ӘЙЕЛ КИНОМЕХАНИК…
11.03.2016
1383
0

китап АлекенЖуырда ҚР Ұлттық кітапханасының Көрмелер залында Халықаралық әйелдер күніне орай КСР кинематография саласының үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, қазақ әйелінің арасынан шыққан тұңғыш киномеханик – Рәпия Халықованың өмір жолына арналған «Рәпия» атты тәрбиелік-танымдық кітаптың тұсаукесері өтті.

Аталмыш кітапқа «Құрмет белгісі» және «Октябрь революциясы» орденінің кавалері, Қазақ КСРО Жоғары Кеңесі Прези­диу­мы­ның «Құрмет грамотасының» иегері, Жамбыл облысының «Құрметті киномеханигі», Қордай ауданының «Құрметті азаматы», Орта Азиядағы тұңғыш әйел киномеханик, 80 жасқа толып отырған Рәпия Халы­қова­ның «Қызыл империя» алып келген зұлмат ашаршылықтағы, қуғын-сүргін мен соғыс жылдарындағы тауқыметке толы өмір жолы арқау болып, кісілік келбеті кеңінен әңгі­меленеді. Сонымен қоса, Одақ көлеміндегі басылымдарда жарық көрген мақалалары топтастырылған-ды. Әрі ақ жаулықты ананың замандастары, дос-жарандары мен әріптестерінің құттықтаулары да осы кі­тапта қамтылған.

Отанына қалтқысыз еңбек еткен аяулы жан­ның жүріп өткен жолы келер ұрпаққа үлгі-өнеге. Рәпия Халықова жастарды өмір­де өздері таңдаған мамандықты қадірлеп, оны сүюге, аянбай еңбек етуге шақырды. Тұсаукесер аясында «Ана – өмір, Ана – мейі­рім, Ана – қамқор» атты кітап көрмесі ұйы­мдастырылып, 1985 жылы кинорежиссер Ораз Әбішев түсірген «Рәпия» атты де­ре­кті фильм көрсетілді. Қайсыбір көрер­мен­дер өткендерін еске алып, келмес күн­дер елесінің құшағында отырды.

Жиынға Ғазиз Тәшімбай, Рабат Жәні­беков, Төрткен Кененқызы, Әшірбек Кө­піш, т.б. қатысып, жылы лебіздерін білдіріп, естеліктер айтты. Кітап «Асыл кітап» баспа үйінен жарық көрді. Авторы – тележурналист, көсемсөзші, редактор, спорт жанашыры, көптеген бағдарламаның жүргізушісі Ақын Ордабайұлы. Тұсаукесер соңында қонақтар мерекелік дастарханнан дәм татып, Рәпия Халықованы ортаға алып суретке түсті…

Рәпия Халықова Іле Алатауының ете­гінде орналасқан, Қастек ауылының жанындағы Шиен деген елдімекенде туған. Арғы аталары білегінің күшімен, най­засының ұшымен ұлан-ғайыр жерді жаудан азат етуде аты шыққан қазақтың қос батыры – Қарасай мен Қараш. 1931 жылы әкесі ұсталып кеткенде апамыз небары 3 жаста-ақ болыпты. Ол кісі ауыл балаларына қазанның қақпағын қабырғаға іліп қойып, жазу-сызуды үйретіп жүреді екен. Анасы 8 құрсақ көтеріпті. Алайда, тағдырдың жазуына кім қарсы тұрған, бәрі бақилық болып, тек Нүрилә деген әпкесі ғана қалыпты. Әкесін НКВД құрыққа түсіргеннен кейін жан сақтап, аман қалу үшін бәрі отбасымен қырғыз асып, айыр қалпақты ағайын арасында тіршілік кешеді. Құдайға шүкір, қазір әпкесі Нүрилә 5 баланың анасы болса, Рәпия апамыз 8 құрсақ көтеріпті. Өмірлік жолдасы Ордабаймен 60 жылға жуық отасып, тату-тәтті өмір сүрген екен. Кейіп­кердің осынау бір аласапыран өміріндегі үзік сырларына қанық болған оқырман кө­кейінде: «Сонда, ол кісі қалайша киномеха­ник болды?» деген сұрақ тууы мүмкін. Ен­ді осы туралы айтайық…

Рәпия Халықова 1958 жылы бұрынғы Ки­ров, қазіргі Кенен ауылына көшіп ке­леді. Екінші дүниежүзілік соғыстан аман орал­ған Ордабай ақсақал мұғалім болып, бала­ларға сабақ оқытумен айналысады. Апа­мыз үйде. Жаңадан құрылып жатқан ауыл. Су тапшы. Ас-шайға қардың суын ері­тіп пайдаланады. Бірде туысқан ағайы­ны Таңатар Оспанов үйге келіп:

– Жеңеше, үйде отыра бергенше, бізбен бір­ге жұмыс істесеңіз… – деген ұсыныс жа­сайды.

– Жұмыс болып жатса, бас тартпас едім… – дейді апамыз қуанарын да, қуан­басын да білмей, екіұдай күй кешіп.

– Олай болса, колхоздың ескі қоймасын сыпырып, тазалап, кино көретін клуб жасаймыз! – дейді.

Апамыз келісе кетеді. Әлгі жерді қо­қыс­тан тазартып, ішін сырлап, әктеп шығады. Сөйтіп, ауыл тұрғындары үшін кино қоюды ұйғарады. Таңатар Оспанов Красногор ауданының басшыларымен келісіп, КН-16 кино-аппаратын алып келеді. Халықова сол кісінің жанында жүріп киномеханика саласының қыр-сырын меңгере бастайды. Бірақ аз уақыттан кейін кейіпкеріміздің ал­ғашқы ұстазы, ардақты азамат Оспанов о дүниелік болып кетеді. Енді не істемек керек?! Білімін жетілдіру үшін Алматыдағы кинотехникумға түсуге бел буады. Оқуы, білімі, тәжірибесі жетіп тұрса да, түсе алмай құлағаны әлі есінде. Басты себеп – қазақ екендігі. Сол кездері үлкен қызметтің тізгінін ұстаған орыстар арасынан сытылып шығу тіптен қиын-тын. Апамыз тауы ша­ғы­лып, жаны күйзеліп үйіне қайтады. Бірақ кейіпкеріміз алған бетінен қайтпайды. Жамбыл облысының орталығындағы Мәдени және кинотехникумына барып құжат тапсырып, ақыры қоярда-қоймай жүріп оқуға түседі. Сөйтіп, ол оқу орнынан I категориялы киномеханик деген дәре­жемен қатар, дипломды алып шығады. Сол кездері Радж Капур ойнайтын үнді кинолары өте өтімді еді. Ауылға келе сала сол киноны қоюға кіріседі. Залда ине шаншар орын жоқ… «Әлі есімде… Қыз Жібек кино-драмасы алғаш экранға шыққанда, мен Алматыға арнайы барып, сол киноны «Кинопрокаттан» алып келдім. Бұл өзі қызық оқиға болды. Мен алғаш рет құжынаған халқы бар үлкен қалаға қорықпай барып, кино беретін жерді іздегенім біреудің күлкісін келтірер. Шаһарды жаяу аралап келе жатқанда: «Кинопрокат» деген жазу көзіме оттай басылды. Ішке кіріп, қарсы алдымнан кездескен бір орыстың қызына бір жағдайды айтып едім, маған бір қағазды беріп, толтыртты да қолыма 30 килог­рам­дық кино-банкасын бере салмасы бар ма?!» – дейді апамыз киномеханиктің жұ­мысы қаншалықты қиын екенін ұғындыру үшін.

1972 жылдың қаңтарында Рәпия Халы­қова Мәскеуде өткен Мәдениет қайрат­кер­лері арасындағы Бүкілодақтық Кәсіпо­дақ­тың VIII съезіне еліміздің атынан делегат бо­лып барып, қазақ әйелінің кино саласын­дағы орны туралы баяндама жасайды. Сон­дағы батыл ұсыныстары үшін КСРО Мәде­ниет министрі Екатерина Фурцеваның ал­ғысын алады. Министр риза болғаны сон­шалық, Мәскеу жанындағы Дзержинск қа­ласының Ильинский аймағында әскери борышын өтеп жүрген үлкен ұлы – Алтайды көруге мүмкіндік береді.

 

P.S.: Рәпия Халықованың кино-премьера кезінде бір ауылдан екінші ауылға кино-банканы көтергені, көрермен шат-шадыман ризашылықпен кетіп бара жатқанда, ол кісі бір бұрышта отырып ішектей шұбалған лентаны сағаттап айналдырып, қайтадан өз орнына келтіргені, жұмысына бірде-бір тиын ақша алмай, адал жұмыс істегені – бүгінгі өскелең ұрпаққа өнеге. Машақаты мол, азабы көп саланы игеріп, ел игілігі үшін еңбек еткен жаны таза, көңілі пәк апамыздың өмірінің
өзі – кино!

Әлібек БАЙБОЛ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір