АҢЫЗ АҚЫН
11.03.2016
2007
0

Ж.Нәжімеденов+1Мұстахқызы-Нәжімеденкеліні Нәсіп апайдың  «Жұмекен – құдірет» атты естелік кітабы таяуда «Мерекенің баспалар үйі» ЖШС-нен басылып шығып, оқырман қауымға жол тартты. Әрине, таралымы – бар-жоғы 1000-ақ дана кітаптың Атырау – Алтай аралығында жатқан  кең байтақ Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі оқырман қауымға тегіс жетпесі  айтпасақ та түсінікті.

Осынау жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі – сан қырлы талант иесі: тамаша күйші, тағдырлы ақын, қабырғалы қаламгер, мемлекеттік Әнұран авторының бірі  Ж.Нәжімеденовтің туғанына 80 жыл толуымен тұспа-тұс Алматы мен Астана қалаларында зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен  өткен еді. Республикалық БАҚ арқылы осындай кітап шыққанынан   хабардар  болған жұрт  қызығушылық білдіріп: «Бұл кітапты қайдан аламыз?» – кітап авторына да, республикалық газет-журнал редакцияларына да телефон шалуда.

Сондықтан көпшіліктің өтініші бойынша, Жұмекен Нәжімеденов  туралы және оның қаламдастары мен замандастары жайлы жазылған, ел біле бермейтін  тың деректерге  толы естелік кітаптан үзінділер ұсынып отырмыз.


 

Нәсіп  НӘЖІМЕДЕНКЕЛІНІ

 

БҰЛ КІТАП ӨМІРГЕ ҚАЛАЙ КЕЛДІ?
(НЕМЕСЕ КІРІСПЕ ОРНЫНА БІРЕР СӨЗ)

Жұмекен қайтыс болғаннан кейін бір­еуге немесе қандай да болсын газет-жу­р­нал­ға сұхбат берем-ау немесе естелік жа­­за­­мын-ау деген ойымда да болған емес. Өз қайғым өзімде, бала-шағаның, қамкө­ңіл ененің қамымен күндер өтіп жатты. Жұ­ме­­кеннің барында араласқан, сыйлас­қан орта мені бірде-бір дастархан, не бол­ма­са отырыс, басқосулардан шет қалдыр­ған емес. Ондай жерде шаңырақтың аты­­нан сөз береді. Сондай жиынның бі­рін­­де қадірлі ағаларымыз Әбу Сәрсен­баев пен Зейнолла Қабдоловтың айтқан бір ауыз демеу сөзі маған ой салды. Әбу аға: «Қа­ра­ғым, Нәсіп, Жұмекен барда се­нің біз­дің алдымызда сөз жарыстырып, суы­рылып пікір айтқаныңды естіген емес­пін. Ол  сенің сөз білмегендігіңнен емес, жол білгендігіңнен. Бүгін маған мынадай ой келіп отыр. Естелік жазуды баста. Осы ар­қылы сен қайғыңды аз да болса сейіл­те­сің, әрі болашақта жұмекен­тану­шы­лар­ға, оның ұрпағына қажетті құн­ды дерек­тер­ді жинақтап, мұрағатына не­гіз сала­сың. Уақыт өтеді, көп нәрсе күйкі тір­­лік­пен жүргенде ұмытылып қалуы мүм­кін. Сондықтан сарыуайымға салынба. Жаз!», – деді.  «Аға, мен жаза ал­май­мын ғой. Әрі ыңғайсыз болар», – деп едім, «Каспийдің өр толқынын көріп өскен қыздың қолынан неге жазу кел­мейді? Байқап жүрмін, сенің қолыңнан келеді», – десе, Зейнолла ағамыз: «Жұме­кен­­нің дарыны маңдайына біткен бағы болса, Нәсіптей жармен, өлеңін түсінетін адам­мен өмір кешуі – сол бағының қан­ша­лық­­ты биікте екеніне көз жеткізіп, Жұ­мекен бақытты екен деп отырмын», – деген. Мен ол лебіздердің шын жүректен шық­қа­нына күмәнім болмаса да, менің рухымды, еңсемді көтеру үшін айтылған қол­паштау сөздері ғой деп жорамал жаса­ған­­мын. Бірақ дәл сол заматта естелік жаза қоярмын деп ойламадым.

Осы әңгіме қамшы болды ма, әлде Жұ­ме­кеннің ғұмырының қысқа болып, көр­ген қиындықтарынан қиналған сәт­те­рін ұмыта алмай жүргендігімнен бе ек­ен, мен ойланып та қалдым. Оның үс­тіне қайтыс болғаннан кейін Жұме­кен­нің елу жылдығы өткізілді. Сол тұста жур­на­лис­­тер қауымы баспасөз бетінде жариялау үшін сұхбат беруімді өтініп, жиі ха­бар­ласты. Ой жинақтауға тура келді.

Жұмекеннің әр қылығы есіме түскен кез­де бұрынғыдай балаларымнан оңаша қалып тұншығып жылай бастасам-ақ, көз жасыма бұрынғыдай ерік бермей, қолыма қа­ғаз бен қалам алып, жазуға тырыстым. Ақ қағазға бір әріп түссе, көзімнен екі там­­­шы, екі әріп түссе төрт тамшы қатар тү­­­­сіп, естелік дегенім көгала сортаң қа­ғаз­­ға айналған сәттер де болды. Бұл – тоқ­са­­нын­шы жылдардың басы еді…


«ЩЕТКА ШАШ ҚАРА БАЛА»
Ж.Нәжімеденов+2

…Менің Жұмекенді алғаш көруім әлі күнге есімде. 1952-53 оқу жылының қыр­кү­йек айының бірі еді. Зормата ауыл со­ветіне қарасты Сталин атындағы жеті­жыл­дық мектепті бітірдім. Ол кезде қазір­­гі Атырау облысы Құрманғазы ауданында (бұрынғы атауы – Гурьев облысы, Теңіз ауданы) үш-ақ онжылдық мектеп бар еді. Аудан көлеміндегі жетіжылдық мектепті бітірушілер аудандағы үш орта мектепке бөлінетін. Мен Жұмекен оқып жүрген Нұр­жау ауыл советіне қарасты Ворошилов атындағы мектепте оқитындардың тізіміне ілігіппін.

Сол уақыттағы білім беру жүйесі шал­ғай орналасқан ауылдардағы мектептерде оқушы балалардың есейіп, ер жетуіне, жас ерекшелігіне лайықтап құрылатын.

Қыркүйектің бірінде сабақ болған жоқ, оның орнына жиналыс өткізілді. Мектеп директоры Мұсағалиев Қожахмет жиналысты ашып, алдымен мұғалімдерді та­ныстырды. Содан кейін оқушылардың қай ауысымда оқитынын, кімдердің жа­тақ­ханаға қабылданғанын, кімдердің бюд­жет тобына, кімдердің қоғамдық негіз­ге алынғанын айтып, тізімді оқып шық­ты. Бюджет тобына іліккендердің киі­мі, тамағы тегін. Қоғамдық дегені – әр­кім ақша төлеп тамақтанады. Біз, Жұ­ме­кен екеуміз де бюджет тобы тізімінде бо­лып шықтық. Екеуміз де түстен кейін оқитын болыппыз.

Сол жиналыста  фамилиям аталған кез­де ғана менің сол мектепке келгенімді біліп, «ол қай қыз?» деп қасында отырған баладан сұраған екен. Ол  бала өзімен бір клас­та оқитын менің туған немере ағам Нұр­ғалиев Ғалымжан (өзіміз Қалес дей­тін­біз) еді. Немере қарындасын жігіт сұрас­тырғанын аса жақтырмағаны болса керек. «Оны қайтесің?» – деп жауап қай­та­рып­ты. Жұмекеннің аты аталғанда мен де қасымда отырған Қошалақтан келген Байдаева Қалау деген қыздан сұрағаным есімде. Біз Жұмекен екеуміз бір советке қа­расты көршілес екі колхозда қатар өс­кен­­нен бе, әйтеуір бір-бірімізге сырттай қанық едік.

Қазір ойлап отырсам, бір советке қа­рас­ты көршілес екі колхозда қатар өс­кен­діктен ғана емес екен-ау…

Жұмекеннің үстінде Мүлік апасы тік­кен көк китель. Кителінде солдаттың сары түймесі бар. Ақ көйлек, солдат формасы түстес матадан шалбар, қара ботинкасы болды. Орта бойлы, дене бітімі шы­­мыр, шыныққаны көрініп тұр еді, өңі аққұба, шашы қап-қара әрі қалың.

Жұмекен екеуміз оқыған Ворошилов атындағы мектеп «Қазақстан» балық кол­хозында болатын. Колхоз клубының радио торабы арқылы мектеп оқушылары кол­хозшылар мен мұғалімдер үшін концерт беретін. Мектептің жалғыз скрипкасы бар, онымен Жұмекен жеке нөмір орындайды. Скрипканы Жұмекеннен басқа ешкім ұстамайтын. Мереке күндері біздің өнерімізді қызықтаған көрермендер клубқа сыймай кетуші еді. Ол кездегі кітапхана, клуб дегендеріңіз ұядай шағын үй. Жұрт Жұмекен мен Бақыт Қарабали­на­ны сахнадан жібермей, қол соғып отырып алатын. Оларға қайта-қайта күй тарт­қызушы еді.

Сол мезеттегі халықтың өнерге деген құш­тарлығы, өнерлі өрендеріне деген сүйіс­­пеншілігі құртақандай ауыл клубын кернеп кететінін қайтерсің. Жұмекен кө­біне скрипкада «Бұлбұл» күйін орындайтын, жеке әншілерді скрипкада сүйемел­дей­тін.

Жазғытұрым каникулдың кезі болатын. Үйі алыстағы балалар 6 күндік кани­кул­ға ауылға бармайтын. Себебі, ол уа­қыт­та көлік қатынасы бүгінгідей емес. Қазір­гілер мұндай әңгімеге ертегі тыңдап отырғандай таң-тамаша қалады. Біздің жатақханамыздың дәл жанында сәл дөңестеу жерге салынған қос пәтерлі үй бар. Сол үйде колхоздың басқармасы мен менің немере ағам, Нұржау ауыл советінің төрағасы Хисметов Мәжит тұрады. Түстен кейін ағамның үйінен шығып келе жатсам, Жұмекен жатақхананың алдында тұр екен. Алдымнан шығып, «Жаңа сенің кө­кең келді, өзі дүкенге кетті, Мына хатты саған бер деп еді» деп, төрт бұрыштап бүк­телген қағазды қолыма ұстата салды. «Көкең беріп кетті» дегенге сенбесем де, хатты алып бөлмеме кірдім.

Мен каникулда үйге бара алмаған кез­дері көкем түйеге тамағын артып, екі-үш күн менің қасымда болып кететін. Кө­кемді келер деп күтіп жүргенім рас, бірақ көкем алдымен Мәжит ағамның үйіне келеді. Көкем келіп түйесінен түсіп жатқан кезде Назым маған жүгіріп келеді. Назым Мәжит  ағамның туған қарындасы, сол үйде жатып оқитын.

Бұл 1953 жылдың наурыз айының 27-ші жұлдызы еді… «С…м! Сізге және сіз сияқты жандарға бірінші рет жүректің сы­рын білдіремін. Бұл сөз тек күнделік үшін айтыла салған сөз емес, болашақтың сәулесі, өмірлік сөз. Сондықтан да бұған жүре жауап бермей, тура дәл жауап қай­таруыңызды өтінемін», – депті. Осы бірінші хаттан бастап Жұмекен мектеп бітіргенге дейін жазған хаттары Назымның шамаданында сақталды. Бұл хаттар туралы Жұ­мекен екеумізден басқа білетін үш адам  Назым, Бақыт және екеуміздің ара­мыздағы хат тасушы Нәбидолла.

Сол күннен бастап Жұмекенді сыртынан көріп қалсам да ұялып, бетім ду ете түсетін. Кейін хаттарын өлеңмен жазатын бол­ды. Өлеңмен жазған хаттарын оқы­ған­да кәдімгідей бір үлкен дастан оқы­ған­дай сергіп қаламын.

Ол кезде мектептегі тәртіп өте қатал. Оқу­шы қыз-жігіттердің өзара хат алысуына тыйым салынған. Жұмекеннің ал­­ғашқы хатын өз қолынан алсам да, қал­ған хаттарын біреу арқылы беретін. Өзі­мен бір бөлмеде жататын Бекжанов Нәби­дол­ла деген досы болды. Сол арқылы береді, Нәбидолла хаттарды менің жан досым Бақытқа табыстайды.

Жұмекен Әжіғалиев Идаят дейтін досы екеуі ылғи да бірге жүретін. Мектеп пен жатақхананың арасы жүз метрдей жер. Бір мезгілде оқитын болғандықтан бір-бірімізді күнде көреміз. Өзі тез-тез жү­ретін. Сабақты жақсы оқыды. Жұмекен мен Идаятты мектеп оқушылары түгел сыйлайтынбыз. Идаят мектепте комсорг, Жұмекен учком болды. Асханаға барғанда да ылғи  екеуі ең соңынан келетін. Асха­на­дағы ұзын столдың тамақ беретін ше­тіне екеуі қарама-қарсы жайғасады. Ол орынға «Жұмекен мен Идаяттың орны» деп ешкім отырмайды. Ұзақ асықпай отырып, тамақ ішеді, ауыздары әңгімеден босамайды. Асханада күнде екі оқушы кезекшілік міндетін атқарады. Аспазшы Кашипа апай да, кезекші болған оқушы­лар да оларды асықтырмайды. Кейде кезек­шілер оларға асхананың кілтін бе­ріп кете беретін еді.

Кейін білдік, екеуі оңаша отырып, оқы­ған кітаптары, әдебиет, тарих жайлы сыр шертеді екен ғой. Ең соңынан келген адам тамақтанып болғанша кезекшілер кү­теді, олардың ыдысын жинастырып бір­жола шығады асханадан. Біз кезекші болған осындай кездері Жұмекен мен Идаяттың әңгімесіне құлақ түреміз. Кейде олар бізді  байқамайды, біз әңгімелерін тыңдаймыз.

Жұмекеннің кітапқұмарлығына байланысты екеуміздің жазысқан хаттары­мыз­дағы мынадай бір деректі әңгімені, әңгіме емес-ау, сол хаттың өзін келті­ре­йін.

9-шы хат.

«Ғашығым! Сен дегенде жан басқа кеу­дедегі, Араласым таба алман жер беде­рін. Мектептегі тоғыз жыл өмірімде, Бір жанға бір ауыз «сөз» демеп едім.

Сүйіктім! Сенің жұмбағыңның екін­шісін мен, тіпті көргенім жоқ (бұл жерде – ден қойып үлгермедім дегені болса керек деп ойлаймын). Себебі: Қарауым өте асығыс болды. Онан басқа, пікірді өте батыл айтатын ежелгі дағдым бойынша өзімше бір батыл шешім айтатыным сөзсіз еді. Бұл жөнінде маған кінә артса­ңыз да көтере алатын етіп артарсың.

Серігім! Мен саған аздап сұрауың бойынша пікір айтқалы отырмын, қабыл аларсың!

Алдымен сен тіл байлық – кітапты көп оқу, аз оқуға байланысты депсің. Мұ­ның әбден орынды. Бірақ оқуда да тоқу бар. Мен әдеби кітапты біршама сүйіп оқимын. Сонда да Жүсіптің оқыған кітабының маңы түгіл шаңын да көрмейді. (Жүсіп өзімен қатар класта оқитын кітап­құ­мар жігіт кітапханаға қашан барсақ та Жүсіпті кездестіреміз). Мен әдеби кітапқа сондайын құмармын, тіпті құмарлығым сонша, мен оны оқығанда, басқа сабақты көргім келмейді (тек өзімді өзім зорлаймын).  Сырты әсем, әдемі тыныс белгіле­рі­мен «киінген» сөйлемді тілбайлықтың жақсылығынан, ойдың алғырлығынан, ақылдың көптігінен деп қарау жеткіліксіз. Сондықтан көбіне сөйлемнің ішкі сырын аңғару шарт. Яғни сөз жазушы (не айтушы) адам өзінің айтайын деген ойын толық меңгеріп, айта алып тұр ма? Жоқ па? Сол жағына көбірек назар аудару керек. Ол үшін ойлап сөйлеу керек. Ойлап сөйлеп, не жазу үшін ақылдың кеңдігі мен ұшқырлығы аса маңызды. Сонда ескеріңіз, бұл сияқты жазба сөз бен ауызша сөздің әсерлілік қасиетін сақтайтын орны бар. Кез келген ортада (көпшілік, жолдастар арасында) шебер, сыпайы сөйлеймін деп талпыну – келекеге ұрындыруы да ғажап емес (адам түрлі ғой). Сондықтан сөз танымайтын, кісіні бағалай білмейтін (шын мәнісінде) тоңмойын, іші тар топастарға сөз айтып қажеті аз.

Көркем әдебиетті оқығанда мазмұны­нан бұрын жазушының  айтайын деген ойын білдірудегі тіл шеберлік жақтарына көбірек көңіл аудару керек. Сонымен қатар идеялық мазмұнын жақсы меңгере білу керек. Олай істемесең көп оқығаннан  пайда табу қиын. Яғни дүниеге көзқара­сың өспейді деген сөз. (Дүние болғанда сыртқы дүние, былайша айтқанда қоғам­дық көзқарас). Қорыта келгенде, әдеби кітап оқу – адамды адамгершілікке тәр­биелеудің бірден-бір күшті құралы.

Әзірше осыдан басқа айтарым көп болғанмен уақытым (оңаша) жоқ болып отыр. Менде Н-адан басқа сырымды білетін адам жоқ.

Жауап күтемін! 7/V 53 жыл».

Жұмекеннің хаттарында жазған өлең­дері керемет. Жай ғана ұйқас емес, парасатты ойлар, адамгершілік туралы, тәр­биелік мәні мол өсиет сипатты. Төселген ақынның өлеңдеріндей. Маған деген көңілін, сағынышын көбіне өлеңмен жеткізеді. Мен де өлеңмен жауап қайтар­ғым­ келеді. Жаза алмай қатты қиналамын. Мен болсам ондай ойлы өлең құрастыра алмаймын. Көбіне хатына жауап бере ал­май жүремін. Сонда ойлаймын, жауап жаз­бай-ақ қояйын, мұндай мықты адамға мен жар бола алмаймын ғой, теңі емеспін ғой деп, көп ойланатынмын. Сол кездегі бойындағы құдіреттілігіне таң қала­мын.

Он сегіз жасар жас өрен Жұмекеннің сол кезде-ақ осындай салмақты ой-тұ­жы­рым­мен жазған сырға толы әрі ғашық жүрек­тің іңкәр сезіміне толы хаттары менің өмірге деген таным-дүниемді ке­ңейте түскені сөзсіз еді. Әлде, сол уақыт­тың жастары ерте есейдік пе, кім білсін, әйтеуір бізді толғандырар мәселенің қай-қайсысы да адам жанын тебірентерлік ой ұшқындары еді. Біздің рухани үндесті­гі­міз, бір-бірімізге деген сүйіспеншілігіміз ал­бырт жастықтың алаулаған жалынынан ғана құралмағанын Жұмекен екеуміз де сезінетін едік… Оған алпыс жылға жуық сақталса да сиясы да, мәні де кө­мес­кі тартпаған, қағазы ғана сарғайған хаттар куә.

 

 ***

Бұл хаттар – Жұмекен екеуміздің сыр­сан­дығымыз, баға жетпес асыл қазынамыз ғой. Жеке архивінде сақтаулы әлгі хаттармен жиі-жиі сырласамын. Жұмекен екеу­міз­дің жұп өміріміз бастау алған қайнар бұ­лақтың басына осылайша ойша жиі оралып, Жұмекенімнің жүрек жылуына бөленетін кездерім аз емес. Біз жай ғана жұп емес, рухымыз бір тінге айналып кеткен ажырамас жұп едік!

 

***

Ол жылдары мектеп бағдарламасы бойынша таңертеңгілік  денешынықтыру жаттығуын жасайтынбыз. 16 түрлі жаттығу 15 минутқа созылады, оқушылар­дың түгел қатысуы қадағаланады. Ер ба­­ла­лар­дың жаттығуына ұлдардың «фи­зру­гі»  Сатай деген бала, қыздар тобына «физрук» болып Жұмекен жетекшілік етеді. Жұмекен біздің алдымызға шығып, өзі әппақ, шашы қап-қара «щетка» прическасы өзіне жарасып, екі жұдырығын түйіп, алдымызға шығып, 16 жаттығуды жасайды, біз оны қайталаймыз.

Мектептің алдында Шарон өзенінің бір саласы ағып жататын. Жазғытұрым өзен суы жайылып, табиғаттың көз тар­тар­лық көркемдігін айтып жеткізуге тіл керек. Жаттығу жасап болғаннан кейін қыздар иығымызға сүлгі орамалымызды жамылып, өзен жағалауына барып жуынамыз. Кейін Жұмекен сол күндер жайында әңгімелеп отырғанымызда «сенің кәрзеңке сияқты өріп қойған шашыңа қызығып, көзімді алмайтын едім» деп отыратын.

Жатақхана өмірі балалардың өмірге, ортаға икемделіп өсуіне көмектеседі. Ұстаздар да балалар бойындағы өнер-білімге бейімділігін байқап, оларды ең­бек­ке баулиды. Ол кезде ауылда шаштараз болмайды. Ер балалар бірінің шашын бірі қияды. Ал мұғалімдер шаштарын ең жақ­сы шаш қия білетін балаға ғана қидырады. Жұмекеннің «Ақ шағыл» романындағы «щетка шаш қара бала» деп отырғаны өзі ғой. Жұмекен мектеп бітіргенше сол щетка прическамен жүрді.

 

«ИРЕК ӨТКЕЛДЕГІ ЕРЕКШЕ КЕЗДЕСУ»

Тағы бір есте сақталған хикая – іңкәр жүректің шынайы тілеуіне тікелей қатыс­ты Ирек өткел хикаясы болатын.

Біз Бақыт Құмарова екеуміз тұратын «Жаңа жол» колхозы аудан орталығына аттылы кісіге екі сағаттай жол. Ал Жұме­кен тұратын Қошалақ құмынан атпен таңсәріде шыққан адам кешке әрең жететін. Бір советке қарасты бес колхоз­дың ара қашықтығы әжептәуір шалғай жер. Шаруашылық қыр, арал деп екіге бөлінеді. Аралы біз тұратын теңіз жаға­лауы – аудан орталығына жақын колхоздар. Қыры – Жұмекендердің ауылы. Қырлықта орналасқан колхоздарға Қо­ша­лақ құмы, Ақжонас, Қаңбақты, Айдана деген және т.б. жерлер жатады.

…Ол жылдары колхозда жұмыс қолы жетіспейді, жазғы каникулда мектеп оқу­шы­ларын пішен жинауға көмекке ша­қыра­ды. Бақыт екеуміздің істейтін жұмы­сымыз пішен тиеу. Колхозда төрт тегер­шікті үлкен ағаш арба болады. Ағаш арбаға екі өгізді жегіп, пішен үйіп тиеледі. Бұл менің 9-класқа, Жұмекеннің 10 клас­қа көшкен жылы еді. Жазғы үш ай каникулда Бақыт екеуміз Жұмекенді еске алмай айтатын әңгімеміз сирек, өйткені  сағы­натынбыз. Дәлірек айтсам, әркім Жұмекенді өзінше сағынады. Оны сағын­бау мүмкін емес еді. Жазғы демалыс уақы­тында біздің кездесуімізге сылтау болмайды. Оқу кезіндегідей хат алысып-берісу мүмкіндігі де жоқ. Жұмекеннің мына, 10-шы хаты соның дәлелі.

10-шы хат.

«Жасымнан Сіздей жанға болдым ғашық,

Махаббат жас жүректе тұрды от шашып.

Бір-бірін шексіз сүйген адал жүрек,

Қосылар күн болар ма бақыты артып?!

Сүйіктім! Мені осы кезде жүрек қай­ғы­сы (басқа қайғы емес) басуда. Себебі: Сіз… Сізден бөлінемін. Жазғы демалыс бас­талғалы тұр. Ауыл арасы шалғай, екі ортамыз алшақ жатыр. Өзіңіз айтқан мен Сіздің аз уақыт жатақханада болмаға­ны­ңызға да ренішті жүремін. Былайша айт­қанда, көргенше шыдамым кетеді. (Өзім­ше дардай сабыр иесімін деп ойлаушы едім. Бірақ жүрек сабырдан күшті екен).

Бүгін Сіз мен барғанда байқамап едім, кері шығарда көзіңізден аздап реніштік белгі байқадым. Біртүрлі біреудің алдында кінәлі болған адамдай, өте жүдеу отыр­дыңыз. Хатты ашқанша ауыл жағынан көңілсіз келді ме екен деп ойлап едім. Олай болмады. Әлде ойыңыз түрлі саққа жүгіріп, бір нәрсені қайғылағандай, болмаса ой-қорытындыңызға қанағаттанбай отырғаныңыз ба! (Адамның кейде өзіне-өзі не бір ойлаған мақсаты, ойы жеткіліксіз сияқты көрінетіні болады).

Адамның ішкі сырының айнасы – көз болатын болса, мен ұйықтап кетпесем Сіз маған солай көріндіңіз.

Хош… Жауап күтемін. Сақ бол!

Асы­ғыс жазылды. Түсінерсіз. 10.5.53.».

Каникулға шыққалы Бақыт екеуміз­дің қолымыз қалт етсе болды, күнделікті әңгімеміз Жұмекен жайында болатын. Досы Идаят екеуінің білімділігі, көп оқи­тыны, жүріс-тұрысы…т.б. осындай ерек­шелік қасиеттерін бір біз емес, мектептес үлкен-кіші бәрі үлгі тұтады, ауыздарынан тастамайтыны шындық еді… Сол жазғы каникулда, Бақыт екеуміз бір күні бригадирден оқу жылының басталуына 3-4 күн қалғанда Қанышкенге оқулық алуға барамыз деп сұрандық. Ол кезде оқушылар­ды ертең сабақ деген күні босатады. Ал қырдың балалары оқулық алуға 3-4 күн бұрын келеді. Оқулықтарымызды бұрын алып қойғанбыз. Оқулық алуға барамыз деуіміз жәй сылтау еді.

Сөйтіп, тамыз айының 27-сі күні Бақыт екеуміз екі атпен Қанышкенге кел­дік. Қанышкеннің құбыла жақ бетінде бір-біріне қарама-қарсы салынған ұзын­ша ескі киоскілер болатын. Онда ет, шұ­бат, нан, т.б. азық-түлік сатылады. Атымызды сол киоскілер тұрған алаңдағы соқаларға байлап, киоскілерге қарай келе жатып: «Дәл қазір алдымыздан Жұмекен мен Нәбидолла шыға келсе ғой» дедік.

Дәл бір ертегідегідей, киоскіні айнала бергенімізде, үстінде жеңін түріп алған ақ жейдесі бар, өзі де әппақ Жұмекен, қа­сын­да Нәбидолла бар, екеуі қарсы алдымыздан шыға келгені… Осы құдыретке әлі күн­ге таң қаламын. Ол заман ұялы байла­ныс түгілі, жай телефонның өзі елде бол­са біреу ғана, аудан басшыларында болу керек деп ойлаймын осы күні. Біз Бақыт екеуміз кітап дүкенін сылтауратып келге­ні­мізде көкейімізді тескен кездесу сұра­ғанға тілегендей болды. Жұмекен де осы кез­десуді аңсап келгеніне күмәнім жоқ. Мұн­дай кездейсоқтық болмайды деп ойлаймын. Бұл періштедей пәк таза жүректердің ізгі әрі шынайы тілектерінің тоғысуы.

Ол кезде қыз бен жігіт көшеде ұзақ әң­гімелесіп қатарласып жүру деген жоқ. Ол ерсі қылық болып саналады. Ондай қы­лықпен көзге түстің дегенше сөзге іліктің дей бер.

Базардағы шұбат сатушылардан шұ­бат алып іштік те, шаруамен жүрген үлкен адамдарға ұқсап, Қанышкеннің сырт жа­ғын­дағы Ирек өткелде жолығатын болып тарастық. Сазтөбеде егістік басында қа­рауыл болып тұратын Мүлік деген апа­сының үйіне Жұмекен бізді қонаққа ша­қырды. Мүлік апай мені де, Бақытты да таниды. Әрі менің көкемнің жақсы көре­тін балдызы. Елге ісмерлік өнерімен сый­лы адам. Ол кісінің бөтен ой ойламайтынын, бізді сөкпейтінін жақсы білемін. Сол себепті қонақ болуға келісім бердім.

Ирек өткел деп аталуының сыры Қа­ныш­кен мен Сазтөбенің аралығында ағып жатқан өзеннен төтелеп өтуге болмайды. Шүңейт-шұңқырын білмейтін адам көлік-мөлігімен суға кетеді. Сол су астындағы ой-шұңқырды айналып өте­тіндіктен Ирек өткел аталған.

Бақыт Ирек өткелдің сырын жақсы білетінін, жылқышы Уәлиолла ағасымен бұл өткелді талай рет өткенін айтты. Сондықтан өткелді есіне жақсы сақтап қалған. Жастық шақтың бір ерекшелігі – қауіп-қатердің аса қорқыныш тудырмайтыны болса керек. Жақсы білем дегеннің өзінде күнде өтіп жүрген адам емес, Бақыт қателесіп кетсе, суға кету деген сол емес пе. Ондай қорқыныш бізде болған жоқ. Өткелден өтіп келе жатқан­ның өзінде Жұмекен Жұмекендігін көр­се­тіп, әзіл-қалжыңнан аузы босамай ке­леді, бізді күлдірумен болды. «Бақыт-ау, мына өзенді өзің арнасын қазып, өзің ағы­зып қойғандай, қай жерде қандай шұңқыр барын қайдан білесің. Әдейілеп жол салып қойғансың ба?» деген сияқты әзілдерінен күле-күле шегіміз ауырды.

Ирек өткелден өтіп, Сазтөбені бетке алып төрт аттылы келе жатырмыз. Ол кез­­де шұбырып жатқан машина, қазіргі­дей айқырып жатқан айдау жол жоқ. Асып кетсе  арбажол. Бір кезде алдымызда жол бойымен ағараңдап кетіп бара жатқан ақ қалпақты көзім шалды. Қасымдағыларға «анау қалпақ па, ана қараңдар, дөңестен төмен қарай қалпақ кетіп барады» дедім. «Қайдағы қалпақ айдаладағы, көзіңе не көрініп келеді» деп, өзімді мазақ етті олар. Ат үстінде келе жатқан бізге жиегі көлемді әппақ күнқалпақты киген адамның бар-жоқтығы көрінбейді. Жақындап келгенде қалпақ иесі жас жарымдағы кішкентай сәби екенін көрдік. «Жұмагелді ғой мынау» деп Жұмекен таң қалды. Үйге келген соң Мүлік апайға Жұмекен «баланы не­ғып жалғыз жібересіңдер, жылан шағып ал­са, сиыр сүзсе қайтесің» деп сөйледі. «Ба­ла шығып кеткен екен ғой, байқамай қа­лыппыз», – деп ақталғандай болды апасы.

Ол уақытта шешелеріміз күнқалпақты қолдан тігіп, жас балалардың жаз бойы басынан тастатпайтын. Құстаңдай деп аталатын қалыңдау матадан бірнеше қабаттап іс машинамен сырып тігеді. Сол «ақ қалпақ» киген бала бүгінгі қазақтың қасиетті қара домбырасының тарихын зерттеумен айналысып жүрген Жұмагелді Нәжімеденов еді. Бір жарым жасында ақ қалпағын басынан тастамай, туған жердің қасиетті құмында зыр жүгіріп, «болар ба­ла бесігінен» дегізіп жүрген кезі ек­ен…

 

***

Жұмекеннің жиендері, менің бауырларым, ағайындарымыздың балалары бізге ат басын тіреп түседі, үйде айлап жа­тады. Жұмекенге арқа сүйеп келген ба­лалардан оқуға түсе алмай кеткені болмапты. Жұмекен оларды жетектеп жүр­мейді, ешкімге түсір деп шаруа салмайды, ондай әдетінде жоқ.

Қазір ойлап отырсам, солардың көбі өте жақсы оқыған балалар еді. Әлде жолдары болғыш іші адал тектен шыққан балалар ма, әйтеуір аман-есен оқуларын бітіріп шығады. Солардың бірі – жиені Жұмагелді Нәжімеденов еді. Өнер мен әдебиетке түсуге келген балалардың Жұмекен сынынан өтпей тапсырғаны жоқ. Бәрін де ұзақ дайындайтын.

Жұмагелді Жұмекен еңбегін ақтады. Өзі де өте еңбекқор бала еді. Консерваторияны үздік бітіріп, Атырау, Алматы қалаларында өзінің қалаған жұмыс­та­рын­да істеді. Кандидаттық, докторлық диссертацияларын қорғады, бірнеше кітаптың авторы. Қазақтың қара домбырасын шетелдіктерге үйретіп, оларды сахнада ойнатты.

Жұмекен ол балаға күй тартқызып оты­рып былай деп айтқаны есімде қалды: «Сен орындаушылықты қой, сен қазақтың қоңыр домбырасын зертте. Ғылым жолына түс, кәзір домбыраның үнін байқап жүрсің бе, бұрынғы қой ішегін байлаған домбыраның даусын естідің бе, есіңде бар ма, техника жылдан-жылға дамып бара жа­тыр, қойдың аш шегінен қалай дом­бы­раның шегін жасайтынын халыққа түсіндір, технологиясын апам (Жұма­гел­ді­нің анасы Мүлік апасы) айтып береді, сол туралы жаз. Кейінгі ұрпаққа домбы­ра­ның табиғи қоңыр дауысын жеткізу керек. Леска таққан домбырадан қоңыр дауыс шықпайды», – деп еді.

Жұмекеннің сол тілегін орындағысы келіп көп еңбек етті. Тиісті мекемелерге хат та жазды. Бірақ қазақ музыкасына аз да болса еңбек етем деп армандап, күні-түні ізденіп еңбек етіп жүрген Жұмагелді 2012 жылдың 21 қазанында дүниеден озды…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір