын тек­­­тілердегі» Қ.Аманжолов пен М.Ма­қатаев, «Қысқа өмірдегі қырық құбыл­ған дүние-айдағы С.Мұқанов, «Аға­лар­дың алақанындағы» С.Шаймерденов, «Әріп пен Сара», т.б. тарихи эссе таби­ға­тымен жазылған хикаяттары зерт­теушісін күтіп тұрған тың дүниелер.

Сайып келгенде, Қ.Жұмаділовті ата-баба даналығынан, сол сілемде қа­лып­тасқан ұлтының ғұмыр сүру дағ­ды­сынан, жөн-жосығынан көз жазбай, адам­ға да, қоғамға да, заманға да са­быр­лы әрі сергек қарап, өзінің оған де­ген ішкі пайымын ақ қағазға түсі­ру­ден жалықпаған қазақ әдебиетінің абыз жазушысы деу керек.

Руда ЗАЙКЕНОВА,
филология ғылымының докторы, профессор.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір