АЛЫП АЛАТАУДЫҢ ЕЛЖАНДЫ ЕРТЕГІШІСІ ЕДІ
11.03.2016
2483
0

КАЗ-ТИАқ басты асқақ Алатау баурайының тамылжыған тамаша табиғаты, шіркін, керемет қой. Жап-жасыл биік бел-белестері мен көкорай шалғынды жоталары жон арқасын  төбесінен төнген алтын арайлы күн  сәулесіне тосып жатады… Шашыраған шатқал-шыңы мен сай-саласын түгел көмкерген, жапырағының түр-түсін өмірі өзгертпейтін қарағай, шырша тәрізді ағаштары қандай! Олардың ара-арасымен етекке ентелей беттеген, еңіс-еңісті қуалай өскен дәмі тіл үйіретін жеміс-жидектері, иісі мұрын жаратын гүлдері ше! Жоғарыдан төмен бұрала аққан тап-таза, мөп-мөлдір бұлақтарына еріксіз бұрыла қарайтының да анық… Бірде қалыңның ішінде қарайып жүретін, бірде одан ойқастай шығып, мұзарт-құздың басынан көрінетін, ал енді бірде еркелегендей елге де таяп, тақап келетін андыздаған аңы мен ашық аспан астының сән-салтанатын асыратын, қанатын қаққанда тынық ауаны тынбай дірілдететін, сан түрлі үнін үзілдіре сайрайтын құсын қайда қоярсың?! Мұндай жерде жаныңның жаздай жадырамауы, көңіліңе көктем шуағы құйылмауы, қиялыңның қияға шарықтамауы, ойыңның ой-қырды кезіп кетпеуі, сезіміңнің селт етпеуі, әдемілікті, әсемдікті сүйетін жүрегіңнің нәзік қылының шертілмеуі, әй, мүмкін емес-ау!  Сондықтан да болар, Алатаудың аясын, айналасын жайлаған жалпақ жұрттың ішінен жазушы, ақын, композитор, әнші, басқа да өнер иелерінің көптеп шыққаны. Сондай саңлақтардың санатында жазушы Мұхаметжан ЕТЕКБАЕВТЫҢ аты да орынды аталады.

 

***

1936 жылы 15 мамырда Жамбыл ау­данының тау етегіндегі Қарақыстақ ауы­лында дүние есігін ашқан М.Етекбаев қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі еді. Ол әдеби еңбек­терінің арқа­сында Қазақстан Жазушылар және Журналистер ода­қтарының мүшесі ретінде ұлтымыздың белгілі жазу­шыларының қатарынан ойып тұрып орын алды.

Иә, ол өзінің шынайы шығармашы­лы­­ғымен балалар кітабының көкжиегін кеңейте түсті, бала танымы мен талғамы­ның өсуіне сүбелі үлесін қосты. Тағы­лымы мол, тәрбиелік мәні терең туынды­лары арқылы қазақтың қара бала­сының ой-қиялын өсірді, адал, әділ, қайы­рым­ды, кішіпейіл болуға жетеледі.

1960 жылы Қазақ мемлекеттік уни­вер­си­тетін журналистика мамандығы бойынша бітірген жас та талантты жігіт­тің бұдан кейінгі бүкіл өмірі жазумен өткен. Мұқаң студент кезінің өзінде-ақ лирикалық өлеңдерімен көзге түсіп, уни­верситет көп тиражды газеті ре­дак­ция­­сының жүлдесін иеленген.

Ал журналистік еңбек  жолын Жамбыл аудандық «Ленин жолымен» (қазіргі «Атамекен»), Қаскелең аудандық «За ком­мунизм» (қазіргі «Заман жаршысы») газеттері редакциясында әдеби қызмет­кер­­ліктен бастаған. Мұнан кейін респу­б­ли­калық «Қазақстан пионері» газе­тінде істеген. Ал 1964 жылы Қазақ теле­ви­де­ние­сіне ауысып, коментатор, ре­дактор ретінде «көк жәшіктің» кө­рер­менінің  кө­беюіне өзіндік үлесін қосқан.

М.Етекбаевтың 1966-1977 жылдарда рес­публикалық әдеби-мемориалдық Жам­был  музейін басқаруы өмірінің бір берекелі белесі дегеніміз жөн. Туған же­рі­нің дархан даласы, тау-тасымен қоса, оның адамдарын айрықша сүйетін, Жамбылдайын ұлы ақынның  шығар­ма­шы­лығын ерекше құрметтейтін ол осы жұмысқа  келе салысымен музейге күрделі  жөндеу жүргізілуіне мұрындық болды, барлығын жаңаша жабдықтап, жаңа экспонаттардың молаюын ұйым­дас­тырды. Жарығын жарқыратып, жолын жақсы күйге жеткізді.

Жамбыл атамыздың 125 жылдығына әлемнің әр жерінен белгілі жазушылар мен қоғам қайраткерлерінің ағылып кел­гені де сол кездері еді. Осы тұста, 1973 жы­лы түсіріліп, көпшілік жылы қа­былдаған Жамбыл жайындағы «Ақындар атасы» атты  деректі телефильмнің авторы да Мұхаң еді.

Жоғарыда айтқанымыздай, М.Етек­баев­тың алғашқы өлең, әңгіме, мысалдары университет газетінде жариялануы­мен қатар, республикалық «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», «Пионер», «Балдырған» басылымдарында үзбей жарық көріп жатты. Балаларға арналған әңгімелері мен ертегілері топ­тас­­тырыл­ған тұңғыш кітабы «Алтын мүйізді киік» деп аталған екен. Онан кейін «Қисық бұтақ», «Қызыл автобус» кітаптарын дүниеге әкеледі. Осылайша жазушылық жолы жақсы жалғасын таба берген.

Мұхаң Қаскелең ауданында дүниеге келіп, биікке қанат қаққан өндір жас, батыр пионер Болатбек Омаровтың өне­геге толы ерлік істерін ерекше толғаған. Ұзаққа созылған зерттеу еңбегінің арқа­сында ол 1966 жылы «Жазушы» баспасы­нан «Болатбек» атты повесін оқыр­ман­­дарға тарту етті.

Қарымды қаламгердің қолынан, сондай-ақ, «Жапалақ туралы ертегі», «Жамбылдың музей-үйі», «Айтолқын», «Қара­жартас хикаясы», «Жомарт жаз», «Бала қыран», «Алатау ертегісі» деген кітаптары бірінен соң бірі шығып, жұрт­шылықтың ыстық ықыласына бөленді.

Ең бір сүйсінерлігі, «Алатау ертегісі­нің» орыс тіліне аударылып, Мәскеудегі «Детская литература» баспасынан 1972 жылы «Острый коготь» деген атпен шы­ғуы еді! Ал ол заманда мұндай жетістікке әркімнің қолы жете  бермейтін. Бұл повесть бір жылдан кейін украин тіліне тәржімаланып Киевте, онан соң, тіпті, Гер­манияда неміс тілінде жарық көре­ді.

Ал осы кітап жөнінде қазақ өнері мен мәдениетінің  үлкен білгірі, ұлты-мыздың тұғыры биік тұлғасы, Мәдениет министрі Ілияс Омаров былай деп жазыпты:

«Қадірлі Мұхаметжан! Сіздің «Алатау ертегісі» деген кітабыңызды оқып шықтым. Табиғат тану  деп туған аңыз-дар, жан-жануарларға жан бітіре сөйлет­ке­ніңіз­ге қарамай, сонша нанымды, тартымды. Мұның  себебі, өз тақыры­быңыз­ды жақсы білгендіктен ғой деп жору­ға болады. Әр жәндіктің тек өзіне тән мінез-құлқы, өмір сүру шарттары орынды берілгендіктен оларға тіл бітіру ерсілік сездірмейді. Әңгімелер көпшілік­ті қызықтыра тартатын әдіспен жазыл­ған. Сол себептен жұрт құлшына оқиды деп сенемін.

Бұл еңбек, әсіресе, жастарға көбірек пайдалы. Табиғатты білу, оның өмір заңын білуге құштарлану жастардың табиғатқа  деген қамқорлығын күшей­теді. Бұл жағынан да сіздің еңбегіңіз ба­ғалы ғой деймін. Кітапты басқа тіл­дер­ге аудару керек шығар деп ойлаймын.

Жақында жас кинорежиссер-сурет­ші Хайдаров қазақтың бірінші муль­т­филь­мін шығарған еді. Сіздің әңгі­ме­леріңіз де өнердің сол саласына өзі­нен-өзі сұранып тұрған сияқты.

Сіздің сәтті қадамдарыңызға қуаныш білдіруші ағаңыз Ілияс Омаров. 3.IX. 1968 ж.».

Осынау сара ойлы асыл азаматтың салмақты пікірінің өзінен-ақ көп жай аңғарылып тұрған жоқ па?!

Ендеше, сол «Алатау ертегісі» атты кітаптан бір үзінді келтіре кетейік:

«Екі бүркіт қайта кейін бұрылып, ұя салар жерге келді. Төбесі бүркітқабақты екен, кеңдігі киіз үйдің орнындай бар. Қара ала жолағы бар бүркітқабақ әлгі тас алыстан ықшам ғана көрінген. Бірақ жақындағанда ол кішкене болмады. Құрық бойы биік екен, дәл төбеден төніп тұр. Жаңбыр қатты жауса да, ұя салатын орынға төбесінен бұршақ төпеп ұрса да, тиетұғын түрі жоқ. Ал астыңғы жағы болса, салаланып, тік құлдилап түсіп жатыр. Зәулім жартас жақпары қысылшаң сай табанына бір-ақ жетіп тоқтаған. Тар шатқалда жалғыз аяқ жол бар екен, сорабы сонадайдан байқалады. Бұлақ суы қайнасып, бұжыр-бұжыр мұзға айналып, еңіске құлап жатыр. Әсіресе, бір бұйрат мұз аппақ болып, өркештеніп көрінеді. Мұздысайдың екі жақ беткейіне ну қарағай, түп-түп шетен ағашы, қалың бұта өсіпті.

– Тамаша жер, байқаймысың? Маған қатты ұнап тұр. Оң жақтағы ана қыр тас, сол жақтағы мына бір түп арша балапанды көктемдегі суық желден қорғайды. Ұямызды сол екі араға саламыз! – деп, Мұз­балақ қуанғаннан көзі жайнап, күлім қақты.

– Бұл орынның тағы бір қасиетін айтайын ба, Мұзбалақ, – деді Ақиық жан-жағына көз сала қарап қойып.

– Айт, айт! – деді Мұзбалақ.

– Өзі биік тау басында, әдейі іздеп келген біреу болмаса, көрінгеннің көзіне оңай түсе бермейді. Оған қоса жазда ертеңнен үлкен сәске болғанша, сосын кешкі мезгілде бұл жерге күн сәулесі жақсы түсіп тұрады екен, байқауымша, – деп, Ақиық саңқ-саңқ етіп, қос қана­тын қағып-қағып жіберді.

Ұябасар мұны ойына алмапты, ол да қатты қуанды. Содан кейін айналасына көз жүгіртті.

– Шындығында, мынау өзі сәті түс­кен жұмыс болды, – деді орнынан қал­ба­лақтай қозғалып.

Екі қыран қанаттарын қағыстыра еркелеп, бір-біріне күлімдесе қарады…» («Қара жартас хикаясы», ертегі-повестер. Алматы. «Жалын», 1990 ж.).

Иә, автор мұнда Найзатұяқ деген қы­ранның тағдырын жайымен жаза отырып Алатауды мекен ететін сан алуан құстардың, жануарлардың тірлігін қызықты суреттейді, олардың балаларға таңсық талай жайын бедерлі бейнелейді.

1970 жылы Қазақстан Жазушылар одағы, Баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитет пен Қазақстан Комсомолы Орталық Комитеті бірігіп, балалар мен жасөс­пірімдерге арналған үздік шығармаларға жариялаған байқауда М.Етекбаевтың «Қара жартас туралы аңыз» ертегі-повесі де озып шығып,  екінші бәйгені қан­жы­ға­сына байлаған.

Ал 1996 жылы Жамбыл бабамыздың туғанына 150 жыл толу құрметіне өт­кі­зіл­ген үздік драмалық шығармалар бай­қауында оның қаламынан туған (жазушы Е.Домбаевпен бірігіп жазған) «Өкі­летті өкіл» пьесасы үшінші жүл­де­ні еншілепті.

1981 жылы «Болатбек»  повесі, орыс жазушысы Ю.Хазановтың аудармасымен Мәскеудегі «Молодая гвардия» бас­пасынан жарық көріп, 1988 жылы ук­раин тіліндегі «Берег було видно»  по­вестер жинағына еніп, Киевте басылып шығыпты.

М.Етекбаевтың ересектерге арнал­ған, ауылдың  тыныс-тіршілігі сурет­теле­тін «Таутекелі биіктері» деген повестер мен әңгімелер жинағының да айтар ойы ай­қын, көтерген жүгі салмақты еді.

 

***

Жалпы, Мұқаң өмірде қандай адам болған, оны қалам ұстауға алып келген не, осы жайға да біраз тоқталсақ.

Туған жері Қарақыстақ ауылында бол­ғанымызда біз жазушының балалық, жастық шағынан хабардар біраз кісілер­мен әңгімелескен едік.

– Әкесі Етекбай ұзақ уақыт тауда си­ыр баққан, – дейді жетпіс екі жастағы Бә­тішев Тынышбай аға. – Жайлаған фер­масы «Тастыөзек» сайында болатын. Ауылмен екі орта 12-13 шақырым. Біз білгенде Мұхаметжан сол жерден келіп оқитын. Бұралаң-бұралаң тау жолының бойы, әрине, әдемі көрініске, ғажап табиғат суретіне толы. Бұл баланың да жан-дүниесін шалқытпай ма! Ендеше, оны осы жол да жазушылыққа алып келген шығар деп ойлаймын. Жарықтық Етекеңнің бір жақсы қасиеті суы бар сайдан қолайлы жер көрсе болды, әр ­түр­лі ағаш көшетін отырғызатын, олар­дың көбі әлі күнге өсіп тұр, әлі күнге көз тартып, көңіл қуантады. Үлкендердің айтуынша, анасы Қалила да отағасы сияқты артық сөзі жоқ салмақты кісі екен, есесіне дастарханы әр кезде кеңі­нен жайылып, жайнап тұратын көрінеді. Негізінен малмен күн көретін ел жайдары жазда тау қойнауындағы жайлауда отырса, қыраулы қыста етекке түсіп «Қарақыстақты» қыстайтын. Ауылдың аты да осыған байланысты қойылса керек. Біздің жас кезімізде «Құлансаз», «Майтөбе» сияқты жайлауда күнде дерлік малшылардың той-думаны болушы еді, оған өзіміздің ағайындар бер жағы Шамалғаннан, ар жағы Қордайдан келіп жатса, Алатаудың арғы бетіндегі қыр­ғыз туысқандар да жиі атбасын бұ­ра­тын. Таудың төсі мен ішінде тауеш­кі, елік, арқар сияқты аң мен қырғауыл, кекілік тәрізді құс та көп еді, тіпті, ұлар да кездесетін. Міне, осының бәрін көріп, көкейіне түйіп өскен Мұхамет­жан­ның кішкене кезінен ойы сергек, жаны сезімтал болды. Әкесінің соңында жүріп еңбекке ерте етене араласты. Бірақ басқа малшылардың баласындай емес, әу бастан оқуға, кітапқа үйір еді. Абай, Пушкин, Лермонтов, Крыловтың кітаптарын басына жастанып оқитын, оқушы кезінен Абай аударған «Татьяна­ның хатын» домбырамен жақсы айтатын. Сол сияқты, Кененнің «Бозторғай», «Көкшолақ» әндерін де әдемі әуеле­тетін.

Иә, ол кісінің өз қолымен отырғызыл­ған тау шыршалары бүгінде жайқалып тұр. Бұдан бөлек, әр түрлі жеміс ағаштары егілген аумақ та қазірде  «Етекбайдың бағы» аталады. Мұхаметжан да әкесінен үлкен үлгі алған, яғни, осындай ізгі іс­тер­ді жақсы жалғастырып, көшеттің көлемін жайымен көбейтіп отырған.

Ал жетпіс алтыдағы Сұлтанов Құ­р­ал­­бай қария былай дейді: «Жасынан Алатаудың бауыры мен беткейінде батыл жүріп шымырланып шыныққан ол өте жүйрік те еді, тастан тасқа тау та­ғы­сындай сескенбей секіріп кете беретін. Сондай кезде де қонышынан, қалтасы­нан қалам, қағаз түспейтініне таң қала­тынбыз. «Тастыөзекте» Етекбайдың қыс­тауы деген жер бар. Етекең марқұм аң-құсқа құмар еді, тұзақ қойып, қақпан құратын, бірақ бәрінің де аналығын босатып қоя беретін. Әңгімені де әсерлі айтатын. Ал енді Алатаудың керемет сұлу табиғатын, оның бауырына басып жатқан «Суықтөбе», «Ақтасты», «Қара­қия», «Көктөбе» сынды жерлерін көру үшін көз керек. Санасы сергек, құйма құлақ, жанары нұрлы, көзі өткір бала­ның жазушы болуына осының әсері көп болды ма деймін. Мен білетін Мұхамет­жанның тағы бір еңбегі – шежіреге ден қойғаны. Ол Жамбыл ауданындағы шапыраштының шежіресін жинақтауға үлкен үлес қосты. Сонымен қатар, осындай мақсатпен жалықпай Жамбыл облысына да барды, өзіміздің Алматы облысының да талай жерін асықпай аралады. Ал мектепте Сәдуақас Бигелдиев сияқты атақты, ардақты азаматпен қатар оқып, арман жолымен өмірдің асу-биігіне де қатар шықты ғой.

– Онда баламыз ғой, бірақ ненің жақ­сы, ненің жаман екенін біліп қалған едік, – дейді Жәнібек Ордабаев. – Біздің көшедегі Шарбанкүл әпкесінің үйіне жиі келетін. Мәдениетті, сабырлы, сал­мақ­ты, жылы жүзді еді, үнемі қабағын түсірмей жиі жымиып қоятын. Сондағы менің де байқағаным, қолында үнемі қағаз-қаламы жүрер еді. Әйтеуір, балаларды өте жақсы көретін, солармен көп әңгімелесіп, қызықты қылықтарын да тамашалаудан танбайтын. Балалардың бабын біліп, кішкентайлардың көңіл кілтін тауып, талай ертегі жазуының сыры да осында жатса керек, тегінде. Әкем Кенжебекпен жақсы жолдас болды, жиі жолығысатын, сондықтан да менің біраз нәрсені біліп осылай деп жатқаным. «Әжеме әзіл» деген мына өлеңі есімде қалыпты:

Ұнатып жүрмін қазір кәрі салтын,

Бөбекке қарт ынтығы қызық неткен.

Әжемнің баласының бәрі алтын,

Япыр-ай, күміс бала қайда кеткен?!

 

***

…Осы жолы Жамбыл музейіне тағы да бардық. Тағы да ұлы ақынның 1938 жылдан 1945 жылға дейін тұрған үйінің ішіндегі қолы тиген заттарына қызыға қарап, аяғы тиген жермен ақырын жүріп өттік. Ғажап! Сәл болмаса жүз жасаған бабамыздың өзі кіріп келердей әсерге бөлендік.

Бұл үйге кейіннен қосылған заманауи музейлік сипатқа ие бөлігі де тамаша жасалған. Ондағы ескі суреттер, атамыздың бұрынғы-соңды шыққан кітаптары, басқа да қымбат жәдігерлер айрықша көз тартады.

Бір қызықты жай, 1978 жылы Герман Демократиялық Республикасы, Лейпциг қаласында Клаус Шнайдердің неміс тілінде «Алматы. Қазақ көктемі» деген кітабы басылып шығыпты. Бұл неміс жазушысының Қазақстанды асықпай аралап, оның елі мен жерінен, мәдениеті мен өнерінен, табиғаты мен тамаша адамдарынан алған әдемі әсерінен туған шығарма екен. Көптеген суретпен көм­ке­рілген кітапта автор өзінің Жамбыл музейінде болғанын да атап көрсетіпті.

Оның ішінде М.Етекбаевтың 1966 жылдан музей директоры қызметінде екенін айта келе, былай дейді: «Мұха­мет­жан маған орысша аудармашы ре­тін­де өзінің аса қымбатты қазынасы – арық­ша келген әдемі әйелі фрау Ха­­зима­ны таныстырды…» деп жазған. (Кітаптың аты мен бұл сөйлемді немісше жақсы білетін адамға қазақшаға аударт­қан біз).

Бүгінде Мұхаңның шаңырағының отын өшірмей отырған ұлағатты ұстаз, орыс тілі мен әдебиетінің маманы Хазима апай жайында да  жазғанымыз жөн сияқты. Ол жазушыға жақсы жар бола білді, шығармашылықпен шұғылдануы­на  жағдай жасады, қабағына да, таба­ғына да қарады.

Мұхаң қазақ университетін журналистика мамандығы бойынша 1960 жы­лы бітірсе, екеуі 1961 жылы бас қосыпты. Ағамыз 1966 жылы Жамбыл музейіне директор болып барады. «Сонда біраз бірге оқыған достары «Әй, Мұхаметжан, қазір ел қалаға қашады, ал, сен далаға қашқаның қалай?» депті, – дейді Хазима апай. – Бірақ ол діттеген ойына, қой­ған мақсатына қол жеткізді. Өйткені, туған жері мен елін ерекше елжірей сүйетін. Оның үстіне Жамбыл атасының музейі одан әрі жақсартылса деген игі тілегі мен ізгі ниеті де бұрыннан ойында жүретін».

Сонымен екеуі ерекше ынта-жігер­мен ұйымдаса ұлы жыраудың мемориал­дық музейінен бір-ақ шыққан. Мұнда Хазима алдымен экскурсовод болса, кейін­нен республика Мәдениет ми­нис­т­р­лі­гінің шешімімен кіші ғылыми қыз­меткер дәрежесінде жұмыс істепті. Сөй­тіп, Мұхаңа осындағы қыруар жұмы­сында, қызу қызметінде тіреу де, сү­йеу де болған. Өзі орыс тілін жақсы білетіндіктен Мұхаңның жазғандарын аудару­ға көп атсалысқан.

…1999 жылы, Мұхаңның қайтыс бол­ға­нына  жыл толғанда Алматы облыс­тық «Жетісу» газетінде Хазима апайдың «Баға жетпес ардақтым еді…» деген мақаласы шығыпты.

Онда мынадай жолдар бар: «1961 жы­лы екеуіміз отау құрғаннан кейін өзінің сүйікті газеті – «Жетісуда» «Мен бақыт­ты көрдім» деген өз өміріне негізделген мақаласы жарық көрді. Сонда: «…Туған елде, туған халқының арасында, бақыт­ты семьяның құшағында отырып еңбек ету­ден, еңбек құрметіне бөленуден ас­қан бақыт жоқ!»… деп жазған екен. Ол өз өмі­рінде осы қағиданы ту етіп ұстап өтті».

Осының өзінен-ақ шынайы шығар­ма­ларын жалықпай жазған жазушы жан сырының кейбір сын-сипаты анық аңғарылмай ма!

Айтқандай, Хазима Айдарбекова қазақ­тың белгілі тұлғасының бірі, меценат, Жетісу өлкесінің өркендеуіне, Вер­ный (Алматы) қаласының көркеюіне үлесін қосқан атақты Медеу Пұсыр­манұ­лының шөбересі екен.

 

***

Мұхаң сонау бір кездерде осы қасиет­ті орынды жаңартып, жаңғыртуға орай сол кездегі одақтағы бірқатар музейді зейін сала, зерделеп аралап көрген. Тіпті, сапарлатып Мәскеу мен Ленин­г­рад­­қа барған. Әрине, қыдырып, қызық­тау үшін емес, ол жаққа маңызды жұмыс­пен, мәнді шаруамен ат басын тіреген. Қазақ телевидениесінің режиссері Ос­ман Дюнбаев екеуі. Сол жолы қос қа­ла­ның, әсіресе, Ленинград халқының ұлы Жамбыл жайындағы орнықты ой-пікі­рін білген, көшелерді аралап «Ленинг­рад­тық өренім» өлеңі туралы тұрғын­дар­мен тебіреніске, толқуға толы сұхбат жүргізген.

Қалалық кеңестің төрағасының қа­был­дауында болған (айтқандай, ол кісі көше аралағанда бұларға өзінің қызмет­тік көлігін – қап-қара «Волгасын» беріп қойыпты…). Ең сүйсінерлігі, мэрмен әде­мі әңгімелесіп отырып, тиісті жөн-жо­­басы­мен оның Жамбыл музейіне қар­жы бөлінуге қол жеткізген.

Осы көлемді қаражатқа, тойдан біраз кейін болса да, баба музейіне апаратын көшеге 14-15 екі пәтерлі екі қабатты тұр­ғын үй салынған!

Ал деректі телефильм 1973 жылы ел на­зарына ұсынылған. Оның алдында Ор­талық партия комитетіне, Министрлер кеңесіне, облысқа да жиі барып, та­лай мәселенің мәнімен шешілуіне елеу­лі еңбек сіңіргені де туған елінің есінде.

Мұхаң ұлы жерлесі, қазақтың атақты алдаспан ақыны, айтыс өнерінің ерен жүйрігі Сүйінбай Аронұлының өмірі мен шығармашылығына терең үңілген. М.Етекбаевты ақын музейінің негізін қалаушылардың бірі, абыроймен ашылуына үлесін қосқандардың алдыңғы қатарында жүрді деуге әбден болады.

 

***

Туған жеріне деген махаббаты, таби­ға­тының сұлулығына деген іңкәрлігі, оның адамдарына деген ақ көңілі, батыр бабаларының ерен ерлігіне деген ерекше құрметі  «Атыңнан айналайын, Қара­қыс­тақ» атты мына өлеңінен де (әні бар) бірден білінеді.

 

Туған жерім, айналдым, Қарақыстақ,

Сенде өтті алаңсыз балалық шақ.

Алыс жолдан бұл күнде келсем аңсап,

Құшақ жайып тұрасың анама ұқсап.

 

Суықтөбе, Майтөбе, Қарақия,

Көктөбе мен Ақтасты алтын ұя.

Сені жырлап, туған жер, еске алып,

Бойымызға жүреміз қуат жия.

 

Қозғайын мен тереңнен сөздің басын,

Жүрсем алыс сағынам ой, қырқасын.

Ойың, қырың көк майса, исі жұпар,

Тұр қасқайып батырдай әр жартасың.

 

Көкті торлап көктемде бұлттар көшер,

Жер-Анаға нұр болып, төгіп нөсер.

Атпен кезіп тауыңды жүрген шақта

Шыққан сайын биікке көңлің өсер.

 

Бұл – талай жау ойраңдап, шаңдаған жер,

Бабам қорғап, төгілген қан менен тер.

Туып өскен бұл біздің алтын ұя,

Қанат қағып талай ер самғаған жер.

 

Айтыла бер, туған жер, өлең жыр боп,

Менің өтер өзіңе борышым көп.

Еңбек еткен ақ пейіл ерлеріңді

Жырлап өтсем, туған жер, арманым жоқ!

 

***

Жазушының зайыбы Хазима Айдарбекова бар шығармасын көзінің қарашы­ғын­дай сақтап отыр. Ол кісінің күш са­луы­мен үстіміздегі жылы «Раритет» баспасынан Мұхаңның «Қызыл ала жол­барыс» деген кітабы жарық көрді. «Қы­зыл ала жолбарыс» және «Саурық батыр» атты аңыз-әңгімелер топтас­ты­рыл­ған жинақтың аңдатпасында:

«Жазушының бұл жинағына қазақ халқын жаудан қорғап, сырттан келген жау атының тұяғын туған жер топыра­ғы­на тигізбей жеңген хас батырлар жай­лы аңыз-әңгімелер еніп отыр. Ерліктің алдаспаны атанған Қарасай батырдың ұрпақтары Сұраншы, Саурық, Қараштай елім деп еңіреген ерлер жайлы сыр шертеді. Шығармаларда өмір сүргеніне бес ғасыр өткен батырлардың отан­сүй­гіш­­тік, елжандылық, бауырмалдық қасиет­тері жайлы айтылады. Батыр бабаларымыз салып кеткен ерлік, қаһар­ман­дық сүрлеуін бүгінгі жастарымыз жал­ғастырса деген ниеті сезіледі әң­гі­мелерде. Жазушы бабалардың ерлік дәстүрі негізінде өрендерді әділеттілікке, адалдыққа тәрбиелейді» делінген.

 

***

Қарақыстақ ауылында М.Етекбаев атындағы көше бар. Мәдениет үйінен музейіне деп бір бөлме берілген. Алайда, ол бойынша атқарылар шаруа әлі де аз емес, оны жерлестерінің өзі-ақ аяқ­тай­­тын шығар.

Сөз аяғында айтарымыз – алдағы жылғы 15 мамырда М.Етекбаевтың ту­ғанына 80 жыл толады. Туған жерін тал­май жырлап өткен, ұлтының ұлы ісі бар ұлдарын ұдайы ұлықтаған, тағылы­мы мол тамаша ертегілерімен, адамдық­қа, адалдыққа баулитын аңыз-әңгі­меле­рімен балалардың жанына жаққан, шынайы шығармашылығымен ересек­тер­дің де есінен шықпайтын, қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар жазушы­ның, алып Алатаудың елжанды ертегі­ші­сінің  осы мерейтойы өз деңгейінде аталып өтсе дейміз. Бұл оның тұғырлы туындыларын, елеулі еңбегін сыйлайтын ел-жұртының, шырайлы шығар­маларын оқып ойына ой қосылған қалың оқырманының тілегі.

Жазушы қаламынан 1959 жылы 14 наурызда мынадай өлең шумағы туған екен:

От сөздерім, биікке шық, жарқында,

Найзадай бол, бұлтты тіліп жарқылда!

Өзім өліп кетсем-дағы өкініп,

Арманым жоқ, сөзім қалса артымда…

Берікбай ҚАДЫҚОВ,
журналист.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір