ТҰНШЫҚҚАН ДӘУІРДІҢ ТОЛҒАУШЫСЫ
11.03.2016
3309
1

FCmuhlKaW_kҚазақ әдебиетінің көрнекті тұлға­ла­ры­ның бірі – ақын, жырау Қалнияз Шо­пықұлы. Ел іргесі бұзылып, туған жерге қауіп-қатер төнгенде өзінің өр үнді, ал­мас жырларымен жауынгерлерге күш-жі­гер беріп, рухын көтерген ақын жыр­ларының топтамасы оқырмандарға ұсы­нылды. Уақыт тілі  ілгері жылжып, заман сан қилы бағытқа ұйытқығаны­мен, рухани байлықтың көп өзгеріске ұшыра­майтынын ескерсек, бабаларымыздың жас ұрпаққа қалдырған баға жетпес мұралары баршылық. таяуда солардың бірі Шо­пы­құлының «Қалнияз едім күнінде…» атты жыр жинағы жарық көрді.  

Қалнияз Шопықұлы Маңғыстаудың сөз жүйріктері – Абыл, Ақтан, Нұрым сын­­ды көрнекті ақындардың замандасы. Жастайынан өмірдің қиындығын, ел ­мен елдің арасындағы ерегескен егес, түйіні шешілмеген даудың басы-қасында жиі болған ақынның биік рухты өршіл жырлары өзінің бөлек бітімімен ерекше. Отанды сүю, елді құрметтеу, елі үшін ер­­лік жасаған батырлар есімін биікке кө­теру – ақын шығармаларының басты та­қ­ырыбы.

1816 жылы туып, 1902 жылы өмірден өт­кен Қалнияз Шопықұлының туған же­рі – Маңғыстау облысы, Бейнеу ауда­нындағы Сам аймағы. Шыққан тегі – тұр­мыс-тіршілігі жүдеу, кедей отбасы. Әкесі Шопық  Доспамбетұлы жас кезінде Еділ, Жайық өзендері арасындағы Нарын құмын мекендеп, кейін Маңғыстауға қоныс аударған. Қарақұм, Үстірт жерінде Мұңат, Тілеп деген байлардың жалшысы болады.

ХIХ ғасырда жорық жыршысы атан­ған жауынгер ақын Қалнияз Шопықұлы өзінің тапқыр әрі  мазмұнды өлеңдері­мен, ауыздан-ауызға көшкен ерлік тол­ғау­ларымен, батырлар жырларын айтып, таратумен ел арасына кең танылған.

Жыраудың мұраларын жинап, оның өмірдерегін нақтылауға көп көмегі тиген ха­лық ақыны Өмірзақ Қалбаев. Көзі ті­рісінде: «Мен бақ-дәулетті жасаған жоқ­пын. Менің арманым – ата-баба тарихын қағазға түсіру. Шығармаларымды жа­зып, халқыма мұра етіп ұсыну – бас­ты мақсатым», – деп, артына өлмес сөз қал­дырған халық ақыны Қалнияз жыр­ла­рын жинап, кейінгі ұрпаққа жет­кізіп кетті.

«Қалнияз өмір сүрген аймақ ерте кез­ден тоғыз жолдың торабы, атадан ба­лаға ұласқан батырлық жырлар мен Ақ­табан  шұбырынды, Исатай–Махам­бет оқиғалары қең тараған өңір еді. Оның үстіне, Хиуа хандарының Маңғыс­тау, Үс­тірт қазақтарына басқыншылық шабуылдары мен патша үкіметінің отар­лаушылық саясаты Қалнияздың ел қор­ғауға үндейтін жырлар толғап, көне ерлік дастандарды насихаттауына ерекше әсер етеді. Қалнияз өз дәуіріндегі Хиуа хандары басқыншыларына қарсы күрескен Балуанияз бен Қармыс, Төлеп пен Амантұрлы, Қожалақ пен Қарақұл, Сү­гір мен Тұрманбет, Балта мен Дәуіт ба­тырлар бастаған жорықтардың көбіне қа­тысып, жауынгерлерді өлең, толғау­ларымен ерлікке үндеген» деп жазған филология ғылымдарының кандидаты, өнер зерттеушісі Қабиболла Сыдиы­құ­лы­ның сөздерінен бүкіл ғұмырын ел ара­сындағы тартыстың таралғысына сал­ған жыраудың өмірін танимыз.

Заманына қарай ағымы болатыны сияқ­­ты, ақын мұраларының маңыз­ды­лы­ғы – атамекенге шапқан жауға елдің еңсесін еңкейтпей, босағасын қисатпай, шаңырағын шайқалтпай, туырлығын кескілеспейтін күн туар ма деген арманды жырлар. Түптеп келгенде, «ұлы құл болмасын, қызы күң болмасын, туған елдің қасиетті туы табан астында қал­масын» деген азаттық таңын  аңсаудан туған жалынды шығармалар.

Сегіз түрлі, бір қырлы Қалнияздың өз­ге ақын, жыраулардан оқшаулатып, биік көрсеткен де оның қолына қару алып, ел қорғауға қатысқан жауынгерлік өне­рі. Осы сөзімізді нақтылай түсуге бір дә­лел, Қалнияз жырларын жинаушы Өмір­зақ Қалбаевтың «Қазақ әдебиеті» га­зеті бетінде жарияланған мақаласында көр­сетілген: «Маңғыстау, Үстірт елінде сауыт киген батырлардың соңы Досан болса, садақ тартқан жауынгер ақын­дар­дың соңы Қалнияз деседі. Ол қор­жы­ны­ның бір басына сұқпалы домбырасын, бір басына садақ жебесін толтырып ала жүреді екен». («Қазақ әдебиеті», 9 мау­сым, 1982).

Тарихта «Қырымның қырық батыры» жырын нақышымен жырлап, ел ара­сына кеңінен таратқан Тіней ұрпағы Өгіз­бай жыршы деген дерек бар. Бұл әң­гіме  Хорезм, Тәжікстан жерлеріндегі қа­­­­зақтар арасында көбірек айтылады. Осы мәліметтерге қарағанда, Қалнияз ақын Өгізбай жыраудан Хорезм жерінде өнеге алып, қасында жүрген. Батырлар жө­ніндегі таным-түсінігі,  жыраулық тә­­­жірибесі де осы кезде қалыптасқан.

Қалнияздың аз да болса, саз жа­зы­л­ған шығармаларын зерттеп, жинақтаған, оның ішкі мазмұнына тереңірек үңілген ға­лым Қабиболла Сыдиықов зерт­теу­ші­лер және жыраудың өлеңдерін жинауға азды-көпті көмектескен көнекөз қа­рия­лардан жеткен деректерді жиып, теріп: «Қалнияз – көне жыраулар сияқты өз дәуірінің ең елеулі оқиғаларын толғап, екі­талай кездерде еліне ақылшы болып ел бастаған, елі мен жерін қорғар күн ту­ғанда жорық жыршысы болып қол бастаған ақын», – деп түйін жасады.

Қазақтың ауыз не жазба әдебиетінде өзін-өзі таныстыру мақсатында жазылатын өлеңдерде адам бойындағы та­лант­ты асқар таудың биігіне, өлеңнің өрісінің кеңдігін кең жайлауға теңеп, ұстаздарының өрен жүйріктігінен өз­деріне жұққан бір қасиетті мақтанышпен айту – кең үрдіске айналған. Осы сөзімізге орайластырып, Шопықұлының құйғыта шап­қан сәйгүлік сияқты мына бір өлеңін мысалға алайық:

Биік қылып сөйлейін,

Асқардың Алатауындай.

Нөсерлетіп сөйлейін

Селдете құйған жауындай.

…Байұлыға белгілі

Ұстазым Тіней Өгізбай.

Шабатын жүйрік мен едім

Сөзге қамшы салдырмай.

Қаумалаған қарындас,

Құмарыңды сөзбенен

Кетейін неге қандырмай?!

Тағдырдың тауқыметін тартып, қан­төгіс соғыстың өртінде өткен сұрапыл өмір Қалнияздай дара туған талантты жауынгер ақын қылмасқа қоймағанға ұқсайды. Әділдікке қол жұмсаған қия­наттың құрсауынан қайткенде де шы­ғудың амалын іздеген өршіл ақынның адуынды мінезді ақшулан жырлары көпшіліктің есіне Махамбет сынды дауылпаз ақынды елестетіні де сондықтан. Туған жерді тәрк еткен есіл ердің арманы, жаттың бұғауындағы өксікті өмір, шаңырағы шайқалған ел, құлазыған қу дала, қоңылтақсыған көңіл, дұшпанға қайнаған кек, өршіген өшпенділік – осының бәрі ақынның көкірегіндегі күйі­ніштен туған.

Әр атақоныстың жаз жайлауын, қыс қыстауын, оның кереметін табиғат ай­шықтарымен безендіріп келіп, өлеңнің әдемі тіркесін елде қалған жақын-жуық, көзкөрген жұрағат, көңіл қимас заман­дасқа деген сағынышпен түйеді. Түйіп айтқанда, бұл – жыраулық дәстүрде әб­ден қалыптасып, әбден құлақсіңді бол­ған, бірақ әр өнер иесінің өзінің тіл ерек­шелігімен әрқилы өрілген сөз өр­негі.

Қалнияз жырау Шалбардың

Айтқан сөзі жылатқан,

Ерлігі  де бар екен

Дұшпанына оқ атқан,

Палуандығы тағы бар

Алысқандарды құлатқан, –

деп келетін өлеңі тарихтың тамырынан шер­тілген бір сыр сияқты. Кейінгі ұр­пақ­­­тың құлағында жатталып қалатын­дай жазылған «палуандығы тағы бар, алысқандарды құлатқан» деген тіркестер жауынгер ақынның көпшілік біле бер­мейтін бір қыры.

Тарихта жорық жыршысы атанған Қалнияз ақынның көлемді шығар­ма­ла­ры­ның қатарында «Ер Қармыс», «Балуа­нияз» дастандары аталады. Аты айтып тұр­ғандай, екеуі де ерліктің жайын тол­ға­ған рухы биік шығарма. Зерттеушілер­дің арасында «Бұл кімнің шығармасы еді?» деп, сан қилы пікір туғызған «Балуанияз» тарихи дастаны Маңғыстау өнерінің хас жанашыры, көрнекті ға­лым, марқұм Қабиболла  Сыдиықұлының мұқият ізденістерінің нәтижесінде Қал­нияз­дікі деп тұжырым жасалғанынан көп­шілік хабардар.

Шығармаларынан ылғи зар мен мұң­ның, өкініш пен күйініштің ызғары есе­тін жыраудың өмірі де өксігі мол заманмен сабақтас. «Тұншыққан дәуірдің толғаушысы» болған Қалекеңнің ата-бабасының өмір сүрген жері, халық батырлары Исатай мен Махамбеттің соғыс жорықтарының ізі қалған, ірі тарихи мекен атанған Атырау өңірі. Ұлы ба­тыр­лардың дәуір белесінде қалған екпінді жырлары адуынды жырауға да жұғысты болып, тарих сабақтастығының бір сә­тін танытқандай. Мойынға құрық сал­ғызбай, бұйдалы өмірге бойұсынбаған шы­ғармаларының дәуір толқынымен мі­нездес болуы да сондықтан.

Ғалым Қ.Сыдиықовтың «Жауынгер жы­рау» деген мақаласында келтірілген мә­ліметтерде: «Қалнияз ақпа-төкпе ақын­дығымен қатар, айтулы әнші, күй­ші де болған. Ақтөбе облысы, Байғанин кентінің тұрғыны Төлекбай Қарасаевтың бізге жолдаған деректеріне (27.ҮІІІ.1982) қарағанда, «Қалнияздың үніндей үн, дауы­сындай дауыс болмаған, оның тол­ғауларын әкем Басшы көзінен жасы шұ­бырып, үнсіз отырып тыңдайтын», – дейді. Қалнияз жыр күйін  (жыр сазын) халық өнерпаздары арасында күні бүгінге дейін жақсы білетіндер әлі де табылады. «Ар жағымды сұрасаң, өрте­ніп жатқан кең қора, бер жағымды сұрасаң, шыққыр қара домбыра», – деп өзі айт­қандай, Тәжікстан, Қарақал­пақ­стан жер­лерін мекендейтін Қалнияз ұрпақ­тарында ата дәстүрін ұстаған жыршы, домбырашы өнерпаздар аз емес», – деген жолдар ақиық ақынның тағы бір өнерін көпшілікке танытқандай. Оны тереңірек зерт­теп, тиегін ағыту – келер күннің ен­ші­сіндегі жастар жасайтын рухани игі­ліктердің бірі.

Тарих парағының қастерлі бір беті бо­лып қалған Маңғыстау өңіріндегі атақ­ты Қараған-Босаға шайқасы ай­тыл­ғанда, тебіренбейтін жүрек, босамайтын көңіл жоқ. Тарихты туғызатын адамзат баласы үшін, ерлікті елдік іс деп ұғатын жас ұрпақ үшін, айтса таусылмайтын, жырласа тоқталмайтын, мазмұны терең, ауқымы кең, халық қайғысымен өрілген маңызды тақырып. 1856 жылы болған бұл қырғында түрікменнің мол жаса­ғымен Адайдың алпыс батыры алысады. Күші басым, тықсырған жаудан амалсыз шегініс жасаған қазақтардың шарасыз­дығына намыстанған Балуанияз: «Бар­мысың, Қалнияз! Жігіттерді алмас жы­­­рыңмен қайра!», – деп айқайға сал­ған екен, – дейді.

Сонда Қалнияз батыр саңқылдап:

Арғымақтан туған қазанат,

Ардагер өңшең азамат.

Асардай аға көтерген

Сарала туың қолда тұр,

Ардақтап сүйген ұлдарың,

Арулап өскен қыздарың

Айдауға түсіп тарығып

Алдында жаудың – жолда тұр.

Соларды жауға қалдырып,

Жан сауғалап қаңғырып

Қайырылғаның – өлгенің!

Асқақ рухты жырдың мұхит тол­қы­нындай екпіні қазақтардың дұшпанын жеңіп, ту көтеруімен аяқталғанмен, Балуа­нияз батыр бауыры Қонабаймен сол сұрапылда мерт болады. Міне, ер­ліктің ерен үлгісін, елдіктің биік дауысын, адамзаттың адал антын бұзбай, жар­май жырлаған Қалнияз Шопықұлы жырларының шоқтығының биіктігі де осында. Тыңдаған сайын еліртіп, құла­ғыңның құрышын қандыратын, жыла­тып отырып, жұбататын, мұңайтып оты­рып, сергітетін, адуынды, айбатты, ар­шыл жырлар бұл.

Ақын жырлары жамап, жасқап, өң­сіз­дің бетіне жылтырауық жапсырып, көл­кештейтіндей  құнарсыз дүние емес. Ақын жырлары асқар таудың биігінен сарқырап аққан бұлақ тәрізді табиғаты шынайы, әрі мінезді, әрі сұлу, әрі тегеу­рінді сөздермен өрілген тамаша дү­ние­лер. Асқақтықты, өрлікті, биіктікті жыр­лау үшін де дәл сондай бір мінезділік керек. Бұл – менің тұжырымым. Қайы­рып тағы айтарым, өз дәуірінің өзегіне құрт болып түскен жаугершілікті жаны қаламай, езілген елдің еңсесін көтеруге талпынған, адал күресті ардың биіктігі деп бағамдаған Қалнияз жырлары – ар­лы, намысты, жігерлі жырлар. Ақын кө­кірегінен күңіреніп шыққан, көзінен жас болып төгілген, айқайынан ақ дауыл соққан бұл дүниелердің табиғаты қанқұйлы заманның зұлмат-саясатынан туған. Зерделі зерттелген тұжырымда тас­қа қашап жазылғандай, көрген көз, естіген құлаққа бір ой туғызатын мына бір пікір соның айғағы: «Өмір бойы шыр бітпей, жалшылықпен күн кешкен Шопықтың Қалнияз, Көлнияз, Ернияз, Қапа, Рақа, Тілеубай аталатын алты ба­ласының ең үлкені Қалнияз қаршадайы­нан бай малын бағып, жасқау, жәбір көріп, өмір сырын ерте сезіп, ыза-кекке қайрала өседі». («Жауынгер жырау», Қ.Сы­диықов).

Дара шапқан таланттың ызаға, кекке, зарға толы шығармаларын өзі өмір сүрген дәуір тудырған.

Өзі өмір сүрген заманның зары мен мұ­ңын төкпелетіп жырлаған ақын өлең­дерінің  бірқатары төгілтіп айтатын тер­меге келіңкірейді. Ата-бабаларымыз ар­мандап өткен азаттықты аңсау, тәуел­сіз­дікті көксеу, еркіндікті сағыну тәріз­дес жырлар да ақынның мұрасында қам­тылған.

Халық өнеріне 60 жылға жуық тал­мас­тан қызмет жасап кеткен талант ие­сінің таңдап алған тақырыбы – елге, ата­мекенге, Отанға арнаған махаббат, сүйіс­пеншілік, құрметтен туған.

Ал ақынның «Жерінен Ауған, Күләб хат жолдадым» деген өлеңінің мәні – туған елмен қоштасуы тәрізді. Туған елге, өскен жерге деген сағыныш, жо­рық­та бірге жүріп, күн кешкен үзеңгі­лес­терін еске алу, сыйласқан ағайынға шерткен мұң, Маңғыстауды қайтіп көре алмаймын-ау деген көңілдің шерін қоз­ғайтын адами арман, тілектер соның ай­ғағы.

Көбі жоқ сол күндегі замандастың,

Қалмапты-ау, енді ойласам, қатарым да.

…Маңғыстау, қайта барып көре алмаспын,

Жатыр ғой ажал, шіркін, алдымды орап.

Арманым болмас еді бір сөйлесем,

Алдында азаматтың басын құрап.

Жерінен Ауған, Күләб хат жолдадым,

Жетсін деп ағайынға сөзім тарап…

Заман салған жүректегі жараны өт­кір де, уытты жырларымен емдеп, оның соңын азаттық арманына әкеп тіреген Қалнияз ақын өз дәуірінің көл қорыған қыз­ғыш құсы тәрізді. Ол жазған дүни­е­нің қай-қайсысын сөйлетсек те,  жаудан үркіп, өлімнен сескену, езілу, мүжілу, азып-тозу, қашып-бұғу, енді қайтемін-ау деп қайғыру деген ұғым жоқ. Рас, ақын мұңаяды, бірақ мұңының соңында ертеңге деген бір қуаныш, бір үміт бар. Ақын қайғырады, соңында қайрат­ты­лық, өжеттік бар, жеңіске жетемін деген бір сенім бар. Оның өршіл рухтағы дара ақын болып қалыптасуы да сондық­тан.

Қалнияз Шопықұлы – арда туған ар­лы ақын, жампоз жырдың иесі, жігерлі жауынгер, жауырыны жерге тимеген палуан, ғажап дауысты әнші, кермиық мінез күйші. Керек жерінде мықтымын деп мақтанғанды алып та жығатын, күш­тімін деп көкірек кергенді шалып та жы­ғатын, кесек мінезді, мәрт көңіл, нар тұлға. Шығармаларын оқи отырып, ойға сәуле түсірген, көңілге шуақ ұялатқан, сұңғыла пікір, терең ой туғызған ақиық жырларынан осындай тұжырым жа­садық.

Өз дәуірінде көсіле шапқан тар­лан­боздың өмірінің соңғы нүктесі кім-кім­ге болса да бір күрсініс тастайды. Туған ел, атажұрт, Отаным деп еңіреп өткен жыр дүлейінің жат жерде дүниеден өтіп, бө­тен топырақта қалуы. Жүректен шық­қан жауhар жырларының дер кезінде өзегі талып, өзі  жырлаған туған халқы­ның қолына түспеуі, өмірдерегінің өз ұлтынан алшақ кетуі, өмірінің соңғы күндерінде жат жерде сағынышпен күй кешуі – бір Қалнияздың емес, күллі қа­зақ­тың бір мұңы тәрізді. Олай дейтініміз, Қалнияз жырларының арқауы – өзін туған, өзін сүйген, өзі өсірген қазағы еді.

Тағдырдың ісі, қайтейін,

Туған елден бөлініп,

Бөліне көшіп бүлініп

Жат жерге ауып келгенім, –

деп өксігіне тұншығып кеткен ақынның арманы өмірден өткен соң ғана орындалды.

Сексеннен астам жас жасап, бүкіл өмірі халқымен бірге біте қайнасқан, та­лай қанды жорықтарда толарсақтан саз кешіп, тағдырдың тауқыметін көп тартқан  ақынның жүректен шыққан жырлары бір жұқа кітаппен шектелмесе керек. Біз Қалнияздың қолымызға түспеген көптеген мұралары ақ қағазға жазылып, хатталмағанмен, жырау өмір сүрген  бөгде  топырақтағы  ағайын­дар­дың ауызында айтылып, қолында сақталған болар деп ойлаймыз.

Тәуелсіздіктің ақ таңы талай жылап кеткен арман мен аңсаудың бағын жандырып, жолын ашты. Соның бірі – елі­міз егемендік алған соң, халқымен қайта қауышқан жыр жампозы Қалнияз Шо­пықұлы және оның шығармалары.

2015 жылы 11мамырда Маңғыстау жерінде болған ерекше тарихи оқиғаның бірі – тәжік топырағында қалған ақын­ның денесін туған жеріне әкеліп, қайта жерлеу болды. Ақиық ақынның денесін елге алып келуге мұрындық болған  Қар­жаубай Рейімбайұлы бастаған азаматтар.

«Халқының мұң-мұқтажын жырлап, қажет жерінде ел қорғауға қатысқан Қал­нияз ақын үшін елі не жақсылық жа­сады?» деген сауалдардың төңірегінде өрбіген сұрақтарға жауабымыз дайын. Халық мұраларын жинақтау барысында ХХ ғасырдың орта шенінде жарық көрген жыраулар антологиясына ақын­ның бірқатар жырлары енгізілді. Қа­зақтың ұлы ғұламасы Әлкей Мар­ғұ­лан­нан құрметті сөз-сыйлығын алған, ба­­тыр бабамыз Ер Қосайды қайта тіріл­т­кен, халық ақыны Өмірзақ Қалбай­ұлы Қалнияздың шығармаларын Қара­қалпақстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан жерлерінен мұқият, тия­нақтап жинап, зерттеуші-ғалым Қаби­болла Сыдиықовқа тапсырған. Бұл сөзі­мізге дәлел, ғалымның ақынның мұраларын арқау етіп жазылған «Жауынгер ақын» деген көлемді мақаласы. Жалынды жыраудың біраз дүниелері «Ақберен» (1972), «ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясы» (1985) жинақтарында жарияланып, 1924 жылы Ташкент қаласында шыққан жинаққа енген «Қармыс батыр» шығармасы. Жинақты құрастырып шығуда жетекшілік еткен, белгілі қазақ дәрігері, Алаш арысы, қазақ ақын-жы­рауларының шығармаларын оқырман қауымға жеткізуде көп еңбегі сіңген Ха­лел Досмұхамедов болатын.

2003 жылы белгілі ғалым, филология ғы­лымдарының докторы, әрі ақын Ас­қар Егеубайдың ізденісі нәтижесінде «Балуанияз» дастанының 1908 жылы Татарстанның Қазан қаласы баспаханасында араб әріптерімен басылған көлем­ді бір нұсқасы табылды. Бұл жағымды жаңалық туралы «Қазақ әдебиетінде» кезін­де мақала жазылды. (2003 жылы жел­тоқ­сан айының 5жұлдызы).

Ал ақынның «Ер Қармыс», «Балуанияз» тәрізді екі дастаны – шоқтығы биік шығармалар.

1995 жылы жарық көрген «Жырдария» кітабында Қалнияздың 25 шығар­ма­сы жинақталып,  берілді. Аталған жи­наққа енбей қалған дүниелерін бел­гілі зерттеуші, қаламгер Жетібай Жыл­қы­шиев тиянақтап, 2007 жылы Алма­ты­дағы «Жазушы» баспасынан жарық көр­ген «Көне күннің жыр күмбезі» (Құ­рас­тырған Б.Нұрдәулетова) атты жи­нақ­қа енгізілді.

Сондай-ақ, облыстық «Маңғыстау» га­зетінің 2005 жылғы 8 желтоқсан күнгі са­нында басылған Қалнияздың «Қош, аман бол, қалған жер» атты жырлары көп­шіліктің көзайымына айналды.

Бүгінгі күннің басты тақырыбына ай­налып, биік мінбеден сөйлеп жатқан ақын­ның «Қалнияз едім күнінде…» деген рухани мұрасын құрастырушы, жы­раудың ұрпағы, журналист-өлкетанушы Кенжебек Сержанұлының еңбегіне риза­шылығымды білдіремін.

Тәуелсіздік – ұлт мұраты. Мұраттың ішінде халыққа қажетті қымбат бағалы құндылықтардың бәрі бар. Ендеше, сол құндылықтарды көзіміздің қарашығын­дай сақтап, жас ұрпақтың қолына тап­сырайық.

 

 Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,

қоғам қайраткері.

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 05.02.2024 | 14:09

Мұңат Тілеп балалары кім екен

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір