АЛЫС ТА, ЖАҚЫН ТҮРКИЯ
11.03.2016
2310
0

blaue_moschee_6minaretteТүрік журналисі
Хидаят  Дикташ ініме арнадым.
 Автор.

 

Ежелгі дүние тарихынан оқығанда әр балаға қанат бітіріп, қиял әлеміне сүңгіткен мәңгі жасыл Антика өлкесін иен жайлап, кәрі құрлықтағы діні бөлек өзге мемлекет­тер­дің сан ғасырлар бойғы қызғаныш-күн­шіл­діктері мен түртпектеулерінің тұрақты объектісі болса да, айылын жимай, көсіліп жатқан ер түріктердің елі  – Түркия.

Түрік елі жәйлі еміс-еміс қана еститін со­вет заманында туристік сапармен Еуропа­ның кейбір елдерінде болған едім. Олардың көбі католик дінін ұстанатын ежелгі шіркеу-костелдерге өте бай. Қай елге барсақ та,   гид­­тері туристерді алдымен бес-алты ғасыр­лық тарихы бар, шпилдері көкке өрлеген, зәулім костелдерімен таныстыруды былай бастайтын.

– Бұл костелдің іргетасын алты ғасыр бұрын қаларда, алғашқы тасты қойған әулие әкеміз пәленше – осы костелді салып, бі­тіру бақыты бұйырған ұрпақтарымызға түріктерді Еуропадан қуу нәсібі бұйырсын – деп дұға оқыпты. Костелдің біткеніне үш-төрт ғасыр өтсе де, көріп тұрғандарыңыздай түріктер әлі Еуропада, – деп өкінішпен сөзін аяқтайтын.

Сан ғасыр бойы осынша анталаған дұш­пан ниеттің ортасында Константинопольді Стамбул атандырып, исламның жасыл туын көтерген халықты қорғаушы бір тылсым күш бар екені күмәнсіз.

Сонау жылдарда «Егемендігіміз жарияланды!» – деп, жүрегіміз жарылып, бір-бірі­міз­­ден сүйінші сұрап жатқан күннің ерте­ңі­не, Алматы (ол кезде астана) көшелеріне түрі аздап өзімізге ұқсайтын, шетел азаматтары толды да кетті. Ешқашан көрмеген туысын жас балалардың бірден танып, алдына барып, отырып алатыны сияқты, біз де олар­дың Еуропа түріктері екенін жазбай таны­дық.

Сол кездегі Алматыдағы қарапайым ин­тел­лигенция өкілдері кез келген түрікті өз туысындай, еш күдіксіз құшағын жайып қабыл алды.

Кейінірек Қалтай Мұхамеджанов ағамыз түрік елімен бірлескен газет ашып, бізге тү­рік журналистері де келе бастады. Олармен де аралас-құралас жүрдік. Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде менің ұлым Қуа­ныш Стамбул қаласында мектепте оқыды.

Сол кездерде мен де баламның қасында Стамбулда үш ай тұрып, маңайдағы көр­ші­лер­­мен  араласқан кезде аңғарған, түрік­тердің тұрмыс-салттарынан біршама әңгіме қоз­ғамақпын.

Алғаш байқағаным, бәрі өздерін «түрік­піз» деп атағандарымен, олар әр түрлі ұлт өкіл­дері: гүржі, абхаз, түркімен, татар, карачай, гагауз, қазақ, т.б.

Бірақ бәрінің құжаттарына «түрік» деп жа­зы­лады. Бәрі де түрік тілінде сөйлеп, тү­рік салтын ұстанады. «Менің ұлтым бөлек қой, аналар маған бөтендеу ғой» деген ой олар­да ешқашан болмайды.

Балалары мектепке барып, алғаш сөз құрап, оқи бастағанда оқитындары – «Мен түрікпін. Отаным – Түркия. Содан соң бар­лық түрік этносын құрайтын ұлттарды санамалап келіп, эммасы бір түрік» деген сөз. Әліппелерінде солай жазылған.

Қалалық түріктерде бала саны онша көп емес, көбінде әрі кетсе 2-3 бала.

Қыздары қолдарына ине ұстай алатын бес-алты жасынан, қашан күйеуге кеткенше өзіне тігіп, кестелеп, тоқып, жасау жинайды. Түрік әйелдері өте ісмер болып келеді. Қыз­дары кәмелет жасқа толғанша әдемі перделер, стол, төсек жапқыштар, салфеткалар бә­рін тоқып, жинай береді. Біреуінікі өзге­леріне ұқсамайды. Әркімнің өз фантазиясы­мен, өз қолдарымен жасаған өнер туындылары. Кейін  өздері босаға аттағанда, төрт-бес бөлмені түгел  толтырар жасау дайын болады.

Қыздары да оқиды, университеттер біті­ріп, жұмыс істейді. Бірақ түрік әйелдерінің негізгі бөлігі ғұрып бойынша, тұрмысқа шыққан соң, үйлерінде отырады. Басқала­рын қайдам, сол кезде бізбен көрші, аралас-құ­ралас болған жеті-сегіз отбасында жас-кәрісінен ешбірі жұмыс істемейтін.

Олардың күнделікті дағдылары мынадай  болушы еді: ертемен күйеулерін жұ­мыс­қа шығарып салған соң көрші әйелдермен хабарласады. Келісіп, әрқайсысы әр түрлі тамақ пісіріп алып, қолдарынан ешқашан түспейтін тоқитын, кестелейтіндерін көте­ріп, бәрі бір үйге жиналады. Әкелген тағам­да­рын ортаға қойып, тоқитындарын тоқи отырып, әңгімелерін айтып, сол үйде түс қайт­қанша отырады. Еркектері келерден екі сағаттай бұрын үйлеріне тарап, тамақтарын істеп, үйлерін тап-таза қылып қойып күтеді. Үйге қажетті негізгі азық-түлікті еркектері әкеліп, мұздатқыштарын толтырып қояды. Әйелдер үйінің жанындағы ұсақ магазиндерден күнделікті керек нан, сүт, т.б. ғана ала­ды.

Стамбулда сокак (біздерше переулок) деп аталатын тар көшелер өте көп. Біз де сондай көшеде тұрдық. Подъезден бірден көшеге шығасың, қарсыдағы үйдің адамдарын терезеден көріп отырасың. Машиналар да сол көшемен жүріп, ұсақ балалар да сол жерде ойнайды. Ондай көшелерде біздегідей арақ ішіп алып, екпіндеп жүруге болмайды. Тү­рік­тер негізінен арақ ішпейтін болғандық­тан ба, әлде жауапкершіліктері жоғары ма, үш айда сол көшеден бірде-бір жол апатын, кісі қағу, не соғылған машиналарды көр­ме­дім.

Бір подъезбен салынған төрт-бес қабат­ты шағын үйлер бір отбасының меншігі. Мұн­дай үйлердің астыңғы қабаты магазин, не кафе болады. Әрбір қабатта төрт-бес бөл­меден бір отбасына арналған жай. Әдетте үй иесі өз отбасымен төртінші, не бесінші қа­бат­та тұрады. Ұл-қыздары семья құрған соң әке-шешесінің үстіңгі қабаттарына орналасады. Егер, бір баласына үй болмай қалса, үй­дің төбесінен тағы бір қабатты көтере са­ла­ды. Басында іргетасы мықты болған соң, қанша қабат көтерсе де үйдің түгі кетпейді.

Біздердегідей қабат көтермек түгілі, бал­коныңды жапсаң шибөрідей шулап, штрафтан штраф салатын мекемелер ол жақта жоқ-ау деймін.

Орташа күнкөрісі бар түріктер төменгі қабаттарда тұруды ұнатпайды. Сол себепті, жалға берілгенде төменгі қабаттағы пәтерлер өте арзан болады.

Жаңағыдай 4-5 қабатты үйі бар меншік иелері төртінші қабаттан төменгі пәтерлерін кедей адамдарға жалға беріп қояды.  Астын­дағы магазин, кафеге арналған жайларды да жалға береді.

Балаларының бәріне бір-бір қабаттан кө­теріп, орналастырған соң, жастары ұл­ғай­ған  өздері зейнетақысына әлгі жалға ала­тын­­дарын қосып, еш мұқтаждықсыз ты­ныш өмір сүреді. Ол елде зейнетақы мөлшері өте жоғары екенін де айта кетпекпін. Мұ­ғалім­дердің орташа зейнетақысы 800 доллар ша­ма­сында. Түрік елінде зейнеткерлер бізде­гідей түрлі категорияға бөлінбейді (льготы барлар, дербес зейнеткерлер, т.б.). Бәрінің құқы тең.

Әрбір зейнеткер кез келген дәріханадан барлық дәріні тегін алады.

Зейнеткердің сұраған дәрісі болмай қал­са, басқаларымен хабарласып, әлгі дәріні тез арада алдырады.

Таңертең бастап әлгі тар көшелермен бі­рінен соң бірі ат арбамен, шағын кузовты машиналармен сүт-айран, сыр-сүзбе, жеміс-овощ сататындар айғайлап келіп жатады.

Олардан бірдеңе алу үшін түрік әйелдерді сыртқа шығып әуре болмайды. Жоғарғы эта­ждағы балконынан себеттерін жіпке бай­лап, ішіне не алатыны жазылған қағаз бен ақшасын салып, түсіреді. Сатушы қа­ғаз­ды оқып, сұрағанын салып, ақшаның арты­ғын қайырып, себетті  иесіне жөнелтеді. Бұ­зыл­ғанын салу, таразыдан  жеу, ақшаны дұрыс қайырмау деген оларда болмайды.

Ол-ол ма, әлгі далаға шығуға ерінетін би­келер күнделікті нан, сүт аларда әлгі себетін балконның жақтауына ұзын жіппен байлап, ақшамен не керегін жазған қағазын салып, астыңғы қабаттағы дүкеннің тере­зе­нің тұсына салбыратып іліп, өздері үйдегі өзге шаруасымен айналыса береді. Дүкен сатушысы шығып, әлгі себетке керегі мен ақшаның қалғанын салып, қайтадан іліп қояды. Иесі бір-екі сағаттан соң себетті тө­мен­ге жібергені есіне түсіп, жоғарыда тартып алады.

Сонда сол маңнан өтіп жатқан жүргін­ші­лер, не ойнап жүрген балалар әлгі себеттің ішіндегі ақша мен азық-түлікке тиіспейді.

Егер, мен осы жағдайды күнде көрмесем, біреу айтса сенбес едім.

Алладан қорқуды ана сүтімен бойларына сіңірген қоғам демеске лажың жоқ.

Қыздары күйеуге тиген соң көрші-кө­лем­дегі әлгіндей әйелдер жиыны болмаса, күйеуінің рұқсатынсыз қала аралап, жеке өзі магазин кезіп кетуіне болмайды. «Барам» де­ген жеріне күйеуі ертіп апарады. Оның жұ­мыстан қолы тимесе, үйінен шықпайды. Түрік әйелдерінің жұмыс істеп, жалақы алып көрмегендері ақшаның қайдан ке­ле­тініне бастарын ауыртып, ойланбайды да.

Олардың дәстүрінде: «Еркексің бе, ақ­ша­ны табуың  керек».

Күйеулерімен үлкен маркеттерді аралап жүрген әйелдер не нәрсеге көзі түсіп, қы­зық­са: ол алтын алқа ма, гауһар жүзік пе, қымбат көйлек пе, бәрібір «ананы әпер», – дейді.

Біздің әйелдердей «ол байғұс ондай ақ­шаны қайдан алады?» дегендей мүсіркеу болмайды.

– Әпере алмаймын, ондай ақшам жоқ, – деп айту түрік еркегі үшін үлкен намыс. Ақшасы болса, әпереді, болмаса ойланып, өз қаражат мүмкіндігін шамалап алып – қа­зір емес, он, не жиырма күннен соң әперем, – дейді.

Бұларды отбасын құруды ауылдық жер­ле­рін білмеймін, қалалықтар өздері ұнатып, қалағандарына үйленеді. Жігіт ниетін біл­діріп, қыз әкесіне келгенде, ол тәптіштеп бәрін сұрайды. – Не жұмыс істейсің, отба­сың­ды асырай аласың ба? – дегенге баса көңіл бөледі.

Егер тұрақты жұмысы жоқ, қағылған-со­ғыл­ған, не әйелінен ажыраған болса, оған ешкім де қызын бермейді. Жігіт қыздың ата-анасының көңілінен шықса, тойға дайын­дық басталады.

Той шығыны, қалыңдықтың киімі, той­дан соң тұратын (Стамбулда көбі пәтерді жал­ға алады) пәтерлерін түгел жиһазбен жаб­дықтау күйеу жігіттің мойнында. Онымен қоса, қалыңдыққа ең кем дегенде шамамен жарты килодай болатын, әр түрлі қым­бат алтын әшекейлерді де әкелуі керек. Егер, күйеу жігіттің өз үйі болмай, қыз әкесінің үйін­де тұратын болса, оған жалдау ақысын төлеп тұрады.

Халқының ұлттық дәстүрлерін құрмет­тейтін үкіметтері бірінші үйленіп жатқан жі­гіт­ке жиырма жылға 30-40 мың доллар шамасында өсімсіз қарыз береді. Бұл қарыз­ды ажырасып, екінші рет үйленгісі келе­тін­дер ала алмайды.

Осы ақшаны алған жігіт әлгінде айтыл­ған дәстүрге сай, кәделерінің бәрін атқарады да, өзі жұмысын істеп, қарызын шамасына қа­рай өтей береді.

«Ана айдікін бермедің, мына айдікін тө­лемедің, – деп, ешкім желкесінде дікеңдеп тұрмайды.

Түріктерде  ажырасу деген сүйкімсіз әдет өте аз. Дей тұрғанмен, болып жатса: заң бойынша үй де, оның ішіндегі дүние-мүлік те, қысқаша айтқанда, бар жиған-тергендері әйелге тиесілі. Еркек сымпиып  өз қара басы кетеді.

Дәстүрлі түрік қоғамында әйелінен ажыра­ған  еркекті өте жек көріп, бүкіл қауым оны шетқақпай қылады. Ешкім оған өлсе де қызын бермейді.

Халқының 70 пайызы шағын бизнеспен айналысады. Сол жылдар түрік жеңіл өнер­кә­сібі үшін жұлдызды жылдар болды. Алып империя – Совет елі тарап, адамдар бірден сауда-саттыққа бой ұрып, басы алып Ресей, соңы титімдей Молдова Стамбулдан арба­лап-дорбалап киім-кешек тасыды.

Қаланың Сұлтан Ахмет ауданы мен Ақ­са­райға дейінгі аралық қап арқалаған орыс-орман, кәріс-шүршітке толды.

Қаншама гектар жерді алып жатқан сол аудандағы мүлгіген тыныштық мекені қа­бірс­танның жанынан жанталаса қап ар­қалап, сөмке сүйрегендердің легі күні бойы теңіз толқынындай ағылып жататын.

Түрік елінде қабірстандар қаланың сыртында емес, әр ауданның ортасында.

Империяның негізін салған Осман Гази бабамыз «өлгендерді қаланың ортасына жерлеңдер, ұрпағымның есінен өлімнің­ қас­тарында екені бір сәт те шықпасын» – деген өсиетін ұрпақтары өмір бойы ұстанып келеді. Ол қабірстанға жерленген бай мен бағыландарға елден ерекше күмбезді сарай салу­ға рұқсат етілмейді. Бәрінікі біркелкі аты-жөні, туған-өлген жылдары жазылған кішкентай  құлпытастар. Ағаштар отыр­ғы­зып, арасындағы жолдарына тас төсеп қой­ған. Ішінде сувенир сататындар мен де­малу­шыларға арналған орындықтар көп.

Сол жылдарда астарына «Мерседес» мініп, үстеріне Пьер Карденнің костюмдерін киіп жүрген жап-жас бизнесмен жігіттерден: – Бизнес ашу үшін алғашқы капиталды қайдан таптыңдар? – деп сұрадым.

«Қаражат жинау үшін екі жыл ашық ба­зарда отырып, сауда істедік», – десті. Оларда бизнеспен айналысатындарды  қойды аңды­ған қасқырдай торып, қолдарында ірілі-ұсақ­ты билігі барлардың бәрі ақшасын тар­тып әкету, қоқан-лоқы деген атымен жоқ.

Имандары берік, мемлекеттік құрылым­да­ры халқына шын жанашырлықпен қарайтын ел екенін әр қадам басқан сайын аңғарасың.

Біздегі ашық базарда отырып сауда істегендердің, қап арқалағандардың ешқайсысы екі жыл түгілі, жиырма жылда да, әлгі жас жігіттердің деңгейіне жете алған жоқ. Тапқан-таянғандары түрлі бейнедегі қорқаулардың  аузында кетумен, күндерін зорға көріп жүр.

Өз халқын ата кегі бар жауындай талап, адымдарын ашырмауды өздеріне өмірлік мақсат еткендердің харамнан жиғандары қайырлы болар ма екен?!

Ұлтымыз  өз жерінде тоз-тоз  болып, шын мәніндегі еңбек адамдары тау басына тас домалатқан аңыз Сизифтей азып-тозып жүр.

Сұрапыл аштықты бастан кешпеген, отар  ел болып, намысы тапталмаған елдер­дің билеушілері де басқаша болатындай.

Олар  қолдарындағы кемді күнгі билікті елін тонау үшін емес, тонатпау үшін пайдаланады екен.

Ол елде шағын бизнес өкілдерін кім көрінген сүмеңдеп тексеруге заңмен қатал тыйым салынған. Ұрлық, тонау деген екі бастан оларда атымен жоқ.

Ондағы шағын бизнес өкілдері бас-басына есепші ұстамайды. Есепшілер отыратын арнайы офиске барып, өз саласының маман-есепшісін шақырады. Олар бір жылдың  есеп-қисабын, пайдасын шығарып, салық мекемесіне тапсырып, міндетті салықтардың бәрін төлеп, ақысын алып, жөніне кетеді.

Ас мәзірі әр түрлілігі жағынан әлемде қытайлардан кейінгі екінші орында. Түріктердің  үйлерін жиһазбен жабдықтау, тамақтану дәстүрлері еуропалықтарға жақын.  Қонақ бөлмелеріне көптеген дивандар, креслолар қойылады.  Бөлменің бір шетінде шамамен 15-20-дай адамға арналған үлкен стол болады.  Салаттардың түр-түрі қлйылған столға қонақтары жайғасқан соң, үй иесінің әйелі үлкен цептер кострюлге салынған ыстық тамақты әкеліп, әркімнің тәрелкесіне  өз қолымен бір порция шамасында салып шығады. Ол тағам желініп біткен кезде (түріктер тәрелкеде жартылай желінбеген тамақ қалдырмайды), екінші ыстық тамақ келтіріп, осылай таратады.

Мысалы, біріншісі кәуап болса, екіншісі духовкада пісірілген тауық деген сияқты. Дәстүрлеріне сай берілетін үш түрлі ыстық астың біреуі сорпа болады. Олай тамақтануға үйренбеген біздер, әрине, оның бәрін жей алмаймыз. Ыстық астан соң «тәттілі» деп, өте үлкен табаға пісірілген пахлава тартылады.

Осыдан соң қонақтар стол басынан тұ­рып, дивандарға жайғасып, әңгімелесіп оты­рады. Алдарына шағын үстелдер әкелі­ніп, шағылған түрлі жаңғақтар қойылады.  Біраздасын шағын шыны стакандармен шәй әкелініп, ең соңынан «мейва» деп түрлі же­містерді жеткізеді.

Қоштасарда үй иесі әйел әрқайсысына шағын сыйлықтар: өзі тоқыған тапочкалар, кестеленген орамалдар, т.б. таратады.

О шеті мен бұ шетіне ат шалдығар байтақ Стамбулда көптеген үйлер орталық жылу жүйесіне қосылмаған. Бірақ бәрі де орталық су жүйесіне  қосылған. Шаһардағы краннан ағатын су ішуге жарамайды. Құбыр жүйесін жүргізуде бір үлкен кінәрат кетсе керек.

Мұс­тафа Кемалдың кезінде жүргізілген жүйенің қателігінен ел зардап шегуде. Қан­ша­лық­ты рас екенін кім білсін, жүйедегі қа­те­лікке айыпты жиырма жеті адам ату жаза­сына кесілген дейді. Ішетін, ас қам­дай­тын суларын әркім өзі сатып алады.

Орталық жылу жүйесіне қосылмаған үй­лердің көбі жекеменшік. Қыста басқа бөл­мелерін жауып қойып, бір үлкен қонақ бөлмеде отырады. Сол бөлмеге кәдулігі кө­мір жағатын темір пеш орнатылған. Жағатын көмірлерін біздегідей пәлен тонна алып, қораға үйіп, шелекке салып, сумен аралас­тырып, қолдарымен пештің маңын былғап жатпайды. Тиісті фирмалар пешке салатын көмірді суға былғап, қағаз қалтаға салып, дайын күйінде сатады. Күнделікті жаға­тындарын күнде заказбен алып отырады.

Жатар уақытта ғана әрқайсысы өз жатын бөлмелеріне барып, электр қуаты мен жылытатын матрацтардың үстіне оранып жата кетеді. Тоқпен жылытатын жамылғы көрпе­лері де бар.

Көмір жағатын пеш орнатылмаған үйлер «сова» деп аталатын, жылжымалы, газ балонымен  жылытатын пештерді пайдаланады, газ фирмалары күн сайын көше-көшені аралап, газ балондарын таратып жүреді.

Түріктер ешқашан да үйге сыртқа киетін аяқ киіммен кірмейді. Әр үйдің,  пәтердің есігінің алдында шәркейлер тұрады.Есік алдында әлгі шәркейлерге тұрып, аяқ киім­дерін шешіп, үйге қолдарына ұстап кіреді де, арнайы полкаға қояды, шығарда да үйде емес, шығып барып киеді.

Еңбекқор, әр жағдайға бейімделгіш түрік отбасыларының өмірлеріндегі эпизодтар осындай.

Біздерде әр каналдан күн сайын көр­се­те­тін шұбатылған түрік сериалда­ры­ның, ондағы интрига, жауыздық, атыс-шабыстың халық өміріне еш ұқсастығы жоқ.

Босаңсу да, жанығу да емес, бірқалыпты өмір  ырғағымен тіршіліктерін жасауда.

Біздегідей билік бір жақта, үнемі құқы тапталудан торыққан елі бір жақта, орталарына өткел бермес құз оранған жағдайда емес, қой бастайтын ай мүйіз серкелері бар, жұдырықтай жұмылған ел.

Бір жылдарда дағдарыс кесірінен, жоқшылық құрсауында қалған түрік елін, өзі ел басқарған аз ғана уақытта қара нардай сүйреп, алдыңғы қатарлы дамыған ел  дең­гейіне көтерген ұлт көсемі Тұрғыт Өзалға әлі күнге шейін  түрік отбасыларында құран оқылып, дұға бағышталады.

Бұл енді ел сүйіспеншілігінің шырқау шыңы десе де болады.

Ана жылдарда Тұрғыт Өзалдың жерлеу рәсіміне қатысып қайтқан Қалтай Мұхамед­жанов ағамен бірде әңгімелесіп қалғам-ды.

Сонда, Қалтай  аға: – Мен 1953 жылы Мәс­кеуде оқып жүріп, Сталиннің жерлеуін көріп едім. Жұрттың көп жиналғаны сондай, біраз  адам тапталып  өліп  еді. Тұрғыт­тың жерлеуіне жиналғандар одан үш еседей көп болды. Ешкім де тапталып өлген жоқ. Түрік халқы терең қайғымен, қаралы салтанатпен, бастарын иіп, үнсіз жас төгіп тұрды. Өзі өс­иет етіп қалдырған Аднан Мендерестің қасындағы  мәңгілік мекеніне ешбір транс­порт­­қа салмай-ақ,  қарақұрым халқы бірі­нен-бірі ауысып, иықтарына көтеріп жеткізді, – деген еді.

Сүйікті ұлдарының шын қадірі, оны жоғалтқан кездегі терең ұлт қайғысынан көрі­неді екен ғой…

Өзі де психикалық  ауытқуға ұшырап, елін де психоздың есірік күйінде, ұран­шылдыққа, өтірікке көндіріп, үреймен ұста­ған тирандар мен мыңжылдықтарда бір туар ұлт  перзенттерінің айырмасы да осы арадан айқын байқалады.

Мен сол елде тұрып жатқанда рамазан айы да болған-ды. Түріктердің тоқсан про­центі жас-кәрі, бала-шағасы ауыздарын бе­кі­теді. Халық сәресі ішпей, ұйықтап қал­мауы үшін әдейі ұйымдастырылған, ән сала білетін ер адамдар әр күні таң алдында көше аралап, барабан секілді бір аспабына қосы­лып, ән айтып елді оятады. Рамазан айы аяқталған соң, осылай қызмет еткендер әр пәтердің есігін қағып еңбек ақысын алады. Олардың еңбек ақысын бермей, реніш біл­діру мал құлағы естімеген сорақылық болып есептеледі.

Қадір түнінде байтақ Стамбулдың бар­лық қоғамдық көліктері адамдарды тегін та­сиды.Көбі мешіттерге ағылады, бәрінде уағыз айтылады.

Сұлтан Ахмет мешіті сығылысып түрегеп тұрғандарға лық толады. Осы мешіттен таң атқанша барлық каналдар тікелей трансляция жүргізеді.

Ораза кезінде қалалық отбасылардың көбі ауызашарды үйлерінде ішпейді. Көпте­ген кафе, ресторандар күні бойы жабық бо­лып, ауызашар уақыты келгенде ашылады. Өздері де ауыз бекітіп отырған әйелдері артық еңбектенбесін деп ерлері бала-шаға­сын кафе-ресторандарға ертіп барады. Ауыз ашу уақыты келгенде ірілі-ұсақты барлық тамақтану орындары лық толады.

Ақылы тамақтануға шамасы жоқ кедейлерге арнап осы айда көптеген шатырлар ті­гіледі. Оның қаражатын мемлекет пен қайы­рымдылық қорлары төлейді. Кім келсе де тегін ауызашар беріп, сәресіде ішетін тамақтарын да дорбаға салып береді.

Ораза айт пен құрбан айт түрік елінде үлкен мереке. Айт күндері әр үйде үлкен та­бақ­тарға салынған қымбат кәмпиттер тұра­ды. Әрбір пәтердің есігі айт күндері  бес-он минут сайын қағылып, тап-таза әдемі киін­ген жас шамалары бес-он шамаларын­дағы балақайлар есік ашылған бойда «Байрам бай болсын!» – деп шуылдап құттық­тай­ды. Үй иесі әлгі кәмпиті бар табақты балалардың алдына әкеледі. Әрқайсысы бір-екі кәм­пит­тен (уыстап алу әдеттерінде жоқ) алып, рахметтерін айтып, келесі үйге қарай жүгіріп кетеді.

Ересектер әке-шеше туыстарының үйіне сый-сияпаттарын көтеріп, қонаққа барады. Отбасыларымен демалыс орындарына да кетеді.

Дәстүрі берік, дініне мығым қоғам  ұлық мейрамды шын  ниеттерімен осылай мере­ке­лейді.

Түрік елінің заңы бойынша діни мекемелер (дәстүрлі діндердікі ғана, секталарға жол жоқ) мешіттер мен шіркеулердің  барлық шығындары: коммуналдық,  қызметкер­лерінің жалақылары, жөндеулер, ішкі жабдықтау мемлекеттің мойнында.

Біздегідей Алладан кітап түскен дәстүрлі діндерді уағыздаушы мекемелерге «өз күнің­ді өзің көр» деген принцип жоқ.

Халқының тоқсан  пайызы ұстанатын исламмен қатар, християндық шіркеулер мен синагогалар да осындай құқыққа ие.

Мен Ускудар ауданындағы Византия империясы кезінде салынған үлкен шіркеуді іздеп барып көрдім. Ол әлі де жамағатына қызмет етеді. Өте таза, байлыққа толы, салтанатты орын екен. Кейіннен, «Сұлтан Сулей­ман» фильміндегі бір эпизодтың сол шіркеуде түсірілгенін байқадым.

Түрік елінде мешіттердің өте көп, басқа діндердікі де біршама екенін ескерсек, олар­ға мемлекеттің бөлетін қаржысы да қомақты ғой.

Алла үйлеріне бөлінген қаражаттың есе­бін Ұлы Жаратушы өзі еселеп толтыратын шығар, одан  түрік елінің кедейленіп қалға­нын байқамадық.

Дұшпан пейілді, сыртқы реакциялық күштер түріктерді дінге бөлшектеп, қыры­лыс­тыру  үшін  талай  рет секталарды ендіруге де күш салғаны белгілі.

Бірақ түрік халқы ешбір сектаның айт­қа­нына көніп, айдауына жүрмейтінін әлем алдында дәлелдеген.

Гомер жырларындағы Антикалық оқи­ға­лар өтетін жерлердің көпшілігі кәзір түрік территориясында. Оларды талдап, әңгімелеу ұзаққа созылатындықтан, ислам мәдениеті үшін де көптеген елеулі орындар да осында екенін айта кеткіміз келеді.

Ислам ғалымдарының жазбалары бойынша Құранда айтылатын үңгірдегі жеті әул­ие, иті Қытымырмен бірге, Антакия ме­ке­ніндегі  ежелгі  үңгірлердің бірінде ұйық­тап жатса керек. Өз заманында Әбу Бәкір ба­ба­мыз іздеп келіп, олармен тілдескен дейді.

Сондай-ақ, Жаратушы Иенің  өз қолы­мен жазылып, алатын қобдимен Мұса (с.а.у.) пай­ғам­барға табысталған, кейін жоғалған Таурат (Тор) қасиетті кітабының түпнұсқасы да, осы үңгірлердің бірінде сақталуда дейді. Ғайса пайғамбар жерге түскенде, сол алтын қобдиды ішіндегі Тауратпен періштелер оған жеткізеді деген сөздер бар.

Анығын Алла біледі.

Немруд  патшаның Ибраһим пайғамбар­ды отқа тастаған ежелгі ескерткіш орны да осы өлкеде.

Он ғасырдан бері осы ұжмақ мекенде өмір сүрген түрік халқы көне ескерткіштерді көздерінің қарашығындай сақтап, қазба жұмыстарын жүргізу үшін сол саланың мамандарын әлемнің  қай түкпірінен болса да арнайы шақырып, бір тасына да залалын тигізбей сақтап, қорғауда.

Стамбулмен салыстырғанда, алақандай Алматыдағы барлық тарихи үйлерді, еге­мен­дік алғаннан соң қиратып бітірген, біздің биліктің позициясы түсініксіздеу. Тарихына жа­на­шырлығы жоқ елдің болашағы қан­дай?

Алты қырдың ар жағындағы ағайын, өзі­нің негізі заңы – конституциясына «Түр­кия – бүкіл түркі халықтарының Отаны», – деп жазып, исі түркіге құшақтарын кең аш­қан ел жайлы әңгіменің бұл бір кішкентай парасы ғана.

Қатпар бет, кәрі батыс қаншалық өркөкі­рек­теніп елегісі келмесе де, жер деп аталатын жұдырықтай жасыл планетада түрік дарын-даналығының, көзсіз қайсар ерліктерінің ізі сайрап жатыр.

Әлемнің жеті кереметінің бірі Тәж Махалды  (салуға өмірі мен мүмкіндігі жетпей, аманаттап кеткен жобасы бойынша, шәкірті Иса Мұхамед Эфенди тұрғызған) одан соң Сұлтан Ахмет мешітін жобалаған түрік сәулетшісі  Мимар Синан; Антарктида ашылмай тұрып, оның дәлме-дәл картасын сызып кеткен түрік теңізшісі, капитан Пирс Раис; елінің бөлшектеніп, жойылу қаупі туған кезде: «жігіттер, мына тудың астына жиналыңдар, түрік ұлының құл, қызының күң болғанын көргенше бетімізді түрік то­пырағы жапсын!» – деп, қол бастаған жас офи­цер Мұстафа Кемал (Ататүрік); 50-ші жыл­дардағы дағдарыс кезінде, арнайы тапсырма беріп, ағылшын флоттарында қанша түрік әйелі қызмет ететінін біліп алғаннан кейін, ел Президентіне барып, «Ағылшын флотындағы ауыр жұмыстағы 300 түрік әйе­лін елге қайтарыңыз», – деп талап қойған, «ондай қаражат жоқ» – деген сөзді естіген бойда – онда мені жұмыстан босатыңыз, аналары ағылшын шұлғауын жуатын елдің премьер-министрі болғым келмейді, – дегенді айтқан Адынан Мендерес.

Кәрі тарихтың мәңгі есінде қалар еңселі түрік ұлдары. Оларға қосып біздің даналарымыз: хандар мен билер есімдерін айтар болсақ, барлық адамзат тарихының үштен бірін толтырған түрік есімдері екенін көрер едік.

Өндірісі ауыр, жеңіл өнеркәсібі қарыш­тап дамыған, басқа елдерден ештеңе алмаса да, өзінікі өзіне жететін елдер жер шарында көп емес. Солардың бірі – Түркия. Халқы сек­сен миллион шамасында.

Екі-үш ғасырлық, аса жауыздықпен жүзе­ге асырылған отарлық езгіден мента­ли­тет­тері, психикалық жады өзгеріп, әлі есте­рін жия алмай жатқан, орта Азия елдеріндегі түркі халқына шын жанашырлықпен қара ормандай пана болуға даяр ел де  – осы түбіміз бір Еуропа түркілері.

Қаншалық қиын жағдайлардан өтсе де, ешқашан отар ел болып көрмеген олардың ұлттық намысы тапталмаған.

Біздер үшін елеусіз жағдай болып есеп­телетін біреудің намысымызды таптауы, ба­сынуы,  әлімжеттік жасауы Еуропа түрік­тері үшін  өліммен тең. Олар  ондайға төзіп ешқашан да үн-түнсіз қалмайды.

Горбачев әуелі желтоқсан қырғынын жасап, артынан 1987 жылдың 25 январында Баку қаласына танктер кіргізіп, әзірбайжан халқын қырғынға ұшыратқанда, сол кезде бүкіл әлем «жауыздық ұясы» деп қатты сескенетін Советтер Одағынан тайсалмай, алғашқы қарсылық нотасын табыстаған «демократия сүйгіш» Батыс елдері емес, Түркия болатын.

Сол кездегі өктем пиғылмен, шовенизммен уланған орталық басылымдар осы жағ­дайды келекелеп, «по берегу Черного моря турки ходят хмурые» деп жазып жатты.

Орта Азия түріктерін қаншама қырғынға ұшыратып, қазақтардың үштен екісін аштан өлтірсе де, ешкімнен «тәйт» дегенді  естіме­ген өктем пиғыл өзгере ме?

Егемендік алған күннің ертеңіне өздері­мен бірге бізге арнап, кирилл әріптерімен бастырып, дайындап қойған иман, намаз әдептерін үйрететін кітаптарын көтеріп, ара­мыздан сарқырай ағып өткен Мыңжыл­дық уақыт өзенін елең қылмай сағынышпен ұшып жеткен түріктерге, қазақ халқы да зор ілтипат көрсетті.

Анталаған жауыздыққа толы әлемде арқа сүйер ағалары бар екенін сезінді.

Түрік халқы ұлт көсемі Ататүрік аманаттап кеткен «Орта Азияда біздің түрік бауырларымыз бар. Олар түптің түбінде бостандық алады. Сол кезде оларға көмек  көрсетуге дайын отырыңдар» деген өсиетін артығымен орындап, кириллицамен оқитын барлық түркі жұртына арнап, әр ұлттың өз тілінде «Бейнелі намаз» кітаптарын дайындап, тегін таратулары соның бір айғағы.

Осы кітаптарымен туғаннан бері құдай­сыз­дықтың қара түнегінде адасып, санадағы әлмисақтан жалғасқан «жаратушыны іздеу» түйсігі, майы таусылған шамдай сөніп бара жатқандардың қолдарына жол көрсетуші шырақ ұстатты.

Секталар қара шегірткедей қаптап  кеткен кезеңде Құран мен Сүннет жолын, дұ­рыс бағытты табуымызға орасан пайдасын тигізді.

Темір құрсаудың кезінде біздер олар жайлы  ештеңе білмесек те, олар әрдайым мемлекеттік деңгейде біздер жайлы ойлап, қауышатын  сәтті  күтіп, дайын отырған­дарын осыдан білдік.

Алыс өлкелердегі азап шеккен түркі бауы­р­­ларын ұмыттырмауға мемлекеті күш салып, сондай саясат ұстанған.

Өмір  болған соң  қарым-қатынасымызды кедір-бұдыр жайлар да кездескенімен, Еуропа түріктерінің бізге шын жанашыр екенін ешкім де жоққа шығара алмайды.

Алда-жалда қиюы қашқан әлем мен са­пы­рылысқан уақыт тарих кітабын судыр­латқанда, біздің елімізге, ұлтымызға әлдебір қауіп төнер болса (Жаратқан Ие ондайдан бізді алыс еткей) еш қатерді елең қылмай, таулар мен мұхиттардың арғы жағынан қа­натын отқа шалдырып ұшып жетер, шырылдап ара түсер бір туған бауырларымыз бар.

Олар – Еуропа түркілері. Ер түрік елі.

P.S.:  Түріктердің қанша журналисі ауысып, келіп-кетсе де біздер үшін Хидаяттың орны ерекше болып қала бермек. Ол Мағжан ақын сағынышпен жыр арнаған алыстағы бауырлардың барлық үздік қасиеттерін бойына жинақтаған: адамгершілік, азаматтық, мамандығына сай терең интеллект символы болатын. Қазақ ұлтына өзегінен шыққан ұлындай жанашырлық танытып, ұлт болашағына байланысты күйініш-сүйінішке толы қаншама дүниелер жазды. Оның тереңнен толғап, қазақ еліне дұрыс жолдың қайда екенін ерінбей, талдап көрсеткен еңбектерінің өтеміндей қазақ үкіметі тарапынан марапаттау мен наградаларға ие болмағаны, өлшеусіз пайдалы еңбектің ескерілмегені өте өкінішті!
Ұлтымыздың дара қасиеттерін, өзі де дара сипаттарға ие болғандықтан терең таныған Хидаят Дикташ ініге осы жазбаларым арқылы қазаққа деген ыстық көңілі үшін ұлтымның атынан алғыс айттым!

Оңай ТҰРҒАЛИЕВА.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір