ТЕСКЕНТАУ

0
131 қаралды

АтаАпам қуанышты. Жүзі бал-бұл жа­на­ды. Қуанбағанда қайтсін, өзі бар ауырт­палығын көріп, жеткізген жетім­нің бірі Құдай қаласа, келін түсірмек. Енді міне, сол қалыңдықты өзі көріп қайтпақ. Болашақ құдалар ыңғай танытса, құда түсіп келетін күнді де анықтап келсе дұрыс болар еді деген ойын маған қайта-қайта айтқанына таң­ғалып келемін. Тағы бір таңғалға­ным – әшейінде «белім көтертпейді, аяғым жүргізбейді» деген сөзді бүгін ұмытқандай. Аяғы аяғына тимей, ма­ған жеткізер емес. Үйден иығына салып шыққан алашадан тігілген әдемі қоржынды маған әзер бергені тағы бар. «Өзім көтерем. Сен шаршап, жүре алмай қалсаң пойызға үлгермей қаламыз» дегенді де айтты.


Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ,
жазушы

Шөлдала мен Құмшағал стан­са­ла­ры­­ның ортасындағы Садық қаңлылар тұратын кішкентай ауылға тұрмысқа шыққан қайынсіңлісі Айттүбіден «Ра­қы­манбекке ыңғайлы қыз тауып қой­дым, тез келсін» деген хабар жеткен күн­­нен апам осындай, көңілді, ауру-сырқауды ұмытты. Хабар жеткен екі күн­ді араға салып, үй-жайды Рақыман­бек пен Болатбекке табыстап, жолға шық­қан бетіміз осы.

Көкбастау разъезінен пойызға оты­рысымен апам мойнындағы ақ ора­малын қағып, сілкіп алдына жайып, құбылаға жүзін бұрып, намаз оқы­ды. Біз мінген вагонда кісі аз екен. Сонд­ықтан да бір бөлегін еркін жайладық. Пойыз жайлап орнынан қозғ­ал­ды. Бойымда әлсіз діріл бар. Бұл ме­нің пойызға алғаш мінуім. Сонымен бір­ге мақтаныш та жоқ емес. Себебі, ауыл­дағы көптеген құрдастарымнан бұ­рын пойызға міндім емес пе?! Оның үстіне Тескентауды көремін! Апамның дауысы қаттырақ шыға бастады. Намазы аяқталып қалғанын іштей сезіп, апама қарадым.

– Е, Алла Тағала, жолымызды оң­ға­рып, шырақтарымды аман ете көр, жа­мандығын көрсетпей, жақсылығына қуант…

Апаммен бірге мен де бетімді сипадым. Бұл апамның намаз оқыған сайын айтатыны. Намазын оқып біткен соң қолына тәспиғын алады.

Пойыз сырғып жүріп келеді. Бейне бір алып бесік тербетіліп келе жатқан­дай. Анда-санда пысылдап, ақырып қоя­ды.

– Мақұлтай, жақынырақ отыр. Қа­зір Тескентаудан өтеміз. Қорқып қал­ма. Айналаң қараңғы болады. Осы «тау­ды тесеміз» деген аталарың терін төгіп, осында жұмыс істепті. Орыстар ауыл­ға күн сайын келіп, азын-аулақ азық-түлік беріп, жұмысқа айдап әке­те­­тін көрінеді. Құдды түрмеге апара жат­­қандай айқайлап, доқ көрсетеді екен. Онда мен бес-алтыда ғанамын ғой. Біле бермеймін, естігенім… Е, Ал­ла, жаратқаныңа шүкір, өзің сақтай көр, көрсеткеніңді көпсіне көрме, – де­ді де мені бауырына қыса түсті. Апам­ның құшағы қандай ыстық, қандай жұм­сақ! Әлден соң қою қараңғылыққа кір­дік те кеттік. Артынша жарқ-жұрқ еткен шамдар көбейіп, тақыл-тұқыл кү­шейді…

«Тескентау» деген атауды алғаш апам­ның аузынан естіген болармын. Жұмсаған жерінен кеш оралсақ: «Немене Тескентау асып кеттің бе?» дейтін. Сол кезде «Тескентау» деген алыста болар деп ойлайтынмын. Сөйтсек, онымыз бекер болып шықты. «Тескентау» дегеніңіз, өзіміздің Жуалының шығысындағы теміржол қақпасы екен. Кейінірек Рақыманбек көкем Құмша­ғалдың қызына үйленгеннен кейін Тескентаудан пойызбен жиі өтетін болдық. Келе-келе Тескентауды кім, қашан салған деген сауал алдымнан жиі шыға бастады. «Тауды бұзып, тас­ты тілген, бұл қандай ер?!» деп тақпақ­тайтын заманның қолтаңбасы деп те ойлағанбыз. Сөйтсем, бұл Тескентауы­ңыз Түркістан-Сібір теміржолын салуды қолға алған патшалық Ресейдің шығыстағы байлықты орталыққа та­сы­малдаудың ұмтылысы нәтижесінде өмірге келген ірі құрылысы болыпты. Жалпы, біздің Жуалыға, нақтырақ айтқанда, Боранды бекетіне теміржол 1917 жылы жеткен. Ал Тескентаудың құрылысы 1914 жылы басталып, үш жыл­­дан соң 1917 жы­лы бітіпті. Мұны Тес­кентаудың ба­тыс және шығыс жақ­тан кіреберістегі маң­дайшасына жаз­ыл­ған «1914» және «1917» деген таңба­дан аңғаруға болады. Мі­не, содан бері 100 жылға жуық уақыт өтіпті. Осы уақыт ішінде шығыстан батыс­қа, батыстан шығысқа зулаған, ыш­қынып, алға ұмтылған қаншама пойыз өтті десеңіз­ші!

…Зулап тез-ақ үңгірден өте шық­тық. Жарық дүниеден артық не бар. Ай­на­ламыз жарқ ете қалды. Мен терезеге жақындай түсіп, сыртқа қарадым. Біз құздың ұшар басында ирелеңдеген теміржолмен келеміз. Төменде көбік­те­ніп өзен ағып жатыр. Көрім көрініс. Бұл батыстан шығысқа, қаратауды қақ жа­рып ағып келген Теріс өзенінің біте­тін, екі өзеннен күш алып, Билікөлге қарай асыға ағатын Асаның басталар, ақ басты Алатаудан арқырай ағып, осы жерде сая табатын Күркіреусудың қосылар тұсы. Бұрқ-сарқ, аспанға шап­шыған ақ көбік… Тау аңғарында ире­леңдей алға ұмтылған пойыз ерекше әсер етті. Ертегілер жерінде жүр­ген­деймін…

– Осы жол құрылысында сенің көп­теген аталарың арқа еті арша, борбай еті борша болып еңбек еткен. Ес­туім­ше, ешкімді де аямаған. Таңның атысы күннің батысы демей жұмыс істет­кен. Жол берекенің тамыры ғой. Ашаршылық жылдары осы темір­жолың талайлардың жанын сақтап қалды…

Бір қызығы, бұл түнектің жобасын жа­сауға, оны жүзеге асыруға қазақтың біртуар азаматтарының бірі, халқы­мыз­дан шыққан алғашқы теміржол ин­женері Мұхамеджан Тынышбаев еке­нін екінің бірі біле бермес. Алғаш тауды теспей қырғыздың Күркіреусу өзе­нінен жоғарырақ жерден көпір салып, соның үстіне теміржол салу жобаланыпты. Олай болса, біраз жерді айналып өтуге тура келген. Сондықтан да ол жобаның дұрыс емес екенін дәлел­деген Мұхамеджан Тынышбаев жол­ды өзеннің арнасына жағалай салуды қолға алыпты. Инженердің бұл шешімі дұрыс болғанын өмірдің өзі дәлелдеп берді. Рас, ертеректе, Теріс пен Күркіреусу тасқыны қосылғанда тасты тіліп, қысылтаң аңғарда ағып жатқан өзеніңіз көтеріліп, пойыздың жүруін қиындатқан сәттері де бол­ған.

Тескентау менің білуімше, темір­жол­да Орталық Азияда бірегей құры­лыс. Сондықтан да оны көруге қызық­қан қазақ зиялылары көп болған. Қазақ­тың біртуар ұлы Тұрар Рыс­құ­ловтың басшылығымен, қазақтың асыл азаматы, инженер Мұхамеджан Тынышпаевтың қатысуымен салынған «Түркістан-Сібір» немесе «Турксиб» теміржолының құрылысы туралы талай марқасқалар жазған. 1933 жылы Ұлы Мұхтар Әуезов Жуалы жеріне екі рет келіп, онға жуық очерк жазғанда Тескентауға да бармақ болған. Алайда, әскери қарауыл түнекке жақындатпап­ты. Бұл Тескентауыңыз қырғыздың ұлы жазушысы, осы өңірдің азаматы Шыңғыс Айтматовтың шығарма­ла­рын­да да айтылған. Ал дауылпаз ақын Ілияс Жансүгіров Тескентау туралы «Төрт жолдың торабы» атты очеркінде былай суреттеген: «Жыланша жорға­лап, ысылдап, ыңқылдап келе жатқанда тұмсығың көк тауға тіреледі, тірелмей­сің, жыланша сып етіп, інге кіріп кете­сің. Жүріс баяулайды, терезе, есікті жаптырады. Күн жоқ, жарық жоқ. Түнек, туннельдің түнегі, жердің асты… Ешкімде үн болмайды. Тек астың қимылдап, ақырын жылжып жүріп бара жатқаныңды сезіп отыра­сың… Алатаудың артқы тесігінен кірдің, ішек-бауырын, қолқа-жүрегін аралап, өңешіңмен өрлеп келесің. Енді аузынан шығасың… Өзге дүние, өзге өмір…».

Тескентау қырғыз жеріне кірігіп тұр. Олардың Маймақ, Жуантөбе те­мір­­жол стансалары Қазақ теміржолы­ның құрамында болды. Қазақ пен қырғыздың жері, біздің Теріс пен қыр­ғыз­дың Күркіреусу өзендері тоғысар иінінде адам игілігі үшін қарт Қаратау­дың бауырын жарып, тасты тесіп са­лын­ған Тескентау жүз жылдан бері халыққа қызмет етіп келеді…

– Жарықтық-ай, тауды да тескен күш­ті жаратқан Алла Тағалаға тең келер күш жоқ екенін неге түсіне бермей­міз… Апам осылай деді де ұзақ үнсіз қалды.

Пойыз Маймақ, Жуантөбе стансаларынан өтіп, Шөлдалаға жақындады. Апамның айтуынша біз осы жерден тү­семіз. Болашақ жеңешем тұратын ауыл бұл жерден біраз жер, жаяу жүре­міз.

Пойыздан түсісімен Тескентауды көргім келіп, артыма қарайлай бердім. Пойыздың тарсылынан арыла алмай құлағымды алақаныммен басып-басып қоямын.

– Тескентау бұл жерден көрінбейді. Қысылтаң аңғарда ғой. Сондай-ақ қайтарда пойыз Тескентаудан өтпейді, ондағы теміржол бір ғана қатар, – деген апам қоржынын менен алып, иығына салып, алға озды. Қызылшырайлы жү­зі алаулап, мұрнының ұшындағы қал жарылып кетерліктей, баданадай болып, быртиып кетіпті. Барар жеріне жеткенше асығып тұрғанын аңғардым. Аяғы аяғына тимейді… ақ ұлпадай ұш­ып бара жатқандай…

Қазір ойлап қарасам – адамға адам қосылса бақ пен құт екен ғой. Апам сол кезде осыны ойлап балаша пәк қуанса керек. Жарықтық-ай!..

 ТАРАЗ.

Пікір қосу